2.6. Судың перманганаттық тотығу қабілетін анықтау
Судың тотығу қабілеті дегеніміз – жасанды түрде енгізілетін тотықтырғыштың (мысалы, KMnO4 немесе K2Cr2O7) оттегінің судағы органикалық заттардың тотығуына жұмсалған мөлшері. Тотығу қабілетінің екі түрі – перманганаттық және бихроматтық – болады.
Органикалық заттардан басқа , Ғе2+, Mn2+, Н2S тәріздес кейбір бейорганикалық заттар да тотығуға ұшырайды.Тотықтырғыштардың мөлшері көп болған кезде олардың судың тотығу қабілетіне әсері есептеулерде ескеріледі.
Органикалық заттардың шығу тегі және олардың суда болатын мөлшері әртүрлі. Олардың оттекке қатысты химиялық қасиеттері де әртүрлі: кейбір заттардың тотығу қабілеті өте төмен болса, кейбір заттар өте жеңіл түрде тотығады. Табиғи сулардағы органикалық заттардың мөлшерін тура жолмен анықтау өте қиын да күрделі жұмыс болып табылады. Сол себептен жанама әдістерді пайдаланады. Осындай әдістердің бірі – судың перманганаттық тотығу қабілетін анықтау. Бұл әдіспен тез және жеңіл түрде тотығатын заттарды анықтайды. Бихроматтық тотығу қабілеті органикалық заттардың толық (жеңіл түрде де қиын түрде де) тотығуын сипаттайды, тек кейбір белоктық заттардың тотығуы туралы мәлімет бере алмайды. Әдетте перманганаттық тотығу барлық органикалық заттардың тотығуының 40–50% –на сәйкес болады, ал бұл үлес органикалық көміртектің СО2 – ге дейін толық тотығуын көрсетеді.
Тотығу қабілетінің жоғары болуы судың ластану дәрежесінің жоғары екеніне нұсқайды. Тереңдегі жер асты суларының тотығу қабілеті төмен (1– 2 мг/л О2) болады, олар 1-класқа жатады. 2 және 3-класқа жататын жер асты суларының тотығу қабілеті жоғарылау болады, бірақ 5 және 15 мг/л О2 мәнінен аспайды. Грунттық суларда тотығу қабілеті әдетте жоғарылау (2 – 4 мг/л), бұл мән судың түстілігі артқан сайын арта түседі. Сол себептен түссіз сулардың тотығу қабілеті жоғары болса, бұл су ластанған су болып табылады. Ашық суқоймалардың суларының тотығу қабілеті 5 – 6 мг/л (өзендерде), 6 – 8 мг/л ( суқоймаларда – водохранилище), ал батпақтық суларда арта түседі. Перманганаттық тотығу 3,0 мг/л-ден аспаған жағдайда су шаруашылық мақсаттарда және ауыз су ретінде пайдаланылады.
Суда органикалық заттардың мөлшері артқан сайын оның бактериалдық ластануының деңгейі де арта түседі.
Анықтау KMnO4 қосылысының қышқылды ортада күшті тотықтырғыш болып табылып, судағы тотықсыздандырғыштармен (органикалық қосылыстар, темір (ІІ) тұздары, нитриттер) әрекеттесуіне негізделген. Бұл кезде:
+ 8Н+ + 5е → Mn2+ + 4Н2О
реакциясы жүреді, ал KMnO4 қосылысының артық мөлшері ерітіндіге енгізілген қымыздық қышқылының ерітіндісімен әрекеттеседі:
+ 5Н2С2О4 + 6Н+ → 2Mn2+ + 10СО2 + 8Н2О
Реакцияға түспеген қымыздық қышқылының артық мөлшерін келтірілген теңдеу бойынша калий перманганатымен титрлейді. Егер судың тотығу қабілеті 4 мг/л О2 –ден аспаса, әдістің дәлдігі 0,4 мг/л О2 құрайды, ал тотығу қабілеті жоғарылау болған жағдайда, дәлдік 10%-ды құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |