Негізгі бөлім Ақша теориялары мен заңдар жүйесінің негізгі қызметтері


Ақшаның теориясы мен заңдар жүйесі, ақша айналысының түрлері, элементі, негізгі типтері



бет2/4
Дата12.06.2016
өлшемі0.67 Mb.
#129597
1   2   3   4

2.3. Ақшаның теориясы мен заңдар жүйесі, ақша айналысының түрлері, элементі, негізгі типтері
Қайта құру кезеңіне дейін "ақша айналымы" мен "ақша айналысы" ұғымдары арасында айтарлықтай шек қойылатын. Ақша айналысы деп қолма-қол ақшаның қозғалысы танылды. Ал ақша айналымы ұғымы одан кең мағына бергендіктен ол қолма-қол және қолма-қолсыз айналым мағынасын сипаттайды. Бұл жағдайда қолма-кол ақша қозғалысы тұрғындардың (халықтың) ақшалай табыстарының бөлінуін қарастырса, қолма-колсыз ақша өндіріс қаражаттарының бөлінуін карастырады.

Ақша белгілері әр түрлі жағдайда қамтамасыз етіледі. Қолма-қол рубль тұтыну затгары және қызметтер жиынтығымен қамтамасыз етілсе, қолма қолсыз рубль - бөлуге арналған өндіріс құралдарының жиынтығымен қамтамасыз етіледі.

Мұндай жүйе тек қана орталықтандырылған жоспарлы экономика жағдайында ғана мүмкін болады, себебі ол уақытта кәсіпорындар мен халықтың қолында қанша ақша, қанша тауардың болатыны және олардың қандай бағада сатылатыны белгілі болған. КСРО-ның таратылуына, бағанын

босатылуына, меншіктін мемлекет иелігенен алынуына және т.б. байланысты жүзеге асыру мүмкін емес болып қалды.

Ақша айналысы мен ақша айналымы арасындағы шек жойылды. Тауар айналысы процесіндегі колма-қол ақша қозғалысы және төлемақыны жүзеге асыру кезінде қызмет көрсету, сонымен бірге кәсіпорындар мен қаржы-несие мекемелерінің арасындағы ақшалай қаражаттардың алмасуы -ақша айналысы деп аталады.

Ақша айналысының объективті негізі тауар өндірісі мен тауар айналысы болып табылады. Құн формасының өзгеріп отыруы, яғни тауардың ақшаға және ақшаның жаңа тауар сатып алу үшін қолданылуы, ақшаның әрдайым қозғалыста, яғни айналыста болуына мүмкіндік жасайды.

Бірақ ақша айналысы тауар айналысын қайталап қоймайды. Бұл екі процесс бір-бірінен жекешеленіп жүреді. Тауарлар, оларды сатып алғаннан кейін, айналыстан шығады және тұтынылады. Ал ақша айналыста әрқашан жүреді.

Айналыста жүре отырып ақша әрі айналыс құралы, әрі төлем құралы функцияларын атқарады. Сонымен, тауарды сатудан түскен ақша қарызды өтеуге жұмсалуы мүмкін. Өз кезегінде, қарызды төлеуге түскен ақшалар тауарлар алу үшін қолданылуы мүмкін.

Жалпы ақша айналысының көлемі тауар бағаларының соммасынан әрдайым артық болады. Ақшаның қызмет көрсетуі тек сату-сатып алумен шектелмейтіні түсіндіріледі. Ақша еңбекақы, зейнетақы, стипендия төлеу үшін, бюджетке төлемдер аудару үшін, банктен қарыз алу үшін және т.б. мақсаттар үшін қолданылады.

Ақша айналысын реттеудің маңызды элементі -қолма-қол ақшаның қолдану аясын азайту болып келеді. Бұл мәселе біздің елімізде кәсіпорындар арасындағы есеп айырысуларда қолма-қол ақшанын қолданылуың шектеу, есеп айырысу чектерін ендіру арқылы ғана шешіледі.

Банк жүйесін реформалау және ақша банкнотасын өндіруге байланысты өзінің меншікті қуатын енгізуі, Қазақстандағы қолма-қол ақшамен байланысты жағдайды түбірімен өзгертті. Осыған байланысты 1992-1993 жж. қолма-қол ақшаның тапшылығы тұсында енгізілген директивті саясаттың орнына республикамызда қолма-қол ақша айналысын тұрақ тандыру және басқарудың экономикалық әдістерінін алғышарттары жасалынды.

Дамыған елдерге бұл процесс кеңінен дами түсуде: оларда қолма қолсыз ақша айналысы өріс алып жатыр. АҚШ-та халықтың есеп айырысуларының 25-27%-зы ғана қолма-қол ақшамен, ал қалғаны чек, несиелік карточкалар, т.б. көмегімен жүргізіледі.

Өмірлік тәжірибе көрсеткеніндей, ақша айналысын ақша айналымынан бөлуге болмайды. Ақша айналымын қолма-қол және қолма-қолсыз деп қатаң түрде шектеуді ғалымдар онша қабылдай коймады.

Бұл екеуі өзара тығыз байланысты, сондықтан оларды бөлу қажет емес. Ақша өз айналасында қолма-қолдан қолма қолсыз ақшаға (және керісінше) өтеді. Мысалы, кәсіпорынның бөлшек саудасынан түскен түсім банкке түскеннен соң оның есеп айырысу шотында қолма-қолсыз ақша қаражаттарына айналады да, ол бұдан өз жеткізушілеріне ақша аударуы мүмкін.

Сонымен, бүкіл ақша айналысы: қолма-қол және қолма-қолсыз ақшалар болып бөлінеді. Сондай-ақ:


  • өнімді өндіру және сату процесін, яғни тауарлы
    сипаттағы есеп айырысулармен байланысты ақша айналымы;

  • тауарлы емес сипаттағы есеп айырысулармен байланысты ақша айналымы;

  • ақша айналысы бірнеше тарихи кезеңдерден өтті және металл, қағаз, несие ақшалар көмегімен жүзеге асырылды.

Ақшаның металдық теориясы және металл ақша айналысы

Ақшаның металдық теориясы. Бұл теорияның өкілдеріне капиталдың алғашқы қорлану кезеңіндегі меркантилистер (Томас Мэн, т.б.) жатады. Оларға қоғамның байлығын ақшамен өлшеуге, сонымен қатар ақшаны бағалы металдармен бірдей деп санау тән болған. Олардын пікірінше қоғамның нағыз байлығы алтын мен күміс, яғни бұлар өзінің табиғаты бойынша нағыз ақшалар болып табылады. Ақшаның металдық теориясы фетишистік сипатта, себебі бұл теориянын пайымдауынша ақшаның ролінде алтын, күміс сияқты кез келген бағалы металл бола алады, ал адамдардың тауар шаруашылығындағы өндірістік қатынастарын сипаттайтын ақша екендігі жөнінен хабарсыз. Ресейде металдық теорияның өкілі атақты мемлекеттік қызметкер М.М. Сперанский (1771-1839 жж.) болып табылды. Ақша туралы онын теориясының барлық пайымдауларының негізі - ақшаға тек нағыз бір ғана ақша деп қарау керек деген көзқарасы бар. Сперанский ең мықты ақша материалы күміс деп санады. Ақшаның қызметтерін орындауда металдың қатысуы XIX г. теоретиктермен қолданылған. Бұл іс жүзінде тек бір тарихи кезең, яғни ақша жүйесінің жоғары және күрделі формаларына өту кезеңі болды. Алтын айналысының тар мағынада қолданылуы XX ғ. дүниежүзілік экономиканың шеңберіне сыймады. Өндірістін дамуы ақша базисінің адекватты түрінің болуын талап етті. Объективті түрде, металдық жүйенің негізінде жаңа төлем әдістері мен формалары қалыптасты, олар несиеге негізделді. Металдық теорияның кайта жадануы XIX ғ. екінші жартысында алтын-монета стандартының Германияда 1871-1873 жж. енгізілуімен байланысты болды.

Неміс экономистері (К.Кинс және т.б.) ақша деп тек қана бағалы металдарды емес, сондай-ақ металға айырбасталатын Орталық банктің банкноталары да аталады деген. Ол кездері ақшаның металдық теориясы ақша реформасына негізделіп қолданылды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін француз экономистері Ж. Рюэфф және М. Дебре, ағылшын экономисі Р. Харрд халықаралық айналысқа алтын стандартын енгізу идеясын ұсынады. Себебі 70-жылдардың басында жойылған Бреттон-Вудс валюталық жүйенің орнына жаңа алтын стандартын енгізуге тырысқан. Жекелей алғанда, АҚШ-тың экс-президенті Р. Рейган сайлау алдындағы күрес кезінде алтын стандарты қайта оралуы мүмкін деп санады. 1981 жылдың қаңтарында, ол президент болып тұрған кезінде осы мәселе бойынша арнайы комиссия құрады, бірак ол комиссия алтын стандартын енгізу онша кажет емес деген шешімге келеді. Жалпы алтын стандартының мағынасы нарықтың күрделенуі, ұлғаюы және дамуымен байланысты өзгереді. Қағаз-несиелік ақшаларды алтын қорымен жасанды турде үйлестіру-натуралдық айырбас формасына немесе бакыланбайтын стихиялы ақшалай эквивалентке әкеліп соқтыруы сөзсіз, өйткеңі алтын қорының өсімі физикалық тұрғыдан экономикалық дамуға қарсы тұра алмайды, сөйтіп бұл ақша бірлігі құнының тым аса ұлғаюына экеліп соқтырып, соның салдарынан ақшаның айырбасталынуы тәрізді аса маңызды қасиетінің (экономикалық бөлінгіштік) жоғалуы т.б. пайда болады.

Сонымен, ақшаның ішкі мазмұны бағалы метталдын N мөлшеріне берілген құжат ретінде біртіндеп иелерінің эмиссиялық орталыққа, оның ішінде мемлекетке деген сенімі ауысады. Үкіметке деген сенімсіздік, соғыстар және басқа да форсмажорлық жағдайлар классикалық алтын стандартына қайта келуіне әкеледі. Нақты экономика тұрғысынан қарағанда қарапайым тауар болса да алтын ерекше орында тұрады.

Қазіргі жағдайдағы алтынының негізгі экономикалық қызметінің мәні, онын капиталды инфляциядан сақтау кұралы ретінде қызмет етуімен, несие алуда камтамасыз ету құралы болуымен және маңызды өнеркәсіптік шикізат болып қала беруімен сипатталады.

Адамзат құнның әр түрлі формаларын өз басынан өткере отырып, яғни ақша орнына әр түрлі тауарлар қолданылысынан кейін (мал, тері, бақалшақ және т.б.) адамзат металл ақша айналысына қол жеткізді. Металдың ақша ретінде қызмет етуінен барып, одан бірте-бірте монеталар пайда бола бастады. Осылайша, Ежелгі Римде жануарлардың суреті бар мыс және қоладан жасалған пластиналар, кейіннен екі жағында суреті бар 1 және 2 фунт массасындағы кружкалар пайда болды.

Көпестер классының бөлінумен алғашқы монеталар пайда болды. Олардың пайда болуы ақшанын калыптасуындағы соңғы кезеңді сипаттайды.



Монета - ол формасы, сыртқы пішіні, салмақтық құрамы заңмен бекітілген металдан жасалған ақша белгісі.

Мемлекет сынаманы (пробаны) (монетадагы таза металдың құрамы), массасын, типін, ремедиумды (заңмен рұқсат етілген номиналды массаның нақтыдан ауытқуы), эмиссиялау ережесін және т.б. белгілейді.

Монетада бет жағы - аверс, келесі жағы- реверс, кесіндісі - гурт болып ажыратылады.

Егер монетаның номиналды құны құрамындағы металдың (алтын, күміс) құнына сәйкес келсе, онда бұл толық құнды ақшалар. Толық кұнды еместері биллонды ақшалар деп аталады.

Монеталқ ақша айналысы тарихында мынадай түсініктемелер бар:

Биметаллизм - жалпыға бірдей эквивалент ролін екі немесе одан да көп металл атқарады, яғни айналыста алтын және күміс монеталар пайдаланылады.

Монометаллизм -жалпыға бірдей эквивалент ретінде бір ғана металл түрі (алтын, күміс, т.б.) қолданылатын ақша жүйесі.

Осылай, б.э. дейін ІІІ-ІІ ғ. Римде мыс монометаллизмі, Ресейде 1843-1852 жж. аралығында - күміс монометаллизмі болды. Ресейде, олай болса Қазақстан да, алтын монеталлизмі 1897 ж. II Николай патша тұсында енгізілді.

Түрікше "акче" сөзі, қазақша "ақша", яғни "ақ" сөзінен күміс монетаның түсіне қарап шыққан.

Капиталистік тауарлы өндірістің дамуы барысында қағаз ақшалар пайда бола бастады. Олар айналыстан алтын монеталарды ығыстырып шықты. Қағаз ақша айналысындағы ұсақ төлемдерге қызмет ететін ауыстырылатын монеталар қағаз ақшалардың әр түрі болып табылады. Әдетте оны төменгі сынамасы бар металдан: мыс-никельден, мыс-мырыштан және алюминийдің құймаларынан жасайды.



Ақшаның номиналистік теориясы және қараз ақшалар, олардың айналыс заңдылықтары.

Ақшаның номиналистік теориясы меркантилистердің металлизмге қарсы іс-әрекеті болып табылады. Тауар өндірісі мен айналамынын өсуіне байланысты металл монеталарды вексель, банкнот түріндегі несиелік айналыс құралдарына жартылай ауыстыру біртіндеп орын алды. Ақшалар мен бағалы металдардың арасындағы ішкі байланыстарды жоққа шығара отырып, номиналистер құн белгілерінің жүру құқығын негіздеді, ол үшін олардын металдық құрамын белгіледі.

Номинализмнің негізгі ережесі төмендегідей:

- ақша идеалды есеп бірлігі болып саналады және олардың көмегімен тауарлардың айырбас құны анықталады;

-бұл бірлік ешқандай да ішкі құнға ие емес.
Сонымен номиналистер ақшанын құндық жаратылысын

толық жоққа шығара отырып, оларды техникалық айырбас құралы ретінде қарастырады. Адам Смиттің (1723-1790) айтуынша, ақша - бұл айырбас процесін жеңілдететін техникалық дөңгелек, айырбас және сауда құралы. Ол ақшаның құны екі жақты мәнге ие деп санайды:



  • қандай-да бір заттың пайдалылығын көрсетеді;

  • басқа тауарды сатып алу мүмкіндігі.

XIX г. аяғында және XX ғ. басында саяси экономияда номинализм үстемдік ете бастады. Бірақ бұрынғы номинализмнен айырмашылығы оның объектісіне қағаз ақшалар (қазыналық билеттер) жатады.

Номинализмнің мәні неміс экономисі Кнапптың ("Государственная теория денег", 1905 ж.) еңбегінде жақсы берілген. Оның негізгі ережелері төмендегідей құрылды:



  • ақша - құқықтық тәртіптің өнімі, мемлекеттік биліктің туындысы;

  • ақша - мемлекеттік хартальдік төлем құралы, яғни ол мемлекеттін төлем күшімен жасалған төлем белгілері болып табылады;

  • ақшаның негізгі қызметі - төлем құралы.

Кнапп ақшаның мәні оның материалдық белгісінде емес, оларды пайдалану барысын реттейтін құқықтық нормасында деп жазады.

1929-1933 жж. экономикалық дағдарыс тұсында номинализм әрі қарай дами түседі. Сөйтіп, Дж.М. Кейнс (1930 ж. 'Трактат о деньгах") алтын ақшаларды "жабайылық сарқыншағы", "арбаның бесінші дөңгелегі" деп хабарлайды. Ол идеалды ақшаларға қоғамның өркендеуін үнемі қамтамасыз етіп отыратын қағаз ақшаларды жатқызды. Ол қағаз ақшалардың алтынды айналыстан шығарылуын, Кнапп теориясының жеңісі деп қарастырды. Кейнс бардық өркениеті ақшалар қарапайым түрінде қалып, кнапптық партализм толық жүзеге асты деп санады.

Ақшанын номиналдық теориясы жағында белгісіз американ экономисі П. Самуэльсон да болды. Ол ақшалар өткен уақытта ғана тауармен байланысты болса, ал алдағы уақытта ақшалар шарты белгілерге айналауда деп сендіреді. "Тауар акшалардың дәуірін қағаз ақшалар дәуірі алмастырды. Қағаз акшалар ақшаның мәнін, олардың ішкі табиғатын ашады. Ақша дегеніміз ол жасанды әлеуметтік шарттьшъщ" (Са-муэльсон П. Экономика: "Прогресс", 1964, 68-69 б.).

С.М. Борисовтын "Золото в экономике современного капитализма" (М., 1968, 64 б.) атты монографиясында қызықты пікірлер беріледі. Автор барлық тауарларға қарсы тұратын жалпыға бірдей эквивалент ретінде, алтын туралы ережені қайта қарау керектігін айтады. Сондай-ақ мұнда алтынның қағаз ақшалар ықпалымен мүлде ішкі айналыстан шығып қалғандығына сілтеме жасалады. С.М. Борисовтын айтуынша "ұлттық ақша жүйелерінде қағаз ақшалардын мәні артып отыр, себебі олар барлық, тауарлар қозғалысына қызмет етуде, осы ақшалар ғана тауар әлеміне қарсы тұра алады және тауардар бағаларын меншікті қағаз масштабында бейнелей алады" делінеді.

Қағаз ақшалардың пайда болуы металл айналысыньщ объективті заңдылықтары мен капитализм тұсындағы тауарлы өндірістің дамуымен сипатталатын ақша айналымына деген қосымша кажетгіліктерімен байланысты.

Бірақ қағаз ақшаның шығу тарихы б.ғ.д. I ғ. Тән, яғни ол кездегі теріден жасалған ақшаларға байланысты. Бұл уақытта Қытайда ақ бұғы терісінен жасалған ақшалар пайда болды. Ақ бұғылардың барлығы императордын меншігінде болған.

XIII ғ. Марко Поло Қытайда ағаш қабығынан жасалған ақшаларға кез болды, ол сол уақытта қағаз қызметін атқаратын. Бұл ақшалардың төрт бұрышты пластин формасы және олардың ерекше белгілері мен мөрі болған. Олардың сатып алу қабілеті де әр түрлі болды.

Нағыз қағаз ақшалардын пайда болуын Шыңғысханның немересі Хубила ханмен байланыстырады.

XVII ғ. алдындағы капитадистік тауарлы өндірістің дамуымен қағаз ақшаның қолданылуы өріс ала бастады. Қағаз ақшалар 1690 жылы Солтүстік Американың Британиялық отар елдерінде - 1716 ж. Францияда, 1795 ж. АҚШ-та, 1762 ж. Австралияда пайда болды. Ресейде алғашқы қағаз ақшалар 1769 жылы II Екатерина тұсында пайда болды. Халық арасыңда оларды "катенька" деп атады, себебі оның бетінде императордың суреті болды,

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қағаз ақшалар барлық елдерде болды.

Сырттай қарағанда, қағаз белгілері мемлекет тарапынан жасалынған - толық кұнды ақшаның орнын алмастырушылар тәрізді әсер етеді деген ой туады. Шыныңда олар металл ақшаның номиналды құнының нақты кұнынан ауытқуының көбеюі есесінен пайда болды.

Металл ақшадан қағаз акшаға ауысу себептері;

1.Металл ақша айналысы өте қымбат болып келеді және капитализмнің дамуымен мүмкін емес, себебі қымбат металдарды өндіру айналыс кұралдарына деген шаруашылықтың қажеттілігенен әлдеқайда төмен.


  1. Монеталардың тозуы және бүлінуі.

  2. Мемлекеттік билік (ремедиум) пен жалған монеталарды
    жасаушылардың монеталарды бұзуы.

Ресей патшасы Алексей Михайловичтың тұсында (Петр І-дің әкесі), яғни 1654-1662 жж. құны толық емес мыс тиындар соғылды. Бағасы 12 тиын мыстың фунтынан - 10 сомдық монеталар соғылды. Олардың нақты құрамы номиналдың 1-2%-ын құрады. Бұл айырбас процесінің бұзылуына, халықты қатты толқуға, шаруалар, кәсіпқойлар, саудагерлер ақшаның құнсыздануынан көп зардап шекті. Осыған байланысты ) 862 ж. Ресейде "мыс көтерілісі" деп аталған көтеріліс болды. Мыс монеталарын жасау тоқтатылды, 100 мыс тиынның орнына 1 күміс тиын айырбасталды.

4. Мемлекет шығындарын қағаз ақшаларды жабу үшін шығарды. Осылайша, Солтустік Америка өзінің тәуелсіздігі үшін соғысты қаржыландыруға көптеген мөлшерде "континентальдық ақшалар" шығарды.

Осыған байланысты, К. Маркс атап көрсеткендей: "өзінін айналыстағы делдалы ретіңде алтын әр турлі өзгерістерге ұшырады, тіпті жай ғана бір жапырақ қағазға дейін жұмқарды".

Қағаз ақшалар ақшаның номиналдық құрамынын нақты құрамынан біртіндеп бөлінуі нәтижесінде пайда болған құн белгісінің ақырғы формасы.

Қағаз ақша - мемлекеттін өз шығындарын табу үшін шығарылатын, әдетте металға айырбасталмайтын, еріксіз номиналға ие ақша белгісі (құнның белгілері, алтынның өкілдері). Тарихта олар алтын және күмістің белгілері ретінде пайда болды.

Қағаз ақшалар толық құнсыз болып келеді, себебі, өзінің дербес құны жоқ. Оларды шығаруға кеткен шығындар өте аз. Занды төлем құралы болып тұрған кезде ғана олар өздерінің сатып алу кабілетін сақтай алады. Ал процестен тыс жасалған айналыста олар бар болғаны -бір жапырақ жай қағаздарға айналады.

Егер "нағыз" ақшалар (алтын) айналыста өзінің меншікті құнының арқасында жүрсе, ал қағаз ақшалар айналыс процесінде нарықтық құнға ие болады. Мемлекет сол елдін шеңберінде ғана оларға еріксіз өзіндік құн белгілейді. Бұл жерде ол ерікті түрде ақша бірлігінің номиналды құнын белгілеп, кез келген купюрды шығаруы мүмкін. Осылайша, Қазақстанда 1993 жылы ең ірі купюрда 100 теңге, 1994 жылы 200 және 500 теңгелік купюрлар шығарылған болтын.

Алтынның белгілері ретінде қағаз ақшалар пайда болды. Ақша бірлігінін ресми алтындық құрамы (баға масштабы) мемлекетпен ерікті түрде белгіленіп, бірақ оның құны көрсетілмеді.

Ақшалар ешқашан да алтынға ауыстырылмаған. Бірақ кейбір жағдайларда мемлекет айналысқа шығарылған қағаз ақшаларды толық номиналдық бағасы бойынша алтынға ауыстырған кездері болған. Мысалға, 1922 жылы шығарылған "алтын червонец" алтынға және шетел валютасына сатылып сатып алынған (яғни валюталық интфвенция жүргізілген).

Қағаз ақшалардын өздерінін меншікті құны болмағандықтан да, олар айналыс саласындағы ақшаның қызметтерін толық құнды ақшалардың кызметтері арқылы атқарады.

Алтын стандартын алып тастағаннан кейін қағаз ақшалар қорлану қызметін де атқара бастады.

Қағаз ақшалардын меншікті құндарының болмауына байланысты олар ездерінің жаратылысына қарай тұрақсыз және құнсыздануға икемді келеді. Ақшаның құнсыздануы әр түрлі себептерге байланысты болады: бюджет тапшылығын, әскери және басқа да өндірістік емес шығыстарды жабуға артық ақшалардың шығарылуы; пассивтік төлем балансының салдарынын алтынға дүниежүзілік ақша ретінде сұраныстын ұлғаюы; еңбек өнімділігінің төмендеуі және тауар массасынын қысқаруы, т.б.

Мұның барлығы бағанын өсуіне әкеліп соғады. Халықты әлеуметтік жағынан қорғауды қамтамасыз ету үшін үкімет жалақыны, зейнет ақыны, жәрдем ақыны көтеріп отырады, Халық тұтынатын тауарлар өндірісі өспейінше баға өсе береді. Баға - жалақы - баға... деген тізбек айнала береді.

Жалпы алғанда қағаз ақшалардын құнсыздануы бұл тұрақсыз экономикаға тән нәрсе.



Несие ақшалар

Қағаз ақшалар әрдайым көмекші сипатқа ие. Қағаз ақшалардың дербес түрде ұзақ уақыт бойында айналуы мүмкін емес, сондықтан да олармен қатар несиелік ақшалар жүреді.



Несие ақшалар - бұл несие негізінде алтының орнына келген құнның қағаздай белгісі. Несие ақшалар несие беруші мен несие алушы арасындағы қарыз капиталының қозғалысын көрсетеді және "төлем құралы формасы ретінде өмір сүрудің меншікті формасын алады".

Несие ақшалардың негізгі түрлеріне: вексель, банкнота, чек, несие карточкалары жатады.



Вексель - бұл мерзімі жеткен соң вексель иесіне (вексель ұстаушыға) вексельде көрсетілген соманы қарыз алушыдан (вексель берушіден) төлеуді талап ету құқын беретін жазбаша түрдегі қарыз міндеттемесі.

Вексель айналымдың қасиетке ие болғандықтан, яғни колма-қол ақшаның орнына айналысқа түсуге бейім болғандықтан да, ол сауда ақшасы деген атауды иеленді.

Вексель несиеге сату негізінде, яғни коммерциялық несиелеудің пайда болуымен дүниеге келді. Коммерциялық несиелеу дегеніміз кәсіпорындардын бір-бірін банктерді жанай өтуі арқылы несиелеу болып табылады. Несиелеу төлеу мерзімін ұзартып, тауарларды қарызға беру жолымен жүзеге асады.

Сатып алушы-кәсіпорын, тауарды сатып ала отырып ақшаны бірден төлемейді, жабдықтаушы кәсіпорынға вексель жазып береді (қарыздық міндеттеме). Егер де несие берушіге ақша керек болған жағдайда, ол банкке барып векселін есепке алуын өтінеді, ал банк ондағы есепке алу мөлшерлемесін алып қалу арқылы вексельде көрсетілген соманы бере алады.



Вексельдер жай және аудармалы болады. Жай вексельді (соловексель) қарыз алушы жазып береді. Бұл вексель берушінің вексель ұсынушыға белгілі бір ақша сомасын төлеу туралы сөзсіз міндеттемесі. Аудармалы векселі (тратта) кредитор - вексель берушінің (трассанттың) үшінші тұлғаға қарыз алушыға (трассатқа) вексельде көрсетілген соманы төлем уақыты келгенде (ремитентке) төлеу жөніндегі бұйрығы. Трассат төлеуге келісімін көрсететін, оның койған қолы түріндегі акцептен соң ғана тратта бойынша борышқор болып саналады. Вексель бойынша төлем авальмен (вексельдік тапсырма) қамтамасыз етілуі мүмкін, онда вексельдің бетінде және аллонжда (қосымша бетте) "аваль ретінде саналсын" деген жазу болады.

Сонымен, вексель - несие және ақшалай есеп айырысу қралы болып табылады. Вексель айналысында бірнеше тұлға қатысуы мүмкін, себебі вексель төлем құралы ретінде беріледі.

Вексельді қолдану ақша айналысының шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бірақ қолма-қол ақшаны вексель айналысымен ауыстырудың шекарасы болады:


  • векселдің пайда болуына ықпал ететін коммерциялық несие, тек тауар айналымының бір бөлігін, әсіресе көтерме сауданы ғана қамтиды;

  • вексельдік міндеттемелер талаптарын өзара есепке алу бойынша сальдо қолма-қол ақшамен төленеді;

  • борыштық міндеттеме ретіндегі вексельдер тек төлем қабілеті бар субъектілер арасында ғана шектеулі айналыс сферасына ие болады;

  • вексельдер айналымы олардын белгіленген мерзімі арқылы шектеулі болады.

Қолма-қол ақшаларда мұндай шектеулер жоқ.

Дамыған елдерде вексель айналысы кеңірек дамыған. Ресейде революцияға дейін және революциядан кейін, яғни 1930 жылга дейін вексель пайдаланылып келген болатын, сөйтіп 1930-1932 жж. несиелік реформалау нәтижесінде коммерциялық несиелеу тоқтатылды, сонымен бірге вексель де жоғалды.

1.01.1991 ж. бастап КСРО-ның кәсіпорындар туралы Заңға сәйкес 27-бапта, кәсіпорындарға вексельді пайдалану арқылы несиелеуге рұқсат берілді. Бірак инфляция жағдайында тауарларды қарызға, вексельді кепілге алып беру барысы енгізілмеді.

Қазақстанда несиелік вексель республика ішіндегі шаруашылықаралық есепке алу нәтижесінде пайда болды, яғни қалыптасқан несиелік қалдық есебінен кәсіпорындарға салық, жалақы, мерзімді және төлеу мерзімі өтіп кеткен банктік қарыздар бойынша есептеуге рұқсат берілді, ал қалған сома жеке шотта сақталады. Осы сомаға қағазсыз вексель рәсімделді.

Үкіметтің 3 ай мерзімге арнап шығарған қазыналық векселі. Ол номинал бағасы бойынша банкке сатылып, уақыты жеткенде номиналдық құны бойынша қайта сатып алынады.

Бірақ не несиелік, не қазыналық вексель несиелік ақшаларға жатпайды.

Несие ақшалардың бір түрі болып банкнота саналады. Ол XVII ғ. сонында пайда болды. Алтын құймасынын немесе алтын монета иесі бұл қазынаны банкте сақтай алды. Құрамын аныктағаннан кейін және оны өлшеген соң банк алтынды сақтауға қабылдағаны туралы қолхат берді. Бұл "банктік хат" банкнота (банкирге арналған нота) деп атады және ол пайдалануға өте ынғайлы болып келді. Ол алтынмен папа-пар болды, себебі кез келген уақытта сақталып жатқан металға айырбасталды.

Банкнота өзінің мәні жағынан - бұл банкирге арналған вексель болып табылады. Яғни, классикалық банкнота екі жақты қамтамасыз етілген: вексельдік (тауарлық) және алтындық (банктін алтын қоры). Алтынмен қамтамасыз етілмеген бөлігі фадуциарлы деп аталады (сенімге негізделген).

Вексельдің банкнотаға айналуы қарыз операииялары және эмиссиялары тәртібінде жүзеге асады. Банкноталарды тауар айналысын несиелеу тәртібімен вексельдер негізінде шығару банкноталардын банкке кері қозғалысын тудырады. Несие бойынша төлем мерзімі жеткен соң банкноталар орталық банкке қайтарылып отырылады.

Қазіргі кезде бүкіл әлемде ақшалар алтынмен камтамасыз етілмеген. Сондықтан ұлттық валюта сол елдің шекарасында ғана заңды төлем құралы болып табылады.

1993 ж. біздің республикамызда шығарылған теңге қағаз және несие ақша - банкнота болып табылады, себебі олар Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің сөзсіз міндеттемесі болып саналады және оның барлық активтерімен қамтамасыз етіледі.

Банктік салымдар мен қолма-қолсыз есептеулер негізінде құрылатын депозитті ақшалар айналысы чекпен байланысты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет