«АТАМЕКЕН» ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ
ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛ
КӘСІПКЕРЛІК НЕГІЗДЕРІ
СТУДЕНТТІҢ ЖҰМЫС ДӘПТЕРІ
Студенттің аты-жөні________________________________________________________
НҰР-СҰЛТАН 2019
Әдістемелік құрал: «Кәсіпкерлік негіздері» курсы бойынша студенттің жұмыс дәптері / Е. С. Дүйсенханов, Н. Е. Жұлдызбаев, А. С. Успаева, А. С. Өтепқалиев, С. Атагельдинова, Ғ.Е. Керімбек - «Атамекен» ҰКП. Нұр-Сұлтан: «Шаңырақ-Медиа» ЖШС, 2019 ж. - 200 б.
Әдістемелік құрал: «Кәсіпкерлік негіздері» курсы бойынша студенттің жұмыс дәптері қазақстандық және халықаралық тәжірибені ескере отырып, кәсіпкерлік қызметті жүргізу, менеджмент, маркетинг, қаржы, кәсіпкерліктің операциялық қызметі, стартап жобаларды бизнес-моделдеу бойынша базалық білімнің кіріспе курсын қамтиды. Әдістемелік құрал студенттердің кәсіпкерлік ойлауы мен XXI ғасырдың негізгі дағдыларын қалыптастыруға ықпал ететін оқытудың іс-тәжірибеге бағдарланған моделін жүзеге асырады.
Әдістемелік құрал Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының студенттері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына сәйкес Қазақстанды жаңғырту контексінде және жарияланған басымдықтардың бірі – Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру арқылы бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейтуге арналып жасалған.
ISBN
© «Атамекен» ҰКП, 2019
АЛҒЫСӨЗ
Құрметті студент!
«Кәсіпкерлік негіздері» курсына қош келдіңіз!
Сіз елімізде кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығы туралы жиі естіген шығарсыз.
«Күшті экономиканың негізі – ең алдымен, мықты шағын және орта кәсіпкерлік, стратегиялық мақсат – 2050 жылға қарай оның ЖІӨ үлесін 50%-ға жеткізу. Болашақта шағын және орта кәсіпкерлік елімізде басты жұмыс беруші болуы тиіс», – деп атап көрсетті өз мәлімдемелерінің бірінде Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев.
Қазіргі уақытта жастардың басым бөлігі кәсіпкер болғысы келеді. Не үшін? Бір жағынан кәсіпкерлікті жүргізе білу – жеке бас бостандығының және тәуелсіздігінің кілті, ерекше шешімдерді ойлап табу және оларды шын мәнінде жүзеге асыруға тырысу мүмкіндігі, өз өмірін, жақын адамдары мен барлық отандастарының өмірін өз бетінше өзгерту. Екінші жағынан, кәсіпкерлік елде жұмыс орындарын құруға, қоғамда талап етілетін өнімдер мен қызметтерді өндіруге, өзі жұмыс істейтін қоғамдастықтарға көмектесуге, төленетін салық есебінен елдің әл-ауқатын арттыруға үлесін қосады. Кәсіпкерлік – шығармашылық үдеріс, қиындықтарды жеңе білу, ішкі даму, сонымен бірге, өзінің қызметкерлері, әріптестері мен тұтынушылары алдындағы үлкен жауапкершілік.
«Кәсіпкерлік негіздері» курсында кез-келген кәсіпкер үшін өмірде қажет болатын құзыреттіліктерді дұрыс құруға дағдыланасыз, өз жобаңыз бойынша команданы қалай құру керектігін білесіз, нарықтың қажеттілігіне сүйене отырып, дұрыс бизнес-идеяны қалай таңдауға болатынын біле аласыз, бизнес-модельді әзірлеп, өз кәсіпкерлігіңіздің стартына арналған бизнес-жоспар құруды үйренесіз. Сондай-ақ маркетинг негіздерімен танысып, өз өнімдеріңіз бен қызметтеріңізді қалай және қайда ілгерілете алатыныңызды байқайсыз, қолданыстағы сату стратегиялары туралы біле аласыз, өзіңізде қандай ресурстар бар екенін және оларды қалай дұрыс басқаруға болатынын түсінесіз. Сондай-ақ, кәсіпкерліктің операциялық қызметтеріне ішкі жағынан қарауға мүмкіндік туады: бизнесте қандай салықтардың есептелуі мен төлену тәртібін, табысты, кірістер мен шығыстарды есептеуді, инвестиция тартуды және кәсіпкерлікті кеңейту жолдарын меңгересіз.
Біз берген білім сіздің болашақта «Кәсіпкер» болсам деген ішкі қалауыңызды анықтауға көмектеседі деп және жаңа шыңдарды бағындыруға мүмкіндік беретініне үміттенеміз.
Біз Сіздің кәсіпкерліктің қызықты әлеміне жасаған қадамыңызға сәттілік тілейміз!
Достарыңызбен бөлісу: |