Имамның ғылыми пікірталастары
Осы кезеңде ханафи мен шафиғи ғалымдардың арасында белсенді түрде ғылыми пікірталастар өрбіп отырды. Имам әл-Қудури Әбу Тайиб әт-Табари, Әбу Хамид әл-Исфараини секілді ұлы шафиғи имамдарымен пікірталас жүргізді. Имам, соның ішінде, әл-Исфараиниді ерекше бағалап, оған жоғары дәреже берген.
Имамның қалдырған еңбектері
1. "әт-Тәжрид". Еңбек 12 том болып басылып шықты. Имам мұнда ханафилер мен шафиғилердің арасында пікірқайшылық туғызған мәселелер жайында сөз қозғаған. Әуелі, ол ханафилердің, сосын шафиғилердің ұстанымын жазып, кейін соған сәйкес дәлелдерді келтіреді. Ақырында, шафиғилердің дәлелдерін сыни тұрғыда талдаудан өткізеді. Бұл кітап салыстырмалы фиқһ саласының ірі қайнар көзіне жатады.
2. "Шарху Мұхтасар әл-Кәрхи". "Мұхтасар әл-Кәрхи" өз заманындағы ханафи ғалымдарының имамы Әбул-Хасан әл-Кәрхидің (һ. 340 ж.қ.б.) еңбегі. Имам әл-Кәрхи мәзһабтың ұстанымымен қатар, дәлелдерін келтірген. Имам әл-Қудури бұл еңбекке түсіндірме жазып, келген дәлелдерді барынша терең талдайды. Нәтижесінде, түсіндірме еңбегінің көлемі өте үлкен болды. Кітап қолжазба күйінде сақталған. Оның кейбір бөлімдері ғана басылып шықты, қазірде толық басып шығару жолында еңбек атқарылуда.
3. "әт-Тақриб". Имам бұл еңбегінде дәлелдер келтірместен, ханафилер мен шафиғилер арасындағы қарама-қайшы мәселелерді тізбелейді. Қазірде кітап қолжазба күйінде ғана сақталған.
4. "әт-Тақрибус-сәни" (екінші "Тақриб") Алдыңғы еңбекке дәлелдерді қосып келтірілген.
5. Мұхтасар әл-Қудури.
Имамның "Мұхтасар әл-Қудури" еңбегі
Имам әл-Қудури, алғашында, бұл кітапты ұлына арнап жазды. Кітап жазуда арнаған махаббаты себепті, барлық ханафилер оның балаларына айналды. Ханафилер қазір де оның бұл кітабын оқып меңгеруде. Мәзһабтағы кейін жазылған фиқһи негізгі мәтіндерді, расына келгенде, осы кітаптың өңделіп, өзгерген түрі дей аламыз.
"Мұхтасар әл-Қудури" еңбегіне қатысты айтылған пікірлер
Хусамуддин әр-Рази: "(Фиқһ ілімін) меңгеріп бастаған әрбір ілім ізденуші осы кітапты оқып, меңгеруі тиіс", - деген.
"Мұхтасарға" түсіндірме жазған имам әз-Зәһиди: "Мұхтасар әл-Қудури" еңбегі - берекелі толы әрі мән-мағынасы тұрғысынан фиқһ саласындағы ұлы бір кітап", - деген пікір білдірген.
Имам Шиһабуддин әл-Маржани: "Мұхтасар әл-Қудури" еңбегі имамдар арасында таралған негізгі еңбек. Оның мәшһүр болғандығы соншалық, ол жайлы сөз айтудың өзі артық болады", - деген.
Имам әс-Самарқанди айтқандай, бұл кітаптың көп қолданылуының ерекшелігі ретінде имамның маңызды тақырыптарды қамтып, қиын, сирек кездесетін мәселелерді келтірмеуін айта аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |