Он алтысында от кешкен



жүктеу 34.49 Kb.
Дата11.06.2016
өлшемі34.49 Kb.


ОН АЛТЫСЫНДА ОТ КЕШКЕН

Едіге Алданов Ұлы Отан со­ғы­сына алынғанда небәрі он алты жастағы бозбала жігіт болатын. Ол 1942 жылдың наурыз айында өзі дүниеге келген Қазалы стансасынан (“Майдакөл” ұжымшары) бір топ жерлестерімен бірге вагонға оты­рып, Қиыр Шығысқа, яғни, Жапон елімен шекаралас жатқан Матцевский стан­­сасына барады. Тұрғындар тыныштығын сақтап, жапон са­му­райын шекарадан өт­кізбейді. Жас сарбаз елге қорған, ха­лыққа қалқан болып, шекара күзетеді.

Көктем өтіп, жаз шығысымен Чита қаласында әскери атыс қа­руларын атып үйрену мақсатында әскери жаттығу сынақтарынан өтеді.

Қару-жарақтарды атып үй­ренуге машықтанған жауынгер Алданов 1945 жылдың басында жапон ме­литаристеріне қарсы соғысқа қа­тысып, Хайлар қа­ла­­­сындағы ұрыста атой сала­ды. Құралайды көзге ат­қан мер­гендігімен өзге­лерден ерек­шелен­ген қазақтың жап-жас жігіті ұрыс­тың алдыңғы шебінде жаумен со­ғысады.

- Ұрыс ұзаққа созылды. Хайлар қаласы оқ пен оттың астында қалды. Соғыстың қай жеңілі болушы еді. Қашан да оның зардабын шегетін қарапайым халық қой. Соғыстың аяғына таман Кеңестер Одағы әскер жағынан да, техника, қару-жарақ жағынан да қарсыластарынан едәуір басым бола түсті. Біздің жақ­тың басым түскендігі - Кеңес жауынгерлерін рухтандырып, жеңіс­ті күндерге бір табан жақын­датты. Менің дивизияма қалаға басып кіріп, жапон мелитаристерін кері қуып тастауға тапсырма бе­рілген-ді. Осы ұрыста екі аяғымнан жараланып, төрт айға жуық уақыт Нижнийтагиль қаласының әскери госпиталінде ем­дел­дім, - дейді біз­бен әңгімесінде соғыс және еңбек ардагері Едіге Алданов.

Екі аяғынан жарақат алған сарбаз комиссия шешімімен әс­керге жарамсыз деп танылады. Ол 1945 жылдың 10 қарашасында елге, туған-туысқандарына екі бал­дақпен оралып, есендікпен қауышады.

Соғыстан кейінгі жылдары елді қайта қалпына келтіру саясаты жүрг­ізілгені белгілі. Туған жерге амандықпен оралған ержүрек жігіт еңбек жолын Майдакөл ұжым­шарынан бастайды. Ауылда жұмыс істей жүріп, 1946 жылы Қызылорда қаласында алты айлық курста білім алып, су шаруашылығы са­ласы ма­­мандығын меңгеріп шы­ғады. Өз мамандығы бойынша Қа­залы аудандық су шаруашылығы ме­ке­месінде еңбек етеді. 1960 жылы 28 сәуірде отбасылық жағдайға байланысты Төретам стансасына қоныс аударып, темір жол саласына жұмысқа орналасады. “Апат айтып келмейді” дегендей, 1985 жылдың 7 қаңтарында жұмыс барысында жарақатқа ұшырайды. Осы жағ­дай­дан кейін Едіге Алданов 2-ші топ мүгедектігімен зейнеткерлік демалысқа шығады.

- Жастар – тәуелсіздігімізді қыз­­­­­ғыштай қорғаулары керек. Тәуел­­сіздік ата-бабаларымыз сан ға­сырлар бойы арман етіп, қолы же­те алмай кеткен баға жетпес байлығымыз. Бүгінгі ұрпақ сондай бақ пен бақытқа ие болып отыр. Біздің қатар жылдан-жылға сиреп келеді. Біз қан майданда Отан үшін от кештік. Қаншама жауынгер жол­дастарымыз майдан даласында оққа ұшты. Қаншамасы мүгедек болып қалды. Соғыс салған зардаптан елге оралғаннан кейін қаншамасы о дүниелік болды. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момыш­ұлының: “Нағыз батырлар - қан майданда шейіт болғандар” деген көреген сөзі есімнен кетпейді. Шындығында да, жаумен қасық қаны қалғанша шайқасып, Отаны үшін ерлікпен қаза тапқандарды – нағыз баһадүр батырлар деп айтуымызға болады. Алдымыздағы жылы Аллаһ бұйыртса, 90 жасқа келемін. Тоқсан деген аз жас емес. Осы ғұмырымда жақсыны да, жайсаңды да көрдім. Елімнің игілігі жолында өлшеусіз еңбек еттім. Жан-тәнімді аяғаным жоқ. Өмірден көргеніміз де, көңілге түйгеніміз де көп. Жерімізде соғыс болмасын. Бүгінгідей қарышты дамып ке­ле жатқан жас егемен еліміз – Қа­зақстанымыз гүлденіп-көркейе бер­­сін. Халықтар арасындағы бей­­бітшілік пен ынтымақтастық одан әрі дамып, жас мемлекетіміз әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарынан та­былсын. Өсіріп отырған бала-шағамыз, ұрпағымыз дамыған, озық мемлекеттің тұт­қасын берік ұстар азаматтар бол­сын, деген тілегімді білдіремін дей­ді абыз атамыз.

Ұрпақ демекші, Едіге атамыз зайыбы Сабила анамен 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Балалары ата-аналарына 26 немере, 15 шөбере сүйгізді. Қызы Айымша ана бақытына бөленген жан. Оның ұл-қыздары Байқоңыр ғарыш айлағында жемісті қызмет етуде. Шахарманы да ұл-қыз өсіріп отыр. Немересі Мәскеу қаласында білім алуда. Өнерлі жас түрлі ән байқауларының жеңімпазы. Темірханының балалары заңгер­лік білім алған. Балымшасы Жамбыл облысына қарасты Мер­кі ауданында тұрады. Ол да қыздарын мұғалімдікке оқытқан салиқалы ана. Ақжазығы Ресейдің Екатеринбург қаласында ішкі іс­тер орындарында қызмет істеген, бүгінде запастағы офицер, өркенін жайған ардақты ана. Темірланы 3 қыздың әкесі, 3 немеренің атасы. Сұлушасы 3 ба­ла, 1 немеренің аяу­лысы болса, әу­леттің кенже баласы Мирлан да 3 баланың әкесі, 2 немеренің атасы. Оның алдыңғы 2 баласы еңбек етсе, кішісі мектеп жасындағы оқушы. Қазыналы қа­рия бұл күнде кіші баласы Мирланның қолында тұрады.

Дариядай көңілі, ұрпаққа толы өңірі бар абыз ата шаңырағы қа­шан да шаттық пен қуанышқа толы. Отырған ордасының төрт бұрышын нұрға, ортасын гүлге толтырған абыз ата отбасынан кісі аяғы арылған емес.

Берекелі де мерекелі жанұяда өнегелі тәрбие алып келе жатқан жас ұрпақ аталарын асқар тауға теңейді.

Қадірменді қария ағайын, ту­ған-туыс, ауылдастың ақылман-шежіресі. Саялы бәйтеректей та­­­мы­рын тереңге, жапырағын кең­­­ге жайған абыздың немере, шөберелері алыс-жақыннан жи­налып, жиі дастархан басында бас қосуды дәстүрге айналдырған. Олар үшін атаның ақ батасы мен жылы алақанынан артық ештеңе жоқ.



С.РАЙЫМБАЕВА.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет