НҰрымбетова кенжекүЛ Қалдыбекқызы тәуелсіз Қазақстандағы репатриация мәселелері мен болашағы: тарихи талдау



бет2/4
Дата23.02.2016
өлшемі0.72 Mb.
#5704
түріДиссертация
1   2   3   4

Зерттеу жұмысының нысаны Тәуелсіз Қазақстандағы оралмандар репатриациясы: мәселелері мен жетістіктері.

Зерттеу жұмысының пәні. Диссертациялық жұмыста еліміздің тарихи-мәдени, әлеуметтік, саяси, демографиялық дамуы мен қауіпсіздігіне зор ықпалы бар тәуелсіз Қазақстандағы репатриация үрдісі жан-жақты зерттеу.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертацияның негізгі мазмұны мен тұжырымдары 8 жарияланымда, оның 3-і ғылыми мақалалар түрінде жарық көрсе, 5-і әр түрлі деңгейдегі халықаралық және ғылыми-практикалық конфе-ренцияларда баяндама ретінде көпшілік алдында талқыланып, топтамаларда басылды. Олар ҚР БжҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің талаптарына толықтай сәйкес келеді.

Диссертациялық жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазіргі заман тарихы және ғылыми ақпараттар бөлімінде орындалып, қорғауға ұсынылған.



Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, қысқартылған сөздерден, алты бөлімнен тұратын екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде зерттеу жұмысының өзектілігі негізделіп, мәселенің зерттелу дәрежесіне талдау жасалған, мақсаттары мен міндеттері, еңбектің методология-лық принциптері мен әдістемелері, деректік негізі, ғылыми жаңалығы, қолданбалық маңызы және қорғауға ұсынылатын тұжырымдары айқындалған.

«Қазақстандағы репатриация процесінің басталуы» деп аталатын бірінші бөлімнің «Қазақстандағы тәуелсіз жылдарына дейінгі репатриация процесі: тарихи шолу» деп аталған бірінші тармақшасында қазіргі Қазақстанға шеттегі отандастарымызды көшіріп алу, азаматтық беру немесе жаңарту, жағдайларын тудырар алдында қателіктер жібермес үшін, тарихта өткен репатриация үрдістерінен оң сабақ алу қажеттігі туындап отыр.

1917 ж. ақпан революциасынан кейін қазақтардың Қытайдан туған өлкесіне қайтулары сәуір, мамыр айларында Шыңжанның Іле округі арқылы Жетісуға өткендер саны 120 мың адам болған. Алайда, бұл көрсетіліп отырған мәліметтер елге қайтқан қандастарымыздың жалпы санын толық анықтамайды. Қазақтардың тағы бір ірі тобы Шығыс Түркістаннан Семей облысымен шектескен шекарасы арқылы өткен. Сонымен қатар қазақтардың елге өтуі бір ғана мамыр айымен шектеліп қалған жоқ [13, 15-б.].

Елімізде 1920 жж. жүргізілген мемлекеттік саясат 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысқандарды жазалау экспансиясының әскери қимылдарынан қашқандар, кеңес өкіметі қысымына шыдамағандар мен 1920-21 жж. ашаршылық кезінде шетелге өтіп кеткен отандастарымызды қайтаруға қатысты болды. Қазақ халқының қоныс аударулары өлке экономикасы мен еңбекші халықтардың әл-ауқатына әсерін тигізбей қойған жоқ. Сондықтан да өлкелік партия Комитеті 1932 ж. 31 наурызында көшіп кеткен кедей-шаруа шаруашы-лықтарын қайтарып, оларды Қазақстан аумағында жайластыруды ұйымдасты-руға бағытталған мемлекеттік комиссия құрды. Осы секілді комиссиялар облыстық, аудандық атқару комиттетерінде де, осы комитет басшысының басшылығымен құрылды. Бұл Комиссия 35 мың шаруашылықтарды қайтаруды ұйымдастырды. Қайтаруды ұйымдастыру үшін белгіленген өлке мен республикаға арнайы өкілдер жіберілді. Әрбір волостарда бірнеше дәрігерлік, азық-түліктік қабылдау пункттері ұйымдастырылды. Бұнда арнайы дәрігерлік тексірістен өтіп, келген шаруашылықтар өндірістік, азық-түлік тауарларымен қамтылып, осы жерде әрі қарай жайластыру жағдайлары қарастырылды. Қайта келген шаруашылықтардың көпшілігі колхоз, совхоздарда және өздері тұрған бұрынғы қоныстарына орналастырылған. 1932 ж. 15 маусымындағы мәліметтер бойынша өлкенің көрші республикаларға көшіп кеткен 16-17 мыңдай шаруашылықтар қайта оралған [14].Көшіп кеткен шаруашылықтарды қайтару мен жайластыру жұмыстары барысында кемшіліктер де орын алған. Крайком партия директивалары бойынша көшіп кеткендерді қайтару арнайы ұйымдасты-рылған үгіт-насихат жұмыстары арқылы ерікті түрде жүруіне қарамай, әкімшілік бұйрықпен, қарудың күшімен қайтарып отырған кездері де болған. Мысалы, мұндай жағдай Батыс Сібірден қайткандар арасында кездескен.

1932 ж. 25 маусымында Батыс Қытай аймақтарынан Жаркент ауданына 625 адамы бар 163 қазақ қожалықтары оралған. Оларға жайласуына арнап 45 000 рубль көлемінде өндіріс тауарлары Аудандық тұтыну одақтары арқылы үйлестіру жұмыстары қарастырылған. 1946-1948 жж. аралығында Шыңжаннан келгендер ағымы күшті болып, мемлекет тарапынан оларды жайластырудың экономикалық тиімді жақтары қарастырылды.1930-1940 жж. арасындағы миграциялық үрдістер Қазақстан халқының сандық динамикасына әсер етсе де, 1930-1934 жж. аштық салдарынан кеміп кеткен халық санының орнын толтыра алмады. Бұл жылдары ұйымдасқан және ұйымдаспаған түрде қазақ шаруашы-лықтарын қайтару арнайы жіберілген өкілдер арқылы жүргізілді. Бұл жылдары репатриация мәжбүрлі және ерікті сипат алған.

1950 ж. аяғынан бастап ҚХР-да басқа ұлт өкілдерін ассимилициялау жоспарын насихаттау саясаты орын алды. Бұл саясат аз ұлт өкілдерінің наразылығын туғызып, Қытай басшылары тарапынан репрессияға ұшыраған қазақтар мен ұйғырлардың совет-қытай шекарасынан алғашында біраз топтары, кейіннен жаппай түрде Қытайдан келуіне себеп болды. Репатрианттардың негізгі бөлігі Шынжанның Іле, Тарбағатай мен Алтай округтерінен болды. Олардың негізінен орналасқан аудандары Батыс Қазақстан, Актюбе, Павлодар, Қарағанды облыстары. 1954 ж. келген репатранттардың 3003 адамнан тұратын 504 жанұясы Костанай облысының совхоздарына қабылданып, Миллютинск, Шевченко, Красноармейск, Жетіқара, Бестобе және басқа совхоздарда орналастырылған.

КСРО Жоғары Кеңесінің 1954 ж. 13 сәуірдегі №751-329 Қаулысына сәйкес Қытайдан КСРО-ға келем деушілерге 1959 ж. шілде-тамыз айларында шекарадан өтуге рұқсат берілді. Олар тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында колхоздар мен совхоздарда, МТС-терде жұмыс істейтін болды. Қытайдан репатрианттанған 12624 жанұя колхоздар мен совхоздарда орналасқан [15]. Жоғары айтылған Қаулыға сәйкес Ауылшаруашылығы банкісінің Басқармасы келгендерге жеке үй салуға әрбір жанұяға 10 жыл ішінде өтейтін 10-15 мың рубль. бөлу туралы және ірі қара мал сатып алуға 3 жыл ішінде өтейтін 2-3 мың рубль ссуда беру жөнінде ұсыныс жасаған. 1954-1955 жж. аралығында ҚХР-нан ҚазКСР аумағына 65564 адамы бар 11945 отбасы оралған. 1954 ж. КСРО мен Қытай арасында жасалынған 10 жылдық келісім шарт "Кеңес азаматтарының" ҚСРО-ға қайтуына жол ашты. Олар заңды түрде 1955 ж. жаппай Қазақстанға қайта бастады. 1955 ж. Қазақстанның совхоздары-на Қытайдан 240 жанұя (39467 адам), соның ішінде еңбекке жарамдысы 13508 адам көшіп келді. 1955 ж. Қазақстан Республикасындағы халық саны 8421 мың адам болды, сол жылы Қытайдан келген Кеңес адамдарының жалпы саны 240 мыңнан аса болған, бұл бүкіл халықтың 2,8 % болып табылады [5, с. 226].

1956 ж. 26 қазан айында КОКП Орталық Комитеті «КСРО-ға тұрғылықты тұруға шетелден келген совет азаматтарының арасында жүргізілетін іс-шараларды жақсарту туралы» қаулысы шықты. 1956 ж. қараша айында Қазақстан Орталық Комитетінің бюросында осы қаулының орындалуы қарастырылып шешім қабылданды. Шешім бойынша шетелден келген совет азаматтарын қабылдап, жұмыс пен тұрғын үймен қамтамасыз етуде олардың тез арада жайланып, қоғамдық жұмыстарға араласуы көзделді. 1956 ж. Желтоқ-сан айында облыстық, қалалық, аудандық партия комитететтеріне жергілікті жерлерге әрбір келген репатрианттардың тұрғын-үй жағдайын тексеру жұмыс-тарын ұйымдастырып, олардың білімі бойынша жұмысқа орналасуларын, кәсіби білім алуы мен білімін жоғарылату, олардың арасында саяси-тәрбиелік жұмыстардың жүргізілуі, түскен арыздарын тез арада қарап шешу жолдарын қарастыруды, жеке құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскілерін беруді және құрылыс материалдарымен қамтылуларын қадағалау белгіленген. Осылай партия және совет үкіметі репатриация үрдісін өзінің қатаң қадағалауына алып отырды. Осылай, 1954-1961 жж. аралығында жыл сайын ұйымдасқан түрде ҚХР-нан совет азаматтарының келуі жалғасып жатты. Осы жылдар аралығында барлық келгендер саны 22695 отбасы, 134117 адам болған [16].

1963 жылдың мамыр айына дейін ҚХР-нан 20487 адамы бар 1830 отбасы қабылданып облыстар бойынша орналастырылған. 1962-1963 жж. барлық кел-гендер 118926 адамы бар 24202 отбасы [17]. Келгендер жеті облыстың колхоз-дары мен сохоздарында орналастырылған. Бірақ, қоныстандыру барысында киыншылықтар болған жоқ деп айту өте қиын. Өйткені қоныстандыру барысында жоспарды ойдағыдай орындамау сияқты жағдайлар кездесіп тұрған. Қоныстанушыларды колхоз, совхоз басшыларының тапсырыссыз, қабылдау мүмкіндіктері тексерілмей жіберіліп отырған. Кейбір шаруашылық басшылары тиесілі жәрдем ақыны төлемей, келгендердің жұмыспен қамтылуын қадағала-май, тұрмыс-жағдайларына дұрыс көңіл бөлмегендіктен қоныстанушылар колхоз, совхоздардан кетіп отырған. Тұрғын үй салу жоспарының ойдағыдай дер кезінде орындалмауы да қоныстанушылардың келген жерлерінде орнығу-ларына кедергін тигізген. Кей облыстарда қоныстанушыларға тиісті көмекті жергілікті тұрындарға берілгендігі кездескен. Осындай Павлодар, Шымкент, Жамбыл, Қостанай, Целиноград облыстарында кездескен заңсыз қимылдардың кері әсерлері де орын алған. Осындай олқылықтарды болдырмау мақсатында Қоныстандыру бас басқармасы партия комитеттері мен аумақтық өнеркәсіп басқармасына жүргізетін іс-шаралар жоспарын жасауды міндеттеді. Қоныста-нушыларды қабылдау жөніндегі жылдық жоспар тек колхоз, совхоз басшылары қол қойған тапсырыстар негізінде жасалуы керек болды. Тапсырыс бермеген шаруашылықтарға қоныстанушыларды жіберуге тиым салынды.

Еліміз егемендік алғанға дейін Кеңестік Қазақстанға қазақтарды қайтару мәселесі ұжымдастыру кезінде, сондай-ақ 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалыстарына қатысқандарды жазалау экспедициясының әскери қимылдарынан қашқандар мен 1929-1933 жж. ашаршылық пен нәубет жылдары туған жерінен қашып, тірі қалу үшін шет елдерге өтіп кеткен бауырларымыздың бір бөлігі 1955 ж. шілде айында Кеңестер Одағының Қытаймен келісіміне орай Отанына қайта бастады. Сондай-ақ, 1962 ж. cовет-қытай қарым-қатынасының нашарлай түсуіне, Қытай басшыларының өзге аз халықтарға саяси қысым көрсетуіне байланысты шешілген. 30 жылдардағы аштық пен ұжымдастыру нәубеттерінен жан сақтап қалуды ойлаған қазақ халқы көрші Орта Азия одақтас республикалары мен Қытай одан әрі Иран мен Ауғанстанға үдере қөшкен қазақ жанұяларының ұзақ жол азаптары мен барып қоныстанған мекендердегі төзгісіз жағдайлар бірқатарының кері Қазақстанға қайтуларының себептері болды. 1958-1962 жж. Қытайдағы "Ұлы секіріс" кезінде Қытайдан қайтқандар саны көп болды [6].

Қорыта айтқанда, Кеңес өкіметі жылдарында мемлекеттік саясат саяси және экономикалық жағдайларға байланысты ҚХР-дағы совет азаматтарының қай-туына жағдай жасауына бағытталды. Кеңес өкіметінің мемлекеттік органдары репатриациялық процестерді қатаң қадағалауға ала отырып, репатрианттардың келген жерлерінде жайласып қоныстануларына көмек көрсетіп отырған. Совет-қытай қатынастарының нашарлануы, аз ұлт өкілдеріне қарсы бағытталған қытай саясатының әсері совет азаматтарының қайтуларына себеп болды. Миграциялық үрдістер негізінен халықтардың өз еркімен ойланып жасағын қималдары болса да, көбінесе жақын орналасқан екі ел мүдделеріне де байланысты жүрді. 1950 жж. алғашқы жартысындағы репатриация ерекшелігі еліміздегі саяси және экономикалық жағдайларға байланысты репатриациялық саясаттың өзгеруімен анықталынды. Елімізге қосымша жұмыс күші қажет болды. Келгендер алдын ала берген тапсырыстар бойынша орналастырылып отырды. Репатрианттарды қабылдауға алдын ала дайындық жұмыстары жүргізі-ліп, оларды орналастыру мүмкіншіліктері қарастырылған, әрбір министрліктің өзінің нақты есебі болып белгілі бөлімшеге жауап беріп отырған. 1962 ж. сәуір-мамыр айларында Қытайдан ұйымдаспаған түрде, визасыз Қазақстан террито-риясына келген қазақтар өсіп-өніп, бүгінде еліміздің экономикасының өркен-деуіне өз үлестерін қосуда.

«Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы және тәуелсіздік жылдарындағы репатриация үрдісінің құқықтық негіздері» деп аталатын екінші тармақша-сында Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы мен репатриация процесінің құқықтық негіздері қарастырылған.

Бірінші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы 1992 жылғы 28 қырқүйек пен 3 қазан аралығында Алматы қаласында өтті. Құрылтайдың басты мақсаты – бүкіл әлемдегі қазақ қауымының болашағы жөнінде ойлау, ұлтымыздың тарихын-дағы осынау ерекше белестің тұсында ендігі тағдыр-талайымыздың қалай өрілетінін талқылау. Құрылтай барысында әлем қазақтарының ұйытқысы болатын қауымдастық құрылды [18]. Ең бастысы – тұңғыш Құрылтай алыстағы ағайынның елге оралатын ұлы көшіне қозғау салып берді.

2002 ж. қазанның 23-інде Түркістан қаласында Дүниежүзі қазақтарының 2 Құрылтайы өткізілді. Қалай көшіп келу, білім алу, еңбек ету мәселелері қаралды. Қазақстанға 2 млн. қазақ көшіп келуге дайын отырған. Дүниежүзі қазақтарының 3 Құрылтайы 2005 ж. 28-30 қырқүйек аралығында Астана қаласында өткізілді. Бұл құрылтайда Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1991 ж. бастап 2005 ж. шілде айына дейін елімізге барлығы 110 мың 591 оралмандар отбасы қоныс аударғандығын айта келіп, еліміздегі қазақтардың саны алты жүз мыңға жуық адамға көбейгендігін атап өтті. Елбасы тағы бір тоқталған мәселесі: әлемдегі әрбір үшінші қазақ шет елдерде тұрады. Сондықтан олардың бәрін бір мезгілде туған Отанына көшіруге мүмкіндік жоқ екенін ашық айтып, шет елдерден жайлы қоныс, сыйлы кәсіп пен қадір-құрмет көріп отырған қандастарымызға екі ел арасын жалғастыратын алтын көпір ретінде жылы орындарымызды суытпаймыз деген ағайынның да пайдасы мол деген ойын айтты. Ал олардың балаларының атамекенге келіп, білім алып, туған Қазақстанды бірге түлетуіне барлық жағдай жасалғандығын атап өтті. Бұл Құрылтай іскерлік бағытта өтті.

Қазақстан Республикасының егемендік алып, алғаш рет демографиялық саясатын өзі қалыптастыра бастауының тұңғыш кепілі – 1992 ж. 26 маусымда қабылданған «Иммиграция туралы» Заң [1]. Бұл заң бойынша әрбір жылға иммиграция квотасы белгіленіп отырды. Онда иммиграция түрі мен сандық мөлшері белгіленіп, қай елден келетіндіктері, оларды қабылдауға қажетті материалдық-қаржылық ресурстар, орналастыру мен ортаға бейімдеу, олар мекендейтін аймақтар мен оларды еңбеккке орналастыратын шаруашылық типтері көрсетілді. Ұлттық диаспораға және оны жаңа орынға орналастыруға қамқорлық көрсету Үкімет пен көші-қон департаменті, жергілікті әкімшілік органдарына жүктелді. Осы Заңның күшімен 1991 ж. 1998 жылдар аралығында елімізге 200 мыңдай оралман-репатрианттар көшіп келді.

1997 ж. 13 желтоқсанында қабылданған «Халықтың көші-кон» туралы заңдары көші-қон саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, көші-қон үрдісінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін белгіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 ж. 16 қыркүйектегі № 900 қаулысы-мен этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуы тұжырымдамасы бекітілді. Бұл тұжырымдама этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуы жөніндегі шараларды әзірлеуде басшылыққа алынады. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуының нақты тетіктерін жасау, оның ішінде оларды ұйымдасқан түрде көшіру және орналасқан жерінде өмір сүруіне жағдай туғызу болып табылады [19].

Дүние жүзінде шашырап жүрген отандастарымызды біртұтас Қазақ мемлекетіне топтастыруды шешудің құқықтық негіздері: Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияда; Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңда; Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы Заңда; Қазақстан Республикасының көшіп келу туралы Заңында; Біріккен Ұлттар ұйымының «Босқындар туралы» жарғысында және басқа да халықаралық хұқықтық құжаттарда айтылған. ҚР Президентінің № 1346 2000 ж. 5 қырқүйегінде Үкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының миграциялық саясатының тұжырымдамасы қабылданды. 2001-2010 жж. бекітілген көші-қон саясатының салалық Бағдарламасы ҚР үкіметінің 2001 ж. 29 қазанда № 1371 Қаулысымен бегітілген болатын. Бұл Бағдарламаның мақсаты еліміздің бірқалыпты әлеуметтік-экономикалық, демографиялық дамуын қамтамасыз етумен қатар, мигранттардың құқықтары-ның орындалуына жағдай жасау, сондай-ақ еліміздің қауіпсіздігін арттыру болып табылады. Репатриация тәуелсіз құқықтық мемлекеттің қалыптасу жағдайына, саяси және әлеуметтік-экономикалық мазмұнына ие бола отырып сыртқы миграцияның маңызды құраушысы болып табылады. Қазақстан Республикасы өзінің сыртқы көші-қон саясатын халықаралық құқықтың көпшілік мойындаған үрдістерін негізге ала отырып, мемлекет пен халық мүддесіне сәйкес жүргізіп келеді.



«Тәуелсіз Қазақстандағы репатриация процесінің барысы» атты үшінші тармақшада КСРО-ның құлауы және Қазақстан Республикасының өз алдына тәуелсіз мемлекет аталып қалыптасуы тағдыр талқысымен шетелде қалған қазақтардың өзінің тарихи отанына оралу процесінің барысы қарастырылған.

Ендігі жерде Қазақстан репатриация проблемасымен тек 30 жылдан кейін ғана Егемендік алғаннан соң қақтығысты. Келісімшарт бойынша 1991 ж.


17 наурызда алғашқы 96 адам Талдықорған облысы Кербұлақ ауданына келіп, жұмысқа орналасады. Бұл келісім іс жүзінде 1990 жж. басталған қазақ көшіне сара жол ашылуына түрткі болған құжат болды [8, 155-160-бб].

1991-1992 жж. Шығыс-Қазақстан ауылшаруашылық өнеркәсіп кешені кәсіпорындарымен Монғолия мен Алтайдан келген 1024 отбасы қабылданған. [20]. 1993 ж. 15 сәуір айындағы №1184 «Иммиграция квотасы мен Иран Ислам Республикасы мен басқа да мемлекеттерден отандастарымыздың қоныс аударуын ұйымдастыру туралы» ҚР Президентінің Қаулысын жүзеге асыру жөніндегі 1993 жылдың 27 мамыр айындағы №437 ҚР Министрлер Кабинетінің Қаулысы бойынша 1993 жылы Қызыл-Орда облысына 250 отбасы бөлінген. Сондай-ақ Түркиядан 200 отбасы Қзыл-Орда облысына қоныстану туралы өз еркін білдірген [21]. 1993 ж. тамыз айының ортасында Ираннан 1686 адам оралған. Олар Оңтүстік Қазақстан мен Талдықорған облыстарында жайласты-рылған. Оңтүстік Қазақстан облысына – 950 адам, Талдықорған облысына – 756 адам орналастырылған. Олардың 60%-н 30 жасқа дейінгі жас буындағылар құраған. Келгендер негізінен Ауғанстанда тұрғандар, 1970-1980 жж. босқын болып Иранға келгендер. Иранда олардың негізінен солтүстік аудандарда Горган, Бендер-Түркмен қалаларында тұрғандар. Облыс әкімшіліктері тарапы-нан отандастарымызды жайластыру барысында тамақтандыру, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері қарастырылап, медициналық тексерістен өткізілген.

Шетелдегі қазақтардың жалпы саны 5,5 млн. адам болса, олардың негізгі бөлігі Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран сол сияқты Ресей мен Өзбекстанда және басқа елде де тұрады. 1991-1995 жылдар ішінде Республикаға 137919 адам келсе, оның жартысынан көбі 69819 адам немесе 5-6 % жақын шетелдерден негізінен алғанда Ресей, Украина, Тәжікстан, Балтық елдері мен Кавказдан көшіп келді. қазақтардың 49,4 % алыс шетелдерден келді. Моңғолиядан ­61040, Ираннан - 4372, Түркиядан - 2007, Қытайдан - 443, Ауғанстаннан - 18 адам оралды.

1991-1994 жж. Монғолиядан Қазақстанға 10461 отбасы, 54201 адам қоныс аударды. Монғолиядан қоныс аударған қазақтар әрбір облысқа келген жанұя, адам санына қарай: Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар, Көкшетау, Жезқазған, Талдықорған, Ақмола, Алматы, Қостанай, Ақтюбе, Орал, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарына орналасқан. Осыған байланысты облыстарда көші-қон басқармалары құрылған [8, 155-156,160-бб].

1989-98 жж. тұрақты тұруға келген көшіп келушілердің айтарлықтай бөлігі ұрпақты болу жасындағы адамдар (65,9 %). Олардың ішіндегі ширақтары 15-19 жастағылар (52,7 %) [22]. Республикадағы қазіргі көші-қон себептерінің ішінде басым рөл экономикалық факторларға тиесілі. Көші-қон легін қалыптастыруда әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың анықтаушы маңызы бар. Көшіп-қонушылар шоғырлануының үлкен деңгейі республикалық экономикалық дамыған өңірлерінде және қалаларда байқалады. 1999 ж. көшіп келу квотасына сәйкес ұйымдасқан түрде: Пәкістаннан - 95 отбасы (419 адам), Түркиядан - 32 отбасы (147 адам), Моңғолиядан 50 отбасы (195 адам), Иран Ислам Республикасынан - 18 отбасы (65 адам) көшіріліп әкелінді; өз бетінше ҚХР-нан - 20 отбасы (105 адам), Тәжікстанан - 10 отбасы (49 адам), Өзбекстанан - 45 отбасы (226 адам), Ауғанстаннан - 10 отбасы (59 адам) көшіп келді. Көшіп келу квотасына сәйкес оралмандардың отағасына 15 еселеңген есептік көрсеткіш мөлшерінде, отбасының әрбір мүшесіне 10 еселенген есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолға жәрдемақы төленді. Келген кезде барлық оралмандар тегін медициналық тексеруден өткізіліп, оларға қажетті көмек көрсетілді. Көбіне Қытай, Иран, Ауғанстаннан келген қазақтардың орыс тілін білмеуі олардың Қазақстан жерінде тез сіңісіп кетуіне кедергі жасайтын себептердің бірі [8, с. 239].

1993-2002 жж. аралығында Қытайдан Қазақстанға 856 отбасы (3331 адам) қандастарымыз оралған. Қытайдан келген оралмандардың көші-коны мен интеграциясы жолындағы кедергілерді талдау барысында мына факторларды атауға болады: құжаттарды дер кезінде реттеп, алудағы қиындықтар, экономикалық проблемаларға байланысты бейімделу күрделілігі, тіл мен мәдени алшақтықтар. Қытайдың ішкі аймақтарынан тұрғылықты халықтардың Шыңжанға қоныстануының көбеюі, қазақтардың біртіндеп ассимиляцияға ұшырау қаупін күшейте түсуде. Шыңжан қазақтарының тарихи отанына оралуының қазіргі кезде бәсеңсуі, екі ел арасындағы азаматтық алу мен орнықталуда кездесетін қиыншылықтар, сондай-ақ алғашқы келген оралман-дардың бейімделу кезеңінің кейбір сәтсіздіктері де әсер етуде.

1991-2001 жж. шетелдерден 52487 отбасы - 215224 қазақ көшіп келіп, қатарымызға қосылған. 2003 жылы квота бойынша Қазақстанға 5 мың отбасы; Өзбекстаннан – 4096, Түркіменстаннан – 91, Қырғызстаннан - 10, Тәжікстаннан - 10 отбасы көшіріп алынды. Бір жылда осы мақсатқа бюджет қаржысынан бір миллиард теңгеден артық бөлініп оның 768 миллионы баспана алуға, әлеуметтік және транспортқа - 358 миллион жұмсалды.

Көші-қон және демография агенттігінің мәліметтері бойынша 1991-2006 жж. арасындағы шет елдерден келген оралмандардың жалпы саны 143343 жанұя (565757 адам). Мемлекет оралмандарға қажетті әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта біржолғы жәрдемақыны, тұрғын үй алуға берілетін қаражатты, жол ақысы және жүк тасымалдау шығыстарының өтеміне берілетін қаржыны ескергенде, орта есеппен 5 адамнан тұратын әрбір отбасына 833 мың теңге қаражат бөлінеді. Елімізде 14 оралмандарды уақытша орналастыру орталықтары жұмыс істейді. 2008 жылдан бастап Қарағанды, Шымкент қалаларында және Оңтүстік Қазақстан облысының Ақсукент ауылында оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталықтары жұмыс істей бастады. Орталықтарда іске асырылатын бейімдеу бағдарламалары құқықтық мәселелер бойынша консультация беруді, мемлекеттік тілді, оралманның қалауы бойынша – орыс тілін оқытуды, кәсіби даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды көздейді. Шеттен келген отандастарымызды өздерінің ата-қонысына дұрыс орналастырған жөн және өз қара щаңырағына қайтқан бауырластарымыздың ата кәсіпке, ұлттық дәстүрге, дін мен тілге бейімділігін орынды пайдалана білсек, өз Отанына қайтқан репатрианттардың Қазақстанға құт-береке алып келері сөзсіз.

Диссертацияның «Оралмандардың қазақстандық қоғамға бейімделуі: мәселелері мен жетістіктері» деген екінші тарауының «Оралмандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайларының негізі» деп аталатын бірінші тармақшасында жыл сайын белгіленетін оралмандар квотасы қарастырылған.

Мемлекетіміздің иммиграциялық заңы демографиялық олқылықты жоюдың бір кепілі болып отыр. 1992 ж. 26 маусымда қабылдаған «Иммиграция туралы» Заң бойынша көші-қонның жыл сайынғы квотасын Қазақстан Республикасы-ның Президенті, Министрлер Кабинетінің ұсынысы бойынша белгілейді. Квотада келушілердің мемлекеті мен шектеулі саны, оларды қабылдаудың, орналастыру мен бейімдеудің жағдайлары, сондай-ақ олар қоныстануға тиіс аймақтың, шаруашылықтың түрі көрсетіледі [2]. Осы Заң бойынша көшіп-келу квотасы 1993 ж. бастап белгіленіп отыр. 1993 ж. квота 10 мың отбасына, 1994 ж. 7 мың отбасына, ал 1995 жылы 5 мың отбасына ғана квота бөлінген.



«1996 жылға арналған көшiп келу квотасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 ж. 24 сәуiрдегі № 2959 Жарлығы бойынша 1996 жылға арналған көшiп келу квотасы 4 мың отбасы көлемiнде белгіленген. Бұл Жарлықты iске асыру мақсатында жұмыспен қамту мемлекеттiк қорынан босқын репатрианттардың көшiп келуiн, олардың қабылдануын, жайғасты-рылуын, тұрғын үй сатып алуын және салуын ұйымдастыру үшiн 670 млн. теңге көлемiнде ақша қаражаты бөлiнуiн қарастыру ұйғарылған. Шет елдерден көшiп келудiң 1996 ж. бөлінген квота бойынша  Иран Ислам Республикасынан 405 отбасына, Қытай Халық Республикасынан 360 отбасына, Монғолиядан 70 отбасына, Түрік Республикасынан 20 отбасына, РФ 830 отбасына, Түркіменс-таннан 665 отбасы, Өзбекстаннан 1565 отбасына, Тәжікстан Республикасынан 85 отбасына квота бөлінген. Ең көп квота Өзбекстаннан келетін отандастары-мызға бөлінгендігін айтуға болады. 1996 ж. ең көп бөлінген квота Маңғыстау облысына 1100 отбасы болған.

«1997 жылға арналған көшiп келу квотасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 ж. 27 наурыздағы № 3432 Жарлығы бойынша 1997 ж. 2180 отбасына квота бөлінген [23]. 1998 ж. РФ көшіп келушілерге ең көп квота 1100 отбасына квота бөлінген екен. 1998 ж. көшіп келушілерді орналастыратын облыстардың ішінде Маңғыстау облысына көп квота бөлінген. Квота 1999 ж. 500 отбасына белгіленген. 1999 ж. Пәкістан мен Өзбекстаннан көшіп келуші-лерге бөлінген квота саны ең көп болып отырған. 1999 жылы көшіп келуші-лерді орналастыратын облыстардың ішінде Ақмола облысына көп квота бөлінген. Сондай-ақ 1999 ж. Алматы облысына мен Алматы, Астана қалалары-на квота бөлінбегендігін көреміз.

2000 ж. арналған көшіп келу квотасы 5000 отбасы болып белгіленген.2000 жылы ең көп квота 200 отбасына Өзбекстаннан келетіндерге бөлінген. Ал облыстар бойынша ең көп Оңтүстік Қазақстан облысына 165 отбасына бөлінген. Квота 2001 жылға да 2000 жылдағыдай Өзбекстаннан келетіндерге көп бөлінген 362 отбасына, сондай-ақ орланасулары да Оңтүстік Қазақстан облысында 180 отбасы. Ал оралмандардың 2002 жылға арналған көшіп келу квотасы 2655 отбасы мөлшерінде белгіленген болса, Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 ж. 10 ақпандағы N 1017 Жарлығы бойынша 2003 жылға квота мөлшері 5000 отбасы болған.

2004 ж. ең көп квота 6632 отбасына Өзбекстаннан келетіндерге бөлінген. 2004 ж. облыстар бойынша ең көп квота Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарына сәйкес 1288 және 1050 отбасына бөлінген. Қазақстан Республика-сы Президентінің 2004 ж. 27 желтоқсандағы № 1508 Жарлығына сәйкес 2005-2007 жылдарға көшіп келу квотасы әрбір жылға жылы 15 000 отбасы мөлшерін-де бөлінген.

2005 ж. ең көп Өзбекстаннан 10885 отбасына квота бөлінген, ал облыстар бойынша 2710 отбасы болып Оңтүстік Қазақстан облысына бөлінген.

2006 ж. да ең көп квота Өзбекстаннан 11129 отбасына бөлінген, ал облыстар бойынша да 2710 отбасы болып Оңтүстік Қазақстан облысына бөлінген. Жыл сайын бөлініп отырған квотадан көріп отырғандай, Өзбекстанннан келетін отандастарымызға квотаның бөлінуі көбірек болып отырған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 ж. 15 ақпандағы № 137 Қаулысымен оралман-дардың 2008 жылға арналған көшіп келу квотасы 15000 бөлып белгіленген. 2008 ж. Маңғыстау облысына бөлінген квота 2180 отбасы болып ең көп бөлін-ген. Республика бойынша Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Алматы, Жамбыл облыстарына ең жоғары квота белгіле-ніп отырғандығын байқаймыз.



Алғашқы жылдары әр жылдарға бөлінген квотаның әртүрлі себептерге, әсіресе экономикалық жағдайларға байланысты толығымен орындалмауы орын алған. Квота тек 2001 жылы толығымен орындалған.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2007 жылғы 27 қыркүйектегі № 224-ө Бұйрығымен Оралман мәртебесін беру ережесі бекітілді.  Ережеде Оралман мәртебесін беру және оның тіркелуі туралы өтінішті беру тәртібі, оралман мәртебесін беру тәртібі айтылған. Оралман куәлігі қатаң есептіліктегі құжат болып табылады және олардың мәртебесін растау үшін негіз болады. Елімізге келген оралмандардың ең бірінші кезектегі ойландыратын мәселесі квота жайы. 1993 ж. квота 10 мың отбасына бөлінсе, келесі жылдары кеми түсіп, 2001 ж. 600 отбасына ғана бөлінген. Ал 2002 ж. бастап бөлінген квота көбейіп 2005-2007 жж. 15 мың отбасы болса, 2009 ж. 20 мың отбасына бөлінген. Бұдан соңғы жылдары квотаның көптеп бөлінгендігін көреміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет