Оқытушының жетекшілігімен студенттің өзіндік жұмысы (ожсөЖ) – 15 сағат Емтихан – IІІ -ші семестрде


Спецификалық әңгімелесу әдісінің ерекшеліктері



бет13/15
Дата17.06.2016
өлшемі0.93 Mb.
#141567
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

Спецификалық әңгімелесу әдісінің ерекшеліктері

  • Әңгімелесу әдісінің өткізілуі

  • Әңгімелесу әдісіне қойылатын талаптар


    1.Зерттеу әдісі жүйесінде сұрақ жауап әдісі маңызды орын алады. Бұған әңгімелесу, интервью, анкета жатады. Әңгімелесу және интервью – ауызша түрде, зерттеушіге керекті тақырып төңірегінде сұрақ қою арқылы жүргізіледі, ал анкета жазбаша түрдегі сұрақ-жауап. Зерттеу әдістемесінде сұрақ-жауап 20 ғасырдың аяғынан кең түрде қолданылып келеді. Қазіргі уақытта кеңінен қолданылады және зерттелушіні жан-жақты зерттеп, сапалы мінездеме беруге көп септігін тигізеді. Әңгімелесу зерттеу әдісі ретінде берілген сұрақтың жауабы бойынша қорытынды жасау жолымен адамның жеке психологиялық ерекшеліктерін, мінезін және оның білім деңгейін, қызығушылықтарын, іс әрекет түрткілерін және терең тануға мүмкіндік береді. Әңгімелесу әдісі еркін жоспар құрумен, қарама-қарсы ой алмастырумен, еркін сөз айтумен және ой пікірлерін алмастырумен ерекшеленеді. Әңгімелесу әдісі арқылы зерттелуші тұлғаның немесе сыныптың, топтың, ұжымның ұмтылысы, қоршаған ортада болып жатқан оқиғаларға көзқарасы, өмірлік әрекет жағдайы туралы көптеген деректер жинақтауға болады. Әңгімелесу алдын ала дайындалған бағдарлама бойынша жүргізіледі.

    2.Әңгімелесу педагогикалық құбылысының динамикалық, спецификалық, оңтайлы әдістерінің бірі. Әңгімелесу жеке, топтық және ұжымдық түрінде өткізуге болады. Әңгімелесу үйрету әдісі сияқты, бұған үлкен әзірлікті талап етіледі. Әңгімелесу әдісі жақсы өту үшін оның мақсатын, бағдарламасын, әңгімелесу қалай өту керек екендігіне, бөлек сұрақтар қай жерде қай уақытта қойылатынын алдын ала жоспарлау қажет. Әңгімелесу нәтижелі өту үшін әңгімеге қатысушыны қызықты әңгімеге тарту керек, сол кезде әңгімелесуші ашылып, жасырмай бәрін айтады. Оқушылармен, оның достарымен, ата-аналармен, мұғалімдермен әңгіме жүргізу арқасында әртүрлі материал, оқушыға мінездеме даярлап алуға болады .

    Зерттеу тәжірибесі көрсекендей мынадай қарапайым сұрақтар қоюға болады, мысалы: Сіздің күн тәртібіңіз қандай? Немесе мынадай қарапайым сұрақтар қоюға болады: Қай уақытта ұйықтайсыз, сабаққа қай уақытта даярланасыз, қай уақытта ұйқыдан тұрасыз?

    Логикалық сұрақтар - олардың қойылу формалары оқушыларға нақты әрі түсінікті боуы қажет. Сонымен қатар қойылатын сұрақ мазмұны әдепті әрі сенімді болуы шарт. Әйтпесе оқушылар ашылып сөйлей алмайды, яғни сұрақтарға толық әрі нақты жауап бере алмайды. Соның әсерінен әңгімелесу әдісі оқушылармен өткізген кезде сәтсіз болады .

    Алайда, кейде әңгімелесуді экспромт түрінде қажет болады. Бұл кезде педагог алдын ала бәрін ойластырмай, бірден «осында және қазір» принципі бойынша өткізуі керек, сонда ғана педагог қателік жібермейді. Кей жағдайларда дайындалып өткізілген әңгімелесу әдісі өз нәтижесіне жетпейді. Оның себебі педагог-зерттеуші сұрақ нақты дайындалып келгенімен ол өзінің әңгімелесуші адамның ұстанымын ойламауы мүмкін.

    Әңгімелесу өткізген кезде көптеген жоғары сынып оқушыларының жеке ерекшеліктерін танып білуге, нақтылауға болады. Әртүрлі бақылау және басқа да зерттеулер арқасында оқушылармен әңгімелесу кезінде алған мәліметтерімізді, сонымен қатар эксперименталды және басқа да әдістермен толық тексеріп алуға болады.

    Әңгіме бұл ұзаққа созылған және қысқа түрінде болуы мүмкін. Бірақ та, мына бір жайтты естен шығармау керек, кейбір оқушылардан іске қажетті дұрыс жауап ала алмаймыз. Сондықтан әңгімелесу әдісі қажет тақырыпқа байланысты өткізілуі үшін басқа да зерттеу әдістерін пайдаланған жөн. Сонда ғана ол нәтижелі болады.

    Жоғарғы сынып оқушыларына мынадай өнеркәсіп, еңбек, еңбек озаттары жайында әңгіме жүргізуге болады, оларға мынадай сұрақтар қойылады: өнеркәсіпте қандай озат еңбеккерлерді білесіздер? Олар үлкен нәтижелерге жету үшін не істеген? Олардың жұмыстарында сіздерге не ұнайды? Осы сұрақтарға ойланып жауап берген жоғарғы сынып оқушыларының жауабы өте маңызды. Олардың жауаптарының мазмұнынан мынаны байқауға болады, ертеңгі күні еңбекке араласқан кезде бәрін де еңбек арқылы көптеген нәтижеге жетуге болатындығын, өздері де есейген кезде алған тәлім тәрбиесі болатындығы, сол еңбек озаттарынан үлгі алатын болады. Олай болса, бұл бейнені байқай отырып, мынадай шешімге келуге болады: әңгімелесу әдісі өзінің танымдық мағынасын және тәрбиелік мағынасын аңғарта білді, өйткені осы сұрақ-жауап арқылы оқушылардың еңбек озаттарына деген қызығушылығы, олармен бірге жұмыс істегісі келетіндігі байқалды. Бұл танымдық әңгімелесу кезіндегі психологиялық жағынан анықталған және педагогикалық мақсаттылығы болашағы бар ұмтылыс. Жеке қарым-қатынаста өнеркәсіптік еңбек озаттарымен болуы, олармен араласуы, іскерлік қатынаста болуы, жоғары сынып оқушылары осы адамдардан үлкен тәрбие алып, болашақ өмірде осы адамдар секілді еңбек етеміз деп ұмтылады.

    3. Зерттеуші әңгімелесу барысында еркін қарым-қатынасты көтермелеуге және туындаған психологиялық кедергілерді ескеруге ұмтылуы керек. Мысалы, арнайы жабдықталған орында әңгіме (дайындалған орын басты рөлді алып тұрған жағдайда) жүргізу барысында кедергілер туындауы мүмкін. Сондықтан, әңгімелесіп отырған адамыңыз өзін еркін, жайлы әрі зерттеуші адаммен тең ұстайтын жерді таңдаған жөн. Әңгімелесу барысын зерттелушіге қызықты әңгімеден бастап, содан кейін тақырыпқа, яғни зерттеу әрекетіне көшкен жөн. Бұл зерттеушінің әңгіменің алдағы барысына дайындығының маңыздылығын дәлелдейді. Зерттеуші зерттеу әрекетіне байланысты зерттелушіні анықтау үшін тікелей сұрақтар қоймай, әңгімені жанама жолмен: әдебиеттермен, басылымдарда берілген оқиғалармен байланыстыра жүргізген жөн.

    Әңгіме барысында хаттама жүргізілмейді, хаттама әңгімеден соң құралады. Немесе диктофон, магнитофон, видеокамера құралдарын пайдалануға болады. Бұл жағдайда әңгімелесушіден рұқсат сұраған жөн. Әңгімелесуден алынған мағлұмат қорытындылағанда басқа әдістер бойынша алынған мағлұматтар ескеріледі. Әңгімелесу әдісі басқа әдістер көмегімен алынған мағлұматты нақтылай түсу үшін немесе теріске шығару мақсатында жоспарлануы мүмкін.



    Дәріс 18. Озат педагогикалык тәжірибе мен инновация.

    1. Озат педагогикалық тәжірибе туралы ұғым.

    2. Озат педагогикалық тәжірибенің маңызды белгілері.

    1. Мектептерде педагогикалық тәжірибені зерттеу, жинақтау ісі күрделі және шығармашылық мәселелердің бірі болып табылады. Педагогикалық тәжірибе дегеніміз оқыту, білім беру және тәрбие практикасы, дәлірек айтсақ нәтижесі - оқушының жеке тұлғалық сапаларынан көрінетін, белгілі бір мақсатпен ұйымдастырылатын педагогикалық процесс.

    Көпшілік мұғалімнің педагогикалық тәжірибесі - бұл педагогика ғылымының жетістіктерін қолданып жұмыс істеп жатқан білім беру ұйымдарының тәжірибесі.

    Озат педагогикалық тәжірибе сөзін түрліше түсінеміз. Кең мағынада озат педагогикалық тәжірибе дегеніміз мұғалімнің шеберлігінің жоғары деңгейі, тұрақты түрде педагогикалық нәтиже беріп отыратын оқыту және тәрбие практикасы. Мұғалімнің тәжірибесінде жаңалық болмауы мүмкін, бірақ ол ғылымда белгілі принциптерді, өдістерді табысты түрде қолданып, басқа мұғалімдерге үлгі болады. Шебер мұғалімнің озат тәжірибесі басқа мектептерге таратылады.

    Педагогикалық озат тәжірбиенің тар мағынасы: шығармашылық ізденіс, жаңалығы бар практика, басқаша айтқанда жаңашылдардың практикасы. Мұндай педагогикалық тәжірибе өте құнды, себебі ол мектептің практикасына жаңалық енгізеді. Сондықтан, бірінші кезекте осы тәжірибені талдап, баға беріп, тарату керек. Жай шеберлік пен жаңашылдық арасындағы айырмашылықты көру қиын, себебі мұғалім ғылымда белгілі принциптер мен әдістерді қолданып, қол жеткен жетістіктермен шектелмейді, жаңа әдістерді қолданып, немесе ескі әдіс-тәсілдерді тиімді етіп ұштастырып, бірте-бірте нағыз жаңашыл болады, олай болса кез келген жақсы тәжірибені мектептің практикасына енгізуге болады, бірақ жаңашыл-мұғалімдердің іс-тәжірибесін жан-жақты талдап, қорытындылап, тарату керек.



    2. Озат педагогикалық тәжірибенің белгілері, оған қойылатын талаптар. Бірінші белгісі - оның қоғам дамуының бағытына, әлеуметтік сұранысқа сәйкестігі. Озат мұғалімдер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері өмір қойып отырған талаптарға сай жұмыс істейді, педагогикалық процесті жетілдірудің тиімді жолдарын табады.

    Озат тәжірибенің екінші белгісі — педагогикалық қызметтің тұрақты, жақсы нәтижелері. Педагогикалық "өнім" - оқушылардың білім, іскерлік, дағдыларының, жалпы дамуының, тәрбиелілігінің деңгейі.

    Мұғалім сабақтарының бәрін жақсы өтеді деп айту қателік болады. Қателеспеу үшін ең алдымен оқушылардың білім сапасын тексеріп, мына сұрақтарға жауап беру керек:


    1. Оқушылар бағдарламада қарастырылған оқу материалын меңгерген бе?

    2. Бағдарламаны қаншалықты деңгейде сапалы және берік меңгерген, өз беттерімен білім алып, алған білімдерін шығармашылықпен практикада қолдана ала ма?

    3. Оқушылардың жалпы дамуы қандай?

    Білім сапасы оқушылардың байқампаздығынан, талдау, жинақтау, абстракциялау іскерлігінен, оқу материалдарын мұқият талдап, онымен жұмыс істеу жолдарын анықтаудан, іс-әрекеттің жүйесін белгілеуден, өз іс-әрекетін бақылап, оған керек жағдайда түзетулер енгізуінен көрінеді. Оқушылардың тәрбиелілігі олардың пікірлерінен мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан байқалады. Озат тәжірибенің үшінші белгісі - оқыту, тәрбие, дамуда тұрақты, жақсы нетижелерге жету үшін мұғалімдер мен оқушылардың өз күштері және құралдарын орнымен жұмсауы. Оқушыларға шамадан тыс қосымша тапсырмалар беретін, басқа пәндерді меңгеруге зиян келтіретін, сол арқылы білім сапасын көтеретін тәжірибе озат тәжірибе емес.

    Озат тәжірибенің төртінші белгісі - оның жаңалығы. Педагогикалық озат тәжірибе оқу-тәрбие жұмысын үнемі дамытып және жетілдіріп отырады. Сондықтан, әрбір мұғалім еліміздегі жаңашыл ұстаздардың бай тәжірибесін, белгілі педагогтар мен психологтардың ғылыми еңбектерін терең зерттеп, олардың ұсынбаларын өз ісінде шеберлікпен пайдаланғаны жөн.


    Дәріс 19. Озат педагогикалык тәжірибе мен инновация.

    1. Педагогикалық озат тәжірибені зерттеу, жинақтау және тарату.

    2. Инновация туралы ұғым.

    1. Мектептерде педагогикалық тәжірибені зерттеудің кейбір жолдары бар. Олар: мұғалімнің өз тәжірибесін өзі зерттеп жинақтауы, педагогикалық еңбек шеберлерінің жұмыс жүйесін зерттеу және жинақтау; бір педагогикалық тақырып бойынша бірнеше мұғалімдердің іс-тәжірибелерін зерттеу және жинақтау; жаңашыл мұғалімдердің озат тәжірибесін тарату және оны оқу-тәрбие процесіне енгізу; педагогикалық ғылыми-зерттеу институттарының басшылығымен оқу және тәрбие салаларында орын алып отырған проблемаларды тауып, оны шешуге ат салысу.

    Оқыту мен тәрбиенің тиімді тәсілдері мен әдістерін табуда мұғалімнің өз тәжірибесін өзі зерттеп, жинақтау ісі - әрі қиын, әрі күрделі мәселелердің бірі. Мұғалім оқыту мен тәрбие саласындағы орын алып отырған бір проблеманы шешу үшін әдіс- тәсілдерді таңдап алып, олардың оқушыларға ықпалын сабақ және тәрбиелік іс-шаралар арқылы бақылайды. Зерттеу арқылы түскен материалдарды талдап, қорытындысын үнемі дәптерге жазып отырады. Мұғалім оқушылардың ынтасы мен таным қабілетін дамыту жолдарын іздестіреді. Осының нәтижесінде мұғалім өз жұмысындағы жетістіктер мен кемшіліктерді көре бастайды. Сөйтіп оларды жоюдың тиімді жолдарын қарастырады. Ол үшін мұғалім педагогикалық әдебиеттермен танысады.

    Мұғалім өз мектебіндегі немесе көршілес мектептердегі тәжірибелі мұғалімдердің тәрбие жұмыстарымен танысады, сабақтарына қатысады. Олардың оқыту мен тәрбие әдістерін өзінің қолданып жүрген әдістерімен салыстырады, тиісті қорытындылар жасайды.

    Зерттеу жұмысына байланысты құжаттарды мұғалім бірте-бірте жинастыра береді. Олар: сабақ жоспары, күнтізбелік-тақырыптық жоспар, оқушылардың жазба жұмыстары, дәптерлері, сынып жетекшісінің оқу-тәрбие жұмысының жоспары, оқушылардың баяндамалары жатады.

    2. "Инновация" ұғымы нені білдіреді? Инновация дегеніміз педагогикалық процеске оқыту мен тәрбиенің жаңа тұжырымдамаларын, оқу жоспарларын және бағдарламаларын, формаларын, әдістерін, құралдарын енгізу.

    "Жаңалық", "инновация" деген ұғымдардың мағыналары бірдей: нақты жағдайда жаңа болып есептелінетін; мақсатқа жетуге ықпал ететін идеялар, құралдар.

    Инновациялық процессіз мектептің дамуы мүмкін емес. Мектептің тарихында оқыту мен тәрбиенің ескі формалары, құралдарының орнына жаңа, озық үлгілер келген кездер көп болды. Мысалы: 20-жылдары мектеп практикасында жобалау әдісі бойынша топқа үй тапсырмалары берілді. Осы тәсілді жаңашыл мұғалім Н.П.Гузик өзгертіп қолданды. 70-80 жылдары Ш.А. Амонашвили, И.П.Волков, С.Н.Лысенкова, В.Ф.Шаталовтардың жаңашылдық іс-тәжірибесі сол кездегі ұстаздар қауымының тарапынан үлкен қолдауға ие болды.

    Инновациялық мектептердің мақсаты - жеке тұлғаны жан- жақты дамыту.

    Инноваииялық іс-әрекет. Бұл қазіргі мектеп жұмысын дамытатын іс -әрекет. Ол арқылы мектеп өмірінде оң өзгерістер болады. Инновациялық іс-әрекет қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайына сәйкес келеді. Басқа салалардан алынған ережелер педагогикалық процеске енгізіледі. Әрбір мұғалім өзінің оқу-тәрбие жұмысын дамыту үшін түрлі құралдар арқылы өзінің іс-әрекетін саналы түрде өзгертеді.

    Инновациялық процестің кезеңдері:



    1. Инновацияға себепші болатын жағдайлар

    2. Жаңалықты жобалау

    3. Жаңалықты жүзеге асыру

    Инновациялық іс-әрекетке орта да әсер етеді. Әрбір мектеп жаңалықты не себепті енгізетінін және жобасының дұрыстығын дәлелдеу керек, сонымен қатар жаңалыққа мұғалімдерді, оқушыларды, ата-аналарды қызықтыра білген жөн. Инновациялық процесті күшейтетін бес фактор бар.

    1) Мектеп басшыларының шығармашылығы, оқытудың жаңа


    технологияларын жасауға қабілеттілік. Педагогикалық процеске қатысушылардың бір-бірімен өзара әрекеті және қарым-қатынасы.

    1. Инновациялық процестің жоспары, бағдарламасы.

    2. Бағдарлама, жоспар бойынша мектепке ғалымдардың консультация беруі, керек жағдайда инновациялық процеске түзетулер енгізуі. Жоспарда нәтижелерге жетуге ықпал ететін жағдайларды көрсетіп, сәтсіздік болғанда оны жоятын шараларды да белгілеу қажет.

    3. Әлеуметтік-экономикалық жағдай.

    4. Инновациялық процеске қатысушылар: бастама көтерушілер,
      көмектесушілер, қарсы тұрушылар, ештеңе істемейтіндер. Тек қана
      мектептің оқу-тәрбие жұмысына елеулі түрде әсер ететін жаңалықтарды енгізген жөн.

    Н.Нұрахметов инновацияны мынадай топтарға бөледі:

    1. Білім мазмұнындағы инновация.

    2. Оқу-тәрбие процесінің әдістемесі, технологиясы, формасы, әдістері және құралдарындағы инновация.

    3. Оқу-тәрбие процесін ұйымдасатырудағы инновация.

    4. Мектептегі басқару жүйесіндегі инновация.

    Жаңалық арқылы болған өзгерістердің сипатына қарай инновация бірнеше түрге белінеді:

    - жеке, бір-бірімен байланысы жоқ;

    - модульдық (бір-бірімен байланысты). Оның мысалы: бір-біріне жақын пәндерге және жас деңгейлері бірдей оқушылармен жүргізілетін жұмыстарға енгізілген жаңалықтар.

    - жүйелі (барлық мектептерде болатын өзгерістер). Әдебиеттер инновацияны модификациялық, комбинаторлық, түбірлі деп бөледі.

    Модификациялық инновацияны қолданған мұғалім педагогикада бар тәсілдерді жетілдіреді. Мысалы А.С. Макаренконың қиын балаларды тәрбиелеу әдістерін А. Ысқақов осы заманға лайықтап қолданды.

    Комбинаторлық инновацияны енгізгісі келетін мұғалім бұрын белгілі әдістердің элементтерін бір-біріне қосады. Ол әдістерді бұрын бірде-бір мұғалім бір-бірімен байланыстырып қолданбаған болып шығады. Инновацияның бұл түрін қазіргі кезде тілдерді оқыту әдістемесімен айналысатын ғалымдар қолдануда. Түбірлі өзгерістерге мысал: мектепке білімнің мемлекеттік жаңа стандарттарының (12 жылдық) енгізілуі.



    Дәріс 20. Математикалық әдістер

    1. Тіркеу

    2. Шкалалау

    3. Салыстыру

    Математикалық әдістер. Педагогикада математикалық әдістер сауалнама және эксперимент әдістерімен алынған мәліметтерді өңдеу үшін сонымен бірге зерттелетін құбылыстар арасындағы мөлшер тәуелділігін орнату үшін қолданылады.

    Олар эксперимент нәтиежесін бағалауға көмектеседі, шешімдердің сенімділігін жоғарылатады, теориялық жалпылау үшін негіз болады. Педагогикадағы қолданылатын өте кең тараған математикалық әдістер тіркеу, ранжирлеу, шкалалау.



    Тіркеу – берілген сапа бар ма әлде жоқ па солардың жалпы есептеу санына және топтық әр мүшесінің белгілі сапасын анықтау, шығару әдісі. Тізу – немесе дәрежелі бағалау әдісі белгілі жүйелікте жиналған деректер орналасуын әдетте шығу немесе қандай болмасын көрсеткіштердің жету тәртібі және соған сәйкес осы қатардан әр зерттелушінің орын анықтауы (мысалы, артық бағаланатын сыныптастар тізімін жасау) талап етеді.

    Шкалалау – педагогикалық құбылыстардың жеке жақтарын бағалауға сандық көрсеткіштерді енгізу. Бұл мақсаттар үшін сыналатындарға сауалдар қойылады, сауалдарға жауап бере отырып, олар көрсетімен бағалардың біреуін таңдауы міндетті. Мысалы: Бос уақытта қандай бір қызметпен айналысу туралы сұрақты бағалайтын жауапкершіліктерінің біреуін таңдау керек. Жүйелі түрде шұғылданамын, жүйесіз шұғылданбаймын.

    Салыстыру – алынған нәтижелелерді қалыпты мөлшердегімен (берілген көрсеткіштермен) салыстыру, одан ауытқу және жіберілетін аралықтармен қорытындылар қатынасын шамалайды.

    Мысалы: тұлғаның қалыпты өзін-өзі бағалауы 0,3 тен 0,5 ке дейінгі коэффициент болып табылады.

    Егер ол 0,3-тен кем болса өзін-өзі бағалауы төмен, егер 0,5-тен артық болса өзін-өзі бағалауы жоғары.

    Дәріс 21. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары.


    1. Жазба жұмыстары.

    2. Реферат.

    3. Баяндама және бақылау жұмысы.

    1. Жазба жұмыстары – студенттердің алғашқы жұмыстары. Олар студенттің кәсібилігінің қалыптасуында маңызды орын алады. Олардың әрқайсысы - өзіндік ғылыми-қолданбалы зерттеу және студенттердің білімін бақылаудың, есеп берудің бір формасы, таңдалған мәселе бойынша жинақталған дәлелдемесі болып табылады. Баяндамалар, рефераттар, бақылау және курстық жұмыстар студенттердің кәсіби білімінің теориялық және әдістемелік деңгейін көтерудің, пәндерді оқытудың маңызды құралы.

    Жазбаша тапсырманы орындау сізге әуелі оқу-зерттеу жұмысымен айналысуға, кейінірек ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде шығармашылық қасиетті және кәсібіңізге шығармашылық қатынасты қалыптастырады.

    Курстық жұмыс тереңірек және көлемдірек. Зерттеу жұмыс – бұл зерттеу жұмысының әдісін игерудегі алғашқы саты. Курстық жұмыс психологиялық-педагогикалық және әдістемелік мәселелер бойынша білімді жүйелеуге, қорытындылауға, кеңейтуге көмектеседі. Оның барысында іздену, ақпаратты пайдалану және өңдеудің жаңа әдістері игеріледі, педагогикалық бағдары айқындалады, педагогикалық пікірін қорғауға үйренеді. Курстық жұмыс кәсіби тәжірибемен тығыз байланысты.

    2.Реферат.

    Реферат (лат. тіл.- refero – хабарлаймын) – ғылыми жұмыстың мазмұнын баяндама ретінде немесе жазбаша түрде беру. Бұл студенттердің өзіндік ғылыми зерттеу жұмысы. Мұнда студенттердің қарастырған мәселелерінің мән-мағынасы ашылады, материал проблемалық сипатта баяндалады, әртүрлі көзқарастар келтіріледі, сондықтан ол мәселеге өзінің жеке көзқарасын білдіреді. Реферат көлемі 1,5 интервал арқылы жазылған 5-15 бетті қамтиды.

    Реферат тақырыбын таңдамас бұрын өзіңізді қандай мәселе қызықтыратынын анықтап алу керек. Реферат жұмысын бастамас бұрын жоспар құрып, әдебиеттерді таңдап алған жөн. әуелі оқу бағдарламасында ұсынылған әдебиеттерді пайдаланып, сонан соң ақпараттың қайнар көзін кеңейтуге болады, жаңа ғылыми ақпараттар беретін арнайы журналдар пайдаланылады.

    Реферат құрылымы және безендірілуі:



    • титулдық бет;

    • жоспар;

    • кіріспе;

    • негізгі бөлім;

    • қорытынды;

    • әдебиеттер тізімі.

    Рефератты өңдеуде 8-10-нан кем емес әр түрлі әдебиеттер пайдаланылады. Кесте, график, сызба енгізуге болады.

    Рефератты бағалау:



    • тақырыпқа мазмұнның сай келуі;

    • материалдың өзектілігі;

    • әдебиеттерді дұрыс және толық пайдалану;

    • рефераттың безендірілуі.

    Оқытушының шешіміне байланысты реферат семинарда қарастырылуы мүмкін немесе оқытушы мен студенттердің арасында жеке талданады.

    3. Баяндама және бақылау жұмысы.

    Баяндама - өзіндік жұмыстың бір түрі, сабақта және сабақтан тыс пайдаланылады, зерттеу жұмысын жүргізу тәсілдерінің қалыптасуына ықпал етеді, танымдық қызығушылықты қалыптастырады, практикалық ойлауға үйретеді. Баяндама жазарда тақырып бойынша жоспар құрып, негізгі әдебиеттер таңдалады. әдебиеттермен жұмыс жасай отырып, алынған мәліметтерді жүйелеп, қорытындылау қажет. Тақырып үлкен болса, баяндама сұрақтарын бірнеше студентке бөліп беруге болады. Қазіргі кезде оқу орындарында баяндама мен рефераттың еш айырмашылығы жоқ және олар сынақ жұмысы болып табылады.



    Бақылау жұмысы – меңгерілген білімді бағалау мен тексерудің, танымдық әрекеттің сипаты жайында, оқу үрдісінде студенттердің дербестігі мен белсенділігі, оқу әрекетінің әдістері, формалары мен тәсілдерінің тиімділігі жайында ақпарат алудың формасы. Бақылау түрлері: сыныптық және үйде орындалатын бақылау; ағымдық және емтихандық; жазбаша, графикалық және практикалық; фронталды және жеке. Жазбаша бақылаудың ерекшелігі ауызшаға қарағанда кең түрде объективті болып келеді. Жазбаша бақылаудың түрлері оның мазмұны мен спецификасына, студенттердің жалпы жаму деңгейіне байланысты. Жазбаша бақылау жұмыстары үшін маңызды нәрсе: тапсырмалар жүйесі белгілі бір тақырып бойынша білім деңгейін анықтау; зерттелетін заттар мен құбылыстардың мәнін түсіну; өз бетімен қорытындылар жасау, білім мен дағдыны шығармашылықпен қолдану іскерлігі.

    Осылайша, бақылау жұмысы – бұл өзіндік ерекше жазбаша емтихан, ол күрделі дайындықты қажет етеді. Педагогикалық колледждер, жоғары оқу орындарында бақылау жұмыстары көбінесе сырттай оқу бөлімдерінде таралған және олардың сағат саны оқу жоспарында бекітіледі. Бақылау жұмысын даярлауда ұсынылған негізгі әдебиеттер тізімімен қатар қосымша ақпарат көздерін қатыстырған жөн, себебі оны тексеру барысында ерекше көңіл бөлінеді.

    Бақылау жұмысы титульдық беттен, жоспардан, сұрақтар тізімі мен тапсырмалардан құралады. Жұмыс өте ұқыпты, қатесіз-боямасыз, әдемі жазумен жазылады. Сұрақтар берілген жауаптар өте нақты, қисынды, тақырыпқа сәйкес, қорытындылармен, жалпылаумен, өзіндік бағамен берілуі тиіс. Бақылау жұмысының соңында әдебиеттер тізімі көрсетіледі.
    Дәріс 22. Курстық жұмыс және оған қойылатын талаптар.


    1. Курстық жұмысқа қойылатын талаптар.

    2. Курстық жұмысты орындау қисыны.

    1. Педагогикалық институтта студенттер ғылыми зерттеу негізінде курстық жұмысты орындайды. «Курстық» деп атауы нақты бір курсқа байланысты білім алу дегенді білдіреді. Курстық жұмыстар әртүрлі дисциплинада жазылады, бірақ жұмыс барысында студенттің білімі және дағдылары қорытындыланады. 1 жыл ішінде әлде 1 семестр ішінде орындалады. Оқу жоспары бойынша кейбір факультеттерде курстық жұмысты педагогикадан жазу қарастырылған. Курстық жұмысты орындау зерттеу әдістері мен әдістемелерін меңгеруге педагогикалық әрекетке қызығушылығын ояту педагогикалық процесті көру және талдау қабілеттерін қалыптастырады.

    Курстық жұмыстың тапсырмалары:


    • студенттердің психологиялық және педагогикалық мәселелері бойынша білімінің кеңеюі;

    • студенттің педагогикалық тапсырмаларды шешуге шығармашылық дағдының қалыптасуы, мектеп сараманындағы және өзінің жұмыс қорытындыларын бағалау қабілеттігі;

    • студенттің теориялық білімдерін практикада қолдана алуы, алдыңғы педагогикалық тәжірибені талдау, педагогикалық практикадағы жеке тәжірибесі педагогикалық процестегі заңдылықтары мен негіздері орын алып отырады.

    Курстық жұмыс психологиялық-педагогикалық және әдістемелік мәселелер бойынша білімді жүйелеуге, қорытындылауға, кеңейтуге көмектеседі.



    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




    ©dereksiz.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет