Обложка эмблема фонда «Ерлік пен Жеңіс» тақырыбындағы балалар шығармалары Астана 2010 ж. Ерлікке тағзым!



жүктеу 0.53 Mb.
бет1/3
Дата29.02.2016
өлшемі0.53 Mb.
  1   2   3
Обложка

ЭМБЛЕМА ФОНДА

«Ерлік пен Жеңіс»

тақырыбындағы балалар шығармалары

Астана 2010 ж.



Ерлікке тағзым!

Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік Қоры мен балалар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық «Ұлан» газеті 2010 жылғы 1 наурыз бен 1 маусым аралығында еліміздегі қазақ мектептерінің оқушылары арасында «Ерлік пен Жеңіс» тақырыбына прозалық және поэзиялық жанрларда эссе жазу байқауын ұйымдастырды.



Байқаудың мақсаты – жасөспірімдердің Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, оларды ерлік пен қаһармандық рухында тәрбиелеу және өз ойларын көркем жеткізу дағдысын қалыптастырып, шығармашылық шабыттарын қанаттандыру болды.

Ұлы Жеңістің 65 жылдығы және халқымыздың аңызға айналған қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы, ерлік пен батырлық тақырыптары жас қалам иелерінің прозалық немесе поэзиялық шығармаларының желісіне айналды.

Бір қуаныштысы, біздің ізгі тілегімізді еліміздің отаншыл ұл-қыздары қуана қарсы алып, сөз өнерінің үкілі сайысына белсене ат салысты. Соның нәтижесінде аталмыш бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам шығарма келіп түсті.

Үміткерлердің туған елге деген сүйіспеншілігі және даңқты аталарының ерлік дәстүрлеріне деген перзенттік парызға адалдығы ризашылық сезіміне бөлейді. Сондықтан біз талапкер жастардың «Ұлан» газетінде жарияланған балауса туындаларын арнайы жинаққа топтастырып, ұлы ерлікке тағзым ретінде ұсынып отырмыз.



Мемлекеттік тілді дамыту

президенттік қорының

директоры Азат Шәуеев



ФАМИЛИЯСЫ ЖОҚ ҰЛЫ ҚАЗАҚ
Сүйер ұлың болса, сен сүй

Сүйiнерге жарар Ол...



(Абай)
Осыдан 15 жыл бұрын. 1996 жылғы сәуiрдiң екiншi жаңасы.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу туралы» Жарлығында:



1. Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атының жазылуын қазақ тiлiне тән емес аффикстi алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегi мен әкесiнiң атының түбiрлiк негiзi сақталуға тиiс. Бұл ретте әкесiнiң атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздерi қосылып бiрге жазылады», – деп көрсеткен.

Осыдан 40 жыл бұрын. 1970 жылдардың ортасы. Алматыда қазақ мектептерi түгелдей жабылып, ауылда тұратын ата-аналардың балаларына арналған жалғыз №12 қазақ мектеп-интернаты ғана қалған. Оның өзi жабылуға шақ. Себебi, «қазақ тiлiнiң болашағы жоқ» деген желеумен бұл мектепке де бала саны толмай жатқан.

Мектептi жапқызбау үшiн ұлты қазақ ата-аналарға баласын қазақ мектепке беруге үгiттеп, жаз бойы үй-үйдi жаяу аралап, есiк қағып, қол жинаумен әбден қалжыраған Шона ақсақал (қазiрде Алматыдағы осы мектепке жазушы, сатирик Шона Смаханұлының аты берiлген) орталық паркте Бауыржан Момышұлына кездейсоқ жолығып қалыпты.

– Ассалаумағалейкүм, Бауке!

– Уағалейкүмассалам! О, қазақтың Ұлы адамы екенсiң ғой. Кел берi!

Баукең «Ұлы» деген сөзге салмақ сала айтыпты. Шона түсiнбей сасқалақтап қалады. Баукең оған:

– Иә бүгiн Қазақстанда екеуiмiз ғана Ұлы адамдармыз. Мен – Момышұлы, сен – Смаханұлы. Басқалардың бәрi «овтар» мен «евтер», – деген екен.



Осыдан 70 жыл бұрын. 1940 жылдардың басы. II дүниежүзiлiк қанды майдан шарықтау шетiне жеттi. Гитлер Мәскеудi жаулап алуға жалғыз-ақ қадам қалды. Сталинге «байтал түгiл, бас қайғы» болып тұрған шақ.

Қазақстанда Орта Азия халықтарынан жасақталған 316-атқыштар дивизиясы (кейiннен атақты 8-гвардия) бақайшығына дейiн қаруланған фашистердiң қанды шеңгелiн болат жүрек, шойын кеуде, жалаң қолмен тойтарды. Мәскеудi жауға бермей, қорғап қалды.

Соғыстағы нағыз батырлардың асқан ерлiгi мен атақ-абыройларына бәз-бiреулердiң жолшыбай ие бола кетуi өршiп тұрған кез. Осынау арпалысқа толы кезеңде: «Мәскеудi кiм қорғады? Бұл майданның бас алаңында ойнаған хас батыр кiм?» – деген сауалға Кремльдiң өзi: «Бауыржан Момышұлы», – деп ақиқатты ерiксiз мойындауға мәжбүр болды. Өйткенi, дәл сол сын сағатта Баукеңмен қатар қоятын ешкiмдi таба алмады, ондай адам жоқ та едi.

Орталықтан арнайы жiберген жазушы, журналист Александр Бек соғыс өртi iшiнде Бауыржан батырға айлап-жылдап ерiп жүрдi. Мәскеудi қорғаған батырлардың жанкештi ерлiгi туралы нағыз шындықты Баукеңнiң өзi баяндаумен қағазға түсiрiп, көп ұзатпай «Волоколомск тас жолы» деген атаумен кiтап етiп жарыққа шығарды.

А.Бек Баукеңмен алғаш қалай танысқаны туралы осы кiтаптың «Фамилиясы жоқ адам» атты I бөлiмшеде:

«Танысқан кезiнде ол аты-жөнiн айтты. Жөндi есiте алмай, қайта сұрадым.

– Бауыржан Момышұлы, – дедi ол тәптiштеп. Кәдiмгi тiлшiнiң әдетi бойынша дәптердi қолыма алып:

– Ғафу етiңiз, фамилияңыз қалай жазылады? – деп сұрадым.

– Менiң фамилиям жоқ, – дедi ол. Мен бетiне таңдана қарап едiм, ол:

– Атым – Бауыржан. Әкем – Момыш, мен соның ұлымын, баласымын, түсiндiң бе? – дедi.

Оның үнiнде астарлы бiр зiл бардай, кейiстiктiң лебi жақындай сезiлдi. Кейiн әбден танысып, сыр алысқан кезде ғана, оның не себептi өзiн фамилиясыз адам деп есептейтiнiн ұқтым», – деп келтiредi.

Осы детальдың соңғы екi сөйлемiне зер салайықшы. «Оның үнiнде астарлы бiр зiл бардай, кейiстiктiң лебi жатқандай сезiлдi» деген жазушы А.Бектiң түйсiгiне таң қалмасқа шара жоқ. Өйткенi, бұл жерде жазушы батыр атамыздың өзiнiң ата-тегiмен, дәстүрлi қазақы атауын - ов, - ев, – пен былғағысы келмей, өлшемдi қалыпқа сыймай, құлдық санаға мойынсұнған айналасындағыларға зiлдi кейiстiкпен биiктен қараған өр мiнезiн тап басқан. Келесiдегi «кейiннен... оның не себептi өзiн фамилиясыз адам деп есептейтiнiн ұқтым» деп ашық жазбай, құпия астарлап астап кеткенi, бәлкiм, саясат лебiн анық сезiнгеннен шығар.

Батыр атамыз «Момышев» деп атап шақырғанда: «Момышев дегендi танымаймын. Ал мен Момышұлымын», – деп жоғары атақ, орден-медаль, сый-сияпаттарды алмай кеткен кездерi болыпты. Неткен өрлiк пен iрiлiк дешi! Осындайда «бүгiнгi Тәуелсiз Қазақстанда өмiр сүрiп жүрмiз деген бiздiң өзiмiзде сондай Ұлы Рух бар ма?» – деген сауал ерiксiз туындайды. Иә, ұл болу әркiмнiң қолынан келедi, ұлы болу кемеңгердiң ғана үлесiне тиедi.

Бүгiн немесе 2010 жылы. Дәл бүгiнгi таңда Бауыржан атамыздан үлгi алып, қазақтың ұлттық ерекшелiгiне қайтып оралу – бiздiң буынның қасиеттi борышы. Әлемдегi барлық халық өз аты-жөндерiн тек өздерiнiң ұлттық негiздерiн сақтап жазады. Армяндар – Акопян; әзербайжандар – Мәмедоғлы; грузиндер – Махарашвили; хохолдар – Костенко; латыштар – Лацис, молдавандар – Кодру; эстондар – Томме; түркiмендер – Мақтұмқұлы, литвалықтар – Вайкуле; орыстар – Иванов болса, қазақтар, бiздер, неге Момышұлы болмаймыз.

Аллаһтың елшiсi, хасiретi Мұхамедтiң (с.ғ.с.): «Балаға жақсы ат қойыңдар. Ахиретте Алланың алдында ол әкесiнiң атымен қоса шақырылады», – деген хадисi де бар.

Ендеше, «Момышұлы» деген ат қазақ ұлтының намысының, ар-ожданының, ұлтжандылығының биiгi болмақ. Осы биiктен көрiнуге барлығымыз да тырысайық.

Келер ұрпақ – Ұлы Қазақ Момышұлына ұқсап, Намысұлы, Арұлы, Алашұлы болуына ат салысайық достар, демекпiн!

Батыр атамызға ұқсап ұлтымыздың ұлы да, құлы да бола бiлсек шiркiн...
Айданақ АМАНТАЙҚЫЗЫ,

Абай атындағы мектептiң 8-сынып оқушысы.

Ақтоғай ауданы,

Павлодар облысы




СОҒЫС ЖАЛМАҒАН БАЛАЛЫҚ
Иә, адамзатқа соғыс үлкен апат әкелдi. Оның зардабы тым қымбатқа түстi. Ананы – баласынан, баланы әкеден айырды. Сүттей ұйыған қаншама отбасының жылуын жұтты бұл сұрапыл соғыс! Ал әке мейiрiмiне жарымаған, балалығын соғыс жалмаған балалар тағдыры тiптi аянышты.

Бiздiң көшеде Сейiл атты қартаң кiсi тұратын. Өзi кешегi алапат соғыстың кезiндегi 12 жасар бала. Қашан көрсең де жылы жүзiнен мейiрiм төгiлiп тұрады, әрi тың. Мен ол кiсiмен жақын араласып, әңгiмек-дүкен құруды ойлайтынмын. Мiне, бүгiн Сейiл қартты тағы көрдiм. Күндегi жайдары келбетiн мұң шалған, үлкен ой құшағында. Нелiктен мұңайғанын бiлуге асықтым.

– Ата, бүгiн сiздiң жүзiңiздi неге мұң торлаған?

– Е, қызым, - дедi ол ойлана. – Соғыстың құрбаны болған балалығымды ойлап отырмын. Соғыс кiмдi аяды дейсiң?.. – деп сөзiн аяқсыз қалдырды.

– Соғысты бiз тек кiтаптардан ғана оқитын ұландармыз. Ал сiздер үшiн соғыс – өмiрлерiңiздегi ең қасiреттi күндер мен жылдар жылнамасы. Мүмкiн, «мылтықсыз майдандағы» өмiрiңiздi әңгiмелерсiз.

Қарт үндемедi. Тек мақұл дегендей басын шұлғыды.

– Соғыс. Осынау сөзден бойым әлi де үрейленедi. Сұрапыл соғыстың аяқталғанына 65 жыл. Көп уақыт. Уақыт барлық нәрсенiң дауасы десек те, менiң жаралы жүрегiмнiң емi, соғыс жалмаған балалығымның қарымтасы бола алмады, – деп көкжиекке көз тiктi қарт. – Соғыс басталғанда мен 12-ге ендi аяқ басқан баламын. Отбасымда әкем Едiл, анам Шәкенай және ағам Әбiл, сосын мен. Әке-шешем колхозда қара жұмысшы. Бiрi – малшы, бiрi – сауыншы. Ағам Әбiл колхоздағы жастардың бас көтерерiнiң бiрi едi. Ол кезде мен төртiншi бiтiргенмiн. Оқуда озатпын, жазу-сызуда алдыма жан салмаймын. Киiм мен тамаққа жарымасақ та, көңiлге бай едiк. Қайран, алаңсыз балалық-ай!

Бiр күнi әке-шешем де, Әбiл ағам да үйге көңiлсiз оралды. Анамның көзiнде жас, әкем мен ағам түрлерi өрт сөндiргендей сұрықсыз. Не болғанын сұрауға батпадым. Сөйтiп, үн-түнсiз ауқаттанып, ұйқыға кеттiк. Таңертең үйдегi үлкендердiң дауыстарынан оянып кеттiм. Әкем мен ағам жолға дайындалып жатыр. Бұл жиылыстың кешегi үнсiздiктiң әуресi екенiн түсiне қойдым. Анамның көзi тағы да жасқа шыланған. Бiз таңертеңгi ас iшуге дастарқанға жайғастық. Бәрi үнсiз. Үнсiздiктi әкем бұзды.

– Балам Сейiл! Отанға жау келдi, елiмiздiң iргесiн ойрандады немiс әскерлерi. Бiз елiмiздi қорғауға аттанып барамыз. Мен де, ағаң да өз еркiмiзбен майданға барып, жау әскерiн талқандаймыз. Кешегi сүреңсiз келiсiмiздiң жөнi – осы. Сейiл, ендiгi үйдiң иесi де, анаңның сүйенiшi де өзiңсiң. Ағаң екеумiз жаумен алысқанда, көкейiмiзде «бiздiң үйдiң оты сөнбейдi, артымызда тұяқ бар» деген сенiм болады. Сен сол сенiмдi ақта, – деп үлкен сенiм артты.

Менiң жаным алай-дүлей. Iштей әке үмiтiн ақтауға серт еттiм. Сөйтiп, олармен қоштасатын уақыт та жеттi. Қоштасарда әкем мен ағам кезек-кезек құшақтап, бауырларына басып тұрып, «бiз Отанға аман-есен ораламыз, сен анаңа сүйенiш бол» дедi. Анам екемiз шығарып салдық. Сол күнi олар майданға аттанып кеттi. Бұл 1941 жылдың жазы едi.

Қарғыс атқыр соғыс басталған күннен бастап тiршiлiк тауқыметi анам екеумiзге түстi. Оқу жайына қалды. Ауылда кiл шал-кемпiр, әйелдер, балалар. Бәрi де жүдеу, уайымшыл. Бiздiң ауыл Арал теңiзiнiң етегiнде. Ол Арал теңiзiнiң тартылмаған кезi. Теңiзден балық аулап, соны талғажау етемiз. Өте қиын жұмыс. Қыста тiптi қиямет, қатқан мұзға ау салып, балық аулаймыз. Әкемдерден еш хат-хабар жоқ. Анамның көңiлi күптi. Түн бата, жұмыстан шаршап-шалдыға келiп, табылған тамақпен ауқаттанамыз. Анам кейде маған көрсетпей жылап алады. Сол кезде менiң жүрегiм езiлiп кете жаздайды. Сөйтiп, бiр-бiрiмiзге сүйеу боп өмiр кешiп жаттық.

1941 жылдың көктемiнде әкемнен хат келдi. Хатты дiрiлдеп, әзер оқыдым. «Шәкенай, Сейiл! Бiз Әбiл екеумiз бiргемiз. Жаңа жау қоршауын бұзып шықтық. Анаңа қамқор бол, Сейiл. Бiз жеңiспен ораламыз» дептi хатында. Анам екеумiз жылап, хатты қайта-қайта оқимыз. Ырымшыл анам қап түбiндегi ұннан жетi күлше таратып жiбердi. Одан кейiн де бiрнеше мазмұндас хат келдi. Сұрапыл соғыс жылдары өте бердi. Елге «қара қағаз» деген пәленiң келе бастаған уақыты. Күнiне кем дегенде екi-үш «қара қағаз» келедi. Ел iшiн үрей билеген. Бiздiң үй қорқыныш құшағында...

1943 жылдың күзi. Осынау қасiрет арқалаған жылдың қараша айы мәңгiге сақталды менiң санамда. Сол күнi бiзге хат тасушы «қара қағаз» ұстатты. Онда: «Едiл Бөлеков Ленинград үшiн шайқаста ерлiкпен қаза тапты», – деп жазылыпты. Шешем тiлсiз қалды, көзiнен жас шықпады. Менiң көзiм жастан құрғамады. Шын жетiмдiктiң қамытын кидiм, өзiмдi жаман түзде жалғыз қалғандай сезiндiм. Иә, ол кез бiзге ауыр тидi. Анама да жеңiл соқпағаны анық. Мен тiптен құлазып кеттiм. Бiрде анам маған:

– Сейiл, ендi әкең жоқ. Оны зұлмат соғыс жұтты. Дегенмен ол сенiң жолыңда, сенiмен қатарлас балалар жолында өз жанын құрбан еттi. Сен жасыма, басыңды көтер, қарғам! – деп менi жiгерлендiрдi. 1944 жылы ағам Әбiлден хат келдi. Бұл хат бiздер үшiн үлкен сый болды.

Мiне, бiз асыға күткен Жеңiс күнi де келдi. «Жеңiс» деген ыстық сөз әрбiрiмiздiң жүрегiмiзде жатталып қалды. Соғыстан жаралы солдаттар келiп жатты. Бiрiнiң – қолы, бiрiнiң аяғы жоқ. Сол солдаттармен бiрге менiң ағам Әбiл де оралды. Омырауы толған орден-медаль. Көзiне снарядтың жарықшағы тиген екен, бiр көзi көрмейдi. Оған да тәубе дедiк. Соғыс жылдарынан соң жағдайымызды түзеп, өмiр кештiк. Кейiнгi толқын жастарға айтарым, соғысқа қатысқан әрбiр майдангердi сыйлаңдар, құрметтеңдер. Өйткенi, олар сендер үшiн от кештi, – деп қарт әңгiмесiн аяқтады.

...Сейiл қарттың әңгiмесi менi ойға батырды. Соғыс оны асқар таудай әкесiнен айырды. Ал соғыс кезiнде әкесiн көрмеген, әке мейiрiмiне жарымаған жетiмдер қаншама?.. Бiр отбасы емес, бүкiл ауылды жетiм қалған күндер өттi емес пе? Мүмкiн, соғыс сонысымен де қасiреттi, сонысымен де аяусыз шығар...


Алтынгүл САНСЫЗБАЙ,

216 Қ.И.Сәтбаев атындағы мектептiң 9 «Б» сынып оқушысы.

Әйтеке би кентi,

Қазалы кентi,

Қызылорда облысы



«Ерлік пен Жеңіс»
Қапыда тұтқиылдан Отанға жау шапты. Өткен ғасырдың 1941-ші жылы маусымның 22-сінде фашистер түн жамылып келді. Бұл елім деген ерлердің сыналатын кезі еді.

Соғыс – қайда болса да сұрапыл қайғы, қасірет, қан, көздің жасы, маңдайдың тері, өлім, қыршынынан қиылған боздақтар, әкесінен айрылған бала, бауырынан айырылған қарындас.

Гитлершілердің дүние жүзіне үстемдік орнату жолындағы жасаған соғысы жеңіліспен аяқталды. Өз Отанын қорғауға ұмтылған, елін шын сүйетін ұл-қыздар бұл зұлым ойдың тас-талқанын шығарды. Осы соғыс жылдары әрбір бесінші қазақстандық соғысқа аттанды. Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысының шешуші шайқастарында ерлікпен соғысты. Батыр жерлестеріміз қасық қаны қалғанша дұшпанмен алысты. Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысының тарихына талай қаһармандық беттер қосты. Батыр ағаларымыз бен аталарымыз ержүректік, ерлік және жоғары жауынгерлік шеберлік көрсетті. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталды. Қазақстаннан 100-ге жуық жазушы мен ақын соғыс майдандарында шайқасты.

Өзіміз 6-сыныпта өткен ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны, қарағым!» өлеңін оқығанда жүрегің қарс айрылады.

Біз ақынның «Сен құрметті оны, қарағым!» өлеңін жаттадық. Өлеңде ел басына қатер төнгенде жауға қарсы шапқан ерлердің батырлығы жөнінде айтылады. Ержүрек аталарымыз бізді жалмамақ болған ажалды өр кеуделерімен қағып, ел намысын қорғап қалды. Біздің келешегіміз үшін, азаттығымыз үшін қасық қаны қалғанша шайқасқан ата-бабаларымыздың ерлігін ешқашанда ұмытуға тиісті емеспіз. Оны келер ұрпаққа үлгі-өнеге етуіміз керек.

– «Қайран сол сәби кезім, бала кезім,

Тек жеті жыл, жеті-ақ жыл еркеледім.

Сен неге, қатал тағдыр, жұлып алдың,

Күлкімді көкірегімнен ерте менің!» деп ақынның өзі айтқандай, жеті-ақ жасында «сүйенер бәйтерегі бір күнде құлаған» бала Әбу сияқты боздақтар қаншама болды десеңізші...

Ұзын бойлы, қара сұр Момыштың ұлы Бауыржан сол кезде отыздың үстіндегі жас жігіт еді.

«Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Отан үшін өз басын өлімге байлап, ажалмен алысып, өз ұрпақтарының, өз халқыының намысын қорғағаны өз халқын шын сүйетіндігінен болса керек.

Сондай қиыншылық жағдайда дұшпанның қаптаған қарақұрым күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе шайқасқан аталарымыздың ерлігі біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады.

Соғысқа аттанған әкесін, ағасын, бауырын, сүйген жарын, бауыр еті баласын күткен тылдағы жас балалар мен әйелдер күн-түн демей еңбек етті. Еңбек ете жүріп, қимастарын зарыға күтті. Қан майданнан келер бір жапырақ хатты күтті. Хат келсе, хабар келсе, бәрі жиналып қуана-қуана оқитын еді. «Қара қағаздар» қаншама отбасының күлін көкке ұшырды. Сонда да «келер, келеді» деп үміттенген жүректер армандаумен, зарығумен үміттерін үзбеді...

... Міне, бізге Жеңіс осындай жолмен келді. Сол үшін біз ата-бабаларымыздың ерлігін мақтан етуіміз керек. Жеңіске өз үлесін қосқан батырларымызды әрқашан жадымызда ұстауға тиіспіз. Олардың рухына мың тағзым!!!

Ұлы Отан соғысындағы қаһармандық Жеңіске биыл 65 жыл толды. Бұл жеңіс бізге жиырма миллион адамның қанымен, тірілердің табан ет, маңдай терімен келген. Осы Ұлы Жеңіске қаруымен де, қаламымен де үлес қосқан жауынгер жазушыларымыздың бірі де, бірегейі Бауыржан Момышұлының қаһармандық рухы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге.

– «Үстімде сұр шинелім,

Ақсаңдай басып келемін.

Ұмытса да достарым,

Ұмытар ма мені елім», – деп жырлаған халық ақыны Қ.Аманжолов сияқты сұрапыл соғыс жылдарында ерлік көрсеткен ерлерін халық ешқашан да ұмытпайды.

Біз – бақытты ұрпақпыз. Ержүрек аталарымыздың арқасында, міне, бүгін тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз.


Мәдиев Дастан

43 жалпы білім беретін мектептің



6 «Б» сынып оқушысы




Ерлігің мәңгі есімде
Қараңғыда көрген жоқ оны ешкім де,

Келе жатты ұрланып соғыс түнде.

Келе жатты ол қап-қара, бүйі болып,

Жолбарыс боп жалаңдап жол үстінде.

Сырбай Мәуленов.

Соғыс! Сен қандай суық едің! Қасіреттің қара қайығына мініп,қайғыны желкен етіп, қара жерді қапсырып төніп келдің! Мен сендік салқындықты бір ғана атауыңнан сезінем. Талай армандарды сөндірген, қырандарды сенделткен, жайсаң даланы селдеткен сендегінің барлығы сұмдық еді. Талай-талай текті ұлдарыңның өмірін өзің иемденіп алып, қанды майданға тастап жібердің. Бір сенің суық үнің қаншама ақ армандарды, сағым жылдарды, жүректе жазылмай кеткен жырларды ұрлады?!

«Отан үшін отқа түс, күймейсің!» ұранын ту ғып ұстап, қан майданға аттанған аталарымыздың сондағы ерлігін айтсаңшы.

- Үстімде сұр шинелім,

Ақсаңдай басып келемін,

Ұмытса да достарым,

Ұмытар ма мені елім, –

деп Қасым Аманжолов жырлағандай, елі үшін қасық қаны қалғанша арпалысқан ер мінезді ұлдарының ерлігін ұмытпақ емес, ұмытпайды да.

– Ежелден ел тілегі – ер тілегі,

Адал ұл ер боп туса – ел тілегі, – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, қашан да халық адал ұлдың елге тірек болуын аңсаған. Халыққа тіреу болған да сол ерлер еді.

Сол кездің қиындығын Қадыр Мырза Әли былай деп жырлайды:

– «Қырық екінші жылды басқа жазбасын,

Ұмытты ғой ерлер онда өз басын...

Москваға жетпей жолдан тоқтасын,

Астанадан киіп қайтсын ноқтасын», –

Деп әкеміз елді жаудан қорғаса,

Біз қорғадық опасыздан отбасын».

Ер басына күн туып, етігімен су кешкен қиыншылық жылдарды, мұң-шерге толы жырларды тамаша суреттеген ақын өлеңін оқи отыра, сол кезге бір көз жүгіртесің. Сезінесің, түсінесің, шошисың да жиренесің. Сол кезде ерлік көрсеткен жауынгерлерге бас иіп, әрдайым есімдерін сан қайталап отырасың.

– Үйдің жылысын қыс келгенде білерсің,

Кімнің батыр екенін жау келгенде білерсің, –

деп Балпық би айтқандай, жау келгенде тойтарыс бере білген батырлар сан мыңдаған еді.

Қолына қару алып, «фашизмнің тамырын құртамыз» деп ерлік көрсеткен Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы есімдері тарихқа алтын әріппен жазылды. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сынды апаларымыз қара бұлт төнген кезде нағыз өр мінез танытты. Сызға ұйықтап, мұзды жастанған қанша өмір қиылды. «Ертеңгі ұрпақ келешігің арманы ақ болсын, жүзінде күлкі жайнасын, аспаны шуаққа толсын» деп кеткен жандар еді. Майданда жауынгерлер қолына қаруын алса, Жамбыл Жабаев өз жырларын қару ғып жұмсады. Еңіреп кеткен ерлерді жігерлендіріп, рух беріп отырған Жамбыл өлеңдері талай жауынгерлердің қалтасынан табылып жатты. Күні-түні жарылған бомба, атылған оқ Жер-Ана төсінде ойран салды. Ақын Сырбай Мәуленовтың өлеңі еріксіз ойға оралады:

– Қоштас, – деді ол, – туған ел, жеріңменен,

Тастарды да күйдірді темірменен.

Миллиондаған жандардың атын жойып,

Құлақкесті құл етті нөмірленген.

Иә, бұл нағыз сұрапыл соғыс. Есте мәңгілік сақталатын соғыс тамұқ отымен бірдей болды. Дегенмен жеңістің ауылы алыс емес еді. Кеудеде от боп жанған ар- намыс жауынгерлерді алға жетеледі, болашақ жеңіске сендірді. Жан қиып кеткен жандар ертеңгі өмірдің жарқындығын тіледі.

– Олар өлді тек аспан сау болсын деп,

Олар өлді туған жер бар болсын деп.

Олар өлді ақ арман сөнбесін деп,

Олар өлді өзгелер өлмесін деп, –

деген Сырбай Мәуленов өлеңі осыған айқын дәлел.

Жеңіс! Көптен күткен ақ арман бір сенің ғана өне бойыңа сыйып

тұрғандай. Көңіл тебіренді, сәби күлді, ана жадырады, аспан қара түнектен ашылды!

– От шашты Отан аспаны,

Төгілді көздің жастары.

Окоптан шықты солдаттар,

Атылды көкке соңғы оқтар, –

деп Сырбай Мәуленов жеңіс күнін асыға күткен халықтың сол бір қуанышты кездерін осылай баяндайды.

Жеңіс күні соғыстан оралмай қалған ерлеріміздің рухына бас иіп, арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне құрметпен қарап, олардың қайсарлықтары мен ерліктеріне тағзым ететін күн емес пе?! Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлы Жеңіс – Қазақстан тарихының жарқын беттерінің бірі. Бұл – қан майданда от кешкен соғыс ардагерлері мен сол жылдарда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін»деп, құлақтары жастыққа тимеген тыл ардагерлерінің мейрамы» деп атап өткен болатын.

Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, жеңіс үшін жанын берген аталарымызды, сол жылдарда қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, сонысымен Жеңіс күндерді жақындатқан апаларымыз бен әжелерімізді мақтаныш етеміз. Осы орайда ел намысы мен Отан абыройы жолында от кешіп, кеудесін оққа тосқан қандастарымыз бен жерлестеріміздің есімін жаңғыртып, жас буын санасына сіңіре түсу – біздің басты борышымыз. Біз әрқашанда Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген сүйіспеншілігінің, жастарды патроиоттық сезім мен ерлікке тәрбиелейтін өлшеусіз өнегесі деп білеміз. Өкінішке қарай, жыл сайын ардагерлердің қатары азайып бара жатқандығы көңілге қаяу түсіреді. Бірақ көзден кетсе де, олардың ерлігі көңілден кетпесі анық. Олар тек жеңіс әкеліп қана қойған жоқ, сонымен қатар ел еңсесін көтеруде аянбай еңбек етті.

Қайтпас тұлғаларды ұлықтап отыру – тек халықтың ғана емес, мемлекеттің борышы. Еліміз олардың еңбегін бағалап, көше аттарын берді, ауыл-ауылға соғыс құрбандарының ескерткішін орнатты. Биыл менің мектебіме алғаш қазақтан шыққан ұшқыш қыз Хиуаз Доспанова есімі берілмек. Мен сол үшін қанаттанамын, қуанамын, шарықтаймын. Бүгінгі таңда біздің жасар ерлігіміз, алғысымыз да осы болмақ.

«Бұл өмірде әр ісіңнің жаңғырығы болады» деген Мұхтар Шаханов сөзін сараласақ, бүгінгі ашық аспанның кешегі жаңғырығы – отты жылдар еді. Біздің міндетіміз – солар сыйлаған ел тыныштығын сақтау.
Ерғалиева Гүлжамал

Батыс Қазақстан облысы

Орал қаласы

30 жалпы орта білім беретін мектептің



9 «А» сынып оқушысы

Барлаушылар
Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен

арғы аталарымды мақтан тұтып,

рухтарына бас иіп, түп нағашы атам

Букаев Бисенбайдың ерлігін паш етемін.

Сұрапыл соғыс қанды майдан қызған шақ,

Өкшелеп жауды біздің әскер қуған шақ.

« Отан үшін от кешсең де күймейсің »

Жақын деп жеңіс сеніммен белді буған шақ.

Батыс майдан, Белоруссия орманы

Кең даланы қараңғы түн торлады

Сонғы айқас, алапат ұрыс алдында

Айналаға тыныштық бірден орнады.

Алаулар шақырады жырақтағы,

Солдаттар тынығуда түнеп бәрі.

Әрқайсының ойында туған елі

« Жеңіс » деп соғады бойда жүрек қаны.

Әр жауынгер демалуда қалауымен,

Біреуі сүйген жарға жазады өлең.

Болашақ артист жігіт қақ ортада

Қосылып ән айтуда гитармен.

« Төрттік » атпен танымал барлаушылар

Бір-бірінің ойларын ыммен ұғар

Немісше сайрайтұғын өз тіліндей,

Хахол жігіт Паланчук Гриша да бар.

Әуелетіп ән шырқар өзбек – Ислам,

Снайпер жігіт ресейлік Зотов Иван.

Ал Букаев Бисенбай ұшқыр ойлы

Қазақтың бар болмысын бойға жиған.

Блиндаждан солдат шықты хабарменен

Төрттікті шақырады командир деп

Басқалар, демалыңдар ертең ұрыс

Тынығып, күш жисаңдар болар дұрыс.

Төрт жігіт блиндажға келді кіріп,

Бұйрықты қабыл алды құлақ түріп

«Құп болады, командир!» деді олар

Төртеуі бір дауыспен қатып тұрып.

Қараңғыда ілгері жылжып келеді,

Алдарында жау бекінісі біледі.

Таңғы ұрыс.Жаудың қандай шамасы?

Білу міндет. «Тіл» алып қайту керегі.

Туған жер, атамекен тілегінде

Қайрат пен күш жиналған білегінде

Тұрса да белгісіздік алдарында

Төртеудің қорқыныш жоқ жүрегінде

Тоқтады «төрттік» байқады: мина құрылған

Айналып өтті сара жол жатты ұзыннан

Бір бүйірден тағы бір жол қосылды

Немістердің тұрған жері осы бір маң

Табиғатта түпсіз түнек бар аймақ

Жағдайды білмек – ілгері жүрді абайлап,

Әттең, әттең кете алмады ұзаққа

Өздері келіп түскендей болды тұзаққа.

Дүние диірмендей дөңгеленді,

Тулақтай қусырылып жер көлемі.

Қолға түскен төрт жігіт жігеріне

Отанға деген махаббат дем береді.

Қайдан, қашан, кім жіберді сендерді?-

Деп бір құзғын жауап ала бастады.

Зәбірледі, азаптады бірақ та

Барлығы да ауыздарын ашпады.

Соққыға жықты, бас көзге тепті аямай

Жігіттердің жағдайлары қиын-ды

Шикіл сары лейтенанты немістің

«Қамаңдар шеткі сарайға» деп бұйырды.

Тар қапаста бір терезе, бір есік

Сыртқа екі фашист қойған. Сол күзет.

Төрттік енді ақылдасты: «Қалайша

Қолға түстік, қашу керек тезірек».

Бисенбайдың қозғалтпайды бүйрегі,

Ислам бейдің төрт-бес тісі күйреді

«Қашу керек, кету керек бұл жерден»

Бәрінің де ызаға толы жүрегі.

Терезе тар есігі мықты қапастың

Мүмкін емес бұзып шығу – қауіпті.

Бисенбайға бір ой келді іске асса

Алдайтын айла ақылменен тауыпты.

Сонан соң айтты байыппенен: «Жігіттер,

Тезірек тіспен ілгектеріңді үзіңдер».

Жағасының астынан алып ине-жіп

Тізді оған қырықтай ілгек бір-бірлеп.

«Гриша сенің келді кезің қимылдар

Алдап-сулап немістерді ұғындыр

Дүниеқоңыз шіркіндер нанса сөзіңе

Осы жерден құтыламыз шығынсыз»

Немісшелеп сайрады сонда Гриша,

Гетенің тілін сөйлеуге ол тым ұста.

«Есікті ашып, ішке кіріп көріңдер,

Алтын тауып алдық мына бұрыштан

Қашпақ болып қаздық сарай бұрышын

Тауып алдық алтынның бір уысын

Жіберсеңдер бостандыққа біздерді,

Баиисыңдар. Осы болар дұрысы.

Сенбесеңдер терезеге келіңдер,

Алтындарды көздеріңмен көріңдер.

Ал, сенсеңдер ішке кіріп келісіп,

Қазынаны екеуара бөліңдер».

Екі неміс терезеге қарады,

Бұрын-соңды көрмеген бұндай «көрімді».

Қараңғыда гимнастерка ілгегі

Жалт-жұлт етіп, алтын болып көрінді.

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды»

Есікті ашып екі неміс ішке енді

Бұларға да «іздегенге – сұраған»

Шапшаңдықпен кірісіп кетті іске енді.

Екі жігіт киімін киіп немістің

Тұтқындардың қолын артқа байлады.

Ауыздарын шұлықтармен тығындап,

Бұл арадан кету жолын ойлады.

Сыр білдірмей өтті ұзын көшеден

Төрт тұтқынға мылтықтарын кезенген.

Тоқтатқан күзет есітті айтқан жауапты:

«Атуға алып барамыз» - деді кезеңмен.

Тездетіп басып жолға түсті баяғы,

Ал Иванның жүргізбейді аяғы

Арқасына салып оны Бисенбай

Алмастырды бүлкілі мен аяңын.

Ислам бір кез белгі берді «Тоқта» деп,

«Ат-арбалар келе жатқан жоқ па?» деп.

Тың тыңдады... аздан кейін тұрды атып,

Неміспенен кездескендей бетке кеп.

Бұл не тұрыс? Немістің жолын бөгейік,

Тастарды теріп, жол ортасына төгейік

Ағаштардың бұтақтарын жинап ап,

Үйіп қойып, не болғанын көрейік.

Көп кешікпей ат жеккен арба көрінді

Және дағы тамақтың иісі білінді.

Таңқалды бәрі: «Міне нағыз Трофей»

Артығымен ақтайтын болдық сенімді.

Тоқтады обоз үйіндіні көрді де,

Тездетіп жолды тазартуға кірісті.

Аспазшы, конвой, ат айдаушы жиылып,

Бітірмекші жылдамдатып бұл істі.

Бисенбай айтты: Дәлдеп атқан оғыңды,

Дөп тигізші анау ұзын фрицке

Аянба Ваня өнеріңді бір көрсет

Бұл төте жол апаратын жеңіске.

Шүріппені басып қалды снайпер

Қалай тұрып атқанын оның сынар кім?

Гүрс етіп құлап, кетті неміс келмеске

Сонгы оғы мүлт кетпеді Иванның

Жігіттерді Бисенбай алға бастады

Жекпе-жекке, айқасқа кірді қас-қағым.

Қимылдап шапшаң, жиғызбай есін олардың

Жетеуін де арқанмен байлап тастады.

Командирдің бөлінді ойы сан-саққа

«Таң атып қалды. Жігіттер неге кешікті?»

Осы кезде табиғатты оятқан

Талмаураған «Катюша» әнін есітті.

Батыс майдан. Белоруссия орманы

Барлаушылар келе жатыр олжалы

9 фашист, 4 ат-арба «Кухня»...

Жігіттер біздің демалса енді болғаны.

Жауынгерлер асыға күткен бұларды

Алдарынан уралап бәрі шығады.

Осы кезде арайлап таң да атыпты

Күлімдеп күн, аямай төгіп шуақты.

Барлаушылар барып келген селоға

Жетті, міне, жауынгерлер атойлап.

Аш немістер өз еркімен берілді

Шыныменен жеңілгенін мойындап.


Немістің сегіз солдаты мен бір офицерін және неміс кухнясын қолға түсірген ерліктері үшін барлаушылар:

Букаев Бисенбай – лақап аты «Орлан»

Паланчук Григорий – «Профессор»

Зотов Иван – «Меткач»

Алимов Ислам – «Артист» екінші дәрежелі Даңқ орденіне ұсынылды.
Ерлігі бұл төрттіктің жан түлеткен

Әр солдаттың аузында даңқы кеткен

Жеңіске жету болып армандары

Жай ғана еңбекткері халқына еткен.

Қанша солдат соғысты алғы шепте,

Жеңу үшін қайтпаған алған беттен

«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмас»

Ерліктері аңыз болып бізге жеткен.


  1   2   3


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет