Намазалы Омашұлы: журналистикада өткірлік жоқ



жүктеу 139.49 Kb.
Дата30.06.2016
өлшемі139.49 Kb.
Намазалы Омашұлы: ЖУРНАЛИСТИКАДА ӨТКІРЛІК ЖОҚ

Алаш арыстарының жігерлі рухын саралаған ұстаздың қазіргі журналистерге көңілі толмайды. Оның пікірінше, Қазақ қоғамы ала-құла. Ал журналистика насихатшылық міндеттен арыға аса алмай жүр. Қазақ журналистикасын дамытудың тиімді жолдары қандай? Біз бас тартуға тиісті кеселдер мен кемшіліктер бар ма? Ұлттық немесе мемлекеттік идеологияны қалыптастыруда нені есте сақтауымыз қажет? Осы және басқа да өзекті мәселелер туралы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университеті Журналистика проблемаларын зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев мырза әңгімелейді.

«Жоғалып кеткен жанр көп»

Намазалы Омашұлы, егер тәуелсіздікке дейінгі және қазіргі баспасөзді салыстырсаңыз, қандай баға берер едіңіз?
– Ең алдымен, артықшылығын айту қажет. Ол артықшылық – бұрынғы баспасөздің көркемдік деңгейі жоғары болды. Қолына қалам ұстаған қазақтың небір мықтылары ойды қағазға көркем де сауатты түсіруге, мақтамен бауыздағандай етіп, астарлап жеткізуге шебер еді. Қазір бетің бар, жүзің бар демей, бетке айту белең алған ғой. Құдайға шүкір, айтудың түрлі тәсілі бар қазақта. Сол ибамен, астарлап, әдемі жеткізудің жөні бөлек. Қазақтың тілі бай, жазуы жатық. Осындай ерекшелікті қазақ баспасөзі 20 жыл бұрын тиімді пайдалана білді. Қазақтың көсемсөзін дамытқан ірі тұлғалардың қадау-қадау шығармалары кейін көркем шығармаға айналды. Ал қазіргі журналистикаға тән ерекшелік – оның жеделдігі, шапшаңдығы басым. Екіншіден, сен сұрақты баспасөз емес, журналистикасына қатысты қойып отырсың. Сондықтан журналистикаға телеарна мен радио да жатады. Осы екеуінде тікелей эфир көбейді. Бұрын тікелей эфир жүргізу деген қиямет-қайым болатын. Кезінде Алматы ауыр машина жасау зауытынан 5 минуттық тікелей эфир жүргізу үшін Барманқұлов бастаған 20-30 маман қара терге түскені есте. Оған бірнеше күн дайындық жүргізгені тағы бар. Қазір бармақтай бала мен қаршадай қыздарымыз қолына микрофонын ұстап алып, кез келген оқиға, құбылыстардың ортасынан тікелей репортаж, интервьюлерді жүргізе береді. Бірақ өкінішке қарай, репортаж жанры жоғалып кетті. «Гүлденіп» тұрғаны – сұхбат. Репортажбен салыстырғанда интервью дайындықты аса қажет етпейді. Егер мен студенттерге тікелей эфирден репортаж жүргізіп кел десем, олар алдын ала дайындалатыны сөзсіз. Есесіне, интервью өткізуге бәрі шебер. Тек сұрақтарды шетінен қойып отырып, әңгімені өрбіте берсе, болды. Бұл бәріміздің басымызда бар жағдай, сөздің шынын айту керек. Тағы бір айтар жайт, бұрын идеологиялық қысымдарға байланысты ашық айту, қатты айтудан журналистер сескенетін. Қазір көп жағдайда ашық та батыл айтуға тырысады. Өйткені, көршілес орыстар мен шетелдік журналистикадан үйренгені бар. Орталық Азия елдерімен салыстырсақ, қазақ журналистикасы жоғары деңгейге көтерілді.
– Жоғалып кеткен жанрлар туралы айттыңыз. Оның басты себептеріне тоқталсаңыз?
– Жанрға деген қажеттілікті заман талабы туғызады деп ойлаймын. Айталық, 30-жылдары репортаж жанры жоғалып кетті. Ол кезде тіпті «репортаж» деген сөзді атауға тыйым салды. Ұмытпасам, Соколовскийдің 1934 жылы шыққан «Очеркист у микрофона» деген кітабында ол репортаж жанрын суреттегенмен оны ашық айтуға дәті шыдамайды. Оның себебін «репортаж – өсекші жанры, Романовтардың отбасының кезінде патшаның ит жүгіртіп, құс салғаны туралы баяндаған. Советтік журналистикаға репортаж жанры жат. Өсекші жанрды қолдамаймыз» деді. Бір қызығы, журналистер репортаждың белгілерін қолданудан бас тартқан жоқ. Тек «тонын» өзгертіп, «очерк» деп атады. Мәселен, Орал тауында ашылған өндіріс орындары, стахановшылардың жұмыстарын насихаттауға қатысты жүргізілген репортаждарды «очерк» деп атады. Бұл – кісінің күлкісін келтіретін жайт. Советтік идеологияның теріс саясаты. Әр жанрдың оқиға мен құбылысты жеткізетін өзіндік өрнегі, қалыптасқан дәстүрі бар. Оны ешкім өзгерте алмайды. Бірақ уақыттың табиғатына сәйкес, бір жанр өссе, бір жанр өшеді. Мәселен, советтік кезеңде очерк жанры гүлденді. Елдің бәрі очерк жазғыш боп кетті. Советтік шопанның, металлургтың образын жасау қажет. Оған очерк таптырмас тәсіл. Қазір керісінше, очеркті кездестіру қиын. Кейде мақала деп қояды. Бұл біріншіден, жанрлардың аражігін ажырата алмау. Екіншіден, интервью жанрының бағы жанған. Сонымен қатар фельетон мүлде жоқ. Бір кездері басылымдарда арнайы бөлімдер болатын. Оның үстіне, кеңестік заманда жанрлардың барлығы қамтылуы тиіс деген талап қойылатын.
– Негізі репортаж бен очерк жанрлары шығынды талап етеді. Бәлкім қаржылық тұрғыда тиімсіз болғандықтан редакциялар әдейі бас тартып отырған жоқ па?
– Жоқ, одан емес. Меніңше, бар кінәрат ұйымдастыруда. Маған жуырда бір жас бала Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің журналистикаға қатысты жасаған мәлімдемесіне байланысты сұрақ қойды. Ол бала негізі Тәжиннің сөзін дұрыс түсінбеген. Өйткені, Мемлекеттік хатшы жиналыс өткізгенде журналистиканың насихатшылық рөл атқарып кеткенін айтқан болатын. Бұл сөзімен мен келісемін әрі алғысымды айтамын. Өйткені, журналис­тика уақыт өткен сайын насихатшылдық міндетті атқаруды күшейтіп келеді. Ленин кезінде «Баспасөз – үгітші, насихатшы және ұйымдастырушы» деп баға берген еді. Ленин кімнің үгітшісі екенін ашық айтпаған. Шын мәнісінде коммунистік партияның үгітшісі болатын. «Искра» газетін осы бағытта пайдаланды. Оның мәнісін біз кейін білдік. Егер журналис­тика насихатшылық рөлге баса назар аударса, өзінің негізгі міндетінен ауытқып кетеді. Ал Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген. Демек, басты міндет – ақпарат тарату, өмірде болып жатқан оқиға не құбылысты халыққа жеткізу. Яғни, халықтың атынан сөйлеу. Марат Тәжин журналистерге дұрыс бағыт сілтеп отыр. Алайда, осы насихатшылық рөлді атқаруға журналистиканы биліктің өзі жеткізді. Тікелей болсын, жанама түрде болсын ықпал етті. Мысалы, билікті мақтап, дәріптей беру – насихатшылық емей, немене? Журналист өзінің еркіндігіне байланысты, журналистиканың функциясына байланысты әрекет етуі тиіс. Ахмет Байтұрсынұлының газет туралы берген анықтамасын алдыңа бағыт сілтейтін маяк сияқты қойып, соған сәйкес қызмет етсең, журналистік міндетіңді мүлтіксіз атқарып жүргенің. Егер керісінше болса, яғни, күн сайын бастығыңның немесе «жоғарыдан» берген тапсырманы орындаудан аса алмасаң, Тәжин айтқандай насихатшылық рөлден арыға аса алмайсың. Бұл журналистика үгіттемеуі керек деген сөз емес. Бірақ негізгі міндеті – ақпарат тарату. Егер БАҚ ақпарат таратудан бас тартса, күні ертең биліктің өзі мұндай журналистикадан жеріп кетуі мүмкін. Күні-түні билікті мақтай бергеннің кесірінен халық радио тыңдаудан, теледидар көруден, газет-журнал оқудан бас тартуы ғажап емес. Ықпалынан айрылған БАҚ билікке де қадірсіз. Бұл журналистің өзіне де ар. Шерағаң, Шерхан Мұртаза кезінде не үшін күресті? Газеттің беделі мен ықпалын төмендетпес үшін жарғақ құлағы жастыққа тимейтін. Басқаша айтқанда, халықтың көкейіндегіні тап басып, ақиқат пікір айтқызу. Халықты ұйыстыратын осындай беделді басылым билікке керек пе? Әрине, керек!
– Мүмкін мемлекеттік тапсырыстың, тендердің талаптарын өзгерту қажет шығар? Өйткені, тендерді ұтып алған БАҚ билік туралы қатты сөз айтуға, сынауға қауқарсыз ғой?
– Дұрыс айтасың! Кейбіреулер «тендердің ақшасын кім берсе, қаражаттың қожайыны сол» деп ойлайды. Айналайындар-ау, тендердің ақшасы – халықтікі ғой. Тендерді үлестіретіндер де осы туралы кеңірек ойлануы тиіс. Соңғы кездері мен «Қоғам қандай болса, журналистикасы да сондай» деген ұйғарымға келдім. Себебі біздің қоғам ала-құла: билік бар, биліктің партиясы да бар, оппозиция бар, бейтарап топ бар. Бұл журналистикаға да қатысты. Егер шамасы жетсе, журналис­тика бейтарап болуы тиіс. Бірақ дамыған ел, мықты мемлекет деген АҚШ-тың өзінде «Вашингтон пост» пен «Нью-Йорк Таймс» газеттері биліктің саясатын қолдайтынын жасырмайды. Олардың таралымы басқа тәуелсіз басылымдарға қарағанда аз, бірақ ықпалы жоғары. Сапалық газеттер – солар. Сонымен қатар «Нью Йорк Дейли Ньюс» газетінің таралымы өте көп, халық үшін қолжетімді. Қазақстанда мұндай басылымдар қатарында «Караван» болатын бір кездері. Бірақ қазір сол деңгейге әлі көтеріле алмай жатыр ғой. Сондай-ақ, «Жас Алаш» - оппозициялық газет. Ол ешкімге жасырын емес. Оппозицияның пікірін білдіріп отыр. Бұл дұрыс. Қоғамда қандай пікір мен ұстаным болса, олардың газет-журналдары болуы шарт. Егер БАҚ арқылы таратылмаса, жасырын түрде, өсек-аяң белең алады. Бұл қоғам үшін өте қауіпті. Ахмет Байтұрсынұлының газетке қатысты айтқан сөзін тағы да еске салсақ, «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Демек, оппозиция да – халықтың бір бөлігі. Оппозицияның айтар ойын БАҚ арқылы жеткізу қажет. Билікке келсек, ол да халыққа жат емес. Азаматтарға қызмет етіп отыр. Биліктің де айтарын журналистер арқылы жеткізу керек. Қазақстан дамыған елдердің алдыңғы легіне ұмтылып, бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Осы табыста биліктің еңбегін кім жоққа шығара алады? «Түркістан», «Алаш айнасы», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерін билік қаржыландырса да, ұстанған саясаттары – бейтарап. Екі жақтың тізгінін тең ұстап отыр. Телеарналар мен радиоарналар да солай – өз міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кәсіби деңгейі қандай дегенге келсек, бөлек әңгіме.

«Орыстілді журналистерде жанашырлық аз»

– Қазіргі журналистиканың кәсіби біліктілігін қалай бағалайсыз?
– Бұл бір адам айта салатын, соның айтқанымен шешіле салатын мәселе емес.Оның үстіне, басылымдар көп. Өз басым «Нұр Отан» партиясының газеті «Дала мен қалаға» риза болам. Партиялық басылым болғанымен, кәсіби шеберлігі жоғары. Бұл – газеттің Бас редакторы Сапарбай Парманқұлов пен ұжымның еңбегі. Дизайн, мақаланың берілу тәсілі, тақырыптардың қойылуы, мәселенің ашылуы т.б. – «қыздың баласындай», қарасаң, көзің тояды. Мен осы басылымның тек «Нұр Отан» партиясын ғана емес, жалпы халықтың мүддесін көздейтін газет болып қалғанын қалар едім. Өйткені, кәсіби деңгейі жоғары. Әрине, бұл басқа газеттердің деңгейі төмен деген сөз емес. Сонымен қатар газеттердің өзіндік беті бар. Айталық, өзің қызмет ететін «Түркістан» газеті. Қазақ тілінде шығатын апталықтар көп қой. Бірақ материалдарды беруі, талдауы, зерттеулері өзгелерге мүлде ұқсамайды. «Түркістанның» «шапкасын» көрмей-ақ, материалдың стилінен оңай тануға болады. Әсіресе, қазақ газеттерінің көпшілігі бара бермейтін қаржы, тауар өндіру, экономика саласына қатысты дүниелері. Кедендік Одақ, Еуразиялық одақ т.б. туралы жасқанбай ашық айтады. Жасқанбағанда да бет тырнау емес, кісіні ойландыратын терең мақалалар жариялайды. Мұндай сапалы материал жазу үшін ерінбей зерттеу керек. Қазіргі оқырманның көзі қарақты, егер көкейіндегісін тап бассаңыз, көздеген мақсатқа жеткеніңіз. Осыдан оншақты жыл бұрын, тіпті, 5-6 жыл көлемінде «орыс журналистикасына қарағанда, қазақ журналистикасы жалтақ, жалпақшешей, қызылиек» деген неше түрлі сын айтылды ғой. Қазір мұндай пікірді мүлде кездестіре алмайсың. Қайта ұлттық, мемлекеттік мәселелерге қатысты өткір де өзекті ойларды қазақ журналистері көтеретін болды. Бұған орыстілді журналистер ренжімесін. Олар да бізден тәлім алған шәкірттер. Бірақ олардың көтеретін мәселелері «ана жерде құдық қазылмай қалды», «мына жерде су шықпай қалды», «аналарда жылу жоқ» деген сияқты әлеуметтік мәселелерді көтеруде алдарына жан салмаса, ұлттық, елдік мәселелерді көтеруге тартыншақтайды. Не айтқысы келмейді, не айта алмайды.
– Сіздіңше, не себепті?
– Сірә, жанашырлық аз шығар. Журналист өзінің жан-дүниесін толғандырған тақырыпты ғана зерттеуге кіріседі. Ондай дүние бір күнде тумайды, бірнеше күн ойланасың, толғанасың, бір күні кілтін табасың. Оны ары қарай зерттеп, түбін қазасың, сосын барып сапалы дүние туады. Егер кеудеде ондай жанашырлық сезімі болмаса, тақырыпты қалай көтерсін? Рас, Платоновтар көтеретін өткір мәселелер көп. Алайда олар да негізінен тек әлеуметтік түйткілдерге негізделген.
– Қазіргі Қазақ қоғамы қазақтілді және орыстілді болып екіге бөлінген. Журналистика да. Мемлекетті дамытуға осының қандай ықпалы бар?
– Қазақстандағы орыс диаспорасы 30 пайызға жуық. Яғни, аз емес. Мұны мойындағың келсе де, келмесе де, солай. Солардың көкейіндегі нәрсе, көңілінен шығатын мәселе орыс журналистикасынан табылады. Оны неге жасыруымыз керек? Есесіне, қазақтардың саны бастапқыда 67 пайыз деді, кейін 62 пайыз деді. Маңыздысы, журналистиканың үлесі осы пайыздарға сәйкес болып отырған жоқ. Тіпті, сырттан келетін ақпараттық мөлшері заң бойынша 20 пайыздан аспау керек. Бірақ іс жүзінде, өзіміздің ақпарат 20 пайыздың төңірегінде, шетелдік ақпараттың үлесі керісінше, 80 пайызға жуық. Сұхбат алуға келетін журналистердің ең жиі қоятын сұрағы журналистиканың ең өзекті проблемасына қатысты. Беретін жауабым: «ақпараттық қауіпсіздік». Тәуелсіздік алғаннан кейін Президентіміздің мәмлегерлігінің арқасында жерімізді алабағандармен қоршап алдық қой. Ақпараттық кеңістікті олай қоршай алмайсың. Шекараларға бағынбайды. Егер отандық ақпараттық кеңістігімізге әркім қоқысын тастап кете берсе, қоқыстардың үйіндісі болады ғой. Егер БАҚ өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер осы ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін сақтауға қызмет етпесе, ол қоқыс үйіндісіне айналатыны сөзсіз. Мұндай мемлекеттің келешегі күмәнді. Тарихта мұндай келеңсіздіктер көп болды. Мәселен, Чехославакия, Польша, Чили т.б. елдерде. Еуропаның қақ жүрегінде орналасқан, ғасырлар бойы қалыптасып, дәстүрі әбден бекіген, мәдениетін бүкіл әлем мойындаған Италияның өзі америкалық сая­саттан зардап шекті. Америкалық музыка, фильмдер қаптап кеткенде Италияңыз тәлтіректеп, жағдайы қиындағаны мәлім. Сондықтан италиялық қарапайым азаматтар, үкіметі мен қоғам қайраткерлері түгел америкалық рухани дүниелерге қарсы күрес ұйымдастырып, өздерінің ұлттық мәдениетін әупіріммен қайта қалпына келтірді. Олар ұлттық кино, мәдени шаралар, музыка т.б. көбейту арқылы діттеген мақсаттарына жетті, яғни, америкалық ақпараттық экспансиядан құтылды.
– Ал бізде ше? Отандық ақпараттық кеңістікте кәріс, түрік, бразилиялық, ресейлік сериалдар қаптап кеткен. Демек, бізде де жағдай мәз емес шығар?
– Өкінішке қарай, Қазақстанда шетелдік ақпараттарға, шетелдік көркем дүниелерге шектеу аз. Жоқ деуге болмас, тежеу аз деген дұрыс. Өйткені біреулер «бізде мынадай, мынадай нәрселер атқарылып жатыр» деуі мүмкін ғой. Сол кезде ұят боп қалады. Негізі сырттан келетін дүниелер қатаң қадағаланып, тежелуі тиіс. Өзіміздің ақпараттарға басымдық берген жөн. Дамыған елдердерде шетелдік пен отандық ақпараттардың арасалмағы 80х20 па­йыз екендігін айттық қой. Қазақстанда бұл мөлшерге жету қиын болса, тым құрығанда, 50х50 деңгейіне жетіп алайықшы. Әлі күнге осы межеге жете алмай отырмыз ғой.
– Мұның себебін әркім әрқалай түсіндіреді. Біреулер қаражат тапшылығын айтса, енді біреулер кәсіби мамандардың аздығынан көреді. Сіздіңше, қалай?
– Меніңше, біздің мемлекеттік, ұлттық идеологиямыздың жұмысы нашар. Ең басты себебі осы. Еліміздегі қазақтардың саны 67 пайыз дедік қой. Демек, идеологиямыздың темірқазығы ұлттық құндылықтарға негізделуі тиіс. Мемлекеттік идеология мен ұлттық идеологияның арасындағы айырмашылық жер мен көктей болмауы керек. Неге мемлекеттік? Себебі, қазақтардан басқа халқымыздың 30 пайыздайы – өзге ұлтпен ұлыстардың өкілдері. Оларды өзекке тебу – жаңсақтық. Кейбіреулер «ұлттық емес, мемлекеттік идеология» деп қарсы шығуы мүмкін. Мейлі, солай-ақ болсын. Бір анығы, Қазақстан – жалғыз, қазақтардың Қазақстаннан басқа барар жері, басар тауы, яғни, екінші Отаны жоқ. Елде идеология дұрыс жұмыс істесе, журналистикада да адасу болмайды. Дәл осы қағиданы экономист те, есепші де, тарихшы да, журналист те мойындайды. Ал идеология тек мемлекетке, халықтың мүддесіне қызмет етеді. Бұған дейін біз экономикалық мәселелерді бірінші кезекке қойып келдік. «Дамып, жетіліп алайық. Алдымен материалдық игіліктерді игеруді үйренейік» дедік. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде бұл дұрыс қадам болғаны анық. Мемлекеттің экономикалық қауқарын, халықтың әлеуметтік әлеуетін күшейтудің арқасында Қазақстан егемен елдің деңгейіне көтерілді. Бұл жерде Елбасының көшбасшылық қасиетін мойындамайтындар кем де кем. Сол дәулеттің, тоқшылық пен тыныштықтың арқасында бүгінгі жағдайға жеттік. Бірақ бәрібір идеологиясыз ештеңе болмайды. Мысалы, АҚШ-та 1940 жылдан бастап 1955 жылға дейін, 15 жыл бойы «Америкаға қандай идеология керек?» деген мәселемен бас қатырған. Ғалымдар, қоғам қайраткерлері, журналистер т.б. түгел жұмылдырып, жемісті еңбек еткендерден ақша мен атақты аяған жоқ. Осылайша, Америкаға қажет идеологияны түзіп алып, бүгінде дүние жүзін мойындатып отыр.
– Бұл мәселе Қазақстанда қалай шешілуде?
– Қазақстанда идеология мәселесімен түбегейлі айналысып жатқан ешкім жоқ. «Тәуелсіз Қазақстанның идеологиясы» дегенді кездестірмейсіз. Жалпы идеологияны түзуге, қалыптастыруға мүдделілік бар. Оны әркім іштей мойындайды, біледі, бірақ іс жүзінде емес. Түріктердің көсемі Мұстафа Кемал 1923 жылы билік басына келгенде Осман империясынан бастау алатын идеологияны өзгертті. Яғни, Еуропаның дамыған мәдеинетін алды, Ислам дінінен бас тартқан жоқ, мұсылманшылықты мойындады, еуропалықтардың ғылым-білімін, ілімін бойға сіңірді. Осының нәтижесінде Түркия қазір мұсылман мемлекеттердің арасындағы ең елеулі, ықпалды, дамыған мемлекетке айналды. Олар қазақтар сияқты табиғи ресурстарға аса бай емес, тек туризмді жолға қойған, білімді дамытқан. Ең бастысы, ұлттық идеологиясы мықты болды. Мәселен, нәресте шыр етіп дүниеге келе салысымен, атасы басынан сипап: «Сен – бақыттысың» дей береді екен. Бұл дәстүрге айналған. Тілі шыққан бала атасынан: «Мен неге бақыттымын, ата?» десе, «Сен дүниеге түрік боп келдің, ең үлкен бақыт осы» деп түсіндірген. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толған ұл баланы әскерге шығарып салардағы той – тойлардың төресі деп есептеледі. Отан алдындағы азаматтық борышын өтемегендерге ешқашан жақсы қызмет бұйырмайды. Қорыта айтсақ, әлемді аузына қаратқан Американың тарихы ары кетсе, 280 жылдай-ақ, ал қазақтың тарихы тереңге кетеді. Басқалар тарихын қағазға жазса, біз тасқа қашадық. Басқалар батырларын жай көме салса, қазақтар алтынмен аптап көмген. Бабаларымыз көкпен жердің арасын түгел жаулаған. Сауда қатынасы ежелден қалыптасқан, оның куәсі – «Ұлы Жібек жолы». Қазіргі заман тілімен айтсақ, бренд деген бізде жетеді. Ендеше неге идеологиямыз ақсап жатыр? Өткенді қадірлеп-қастерлеу аз бізде. UNESCO жанындағы ORBICOM ұйымына мүшемін ғой. Осы ұйымның құрамында Канадаға барғанда канадалықтар аузымен құс тістеген небір әлемдік тұлғаларды киізүйге ұқсайтын бір мыжырайған үйде қабылдады. Алғашқыда «бұл неғылған үй?» деп түсінбегем, сөйтсем, ол жерде Канаданың алғашқы үкіметі отырған екен кезінде. Ұшар басы аспанмен таласқан небір биік ғимараттар тұрғанда бізді сол мыжырайған үйде күтуі – өткенге құрметтің белгісі, идеологияның күштілігі. Оңтүстік Кореяға барсақ, ондағылар «Біз тау самалының еліміз. Біздің бұйрат-бұйрат жерлерімізді жазып жіберсеңіз, Еуропаға дейін жетеді» деп өздерін қатты әспеттейді. Неміс те, француз да, басқа да өздерін кереметтей етіп суреттеп, мақтағанда, ауыздың суы құриды. Бұл құр мақтаншақтыққа жатпайды, болатын елдің идеологиясы – осындай. Егер қазақтар да «идеологиялық тұрғыда біздің шамшырағымыз мынадай болады, алға қойған мақсатымыз – мынау» деп анықтап алып, іске кіріссе, етектен тартатын ешкім жоқ. Бұған қоғам болып жұмылу қажет. Бір кездері Ахаңдар, Ақселеуді айтам, қалай шыр-пыры шыққаны есіңде ме? Дәл осындай жанашырлық әр журналист, әр саясаткер, әр философ, әрбір қарапайым азамат үлес қосуға міндетті. ҚР Президенті «Қазақстан-2030» стратегиясынан кейін ендігі меже «Қазақстан-2050» болатынын айтты ғой. Дәл осындай бағдарлама енді идеологиялық тұрғыда қажет. Қоғамды іштен ірітетін жемқорлықпен күресте де идеология – таптырмас құрал.

«Алаштықтар ұлтқа қызмет етті»

– «Қазақ» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай өткізілген ғылыми конференцияда сіз қазіргі қазақ журналистерінде Ахмет, Міржақып, Әлихандардың бойындағы өткірліктің жоқтығын айттыңыз. Оған не себеп?
– Алаш арыстары ел үшін, ұлт үшін бастарын қатерге тікті. Ажалмен арпалыса жүріп, ұлт мүддесіне қызмет етті. Кез келген саяси оқиғалардан елге пайда табуға тырысты. Арнайы газет шығарып, қарапайым адамдардың сауаты мен көзін ашуды міндетім деп білді. Сол алаштықтардың бойындағы өткірлік пен жігерлі рух қазіргі журналистердің бойында жоқ. Оған кінәлі кеңестік өкімет. Өйткені алдымен алаштықтарға ауыз салды. Одан кейін сая­сатты ашық айтпай, «ашаршылық» деген желеумен жазықсыз жандарды тағы қырды. Соғысты сылтауратты, «арам пиғылды тыңшылар жүр араларыңда» деп арандатқан жайт та көп. Осылайша ел арасындағы сауатты, бас көтеруге жарамды азаматтарын сұлатып салды. Сөйтіп, біздің алдымыздағы аға буынның жүректерін шайлықтырып, рухын сындырды, билікке қарсы келмейтін жағдайға жеткізді. Ал Тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген ұрпақтың жөні басқа. Олар ештеңеден қаймықпайды. Бірақ ата-аналарының бойында қалған құлдық психология жастарды әлі де тартып ұстап отыр. Тежелген рух Ахмет пен Әлихандардың бойындағы өткірлікке жете алмайды. Тағы бір себебі, журналистика төңірегіне шоғырланған Алаш азаматтары ұлтқа шын ниетімен қызмет етуді көздеді. Ал қазіргі журналистикада саясаттану басым. Яғни, көкейде жатқан ой – бір бөлек, БАҚ-қа шығатын ой – бір бөлек. Ашық айту жетіспейді.
– Бұған цензура да кінәлі сияқты?
– Журналист боп жұмыс істеп жүрген жас кезімде әр редакцияда ЛИТО деген болатын. КГБ-дан келетін кісі болады. Мақала шыққаннан кейін сол бөлімге мақалаларды өткізеді де, ондағылар әр әріптің астына үңіліп, цензуралық сүзгіден өткізеді. Құдайға шүкір. Қазір ондай ЛИТО жоқ. Бірақ басқаша тыйымдар бар. Мысалы алдымен мақаланы жазбас бұрын журналистің өзінің ішкі цензурасынан өтеді. «Мынаны былай жазсам, менің өсуіме, үй алуыма кесірі тиеді-ау, біреулерге жақпай қалады-ау» деп. Сосын редакциядағы ірілі-ұсақты бастықтардың цензурасынан өтеді. «Жоғары жақтан» қадағалайтын цензура тағы бар. Меніңше, абсолютті сөз бостандығын, аузына не келсе, соны айтатын журналистиканы мен ешбір жерден кездестірмедім. «Жол үстінде журналист» деген кітабымда «Хас жүйрігі қараның» деген Опра туралы жазған мақаламда сиыр етіне қатысты артық сөз айтам деп, опық жеп қала жаздағаны жайлы баяндаған едім. Яғни, демократиялы елдердің өзінде сөз бостандығы бар екен деген желеумен ойыңа келгенді айта беруге болмайды. Егер тігісін жатқызып жазып, кейін соны дәлелдеп берсең, айта аласың. Оған ешқандай шектеу жоқ. Есесіне, шындықты шырқыратып айтып, сосын ешкімге керегің болмай қалуы ғажап емес. Мұны да жоққа шығара алмаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет