СЕГІЗІНШІ БӨЛІМ
КҮПІРЛІКТЕ АЙЫПТАУ МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ШЕШІМ
Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің күпірлікте айыптау мәселесі бойынша мәлімдемесі
Аллаһқа мадақ, Аллаһтың Елшісіне, оның отбасына, барлық сахабаларына және оның жолына ілескендердің барлығына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.
Таиф қаласында хижраның 02.04.1419 жылы (26.07.1998 ж.) өткен Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің 49-сессиясында бұл ұйымның Кеңесі күпірлікте айыптау және көптеген мұсылман және мұсылман емес мемлекеттерінде орын алған, әрі қантөгіс пен қирауларға әкелген жарылыстар туралы мәселені қарап шықты.
Салдары жазықсыз адамдардың опат болуына, мал-мүліктің жойылуына, бейбіт тұрғындардың қорқытылуына және қоғамдық қауіпсіздіктің бұзылуына әкелетін мұндай келеңсіз оқиғалар маңызды болғандықтан, Кеңес бұл мәселе бойынша шешімнің түсіндірмесі жасалатын осы мәлімдемені жариялауды қажетті деп санайды. Бұл мәлімдеменің мақсаты – Аллаһтың құлдарына игі насихат беру, өз парызымызды орындау және мәселе әлі түсінікті болмағандардың түсінігіндегі былықты жою.
Аллаһтан көмек сұрап, біз төмендегіні мәлімдейміз:
1. Күпірлікте айыптау, белгілі бір істердің рұқсат етілгендігі, тыйым салынғандығы немесе міндетті екендігі туралы шешімдер сияқты, Құран мен Сүннеттің негізінде қабылданатын шешім болып табылады.
Күпірліктің көрінісі болып танылатын кез келген сөзді немесе істі адамды діннен шығаратын үлкен күпірліктің көрінісі деп есептеуге болмайды.
Күпірлікте айыптау Құранның немесе Сүннеттің анық нұсқауларына негізделуі керек болғандықтан, біз адамды осындай нұсқау бар болған жағдайда ғана кәпір деп есептей аламыз, алайда ешбір күмәнді немесе болжалды нәрсе бұған негіз бола алмайды, өйткені мұндай айыптаулардың салдары өте салмақты.
Күмәнді жағдайларда (тіпті) шариғат бекіткен жазалар қолданылмайды, оларды қолданудың салдарының ауырлығы күпірлікте айыптаудан жеңілдеу болса да. Бұл дегеніміз – егер іс күмән тудырса, күпірлікте айыптаудан тіпті тыйылу керек.
Міне, сондықтан Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, кәпір емес адамға кәпір деген үкім шығарудан сақ болу керектігін ескерткен. Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Егер адам өзінің (Исламдағы) бауырына: «Әй, кәпір!», - десе, бұл олардың біреуіне қайта оралады72: ол (адам)73 ол туралы айтылғандай болса (ол соған лайықты), ал керісінше болған жағдайда (айтылған нәрсе айтқан адамға) қайтады. әл-Бухари «Сахих», №6104 хадис; Муслим «Сахих», №60 хадис.
Кейде сондай Құран аяттары мен хадистер кездеседі, олардың мазмұнынан белгілі бір сөз, амал немесе сенім күпірліктің көрінісі болатынын түсүсінуге болады, бірақ, дегенмен, мұндай сөздерді айтатын, мұндай амалдарды жасайтын немесе мұндай сенімдерді ұстанатын адамдарды, белгілі кедергілер болғандықтан, күпірлікте айыптауға болмайды.
Мұндай шешімді шығару үшін белгілі себептердің және шарттардың болуы және белгілі кедергілердің болмауы қажет, ал бұл басқа да жағдайларға қатысты. Мысалы, егер өлген мұсылманның ағайыны басқа дінді ұстанса, бұл оларға оның (өлген туысқанының) мирасын иемденуіне кедергі болатыныны сияқты. Ал күпірліктің кейбір көріністері туралы айтар болсақ, иман келтірген адам олар үшін сөгіске лайықты болады, бірақ мұның негізінде оны күпірлікте айыптамау керек.
Қатты қуаныштың, ашу-ызаның немесе басқа сезімнің ықпалымен мұсылман адам ашық түрде күпірлікке айғақ болатын нәрселерді еріксіз айтып қоюы мүмкін, бұл жөнінде хадистердің бірінде былай деп айтылғандай: «...сөйтіп ол: «Уа, Аллаһ, Сен – менің құлымсың, ал мен – Сенің Раббыңмын!» - деп, (өзін баулап алған) қатты қуаныштың себебінен қателікке жол беріп, дауыстай салды». Муслим «Сахих», №2747 хадис. Алайда мұндай жағдайларда оны күпірлікте айыптамау керек.
Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды, өйткені күпірлікте айыпталған адам діннен шыққан адам алатын жазаны алуы мүмкін, ендеше, иман келтірген адамды азғантай ғана күдікке бола қалайша мұнымен (күпірлікпен) айыптауға болмақ?! Бұл мәселеге әсіресе әмірлер (ел басшылары) туралы сөз болатын кезде ерекше абайлықпен келу керек, өйткені әмірді (ел басшысын) күпірлікте айыптау қарулы көтеріліске, анархияның таралуына, қантөгіске және басқа да апаттарға әкеп соғуы мүмкін.
Дәл осы үшін де Пайғамбар және оның сахабалары әмірлерге (ел басшыларына) қарсы шығуға тыйым салатын, ал Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Тек қана (оның) айқын күпірлікке түскенін көрмесеңдер, бұл жөнінде сендерде Аллаһтан дәлелдер болса», - деді. Әл-Бухари «Сахих», № 7056 хадис; Муслим «Сахих», № 1709 хадис.
«Тек қана... көрмесеңдер» деген сөздер жалғыз күдіктер мен ел ішінде жүрген әңгімелер жеткіліксіз екенін білдіреді; күпірлік туралы айту, тіпті әмір (ел басшысы) зұлымдық көрсететін, шарап ішетін, құмар ойнайтын және құқығы болмаған нәрселерді иемденіп алатын пасық болса да, бұлар оны күпірлікте айыптауға жеткіліксіз екенін білдіреді; «айқын» деген сөз ашық және еш нәрсемен бүркелмеген күпірліктің меңзеліп тұрғанына нұсқайды; «бұл жөнінде сендерде Аллаһтан дәлелдер болса» деген сөздер толық сенімді көзден алынған айдан анық нұсқау болуы керектігін білдіреді, ал толық айқын емес нұсқау жеткіліксіз болып табылады; «Аллаһтан» деген сөздер бір ғана діндардың сөзі, ол қаншалықты білімдар болса да және қаншалықты сенімге ие болса да, егер ол Құран немесе Сүннеттен айқын және сенімді нұсқаумен бекемделмеген болса, есепке алынбайтынын білдіреді.
Жоғарыда аталған барлық шарттар мұндай мәселеге қаншалықты маңыз беріп қарау керектігін көрсетеді.
Күпірлікте айыптаудағы асығыстық едәуір қауіпті, өйткені Аллаһ Тағала былай деді: «Күдіксіз Раббым арсыздықтарды ғана, олардың көрнеу, көмесін, және (барлық) күнәны, орынсыз озбырлықты, және сендер Аллаһ оған байланысты ешбір дәлел түсірмеген нәрсеге Онымен қатар ғибадат етулеріңді және Аллаһ туралы білмейтін нәрселерді сөйлеулеріңді арам қылды», - деп айт!» (әл-Ағраф сүресі, 33-аят).
2. Күпірлікте айыптаумен байланысты қате көзқарастардың салдары кейбір адамдардың өздері үшін басқа адамдарды өлтіру және қорлау, жеке және қоғамдық мүлікті тәркілеу, үйлер мен көлік құралдарын жару және түрлі кәсіпорындар мен мекемелерді қирату рұқсат етілген деп есептей бастайтыны болып табылады. Ислам ғалымдарының бірауызды пікірінше, мұндай және осыған ұқсас әрекеттерге шариғат тыйым салады, өйткені олар жеке тұлғаға және мал-мүлікке қол сұғылмаушылыққа қатысты озбырлық болып табылады және қоғамдық қауіпсіздік пен жазықсыз адамдардың өміріне қауіп төндіреді.
Ислам мұсылмандардың мал-мүлкіне, ар-намысына және жеке тұлғасына қол сұғылмашулықты бұзуға тыйым салады және бұл Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, қоштасу қажылығында өзінің үмметіне жеткізген ең соңғы өсиеті еді. Пайғамбарымыздың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ақиқатында, сендердің өмірлерің, мал-мүліктерің және ар-намыстарың тура осы айдағы, тура осы қаладағы, тура осы күндей қасиетті (болуы керек). Мен (осыны сендерге) жеткіздім бе?»
Бұған сахабалар былай деп жауап берді: «Сен жеткіздің, және (өзіңе жүктелгенді) орындадың, және (үмметіңе) игі насихат бердің деп куәлік береміз».
Содан соң Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Уа, Аллаһ, куә бол, уа, Аллаһ, куә бол!», - деп қайта-қайта айтып, саусағымен бірде аспанға, бірде жерге көрсете берді. Әл-Бухари «Сахих», №1741 хадис; Муслим «Сахих», №1679 хадис.
Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Әрбір мұсылман үшін басқа мұсылманның ар-намысы, мал-мүлкі және өмірі мызғымайтын (болуы керек)», - деді. Муслим «Сахих», №2564.
Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сондай-ақ былай дегені жеткізіледі: «Зұлымдықтан қорқыңдар, өйткені, ақиқатында, Ақырет Күні зұлымдық (қою) қараңғылыққа74 (айналады)». Муслим «Сахих», № 2578.
Аллаһ Тағала иман келтірген адамды қасақана өлтіру туралы: «Кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы ішінде мүлде қалатын Тозақ болады. Сондай-ақ, оған Аллаһтың ашуы, қарғысы болып және зор қинау әзірлеп қойылған!» (ән-Ниса сүресі, 93-аят) - деп, адамды қақысыз өлтіретіндерге ең қорқынышты сеспен ескерту білдірді.
Ал мұсылмандардың қорғауында болған кәпірді қателікпен өлтіруге келер болсақ, бұл жөнінде Құранда былай делінген: «Ал егер ол75 (өлтірілген) сендермен олардың арасында келісім болған бір елден болса, өлгеннің иесіне құн тапсырып, әрі бір мүмін құл азат етуі керек» (ән-Ниса сүресі, 92-аят).
Ал егер қорғау астында болған адамды білместікпен өлтіргені үшін құн төлеп, айыпты өтеу амалдарын жасау қажет болса, онда мұндай адамды қасақана өлтіру туралы не айтуға болады? Мұндай адамды өлтіру едәуір ауыр қылмыс және едәуір салмақты күнә болып табылады, ал сахих хадистердің бірінде Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Муахадты76 өлтірген (адам) хош иісі қырық жылдық алшақтықтан сезілетін Жәннаттың иісін де сезбейді» - дегені хабарланады. әл-Бухари «Сахих», №3166 хадис.
3. Кеңес адамдарды дәлелсіз айыптау мәселесі бойынша шешімнің және мұндай айыптаулар ауыр теріс салдарымен өте қауіпті болатындығының мәнін түсіндіреді және әлемге мыналарды жариялайды:
Исламның мұндай қате көзқарастармен ортақтығы жоқ. Ал кейбір елдерде орын алып жатқан жазықсыз адамдарды өлтіру, тұрғын үйлерді, көлік құралдарын, мемелекеттік және жеке мекемелерді жару туралы айтар болсақ, бұл әрекеттер қылмыс болып табылады, әрі Исламның олармен еш ортақтығы жоқ. Тура сол сияқты, Аллаһқа және Қиямет күнге иман келтірген кез келген мұсылманның да онымен ешқандай ортақтығы жоқ. Мұндай іс-әрекеттерді тек қана бұрмаланған көзқарасқа және бұзылған сенімге ие адам ғана жасай алады. Ол өзінің күнәсына және өзінің қылмысына жауапкершілік тартады және оның әрекеттерін Исламмен де, іс жүзінде Исламның бекіткен ережелерін басшылыққа алып Құран мен Сүннеттің нұсқауларын ұстанатын мұсылмандармен де байланыстыруға болмайды, өйткені мұндай іс-әрекеттер - нағыз пасықтық және қылмыс болып табылады, әрі шариғатпен де, адамның табиғатының өзімен де тәрк етіледі. Міне, сондықтан да Құран мен Сүннет мұндай әрекеттерге үзілді-кесілді тыйым салады және оларды жасап жүргендермен байланыста болудан сақтану керектігі туралы қатаң ескертеді. Мысалы, Аллаһ Тағала былай деді: «Адамдардан кейбіреулерінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңарқатады да, (ол) Аллаһты жүрегіндегісіне айғақ қылады. Ол - өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады, ал Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді» (әл-Бақара сүресі, 204-205-аяттар).
Барлық мұсылмандар, олар қай жерде өмір сүрсе де, ақиқатты ұстануы, бір-біріне игі насихат беруі, әзгілік пен тақуалық амалдарында бір-біріне көмектесуі, адамдардарды даналықпен және игі сөздермен жақсылыққа үндеп және жамандықтан қайтаруы, сондай-ақ пікірталасты ең көркем нәрселер арқылы жүргізуі керек. Бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай дейді: «Жақсылыққа, тақуалыққа бір біріңе жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа бір-біріңе жәрдемдеспеңдер» (әл-Мәида сүресі, 2-аят).
Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер - бір-біріне қамқоршы: олар дұрыстыққа талпындырып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ, олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаһқа, Елшісіне бой ұсынады. Соларды Аллаһ рахымына бөлейді. Расында, Аллаһ – тым Үстем, аса Дана» (әт-Тауба сүресі, 71-аят), - деді.
Аллаһ тағала сондай-ақ былай деді: «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне хақты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды» (әл-Аср сүресі, 1-3-аяттар).
Абу Рукәйә Тамим бин Аус әд-Даридің, Аллаһ оған разы болсын, былай дегені хабарланады: «(Бірде) Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Дін – бұл ықыластылық таныту», - деді. Біз одан: «Кімге қатысты ықыластылық таныту?» - деп сұрадық. Ол: «Аллаһқа77, оның Кітабына78, және оның Елшісіне79, және мұсылмандардың басшыларына80, және жалпы барлық мұсылмандарға81», - деп жауап берді. Муслим «Сахих». Аллаһтың Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені хабарланады: «Бір-біріне деген сүйіспеншілікте, мейірімділікте және жанашырлықта мүміндер (біртұтас) дене секілді: оның (бір) бөлігіне сырқат тисе, барлық дене бұған ұйқысыздық және қызумен жауап қатады». Әл-Бухари «Сахих», №6011 хадис; Муслим «Сахих», №2586 хадис.
Бұл туралы айтылатын басқа да көптеген аяттар мен хадистер мәлім.
Сондай-ақ, біз Аллаһтан барлық мұсылмандардан жамандықтың бетін аулақ етуін, барлық мұсылман әмірлеріне елдер мен Аллаһтың құлдарына пайда әкелетін істерді орындауға, бұзақылық пен бұзықыларды басып тастауға көмектесуін, олар арқылы Оның дініне көмектесуін, Оның сөзін ұлықтап-биіктетуін және барша мұсылмандардың, олар қай жерде өмір сүрсе де, істерін ретке келтіруін, сондай-ақ ақиқатты қолдауын жалбарынып сұраймыз, өйткені бұл Оған ғана тәуелді және Ол мұны істей алады.
Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және оның сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.
Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Кеңесі
Шейх мухаддис82 Насыруддин әл-Әлбанидің (Аллаһ оны рахымына бөлесін) күпірлікте айыптау мәселесі бойынша жауабы
Сұрақ: «Құрметті шейх, бүгінгі күні Ауғанстанда дұрыс жолдан ауытқыған көптеген топтар әрекет етіп жатқаны сізге мәлім. Өкінішке орай, олар біздің алдыңғы ізгі буын өкілдеріміздің жолына ешбір қатысы жоқ өздерінің идеяларын, кейбір өкілдері Ауғанстанда соғысқан жастарымыздың арасында таратып үлгерді. Әңгіме әмірлерді (ел басшыларын) күпірлікте айыптау жөнінде және олар «Сүннеттің ұмытылған әдет-ғұрыптары» деп атайтын нәрселерді қайта жандандыру туралы болып тұр. Қазіргі, соғыс аяқталған және бұл жастар үйіне қайта оралған кезде, олардың кейбіреулері жоғарыда аталып өткен күмәнді көзқарастарды өздері тұратын жерлерде тарата бастады. Бізге Сіздің бір бауырымызбен күпірлікте айыптау мәселесі бойынша ұзақ пікірталас жүргізгеніңіз мәлім. Бұл пікірталас аудиотаспасының сапасы нашар болғандықтан, біз сізден осы мәселе бойынша түсіндірме беруіңізді сұраймыз және Аллаһ Сізге игілігімен қайырсын».
Жауап: «Аллаһқа мадақ, біз Оны ғана мадақтаймыз және одан көмек және кешірім тілейміз. Аллаһтан өз нәпсіміздің жамандығынан және өзіміздің жаман істерімізден пана тілейміз; кімді Аллаһ тура жолға салса – оны ешкім адастыра алмайды, ал кімді Аллаһ тура жолдан тайдырса, оған оны ешкім нұсқай алмайды. Ешбір серігі жоқ Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ екендігіне және Мухаммад – Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік беремін.
Іс жүзінде күпірлікте айыптау мәселесі тек қана әмірлерге ғана емес, қоластындағыларға да қатысты. Мұның барлығы басын бір мұсылман сектасы бастап кеткен көне бүліктің жаңғырығы болып табылады. Оның мүшелері хауариж деп аталып кетті. Мұсылман секталары туралы жазылған кітаптарда хабарланатынындай, хауариждер бірнеше топқа бөлінді. Олардың біреуі бүгінгі күнге дейін бар, ал оның мүшелері ибадилер деп аталады. Бүгінгі күнге дейін ибадилер өзіне толық бекінген секта болатын және осы күндері шақыру (дағуат) деп аталып кеткен уағыздаумен айналыспайтын. Алайда осыдан бірнеше жыл бұрын олар белсенділігін күшейтіп, өздерінің (бүркену мақсатында қолданатын шиғалардың «такийа»83 деп аталатын тәсілін айтпағанда) баяғы заман хауариждерінің көзқарастарынан еш айырмашылығы жоқ көзқарастарын насихаттайтын жолдаулар таратуға кірісті.
Олар өздері туралы: «Хауариж емеспіз дейді», - алайда атауға байланысты заттың мәні өзгермейтіні сіздің барлыңызға мәлім. Өзге де нәрселермен қатар, оларды хауариждермен біріктіретіні – олар ауыр күнә жасайтын күнәхарларды кәпір деп есептейтіні. Қазіргі кезде тек кейбір топтарда ғана ақиқатқа шақыруда Құран мен Сүннетке ілесетін адамдар бар, бұл, менің ойымша, екі себеппен түсіндіріледі.
Біріншісі – терең білімнің жоқтығы және дінді терең түсінуге деген жеткіліксіз ұмтылыс.
Екінші маңызды себеп - адамдар Исламға дұрыс шақырудың негізінде жататын шариғи ұстанымдарды игермеуі. Мұндай ұстанымдардың біріне сәйкес дұрыс жолдан ауытқыған және Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бірнеше рет мақтау айтқан топтан алыстап кеткен кез келген топ Аллаһқа және Оның Елшісіне қарсы шығады. Сондай-ақ, бұл топ жөнінде Аллаһ Тағала да ескертіп, былай деді: «Ал біреу, өзіне тура жол айқындалғаннан кейін Пайғамбарға қарсы шықса, сондай-ақ мүміндердің жолынан басқа жол іздесе, оны бұрылған жағына84 бұрамыз да, Тозаққа саламыз. Ол - нендей жаман орын!» (ән-Ниса сүресі, 115-аят).
Білімге ие адамдарға айдай айқын болған себептерге байланысты Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ «Ал біреу, өзіне тура жол айқындалғаннан кейін Пайғамбарға қарсы шықса...» деген сөздермен ғана шектелмеді, алайда Елшіге бағынбауға нұсқаумен бір қатарда мүміндердің жолынан өзге жолға ілесуді де атап: «Ал біреу, өзіне тура жол айқындалғаннан кейін Пайғамбарға қарсы шықса, сондай-ақ мүміндердің жолынан басқа жолға ілессе, оны бұрылған жағына бұрамыз да, Тозаққа саламыз. Ол - нендей жаман орын!» - деді.
Сөйтіп, мүміндердің жолымен жүру немесе одан бас тарту маңызды рөл атқарады, өйткені мүміндердің жолынан өзге жолмен жүрушілерді тозақ тосып тұр. Бұл дегеніміз, бұрынғы және қазіргі топтардың көбі тура жолдан адасты, өйткені Құран мен Сүннетті түсіндіруде мүміндердің жолына ілеспей, өздерінің ой-тұжырымдарына немесе тіпті әуестеріне жүгінді, олардың негізінде өздерін біздің салиқалы алдыңғы буын өкілдеріміз ұстанған жолдан өзге жаққа бұрып жіберген өте маңызды қорытындылар жасады. Міне, сондықтан көптеген сахих хадистерде Аллаһтың «мүміндердің жолынан басқа жолға ілессе» деген сөздерінің мағынасы ерекше сызылып айтылады.
Мен атап тұрған және бір бөлігін мүмкіндігінше мен әлі келтіретін хадистер тек білім иелеріне ғана емес, қарапайып мұсылмандарға да мәлім. Адамдарға осы жоғарыда аталған хадистердің Құран мен Сүннетті түсінуде мүміндердің жолына ауытқымай ілесу қажеттілігіне нұсқайтыны ғана беймәлім. Бұл жөнінде, өзгелерді күпірлікте айыптауға кіріскендерді айтпағанда, көптеген білім иелері де ұмытады.
Адамдар өздігінше ізгі және ықыласты болуы мүмкін, алайда бұл адамның Аллаһтың алдында жетістікке және құтылуға жетуі үшін жеткіліксіз, өйткені мұсылманға екі нәрсе міндетті болып табылады: ықылас және Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ұстанғанына ауытқымай ілесу. Сөйтіп, оған тек ықыласты болу және іс-жүзінде Кұран мен Сүннеттің нұсқауларын ұстанып, осыларға өзгелерді де шақыру жеткіліксіз, өйткені бұдан тыс ол тура жолға ілесуі де керек.
Мен алдында атаған хадистердің қатарына жетпіс үш топ туралы хадис те жатады. Бірде Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Яхудилер жетпіс бір топқа бөлінді, христиандар жетпіс екі топқа бөлінді, ал менің үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді және олардың барлығы Отта болады, біреуінен басқа», - деді. Адамдар (сонда): «Оған (құтылған топқа) кім кіреді?» - деп сұрады, ол: «Келісімді (әл-жамаъаны) ұстанушылар», - деп жауап берді. Хадистің басқа нұсқасында Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Мен және менің сахабаларым ұстанғанды ұстанатындар», - деп жауап берегені жеткізіледі. Имам Ахмад «Муснад», №11798 хадис; Ибн Мәжжәһ «Сунан», № 3993 хадис. Әт-Тирмизиде де осыған ұқсас хадис келтіріледі, «Сунан», №2641 хадис.
Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жауабы жоғарыда біз келтірген «мүміндердің жолынан басқа жолға ілессе» деген Аллаһтың сөздеріне толық сәйкес келіп тұрғанын көріп тұрмыз. Ең алдымен айта кететін жайт – мүміндердің жолы деп аталған жол - Аллаһтың Елшісінің сахабаларына қатысты айтылғандығы, ал ол, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, өзі ұстанғанды ұстану қажеттілігін нұсқаумен шектелмеді, өйткені бұл Құран мен Сүннеттен терең түсінігі болған мұсылманға жеткіліксіз болар еді. Бұдан тыс, Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, іс жүзінде Аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың: «...мүміндерге өте аяушы, ерекше мейірімді» (әт-Тәубә сүресі, 128-аят) - дегеніне ілесті.
Ерекше аяушылық пен мейірімділік таныта отырып, ол өзінің сахабаларына және ізбасарларына құтылатын топтың сипаты Пайғамбардың өзі тірі шағында ұстанғанына және ол өлгеннен кейін оның сахабалары ұстанатынына ілесу болып табылатынын түсіндіріп берді. Демек, Кұран мен Сүннетті түсінумен ғана шектелмеу керек, оларды түсунудің қажетті құралы - араб тілін және көптеген басқа нәрселерді білу болып табылады. Бұдан тыс, сондай-ақ, Аллаһқа ғибадат етуде бізден көбірек ықылас танытқан, Құран мен Сүннетті бізден жақсы түсінген және өзге де көптеген өздеріне лайықты сипаттарымен ерекшеленген (мұны олардың өмірбаяндары дәлелдейді) Пайғамбардың сахабаларының өнегесіне ілесу керек. Біз жоғарыда келтірген хадис өзінің мазмұны бойынша ізгі (шыншыл) халифалар туралы хадиспен ұқсас келеді.
Абу Наджих әл-Ирбад бин Сарийаның, Аллаһ оған разы болсын, былай дегені жеткізіледі: «Бірде Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бізге жүрегімізді қорқынышқа бөлеген, ал көзімізден жас төктірген өсиет айтты. Ал біз: «Уа, Аллаһтың елшісі, бұл қоштасып жатқан адамның өсиетіне ұқсап тұр, ендеше бізге насихат бер!» - дедік. Ол сонда былай деді: «Мынау менің сендерге берген өсиетім: Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһтан қорқыңдар және сендерге (эфиопиялық) құл әмірлік етсе де - тыңдаңдар және мойынсұныңдар. Ақиқатында, (сендерден) кім (менен кейін) өмір сүрсе, көптеген келіспеушіліктердің куәгері болады, сондықтан сендер менің Сүннетімді және менен кейін дұрыс жолмен жүретін салиқалы (шыншыл) халифалардың Сүннетін (мығым) ұстануларың керек». Абу Дауд «Сунан», №4607 хадис; әт-Тирмизи «Сунан», №2676 хадис.
Бұл хадис, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, осыдан алдынғы сұраққа берген жауабы нұсқаған нәрселерге нұсқайды. Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, өз үмметіне өзінің ғана Сүннетін ұстануды бұйырмады, өйткені ол: «...менен кейін дұрыс жолмен жүрген салиқалы халифалардың Сүннетін (мығым) ұстануларың керек», - деді.
Сөйтіп, егер біз шариғатымыздың және ғибадатымыздың мәнін түсінгіміз келсе, өзімізде қандай адамгершілік сипаттарын тәрбиелеуіміз керектігін және өзімізді қалай ұстап, әрбір мұсылманға не қажет екендігін білгіміз келсе, онда үнемі біздің салиқалы алдыңғы буын өкілдеріміздің өнегесіне жүгінуіміз керек, бұл әрбір адамға өзінің құтылған топқа жататынын, не жатпайтынын түсінуге мүмкіндік береді. Бұрынғы және қазіргі топтардың адасуының себебі – олардың осы аятқа да, ізгі халифалар туралы хадиске де лайықты мән бермегенінде, міне, сондықтан осындай адамдардың, оларға дейін де өмір сүргендердің көбі сияқты, Құраннан және Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Сүннетінен, алдыңғы салиқалы буын өкілдерінің жолынан ауытқығандай, ауытқығаны - әбден табиғи нәрсе. Олардың қатарына бұрынғы және қазіргі хауариждер жатады, өйткені біздің заманымызда да күпірлікте айыптауға «Кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар кәпірлер» (әл-Мәидә сүресі, 44-аят), - деген олар үнемі келтіретін аят негіз ретінде қолданылуда.
Осыған ұқсас сөздер Құранның басқа да екі аятында айтылатынын біз бәріміз білеміз. Сол сияқты Аллаһ Тағала: «Және кім Аллаһ түсірген заң бойынша билік етпесе, міне солар залымдар» (әл-Мәидә сүресі, 45-аят), - деді.
Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Кім Аллаһтың нұсқауымен үкім етпесе, міне солар бұзақылар» (Әл-Мәидә сүресі, 47-аят).
Аллаһтың «кәпірлер» деген сөзін дәлел ретінде пайдаланатындардың надандығына олардың тым болмағанда күпірлік туралы айтылатын басқа да аяттармен таныспағандықтары және: ”«Күпір» сөзі дінді теріске шығаруды білдіреді және мұндай күпірлікке түскен адамдардың христиандардан, яхудилерден және басқа дінді ұстанатын адамдардан болған көпқұдайшылдардан еш айырмашылығы жоқ“, - деген тұжырымға сүйенулері куә болады. Алайда Құран мен Сүннетте «күпір» сөзі олар бұған еш қатысы болмаған адамдарға қатысты үнемі айтатын қате мағынада қолданылмайды. Шын мәнінде, «зұлымдық» және «бұзақылық» сөздері сияқты «күпір» сөзі де жалғыз мағыналы емес. Егер адам залым және бұзақы деп сипатталса, бұл міндетті түрде оның өз дінінен шығып кеткендігін білдірмейді. Бұл (ереже) адам кәпір деп сипатталатын жағдайларға да қатысты. Сөз көпмағыналы болуы мүмкін, бұған тіл де, шариғат та нұсқайды, өйткені Құранның тілі – араб тілі. Міне, сондықтан да, мұсылмандарға, олар әмірлер немесе қол астындағылар болуына қарамастан, пәтуа беруге кіріскен адам Құран мен Сүннетті жақсы білуі керек және біздің салиқалы алдыңғы буын өкілдеріміздің жолы туралы хабардар болуы керек. Алайда Құранды, Сүннетті және оларға қатысты болған барлық нәрсені түсіну тек араб тілін жақсы меңгеру арқылы және өткеннің ғалымдарының, әсіресе Исламның алғашқы үш ғасырында өмір сүрген ғалымдардың еңбектеріне сүйену арқылы ғана мүмкін болмақ.
Енді «Кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар кәпірлер» деп айтылатын аятқа оралайық. Бұл аятта күпірлік деп не айтылады? (Аятта) діннен шығу меңзеліп тұр ма, әлде басқа нәрсе ме? Бұл аяттың мағынасын дұрыс түсіну үшін (мәселенің) кейбір бүге-шігесін ескеру керек, өйткені бұл жерде амалдардағы күпірліктің көрініс табуы, яғни адамдардың амалдары шариғаттың кейбір заңдарына қайшы келетін жағдай меңзеліп тұрған болуы мүмкін.
Осы сөздің мағынасын бұл аяттың контекстінде түсінуге бізге мұсылман үмметінің ғұламасы әрі Құран тәпсірлеушілерінің имамы Абдуллаһ бин Аббас, Аллаһ оған разы болсын, көмектеседі, өйткені ол адасқан топтарға ілесушілерден басқа барша мұсылмандар мойындайтын сахабалардың қатарына кіреді. Осы аятты үстіртін тәпсірлеп, оның бүге-шігесіне дейін толық түсінбейтін, бүгінгі күні біз естіп жүрген адамдар туралы ол да естіген сияқты.
Абдуллаһ бин Аббастың былай дегені жеткізіледі: «Сендер айтып тұрған күпірлік – адамды діннің шеңберінен шығаратын күпірлік емес». әл-Хаким «Мустәдрак», 2/313.
Мүмкін, ол бұл сөздерді мүміндердің әмірі болған Алиге, Аллаһ оған разы болсын, қарсы шыққан және соның салдарынан олар мұсылмандардың қанын төккен және мұсылмандарға көпқұдайшылдарға көрсетпегенді көрсеткен хауариждерге айтып тұрған болуы мүмкін. Абдуллаһ бин Аббас сондай-ақ былай деді: «Істің мәні - олар айтып немесе шамалап тұрғандай емес, өйткені бұл - күпірліктен кіші күпірлік қана». Құранның ең беделді тәпсіршісінің осы аят туралы қойылған сұраққа берген қысқа жауабы осы болатын. Мен алдында келтірген аяттар мен хадистерді де осыдан өзгеше түсінуге болмайды.
«Күпір» сөзі Құранда және Сүннетте көп рет кездеседі, алайда барлық жағдайларда оны діннен шығу деп түсіну керек деп тұжырымдауға болмайды. Бұған мысал ретінде Абдуллаһ бин Масғудтан, Аллаһ оған разы болсын, жеткен хадисте келтірілген Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Мұсылманды балағаттау – бұзақылық, ал онымен соғысу – күпірлік»85, - деген сөздерін келтіруге болады. әл-Бухари «Сахих», № 48 хадис; Муслим «Сахих», № 64 хадис.
Бұл жерде «күпірлік» дегенде күнә және мойынсұнбаушылық таныту аталып тұр, алайда арабша сөйлейтіндердің ең шешені болған Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, мұндайға ешбір жағдайда жол бермеуді қалап, осындай сөз орамын қолданды, және сондықтан да ол: «Мұсылманды балағаттау – бұзақылық, ал онымен соғысу – күпірлік», - деп айтты.
Өзге жағынан (келер болсақ), хадистің «Мұсылманды балағаттау – бұзақылық» деп айтылатын бірінші бөлімінде «бұзақылық» дегенде «Кім Аллаһтың нұсқауымен үкім етпесе, міне солар бұзақылар» (әл-Мәидә сүресі, 47-аят) деген аятта аталып тұрған нәрсе тұспалдануда ма? Бұған былай деп жауап беруге болады: бұзақылық адамды діннің шеңберінен шығаратын күпірліктің синонимі ретінде де, адамды діннен шығармайтын күпірліктің синонимі ретінде де көрініс бере алады. Бұл жерде Абдуллаһ бин Аббас: «Күпірліктен кіші күпірлік» - деп нұсқаған күпірлік аталып тұр. Бұл хадис «күпірлік» сөзіне осындай да мағына салуға болатындығына дәлел болып тұр. Алайда не үшін? Бұған жауап - мына аятта: «Егер мүміндерден екі топ соғысса, дереу араларын жарастырыңдар; мұбада екі жақтын бірі екіншісіне өктемдік жасаса, жәбір көрсетуші жақпен, ол Аллаһтың әміріне қайтқанға дейін, соғысыңдар86» (әл-Хужжурат сүресі, 9-аят).
Бұл жерде Аса Құдіретті және Ұлы Раббымыз өктемдік жасаушы және мүміндермен соғысып жатқан топ туралы атап өтеді, алайда хадисте: «...ал онымен соғысу – күпірлік», - деп айтылса да, Аллаһ бұл адамдардың күпірлігі туралы айтпады. Демек, аталған жағдайдағы соғысу, жоғарыда келтірілген аятқа Абдуллаһ бин Аббас берген тәпсірінде аталған күпірліктен кіші күпірлік болып табылады. Мұсылманның мұсылманмен соғысуы зұлымдықтың, дұшпандықтың, бұзақылықтың және күпірліктің көрінісі болып табылады, алайда бұл дегеніміз, күпірлік амалдарда да, сондай-ақ сенімде де көрініс табуы мүмкін. Міне сондықтан болар, бұл мәселені шейх-уль-ислам Ибн Таймия, Аллаһ оны рахымына бөлесін, ал одан кейін оның шәкірті Ибн Қайим әл-Жаузийя егжей-тегжейлі түсіндірген болатын. Олардың (бұл мәселеде) еңбек сіңіргендігі - Абдуллаһ бин Аббастың ұстанған пікірін ұстанып, тек амалдарда ғана көрініс табатын күпірлікті сенімдегі күпірліктен бөлек (ажыратып) қарастыру қажет деп санауында болып тұр, ал керісінше болған жағдайда күпірліктің бірінші түрін екіншісінен ажыратпайтын мұсылман өзі байқамай, мұсылман үмметінен ескі замандарда хауариждер шығып кеткендеріндей, ал қазір олардың ізбасарлары шығып жатқандарындайдай, шығып кетуі мүмкін.
Сөйтіп, Пайғамбардың: «...ал онымен соғысу – күпірлік», - деген сөздері діннен шығуды нұсқамайды. Бұған растауды көптеген басқа хадистерден де табуға болады, ал егер қандай да бір зерттеуші оларды біріктіріп жинақтаса еді, бұдан «Жоғарыда келтірілген аятта сенімдегі күпірлік айтылып тұр» деп табанды түрде тартысатын адамдарға қарсы бұлтартпайтын дәлел бола алатын, өте пайдалы жолдау шығар еді. Ал егер әмірлерді және олардың билігіне мойынсұнушыларды күпірлікте айыптайтындарға келер болсақ, олар: «Күнә жасаушылар жасаған күнәсі үшін осындай айыптауға лайық», - деп есептейді.
Сұрақ қойған кісі басқа нәрселердің қатарында алғашында өзгелерді күпірлікте айыптаған, бірақ кейіннен Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ оларға дұрыс жол көрсеткен адамдардан естігендерімді есіме салды. Біз олардан: «Сендер күпірлікте кейбір әмірлерді айыптадыңдар, бірақ неліктен сендер мешіттердің имамдарын, ол жерде құтпа оқитындарды, азаншыларды, тіпті мешіт қызметкелерін де күпірлікте айыптадыңдар? Және неліктен сендер мектептерде шариғат ғылымдарын үйрететін оқытушыларды күпірлікте айыптадыңдар?», - деп сұрадық. Ал олар бізге: «Себебі, олар Аллаһ түсірмеген нәрсемен билік еткен әмірлердің үстемдігімен келісетін еді», - деп жауап берді.
Бұған мен былай жауап беремін: егер сөз Аллаһтан түспеген нәрсеге негізделіп билік атқарумен іштей келісу туралы болып жатқан болса, онда амалдарда көрініс табатын күпірлік сенімдегі күпірлікке айналады. Аллаһ тарапынан түскеннен өзгеге негізделіп үкім еткен және: «Бұл осы заманға сәйкес келеді және Кұран мен Сүннеттің негізінде үкім шығару дұрыс емес», - дейтін әрбір адамның күпірлігі, күмәнсіз, сенімдегі күпірлік болып табылады. Бұл басқа да осыған ұқсас жағдайларға қатысты, алайда, біріншіден, сіз: «Үнемі немесе көп жағдайда батыс заңдарына сәйкес үкім ететін әрбір адамнан (осы туралы) сұрасаңыз, ол міндетті түрде: «Осылай үкім ету - дұрыс, ал Ислам заңдары бойынша үкім етуге болмайды», - деп жауап қайтарады», - деп айта алмайсыз. Ал осындай заңдар бойынша өздеріне қатысты үкім шығарылатындар туралы айтар болсақ, олардың арасында діндарлар да, ізгі адамдар да бар. Ал сіз қалайша оларды, билігі сендерге толық жүретіні сияқты, оларға да толық жүретін осындай режимде өмір сүргендігі үшін ғана күпірлікте айыптай аласыз?! Осыған қарамастан, сіздер діннен шығушылықты меңзей отырып, оларды кәпірлер деп жариялайсыздар. Аллаһтан түсірілген заңдарға негізделіп үкім ету міндетті болып табылады, алайда бұл – «егер адам бұл міндеткерлікті орындамаса, діннен шыққан болып табылады» деген емес.
Олардың қателескенін және адасқанын жарыққа шығарған пікірталастардың барысында мен олардан: ««Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ және Мухаммад - Аллаһтың елшісі», - деп куәлік беретін және намазды аз немесе көп орындайтын мұсылманды қай кезде күпірлікте айыптау керек болады? Бір рет жеткілікті ме, әлде ол өзінің діннен шығуын амалдарымен немесе сөздерімен мәлімдеуі керек пе?», - деп сұрағанымда, олар бұл сұраққа жауап беруге қиналды. Сонда мен мынадай мысал келтіруге мәжбүр болдым: «Үнемі шариғат бойынша үкім ететін белгілі бір қазы (сот) қателесіп, шариғатқа қайшы келетін үкім шығарып қойды делік. Осыны Аллаһтың түсіргені болмаған нәрсемен үкім ету болып есептелетін жағдай деп атауға болады ма?», - дедім. Олар: «Жоқ», - деп жауап берді. Мен: «Не үшін?», - деп сұрадым. Олар: «Өйткені бұл бір рет қана орын алды», - деп жауап берді. Мен: «Жарайды, ал егер ол екінші мәрте осындай немесе басқа, бірақ бәрібір шариғатқа қайшы келетін шешім шығарса, бұл адам күпірлікке кірді дегенді білдіреді ме?», - дедім. Және мен егер ол үшінші рет те, төртінші рет те осылайша жасаса, не болатындығы жөнінде, оны қашан кәпір деп атауға болатындығын білгім келіп, сұрай бастадым.
Іс жүзінде, бұл қазының қанша рет шариғатқа қайшы келетін үкім шығарғанын санай отырып, оның иман мен күпірлікті бөлетін сызықтан қашан аттап өтетінін анықтау мүмкін емес, бірақ ол алғашқы ретте-ақ: «Аллаһтың түсіргеніне сәйкес келмейтінмен үкім шығару орынды, - деп және: - Шариғатқа сәйкес үкім шығару орынды емес», - деп есептесе, онда ол діннен шықты деп бірден айтуға болады. Егер ол түрлі мәселелер бойынша он мәртелеп шариғатқа қайшы шешімдер шығарса және сен одан: «Сен не үшін Аллаһтан түскенге сәйкес келмейтінмен үкім еттің?» - деп сұрасаң, ал ол: «Қорықтым, немесе бұл үшін пара алдым», - десе (екіншісі біріншісінен анағұрлым жаман), бұл жағдайда да, ол: «Шариғат бойынша үкім шығаруды жөн санамаймын», - деп мәлімдемейінше, сен оны күпірлікте айыптай алмайсың, тек ол осылай деп мәлімдеген жағдайда ғана оның діннен шығаратын мағынадағы күпірлігі туралы айтуға болады.
Қысқа қайырғанда, бұзақылықтың екі түрі және зұлымдықтың екі түрі болғандай, күпірліктің де екі түрі бар екендігін есте сақтау керек: өзі істеген (шариғатқа қайшы) амалдарын жүрегімен мақұлдаған жағдайда адам діннің шеңберінен шығаратын күпірлікке (бұзақылыққа, зұлымдыққа) түседі; ал егер ол зина жасаса немесе шарап ішсе, бірақ осыны рұқсат етіледі деп санамаса, онда адамның амалдары оны діннен шығармайды. Күпірліктің мұндай түрі амалдарда көрініс табады, бірақ сенімде емес.
Сөйтіп, бізге күнәхарларды олар күнә жасап жатқандығы үшін ғана күпірлікте айыптауға болмайды. Олар жүрегінде Аллаһтың тыйым салған (харам) нәрсесін харам деп есептемейтініне біздің көзіміз анық жетпейінше біз оларды күпірлікте айыптай алмаймыз, өйткені Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп қорқытып айтқанынан қорқамыз: «Егер адам өзінің (Исламдағы) бауырына: «Әй, кәпір!», - десе, бұл олардың біреуіне қайта оралады87, ол (адам)88 ол туралы айтылғандай болса (ол соған лайықты), керісінше болған жағдайда, (айтылған нәрсе айтқан адамға) қайтады. әл-Бухари «Сахих», №6104 хадис; Муслим «Сахих», №60 хадис.
Бұл жөнінде айтылатын басқа да хадистер өте көп. Біздің сұхбатымыздың тақырыбына орай, олардың бірінде бір көпқұдайшылмен соғысқан сахаба туралы айтылатынын еске салу орынды болып табылады. Төбесінен қылыштың көтерілгенін көрген кезде, көпқұдайшыл: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ!», - деп дауыстап жібереді89, алайда сахаба бұған мән бермей, оны өлтіріп тастайды. Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, болған оқиға туралы біле салысымен, бұл амалды қатаң айыптады. Сахаба көпқұдайшылдың өлім қарсаңында болып қорыққандығы үшін ғана куәлік сөздерін айтқанын келтіріп, өз амалын ақтай бастағанда, Пайғамбар оған: «Ал (неліктен) сен, ол мұны жүрегімен айтқан-айтпағанын білу үшін, оның жүрегін қақ жарып кесіп90 көрмедің?!»91 - деді.
Сөйтіп, сенімдегі күпірлік амалдарға емес, жүрекке қатысты болады, бірақ біз пасықтың, бұзақының, ұрының, зинақордың, өсімқордың, немесе кез келген өзге күнәхардың жүрегінде не бар екенін, бұл жөнінде ол өзі айтпаса, біле алмаймыз. Егер мұндай адамның амалдары туралы айтар болсақ, олар оның шариғатқа қарсы амал жасағанына айғақ болып тұр және біз оның діннен шыққандығы туралы шешім шығарсақ, ол бізге Аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың алдында ақтау болуға жарайтын және оның салдары Пайғамбардың: «Өз дінін ауыстырғанды өлтіріңдер» әл-Бухари «Сахих», № 6922 хадис, - деген сөздерінде айтылған үкім болатын амал істемейінше, біз оған: «Сен шариғатқа қарсы амал жасадың және күнә жасадың», - дер едік, бірақ: «Сен күпірлікке кіріп кеттің және өз дініңнен тайдың», - деп айтпас едік.
Әрі қарай (жалғастырайық), мен бұрын да мұны айқанмын және қазір де мұсылмандардың әмірлерін үнемі күпірлікте айыптайтын адамдарға осыны қайталаймын: «Олар шын мәнісінде күпірлікке түсіп кетті және діннен шыққан (муртад) болды және олардан билігі артық болған әмір олардың осындай күпірлікке кіріп кеткенін анықтаған жағдайда оларға міндетті түрде шариғат бекіткен жазаны қолдану керек еді делік. Бірақ тіпті осы әмірлердің барлығы кәпір және діннен шыққан (муртад) болды деп шамаласақ та, сендер іс жүзінде осыдан қандай пайда ала аласыңдар. Сендер не істей аласыңдар? Сендер күштеріңді бұған сарп етпей-ақ, барлық басқа нәрселерге негіз бола алатынды жасағандарың жақсы емес пе?»
Бұған Аллаһтың Елшісі өзінің сахабаларын тәрбиелеген Сүннетке ілесу арқылы қол жеткізуге болады, біз осындай жағдайларда бұл жөнінде үнемі еске саламыз, және барлық мұсылмандар Аллаһ Тағаланың «Ол сондай Аллаһ, мүшріктер жек көрсе де, дінін бүкіл діндерге үстем қылу үшін Елшісін туралықпен92 және хақ дінмен жіберді» (әс-Саф сүресі, 9 аят) деген сөздеріне сәйкес амал жасау қажеттігіне нұсқаймыз.
Кейбір сахих хадистерде бұл соңынан іске асатындығы туралы айтылады, бірақ мұсылмандар Құранда айтылғанның іске асуына болысу үшін, осы(ндай) адамдар оларды кәпір және діннен шыққан (муртад) деп санайтын әмірлерге қарсы шығуға оларды шақыру қажет пе? Бұдан тыс, мұндай қате болжамдарға негізделіп, олар ешнәрсе істей алмайды. Ал ендеше, қандай жолмен жүру керек? Күмән жоқ, бұл - Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, үнемі айтып жүретін және әр жұма құтпасында: «...ең жақсы басшылық – Мухаммадтың басшылығы», - деп сахабаларының есіне салып отырған жол. Муслим «Сахих», № 867 хадис.
Барлық мұсылмандар, әсіресе олардың ішінен ислам басқаруын қайта қалпына келтіруге ұмтылғандары, Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бастаған нәрсесінен бастауы керек, ал оны екі сөзбен айтуға болады: тазарту және тәрбие. Себеп - әмірлерді күпірлікте айыптауға ғана қабілеті жететін фанатиктер байқамайтын, дұрысырақ айтқанда, байқағысы келмейтін ақиқаттың бізге мәлім екендігінде. Олар осымен әрі қарай айналыса береді, ал бұл бүліктерге ғана әкеп соғады. Мұны сендерге мәлім болған, соңғы жылдардағы, Меккедегі қайғылы уақиғадан бастап және Ануар әс-Садатты өлтіру сынды, салдарынан көптеген жазықсыз мұсылмандардың қаны төгілген уақиғалар растай алады. Бұған мысал ретінде Мысырда, Сирияда және Алжирде орын алып жатқан және осылардың орын алуына кінәлі адамдар көп жағдайда Құран мен Сүннеттің нұсқауларына, әсіресе олардың ең маңыздысы болып табылатын: «Расында сендер үшін, Аллаһқа да, Ақырет күніне де үміт еткендер үшін және Аллаһты көп еске алған кісілер үшін Аллаһтың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзап сүресі, 21-аят), - дегеніне қарсы амал жасауынан туындаған, басқа да өкінішке лайықты уақиғаларды келтіруге болады.
Шынымен де, игі мақсаттарды іске асыру үшін біз ең алдымен, өзіміздің шамамыз оған жетпейтін әмірлермен соғысудан бастауымыз керек пе? Әлде Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бастаған нәрсесінен бастауымыз керек пе? Бұл сұраққа жауап, әрине, Аллаһтың мына сөздері болып табылады: «Аллаһтың Елшісі сендер үшін ең жақсы өнеге (болып табылады)»
Ал Аллаһтың Елшісі неден бастады? Ол шақырудан бастағаны және ақиқатты қабылдауға дайын деп санаған адамына шақыруды жолдағаны туралы сендерге мәлім. Содан соң, Пайғамбардың өмірбаянынан белгілі болғандай, адамдардан кейбіреулер оның шақыруына жауап берді, кейін Меккеде мұсылмандарды қудалау кезеңі басталды, содан соң көктен алғашында бірінші қоныс аудару, кейін екінші қоныс аудару93 туралы әмірлер алынды, және Аса Құдіретті де Ұлы Аллаһ Исламды Мәдинада нығайтпағанынша осылайша жалғаса берді.
Демек, біз Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, мұны қалай істеген болса, (тура) солай етіп адамдарға Исламды үйретуден бастауымыз керек. Алайда қазіргі жағдайда біз тек оқытып-үйретумен ғана шектеле алмаймыз, өйткені бүгінгі күні Исламға оған ешқандай қатысы болмаған нәрселер ғана емес, оның күйреуіне себеп болып жатқан нәрселер де араласып кетті. Міне, сондықтан да Исламға шақырушылар бұл дінді барлық қоспалардан тазартудан бастауы керек және мұсылман жастарын таза Исламның ұстанымдарында тәрбиелеуі керек.
Егер барлық сан алуан ислам топтарының соңғы ғасыр барысындағы атқарған әрекеттеріне үңіле қарайтын болсақ, біз бұл топтарға ілескендердің олар ислам басқаруын қалайтыны туралы үлкен у-шуы мен дабырлы ашық мәлімдемелеріне қарамастан, олардың қол жеткізген бір ғана нәрсесі осы сылтаумен көптеген жазықсыз мұсылмандардың қаны босқа төгілгендігі болғанын көреміз. Алайда біз қазір де олардан Құран мен Сүннетке қайшы келетін сөздерді естудеміз және олардың амалдары Құран және Сүннетпен үйлеспейтінін көрудеміз.
Осыған байланысты мен бір Исламға шақырушының айтқан сөздерін келтіремін және оның шәкірттері оның: «Ислам мемлекетін өз жүректеріңде құрыңдар, сонда ол сендер үшін жер бетінде пайда болады», - деп айтқандарын ауытқымай ұстанануын қалайтынымды айтамын.
Істің арқауы мынада: егер мұсылман адам Құран мен Сүннетке негізделген дұрыс көзқарастарға оралса, оның ғибадаты, адамгершілік сипаттары және амалдары дұрыс болады. Өкінішке орай, мұндай адамдар игі сөздерге құлақ салмайды және ислам мемлекетін құру қажеттілігі туралы бос айқай салады, ал төменде келтірілетін ақындық ойлар дәл соларға арналып айтылғандай:
Сен құтылуды үміттенесің,
бірақ оған жеткізетін жолдармен жүрмейсің,
алайда кеме құрлықпен жүзе алмайды ғой!
Менің айтқандарым сіздің сұрағыңызға жауап ретінде жеткілікті болар деп үміттенемін». «Әл-мәжжәллә әс-саләфийә», 1/1415.
Достарыңызбен бөлісу: |