Мухаметжанова Айгуль Олжабаевна Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау



бет1/3
Дата29.02.2016
өлшемі291 Kb.
#31831
түріДиссертация
  1   2   3
ӘОЖ 371.13: 004 Қолжазба құқығында



Мухаметжанова Айгуль Олжабаевна

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау

13.00.08 – Кәсіби білім беру теориясы мен әдістемесі

Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

авторефераты

Қазақстан Республикасы

Қарағанды, 2010
Жұмыс академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде орындалды


Ғылыми жетекшісі:

педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сарыбеков М.Н.


Ресми оппоненттері:


педагогика ғылымдарының докторы, профессор Таубаева Ш.Т.





педагогика ғылымдарының кандидаты Тұрсынова Ж.Ж.


Жетекші ұйым:


Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Диссертация 2010 жылы «__» _________ cағат ____ Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғау жөніндегі БД 14.50.05 біріккен диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады. (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, №1 кеңейтілген дәрісхана).

Диссертациямен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2010 жылы «___»___________ таратылды.




Біріккен диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы Н.Ә.Мыңжанов
Кіріспе
Зерттеудің көкейкестілігі. Мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік жетістіктері, ең алдымен, олардың білім жүйесімен, азаматтардың білім деңгейімен анықталатыны белгілі. XXI ғасыр – жаһандық жаңалықтар мен білімнің дәуірлеу ғасыры, өйткені ол қазіргі кезде мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде, сондай-ақ әлемдік нарықтағы, әлемдік қоғамдастықтағы орнын айқындап халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін көтеруде айырықша маңызды рөл атқарады.

Бұл жөнінде Елбасының 2009 жылғы «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына» деген тақырыптағы дәрісінде студенттердің жоғары деңгейде білім алуына, мамандарды дайындауда білім сапасына өте үлкен көңіл бөліну керектігін атап өтіп, соның ішінде, жас педагогтердің ауылдарға баруына кеңес береді.

Ауыл мектебін, жалпы ауыл мәдениетін көтеру үшін мемлекет тарапынан көптеген іс-шаралардың жоспарланып жүзеге асырылуы – біз қарастырып отырған мәселенің әлеуметтік маңыздылығының айғағы. Атап айтқанда, Үкіметіміздің 2003 жылғы 4 ақпандағы № 128 қаулысымен «Ауыл мектебі» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды, 2009 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске асырыла бастады. Бұл ресми құжаттар қазақ елінің қазығы болған ауыл үшін де, жастар үшін де ұтымды ұсыныс екені анық. Өйткені бұл бағдарламаларды іске асырыуда тек ауыл ғана емес, мемлекеттің де, ұлтымыздың да ұтары көп.

Сонымен қатар бүгінгі таңда ауыл мектептерінде болып жатқан инновациялық процестер экономикалық, әлеуметтік, экологиялық және өзге де аса маңызды мәселелерді шешу қажеттілігіне бағытталып, ауыл оқушыларын білім беріп тәрбиелеуде, олардың ой-өрісін дамытуда және мәдениетін қалыптастыруда жаңа мүмкіндіктер беруде.

«Ауыл», «мектеп» тақырыбы әрқашан да тек қоғам қайраткерлері мен ағартушылардың іс-әрекеттерінің нысаны болып қана қоймай, ғылым саласында да көкейкесті мәселе ретінде ғалымдардың назарынан тыс қалмаған емес.

Ауыл мектебінің құрылуы мен дамуы, тыныс-тіршілігін және оның қоршаған ортамен, қоғаммен байланысын Ы. Алтынсарин, Ф.Е. Брадке, А.Г. Заболоцкий, И.Г. Песталоцци, С.А. Рачинский, В.Н. Татищев, Л.Н. Толстой, К.Д. Ушинский т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылады.

Аталмыш проблеманың ғылыми тұрғыдан дамып, қалыптасуына қазақстандық ғалымдардың да қосқан үлесі ерекше. Атап айтсақ, Ш.М. Абеуова, Г.Е. Нурмуханова, Е.А. Өтебаева өз еңбектерін ауыл мектебінде оқушылардың агроэкологиялық мәдениетін, шығармашылық дербестігін қалыптастыруға, адамгершілік, экономикалық тәрбие беруге арнаған.

Бүгінгі күні ауыл мектебінің мұғалімдерін даярлау мәселесі де ресейлік (Е.В. Бондаревская, Н.С. Жбанкова, Л.В. Левчук, З.Г. Найденова, Н.Д. Неустроев, Т.Г. Савинов, А.М. Цирюльников, Р.М. Шерайзина т.б.), отандық (Ш.К. Беркімбаева, Е.А. Битабаров, Т.Б. Машенбаев, Б.А. Нұрмағанбетова т.б.) бірқатар ғалымдардың еңбектерінде қарастырылып, шешімін тауып келеді.

Нақты айтқанда, ауыл мектеп мұғалімін даярлаудағы жалпы ерекшеліктері (П.А. Жильцов, А.Е. Кондратенков, А.Н. Чалов және т.б.), тәрбие қызметін жүзеге асыру (Л.С. Дровалева, О.А. Краснова, В.Г. Максимов, П.П. Пивненко т.б.), педагогикалық процесті ұйымдастыру (И.И. Августевич, А.Ф. Иванов, В.Г. Разумовский, В.А. Сластенин т.б.), шағын комплектілі мектебінің мәселелері (Ғ.З. Әділғазинов, Г.У. Уразамбетова) қарастырылған.

Біздің жұмысымыз ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияларды пайдалану мәселесіне байланысты болғандықтан, ақпараттық технологиялар дамуын қарастырған Д.М. Жүсібалиева, Ж.А. Қараев, М.С. Мәлібекова, Г.К. Нұрғалиева, Г.О. Тәжіғұлова, Л.А. Шкутина және педагогикалық инновациялардың дамуын қарастырған Б.Ә. Әбдікәрімов, С.Ә. Әбдіманапов, Е.З. Батталханов, С.Н. Лактионова, Қ.А. Сарбасова, Ш.Т. Таубаевалардың сондай-ақ мұғалімнің инновациялық іс-әрекетін зерттеген М.Ж. Жадрина, Қ.М. Нағымжанова, М.М. Мұқаметқали тағы басқа қазақстандық ғалымдардың зерттеу еңбектері қызығушылық тудырды.

Болашақ мамандарды жалпы кәсіби даярлау, педагогтердің жекелеген қасиеттерін қалыптастыру Ш.А. Абдраман, О.А. Абдуллина, Қ.Ж.Аганина, С.И. Архангельский А.Е. Әбілқасымова, Е.И. Бурдина, Е.О. Жұматаева, С.Т. Каргин, Қ.М. Кертаева, Н.В. Кузьмина, С.З. Қоқанбаев, А.Қ.Нұрғалиева, Т.С. Сабыров, М.Н. Сарыбеков, Ә.Ә. Усманов, Н.Д. Хмель және жалпы педагогика мәселелеріне арналған Қ.М. Арынғазин, Ш.М. Мұхтарова, Н.Ә. Мыңжанов, Ж.Ж. Наурызбай және т.б. ғалымдардың еңбектері біздің диссертациялық жұмысымызға әдіснамалық бағыт берді.

Осы аталған ғалымдардың зерттеу еңбектеріне жасалған талдаулар авторлардың өз зерттеу объектісіне қарай педагогика ғылымына айтарлықтай үлес қосқанын көрсетіп отыр. Дегенмен ғылыми еңбектерде жоғары мектептің оқу-тәрбие процесіне жасаған талдау нәтижелері қазіргі кезеңде бастауыш ауыл мектебінде педагогикалық инновацияны пайдалану проблемасының педагогика ғылымында күні бүгінге дейін өзінің шешімін таппай отырғанын айғақтайды.

Педагогикалық инновация жеке тұлғаның тұрақты сапалық белгісі ретінде оқушының жан-жақты дамуына жағымды ықпал етеді, ақыл-ойын, ерік-жігерін, ойлау, елестету қабілетін, эмоциясын білдіретін интеллектуалдық іс-әрекетінде көрініс береді. Сонымен қатар педагогикалық инновация жеке тұлғаның танымдық мүмкіндіктерін және қоғамдық бағытын, болмысқа деген көзқарасын қалыптастыратынын ескерсек, зерттеу проблемасының көкейкестілігі нақтылана түседі.

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, болашақ бастауыш сынып мұғалімін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау қажеттілігі мен педагогика ғылымында аталған мәселенің жеткіліксіз зерттелуі арасында, сонымен қатар ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалана білетін болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің қажеттілігі мен жоғары оқу орындарында бұл даярлау процесінде арнайы әдістеменің жасалмауы арасында қайшылық бар екендігіне көз жеткіздік. Осы қайшылықтардың шешімін табу мақсатында қоғамның мамандарды даярлауға қоятын талаптарына сай, болашақ бастауыш сынып мұғалімін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлауды қамтамасыз ету зерттеу проблемасын айқындап, тақырыпты «Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау» деп таңдап алуға негіз болды.



Зерттеу мақсаты. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлауды теориялық тұрғыдан негіздеу және әдістемесін жасау.

Зерттеу нысаны. Жоғары оқу орнында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау процесі.

Зерттеу пәні. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға кәсіби даярлығы.

Зерттеудің ғылыми болжамы. Егер жоғары оқу орнының педагогикалық процесіне біз ұсынған болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау әдістемесін енгізсе, онда бұл процестің тиімділігі арта түседі, өйткені аталмыш әдістеме маманның жоғары кәсіби біліктілігін, құзыреттілігі мен бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруды көздей отырып, жүйелілік және тұтастық принциптерді қамтамасыз етеді.

Зерттеу міндеттері:

  1. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың мәнін оның әлеуметтік-педагогикалық алғышарттарын анықтау негізінде ашу.

  2. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың ерекшеліктерін айқындау.

  3. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау моделін құрастыру.

  4. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау әдістемесін жасап, оның тиімділігін тәжірибелік-эксперимент жүзінде тексеру.

Зерттеудің жетекші идеясы. Ауыл мектеп оқушыларының бәсекеге қабілеттілігі болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби іс-әрекетінде педагогикалық инновацияны пайдалануға байланысты.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері. Тұлға дамуының жалпы диалектикалық теориясы; тұтастық, жүйелілік және тұлғалық тұғырлардың жалпы әдіснамалық тұжырымдамалары; таным теориясы; біртұтас педагогикалық процесс теориясы; ақпараттық әдіснамалық тұжырымдамалары; тұлғаға бағдарланған және ақпараттық білім беру тұжырымдамалары; кәсіби білім беру теориясы мен әдістемесіне қатысты ілімдер; зерттеу проблемасы бойынша философиялық, психологиялық-педагогикалық ілімдер.

Зерттеу көздері. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің тұжырымдамалары, бағдарламалары, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы және «Қазақстан – 2030» даму стратегиясы, білім беру мәселесіне арналған ресми материалдар мен құжаттар, «Ауыл мектебі» бағдарламасы, ғылыми-зерттеу тақырыбына байланысты философтардың, психологтердің, педагогтердің, әдіскерлердің еңбектері, жалпыға міндетті білім беру стандарттары, педагогтердің іс-тәжірибесі, жоғары педагогикалық оқу орындарының оқу-тәрбие процесіндегі озық тәжірибелер.

Зерттеу әдістері. Зерттеу проблемасы бойынша философтардың, психологтардың, педагогтардың, әлеуметтанушылардың, тарихшылардың еңбектеріндегі ғылыми ой тұжырымдарын теория жүзінде талдау, салыстыру арқылы қоғамның әлеуметтік дамуында ауыл мектебінің мүмкіндігін анықтау; теориялық модельдеу; тестік-сауалнамалық және тәжірибелік-педагогикалық эксперимент жұмыстарын жүргізу; педагогикалық инновацияны пайдалануға байланысты тәжірибелерді жинақтау, салыстыру, талдау, саралау, қорытындылау, т.б.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:

  • болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың әлеуметтік-педагогикалық алғышарттары анықталды;

  • болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау мәні ашылды;

  • болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың ерекшеліктері айқындалды;

  • «болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлық» түсінігін анықтау негізінде оның көрсеткіштері мен өлшемдері жүйеленді;

  • болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау моделі құрастырылды және өңделді;

  • болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау әдістемесі жасалды.

Зерттеудің практикалық мәнділігі. Зерттеу нәтижелері мен қорытындылары, біріншіден, осы проблема бойынша келешекте жүргізілетін ғылыми ізденістерге негіз болады; екіншіден, ұсынылып отырған ғылыми-әдістемелік еңбектер мен арнайы курс бағдарламаларын жоғары және арнайы орта педагогикалық оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептердің оқу-тәрбие жұмыстарында, бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру ісінде пайдалануға болады.

Жоғары оқу орнында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауға практикалық көмек ретінде оқу процесіне жоғары оқу орны оқытушыларына арналған «Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың ерекшеліктері» атты арнайы семинар, студенттерге арналған «Ауыл мектептерінің бастауыш сыныптарында педагогикалық инновацияны пайдалану» атты арнайы курс, «Педагогика», «Дидактика», «БММОТжТ», «БМҚТОТжТ» пәндердің оқу жұмыстық бағдарламаларына қосымшалар, «Педагогикалық іс-әрекет негіздері» атты элективті курс, «Бастауыш мектепте қазақ тілінен сыныптан тыс жұмыстар» атты оқу-әдістемелік құрал, «Сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру технологиясы» және «Мұғалімдерді ауыл мектебінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау» атты электронды оқу құралдары, «Қызықты математика» атты автоматты оқу бағдарламасы жасалып, ендірілді.



Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі зерттеу әдіснамасының қойылған проблемаға сәйкестігімен, теориялық тиянақты талқылаулар мен материалдарды сандық-сапалық талдауларға ұштастырумен, қажет уақыт ауқымында зерттеу мәліметтерін мұқият және жан-жақты саралаумен, диссертацияның негізгі қағидаларын тексеруге арналған тәжірибелік жұмыспен, педагогикалық зерттеудің ғылыми негізділігімен және зерттеу пәнімен арадағы байланысымен, қажетті әдіс-тәсілдердің тиімділігімен, бастапқы және соңғы нәтижелердің қорытындыларымен, олардың тиімділігінің бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын факультеттерде тексерілуімен қамтамасыз етіледі.

Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:

  1. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау – студенттердің аталған мәселеге тұрақты қызығушылығын қалыптастыруға, педагогикалық инновацияны пайдалану туралы теориялық білім беруге және оларды жүзеге асыру білігі мен дағдыларын икемдеуге бағытталған процесс.

  2. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың моделі мотивациялық, мазмұндық, процессуалдық, бағалаушылық компоненттерден құралған.

  3. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың әдістемесіне бірқатар оқу пәндерінің жұмыс бағдарламаларына қосымшалар, ЖОО оқытушыларына арналған семинар, студенттер үшін құрастырылған арнайы курс, автоматты оқу бағдарламасы, электронды оқу-әдістемелік құралдар жатады.

  4. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау бойынша эксперимент нәтижелері.

Зерттеудің базасы. Тәжірибелік-эксперименттік жұмыс академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде және Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында өткізілді.

Зерттеудің негізгі кезеңдері:

Бірінші кезең (2002-2004) зерттеу проблемасы бойынша әдіснамалық, ғылыми, психологиялық, педагогикалық әдебиеттерге талдау жасалынды. Зерттеудің тақырыбы нақтыланып, теориялық тұрғыдан талданды, зерттеудің ғылыми аппараты анықталды. Ауыл мектебінің бастуыш сынып мұғалімдерінің және жоғарғы курс студенттерінің педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлығының бастапқы жағдайын анықтауда зерттеу жұмысы жүргізілді.

Екінші кезең (2004-2008) Негізгі теориялық ойларды анықтау мақсатында іс-тәжірибелік жұмыстар жүргізілді. Оқу жоспарлары, бағдарламалар, педагогикалық, оқу-әдістемелік құралдар талданды, зерттеліп отырған даярлықтын қалыптасу көрінісі нақтыланды, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың мазмұны негізделді, «Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау ерекшелігі» оқытушыларға арналған семинар бағдарламасы, «Ауыл мектептерінің бастауыш сыныптарда педагогикалық инновацияны пайдалану» атты арнайы курс бағдарламасы сынақтан өткізілді. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау әдістемесінің тиімділігін айқындау мақсатында тәжірибелік-эксперименттік жұмыс жүргізілді.

Үшінші кезең (2008-2009) жүргізілген тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың қорытындылары шығарылып, эксперимент жұмысы бір жүйеге келтірілді, соның негізінде теориялық ережелер құрылды, педагогикалық эксперимент нәтижесінде алынған деректерді статистикалық өңдеу, тұжырымдау және диссертацияны қорытындылау жұмыстары жүргізілді.

Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы. Зерттеудің негізгі қағидалары университеттің жалпы педагогика проблемалары бойынша өткізілетін ғылыми семинарында талқыланды және халықаралық, республикалық, аймақтық конференцияларда (Қарағанды, 2002-2008; Астана, 2002, 2005; Жезқазған, 2004; Көкшетау, 2006; Алматы, 2007; Орал, 2007; Прага, 2009), ғылыми мақалалардың баспаларында («Ұлт тағылымы», 2006; «Қазақстан мектебі», 2006; «Бастауыш мектеп», 2006; ЕАГИ хабаршысы, 2007; ҚарМУ хабаршысы, 2008) баяндалды. Сонымен қатар «Бастауыш мектепте қазақ тілінен сыныптан тыс жұмыстар» оқу-әдістемелік құрал (Қарағанды, 2004) баспадан шықты. «Сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру технологиясы», «Мұғалімдерді ауыл мектебінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау» атты ЭЕМ-ға арналған электронды оқу-әдістемелік құралдары және «Қызықты математика» автоматты оқу бағдарламасы әзірленді.

Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған деректер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

Кіріспе бөлімінде зерттеудің көкейкестілігі, ғылыми аппараты: мақсаты, нысаны, пәні, міндеттері, ғылыми болжамы, жетекші идеясы, әдіснамалық және теориялық негіздері, әдістері мен негізгі кезеңдері беріліп, ғылыми жаңалығы мен теориялық және практикалық мәнділігі, қорғауға ұсынылатын қағидалар, зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі, талқылануы және жүзеге асырылуы баяндалды.

«Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың теориялық негіздері» атты бірінші тарауда ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдаланудың қазіргі жағдайы талданды, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың әлеуметтік-педагогикалық алғышарттары анықталды, бастауыш сынып мұғалімдерінің ауыл мектептерінде оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру ерекшеліктері теориялық жағынан негізделіп, болашақ маманның ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалану негізінде даярлау ерекшеліктеріне сипаттама беріліп, моделі ұсынылды.

«Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау бойынша эксперимент жұмысы» атты екінші тарауда бастауыш сынып мұғалімдерінің және студенттердің ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалану даярлығының бастапқы жағдайы анықталды, болашақ бастауыш сынып мұғалімідерінің ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау әдістемесі берілді, оның тиімділігін анықтау мақсатында ұйымдастырылған тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың мазмұны мен барысы көрсетілді және оның нәтижелеріне талдау жасалды.

Қорытындыда теориялық және эксперименттік жұмыстың нәтижелеріне негізделген тұжырымдар мен ғылыми тұрғыдан негізделген ұсыныстар берілді.

Қосымшада болашақ маман мен бастауыш сынып мұғалімдеріне ұсынылған сауалнамалар, электронды оқулықтардың зияткерлік меншік куәліктері, зерттеу нәтижелерін оқу орындарына ендіру анықтамалары келтірілді.


Негізгі бөлім
Ауыл мектебі оқушыларына білім беру деңгейін арттыру үшін жағдай жасауды қамтамасыз ететін қазіргі ауыл мектебінің моделін жетілдірудің және жоғары кәсіптік білім алу үшін олардың түлектерінің бастапқы мүмкіндіктерін теңестірудің қажеттілігі күмәнсыз. Ауылдық жердегі білім берудің мақсаты – оқыту мен тәрбиелеу, мектеп оқушыларының білім сапасын арттыру, ауылдық және шағын жинақталған мектептердің қызметтерін жетілдіру үшін жағдай жасау қажет. Демек, ауыл мектебі оқушыларының ойлау белсенділігін дамытып, білімі мен біліктерін өмірдің жаңа жағдайында пайдалана білуге үйрету қажеттігі туындайды. Бұл міндеттердің жүзеге асуы ауыл мектебі оқушыларының педагогикалық инновацияға қызығушылығын арттырумен тікелей байланысты. Ауылдың дамып өркендеуін ауыл мектебінсіз, оның бүгіні мен ертеңінсіз елестетуге болмайды. Себебі ауыл мектебі мәдениет және ағарту мекені, ауылдағы «мәдениет ошағы» болып саналады.

Қарастырып отырған мәселені талдау барысында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың әлеуметтік-педагогикалық алғышарттары анықталды. Бұл – зерттеу жұмысымыздың бірінші қағидасы болып табылады.

Аталмыш мәселенің әлеуметтік-педагогикалық алғышарттары ауыл мектебі ауыл шаруашылығы өндірісі үшін кадрлар дайындайтын орын мен ауылдағы кәсіби дайындығы бар адамдармен жұмыс істейтін қауымдастықтың іс-әрекеттерімен анықталады. Сонымен қатар, ауыл мәселесі тек ауыл жұртшылығының ғана емес, бүкіл қоғамның көкейкесті мәселесіне айналуы қажет. Қоғамның дамуын жалпы ұлттық дәрежеде алып қарасақ, қоғамды қалыптастыруда ауыл және қала қауымдастықтарын бір-бірімен тікелей қарым-қатынасымен байланыстыруға болады. Қазақстанда ауыл мектебінің қалыптасуын, оның ауыл халқының өміріндегі рөлі жөнінде жасалған талдаулардан кенттену процестеріне, халықтың көшіп-қонуына, демографиялық процестерге қарамастан, жаңа мыңжылдықта ауыл мектебі ауыл оқушыларын әлеуметтендіру институты, ауылдағы мәдениет ошағы болып табылады.

Қарастырып отырған мәселенің теориялық алғышарттары ауыл мектебі мұғалімін даярлаудағы ерекшеліктері, даярлаудағы тәрбие, педагогикалық процесті ұйымдастыру, оқушылардың агроэкологиялық мәдениетін, шығармашылық дербестігін қалыптастыруға, адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу, экономикалық тәрбие беру сияқты мәселелерінің педагогика ғылымында зерттеліп қарастырылуымен анықталады.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың әлеуметтік-педагогикалық алғышарттарының анықталуы мен бүгінгі күні болашақ маманның ауыл мектебінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау мәселесі өзекті болып отырғандығын және оған даярлаудың ерекшеліктерін анықтап, қазіргі жағдайын сараптаудың маңыздылығын дәлелдеді. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың ерекшеліктерін анықтау үшін, психологиялық-педагогикалық әдебиеттерге, диссертациялық зерттеулерге талдау жүргіздік.

Ғылыми еңбектерді талдауда болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың ерекшеліктері келесі мәселелермен байланысты екендігіне көз жеткіздік (1-кесте).


Кесте 1 – Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың ерекшеліктері


Болашақ мұғалімдерді даярлау мәселесі

Бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау мәселесі

Ауыл мектебінің бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау мәселесі

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау мәселесі

1

2

3

4

Жеке тұлғаның кәсіби бағыттылығы

Өз мамандығының маңыздылығын түсіну

Ауыл мектебіндегі бастауыш сынып мұғалімдерін даярлаудың қажеттілігін сезіну

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің ауыл мектептерінде пединновацияны пайдаланудың қажеттілігіне сенімі, қызығушылықтың болуы

1-кестенің жалғасы


1

2

3

4

Кәсіби білім беру мазмұны


Педагогика, психология пәндері бойынша, бастауыш оқытудың әдістемесі бойынша білімдерінің болуы

Ауыл мектебінің ерекшеліктерін, ауылдың психологиясын, әлеуметтік аспектісін білуі

Ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалану бойынша теориялық білімдерінің болуы

Теориялық білімдерінің пайдалану іскерліктері

Педагогика, психология, бастауыш оқытудың әдістемесі бойынша алған білімдерін пайдалану іскерлігі

Ауыл мектебінің ерекшеліктеріне сәйкес бастауыш оқытудың әдістемесі бойынша алған білімдерін пайдалану іскерлігі

Ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалану іскерліктерінің болуы

Диагностика жүргізу дағдылары

Педагогикалық диагностика жасай білу

Ауыл мектебінде педагогикалық диагностика жасай білу

Ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалану бойынша даярлық деңгейлеріне диагностика жүргізу

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдаланудың қажеттілігіне сенуі, оларда қызығушылықтың болуын қамтамасыз ету, ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалану бойынша теориялық білімдерін қалыптастыру, ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалану іскерліктерін қалыптастыру, ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалану бойынша даярлық деңгейлеріне диагностика жүргізу ықшамдарын нығайту мәселелерімен тікелей байланысты.

Сонымен, аталған ерекшеліктерді есепке алу болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың сапалық нәтижелерінің жоғарылауына әсер етеді.

Зерттеу жұмысымыздың келесі қадамында «Ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға болашақ мамандарды даярлау» ұғымының мәні анықталды. Бұл аталмыш ұғымды бір мағынада пайдалануды, мазмұнды белгілі бір шеңберде нақтылауды қамтамасыз етеді. Сонымен, біздің көзқарасымызша, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау деген – студенттердің аталған мәселеге тұрақты қызығушылығын, педагогикалық инновация туралы теориялық білімдерін және оларды қолдану білігі мен дағдыларын қалыптастыратын процесс. Онда педагогикалық принциптерді басшылыққа ала отырып, оқу-әдістемелік кешендермен, электронды оқу құралдармен, әр алуан әдістер мен формалармен, технологиялармен, интернет желісімен жұмыс жасау, интерактивті, мултьимедиялық сабақтармен қамтамасыз етіледі.

Анықталған даярлау ұғымына, ерекшелігіне байланысты жоғары оқу орындарында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау моделін жасау қажеттілігі туды.

Процесті модельдеу үшін, ең алдымен, берілген процестен күтілетін нәтиже бейнесінің нақты нұсқасын анықтау қажет. Сондықтан, біз ең бастысы, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлау процесінің мақсатын анықтап алдық. Егер мақсат күтілетін нәтиже болса, онда соңғы нәтижесінде болашақ бастауыш сынып мұғалімінің ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлығын алуымыз керек.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалану даярлығын өлшемдер мен көрсеткіштердің жиынтығы ретінде қарастырдық, оны өзара байланысты мынадай төрт компонентпен белгіледік: мотивациялық, мазмұндық, процессуалдық және бағалаушылық (кесте 2).

Қарастырылған өлшемдер зерттеліп отырған даярлықтың төрт компонентіне байланысты, олар көрсеткіштердің жиынтығынан көрінеді, ерекшеленеді.

Даярлау ұғымына, ерекшелігіне және мұғалімнің профессиограммасын құру тәжірибелеріне сүйене отырып, шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің тәжірибесін оқып-үйреніп, бастауыш сынып мұғалімінің біліктілік сипаттамасын негізге ала отырып және Мемлекеттік білім беру стандартына, «Білім туралы» Заңына, практика қажеттілігіне сәйкес, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың моделін жасадық (сурет 1).

Өлшемдер мен көрсеткіштер сәйкестігінде анықталған кәсіби дайындықтың компоненттері болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлаудың моделінің құрылымына енді, яғни тұтас педагогикалық процесс теориясының (Н.Д.Хмель) ережесіне сәйкес зерттеліп отырған даярлықтың мақсаты, міндеттері, принциптері, әдістері, құралдары мен нәтижелері жатады. Сонымен қатар, педагогикалық инновацияларды пайдалана алатын болашақ мұғалімдерді даярлаудың мақсатынан зерттелетін даярлықтың басқа компоненттерінің ерекшелігін байланыстырады. Сондай-ақ бұл компоненттерді (міндеттер, принциптер, мазмұны, құралдар, әдістер мен формалар) бастапқы позициядан (мақсат) шығып соңғы нәтижеге (нәтиже) жетуге бағытталған құралдар кешені ретіндегі бірлестікте қарастырдық.



Яғни модельді құрастыруда даярлау процесінің мақсаты анықталды, соның негізінде төрт компонент міндеттері алынды. Мақсат, міндеттерді, құралдарды, формалар мен әдістерді таңдауда, оларды практикалық жүзеге асыруда негізгі бекітулер мен реттеушілер ретінде белгілі принциптер басшылыққа алынды. Қарастырылып отырған даярлаудың келесі компоненті – мазмұны болып табылады.
Кесте 2 – Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін ауыл мектебінде педагогикалық инновацияны пайдалануға даярлығының өлшемдері, көрсеткіштер мен деңгейлер жүйесі





Критерийлер

Көрсеткіштер

Жоғары деңгей

Орташа деңгей

Төмен деңгей

1

2

3

4

5

6

Мотивациялық компонент

Жеке тұлғаның кәсіби бағыттылығы

Өз мамандығының әлеуметтік маңыздылығын сезіну

Өз мамандығына деген ерекше ынтасын білдіреді, әлеуметтік маңыздылығын саналы түрде сезінеді

Өз мамандығының әлеуметтік маңыздылығын сезінуі орташа

Өз мамандығының әлеуметтік маңыздылығын саналы түрде сезінбейді

Педагогикалық инновацияға қызығушылық

Педагогикалық инновацияға тұрақты қызығушылығы қалыптасқан

Педагогикалық инновацияға қызығушылығы толыққанды емес

Педагогикалық инновацияға қызығушылығы төмен

Педагогикалық инновацияны пайдалануға мұқтаждығы

Педагогикалық инновацияны пайдалануға мұқтаж

Педагогикалық инновацияны пайдалануға мұқтаждығы тұрақсыз

Педагогикалық инновацияны пайдалануға мұқтаждығы байқалмайды

Ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдаланудың қажеттілігіне сенуі

Ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдаланудың қажеттілігіне сенімі жоғары, өз мүмкіндіктеріне деген сенімі зор

Ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдаланудың қажеттілігіне сенімі орташа, мүмкіндіктеріне сенімі тұрақсыз

Ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдаланудың қажеттілігіне сенімі төмен, мүмкіндіктеріне сенім білдірмейді

Мазмұндық компонент

Ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалану бойынша теориялық білімдерінің болуы

Педагогикалық және психологиялық пәндер бойынша теориялық білімдер

Педагогикалық және психологиялық пәндер бойынша теориялық білімдері жүйелі және саналы түрде қалыптасқан

Педагогикалық және психологиялық пәндер бойынша теориялық білімдері үзінді түрде қалыптасқан

Педагогикалық және психологиялық пәндер бойынша теориялық білімдері үстірт

Бастауыш оқытудың әдістемесі бойынша білімдері

Бастауыш оқытудың әдістемесі бойынша білімдері жүйелі және саналы түрде қалыптасқан

Бастауыш оқытудың әдістемесі бойынша білімдері үзінді түрде қалыптасқан

Бастауыш оқытудың әдістемесі бойынша білімдері жалпылама түрде қалыптасқан

Педагогикалық инновация бойынша білімдері

Педагогикалық инновация бойынша білімдері жүйелі және саналы түрде қалыптасқан

Педагогикалық инновация бойынша білімдері жүйелі емес

Педагогикалық инновация бойынша білімдері жалпылама түрде қалыптасқан

Ауыл мектебінің ерекшеліктері туралы білімдері

Ауыл мектебінің ерекшеліктері туралы білімдері терең

Ауыл мектебінің ерекшеліктері туралы білімдері орташа

Ауыл мектебінің ерекшеліктері туралы білімдері аз

2-кестенің жалғасы


1

2

3

4

5

6

Процессуалдық компонент

Ауыл мектептерінде педагогикалық инновацияны пайдалану іскерліктерінің болуы

Педагогикалық инновацияны мақсатты түрде пайдалану іскерліктері

Педагогикалық инновацияны мақсатты түрде пайдалана біледі

Педагогикалық инновацияны мақсатты түрде пайдалануға даяр

Педагогикалық инновацияны мақсатты түрде пайдалану іскерліктері қалыптаспаған

Дәстүрлі және инновациялық оқытуды тиімді түрде өзара сабақтастыра пайдалану іскерліктері

Дәстүрлі және инновациялық оқытуды тиімді түрде өзара сабақтастыра пайдалану іскерліктері анық көрінеді

Дәстүрлі және инновациялық оқытуды тиімді түрде өзара сабақтастыра пайдалану іскерліктері толық байқалмайды

Дәстүрлі және инновациялық оқытуды тиімді түрде өзара сабақтастыра пайдалану іскерліктерін көрсете білмейді

Педагогикалық инновацияны ауыл мектеп ерекшеліктерінің мәнмәтінінде пайдалану іскерліктері

Педагогикалық инновацияны ауыл мектебі ерекшеліктерінің мәнмәтінінде пайдалануға дайын

Педагогикалық инновацияны ауыл мектебі ерекшеліктерінің мәнмәтінінде пайдалану іскерліктері толық байқалмайды

Педагогикалық инновацияны ауыл мектебі ерекшеліктерінің мәнмәтінінде пайдалану іскерліктері қалыптаспаған

Бағалаушылық компонент

Педагогикалық диагностиканы жүргізу дағдылары

Кәсіби іс-әрекетіне бақылау жасай білуі

Кәсіби іс-әрекетінің бақылау нәтижесін анықтау үшін қажетті педагогикалық диагностика әдістерін аса жетік игерген

Педагогикалық диагностика әдістерін меңгерген, бірақ кәсіби іс-әрекетін бақылауда қиналады

Кәсіби іс-әрекетіне бақылау жасай алмайды

Өзінің педагогикалық инновацияны пайдалануда даярлық деңгейлерін бағалай білуі

Педагогикалық инновацияны пайдалану даярлық деңгейлерін бағалай білуі үшін қажетті педагогикалық сарапаттаманың технологиялық орындау тәртібін аса жеттік игерген

Педагогикалық сарапатаманың технологиялық орындау тәртібін меңгерген, бірақ оны педагогикалық инновациямен байланыстыруда қиналады

Өзінің педагогикалық инновацияны пайдалануда даярлық деңгейлерін бағалай алмайды


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет