Н. У. Шаяхметов, тарих ғылымдарының докторы



бет1/42
Дата24.04.2016
өлшемі5.8 Mb.
#78116
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК:

ҒЫЛЫМИ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК

(Ауызша тарих мәселелері)


халықаралық ғылыми-теориялық конференция

6 желтоқсан 2012 жыл

АСТАНА

2012

УДК 94 (574)

ББК 63.3 қаз

А 37

Баспаға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кеңесі мен «Еуразия» гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығы ұсынған
Жалпы редакциясын басқарған – ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Е.Б. Сыдықов
Редакциялық алқа: Е.Б. Сыдықов, Д. Қамзабекұлы, Ж.З. Оразбаев, Қ. Салғараұлы,

Д.Р. Айтмағамбетов, Ж.О. Артықбаев (жауапты редактор),

М.Шыңдалиева, А.Қ. Көшкімбаев, У. А. Әлменбетова
Рецензенттер:
А.Күзембайұлы, тарих ғылымдарының докторы

Н.У. Шаяхметов, тарих ғылымдарының докторы

Ақселеу Сейдімбек: ғылыми мұрасы және тәуелсіздік (ауызша тарих

А37 мәселелері). Халықаралық ғылыми-теориялық конференция. 6 желтоқсан 2012 жылы / Жалпы ред. басқарған Е.Б. Сыдықов. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ баспасы, 2012. – 400 б.
Жинаққа 2012 жылдың 6 желтоқсанында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (Астана қ-сы, Қазақстан) өткен белгілі ғалым және қоғам қайраткері Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің туғанына 70 жыл толуына арналған «Ақселеу Сейдімбек мұрасы және тәуелсіздік құндылықтары (ауызша тарих мәселелері)» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары еніп отыр. Қазақстандық және шет елдік ғалымдардың ғылыми мақалаларының көпшілігі қазақ тарихының қайнар көзі және өзегі болып табылатын ауызша тарих мәселелеріне арналады. Қазақтың ауызша тарихына арнап Тәуелсіз Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырған ғылыми кеңестің материалдары авторлық нұсқада берілген.

Жинақ гуманитарлық салада қызмет жасап жүрген ғылыми қауымға, оқытушылар мен студенттерге, жалпы қазақ шежіресіне ынталы азаматтарға арналады



ISBN 978-601-7400-70-5 УДК 94 (574)

ББК 63.3 қаз

© Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 2012

© Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева, 2012


ПЛЕНАРЛЫҚ МӘжіЛІС

Е.Б. Сыдықов

Астана қ., Қазақстан
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ЖӘНЕ ҚАЗАҚТЫҢ АУЫЗША ТАРИХЫ
Егеменді ел болғаннан кейін, оның тарихы, бүгінгі күні және болашағы болуы шарт. Қазақ елі де ерте заманнан бері уақыттың үш кезеңін бір ұстаған, тарихын терең қаузап, болашағын болжаған халықтардың бірі. Тарихсыз бүгінгі күн, бүгінгі күнсіз болашақ жоқ. Қазақтың ел ағалары, шежіреші ғалымдары осы мәселені қашанда ойда ұстаған. Тым ерте заманда өмір сүрген ойшылдарды мысалға алмаған күнде, күні кеше ХХ ғасырдың басында «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресін» жазған Шәкәрім Құдайбердіұлы «Атаны атағанмен білім артпас, Сүйтсе де білген адам құры жатпас. Қыбырлаған қиыннан шығар деген, Қозғалмасаң қолыңнан кісі тартпас» дейді. ХХ ғасырға отарлық қамытпен енген қазақ халқы үшін тарихтың орыны ересен еді. Себебі ғаламды жаңғыртып жаңа постиндустриалды дәуір келе жатты, жаһандандық соғыстардың ойраны саны аз, сапасы жоқ, білімсіз елдерді жалмап, адамзатты еуропалықтардың талап-түсініктеріне орай унификациялауды бастады. Қазақтың ұлы тарихшыларының ХХ ғасырдың басында «Құлақ сал, алаңдамай анық сөзге, кім кейін, кім ілгері көрер көзге, Артыңды оқып, алдыңа көз жіберсең, Ел бар ма, есер, епсіз бізден өзге» деп қынжылуы осы себептен.

Егеменді ел өз тарихын жатқа біліп, оның қорынан ұлттық-мемлекеттік, саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани көшке қажетті құндылықтарын жинақтап отырады. Ақселеу ағамыз «Қазақтың ауызша тарихы» кітабында әр елдің өз тарихына үңіліп, сол тарихтың қазынасынан қажетті білімді игеріп, оны келешекке пайдаланып отыруды «жасақтау» деп атады. «Жасақ» бір жағынан әскер өмірге қатысты сөз сияқты көрінгенімен, әр елдің өмір үшін, болашақ ұрпақ үшін күресі жаугершіліктен несі кем ?! Бұл да майдан даласы сияқты, кім сылбыр, білімсіз, жадысыз болса сол жеңіліске ұшырайды, кім жылдам, білімді, рухты болса сол жеңіске жетпек.

Тарихи білім қашанда мемлекет үшін идеологиялық тұжырымдама, қоғамдық пікірдің, патриотизмнің, рухани мәдениеттің ірге тасы. Егер мәселенің түп-тамырына қарасақ қандай бір елдің алға жылжуына кепіл болатын алдымен тарихи білім. Ол білім мемлекет үшін күресте адамдарды жігерлендіреді, жеңіске сенімділік береді, тіпті болмағанда адамдардың басын бір жұмырдықтай бір орталыққа қосады. Қазақтың ауызша тарихы да осы міндеттерді көптеген ғасырлар бойы қапысыз орындап отырған. Егер біз қазіргі күнде ғылыми ортада қолданып жүрген терминдерді пайдалансақ қазақ шежіресі халқымыздың тарихының тұжырымдамасы деп айта аламыз. Түптеп келгенде тұжырымдама біртұтас этнос үшін уақыт көшінен қалмау, дұрысы сол көштің қозғаушы күшіне айналуына керекті рухани азығын қамдап алу үшін қажет. Тарих қашанда бір сұраққа жауап береді, ол кеше кім едің, бүгін қандай күйдесің, ертең қалай болады? Бұл сауалдардың кез-келген халықтың асыл ұлдарын ұдайы толғандыратындығы ғана емес, бір-бірінен ажыратылмай бірлікте пайымдалатыны да қапысыз шындық. Тарихшы ғалымдарымыздың пікірінше халықтың жады мен санасының жинақталып бір арнаға құяр тұсы ұлттың біртұтас бірлік идеясы болса, ол идеяның рухани азығы бірнеше мыңжылдықтардан бастау алатын Еуразия халықтарының аңыз-шежірелерінде жатыр.

Бүгін арнайы конференцияны арнап отырған өмірден ерте озған қымбатты ағамыз, еңселі ғалым Ақселеу Сейдімбекұлы өзінің соңғы шығармашылық шабытын қазақ халқының тарихына арнады. Еуразия құрылығының кіндік ортасында туып- өскен, даланың кеңдігіндей көкжиегі ересен, қыр адамының елгезек қабілетін, тарих пен этнография туралы терең пайымын Ақаң Еуразиялық қазақ шежіресіне арнап еді. Ақаң өзінің шығармашылығының шыңы болған бұл өзекті тақырыпқа ондаған жылдар ғұмырын арнады деп есептейміз. Ең бастысы Ақаң бұл тақырыпты қазақтың тарихының қайнар көзі деп қана білген жоқ, ол шежірені қазақтың өмір сүру құндылықтарының құрылымы мен мазмұынын қалыптастырған, дала тайпаларын ел және мемлекет қылған терең қазына деген баға берді. Бұл еңбек осыған дейін ғалым-жазушының қазақтың тарихы мен мәдениетіне, этнографиясы мен әдебиетіне қатысты жазылған толып жатқан кітаптарының квитеэссенциясы (қорытындысы) десек те болады. Ақаңның өзі де осы тақырыпқа ертеден-ақ көңіл қойғанын «Қазақтың ауызша тарихы» атты кітабының алғашқы беттерінен оқимыз: «Кеңестік идеология адамдардың құндылықтарды парықтау болмысын мақсатты түрде өзгертті. Ұлтты ұйыстырушы ең бір жанды тетк болып табылатын дәстүр сабақтастығы тәрк етілді. Кеңестік жүйеде мұндай үрдіске мойыну әрбір адам үшін өмір сүрудің бірден-бір кепіліне айналды. Нәтижесінде, ұлттың өзге де мәдени-рухани құндылықтары сияқты, шежірешілдік дәстүр де «ескліктің зиянды қалдығы» ретінде қағажу көрді. Сөйтіп, өз тарихы туралы халықтың өзі айтатын небір құнды деректер, әсіресе, қоғамдық тәртіп пен адам сапасын дәріптейтін ұлағатты естеліктер, дәстүрлі таным үлгілері ұмыт бола бастады. Тіптен, шежірелік аңыздар фольклорлық мұра ретінде зерттеу объектісінен тыс қалды. Халықтың өзін өзі тануға негізделген ұлы дәстүрі құнсызданып, тарихи жады күңгір тартты.



Міне, осындай ахуал менің көңілімді ұдай алаңдатып келгенін жасыра алмаймын» дейді.

Ақаңның «Қазақтың ауызша тарихы» оңай жазылмағанын осы Еуразия ұлттық университетінде Ақаңмен қатар қызмет жасаған, араласқан азаматтар да растайды. Бұл кітаптан Ақаңның елімнің, қазағым шежіресі деп соққан жүрігінің лүпілін де, шығармашылық еңбектің адамды қажытатын ауыр салмағын да, болашақта қазақтың асыл дәстүрлері қаншалықты сақталады деген азамат көңілінің алаңын да сеземіз. Бір сөзбен айтқанда бұл кітап тек санамен ғана қабылдайтын күрделі ғылыми дүние ғана емес, сонымен бірге жүректі тербейтін, халқымыздың тарихы мен этнографиясына деген махаббатқа толы мақтаныш сезімдерге бөлейтін дүние.

Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» тәуелсіздік жылдарындағы қазақ тарихы және этнография сияқты ғылым салаларында жеткен жетістіктеріміздің көрсеткіші десек қателеспейміз. Бұл еңбек қоғам мен ұлттың сұранысының өтеуіне тұрарлық еңбектердің бірі ғана емес, бірегейі ретінде қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен этникалық болмыс-бітімінің айшықты бейнесі. Қазақ оқырманына жол тарқан бұл кітап – ұлттық құндылықтарымызды қызғыштай қоритын зерттеу ғана емес, сол құндылықтарды этнографиялық және этнологиялық ғылымның қазіргі жетістіктері тұрғысынан тарихи шындыққа сәйкес шынайы түрде саралап беретін еңбек. Оқырманының жан дүниесіне әсер ететін, тұжырымдамалық мазмұны тереңге тартқан бұл еңбектің мемлекет тарапынан қабылданатын этнозерделік тұжырымдамаларға да қорек болуы керек-ақ. Қазақтың дәстүрлі қоғамының құндылықтарын жарқырата көрсеткен Ақаңның зерттеу жұмысы ұлттық және отаншылдық сананы қалыптастыру үдерісіне әсер ету мүмкіндігін алса, ол бағдарламалардың құны әлдеқайда арта түскен болар ма еді деген ой мазалайды.

Ақаң Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» кітабы оқырманға жол тартқанына, міне төрт жылдай уақыт болды. Совет дәуірінде қазақтың шежірелік тарихы, өзінің ұлттық мемлекеті, ұлттық идеологиясы деген мәселелерден әбден зәрезап болған ел біртіндеп тарихты жаңа оқуға талпынып келе жатқандай. Ақаңның кітабында идеологиядан әбден қаймығып қалған қазақ қоғамның тарихи жай-күйі мүлдем жаңаша тұжырымдалған. Жәй ғана тарих баяндаып қойған жоқ, сонымен бірге ру-тайпалардың астарында қалып келе жатқан құбылыс -мемлекет құрылымы аса бір ыждихатты түрде көрсетілген. Ақселеу Сейдімбек XV ғасырдың ортасында Қазақ хандығының құрылғанда жаңа мемлекеттің іргетасын бекемдеу үшін рулық, тайпалық, жүздік құрылымдардың жаңадан жасақталғанына бұлтартпас дәлелдер келтіріледі. Зерттеуші бұл жерде қазақ этникалық құрамының жасақталу үдерісіне тек аталас туыстық емес, сонымен бірге тарихи тамырластықтың әсер еткенін баса көрсетеді. Расында да қазақ этносы сияқты құрылым бұл сыртқы көрінісі трайболистік, яғни ру-тайпалық сияқты көрінгенімен, ішкі мазмұнының тек саяси мүдде тұрғысынан, мемлекет құру қажеттілігінен туындағанын көреміз. Қазақ қоғамының мемлекет есебінде өмір сүру тетігі ерекше болғанын әдет-ғұрып заңдары, жол-жоралғы, ата-баба дәстүрі сияқты этнографиялық институттар арқылы Ақаң тамаша баяндайды.

Қазақ халқының біртұтас бөлінбейтін этнос екендігін құрамындағы рулар мен тайпалар түзілімінің тарихын зерделеу арқылы көз жеткізген Ақселеу Сейдімбек ұлттың болмыс-бітімін, өзіндік сипатын, мәдениеті мен дүниетанымын жете түсіндірудің табиғи-тарихи кілтін тауып, ру-тайпа төңірегіндегі небір алыпқашпа әңгімелердің түпкі мәніне нүкте қойды деген ойдамыз.

«Қазақтың ауызша тарихы» қамтыған мағлұматтардың дені шежіреге қатысты. Олай болатыны заңды да. Дәстүрлі ұғымда тарихтың тікелей баламасы осы шежірелік деректер. Сол үшін де зерттеуде бірыңғай ақпараттық кеңістік ұғымы іс-жүзінде шежірелік мәліметтермен шектелген. Бұған қосып-аларымыз жоқ.

Қазақтың ауызша сөз өнері түр, жанрлық құрамы жағынан әлемдік фольклордың алдыңғы сапында екендігі, оларды тек көркем сөз өнері ретінде қарастыруды айтпағанның өзінде, тарих, этнография, тіл, философия, құқық, дін, этика, эстетика, педагогика, психология сияқты пәндердің ұлттық тарихи дерек көзі сол ауызша мұрадан бастау алатыны қазір күмән тудырмайтын шындық. Түптеп келгенде, шежірелік дәстүр халықтың өз тарихына деген көзқарасы мен тұжырымдамасының жиынтығы. Бүгінгі күні қазақтың ауызша тарихы жазбаша тарихқа айналып болды десек те дұрыс, шежірені жетік білетін, өтірікті өрге бастырмайтын данагөй қариялары көшкен елмен бірге кетті. Осы тұрғыдан Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызна тарихы» еңбегі өткен заман мен бүгінгі күннің арасындағы алтын көпір сияқты. Ақаң да өзінің көзі тірісінде өткен замананның –қазақтың сері заманының бір белгісі сияқты еді, оның жазған «Қазақтың ауызша тарихы» да көшпелі дүниенің алтын сынығындай.

Ш.Ы. Ыбыраев

Астана қ., Қазақстан
КӨШПЕЛІ МӘДЕНИЕТ ТУРАЛЫ ЖАҢАША ПАЙЫМДАУ

(Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» кітабы хақында)
Еңселі елдің ең алдымен көзге түсер қасиеті өз тарихының ұлттық-мемлекеттік, саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани тұжырымдамасын көш түзегендей буып-түйіп бас-аяғын жинақтап отыратындығында. Мұндай тұжырымдама біртұтас этнос үшін уақыт көшінен қалмау, дұрысы сол көштің қозғаушы күшіне айналуына керекті рухани азығын қамдап алу үшін қажет. Кеше кім едің, бүгін қандай күйдесің, ертең қалай болады? Бұл сауалдардың кез-келген халықты ұдайы толғандыратындығы ғана емес, бір-бірінен ажыратылмай бірлікте пайымдалатыны да қапысыз шындық. Жұртшылықтың жады мен санасының жинақталып бір арнаға құяр тұсы ұлттың біртұтас бірлік идеясы болса, ол идеяның рухани азығы осы сауалдарға берілетін жауаптардың түйінінде жатыр.

Әлбетте, алдағының не болатынын дөп басып, дәл айтатын ешкім жоқ. Ондай сәуегейлік орын алған жағдайдың өзінде тарихи шындық пен болжам іс-жүзінде бір-бірімен қабыспауы әбден мүмкін. Сөйте тұра өткен тарихтың себебі мен салдары саналатын бүгінгі күннің жай-күйіне қарап кез-келген халық келешекке көз тастайтыны анық. Болашақтың бейнесін жұртшылық біз қаласақ та, қаламасақ та қоғамның бүгін ұстанып отырған тарихи тұғырнамасынан, саяси-әлеуметтік қарым-қатынасынан, қоғамдық болмыс-бітімінен өрбітіп алатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Тарих сабағына жүгінер болсақ, этнозерденің бүгінгі ахуалы ертеңгі күнге деген алаңдаушылық тудырмауы тиіс. Бұл ұлттың ұйысуына тікелей әсер ететін, оның іргесін бекемдеуіне немесе шарасыздықтан (бәлкім мәңгүрттіктен) ыдырауына әкеп соғатын саяси-идеологиялық үдерістер.

Әрине, кез-келген тарихи тұжырымдама объективті тарихи шындыққа негізделуі қажет. Онсыз қоғамда бұрмалаушылық, өзімшіл өктемдік, сөйтіп этнозердеге үстемдік орнай бастайды. Өктем ұлтта мұндай тұжырымдама көбінесе өзімшілдікпен жасалатын болса, бодан елдерде шектеу мен тиым-тежеуге ұшырайтыны жасырын емес. Бұған әлем тарихынан мысалдар жетіп артылады.

Демек, тарихи айғақтарға негізделетін тарихи тұғырнамалық пайымдаулардың қоғам үшін аса мәнді екенін, анығы ғылыми ой-пікірдің қоғамның жай-күйіне қатысты өрбитінін, осыған сәйкес ғылымның қоғам айнасы екенін анық аңғарамыз. Тарихи тұғырнама этнос табиғатымен қосақтала тұжырымдалады және ол қалай болған күнде де, саяси-әлеуметтік жай-күйді айтпағанның өзінде, ең алдымен кісінің кісілік ұстанымына қатысты екені даусыз.

Бүгінгі ой тәуелсіздігі орнаған ортада қалам ұстаған адам қай тақырыпты қалай қаузаса да еркі бар. Әсіресе жеке бір ауылдың, ауданның, сол деңгейдегі бір адамның, болмаса жекелеген ру-тайпаның мән-жайын тәптіштеп баяндап, әдемі әшекейлеп, түрлі-түсті суреттермен безендірген кітап көп. Бір әулет, бір ру үшін қымбат дүние саналатын ондай қалың кітаптар - қатпар-қатпар тарихымызды түгендемесе де ұлтқа зияны жоқ, ана тіліміздің насихаттаушысы болғанын көңілге медеу қыламыз. Тек әйтеуір ұлттық мүддені аяқ асты етпесе болды да. Ал шындығына келгенде онсыз да дүкендерде селдіреп тұрған қазақша кітаптардың ішінен ұлт сүйсініп оқитын, халқымыздың зердесіне ой салатын ғибраты күшті, тарихи шындығы күмәнсіз жақсы кітап тауып оқу қиындап барады.

Бұл ахуалдың бір жағынан этнозерденің әлі де игеріліп болмаған жай-күйі мен қазіргі тәуелсіз бітімі ғылыми пайымдаулардың шындап тезіне түспегенін аңғартса, екіншіден жеке зерттеушінің ұлтқа қатысты ұстанымының да мәні зор екеніне күмән қалдырмайды. Сөйтіп көңілің қалап, ақылың құптайтын жалпы ұлттық сұраныстың өтеуін іздейсің...

Соңғы жылдардағы қоғамдық-гуманитарлық ғылым салаларындағы осындай сұраныстың өтеуіне тұрарлық еңбектердің бірі ғана емес, бірегейі ретінде қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен этникалық болмыс-бітімінің терең зерттеушісі, белгілі ғалым, жазушы, этнограф, фольклортанушы Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау» (Астана, 2008, 728 бет) атты іргелі зерттеуін атап өтуге лайықты деген ойдамын. Қазақ оқырманына жол тарқан бұл кітап – ұлттық құндылықтарымызды қызғыштай қоритын зерттеу ғана емес, сол құндылықтарды этнографиялық және этнологиялық ғылымның қазіргі жетістіктері тұрғысынан тарихи шындыққа сәйкес шынайы түрде саралап беретін еңбек. Оқырманын бей-жай қалдырмайтын, тұжырымдамалық мазмұны тереңге тартқан, қазақтың дәстүрлі қоғамына тарихи-тұрғыдан зерттеуде ауыр жүк арқалаған бұл еңбектің XXI-ғасырдың басында әупірім Тәңір деп дүниеге келгені бір жағынан, сүйінші сұрарлық қуаныш сезімін, екіншіден, уақыттан ұтылған істің көңілге аздаған өкініш ұялатқанын айту керек-ті. Сүйінші сұрайтын жері – кітапта айтар ойында даралық сипат, даналық келбет, қазақтың дәстүрлі қоғамы мен мәдениетінің ғылыми бағасын берудегі кеткен есені қайтару бар. Өкінетініміз - осындай сипаттағы еңбек ең болмағанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дүниеге келсе, бәлкім, сонан бері қоғамымыздың этнозерделік тұжырымдамаларының ұлттық салмағы әлдеқайда арта түскен болар ма еді деген ой.

Кітапты оқып шыққанда алдымен аңғарғанымыз ғылыми тұжырымдаманың мейлінше дәстүрлі қазақ қоғамының табиғатынан туындап, аса мол деректерге арқа сүйеуі, қазақ хандығының құрылуы барысындағы көшпелі қоғамның құрылымдық жүйесі, рулар, тайпалар, жүздер түзілімінің саяси, әкімшілік-территориялық, мемлекеттік, шаруашылық-кәсіптік негіздемелерін жіпке тізіп, қолмен қойғандай жаңаша пайымдаулары болды. Тағы да ойға оралғаны – кеңестік дәуірде қазақ халқының өткен тарихи көшпелі қоғамының шынайы келбеті туралы мұндай еңбек, біріншіден, партиялық цензурадан өтпеген болар еді, екіншіден, түрі ұлттық, мазмұны социалистік деп келетін таптық ұстаным тұрғысынан айыпталып, ұлтшылдықтың айғағы ретінде мансұқталған болар еді дейтін ұлт тағырының уақыт тезіне түскен кейпі болды.

Бұлайша өткенге қарайланқырап, болмаған істі болғандай етіп баяндауымызда себеп бар. Қазақтың ру, тайпа, жүз дейтін ұғымдарына кеңестік ұстанымның аямай шеңгелді қолын салғаны соншалық, әлі күнге дейін бұл ұғымдар ғылыми ой-пікірден үстін шығып, қарапайым оқырманды айтпағанда, кейбір зерттеушілердің өзі бұл мәселеге үрке қарайтыны жасырын емес. Өз тарихымыздан жеріну деген осы болар. Осы тұста «Қазақтың ауызша тарихына» қарап отырып, қазақ елінің тәуелсіздік туы астында төл тарихымызға деген тұғырнаманың өзгергендігі ғана емес, тарихи әділдік пен объективтіліктің ғылыми зерттеулерде әдістемелік жағынан да, әдіснамалық жағынан да іс жүзінде басшылыққа алынып жүзеге асқанын тағы бір рет атап өту артық болмас.

Мәселенің бетін ашып алайық, қазақтың көшпелі қоғамына қазіргі ғылыми-мәдени тұрғыдан ден қойғандағы мақсат ру-тайпалық жүйені дәріптеп, оны қайта тірілту емес. Ондай жүйені дүниеге әкелген және арқа сүйеген қоғам келмеске кеткен. Мәселе, қазақ этносының қалыптасуына және дербес мемлекеттік құрылымының іргетасын берік ұстауына айрықша қызмет еткен құбылыстың тарихи-саяси мәнін, төл тарихымыздың қабырғалы кезеңіне әділетті баға бере отырып, Ақанның сөзімен айтқанда «көшпелілер қоғамына негіз болған ру-тайпалық жүйенің сол кездегі киеленген (сакрализация) сипатын» ашып көрсетуде. Сол арқылы өз тарихына менсінбей, қомсына қарайтындардың көзқарасы мен пиғылына тойтарыс беруде.

Кез-келген қоғамның және дәуірдің этнозердесінде біріктіруші діңгек идеясы (центральная идея терминін Ақаң қазақшалаған) болады. Онсыз мемлекеттік тұтастыққа негізделген этностың ғұмыры ұзаққа бармаса керек. Ондай діңгек идея сол дәуірдің, сол қоғамның саяси-мәдени, әлеуметтік-экономикалық өзгешеліктері мен құрылымынан келіп шығатыны және сол ортаға қызмет ететіні күмәнсіз. Қазақ хандығы аясындағы ру-тайпалық жүйенің де осындай қажеттіліктен, көшпелілердің этноәлеуметтік табиғатынан туындағанын біле тұра оның қазіргі тыныс-тіршілігімізге, идеологиялық ұстанымыз бен қалпымызға сай келмегеніне қарап өткен тарихымыздағы мәнін де жоққа шығаруға себеп жоқ. Қазіргі рушылдық пен жүзшілдік пиғылдар жекелей алып қарағанда бүлінген дүниенің сынықтары мен ұшқындарын өз мүддесіне лайық малданудың көріністері ғана.

Ал енді қазақ ғылымында тарихқа да, мәдениетке де қатысты өзімшіл өктем тұжырымдама бұрын-соңды болған емес, бұдан кейін де бола қоймас. Себебі мұндайдың тарихи алғышарттары қазақ қоғамына мүлдем жат. Шектеу мен тыйым салудың жайына келетін болсақ, оның зардабын қазақтың ой-зердесі тартудай-ақ тартты. Ақаңның кітабында осындай идеологиядан әбден қаймығып қалған көшпелі қоғамның тарихи жай-күйі мүлдем жаңаша тұжырымдалып, XV-ғасырда қазақ хандығының құрылған күнінен бастап жаңа мемлекеттің іргетасын бекемдеу үшін рулық, тайпалық, жүздік құрылымдардың жаңадан түзілгендігіне бұлтартпас дәлелдер келтіріледі. Кейінгілерге осындай туыстық, генеологиялық жүйе қатып қалған қаңқа сияқты көрінгенімен қазақ хандығы құрылған тұста ыдырап жатқан ру-тайпалардың ең алдымен тарихи тамырластығын ескере отырып топтастырылғандығы тарихи шындыққа сай. Бір ғажабы мұндай құрылымның іс-жүзінде басқа (кірме) тайпалар мен руларға да құшағы ашық болғаны, оларға тұтас этнос ішінен ақылға қонымды орын табылатыны дау тудырмайтын деректермен бекемделеді. Сөйтіп қоғам тарапынан қабыл алынған мұндай жөн-жосықтың, жол-жоралғының, ата-баба дәстүрінің жолға қойылу себептеріне зерттеуші этнозерденің тұтастығын қамтамасыз ететін идеологиялық тетік ретінде қарайды.

Әрине, әрбір ру, тайпа, жүз деңгейлеріндегі түзілімнің өткен-кеткен тарихында қаншалықты дәрежеде, шарттылықтың барын, оның ауқымын нақтылы өлшеп-пішу қиын. Бірақ қомақты екені даусыз. Оған кітапта келтірілген түрлі ру-тайпалардың, жүздің құрамында кездесетін ортақ ру-тайпа атаулары, тіптен басқа түркі халықтарының ішінде жүргендігі дәлел бола алады. Бәрі де туыстық жүйе сияқты көрінетін бұл түзілімнің ішіне түрлі себебі мен дәлелін тауып қосылатын, тіпті кейде қосылмайтын ру-тайпалардың туыстық жүйесінде белгілі бір дәрежеде шарттылық орын алған болса, ол шарттылықтың ортақ этнозердеге сай мемлекеттік ұстаным ретінде бекемделіп отырғанын болжауға негіз бар. Онсыз этнозерденің бірлігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Себебі ең алдымен сол ру-тайпаның мүшелері, сосын былайғы көпшілік туыстыққа, ататекке қатысты қисынды-қисынсыз дәйектемелерді (көбіне миф, аңыз, әңгіме түрінде) қабылдай бермесе керек-ті. Шарттылық салт-дәстүрмен, жол-жоралғымен, жөн-жобамен, этикалық нормалармен, тіпті кейде наным-сеніммен бекітіліп отырған. Бала асырап алу, бала алмастыру, асық жілік ұстату, құдандалы болу, қыздан туған ұлға енші бөлу, кірме руға шежіреден орын беру, ата текті ортақтастыру, т.т. сияқты үрдістердің бәрі мифтік, аңыздық, тарихи, діни ұғымдармен дәйектелетін болған.

Сонан осыншама тамырластық пен туыстықтың түпкі мәні Ақаңның пайымдауынша былай болып шығады: «Дәстүрлі қазақ қоғамында туысқандық жүйе деген, әрбір жеке адамды тұтас этножаралыммен сабақтастыратын, жай ғана сабақтастырып қоймай, әрбір жеке адамға этностың бір мүше екенін терең сезінетін, сол арқылы жалпы этникалық туысқандық жүйені әркімнің жақсы білуін өмірлік мұқтаждыққа айналдыратынын, нәтижесінде «қарға тамырлы қазақ» деп аталатын біртұтас этнос аясындағы барша тіршілік-әрекетті реттеп отыруға тегеурінді ықпал ететін және әлеуметтік қатынастардың барлық деңгейлері мен типтеріне бірдей қатысы бар этноақпараттық кеңістік екені біршама сараланды» (181-бет).

Қазақ халқының біртұтас бөлінбейтін этнос екендігін құрамындағы рулар мен тайпалар түзілімінің тарихын зерделеу арқылы көз жеткізген Ақселеу Сейдімбек ұлттың болмыс-бітімін, өзіндік сипатын, мәдениеті мен дүниетанымын жете түсіндірудің табиғи-тарихи кілтін тауып, ру-тайпа төңірегіндегі небір алыпқашпа әңгімелердің түпкі мәніне нүкте қойды деген ойдамыз. Бір кезде этникалық тұтастық тұрғысынан зерделенген ру-тайпа бірлестігінің бүгінгі қалдығы арагідік қисынсызды қиыстырантындай әсер қалдыратыны рас. Заманы басқа жүйенің ХХІ ғасыр табалдырығында ағайын арасындағы сыйластықты, аралас-құраластықты, үлкенді құрметтеуді, туысқа қайырылымдықты, құда түсуді реттеуге септігін тигізері сөзсіз, бірақ ұлтты бөлшектеуге әсте жол бермейтін, керісінше «қарға тамырлы қазақ» сұраса келе бір-біріне ағайын, туыс, бауыр, құда-жекжат болып шығатынын әрбір қазақ түсінуі шарт. Себебі көшпелі қоғамның ұлттық-мемлекеттік жаралым (организм) ретіндегі жүйесін бүгін жеке мүдеге сай үзіп-жұлқып кәдеге жарату, сыпайылап айтқанда қара бастың қамын күйттеу.

Ал шындығына келгенде бұл жүйенің түпкі мәні де, қызметі де Ақаңның пайымдауында мүлде басқаша тұжырымдалады:



  • мемлекеттік –құқықтық тұрғыда далалық демократияға негізделген билік жүйесі орныққан;

  • әлеуметтік-құрылымдық тұрғыда әулет-ата-ру-тайпа-жүз деп келетін әкімшілік-аумақтық сатылы тұтастыққа құрылған;

  • материалдық-өндірістік тұрғыда ру-тайпа аясындағы «ауыл» немесе «қауым» деп аталатын әрбір ұжымдық бірлестіктер өзін-өзі толық қамтамасыз еткен;

  • этномәдени тұрғыда әлеуметтік қатынастардың барлық деңгейлері мен типтерін тұтастандыратын ақпараттық кеңістігі қалыптасқан (96-бет).

Мұны көшпелі өмір салттың аясында аса тиімді, қоғамға қалтқысыз қызмет еткен тұтас жүйенің тарихи тұжырымдамасы деп түсінген жөн.

Бұл ретте, көшпелі қоғамды қан тамырындай байланыстырып жатқан бірыңғай ақпараттық кеңістік туралы да айта кеткен орынды. Түпетеп келгенде бұл көшпелі қоғамның этникалық тұтастығын қамтамасыз ететін ақпараттар жиынтығы деген сөз. Жұртшылықтың идеологиялық мәні зор мәселенің төңірегінде ғана ұйысуы мүмкін екенін ескерер болсақ, онда көшпелі елдің көңілінен шығатын, әрі халықтың бүтіндігін қамтамасыз ететін бірден-бір ақпараттық мәлімет өзіңнің кім екенің (жеті атаны білу), қай елден тарайтының және исі қазаққа қай жерден қосылатының дейтін мәліметтер ең маңызды сауалдарға айналады.

Осы жерде орайы келгенде айта кетейік, отырықшы шаруашылыққа сәйкес территориялық тәртіппен жіктеуге көшпелі қоғамның табиғаты мүлдем көнбейді. Арғы дәуілердегі құлашы кең, өрісі ұзақ көштің жазда Орал тауларына, Сібір өзендеріне дейін, қыста Шу, Сыр бойына дейін жазылып қоныстанатынын ескерсек ақпараттық кеңістікті реттеудің бірден-бір тиімді жолы рулық-тайпалық түзілім болып шығады. Мұндайда жолаушы қай жерден емес, қай елден екенін ғана айта алса керек.

Бірыңғай ақпараттық кеңістік ұғымы біздіңше, барлық ауызша да, жазбаша да деректерді тұтастай қамтиды. Себебі қазақтың этникалық болмыс-бітімі оның тарихына қатысты шежірелік мағлұматтармен ғана шектелмейтіні анық. Ұлттың дүниетанымын, әдет-ғұрпын, көркемдік таным-түсінігін, арман-қиялын, жүріс-тұрысын, наным-сенімін, моралдық-этикалық нормаларын, шаруашылық кәсібін, т.б. айғақтайтын аңыз-әңгіме, өлең-жыр, дастан, толғау, ғибратты сөз, миф, ертегі, қысқасы былай дейтіні жоқ, бәр-бәрі этнос табиғатынан өрбиді. Осындай көл-көсір ауызша дәстүр ғана көшпелі халықтың тұтастығын, оның жаратылыс-табиғатын, мінез-құлқын, дүниетанымын бірыңғай өрісте ұстай алады. Сонда ғана Ақаңның «жер бетінде этномәдени болмысы біртұтас жалғыз ұлт болса, ол-қазақ ұлты» (4-бет) деген тұжырымын іс-жүзінде қамтамасыз еткен пәрменді күш, бір жағынан, осы айтылған кең мағынадағы бірыңғай ақпараттың жиі алмасуы мен ортақтығына ұйтқы болған көшпелі өмір-салт. Ұланғайыр даланың тұтастығы ол заманда тек осылай ғана жүзеге асуы мүмкін.

«Қазақтың ауызша тарихы» қамтыған мағлұматтардың дені шежіреге қатысты. Олай болатыны заңды да. Дәстүрлі ұғымда тарихтың тікелей баламасы осы шежірелік деректер. Сол үшін де зерттеуде бірыңғай ақпараттық кеңістік ұғымы іс-жүзінде шежірелік мәліметтермен шектелген. Бұған қосып-аларымыз жоқ.

Дегенмен осынша ақпараттық жүйенің жүгі ауызша айтуға және таратуға жүктелгендіктен оның бітімі мен салмағының басқа қоғамдық ортадан түбірлі айырмашылығы барын да айтқан жөн. Ауызша шешен сөйлеу, сөздің байыбына бару, өз жадынан бір-екі ауыз болса да өлең шығару сияқты қасиеттер қоғамның әрбір мүшесінің үйреншікті әдеті саналған. Ал сөзге дес беру, бір ауыз сөзге тоқтау, сөзін жерге тастамау, сөзден ұтылып қалмау, сөздің парқын пайымдап отыру сияқты ұғымдар кісінің кісілігін, тектілігін айғақтайтын қоғамдық нормаға, моралдық-этикалық қарым-қатынастардың көрсеткіші мен куәсына айналды. Кез келген жолаушының ата-тек сұрасқаннан кейінгі қадір-қасиеті оның сөзіне қарап пайымдалғанын сол ауызша деректердің дені айшықтап тұрады. Сөйтіп, поляк саяхатшысы А Янушкевич айтқан «аққан селдей, ескен желдей ағыл-тегіл сөздің» тербелген бесігі көшпелі қоғам қарым-қатынас құралы тілді өнер дәрежесіне көтерді. Бұған өткен ғасырларда қазақ даласын кезген ондаған ғалымдардың, саяхатшылардың, мәлімет жинаушылардың, тілмаштардың, тіптен түрлі мақсатпен жүрген әскери адамдардың да деректері куә. Олардың бұл көрініске назар аудармағандары сирек.

Қазақтың ауызша сөз өнері түр, жанрлық құрамы жағынан әлемдік фольклордың алдыңғы сапында екендігі, оларды тек көркем сөз өнері ретінде қарастыруды айтпағанның өзінде, тарих, этнография, тіл, философия, құқық, дін, этика, эстетика, педагогика, психология сияқты пәндердің ұлттық тарихи дерек көзі сол ауызша мұрадан бастау алатыны қазір күмән тудырмайтын шындық.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең, –
деп, Абай атамыз айтқандай, бесік жырынан жоқтауға дейінгі адам өмірінің рухани салмағы сөзбен өрілетіні сөз қадірін бағалаған қоғамның жемісі.

Ақселеу Сейдімбек – фольклортанушы ғалым. Сол үшін де ол қазақтың шежірешілдік дәстүрі мен сөз өнерінің табиғаты бір-бірімен тариғи тұрғыдан салғыластырылып қарастырылса ауызша тарихтың көркемдік (немесе шарттылық) жағы мен тарихи деректік сипаты жан-жақты ашыла түсетінін жақсы біледі. Әрине, бұл жағдайды кітаптың өн бойынан біртіндеп аңғаруға болады. Дегенімен, қиял мен шындықтың, шарттылық пен тарихилықтың арасын әдістік және әдіснамалық тұрғыдан ажыратып алуы қажет еді деп санаймыз. Себебі қазақтың ауызша тарихының шындығы қайсы, ойдан қосылған қоспасы қайсы, оның үстіне өз уақытында шындықтың өзі деп қабылданған мифтік, киетектік (тотем), аңыздық қисындардың өткені мен бүгінгісінің ара жігін анық ажыратып алу үшін де әдістік және әдіснамалық ұстанымның бетін ашып алу керек еді. Бұл мәселенің біраздан бері қазақтың өткен тарихына қатысты қай жағынан алып қарасақ та арнайы пікірталасқа түсетін уақыты пісіп жетілді. Ру, тайпа, ел, жер-су туралы ұдайы жарық көріп жатқан зерттеулер мен деректердің ұзын ырғасынан оқушы түгілі кейбір зерттеушінің өзі ненің не екенін, яғни дерек шындығын ғылыми тұрғыдан ажыратудан қалып бара жатыр.

Түптеп келгенде, шежірелік дәстүр халықтың өз тарихына деген көзқарасы мен тұжырымдамасының жиынтығы. Ал халықтың көзқарасы мен тұжырымдамасында қашан да шарттылықтың орын алатынын кез-келген зерттеуші білуі тиіс.

Осы жерде мына мәселені атап өткіміз келеді. Өз ортасында шежірелік деректердің тарихи шыншылдығы мен мәліметке қанықтығы тұтастай алғанда дау тудырмаған, тудырса тездетіп реттеліп отырған. Ұжымдық сүзгіден өтіп, жұртшылыққа кеңінен тарау үшін алдымен шежірешіл, аузы дуалы ақылман адамдардың мақұлдауынан өткен деп болжауға негіз бар. Себебі шежірелік деректер еріккеннің ермегі ретінде айтылатын әңгімелердің сортынан емес, ол жеке индивидтің, ру-тайпаның тап бүгінгі күнгідей куәлік құжатының қызметін атқарғаны күмән қалдырмайды. Сондықтан ойдан-қырдан құрастырған қойыртпақ қисын бұл жерге жүрмейді. Барша жұрт мақұлдаған, шүбәсіз, тарихтың баламасы саналған нұсқа ғана сақталған. Бұл жерде біз Ақаңның «ру-тайпалық жүйе тек генеологиялық құрылымның ғана айғағы емес, ең бастысы, ру тайпалық жүйе көшпелі өмір-салттағы ұлттық-мемлекеттік жаралымның әлеуметтік ахуалына, саяси-идеологиялық ұстанымына, мәдени-рухани қалпына тұғыр (фундамент) болған» деген пікірімен толық келісеміз.

Дегенімен, бұл жағдайдан, жоғарыда айтқанымыздай, шежірешілдік дәстүрде шарттылық жоқ деген ұғым тумауы тиіс. Шарттылық бар және ол толып жатқан себептерге байланысты орын алған. Біріншіден, зерттеу нәтижесіне қарағанда, қазақ хандығы құрылғанға дейінгі кезеңнің генеологиялық түзілімі мейлінше ықшамдалған және қазақ қоғамының этногенездік ұстанымына сәйкес өзгертілген, екіншіден, бұрыннан бар ру-тайпалардың түзілімі жаңадан қайта қаралып, жаңа құрылымға лайық қайта жасақталған, үшіншіден, мифтік, киетектік, ілкіаталық (первопредок), мәдени қаһармандық (культурный герой) тұлғалар дәрежесіндегі ата-бабалар байырғы тотемдік, антропоморфтық (жартылай аң, жартылай адам), діни-мифологиялық, наным-сенім сипатында сақталған, төртіншіден, кірме рулар, аттас ру-тайпалар, ұранға шыққан аналар, қыздан, асырап алған баладан тарайтын рулар, жүзге кірмейтін ру-тайпалар сияқты түзілімдердің астарында генеологиялық принциптен гөрі этнос тұтастығын қамтамасыз ететін «шарттылықтың» ізі бар.

Мұның бәрі түптеп келгенде қазақ қоғамының ішінде жүрген ру-тайпалардың қай-қайсысын да сыртқа теппей, ішке тартқан этнозерденің ұстанымын айғақтайды. Бұған тегеуріні күшті ру-тайпалардың өз тегін мықты аңыз атадан, мифтік, діни, байырғы тарихи қаһармандардан таратып алатынын да қосуымызға болады.

«Қазақтың ауызша тарихы» еңбегінің көтерген жүгін мақала көлемінде түгел сөз етін шығу мүмкін емес. Ауызша тарихты рет-ретімен тарататын шежірені жетік білетін, өтірікті өрге батырмайтын дала ділмарлары мен шешендері, данагөй қариялары көшкен елмен бірге кетті. Дәурені өтіп, оралмасқа бет алған көштің ең соңғы легіне Ақселеу Сейдімбектің де ілесіп үлгергені бұл еңбектің шынайы сипатын қамтамасыз еткен. Сол үшін де көшпелі қоғамның жоқтаушысындай әсер қалдыратын Ақаңның көзбен көрген , құлағы естіген, қолмен жиған деректері асқан бір ыждақатпен, перзенттік махаббатпен қат-қатымен баяндалады. Көшпелі қоғам сізді еріксіз өзіне ынтық етеді. Бұл зерттеушінің қалам қарымы, туған ортасына деген ыстық ықыласы.

Көшпелі салттың қаймағы бұзылып, ат үстінде жүрген қазақтың қайсар рухы жаншылғанда отарлаушылар еркіндікті ғана алған жоқ, ата кәсіп пен көшпелі салтты да түсініксіз тіршілікке айналдырып жіберді. Жойдасыз ашаршылықтар, қырғын-сүргін, жер ауа көшу сияқты зобалаңдардың қазақ тарихында еселей түсуі де содан.

Бүгінгі ұрпақ қазақтың өткен дәуірінің тарихи түйінін дұрыс ұғынуы керек. Елін, жерін сүю, мәдениеті мен тілін қастерлеу өз халқынын тарихын жақсы білуден және оны мақтан тұтудан басталады. Ру-тайпа ұғымын әркімнің қолжаулығына айналдырмай, бөлінбейтін біртұтас этностың бөлшегі екенін, алдымен тұтас этностық сананың қашан да жоғары тұратынын кез келген қоғамның мүшесі білуі тиіс. Бұл біздің егемен еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін, ұлттың ширығуы үшін аса қажетті тарихи-рухани алғышарттар.

Қазақтың бір-біріне ағайын, туыс, бауыр болып келетіні, баршаға деген бауырмалдық сезімі, ешкімді де жатсынбай құшағын ашатыны - атадан қалған мұра.

«Қазақтың ауызша тарихының» қазіргі қоғамға беретін үлгі-өнегесі де осында.

Р.Р.Асылгужин



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет