Қобыланды батыр



бет6/7
Дата03.12.2019
өлшемі388.5 Kb.
#447622
1   2   3   4   5   6   7
Кобыланды батыр жыры

Қызметін асырып,

Өз аттасым Қарлыға

Дос болып сонда жүр еді,

Аяғына бас ұрып.

Қараман менен жан көкем.

Тағы да айдап жүр еді,

Көбіктінің жылқысын.

Тағы да қашып көк бесті

Көбікті мініп атына,

Бұрынғы түсіп салтына,

Көбіктіні өлтіріп,

Сәтіне мұның келтіріп,

Жұмысын анық бітіріп,

Қарлығадай сұлуды

Қарамандай құрдасқа

Сауғаға беріп жүр еді.

Ақ бөкендей жосылып,

Қазаннан алған көп малға

Жылқыны айдап қосылып.

Даярланып жатқан көп қосын

Дүркірей көшкен жосылып.

Бурыл ат ақсап қалғасын

Көкемнің көңілі басылып,

Жалғыздықты айтып зарығып,

Пірлерге налып жүр еді.

Хабарланып пірлерден

Жалғыз шауып жан көкем

Қараспанның тауында

Жұртына келіп жүр еді.

Жеңешем көмген сар нанның

Шетінен тістеп жүр еді.

Аллаға тілім жазықты,

Атына жем, өзіне

Қылсын деген азықты –

Бурыл ат тауып жүр еді,

Жеңешем көмген қазықты.

Белгілі төбе бел еді,

Ықылас ата Шашты Әзіз

Шын сарт болып кетпесе

Осы күнде көкешім

Мұнда келіп жүрген-ді».

Сол уақыттар болғанда,

Құртқа келіп сөйлейді:

«Тұра тұршы, бикешжан,

Дүйсенбі күні сәскеде

Аспаннан ай түсірдім

Қараспан таудың басында

Ақ сұңқар құсымды ұшырдым.

Ойпаң жерден ор қаздым,

Сұлтаным түзде жүргенде

Жауға пенде қылғандай

Мен тәңірге не жаздым?

Қараша таудың жылғасы

Бауырында ойнар құлжасы,

Әр пендеге бітер ме,

Сұлтанымның тұлғасы?

Құдай кіші жаратты

Төмен етек ұрғашы,

Сұлтаным сүйген ақ денем

Бола ма жаудың олжасы?

Аламын деп қинап жүр

Діні жаман болмашы.

Қартаймақ Хақтан жарлық-ты

Құлыны өлген құлыққа

Тай теліген зорлық-ты.

Ботасы өлген інгенге

Нар теліген зорлық-ты.

Ақ сұңқар қонар тұғырға

Қарға қону зорлық-ты.

Тәңірі басқа салғасын

Дұшпаннан көрдім қорлықты.

Сарыбал салдым аяққа

Бұғалық салдым саяққа,

Ніл өтпейді бояққа.

Перзентім деген, Бурыл ат,

Менен кеттің қай жаққа?

Мінген де атым Шалқасқа,

Қызмет еттім сен жаста.

Алтыннан таға салдырдым,

Таймасын деп тау-тасқа.

Қырық күнің біткенше

Қысырдың сүтін еміздім.

Ылғасыз болсын бедеу деп,

Қулықтың сүтін еміздім.

Сексен күнің біткесін,

Тоқсан күнің жеткесін,

Арымасын деп, талмасын

Маңқа, құлық болмасын

Жеміңе қосып мен саған

Қызыл дәрі жегіздім.

Құртқаның баққан Бурылы

Қыдыра жалды, қыл құйрық

Жылқыдан қалмас дегіздім.

Құнан да емдің, тай да емдің

Сөйткен сенен не көрдім?

Бес жасыңа келгенде

Бие қызығын көрсін деп,

Бес бедеуге салдырдым.

Алты жаста ақтаттым,

Ат болар деп батырға

Сені сонша мақтаттым.

Асаудан ат қып үйреттім.

Таралып мойны өссін деп,

Жібек арқан құлаштап,

Ұзын байлап мойнына,

Бурыл, саған сүйреттім

Менің балам сен болып,

Сенің анаң мен болып,

Бір көрсетші қараңды,

Қай тарапқа жөнелдің?

Жан серігі батырдың

Осындай қиын жерлерде

Үстіндегі сұлтанды

Бір көрсетер деп едім.

Көңілдегі арманым:

Сұлтаным келіп сәлемет!»

Дұшпанға салса әлемет!

Алаулаған қалмаққа

Өзінікін келтіріп,

Бір көрсетсе қорлықты

Дарбазалы тесікті

Шаһардың тұрып ішінде

Қыз Құртқаның зарланып

Шығарған қатты дауысын

Періштелер жалғасып,

Сыртта тұрған тұлпардың

Құлағы анық есітті.

Қыстың басы Қауысты*

Артық туған Қобыланды

Ерегескен дұшпанның

Басын қоймай тауысты.

Құртқаның сөзін есітіп,

Анасын тұлпар білген соң,

Қайта-қайта кісінеп,

Шығарды қатты дауысты.

Бурыл аттың дауысын

Құртқаға жел жеткізді.

Танығасын дауысын

Көңілден кірін кеткізді,

Айтса, сөзін өткізді.

Сұлтаным келген екен деп,

Жоғары шығып қарады,

Қаланың қиғаш шетінде,

Шалқар тоғай бетінде

Бір дуадақ атып ап,

Белінен кесіп шайнаған

Арыстан туған батырды

Құртқаның көзі шалады.

Келген екен сұлтаным,

Шапса қылыш өткізбес,

Басында болат қалқанын,

Қолындағы дуадақ

Жүнін үйтіп тазалап,

Пісіріп жесең болмай ма?

Батырды танып біледі,

Сұлтаным келген екен деп

Артық туған қыз Құртқа

Ақ сұңқардай түледі.

Сол бетімен сұлуың

Алшағырға келеді.

Келіп сөйлей береді:

Енді қойып күлкісін,

Тілеп алды күн шықпай

Алшағыр ханның ұйқысын

Арызым бар деп сөз айтты:

«Елімді шапқан, Алшағыр:

Сөзіме құлақ сал, Шағыр,

Сақтағаны Құдайдың

Сен итке де бар шығар!

Мінген атың кер ме еді,

Сұлтанымның барында

Сырттан келген дұшпанға

Намысымды бермеді.

Сұлтанымның жоғында

Сен болды менің ергенім,

Әкелдің де қамадың

Жарық сәуле көрмедім,

Далаға шығып, қыз Құртқа,

Бойын жазсын демедің.

Рұқсат берсең Алшағыр,

Далаға шығып азырақ

Бой жазайын деп едім.

Ала қапты алайын

Беліме арқан шалайын,

Тезек теріп, бой жазып,

Шаһардың шығып сыртына,

Бойымды жазып қалайын».

Алшағыр да ер еді,

Аламын деп қашаннан

Дәмеленіп жүр еді,

Сұрағасын сұлуға,

Мақұл көріп бұл сөзін

Барсаң, бар деп, ендеше,

Рұқсатын береді.

Ала қапты алады,

Беліне арқан шалады,

Сенбегесін қашар деп,

Екі құл мен екі күң

Бақташыға салады.

Шаһардың шығып сыртына

Бақташысы қасында,

Құртқа кетіп барады.

Келді бір сайдың басына,

Сайдың кіріп тасына

Төрт бақташы қасында

Отырып кеңес бастайды.

Күң мен құл сөзін қостайды.

Бір күң менен бір құлын

Осы сайға тастайды.

Ол сайдан да өтеді.

Және бір сайға жетеді.

Отырып кеңес бастайды.

Күң мен құл сөзін қостайды.

Бір күң менен бір құлын

Ойнай тұр деп тастайды.

Күң мен құл сөзін қостайды.

Бойын жазып алғасын,

Мінген аты қылаң-ақ

Ала қапты төрт бүктеп,

Ішіне тықты қыз Құртқа.

Қобыланды ерді сынамақ,

Қатын, қыздар жағады

Қарағайдан шайырды.

Үлкен-кіші жігіттер

Тереді бір қайырды

Манағы тоғай тұсы деп,

Болмаса, тоғай осы деп,

Тоғайға тіке қайрылды.

Тоғайға келіп енеді,

Келе жатып қыз Құртқа

Терекке басын байлаған,

Шиыршық атып ойнаған

Бурыл атты көреді.

Бұлаңдаған Құртқаны

Бурыл ат та көреді,

Анасын танып Тайбурыл

Теректегі шылбырын

Үзіп ала жөнелді.

Ат қашқасын,

«Тәк-тәк», – деп,

Қобыланды батыр жүгірді.

Ұмтылғанда Тайбурыл

Шыдай алмай қыз Құртқа

Омырауындағы он түйме

Ағытып бәрін жіберді.

Есіктің алды ығын-ды

Бола жазды шығынды,

Шығын емей немене

Екпіндеген Бурыл ат

Омырауына Құртқаның

Тұмсығын тыға жығылды.

Ат жығылған мезгілде,

Бұлаңдаған Құртқаны

Қобыланды батыр көреді.

Келе жатқан батырды

Қыз Құртқа да көреді.

Танығасын батырды

Қол қусырып, түрегеп,

Иіліп сәлем береді.

Құртқа сұлу сөйледі:

«Дүниедегі іңкәрім

Екі саулық, бір қозым

Баһар* айда қырқарым,

Бұрын жетті өзіңнен

Астыңдағы Тұлпарың.

Тұлпар мініп, ту алған,

Кеткен жерің қуарған,

Келген жерің қуанған,

Аман-есен келдің бе?

Жұрт иесі, сұңқарым!

Жаудың бақтым қаласын,

Дұшпанның міндім аласын,

Қалмақтың жектім шанасын,

Қайсар Қобылан сұлтаным,

Әлдеқандай қыласың?

Жаманның тарттым жаласын.

Сұлтаным, түзде жүргенде,

Өкімінен жүкті едім,

Бір дұшпанның баласын,

Әлдеқандай қыласың?»

Сонда Қобылан сөйледі,

Сөйлегенде бүй дейді:

«Заманым қайда баяғы?

Кім ұстамас жылқының

Жекелеп шыққан саяғын?

Біреу түгіл мыңды тап,

Көріп келдім бұл сапар

Жалғыздықтың азабын

Адам болып, ер жетсе,

Өзімнің соғар таяғым».

Қобыланды кеңдік бастады,

Кеңдігін Құртқа қостады,

Тұл болсын деп ала қап,

Артық туған қыз Құртқа

Қобыланды сынды батырдың

Көзінше алып тастады,

Қап екенін көргесін,

Иек тартып күледі

Аузы айтса да батырдың

Іші қимай тұр еді.

Қобыланды сонда сөйледі:

«Көптен бері жол жүріп,

Сағынған жарың мен едім

Дұшпаннан көріп кемшілік

Сарғайған жұптым сен едің.

Арманым жоқ дүниеде

Есен-аман қауыстым,

Құдай қосқан қосағым.

Ақылды туған, Құртқажан,

Ата-ана, көп халқым

Көре алмаспын деп едім.

Қыпшақтың мекен жайлауы

Қараспан еді өркені.

Көрмегелі сіздерді

Көп болып еді, Құртқажан,

Көріселік кел бері!»

Батырдың мінген қызыл-ды,

Жал-құйрығы ұзын-ды,

Талма түсте сұлуға

Батырдың көңілі бұзылды.

Белінен қысып құшақтап,

Құртқа сынды қызыңды.

Сағынғаннан бір-бірін

Көзінің жасы төгілді.

Батырым ұстап тұтқанда

Сұлудың белі үзілді.

Сол уақыттар болғанда

Құртқа сұлу сөйледі:

«Мінген атың құлаңыз,

Шабуыл салып бұлаңыз,

Көптен төсек көрмеген,

Күйінішті болған шығарсың.

Алайда болса, сұлтаным,

Аз-кем күнге шыдаңыз!

Алыптан еді бір басың

Тайбурыл атты ойнаттың,

Дұшпаның көп-ті, досың жоқ,

Сұлтаным, бұзба қайратың.

Айдынды көлде қу аттым,

Дертке дәрі етіңе.

Ойнап балық шығады,

Жазғы судың шетіне.

Ағаң, інің сенің жоқ,

Халық қолына тигенде,

Біреуменен ұрыссаң,

Біреуменен керіссең,

Әзілдесіп, күлісіп,

Жамандардың тілі ащы.

Қадір білмес кей жаман,

Ата-анасын жоқтамай,

Қатынын тапқан Қобылан деп,

Кінә қылар бетіңе!»

Сонда Қобылан сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

«Бұлғай да, бұлғай, бұлғай ма?

Бұлғайдың түбі тынғай ма?

Өтірік айтқан оңай ма?

Түлкі киген тоңғай ма?

Бұл ақылың қыз Құртқа,

Патшаға бітсе болмай ма?

Сөзің дұрыс, Құртқажан,

Тапсырдым сені Құдайға.

Бұлаңдаған, қыз Құртқа,

Әйел болдың айла жоқ,

Егер еркек болғанда,

Болар ең тұтқа бір жұртқа.

Төрт көлден соққан төбе еді,

Есілден шыққан көл еді.

Жалғыз да болсам жасымнан,

Көпке басым тең еді.

Неше жылдай жол шегіп,

Ауыр азап көп көріп,

Сарғайған нарың мен едім.

Сағынған жұптым сен едің.

«Сөйтіп көрген сұлтаным

Бір ауыз сөзге жарамай

Кетті», – деп айтар деп едім.

Арманым жоқ дүниеде,

Есен-аман қауыстым,

Құдай қосқан жарыма.

Ата-анамды, көп жұртым

Көре алмаспын деп едім.

Ертең Бурылға мінейін,

Қарыма сүңгімді ілейін,

Сендерді алған дұшпанға

Жалғыз да болсам тиейін.

Дәуіт соққан беренді

Кебінім деп киейін.

Матау көріп байланған

Біздің Қыпшақ ағайын,

Бүгін қойсын ұйқысын,

Түніменен сайланып,

Бітіре берсін жұмысын.

Жан басына тоғайдан

Кесіп алсын бір келте,

Ертеңгі таңда күн шыға

Атойлаған дауысым

Аш қарында шыққанда,

Мендікпін деген ағайын

Дарбазада табыссын.

Тоқым салдым алаға

Жау іздедім далада,

Ағайын, туған, қарындас,

Қарамай ата-анаға,

Мұншама Құртқа бой жазып,

Не қылып шықтың далаға?

Келінің ұзап кетті деп,

Өкімі жүрген ит қалмақ,

Барғанша азап бермесін

Ата менен анаға.

Құртқажан, енді кешікпе

Қайт тезірек қалаға.

Және де сәлем дегейсің.

Қыпшақта үлкен ағаға,

Өзімнен кіші балаға,

Көріп келдім, сұлтаным,

Келіп отыр дегейсің

Қаланың сырты далада

Әділ сұлтан бір жанын

Қылып отыр дегейсің,

Ағайын, жұрттан садаға

Қош есен бол, Құртқажан,

Ертеңге шейін мен сені

Тапсырдым енді Құдайға!

Сонда Құртқа сөйледі:

«Қайт десең, сұлтан, қайтайын

Алшағыр соққан қалаға,

Көрген соң сені шыдамай

Шығып едім далаға.

Сұлтаным, сенен айрылып,

Ішім толды санаға.

Шыбыныңды тапсырдым

Бір жаратқан құдайға.

Хандай қара басыңнан

Мендей сорлы садаға!»

Құртқа сорлы жылап тұр,

Екі көзін қадап тұр

Қобыланды сынды балаға!

«Айдынды көлде қу аттым

Дертке дәрі етіне,

Ойнап балық шығады

Жазғы судың шетіне.

Шырағым, жаның сау болса,

Кегіңді мықтап аларсың.

Қызылбастың кентінен

Тым болмаса, мойның бұр,

Кетейін сүйіп бетіңнен!

Құдай қосқан нашармын.

Жазым болып, көз жұмсаң,

Мен әуремін дертіңнен!

Жаз мінгенім жалды еді,

Қыс мінгенім қоңды еді.

Сүйгенімнің алды еді

Сүйгенім сені осы еді».

Мойнын бұрды Қобылан нар

Құртқа сұлу ынтызар,

Ауыздан сүйді Құртқа жар.

Аузын сүйді аймалап,

Алқымын сүйді қармалап,

Алқымға аузын салады,

Өліп-өшіп барады.

Көбірек тұрып құшақтап,

Қобыланды сұлтан баланы

Қожа бесін болғанда

Ғашық жармен көрісіп

Ішкен асы сұлудың

Бойына енді тарады.

Көңілі тасып, шат болып,

Шұбалаңдап қыз Құртқа

Шаһарға қайтып барады...

Төрт бақташы қасында

Құртқа сынды сұлудың

Алшағырдың шәріне

Тезірек жүріп барады.

Қақпаның аузын аш деуге

Сұлу Құртқа жарады.

Қалаға Құртқа енген соң.

Күң мен құлды әкеп берген соң,

«Сүйінші, сұлтан келді», – деп,

Дұғай сәлем айтып қалады.

Атасы мен анаға,

Қыпшақта үлкен ағаға,

Өзінен кіші балаға,

Тоқтар басы көп Қыпшақ

Естігесін Құртқадан

Біреуі жылап, біреуі

Есінен танып қалады.

Жалғызға жәрдем бергей деп,

Жаратқанға тапсырды.

Қобыландыдай баланы

Құртқа сұлу кеткесін.

Қожа бесін болғанда

Қобыландыдай батырың

Бір төбеге барады.

Алды-артына қарады.

Қарлыға қыз келер деп,

Сол уақытта қараса,

Өкше ізінен шаң шықты,

Не қылған шаң деп қараса,

Саулы інгендей ыңқылдап,

Күшігендей сұңқылдап,

Буыны түсіп былқылдап.

Алтын қалпақ дулыға

Шекесінде жарқылдап,

Қалың шаңның астынан

Ақмоншақ атпен Қарлыға

Шыға келді жарқылдап.

Қарлығаның соңынан

Мінген аты көк бесті

Ақмоншақ атпен алысып,

Сейілдің ұлы Қараман

О да келді былқылдап.

Қараманның соңынан

Қосынның қалған елінде

Орақ дейтін бір батыр

Шешесі Қамқа түс көріп,

Таңғажайып іс көріп,

Қыпшақты жау алды деп,

Басына қайғы салды деп,

Қараспан таудың сағасын

Адыра талқан қылды деп,

Жалғыз ұлы жауда жүр,

Аналық пенен Тоқтардың

Төбесінен ұрды деп,

«Шырағым, атқа мін, – дейді, –

Қалың Қыпшақ бүлінді, – деп,

Көрмегенін көрді», – деп,

Қобыланды да жеткен-ді.

Бабасы хабар берді деп,

Жай шапқасын халықты

Көзінің жасы көл-ді деп.

Шешесі бұл сөзді айтқасын,

Есіктің алды балдырған,

Қызылбас көңілін қалдырған,

Қызылбастың жұртына

Талай бүлік салдырған,

Жіңішке жирен аты бар,

Қолында жазған хаты бар,

Аллаға жеткен даты бар,

Шақырушы Қарлыға

Екеуіне қосылып:

«Айдынды Орақ, айлы Орақ,

Ай балтасы қанды Орақ,

Қобыландының көп елін

Қалмақ алды, – деген соң,

Елінен шықты сол шырақ,

Қарлығаға кездесіп,

«Барасың қайда?» – жөн сұрап,

Жолы бірге болғасын,

Бірге шапты бұрқырап.

Ақ бөкендей жосылып,

Еркінше шауып көсілді.

Келеді деген бұларды

Жоқ еді ердің есінде.

Соңынан келіп үш көкжал

Қобыландымен бас қосып,

Шаттанысып, қуанып,

Есендік-саулық айтысып,

Амандасты бесінде.

Тұра тұрсын төртеуі,

Ойын-күлкі, сауықпен

Ештеңе жоқ есінде

Құлақ салып тыңдауға

Ерінбесең, жігіттер,

Өзімнен келер жел сөздің

Аянайын несіне?

Алшағыр ханның сол кезде

Сиқыршысы болған кітаппен

Шешесі мұның бар еді.

Кітап ашып, бал салып,

Төңірекке көз салып,

Пәлені түскен алдында

Батырларды көреді,

Келгендерін біледі.

Шақырып алып баласын,

Сонда кемпір сөйледі:

«Жалғыз балам, Алшағыр,

Сөзіме құлақ сал, Шағыр!

Қастары төмен салынған,

Келуіне алған табылған,

Іздеген дұшпан шабылған

Қобаған мұрын, қой көзді,

Талма бетті, нұр жүзді

Біріне Қобылан ұқсайды,

Келді, балам, тұрсана!

Қорасан жүзді, қой көзді

Қараман келгенге ұсайды,

Келді, балам, тұрсана!

Сүйек біздік, ет басқа

Ақмоншақ ат астында,

Кәмшат бөркі басында,

Қарлыға келгенге ұқсайды.

Келді ғой балам, тұрсана!

Қабағы қарыс жабылған,

Іздеген дұшпан шабылған

Жіңішке жирен аты бар,

Қолында жазған хаты бар,

Әлемге жеткен даты бар,

Бейне Ораққа ұқсайды,

Келді, балам, тұрсана!

Алшағыр сонда сөйледі:

«Шешен тілді сөйлеткен

Қаусырма жақ иегі.

Батыр туған ерлердің

Тартар садақ білегі,

Бұл сөзіңе балаңның

Қозғалмайды жүрегі!

Жоқ сөзді айтып қинама,

Қазан барып соғысып,

Көбікті барып жоқ болған

Қайдан келсін бұл жерге,

Қобыландының сүйегі

Неше балшы болсаң да,

Айтқан сөзің, жан шеше,

Үйлеспейді жүйеге!»

Тағы кемпір сөйледі:

«Май түбінде тортамын

Ақбөкен аңдай жортамын,

Мінген аты, шырағым,

Келді, балам,Бурылы

Қобыланды деп қорқамын!

Таңбасыз жатқан тайыңды

Таңбалар деп қорқамын.

Енсіз жатқан қойыңа

Ен салар деп қорқамын.

Басыңнан көшер аруақ,

Астыңдағы алтын тақ

Сол мінер деп қорқамын.

Жері байтақ жұртыңды

Сол билер деп қорқамын,

Үстіңдегі ақ сауыт

Жері байтақ жұртыңды

Сол билер деп қорқамын,

Үстіңдегі ақ сауыт

Сол киер деп қорқамын.

Ылдидан шапса төске озған

Ертеден шапса, кеште озған,

Томағалы қасқа азбан

Сол мінер деп қорқамын.

Ор түбінде бәйтерек,

Басы көкке қараған

Тамыры жерге тараған,

Жапырағы бар еді,

Сом алтыннан жараған,

Сол кесер деп қорқамын.

Атың жайған байтақ ел

Бүлдірер деп қорқамын.

Қанікейдей көрікті қыз,

Тінікейдей текті қыз,

Күлкі етер деп қорқамын.

Шағалаға шәулі* сап,

Ілдірер деп қорқамын.

Менің өзім нашармын,

Кілттің аузын ашармын,

Сен жатсаң да, мен жатпан,

Қанікейдей көрікті қыз,

Тінікейдей текті қыз,

Екеуін алып қашармын.

Жау қолында жылатпан,

Күймеге салып екеуін,

Белден белге асармын».

Ыңғайланды қу кемпір,

Қызын алып жүрмекке,

Әркім елде құмар қыз

Қолына тисе сүймекке.

Қарамайды қу кемпір

Алтын, күміс дүниеге.

Екі қызын алады,

Күймесіне салады.

Қақпаның аузын аштырып,

Кемпір қашып барады.

Қаладан қашқан кемпірді

Қарлыға көзі шалады.

Қуып жетіп көк атпен

Қу кемпірге білдірмей,

Сыртын жарып күйменің,

Екі қызды Қарлыға

Ұрлап алып қалады.

Күймеде қызым аман деп

Кемпір кетіп барады.

Қарлығаның алғанын

Қараман көзі шалады.

«Қарлығажан, сауға», – деп,

Қарлығаның алдынан

Қараман жақын барады.

Қарлыға сонда сөйледі:

«Көлге біткен жекенсің*,

Бүршігі жоқ тікенсің,

Артық асқан бағаң жоқ,

Құдайдан сұрар шамаң жоқ,

Өзіңе біткен мал, жанды

Сауғадан жиған екенсің.

Ақмоншақ атпен желейін

Байытқалы келіп пе ем,

Қияттың жаман кедейін.

Қараман саған не дейін?

Өзімнің басым сауғадан

Құтыла алмай жүргенде

Мен кімге сауға берейін?»

Қараман сонда сөйледі:

«Мұсылманға мазаттық,

Қызылбасқа қаза аттық,

Қанікей мен Тінікей

Екі қызды бер маған,

Қарлыға сені алмаймын,

Басыңа бердім азаттық».

Мінген аты ала-ды,

Қылшаң жүнді қара-ды,

Көңілдегі сананы

Шығара алмай барады.

Қарлыға сынды сұлудың

Көңілі қатты сүйеді

Қобыландыдай баланы.

Қанікей мен Тінікей

Қос сұлуды бір беріп,

Қарамандай батырдан

Артық туған Қарлыға

Басын сатып алады.

Төртеу еді алтау боп,

Басын қосып төрт көкжал,

Кеш болғасын жағалап,

Бір төбеге жатады.

Төртеуінің тұлпары,

Бауырынан қатады,

Қоржындағы азықтан

Бұйырған дәмін татады.

Ұйқы көрмей төрт батыр

Таң сарғайып атады,

Таң шолпаны батады.

Масыл-масыл, масыл ма,

Аққа құлпы жасырма,

Ғашық боп жүрген Қарлыға

Қараманнан шыға алмай,

Жүрегінен қан құсып,

Басын қосқан сықылды

Қобыландыдай асылға.

Мұратына жеткендей

Бұлаңдаған Қарлыға

Отыра кеткен асыла,

Сауғада басы жүргенде,

Жоламаушы еді қасына.

Тас түлектей түледі,

Еркіндік алып басына.

Таң атқасын төрт көкжал

Қару-жарақ киініп,

Бір Құдайға сыйынып,

Енді атына мінеді,

Денеге сауыт киеді,

Беліне байлап болатты,

Қарына найза іледі,

Алшағырдың шәріне,

Туын ұстап батырлар

Қала аузына келеді.

Шәрге жақын келгенде,

Ақ сұңқар құстай шүйіліп,

Қабағы тастай түйіліп,

Арыстан туған Қобыланды

Күн шығуға қарамай

Ат қоюға ойланды.

Ата-анасы, ел-жұрты

Асыра Қыпшақ баласы

Жатқаннан соң байлауда.

Қақпаның келіп аузына

Батыр Қобылан шақырды,

Нар түйедей бақырды.

Алшағыр деп бақырды.

«Ау, Алшағыр,

Алшағыр!

Сөзіме құлақ сал, Шағыр!

Менің атым Қобыланды

Әуелі өзің алдан шық,

Алды-артыңды қармай шық,

Қалдырмастан жалмай шық.

Арманда қапы қалмай шық!

Қара қасқа атың міне шық,

Оқ өтпес тоның кие шық,

Қарыңа сүңгі іле шық!»

Белес-белес бел еді.

Хан болғалы Алшағыр

Асып жүрген айласы

Мұсылманнан қанша ердің

Басын жойған ер еді,

Қызылбастың пілі еді.

Қобыландының даусы

Құлағына келеді.

Естіген соң даусын,

Шешесінің сөзіне

Енді Алшағыр сенеді.

Шыдай алмай Алшағыр,

Үстіне сауыт киеді,

Беліне байлап болатын,

Қарына найза іледі.

Ертеден шапса, кешке озған,

Томағалы қасқа азбан,

Ылдидан шапса, төске озған,

Алтын тұрман ер салып,

Енді атына мінеді.

Қара қасқа тұлпардың

Құйрығын шарт түйеді,

Шақырып тұрған батырға –

«Қорықты дер деп бармасам»,

Алдынан жүре береді.

Сол уақыттар болғанда,

Түлкідей көзін жайнатып,

Қаруы сыймай қайнатып,

Тасқа шаншып найзасың,

Қарыс сүйем бойлатып,

Қобылекең келді бұл жақтан

Тайбурыл атты ойнатып. '

Жайықтың бойы қамысты,

Бермейміз деп намысты

Екі батыр екпінмен



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет