О. Т. Айдаров, г.ғ. к. (Қорқыт Ата атындағы ҚМУ) Ж. Достай, г.ғ. д., профессор



Дата15.06.2016
өлшемі59.51 Kb.
#138077
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ТАБИҒАТ ЖАҒДАЙЛАРЫНЫҢ ТОПОНИМДЕРІНІҢ АҚПАРАТТЫҚ МАЗМҰНЫНЫҢ МАҢЫЗЫ

О.Т. Айдаров, г.ғ.к. (Қорқыт Ата атындағы ҚМУ)

Ж. Достай, г.ғ.д., профессор (География ғылыми зерттеу институты)
Бүгінгі таңдағы қоғамымызда қалыптасып жатқан саяси-әлеуметтік көз қарастың өзгеруі жергілікті жерлердегі жер-су аттарының мағынасының өзгеруіне әкелді. Олардың қалыптасуы, халық аузында жылдан-жылға айтылу заңдылықтарының өзгеруіне әкеліп соқты. Оның дәлелі, байырғы атаулардың жаңартылуы.

Біріншіден, Кеңес дәуірінде облыс аумағындағы топонимдердің революцияландырылуы жүрді. Яғни, Қазақы атаулар орыс ұлтының көсемдерінің есімімен байланысты аталды.

Мысалы облыс аумағында қорғалатын аймақтардың болғандығын қазіргі кездесетін топонимдерден байқауға болады. Ол атаулар "қорық" сөзіне тіркеле аталса, кейбіреулері сол жерді мекен ететін жан-жануарлардың атымен аталған. Мұндай атаулар облыс байтағында молынан кездеседі. Мысалы: (Сәтімбекұлы Р., 1981), Кеңқорық, Шаянқорық, Жаңақорған қорығы болған десе Құланды, Қасқақұлан, Арыстанды, Арқарлы, Үкілі, Бөріойнақ, Бөрітескен т.б. атаулар сол аңдардың өңірде көп кездесетінің айғағы сыңайлы.

Кез келген елдердегі сияқты, Сыр бойында да алғаш табиғат қорғаудың халықтық түрі ертеден-ақ қалыптасқан. Кей жерлерде қорықтар ұйымдастырылған, әулиелі киелі жерлер болған. Табиғат қорғаудың халықтық үлгісі табиғат қорғаудың жеке түрінің қалыптасуының негізі болды. Сөйтіп бай феодалдардың жеке иеліктеріне табиғаттың әсем жерлері кірді. Ондай жерлерде өздері демалып, қонақ күтіп, аңшылық пен саятшылық құрып отырған.

Мұның айғағы ретінде жергілікті жерлердегі топонимдерді айтуға болады. Мысалы: Қаратаудың Өгізмүйіс деген жеріндегі табиғаты әсем жерде орналасқан Үсеннің бауы, Жиделі, Қотанбұлақ т.б. Бұл жерлердің табиғаты керемет таулы, бұлақ айналасы көк майса, бау іші құстарға толы, тау-тасты секіре қашқан шіл, бұлдырық, бөдене т.б.

Орыс шаруаларының, бай-көпестерінің Қазақстан жеріне жер ауып келуі, жергілікті халықтың мал жайылымдық жерлерін, шұрайлы жерлерді тартып алуы, өлкенің ежелден келе жатқан топонимдерінің өзгеруіне, табиғат қорғау тарихында жаңа кезеңнің қалыптасуына алып келді.

Түркі халықтарының табиғатпен өзара қарым-қатынасы әр түрлі діни сенім-нанымдар мен түсініктерде бейнеленген табиғатты құрметтеу, оны анимациялау, яғни пір тұтудан айқын көрінеді. Сонымен қатар түз даланы мекендеген халықта оның тұрмыс-тіршілігіне қарай жазба әдебиеті болмады да ауыз әдебиеті күшті дамыды. Ол тілдің, ой-сананың жетілуінен, абстракты ойлау, әсірелеу, кескіндеу, естіген хабарды жадында сақтау мүмкіндіктерінің шексіздігінен көрінеді. Мұны ХІХ ғ. қазақ жерінде болған зерттеуші Н. Зландтың пікірінен де көруге болады. Қырғыздар (қазақтар - автор) айнала қоршаған ортаны, адамдар мен жерлердің аттарын есте сақтауы жөнінен мәдениетті адамдарды артта қалдырады [1]. Бұл топонимдер халықтың көшпенді өмір жағдайындағы рухани мәдениеттің мұраларын мәңгілікке ұрпаққа жеткізіп отыр. Осы шығармашылық дәстүрінің ауызша сипаты сол кезеңдердегі халықтың табиғатты тану мен пайдалану барысында жинақталған экологиялық тәжірибені айрықша жеткізіп отыр. Мұны көшпенді халықтың ауыз әдебиеті мен жер-су атауларындағы кездесетін метафорлардан байқауға болады.

Қазақ халқының географиялық өрісінің кеңдігін қазіргі терминологиямыздың аса байлығынан көруге болады. Бұл халықтың географиялық атаулардың топонимиялық зерттеудегі маңызы өте зор. Сол зерттеулер арқылы кез-келген өлкенің қазіргі антропогендік өзгерісін бұрынғы табиғи қалпымен салыстырып, елестетуге болады. Сондықтанда халықтық атаулардың маңызының зор екендігін, зерттеуші Э.М. Мурзаевтың мына сөзінен: "Атаулар – топонимияның негізі, олар географиялық атаулардың мағыналық мазмұнын анықтайтын бөлігі болып табылады… кез келген топонимиялық зерттеу халықтық географиялық атауларды талдаудан басталуы қажет" – білуге болады [2]. Өйткені түз далада жартылай көшпенді, малмен ғана айналысатын халық жер-су, тау-тасқа ат қойғанда сол жердің табиғатына, жердегі географиялық орналасуына өте дәл дәлдікпен есептеп қойғандай, атына заты сай болып тұрады. Бұл жөнінде Қ. Халид өзінің "Тауарихи хамсайи шаркит" кітабында былай деп келтірген: "Менің өте таң-тамаша болатыным қазақ оқымаған халық деген лақап айтылады. Ал жағрафия, астрономия сияқты арнаулы пән оқымай білуге қиын соғатын жердің белгілерін айырып, соған дәлме-дәл ат қойып сөйлейді" [3]. Міне топонимдердің маңыздылығы қайда деп білеміз.

Кез келген халықтың табиғатты пайдалану дәстүрінің қазіргі ғылыми-практикалық маңызы шаруашылықты ұйымдастыру ғана емес, табиғат қорларын сақтау мен тиімді пайдалану үрдістерін де танып білуді көздейді. Қазақ халқында ат қою жергілікті табиғат жағдайдарын дәстүрлі дүниетаным мен шаруашылық қажеттіктерге орай бейнелеумен байланысты болған дейді [4].

Кез келген аймақтың топонимиялық жүйесінде жергілікті табиғат ерекшеліктерінен хабар беретін атаулар тобы көрнекті орын алады. Халық әсіресе географиялық нысандарды атауда алдымен экожүйедегі ландшафттың шаруашылық маңыздылығына баса назар аударған. Сондықтан да болар атаулар табиғаттың сан ғасырлық келбетінен хабар беріп тұрады. Әсіресе ландшафттың биотикалық құрамбөліктері антропогендік әрекетке неғұрлым сезімтал болғандықтан тез әрі көбірек өзгеріске түседі. Басты тіршілік көзі мал шаруашылығы мен адам өміріне қажетті су болғандықтан, су қорының тапшылығы қазақ халқында гидронимдердің күшті жіктелуіне себепші болды. Сонау кезеңдердің өзінде қазақ "Судың да сұрауы бар" деп бекер айтпады. Осының негізінде "киелі бұлақтар", қастерлі құдықтар, көгілдір көлдер, өмір өзегі өзендер пайда болды. Бұл атаулардың өзі сол нысанның жергілікті жер үшін қымбаттылығын, оны көздің қарашығындай қорғау керектігін айтпасада түсінікті етіп тұр. Кейде ол атаулар сол жердің табиғатынан да сыр шертіп тұрады. Қызылорда облысының аумағында мұндай атаулар көп. Мысалы, Жиделі өзені, Көк жиде – яғни өлкенің жиде ағашына бай екенін көрсетті, Тораңғылсай, Тартоғай, Жалағаш – бұл атаулар тораңғылдың жерін, тоғайлы өлкені меңзеп тұрғаны айдан анық. Кейбір атаулар сол жердің маңындағы жайылымдар мен шабындықтардың орналасуын сипаттап, оны қорғаудың алдын алып айтып тұрғандай. Мысалы, Қамыстыкөл, Талдыарал, Талдысу. Себебі, аридті климат жағдайында шаруашылықты ұйымдастырудың негізгі алғы шарттарының бірі су көзімен қамтамасыз етілу.

Қазақ халқы ормандарға ерекше құрметпен қарап, ғасырлар бойы сақтап, тиіспей, қорғап келгендігі туралы мәліметтер жеткілікті. Бұл қазақтарда ежелден сақталып қалған ағаштарды пір тұту дәстүрімен байланысты түсіндіріледі. Жалғыз өсіп тұрған немесе аса ірі ағаштар "қасиетті" деп танылып, ерекше табыну нысандарына айналған. Шетел әдебиеттерінде жан-жақты талданған Үндістанның ежелгі мәдениетіндегі табиғатқа табыну дәстүрлерінің ішкі себебі халық тығыз қоныстанған тропиктердегі экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ұмтылыспен түсіндірілгендігін ескерсек [5] шөл жағдайындағы қазақ халқының ағаш біткенге құрметпен қарауын айтпасада түсінікті болады. Осыдан кейін ағаш өсетін жерлер ерекшеленіп, белгілі бір терминдік сөздердің немесе жеке ағаш атауының пайда болуына себеп болған (Жиделі, Қосүйеңкі, Шаған, Тартоғай, Үшағаш т. б).

Қазақстанда сирек кездесетін ағаштардың бірі – шаған, ол Шарын өзенінің аңғарында реликт ретінде сақталған. Ал Қызылорда облысының аумағында да бұл атау кездеседі: Шаған өзені, Шаған ауылы. Аридті климат жағдайында шаған тек өзен бойындағы тоғайлық ассоциацияларда ғана кездесуі мүмкін.

Сыр бойында орналасқан бұталы-жиделі тоғайлардың атаулары да өзінше бір ерекше маңызға ие. Соңғы жылдары бұл тоғайлықтардың алқабы кішірейіп, Қызылқұм құмдарының елді мекендерге ентелеп келе жатқанын байқатады. Мұнда Сырдария өзенінің аңғарын бойлай тоғайлықты жол-жол тораңғыл құрап тұр. Жер атауларында бұл ареал Тораңғыл сай, Шоқ тораңғыл деп белгіленген. Ал, жиделі жерлер Көкжиде, Жиделі, Мәуелі, Қызылжиде сияқты атаулармен айқындалады. Соымен, құрамында “жиде”, “тораңғыл” фитонимі бар географиялық атаулар осы пайдалы ағаш түрінің таралған ареалын белгілеуі арқылы қорғауға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда Қызылорда облысының табиғат жағдайларының топонимдерінің ақпараттық мазмұны табиғат қорғауда ерекше маңызды.


Әдебиеттер
1. Зеланд Н. Киргизы. Этнологический очерк // Записки Заподно-Сибирского отдела РГО. - Омск, 1885. - Кн.7, вып. 2. - С.1-78.

2. Мурзаев Э.М. Очерки топонимики. - М.: Мысль, 1974. - С. 380.

3. Халид К. Тауарих хамса (бес тарих). - Алматы: Қазақстан, 1992. - 304 б.

4. Бейсенова А.С., Каймулдинова К.Д. К топонимо-образующей роли казахскихи народных географических терминов // Вестник ВШ. - 1998. - №2. – С. 50-56.



5. Каймулдинова К.Д. Қазақ топонимдерінің этноэкологиялық негіздері. -Алматы: Ғылым, 2001. - 57 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет