О. Сүлейменовтің әлеуметтік-экономикалық көзқарастары



Дата03.07.2016
өлшемі111.32 Kb.
#174086
Дастан Сәтбай-тарих ғылымдарының докторы,

Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті


О.Сүлейменовтің әлеуметтік-экономикалық көзқарастары

1985-жылдан бастау алған КСРО-дағы қайта құру саясаты көптеген шығармашылық тұлғалардың жеке жоспарларына түзетулер енгізді. Әдебиетте публицистика дәуірі басталды. Азаматтық ар - ожданы шыдас бермеген көркем шығармашылықтың ірі тұлғалары, өз істерімен емес - саясат және экономикамен айналысуға мәжбүр болды. Қазақстан ақын-жазушыларының ішінде экономика мен саясатпен ең белсенді айналысқан О.Сүлейменов болды. «Маған мынандай сұрақты жиі қояды-дейді ол, -неге мен жазушы бола тұра кенет әдебиеттен мүлдем алыс-саясат, экономикамен айналыса бастадым? Ал мен барлық уақытта, өз ісіммен айналысқан емеспін. Өлең жаза бастаған кезде белгілі ақын: «Сен геологсың ғой, өзіңнің мұнайыңды іздей бер, ал поэзияны мына бізге кәсіпқойларға қалдыр» деді. Тарихпен әуестеніп едім-академиктер: «Сен ақын емессің бе, өлең жазғаның дұрыс» деп үйретті... «Өз ісім» немесе «бөтен іс» мәселесін мен өзім үшін ерте айқындап алғанмын. Немен айналыссам да, «Мен, ең бірінші кезекте ақынмын, бұл мамандық емес, ар-ождан мен адам-жанының жағдайы. Қай жерде «тепетеңдік бұзылса мені сол жерге тартып отырды... Біздің жарылыс қаупі бар үйімізде от тұтанып немесе «бостандық шырағы» бұрқ ете қалмас үшін өзімнің әбден тұщынған және ұққан тәжірибемді, мен, осы жерде қолдануға тырысамын. Бұл менің саясатпен айналысуға мәжбүр болып отырғанымды түсіндірсе керек. Экономикамен де» /1/. Ақын 1988-жылдан бастап Батыстың экономика ғылыми мектебінің дәстүрлері мен жетістіктерін жүйелі түрде зерттеді. Заманауи экономикаға деген көзқарастары әлемдік экономика ғылымының ең ірі бедел иелері Леонтьевтың, Манделланың, Кейнстің тұжырымдамалары негізінде қалыптасты. 1984-1989 жылдары бұрынғы шақырылған КСРО жоғары кеңесінің мәдениет бөлімінде жұмыс істесе, жаңадан шақырылған кеңесте экономика саласын таңдап, бағалау комитетінде жұмыс істеді. Сөйтіп, нақты экономикалық мәселелермен айналысты.

КСРО –да айқын бағдарламасыз экономикалық реформалар басталған кезде Қытай мен біріккен Германияның уникальды тәжірибелері бар еді. Бірақ нарықтық эйфория жетегінде кеткен Кремльдің экономикалық кеңесшілері заманауи талаптарға сәйкес келетін теориялық тұжырымдар жасай алмады. «Нарықтық экономика» тұрпайы да дуалы түсінілді. Шын мәнісінде жоспарлы экономиканың принциптері лақтырылып тасталып, жоспарсыз экономикалық стихиялық принциптер алға тартылды. Жаңа «нарықтық экономика» термині Батыс экономикасының идеологиясын дәл білдіргенімен, кеңес жағдайында оның уақыты ертерек еді. Ақынның кеңестік экономикалық стереотиптерімен күресуіне тура келді. «Батыс «өндіріс-нарық-тұтынушы» тізбегіндегі басты буынды өзі үшін дәл белгілеп алған. Оларда өндіру проблемасы енді жоқ, өнімді өткізу проблемасы бар. Нарық-жетекші буын, ол сұранысты білдіруші, өндірістің деңгейін айқындайды, сөйтіп тұтынушылар мүдделерін өзінше реттеп отырады»-дейді О.Сүлейменов.-Біз ескі әдетіміз бойынша капитализмнің бастапқы сатысын-өндіру экономикасын- айналып өтіп нарыққа бірден шыққымыз келеді. Батыс жағдайында басты іскер тұлға-делдал, біздің жағдайымызда тауар өндіруші болуы тиіс» / 2/. О.Сүлейменовтің пайымынша, кеңес жағдайында тауар өндіруші мемлекет тарапынан тез қолдауға және жеңілдіктерге ие болуы тиіс. Алайда, нарық есікті табандылықпен қағып тұрған жағдайда бағаны босатуға деген романтикалық желік дегенін істеді.

Кеңестік бұрынғы жылдарда АҚШ-тың 1 доллары 62 копеекке жасанды түрде теңестірілгені белгілі. Бұл шетел мамандарының езуін тартқызса, қарапайым кеңес халқы үшін абстракциялық ұғымдар тұғын. Ел нарықтық экономикаға бет бұрғанда рубльдің әжуа эпопеясы жалғаса түсті. Доллар мен кеңес рублінің ара салмағын көлеңкелі нарықта алып сатарлар белгіледі. Даудың басы кеңестік экономиканың ең әлсіз саласы тұрмыстық электронды тауарлар зәрулігінен басталды. Бұл кеңес халқы үшін элитарлық тауарлар болатын. Мысалы, батыста 1000 долларға алынған компьютер немесе «видик» Мәскеуде 15000 рубльге сатылып, кейіннен өсе түсті: 1/15, 1/20 т.т. Бұл ара қатынас тауарлардың барлық түріне тарады. «Асқабақты алмамен, компьютерлік долларды нанның рублімен салыстыруға болмайды. Төменгі халықтық топтарға жақын нақ демократиялық тауарлар валютаның нақты құнын айқындайтын еді. Әлемдегі нанның, еттің, майдың және арпаның бағасы қалған заттардың құнын салыстырмалы түрде айқындайтын уақыт болатын. Оның ішінде алтынның да, компьютердің де, «Мерседестің» де. Рубльді доллармен салыстыра отырып, біздің және американдықтардың жетекші кәсіпорындарының негізгі қорлары құнының ара қатынасын білу керек еді» /3/. -дейді О.Сүлейменов.

КСРО- да керісінше болып шықты. Қара нарықтағы элитарлық тауарлардың рубль мен долларға деген ара қатынасы халық көп тұтынатын демократиялық тауарларға да тарап рубльдің құлдырауы басталды. Тауардың бір түріне деген зәрулікті ( электронды тұрмыстық тауарлар) жеңуге болатын. О.Сүлейменовтің ойынша, «Мемлекет көптеген жетіспеушіліктердің ішіндегі бір затқа деген зәруліктен туындап отырған қауіпті сезінбеді.Жетіспеушіліктің бұл түрі шешуші болды. Құдыретті мемлекеттің, тұрмыстық электронды техниканы өндірушілерге нарықты жәй ғана аша салып бұл зәрулікті жоюына болатын еді. Бір-екі жылда-ақ нарықты толтыруға болатын. Бұл әрекет жаңаша ойлау, «қабырғаларды бұзу» саясаты аясымен де қабысып жататын. Алайда, олай еткіміз келмеді. Өзіміз өндіргіміз келді. Зауыттар сала бастап, олар жобалау сатысында-ақ ескіріп жатты. Жапон және американың арзан автомобильдеріне жолды ашқанда-уақытты да ұтып, рубльді сақтауға болатын еді. Жоқ! Бір жылдың ішінде «Волга» мен «Жигулидің» құны 300 есеге, азық түлік бағасы 100-200 есеге өсіп кетті. Ал жалақы өсімі 20-30 есеге ғана артты» / 4/.

1991 жылдың қазан айында қара нарықтың қысымымен КСРО Ұлттық банкі рубльдің доллармен ара салмағын 1/30 қатынасында ресми түрде мойындады. Бұл рубльдің апат алдында тұрғандығын көрсетті. «Қазан айында Президенттің қабылдауына барып рубльдің құлдырауын қалай тоқтатуға болатындығы жөніндегі ұсыныстарымды ұсындым. Бұл жазбаларыма дейін мәселені екі жыл бойы зерттеген едім. Рубльдің нақты құнын белгілеуде Батыстағы және біздегі, тек элитарлық тауарлар бағасын есепке алып отырған Ұлттық банктің қате жіберіп отырғанына, мен сенімді едім»-дейді О.Сүлейменов.-Ресми экономистердің бұл қатесі барлық кеңес одағы халқының күрт қайыршылануына, рубльдің апатты құнсыздануына алып келді. Екі жылдан кейін 1 доллар 5000 рубльге дейін шарықтады. Миллиондаған адамдардың жинақ кассаларындағы салымдары күйіп кетті. Бүтіндей бір елдің осыншалықты арсыздықпен тоналуын тарих білмейтін /5/.

Шынында да бүтіндей бір елді талан-таражға салудың мұндай сорақы үлгісі тарихта кездескен емес. Мысалы, Мәскеудегі еттің бір килограммы кеңес адамы үшін 60 рубль болса, шетелдік үшін 2 доллар болды. Мәскеу мен Алматы арасындағы ұшақ билетінің құны кеңес адамы үшін 62 рубль болса, шетелдікке 2 долларға түсті. Шеткері аймақта онан да сорақы болды. Алматыда таксиге отырған шетелдік 1-2 доллармен қаланың ең алыс түкпіріне дейін жетсе, жергілікті жолаушы 300-500 рубль төледі. Елдің финанс жүйесі ешқандай логикаға симады. Тіпті, шетелдіктердің КСРО-ға келіп үйлену тойларын атқарған жәйттер кездесті. «Мен Горбачевке кіріп оның алдына элитарлық тауарлардың емес, керісінше күнделікті сұранысқа ие демократиялық тауарлардың бағасы салыстырылған кестені жайып салдым»,- дейді О.Сүлейменов. –Кесте 1990 жылы АҚШ пен КСРО-дағы нанға, майға, сүтке, етке, ірімшікке деген бағаның бірдей дерлік екенін көрсетті... Нью-Йорк дүкенінен 120 долларға костюм сатып алғаным бар, ал Мәскеуде дәл сол костюм 100 рубль тұрды. Осы ара салмақты ескеріп рубльдің долларға деген қатынасын айқындау керек. Горбачев оқып болысымен телефонды жұлып алып (оның экономикалық кеңесшісі Г.Явлинский болатын) боқтап жібере жаздады: «сіздер немен айналысып жатырсыздар?! Сіздерден күткен анықтамаларды, маған ақындар әкеліп жатыр!....». Трубканы тастай салып, ұзақ уақыт өзіне өзі келе алмады /6/.

Осы кездегі М.Горбачевтің жағдайын түсінуге болатын. Ол өзінің алданғанын, бір уақытта ұтылғанын сезінді. Ел талан-таражға түсті. Оны тоқтату да мүмкін емес еді. Бір ай өтпей кеңес одағы тарап кетті. Бүтіндей бір кәсіпорындар су тегінге сатылып кете барды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін аса ірі, «Камаз» кәсіпорын алыбын кеңес экономистері 5 миллиард рубльге бағаласа, Англиядан шақырылған тәуелсіз аудитор 12 миллиард долларға бағалаған еді. Биліктен М.Горбачев кетіп, Б.Ельцин келген кезде Ресейдегі миллионерлердің саны жауыннан кейінгі саңырау құлақтай көбейді... Березовский, Ходорковский т.б.

Еліміздің егемендік алуымен О.Сүлейменов кеңес басшылығына ұсынған экономикалық тұжырымдамаларын кейбір түзетулермен жаңа Қазақстан Үкіметі мен қоғамдық ғылыми көпшілігіне ұсынумен болды. Ақынның негізгі деректері мен дәйектері Біріккен Германия, әсіресе Қытай тәжірибелерінен алынды. «Біріккен Германияда жекешелендіру жүргізгенде біздегідей қиындықтар пайда болды. Елдің шығысындағы кез келген өнеркәсіп алыптарын сатып алуға дайын бай фирмалар жеткілікті еді. Бірақ үкімет бұл кәсіпорындарды жекешелендірмеуге шешім қабылдады. Оны уақытша мемлекет меншігіне өткізді. Ондаған мың адамдардың далада қалатынын олар түсініп әлеуметтік тыныштықты сақтау үшін шығынға да барды» /7/.

Алайда, О.Сүлейменовтің айрықша іш тартқаны әлемдік инновациялық экономиканың жетістіктері тоталитаризм жағдайында ақырын, мысық табандап жүзеге асырылған Қытай тәжірибелері болды. Ақынның ішкі ой ағымы бойынша 30-жылдардағы ұжымдастырудың тез қарқынмен жүзеге асырылуы қандай апатты болған болса, енді дәл сол қарқынмен ірі кәсіпорындар мен колхоздарды сол қарқынмен жекешелендіру және тарату соншалықты қауіпті. Келесі постулаты бойынша шетелдің заимдарына емес, инвестициясына басым бағыт беру керек. «Дэн Сяо Пин заимдарға емес, инвестицияға арқа сүйеді, займдар Қытайда жоқ заттай (материалдық Д.С.) кепілдіктерді талап етеді. Займдар экономиканы тек наркотик сияқты ширатқанымен делдалдығы үшін астыртын төлем алатын бюрократияны байытады. Уақытша сергуден кейін-депрессия кезеңі басталады. Инвестиция дегеніміз-еңбекке және пайдаға бірге қатысу. Өз жобаларын қаржыландырудың осы түрін таңдап алып, Қытайлықтар оны құқықтық актілер жүйесімен заңдастырып алды» /8/.-дейді О.Сүлейменов.

Әміршілдік-әкімшілдік экономиканы қайта құруды 1979-жылы бастаған Қытай экономикасының даму қарқыны 1985 жылы әлемдегі ең жоғарғы көрсеткішке жетіп жалпы өнім шығарудың өсуі-9% пайызды құрады. Бұл күшті орталық биліктің бақылауы жағдайында ғана-реформалардың сапалы жүретінін көрсетті. Оның әлсіз болуы кез келген қайта құру конструкциясын қайта қиратуға айналдырады. Оның дәлелі КСРО тағдыры. Ыдыраушылықтың күйзеліс дерті ТМД елдері экономикаларында жалғаса түсті. «Біз тәуелсіздікке де дайындықсыз, бағдарламасыз бөрлігіп кірдік» /9/. - Жаңадан тәуелсіздік алған ТМД басшылары үшін ең үлкен сынақ болған нақ осы әлеуметтік-экономикалық проблемалар болды. Саяси реформалар жақсылы-жаманды жүзеге асырылды. «Жалпылай алғанда саяси реформаларға қол жетті. Президент-хатшылар не нәрседен сүрінген еді? Экономикадан. Мұнда сабақтастықты ұстау қолдан келмеді. Экономикалық бағдарлама тоқтап қалып үкіметтік бағытпен келіспейтіндігі байқалды» /10/.- дейді О.Сүлейменов.

Осындай жағдайда, ақын жағдайдан шығудың бірден бір жолын шағын және орта бизнесті шұғыл дамытудан көрді. Үкімет позициясы мен О.Сүлейменов көзқарастарының айырмашылығы сонда, үкімет аса қымбатты уақытты жіберіп алып жатты. О.Сүлейменов асығуды талап етті: «шағын және орташа бизнес-бұл нарықтық экономиканың негізі, өзегі. Мұндай негізге ие болмай нарық туралы айтудың қажеті жоқ. Шағын және орта бизнесті дамытудың біртұтас стратегиясы Қазақстан Республикасында әлі пайда болған жоқ: заңнамалық негіз жетілмеген, салық жүйесі репрессивті (үкімет дайындаған жаңа салық кодексінің жобасы бүгінгі күннің талабына жауап бере алмады). Кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге тиісті ведомостволар, шын мәнісінде оның дамуын тежеп отыр. Қазақстандағы шағын кәсіпорындардың көпшілігі-алып сатарлық бағыттағылар» /11/.

Шынында да өнім өндіретін шағын бизнестік кәсіпорындардың саны ресми мәліметтер бойынша 1994 жылдың ортасында 15764 болса, жылдың соңына қарай өсудің орнына 11177-ге кеміп кетті. Осы орайда 1990 жылдың басындағы экономикалық даму индекстерін анықтау жолындағы О.Сүлейменов ізденістерінің нәтижелерін экономикадағы жаңалық деңгейінде қабылдауға болар еді. Бюджетті толтыру үшін белгілі бір елде қанша шағын және орташа кәсіпорын болуы керек? Есептеу өте қарапайым жүргізілді. Дамыған елдердегі (АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Англия, Канада, Италия) халықтың саны сол елдердегі кәсіпорындар санына бөлінді. Айталық, АҚШ халқы 260 миллион болса, кәсіпорындар саны 13 миллион болды. Бұл 260 миллион халықтың «5%-ы». Кәсіпорын қожайындарының саны халықтың 20/1 бөлігін құрады.

Қалған елдердегі есептеулерде осыны көрсетті. Осылайша, О.Сүлейменовтің «5 % -ы принципі» қағидасы дүниеге келді. Қалған зерттеулер көрсеткендей бұл қазіргі экономиканың универсалды заңы болып шықты. Қазақстанда халықтың саны 16 миллион болған жағдайда 11 мың кәсіпорын емес, -800 мың шағын бизнес кәсіпорындары керек болып шығады. Яғни, 800 мың кәсіп иесі нақ сол, «5 % пайызды» құрайды. «Жыл сайын мыңдаған фирмалар пайда болады, бірақ қорытындысында 5 % -ы сақталып қалады,»- дейді О.Сүлейменов. Егер бұл сан ұлғайса- артық өндірілген; экономика қызынады да, артық кәсіпорындар табиғи жолмен ығыстырылып тасталады. Нарық-өзін өзі реттейтін ұғым. Жапония мен Германияда да шамамен осындай ара қатынас. Неғұрлым кемшіндеу дамыған елдерде пайыздық көрсеткіш аздау. Нашар дамыған елдерде-пайыз үлесі мүлдем аз. Бұл заңдылық экономикалық даму дәрежесін айқындайтын жақсы классификациялық белгі бола алады. Сөйтіп, мемлекет қызметін жоспарлауға да жәрдемін тигізер еді» /12/.

Горбачев төңірегіндегі «аспирант» кеңесшілері сияқты О.Сүлейменов пен оның «Қазақстан халық конгресі» партиясының ұсыныстарына Қазақстан Республикасының алғашқы үкіметтері дер кезінде реакция бере алмай жатты. Кейбір ұсыныстары ғана баяуда болса, астыртын қабылданып жүзеге асырылды. Бұл орайда жалған бюрократиялық «намысшылдықта», чиновниктік эгоизм, жан аярлықта өз дегенін істеген болуы мүмкін. Қалай болған күнде де О. Сүлейменов, тәуелсіз Қазақстан Республикасы алғашқы үкіметтерінің экономикалық саясаттарына сындарлы оппозиция да болды. О.Сүлейменовтің ойынша тәуелсіздік кезеңінің алғашқы үкіметі (Терещенконың), елдің агро-өнеркәсіп кешенін бүлдірді. «Шұғыл ұжымсыздандыру, қираған колхоздар мен совхоздар, тағдырдың тәлкегіне тасталған жаңа туып келе жатқан фермерлік. Қажыгелдиннің үкіметі Отандық өнеркәсіпті толығымен күйретіп, оны талан таражға салды. Бюджет Батыстың займдарына тәуелді бола түсті. Балғымбаевтің үкіметі негізінен өзіне дейінгілердің дәстүрін жалғастырды» /13/.

Алайда, О.Сүлейменовтің экономикалық сценариіне жақын бағытта дамыған бұрынғы КСРО Республикалары да болды. Ең бірінші кезекте Балтық жағалауы Республикалары, әсіресе Эстония, Ресейдің Б.Немцов басқарған Нижний Новгород губерниясы да осы қатардан көрінеді. Балтық жағалауы республикалары 1993 жылдың өзінде-ақ дағдарыстық кезеңді толығымен басынан өткеріп үлгірді. Мұның барлығы кеңестік кремль кеңесшілерінің тарихи қолы тимей, Қазақстан Үкіметі басшылары тыңдауға намыстанса да О.Сүлейменов экономикалық концепцияларының ғылыми негізді болғандығын көрсетеді. Ақынның тұжырымдары әлемдік экономиканың беделді тұлғалары тарапынан да қолдау тауып отырды. Францияны президент генерал де Голль басқарған жылдары оның экономикалық кеңесшісі болған Алекс Москович былай деп жазады: «Мен Сіздің баяндамаңызды мұқият, тіпті өте мұқият оқып шықтым және көп жағдайларда сізбен біздің пікірлес екендігімізге Сізді сендіргім келеді. Әсіресе экономиканың барлық мәселелері бойынша... Қытай үлгісі ең үздік дәлелдеме болып табылады, соған ұмтылу керек деген Сіздің пікіріңізбен мен үзілді-кесілді келісемін... Біздің сирек кездесетінімізге қарамастан Сіздің теңдесі жоқ ақыл иесі екендігіңізді мен тамаша түсінемін және сіз де жақсы түсінесіз» /14/.

Қорыта келгенде ақын, ғалым және белгілі қоғам қайраткері О.Сүлейменовтің көп қырлы қоғамдық қызметінің бір бағытын экономикалық мәселелер құрады. Кеңестік рубльдің құнсыздануы, бағалардың белгіленуі, жер мәселесі, әлем елдері экономикалық даму индекстерін анықтауда, ортақ әмбебап экономикалық заңдылықтары іздестіруде, халықаралық Валюта қорының қызметін бағалауда, жекешелендіру мен қаржыландыру, ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту мәселелерінде О.Сүлейменов соны тұжырымдамалар жасай алды. Заманауи талаптарға жауап беретін ақынның дәлелдері мен дәйектері ТМД және халықаралық беделді экономикалық ғылыми ортада мойындалып жатты.

Әдебиеттер.



  1. О.Сүлейменов. В новые времена по старому стилю: монолог поэта об экономике и политике. //Казахстанская правда, 13.01.1993 г.

  2. Бұл да сонда.

  3. Бұл да сонда.

  4. Бұл да сонда.

  5. О.Сүлейменов. От полюсов к экватору, псс. т7, А; 2004, стр 307

  6. Бұл да сонда. 308 бет.

  7. О.Сүлейменов. В новые времена по старому стилю: монолог поэта об экономике и политике.// Казахстанская правда, 13.01.1993 г.

  8. Доклад Председателя партий Народный Конгресс Казахстана Олжаса Сулейменова на ІХ Пленуме ЦКК 29 октября 1994 года. // Народный Конгресс №13 (29) ноябрь 1994 года.

  9. О.Сүлейменов. «Я это знаю» А; 2004 псс. т7, стр 247.

  10. Доклад Председателя партий Народный Конгресс Казахстана Олжаса Сулейменова на ІХ Пленуме ЦКК 29 октября 1994 года. //Народный Конгресс №13 (29) ноябрь 1994 года.

  11. Бұл да сонда.

  12. Бұл да сонда.

  13. О.Сүлейменов. «Использовать шанс!» //Аргументы и факты, интервью 4 ноября

1999 г.

  1. Алекс Москович. Открытое письмо Олжасу Сулейменову. Те же ли результаты? //Казахстанская правда, 1 марта 1995 г.

РЕЗЮМЕ


В статье рассматривается социально-экономические взгляды поэта, ученого и общественного деятеля РК О.Сулейменова. Подчеркивается, что экономические взгляды и расчеты поэта, особенно по выявлению индекса экономической развитости вполне соответствовало требованиям современной экономической науки. Отмечается, что социально-экономические взгляды поэта, были востребованы обществом и признаны авторитетными экономистами мира.
Summary

The article considers the social and economic outlook of Olzhas Suleimenov the poet, scientist and statesman the Republic of Kazakhstan. His economic and outlook and consolidations, especially on imbalance of economic developing index meets requirements of modern economic science. Social and economic outlooks of poet is important to the society and recognized from famous economists of the world.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет