Омаров Ғани Қалиханұлы Төлегенов Ерлік Төлегенұлы



жүктеу 126.84 Kb.
Дата20.06.2016
өлшемі126.84 Kb.


Омаров Ғани Қалиханұлы

Төлегенов Ерлік Төлегенұлы

Үмітқалиев Ұлан Үмітқалиұлы
ЭЛИТАРЛЫҚ БЕСОБА ҚОРЫМЫНДАҒЫ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ*
Өткен жылы Алтай археологиялық экспедициясы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде авариялық жағдайдағы Бесоба І қорымындағы екі элитарлық сақ патша қорғандарына қазба салынды [1].

Бесоба І қорымы Ақбұлақ (бұрынғы Горный ауылы) ауылынан солтүстік батысқа қарай 2 шақырым жерде, Күршім – Теректі күре жолының сол жағында, Ақбұлақтан Майтерек ауылына баратын дала жолының бойында оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа қарай бағыттала орналасқан. Майтерекке және жайлауға баратын жолдың сілемдері бірнеше тармақтарға бөлініп Бесоба І қорымындағы қорғандар арасынан, әсіресе бірнеше тораптың түйісетін жері №10 қорғанның жанынан өтеді. Осы жолды жағалап қорымның ортасынан Ақбұлақтан Майтерек ауылына дейінгі тартылған элекр жүйесінің бағаналары тізбектеліп бірнеше қатарды құрай тартылған. Қорымның шығысында 1,5 км жерде солтүстіктен оңтүстікке қарай Күршім тауларынан бастау алатын Орташа және Тақыр, одан 2 км төменірек Аршабұлақ өзендері ағып келіп қосылады.

10 шаршы км аумақты алып жатқан территорияда ерте темір дәуіріне жататын үш қорғандар тобы орналасқан: бұл зерттеліп отырған Бесоба І қорымы алаптың оңтүстігінде жотада болса, Бесоба ІІ және Бесоба ІІІ қорымы ОБ – СШ бағытымен сәл солтүстікке ауытқи 2 км жерге созыла орналасқан. Теңіз деңгейінен алғандағы биіктігі 940-960 метр аралығында. Кейбір қорғандардың төбесінде геодезиялық белгілердің жұрнақтары сақталған.

Бесоба І қорымына 1988 жылы Ә.М. Оразбаевтың басшылығымен барлау жасалып, тізімге алынған [2]. Сол барлау жұмыстарында көрсетілген жоспарда ерте темір дәуіріне жататын 13 оба, 5 түркі дәуіріне жататын обалар, кейбірінің сыртын қоршай қазылған орларымен бірге көрсетілген және осы ескерткіштердің өлшемдері берілген.

2012 жылғы Алтай археологиялық экспедициясының зерттеу жұмыстары нәтижесінде Бесоба І қорымының қорғандарының нақты өлшемдер анықталып, топографиялық түсірілімдері жасалды [3]. Соның нәтижесінде Бесоба І қорымының барлық ескерткіштері оңтүстіктен солтүстікке қарайғы бағытта қайтадан тізімделді. Тағы да басқа қорған нысандары анықталып, барлығы 26 қорған есепке алынса, оның 22-сі сақ дәуіріне тиесілі болды. Олардың 10-ын ірі қорғанындар қатарына жатқызуға болады, қалғандары орташа және кіші көлемді құрайды. Кіші көлемді обалар әлі де болса бар, алайда өсіп кеткен шөптің қалыңдығынан олардың нақта санын анықтау қиын. Оның үстіне Бесоба І қорымы орналасқан аумақта кезіндегі колхоз, совхоз тұсында егін егіліп жер жыртылғандықтан Ә.М. Оразбаев зерттеулерінде кішігірім обалар байқалмай қалған.

Сақ дәуіріне жататын ірі қорған үйінділерінде тек біреуінен басқасында тонаушылар тарапынан қалдырған шұңқырлары бар. Сондай-ақ үлкен қорғандардың сыртында орлар байқалса, ал солтүстігінен санағандағы үшінші қорғанның екі қатар оры бар болуы мүмкін.

№10 қорған 2013 жылы біздің қазба жұмыстарымыз нәтижесінде зерттелді [1]. № 10 қорған Бесоба І қорымының орталық бөлігінде, №5 қорғаннан оңтүстікте 110 м жерде, Майтерек пен Ақбұлақты байланыстыратын жолдың оңтүстік батысында 7 м жерде орналасқан. Ескерткіш екі айрықты жол торабының ортасында, батысындағы жолдан 10 м жерде қашықтықта. Бұл жерде №10 қорғаннан басқа №7 және №8 қорғандар шоғырланған. №8 және № 10 қорғандардың ара қашықтығы шамамен 7 м. Диаметрі 28 м, биіктігі 2 м қорған жарты шар формасында. Қорған беті біркелкі өсімдіктермен жабылған, негізгі бөлігін бұта ағаштары алған, шығыс бөлігінде олар қалың және ұзын болып келеді. Қорғанның орталық бөлігінде кішігірім шұңқыр байқалады. Барлық жерде дерлік әртүрлі көлемді шым басқан тастар байқалады. Шығыс бөлігінде электр бағанасы орнатылса, ал шығыс жағын өткен ғасырдың 80-90 жылдары техникамен қазған орындары көзге бірден көрінеді. Осы екі жағынан да жолдың тым жақын болуы, бастапқы қалпынан айырылуы қорғанға қазба салуымыздың басты себебі болды.

№ 10 қорғанның орта бөлігінен батыстан шығысқа қарай ені 6 м траншеялық әдіспен ұзыннан қазба салынды. Қорғанның үйіндісі арнайы техниканың көмегімен батыстан-шығысқа қарай қабат-қабатымен жұқалап тілініп алынып, тазаланып отырылды.

Қорғанды үйіндісін алып, тазалағаннан кейін шығыс бөлігінен батыс –шығыс бағытында ұзындығы 5,85 м материк топырағынан өзгеше тас аралас топырақ орны анық байқалды. Ол дромос пен қабір бетін жапқан ағаш шіріп түсіп кеткен соң, кезіндегі бос кеңістіктің орынын толтырған тастар екендігі кейіннен қазба барысында анықталды. Қабір орны мен оған жалғасып кететін көрділіздің ені: шығыс бөлігінде – 0,8 м, орталық бөлігінде – 1,4 м, батысында – 0,85 м. Тасты жолақ болып көрінетін дромос бөлігінен 2,8 м арақашықтықты құрайтын дәліз осы жерде келесі өлшемдерді құрап, созылып жатты: батыс – шығыс – 2, 6 м, солтүстік-оңтүстікке қарай 1,4 м. Осы тас жолақтың шығысынан 2,8 м қашықтықта дромостың ені 1,4 м-ге кеңіп, тағы да 0,7 м аралықта тастар жоғалып кетеді, дәл осы арадан бастап дромос қабір шұңқырымен жалғасып кететін сыңайлы. Дромос түрлі көлемдегі тастармен толтырылған. Шығыс бөлігіндегі дромостың шығар аузы солтүстіктен оңтүстікке 0,75 м, батыстан шығысқа 0,55 м көлемде ұсақ жұмыр ақ кварцит тастармен бекітіліп тасталған. Дромостың аузын ақ тастармен бекітуінің өзі де ерекше бір діни, ғұрыптық сипатта болса керек.

Тастың шеттерін бойлап қазба жүргізілу нәтижесінде батыс-шығыс бағытта 2 м, солтүстік-оңтүстік бағытта – 1,2 м қабір шұңқыры анықталды. Қабір шұңқырына шығыстан ұзындығы 4,4 м, ені 1 м, тереңдігі 1 м дромос жалғасып келіп қосылған.

Дромос және қабір шұңқыры топырақтан және орташа көлемді көптеген тастармен толтырылған. Қабір шұңқырының солтүстік-батыс бөлігінде 0,40 м тереңдіктен тастар арасынан адамның бас сүйегінің қалдығы табылды. Қабір шұңқырының әр жерінен адам сүйегі мен ұсақ малдың сүйектері араласқан күйде кездесті.

Оңтүстік-батыс қабырғасын тазалау барысында 0,85 м тереңдікте солтүстік-оңтүстік бағытта – 0,4 м, батыс – шығыс бағытта – 0,3 м, ұзындығы 0,45 м кішігірім қуыс орыны анықталды. Қуысты тазалау барысында диаметрі 9 см болатын алтын қаңылтырдан жасалған шеңбер түріндегі қапсырма, ішкі бөлігінен ағаш қалдығы табылды.

Археология ғылымында «пантера» деп аталатын мысық тұқымдас аңның алтын қаңылтырға томпақ түрде батырылып салынған бір дана бейнесі Бесоба-1 қорымындағы №10 қорғаннан табылды. Аңның басы мен құйрығы оралып келіп түйіскен күйде салынған. Көлемі 9 см алтын қаңылтырдың орта тұсы дөңестеу, кезінде ағаштан жасалған тініне жапсырылып орнатылғанға ұқсайды. Оны «пантера» салынған қаңылтыр жиектерінің жиырылып келуінен және оның ішкі жағында сақталған ағаш шірінді қалдықтарынан байқауға болады. Алтын қаңылтырдың жеткі жиырыла қайырылар тұсының ені мм. Ол бір жағы дөңес, екінщі жағы тегіс лупа тәріздес ағашқа ешқандай шегесіз, болмаса сына немесе т.б. әдістерсіз-ақ шеті қайырылып келіп орнатылған. Мұндағы пунсондық өрнекпен батырылып салу әдісі 1960 жылы Шілікті қорымындағы №5 қорғанында үшбұрыш, ромб және сегмент тәріздес алтын қаңылтырларды жасау техникасында кездеседі. Онда мысық тұқымдастың басы солға қараған, танауы, көзі, құйрығының ұшы және аяқтары дөңгелек ойық түрінде бейнеленіп, көк түсті шыны пастамен инкрустация жасалған [4, с. 177]. Алтын заттарға перуза немесе оның орнын ауыстыратын соған ұқсас эмаль салып (қондырып) көркемдеу Келермес, Аржан және Шілікті қорғандарындағы сияқты б.з.д. VII-VI ғасырларда кең етек алған [5, с. 30]. Өрнектер ішкі жағынан бастыру әдісі арқылы үші өткір біз сияқты затпен салынған. Жыртқыш аңның тұмсығы анық бедерленген, азу тістері және аяқтарының тырнақтары жақсы көрсетілген. Жартылай шеңбер түріндегі тесіктің диаметрі 0,8 см, тамшы тәріздес формадағы тесіктердің өлшемдері – 0,6 х 1,3 см.

Дәл осыған ұқсас мысық тұқымдас аңның бейнесі бар табылмалар Орталық Қазақстандағы Талды [6], Шығыс Қазақстандағы Майемер көмбесі [7] және Оңтүстік Сібірден табылған. Олардың да мерзімделу уақыты б.з.д. VII-VI ғасырлармен мерзімделеді.

Тағы бір өлшемдері 3,2 х 7,2 см, сопақша формадағы алтын фольгадан жасалған қалдық табылды. Беткі бөлігінде шұқып салынған өрнек анықталды.

№16 қорған Бесоба І элитарлы ірі ескерткіштер қорымының ішіндегі негізгі тізбектің шет жағында солтүстіктен санағанда екінші, №15 қорғанның солтүстігінде 100 м жерде орналасқан. Қорғанның биіктігі 3,17 м, диаметрі 44 м. Ескерткіштің пішіні сопақшалау болып келгенімен, шығыс жағы тік, батыс жағы жайылып кеткен. Қорған біркелкі жұқа өсімдіктермен жабылған, етек жақтарына бұталы қараған тобылғы өскен, кейбір жерлерде орташа көлемді тастар байқалады. Қорғанның ортасынан көлемі 1,5 х 2 м, тереңдігі 9 м болатын, 2011 жылғы тонаушылық ізі байқалады. Қорғанның оңтүстік бөлігінде құрбандық орны ретінде жасалған төрт тас шеңбер анықталды. Әрбірінің диаметрі 4 м шамасында.

Қазба жұмыстары батыстан шығысқа қарай траншея әдісімен қазылды. Қазба барысында шығыс бөлігі біркелкі ақшыл сары түсті топырақтардан құралғандығы анықталды.

Қорған етегін бекіткен тұғыр тастардың айналасына қорғанның бетін жапқан орташа көлемі 0,17 х 0,12 х 0,08 м кварцит ақ тастар төбесінен сырғи келіп қоршау түрінде жиналған. Қазіргі кездегі шеңбер тас қоршауының ені 1,5 м ден 2 м-ге дейін.

Ескертіштің орталық бөлігін тазалап, топырақ үйіндісін алып тастағаннан кейін жерлеу камерасының айналасын қоршаған тік төртбұрышты формадағы қоршау конструкциясы анықталды. Қабір сыртындағы құрылыс солтүстік батыстан – оңтүстік шығысқа бағытталған. Қоршаудың шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігінде тастардың араласуы және тонау кезінде алынып кеткені байқалды. Осы тас аралас топырақтың тұсынан оңтүстікке қарай 1 м қашықтықта тазалау жұмыстары барысында адамның қабырға сүйегінің фрагменті табылды.

Қоршаудың ішкі секторынан оңтүстікке қарай жоғарыда аталып өтілген тас үйінді үстінен солтүстіктен оңтүстікке 0,9 м, батыстан шығысқа 1,2 м көлемдегі тонау шұңқыры бар. Қоршаудан оңтүстік-шығысқа қарай 5,1 м-ге созылған дромос тазаланды. Дромостың қазылу бағыты СБ – ОШ сызығымен орналасқан. Оңтүстік-шығыс бөлігінде солтүстіктен-оңтүстікке 2,8 м, батыстан шығысқа 3 м жерде орналасқан дромос 0,07 х 0,1 м-ден 0,45 х 0,5 м тастардан жасалған үйіндімен аяқталады. Дромостың бас жағындағы үйілген тастың қазіргі биіктігі 0,95 м.

Дромос сыртындағы тас қоршаудың арасында ағаштың шірінді қалдықтары кездесіп отырады. Батыс-шығыс бағытында сақталған ағаш қалдықтарының ұзындығы 0,70 м, ені 0,13 м. Осындай ағаш кесектері дромостың шығысында, оңтүстігінде және солтүстігінде тас арасында байқалды. Бөрене және сырғауыл қалдықтарына қарағанда дромостың бетін жапқан, оның үстіне тастар төселген. Қоршаудың шығыс қабырғасының солтүстік бөлігінде бес бөрененің іздері байқалады. Оның төртеуі жақсы көрінсе, ал біреуі көмескі. Жалпы сазға түскен бөрене ізінің көлемі солтүстіктен-оңтүстікке 0,3 м, батыс – шығысы 0,8 м.

Бұл бөренелер қабір шұңқырын көлденеңінен жапқан жабындысы. Кейбір ағаш қалдықтарының көлбей қойылуына қарағанда (қойылған бөренелердің биіктігі 0,45 м, диаметрі 0,14 м) ағаш құрылыс шалаш түрінде болуы мүмкін. Қорған кесіндісіндегі биіктігі 1,2 м, диаметрі 0,16 м ағаш жақсы сақталған. Қоршаудың солтүстік-шығыс қабырғасынан солтүстікке қарай тағы да бөрене қалдықтары анықталды. Бірақ тігінен орналасқан.

№16 қорғанның қабір үсті құрылысының қазбасы дромостың солтүстік бөлігіндегі тас қаландыны қазудан басталды. Қазба барысында дромостың қабырғалар тік болғаны және тереңдігі 1– 1,1 м анықталды. Дромосты қазу барысында беткі қабатынан шашылған адам мен жылқы сүйектері кездесе бастады. Таспен толтырылған жерінен дромостың ауданында тереңдігі 0,3 м, солтүстікке қарай 4,2- 4,7 м шашылған адам мен жылқы сүйектері анықталды: жылқының бас сүйегінің тұмсық бөлігі, қабырғасы, омыртқа және адамның қол сүйектері. Осы ауданда 0.6 м тереңдікте тұмсық бөлігі жоқ, маңдай және шүйде маңынан шытынап сынған жылқының бас сүйегі, сонымен қатар жақ сүйегінің төменгі бөлігі, жауырыны, жілік сүйектері, омыртқа сүйектері анықталды. Жылқының жақ сүйегінің астынан жақ сүйегі жоқ адамның бас сүйегінің жоғары бөлігі мен мойын омыртқасы ашылды. Бұл көрініске қарай отырып, адам жерленген соң көп уақыт өтпей тонаушылық әрекеттері жасалғанын байқаймыз. Дромоста шашылған адам сүйектерінің кездесуі тонау әрекеті дромос арқылы жүргізілгенін көрсетеді. Бас сүйектің әйел адамға тән екендігі анық.

Дромостың кіре берісіндегі тас толтырындыға тазалау жұмыстары жүргізілді. Тазалау жұмыстары барысында тас толтырындының солтүстік төменгі бөлігінде, дромостың қазылған тұсына түйісе жатқан тұстан, жартылай оралған таутеке мүйізіне ұқсас алтын қаңылтырдың екі бөлігі табылды. Өлшемдері: №1бөлік оралған күйде 9 см, жазылғанда 13 – 14 см шамасында; №2 бөлік – оралған күйінде 7 см болса, жазылғанда 11 см. Тағы бір осыларға ұқсас қаңылтырдың бір бөлігі жоғарыда аталған екі бөліктен оңтүстікке қарай 0,2 м жерден, сәл жоғарырақ қабаттан табылды. Бұл қаңылтырша да жартылай оралған қалыпта, бір ұшы ұштала келген, ұзындығы оралған қалпында 11 см, жазылған күйде 14 см, ені 2,5 см. Сонымен бірге үшінші бөлік табылған жерден қосымша кіші көлемдегі екі бөлік табылды. №4 бөлік доға тәріздес қатты иілген. Ұзындығы иілген күйінде 6 см, жалпы ұзындығы 10 см, ені 1 см жуық. №5 бөліктің ұзындығы 3 см, шамасы жоғарыдағы бөліктердің бірінің сынығы болуы мүмкін. №3 бөлікте ұсақ тесіктер байқалады. Алтын фольгадан жасалған бұл заттардағы тесіктер өз уақытында таутеке мүйізі тәріздес ағаш немесе сүйек затқа бекіту үшін жасалуы мүмкін, яғни, негізге болмаса киім бөлігіне орнату үшін жасалған. Тас толтырындының оңтүстік төменгі бөлігінде 0,4 м метр тереңдіктен кіші көлемді ағаш бұйымдардың бөліктері анықталды. Бұйымның тармақтала жасалған бөлшегі ашаға ұқсас болып келеді. Аталмыш бөлік өз кезегінде жоғарыда аталған алтын фольгадан жасалған бөліктермен бірге бекітілуі мүмкін. Сонымен бірге, есік жауынгерінің бас киіміндегі күн шуағының белгісі секілді бас киім әшекейінің бөлшегі немесе берел жылқыларындағы таутеке мүйіздеріне ұқсас ат әбзелінің әшекейі болуы да мүмкін. Тас толтырындының солтүстік бөлігінің жоғары жағы мен дромостың екі қабырғасынан да диаметрі 0,2 м, биіктігі 0,6 м тігінен тұрған ағаш қалдықтарымен (бөрене немесе сырғауыл) берілген ойық орны ашылды. Бұл ағаштар дромостың кіре берісіндегі ағаш жақтаудың қалдығы болуы мүмкін.

Дромостың кіре берісіндегі тас толтырынды алынып, тазалау жұмыстары жүргізілді. Дромостың оңтүстік бөлігі қиғаштап көтерілген материкпен берілген және ұзындығы солтүстік – оңтүстік бағытта 2 м, қиғаш бұрышы 50°. Дромостың қиғаштай берілген кіре берісімен қосқандағы ұзындығы 9 м. Дромостың орталық және солтүстік бөліктеріндегі адам мен жылқы сүйектерінің үйіндісі астынан көлемі 1х1см, қалыңдығы 5 – 7 мм түйме тәріздес алтын бұйым табылды. Бұйымның дөңес келген беткі жағы ұсақ түйіршіктермен жиектелген және «крест» тәрізді өрнекпен (күн белгісі) берілген, ал қарсы бетінде жиегіне параллель орнатылған екі түймелігі бар. Анығында бұл зат тігілетін әшекей рөлін атқаруы мүмкін.

Шығыс Қазақстан жерінің Алтай тауларының сілемдерінің қойнауы бағзы замандардан ақ сан алуан ғажайып ескерткіштері көп кездесетін өлке. Осы өлкелерде бағытты түрде археологиялық зерттеу шаралары XX ғасырдың екінші ширегінде басталып, одан кейінгі уақытта С.С. Черников, Ә.М. Оразбаев, Ф.Х. Арсланова, З.С. Самашев, Ғ.Қ. Омаров, Г.А. Кущ, Г.И. Суворова және т.б. ғалымдардың жалғастырғаны белгілі.

Күршім өңірінің археологиялық тұрғыда зерттелінуінің Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда ақтаңдақ беттері әлі де бар деп айтуға болады. Қарастырылып отырған өңірдегі ескерткіштер хронологиялық жағынан қола, ерте темір және түркі дәуірі ескерткіштері болып мерзімделеді. Зерттеудің келесі бір бағыты аталған өңірлердің және көршілес жатқан аймақтардың этноқайнар көздері мен бірге көне мәдениеттер арасындағы ықпалдастықты да анықтау негізінде құрылып, біршама қорытындылар жасалды. Кешенді түрдегі археологиялық зерттеулер Шығыс Қазақстандағы көне мәдениеттердің дамуы мен басталуын анықтауға мүмкіндік берді. Бұл мәдениеттердің әрқайсысынан қалған айқын белгілер бізге таңғажайып мол ескерткіштер түрінде жетіп отыр.

Еңбек және тұрмыс құрал-жабдықтарының ұқсастығы, шаруашылығы мен діни сенімдері, жерлеу құрылыстарының дамуындағы ерекшеліктер мен ортақ белгілер қола, ерте темір дәуірі тіпті түркі кезеңі мәдениеттерінің түбірінің бір, өзара сабақтастығының тамыры тереңде жатқандығын көрсетті. Атап айтқанда ерте темір дәуіріндегі Алтай ескерткіштерін жасаушылар қола дәуірінде өмір кешкен тайпалардың тікелей мұрагерлері екендігі дәлелдене түсті. Олардан қола дәуірі кезеңдерінің өзара байланыстары мен жүйелі хронологиялық дамуы жақсы көрінеді. Демек, Алтайлық ерте сақ мәдениетінің қола дәуіріндегі мәдениеттердің қарапайым түрінен, күрделі, жетілген сатысына өткен заңды жалғасты жетістігі деп қорытындылауға мүмкіндік береді. Ерте темір дәуірі ескерткіштері құрылымының күрделілігімен, көрнектілігімен, сәулет құрылыстарын салудың жоғары техникасымен көзге түседі. Бесоба сынды аса ірі, ғажайып бейіт құрылыстары патша обаларының ең жетілген, жоғары дамыған кезеңі екенін көрсетіп берді.

Биылғы жылғы жұмыстар нәтижесінде алынған жаңа деректік материалдар біздің Шығыс Қазақстанның көне мәдениеттері жайлы түсінігімізді біршама толықтыра түсті. Қарастырып отырған өлкедегі ерте темір дәурі ескерткіштері көршілес аймақтардағы хронологиялық шеңбері бір мәдени ошақтармен теориялық жағынан салыстырылып, ұқсастықтары мен айырмашылықтары айқындалды. Күршім ауданындағы Алтай тауы баурайларындағы Бесоба-1 қорымының екі қорғаны ерте темір дәуірінікі, нақты айтсақ б.з.д. VII-VI ғасырлармен мерзімделетіндігі археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде анықталды.

Жұмыстың өзекті тақырыбына айналған «элитарлық» обалар кешені жөніндегі зерттеулер де өз бағытымен жұмыс атқаруда. Мұндай обалардың Алтай тауларына дейінгі тараған үлгілерінің ерекшеліктеріне қарай жүйесі жасалып топтастырылуда. Дегенмен, аракідік қазбалардан тыс жалпылама сипаттамаларды қоспағанда патшалық обалардың көп мәселелері барынша терең ізденістер мен зерттеулерді қажет етеді. Оларды табысты зерттеу (шығу тегі мәселелері, семантикасы т.б), мәліметтерді әлеуметтік мәдени үлгілеуге қолдану үшін деректемелік қорды мәнді түрде кеңейту мен жаңа нысандарды кең көлемде қазу қажет. Оның үстіне аса ірі патшалық обалар тонаушылар тарапынан бұзылып, құртылуда. Мұндай қорғандарды қазу көп жылғы арнайы еңбекті талап етеді. Ол алдағы жылдардың еншісінде.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ

1 Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының археологиялық ескерткіштері / ҒЗЖ (аралық) есебі. – Алматы, 2013. – 128 б.

2 Оразбаев А.М., Омаров Г.К. Некоторые итоги археологического исследования Восточного Казахстана // Проблемы изучения и сохранения исторического наследия. – Алматы, 1998. – С. 9-71.

3 Омаров Ғ.Қ. Күршім ауданының археологиялық ескерткіштері (2012 жылғы археологиялық зерттеу жұмыстары). – Алматы: Қазақ университеті, 2014. –147 б.

4 Черников С.С. Загадка золотого кургана: где и когда зародилась скифское искусство. – М.: Наука, 1965. – С. 188.

5 Членова Н.Л. Центральная Азия и скифы. I. Дата кургана Аржан и его место в системе культур скифского мира. – М., 1997. – 98 с.

6 Бейсенов А.З. Тасмола зерттеулері. Талды-2: Сарыарқа сақтарының патша қорымы // Свидетели тысячелетий: Археологическая наука Казахстана за 20 лет (1991-2011); сборник научных статей. – Алматы, 2011. – 448 с.

7 Адріановъ А.В. Къ археологіи Западнаго Алтая (изъ поездки въ Семипалатинскую область въ 1911 г.) // Известія императорской археологической комиссіи. – Петроградъ, 1916. – Вып. 62. – С. 1-94.


* Мақала 1157/ГҚ «ШҚО Күршім ауданының археологиялық ескерткіштері» атты ҚР БжҒМ Ғылым комитеті гранты аясында орындалды


Сурет 1 – Бесоба 1 қорымының топографикалық жоспары



Сурет 2 – №10 қорған. Жыртқыш аң бейнеленген алтын

қаңылтырдың сыртқы беті



Сурет 3 – Аң бейнеленген қаңылтырдың графикалық суреті


Сурет 4 – №10 қорғаннан табылған қаңылтырға салынған жыртқыш аң бейнесінің аналогиясы: 1- И.П. Засецкая бойынша; 2- А.З. Бейсенов бойынша; 3- С.С. Черников бойынша; 4- П.И. Шульга бойынша



Сурет 5– №16 қорғанның жоспары мен қимасы






©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет