ІІ нұсқа
Оқу сауаттылығы
Нұсқаулық: Мәтінді мұқият оқып, берілген тапсырмаларға дұрыс жауап
беріңіз.
ГМО қайдан келді?
1. Ғалымдардың болжауынша, жер шары небәрі 12 млрд адамды
асырауға есептелген. Қазіргі таңда дүниежүзіндегі халықтың саны 8
миллиардқа жетіп отыр. Әлемде жыл сайын 1 миллион адам аштықтан
қырылады екен. Демек, алдағы уақытта күллі адамзат азық-түлік
тапшылығын тартады деген сөз. Осы түйткілді мәселені алдын ала болжап
білген ғалымдар генетикалық құрамы өзгертілген өнімдерді жасап шығарды.
2. Оның түп-тамыры 1952 жылы ДНҚ-ның молекулалық құрылымын
ашқан америкалық биологтар Джеймс Уотсон мен Фрэнсис Криктің ғылыми
жаңалығынан бастау алады. Олар генетикалық материалдың ұрпақтан-
ұрпаққа берілуіне, сақталуына, дамуы мен қызметіне ДНҚ жауапты екенін
анықтағаннан кейін 1972 жылы тағы бір америкалық биохимик Т.Берг екі
түрлі организмнің ДНҚ молекулаларын бір-біріне қосып, бұрын-соңды
болмаған басқа бір түрін құрастырып шықты. Осылайша, ол жануарлар,
өсімдіктер және басқа да организмдерді будандастыру арқылы қолдан
көбейтуге, өсіруге болатынын ашты. Гендік инженерия саласында ашылған
бұл тәсіл алғашында өсімдіктерді үсіп кетуден сақтау үшін пайдаланылды.
Кейін астықты бірнеше есеге көбейтуге, тағамды молайтуға қолданыла
бастады. Осы әдісті іліп әкеткен Қытай 1992 жылы пестицидтер қосылған
темекі өндіріп шығарды. Содан кейін камбала балығының генін қосып,
суыққа төзімді қызанақтар өндірді. Осылайша, ГМО дәуірі басталды. 1993
жылы ГМО қосылған жасанды тағамдар жаппай сатылымға түсе бастады.
Қазақстанға да трансгендік өнімдер осы кезде таралды.
3. Гендік өзгеріске ұшыраған тағамдар пайда болғаннан бері әлемде
трансгендік өнімдер туралы неше түрлі пікір айтылып жүр. Бірақ
ешқайсысына қатысты нақты ғылыми тұжырымдалған дәлел жоқ. Қазір
көптеген елдерде гендік өзгеріске ұшыраған жаңа өнімдер шығарылуда. Бұл
өнімдер жылдан-жылға көбеймесе, азаймайды. Қайсыбіреулер гендік
модификацияланған
азық-түлік
ісік
ауруларын
туғызады,
ағзаны
зақымдайды, генді бұзады, иммунитетті төмендетеді деп айтады. Дегенмен
адамның гені тамаққа бола бұзыла салатындай оңай нәрсе емес. Оның
бірнеше қабаттан тұратын қорғаныс күші бар. Ағзаның генетикалық кодын
бұзу үшін радиация мен химиялық жойқын күш керек. Қайта құрылымы,
пішіні өзгерген тамақтың құрамы әртүрлі дәрумендермен байытылып,
нәрлілігі арта түседі.
4. Кезінде жануарлардың асыл тұқымын, өсімдіктердің ерекше сортын,
пайдалы микроорганизмдердің штампын жаңартып шығаратын селекция
әдісі пайда болған кезде әлем дүрлігіп, оған қарсы тұрды. Бүгінде оның
пайдасы күмән келтірмейтін болды. Сондықтан тағамды молайтуға
мүмкіндік жасап отырған технологияның шыққанына қуану керек шығар.
5. Сонымен қатар гендік модификацияланған өнімдерді зиянды деп
есептейтін мамандар да баршылық. Негізінен, генетикалық тұрғыдан
өзгеріске ұшыраған ағзалардың адамға қалай әсер ететінін білу үшін
ұзақмерзімді зерттеулер қажет. ГМО, әсіресе, енді жетіліп келе жатқан
организмге қауіпті. Сондықтан балалардың тамағына трансгендік
қоспаларды араластыруға болмайды деген пікірді ұстанушылар да көп
кездеседі.
6. Қысқасы, генетикалық тұрғыдан өзгертілген өнімдер туралы, оның
адам ағзасына әсері жөнінде нақты ғылыми дәлелденген байлам
болмайынша,
ГМО
тақырыбы
күмәнді
болып
қала
бермек.
(393 сөз)
ГМО: АШТАН ЕМЕС, АСТАН ӨЛМЕЙІК – «Жәрдем» (zhardem.kz)
1. Мәтіндегі негізгі ойды анықтаңыз
A) Гендік өзгеріске ұшыраған тағамдар пайдалы.
B) Гендік өзгеріске ұшыраған тағамдар зиянды.
C) Гендік өзгеріске ұшыраған тағамдарға қатысты зерттеулер көп.
D) Гендік өзгеріске ұшыраған тағамдарға қатысты зерттеулер аз.
E) ГМО тағамдар 12 млрд адамды асырай алады.
2. ГМО-ның пайда болуына себепкер болған ауқымды мәселе
A) Адамзаттың азық-түлік тапшылығына ұшырау қаупі.
B) Әр түрлі организмдердің ДНК-ларының араласа алуы.
C) Камбала балығының генін қосып қызанақ өндіруге болғаны.
D) Гендік инженерия саласының ашылуы.
E) ДНҚ-ның молекулалық құрылымының ашылуы.
3. Үшінші азатжолдағы ойға сәйкес келетін азатжолды көрсетіңіз
A) 1
B) 2
C) 4
D) 5
E) 6
4. Суыққа төзімді өсімдіктер ойлап шығаруға бастама болған тәсіл.
A) Генетикалық материалдың дамуына ДНҚ жауапты болғаны.
B) Генетикалық материалдың ұрпақтан-ұрпаққа берілуі.
C) Жануарлар мен өсімдіктерді будандастыруға болатыны.
D) Өсімдіктерге пестицидтер қосыла бастағаны.
E) Өсіп жатқан астықты бірнеше есеге көбейтуге болатыны.
5.
«Қайсыбіреулер гендік модификацияланған азық-түлік ісік
ауруларын туғызады, ағзаны зақымдайды, генді бұзады, иммунитетті
төмендетеді деп айтады. Дегенмен адамның гені тамаққа бола бұзыла
салатындай оңай нәрсе емес» сөйлемдеріндегі ой бір-бірін(е)...
A) байланыстырады
B) нақтылайды
C) қарама-қайшы
D) толықтырады
E) түсіндіреді
6. Бесінші азатжолға сәйкес тұжырым
A) ГМО-ның пайда болғанына жарты ғасырдан асты.
B) ГМО-ны жеткіншектер тағамына қоспауға кеңес береді.
C) ГМО-ға шынайы баға беру үшін уақыт қажет.
D) ГМО қосылған тағамдарды сатуға рұқсат жоқ.
E) ГМО-ның шынайы пайдасын анықтау – уақыт еншісінде.
7. «ГМО қайдан келді?» сұрағына тікелей жауабы бар азатжол
A) Бірінші азатжол
B) Екінші азатжол
C) Үшінші азатжол
D) Төртінші азатжол
E) Бесінші азатжол
8. Берілген сөйлемдердің қайсысы автордың мәселеге қатысты жеке
көзқарасын білдіреді?
1. Демек, алдағы уақытта күллі адамзат азық-түлік тапшылығын
тартады деген сөз.
2. Қайсыбіреулер гендік модификацияланған азық-түлік ісік ауруларын
туғызады, ағзаны зақымдайды, генді бұзады, иммунитетті төмендетеді деп
айтады.
3. Генетикалық тұрғыдан өзгертілген өнімдер туралы, оның адам
ағзасына әсері жөнінде нақты ғылыми дәлелденген байлам болмайынша,
ГМО тақырыбы күмәнді болып қала бермек.
A) Тек біріншісі
B) Тек екіншісі
C) Тек үшіншісі
D) Барлығы дұрыс
E) Барлығы теріс
9. Берілген сөйлемнің түрін анықтаңыз: «Кейін астықты бірнеше есеге
көбейтуге, тағамды молайтуға қолданыла бастады»
A) Бірыңғай толықтауышы бар жай сөйлем.
B) Бірыңғай баяндауышы бар жай сөйлем.
C) Түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлем.
D) Себеп-салдар салалас құрмалас сөйлем.
E) Ыңғайлас салалас құрмалас сөйлем.
10. Берілген мәтіннің стилі мен жанрын анықтаңыз.
A) ауызекі сөйлеу стилі, әңгіме
B) ғылыми стиль, баяндама
C) көркем әдебиет стилі, диалог
D) публицистикалық стиль, мақала
E) ресми ісқағаз стилі, хабарлама
Достарыңызбен бөлісу: |