Облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапханасы Әдістеме – библиография бөлімі



Pdf көрінісі
бет25/27
Дата14.11.2023
өлшемі0.6 Mb.
#483209
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27
Батырлан Жұмабайұлы деректер жинауда өз үлесін қосты. 
Ол «Алаш ұранды әдебиет және Торғай ақындары 
шығармашылығындағы Алаш идеясы» тақырыбында баяндама жасады. 
Осы баяндамаға тоқтала кетейік. 
Торғай ақындық мектебі өкілдерінің шығармашылығындағы азаттық 
идеясының көпшілігі Алаш идеясымен ұштасып жататындығына тоқталып, 
тіпті бұл екеуін бір санатқа жатқызуға болатындығын атап өтті. Себебі ХХ 
ғасырдың бас кезінде пайда болған Алаш қозғалысының ең басты мақсаты 
қазақ халқының еркіндігіне қол жеткізу болатын. Сол жолда қанша қиындықты 
көрсе де Алаш қозғалысының мүшелері алған бетінен қайтпай ұлт еркіндігі 
үшін күресе берді, соңында кеңес үкіметінің озбыр саясатының құрбаны болды. 
Сол Алаш қозғалысының
мүшелерінің ішінде Торғай өңірінен шыққан көптеген тұлғалар болды. Басы 
Ахмет пен Міржақыптан басталатын бұл тізімді Сейдазым Кәдірбаев, Кәрім 
Тоқтабаев, Қазгелді Қарпықов, Ахметсапа Жүсіпов, Елдес Омаров, Нұрғали-
Нәзипа Құлжановтар, Ахмет, Ғазымбек Бірімжановтар деп жалғастыра беруге 
болады. Торғай өңірінен мұншалықты көп Алашордалықтардың шығуы осы 
өңірдегі ақындардың шығармашылығына әсер етпей қоймады. Торғай өңірінен 
шыққан ақындардың туындыларында Алаш идеясының кеңінен өріс алды. Осы 
бір ретте тағы бір айта кететін ерекшелік бар. Бұл Торғай ақындарының Алаш 
идеясына тигізген әсері. Мүмкін мұндай мәселені айтуымыз кейбір 
зерттеушілеріміздің көңілінен шықпауы да мүмкін. Бірақ Алаш қозғалысының 
Торғай ақындарына тигізген әсері сияқты, олардың да Алаш қозғалысының 
дамуына тигізген өз әсері бар. Мысалы аталған ақындық мектептің көрнекті 
өкілдері Сейдахмет Бейсенұлы, Жұмабай Шалабайұлы, Есенжол Жанұзақұлы, 
Әбіқай 
Нұртазаұлы, 
Қарпық 
Шолақұлы 
сияқты 
ақындар 
Ахмет
Байтұрсынұлының әдебиетке қадам басқандағы ең алғашқы ұстаздары еді. 
Сонымен қатар осы ақындық мектепті ары қарай дамытқан Файзолла 
Сатыбалдыұлы, Әлмағамбет Оспанұлы, Құбаша Шалбайұлы, Бәлдік Байтоғаев, 
Алтыбас Ақмолда, Уәлі Баспақұлы секілді ақындар Ахаң-Жақаңдармен 
пікірлес, ниеттес болған ақындар. 
ХХ ғасырдың басында пайда болған Алаш қозғалысының ең көрнекті 
өкілі – Ахмет Байтұрсынұлы. Тұтас буынның төл басы болған Ахмет ұлт 
азаттығы жолында күрестің басшыларының бірі болды.
Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына тоқталсақ. Қалайда 
халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген 
ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін 
пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсұнады. Жаңа өлеңдік форма мысал 


48 
арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған 
шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич 
Крылов туындыларын аударып, «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы 
Петербургта бастырып шығарды. Ақынның «Қырық мысалдағы» туындылары 
қазақтың жанына жақын суреттерді алып қарастырып, аудармаларды халықтың 
өзінің қанына сіңген қара өлеңі секілді төл туындысы етіп шығарған. Ахмет 
бұл аудармаларында түпнұсқадағы сюжеттерді сақтағанымен, қазақ ұғымына 
сай ету үшін еркіндік басым. Ақынның жасаған аудармаларының көлемі өзінің 
түпнұсқа қалпындағыдан көлемдірек болып шығып отырған. Бұл 
Байтұрсынұлының өзі жасаған аудармаларда бұрынғы желіні сақтай отырып 
оған жаңа ойларды қосып қазақы төл туынды етіп шығарғанын көрсетеді.
Торғай өңірінен шыққан Алаш арыстарының арасынан есімі Ахметпен 
бірге аталатын тұлға - Міржақып Дулатұлы. Міржақып патша отаршылдығына 
қарсы шығып, жер мәселесін, дін мәселесін көтерген қазақтың зиялы 
қауымының алдыңғы қатарынан орын алды. Ұлтты ояту ісінде аянбай қызмет 
еткен ақын Алаш қозғалысының барлық істеріне өзінің өшпес ізін қалдырған. 
Ұлттың азаттығы үшін керек десеңіз қолына қару алып күрескен Міржақыптың 
әдебиеттегі орыны да ерекше. 
Міржақып Дулатұлының есімін тұтас түркі дүниесіне жайған еңбегі – 
«Оян, қазақ» атты кітабы. Бұл қазақ тарихындағы ең көп қудаланған 
шығармалардың бірі. Алғаш рет 1909 жылы Уфа қаласында жарық көрген 
кітап, 1911 жылы Орынбор қаласында қайтадан басылып шықты. Кітаптың екі 
басылымында патша үкіметі бар мүмкіндіктерін пайдалана отырып жинап 
алып, жойып жіберуді қатаң қадағалады. Ақынның өзі осы еңбегі үшін қамауға 
алынды. Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабындағы барлық 
шығармаларының сарқып құяр сағасы бір арнаға сияды. Ол – қазақтың мұңы, 
қазақтың шері, қазақтың кегі. Кітаптың атынан-ақ білінетіндей автор «оян» 
деген сөзді нысана етіп, алдына биік идеялық мақсат қойған. Тілдік жағынан 
татар әдебиетінің әсері болғанымен бұл кітап мазмұндық жағынан қазақ 
халқының бодандықтағы мүшкіл халын көрсетіп берген құнды кітап. Ақын өз 
шығармаларында ұлтымыздың еркін, дербес мемлекет кезіндегі күндерінен 
бастап Ресейге отарлыққа түскен уақытқа дейінгі кезеңдерді суреттеп «Қазақ 
халқының бұрынғы һәм бүгінгі халінен» сыр шертеді. Әсіресе жер мәселесі мен 
дін мәселесін өткір толғап, қазақты өзге халықтармен салыстыра отырып, артта 
қалған ел үшін зар төгеді. 
Таралып жылдан жылға жер-суымыз 
Мұжықтың кетті бәрі қаласына. 
Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер 
Мұжыққа хош-аман бол барасың да. 
Қасиетті бабамыздың зияраты 
Қалдың ғой көшесінің арасында. 
Шығармаларындағы 
азаттық 
тақырыбы 
мен 
идеясы 
Алаш 
қайраткерлерімен үндес келетін Торғай ақындарының бірі – Файзолла 
Сатыбалдыұлы. Өмірінің соңына дейін қуғынға ұшыраған ақынның аңсаған 
арманы, көксеген мұраты – қазақ халқының бостандығы болды. Файзолла 


49 
Сатыбалдыұлы Алаштың рухани басшыларының бірі Міржақыптың туған 
апасынан туған жиені болып келеді. Оның үстіне Ахмет Байтұрсынұлы, Ахмет 
Бірімжанов, Ахметсапа Юсупов т.б. Торғай өңірінен шыққан алаш 
азаматтарымен жақын дос болған ақынның ұлттың азаттығын аңсамауы мүмкін 
емес-ті. Содан да болар Файзолла шығармаларында ұлттың қалпын сақтау үшін 
Қазақ халқы өз алдына еркін ел болу керек деген идея жиі кездеседі. Өзінің 
«Халқыма» деген туындысында: 
...Ей қазағым, кештің тағдыр күрделі, 
Сендей болсын-болса бір ұлт зерделі! 
Құрбандығың болар едім жолыңа, 
Ел болсаң сен-өз алдыңа іргелі![Сатыбалдыұлы Ф. Шерлі
жылдар, шерулі жылдар. – Қостанай: Баспа үйі, 2004. – 34 б] – деп жырлаған 
ақын 1928 жылы «Алашордашыл», «ұлтшыл ұйым мүшесі» деген айып 
тағылып, қамауға алынып, 1929 жылы 14 жылға сотталады. 1935 жылы 14 
жылдық түрмеде отыру жазасы жер аударумен ауыстырылған Файзолла 
Сатыбалдыұлы өзінің туған жеріне 1946 жылы ғана оралған.
Файзолла Сатыбалдыұлының шығармаларында ел үшін күйзелген 
ақынның жан айқайы жатса да, ол «қиянат кетпес тоқтаусыз, әділ сөз қалмас 
құптаусыз" деп ешқашанда келешектен күдерін үзген емес. Бұл ұлттың 
еркіндігін тілеген ақынның қазақ халқына деген сенімі болса керек. 
Қазақ халқы Ресей патшалығына бодан болған 300 жылдық мерзімнің 
ішінде азаттық идеясын айтқан қаншама өлең-жырлар туған болатын. Олардың 
барлығында да қазақ деген халықтың қамын ойлаған ақындардың көкірек шері, 
өмір өксігі көрінеді. Бұл сол өлең-жырларды шығарған ақындар-жыраулардың 
ұлттың рухының, халықтың жанының еркіндігін сақтау жолындағы күресі, 
олардың жан айқайы. Біз қарастырған Торғай ақындық мектебінің өкілдерінің 
шығармаларындағы азаттық идеясының көрінісі сол мол мұраның бір парасы. 
Аталған ақындық мектеп өкілдерінің осы өңірден шыққан Ахмет 
Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар, Ахмет, 
Ғазымбек Бірімжановтар, Елдес Омаров, Сейдазым Кәдірбаев, Ахметсапа 
Юсупов, Кәрім Тоқтабаев, Қазгелді Қарпықов т.б. көптеген Алаш 
қайраткерлерімен пікірлес болуы олардың шығармашылығындағы ұлт бірлігі, 
оның азаттығы жайындағы Алаш идеясының кеңінен өріс алуына мүмкіндік 
берді. Өздері де әдебиетпен айналысқан Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып 
Дулатұлының шығармалары қазақ әдебиеті тарихында ерекше орын алатын 
Алаш ұранды әдебиеттің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Аталған екі тұлға 
жайлы кеңес үкіметі кезінде айтуға тиым салынғандықтан олардың 
шығармашылығын зерттеу кеш басталғаны белгілі. Тіпті қазақ тарихынан ойып 
тұрып орын алатын Ахмет Байтұрсынұлының «Мәдениет тарихы» сияқты 
еңбектерінің әлі күнге дейін табылмауы немесе тәуелсіздік алған жылдардан 
кейінде Міржақыптың өлеңдерін өзге ақындардың атынан жариялау бұл 
саладағы зерттеушілердің кемшілігін көрсетеді. Ахмет пен Міржақып 
жайындағы жұмыстардың деңгейі осындай болғанда, Торғай өңірінен шыққан 
басқа ақындардың шығармашылығы туралы сөз қозғаудың өзі қиындау. 
Олардың көптеген туындылары кеңестік жүйенің кесірінен жойылып кеткен 


50 
немесе әлі де жарық көрмеген қалпымен қалтарыстарда жатыр. Дегенмен 
қолымызда бар осы туындылардың өзі аталған ақындардың азаттық үшін 
қандай жанкешті күрес жүргізгенін айқындап бере алады. 
Республикамыздың Тәуелсіздігінің 25 жылдығын бүкіл Қазақстандықтар 
болып зор қуанышпен атап өттік. Ғасырлар тоғысындағы Тәуелсіз 
мемлекетіміздің құрылуы қазақ халқының талай жылға созылған ұлт-азаттық 
күресінің заңды нәтижесі. Тәуелсіздікке жеткізген жол даңғыл болған жоқ, ол 
ұлы белестерден, қиын-қыстау асулардан тұрды. Болашақ мемлекетіміздің ірге 
тасы осы Алаш қайраткерлері өмір сүрген тарихи кезеңдерде қаланған болатын. 
Азаттық жолындағы қасиетті де қасіретті күрестің тарихын және ұлт мүддесі 
жолында күрескен қазақ зиялыларының өмірі мен қызметін зерттеп тануға, 
туған еліміздің, отанымыздың шынайы тарихын білуге библиографиялық 
көрсеткіштің ықпалы зор болады деген сенімдеміз. 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет