Өнер және этика «Музыкалық білім» мамандығы бойынша күндіз және сырттай оқитын тәлімгерлердің дәріс жұмыстарына арналған әдістемелік нұсқау Павлодар (07) ббк 87. 7 я 7 Ө52 С. Торайғыров атындағы пму ғылыми кеңесі ұсынған Пікірсарапшы



Дата03.07.2016
өлшемі250.95 Kb.
#175603
Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Филология, журналистика және өнер факультеті
Орындаушылық өнер кафедрасы

ӨНЕР ЖӘНЕ ЭТИКА

«Музыкалық білім» мамандығы бойынша күндіз

және сырттай оқитын тәлімгерлердің дәріс

жұмыстарына арналған әдістемелік нұсқау

Павлодар

УДК 174. (07)

ББК 87. 7 я 7

Ө52



С. Торайғыров атындағы ПМУ ғылыми кеңесі ұсынған

Пікірсарапшы:

Педагогика ғылымының докторы, профессор Кертаева Ғ. М.


Құрастырушылар: А.А. Сметова., У. А. Ажіғалиева
Ө52 Өнер және этика: дәріс сабақтарына арналған әдістемелік нұсқау / құрастырушылар Сметова А.А., Ажіғалиева У.А. – Павлодар, 2007. – 19 б.

Әдістемелік нұсқау «Өнер және этика» пәніне арналып, күндіз және сырттай оқитын тәлімгерлерге жалпы дәріс сабақтарының курстық тақырыптарымен таныстырады.

Әдістемелік нұсқау «Музыкалық білім» ҚР МЖМБС 3.08. 006 - 2004 мамандықтары бойынша жасалған бағдарламаның талаптарына сай жасалған.

УДК 174. (07)

ББК 87. 7 я 7
© Сметова А.А., Ажіғалиева У.А., 2007

© С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2007


Кіріспе
Басқа көптеген кәсіптермен салыстырғанда педагогтық кәсіп мұғалім еңбегінің адамгершілік мазмұны бай болумен ерекшеленеді. Сондықтан мұғалімнің жеке басының қалыптасу процесін зерттеу, оның рухани және моральдық бет-бейнесіне талаптар қою – мораль теориясы мен педагогикалық теорияның аса маңызды міндеттерінің бірі.

«Тәрбиеші өзін-өзі дұрыс ұстай білуге тиісті, - деп жазды А.С. Макаренко, - ол өзінің әрбір қозғалысының тәрбиелік роль атқаратындығын және нақтылы жағдай нені қажет ететінін немесе нені қажет етпейтінін білуі шарт».

Жоғарыда айтып өткеніміздей, этикет, адамгершілік, мәдениет, педагогтық этика, егер оның салыстырмалы түрде дербес өмір сүруін ескерер болсақ, бүгінгі күні педагогика ғылымының ең жас салаларының бірі болып табылады. Ауызекі халық педагогикасында этикалық талаптар мақал-мәтелдер, әдет- ғұрыптар арқылы беріліп отырады. Барлық кездердің ойшылдары, ғалымдары, теоретиктері, педагогтары ұстаздың абыройлы қызметі, моральдық жауапкершілігі туралы ой толғаған. Мысалы, Ян Амос Коменский «мұғалімнің атқаратын қызметі өте құрметті әрі тамашалығы соншалық, күн астында мұндай ешбір қызмет жоқ» деп есептеді. Ал біздің ұлы демократ-ағартушымыз Абай оптимизмге толы, мәңгі өлмейтін өлең жолдарын ұстазға арнады:

Ақырын жүріп, анық бас,

Ұстаздық еткен жалықпас,

Еңбегің кетпес далаға.

Үйретуден балаға.

Алайда қазіргі кезге дейін мұғалімге деген кәсіптік қызметтің адамгершілік нормалары, моральдық талаптары жүйеге келтірілмеді, олар тәрбиенің, оқытудың, педагогқа кәсіби мінездеме берудің және қайсыбір мәселелеріне байланысты ғана тұжырымдалып, қарастырылып келеді, яғни педагогтық этика бейне бір «бытыраңқы» жағдайда, тәжірибе ретінде ғана, үстірт жазылып келеді. Тіпті «педагог этикасы» деген терминнің өзі 60-жылдардың аяғында ғана қолданыла бастады. Мәселен, педагогикалық энциклопедияның екі басылымында, педагогикалық сөздікте және этика жөніндегі сөздікте мұндай термин жоқ. Өткен ғасырдың белгілі философтары мен педагогтарының педагогтық этика проблемасына қатысты жұмыстарында басты назар мұғалімнің кәсіптік еңбекке этикалық дайындығының ұйымдық және мазмұндық жағына аударылды.

Педагогика және педагогтық этика үшін кәсіптік этиканың жекелеген мәселелері, олардың мұғалімнің жеке басына қоятын: кәсіпті сүю, баланың жеке басын құрметтеу, принципшіл әрі талапшыл болу, көп нәрсені білу және жасай білу, озық идеяларды, білімдерді насихаттаушы болу сияқты талаптар жөнінде бұрынғы өткен прогресшіл педагогтың айтқандарының үлкен маңызы бар. XIX ғасырдағы орыс педагогтарының қосқан ерекше үлесін атап өтпеуге болмайды. Сондай-ақ, В.Г.Белинскийді, Н.Г.Чернышевскийді, Н.А. Добролюбовты, А.И.Герцинді атамасқа болмайды, олар үшін мұғалімнің жоғары адамгершілік деңгейі, олардың қоғамдағы өз қызметін саналы түсінуі, азаматтық міндетті нормаға айналды.

Моральдық тәрбие – жан-жақты және үйлесімді дамыған адамды қалыптастырудың пәрменді құралы. Адамгершілікке тәрбиелеу ісінің тек өзіне ғана тән ерекшеліктері мен заңдылықтары болғандықтан, оның ғылыми негізделген жүйесі жасалуға тиіс. Бұл маңызды да құрметті міндет педагогика және этика ғылыми өкілдерінің ынтымағы нәтижесінде ғана жүзеге асуы мүмкін. Кәсіптік этиканың ережелері мен принциптері бірнеше кәсіптерді қамтуы мүмкін. Мысалы, педагог этикасы мектептерді, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында істейтін адамдардың қарым-қатынастары ұқсастығына байланысты оларды реттейтін жалпы нормаларды қарастырады.

Мұғалім қызметі - өскелең ұрпақтың мәңгі өзгермелі қарама-қайшылығы мол жан дүниесіне ене білуде. Әлі толықпаған сәби жанын жасытып, жаралап алмас үшін мұны әрқашан да есте сақтау қажет. Педагогтың шәкірт пен шынайы достық қарым-қатынасын ешбір оқулықпен алмастыруға болмайды. Парасаттылық ақыл-оймен, ар-ұят парыздылықпен, өз ұлтына деген сүйіспеншілік соған адал қызмет етумен тәрбиеленеді.

Мұғалімді адам жанының инженері, мінез-құлық сәулетшісі, ауру шипагері, ақыл-ой мен естің жаттықтырушысы, ой мен сезім дирижері, тәрбиеленушінің әділ қазысы, жас өркенді мәпелеуші бағбан деп атайды.

Ұстаз тұлғасын адамгершілік тұрғыдан қалыптастыру, яғни мұғалімнің тек кәсіби сапасына ғана емес, тұлғалық сипатына, адамгершілік қасиетіне, моральдық бет-бейнесіне ден қою көп көңіл аударарлық мәселе.

1 Мұғалімнің кәсіби тұлғалық үйлесімділігі
Тәрбиеленуші студент – болашақ ұстаз, ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей болып, дүниежүзілік мәдениетті танитын, төл мәдениетін сыйлайтын, оны таныта алатын, рухани дүниесі бай, интелектуалдық деңгейі жоғары, білімді, білікті болуы шарт.

Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Қазақстан-2030» атты кешенді жолдауының «Қазақстан мұраты» бөлімінде төмендегідей тұжырым жасайды: «Келер ұрпақ бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болады, ұрпақ тәрбиесінде дана болады: оның саулығына, біліміне және дүниеге көзқарасына қамқорлық жасайды…».

Тәрбие үрдісінде ұстаз тұлғасы шешуші рөл атқарады. Мұғалімнің жеке басындағы барлық қасиеттерінің кәсіптік мәні бар. Кезінде А.В. Луначарский атап көрсеткендей, педагогикалық моральдағы кез келген кемістік, мінез-құлықтағы кез келген кемістік тікелей у болып, ол жеткеншек ұрпаққа жұғады. Жақсы мұғалім – бұл ең әуелі қайғы қуанышыңа ортақтасатын, парасатты әрі адал, балаларды құрметтей білетін және оларға ұқыпты қарайтын жақсы адам.

Мұғалім мархабатты мамандық. В.Г. Белинскийдің ойынша: тәрбие мақсаты – адамгершілік, құралы – сүйіспеншілік. Педагогикадағы адамгершілік адамдарға әрдайым пайда келтіруі, тәрбиеленушілердің рухани және дене саулығы таза болып өсуіне жәрдемдесуі арқылы көрінеді.

Сонымен қоса мұғалім бейнесін көпшілік мақұлдаған ізгілікті жандардан тұратын бейне бір стандартты, өзгермейтін модель ретінде елестетуге болмайды. Адам баласына тән нәрсенің барлығы мұғалімге жат емес. Алайда болашақ жас педагогтар үшін өзін-өзі тәрбиелеудің кәсіптік-педагогикалық өзіндік пайдалы сипаттарын білгені жөн. Педагогикалық қызметтің ойдағыдай болуының қажетті шарты – оқушыны жақсы көру. Балаларды жақсы көрмей тұрып, оларды адамгершілік пен адалдыққа тәрбиелеу мүмкін емес. Балаға салқын қарау көп жағдайда олардың мінез-құлқына рақымсыздықтың, іс-әрекетіндегі теріс қылықтың пайда болуына әкеп соғады. Әрине, оқушыны жақсы көру, жеке басын сыйлау, мұғалімнің тағы басқа да келелі қасиеттерімен толысып, тез үйлесімін тауып, толықтыра түседі.

Оқу-тәрбие ісі тәрбиеленушінің жүрегін тебірентіп, ой сезіміне әсер ету үшін:



  • біріншіден, тәрбиеші ұстаз саяси сауатты, жан-жақты білімді болып, этнопедагогика құндылықтарын терең меңгеруі шарт;

  • екіншіден, оқу-тәрбие үрдісін жүргізу кезінде оқушының психологиялық ой-өрісінің өсу, даму дәрежесін бақылай отырып жан саулығына, ден саулығына зиян келтірмей, табиғатына үйлесімді жан-жақты жәрдемдесуі керек,

  • үшіншіден, тәлімгер ұстаз өз бойындағы білімді оқушы жүрегіне еркін ұялата аларлықтай әдіскерлік шеберлігі болуы қажет.

Бүгінгі тәлім-тәрбие, оқыту, білім беру тұрғысынан қазақтың халық педагогикасы, дала ұстаздары өсиет еткен өнегелі сөздерін еске алсақ, шәкірттің көзі ояу, көңілі ұйқыда болмас үшін, болашақ тәлімгер ғасырлар бойы қалыптасқан заңдылықтарды терең біліп, оны жүзеге асыруды парыз деп тануы шарт.

Мектеп пен ұстаз және оқушылар – бір-бірінен ажырағысыз, тығыз байланыста болады. Педагогтардың кәсіби моралінің талаптарының ең негізгісі болып саналатыны әр жекелеген оқушының игілігі үшін қамқар болу. Әр нақтылы жағдайда бұл игіліктің неден белең алатындығын ұстаз өзі шеше алуы тиіс, ол үшін шәкірттің жеке тұлғасына талдау жасау, оның сыныптағы жағдайын білу, жанұядағы және оны қоршаған балалармен және үлкендермен өзара қарым-қатынасын нақтылай білген жөн. Мораль педагогтардан тұрақты педагогикалық жұмыс ретін талап етеді. Педагогикалық іс-әрекеттің маңызды өлшемі – оқушы туралы қамқорлық шаралары.

Өзінің кәсіби болмыс, мінез-құлқына өзіндік талдау жасаудан әр педагогтың ұтары мол. Оқушы үшін ненің қажет екендігін, оны толғандырып жүрген нендей жағдай екендігін білмей тұрып ұстаздың бала игілігі үшін әрекет жасауынан нәтиже шықпайды. Әсіресе балалардың да жан–дүниесіне үңілу және олардан тек тәртіпсіздікті ғана көрмей, дұрыс қарым-қатынастың ыңғайында тәрбиелесе, нәтижеге жетері хақ. Әр педагогикалық жағдайда ұстаздан ақылдылық және нақты әрекет талап етіледі. Педагогтардың шәкірттерінің игілігі үшін қамқорлық жасауы төрт аспектіге байланысты: олардың физикалық, интеллектуалдық, адамгершілік, рухани дамуын жетілдіру. Шәкірттерінің физикалық дамуын жетілдіру аясына оқушыларының денсаулық жағдайына көңіл бөлу, мектептегі сабақ барысында және үй тапсырмаларын орындауда әр оқушының физикалық және психикалық тұрғыдан өзіне артық салмақ артпауына себепші болу. Ұстаздардың өздері салауатты өмір сүру салтын насихаттағаны жөн. Мысалы, темекі шегуден т.б. жаман әдеттерден бойды аулақ ұстау. Әйтпесе құр ақылдан еш нәтиже болмасы белгілі.

Оқушылардың ақыл-ойын дамыту – мұғалімдер алдындағы маңызды шаруаның бірі. Бұл талап педагогтарға өзінің негізгі әрекеті мен қосымша жұмыстарының ара жігін толықтай ашып алудан басталады. Оқу уақытының көп бөлігі осы міндеттерді шешуге жұмсалғаны жөн. Осы әрекеттерден келіп шығатыны: әр шәкірттің алдына оқу міндеттеріне қатаң талап қою және міндеттер деңгейінің баланың ақыл-ой деңгейімен бір мөлшерде болуы ескерілуі шарт. Ол міндеттер аса жеңіл де емес немесе аса күрделі де болмауы тиіс. Талаптардың тым босаң болуы оқушылардың дамуының деңгейін төмендетеді, тым жоғары болса жүйкеге салмақ түсуі ықтимал. Сол себепті нақты баланың жас ерекшелігіне сай өлшемді ұстанған дұрыс.

Тәрбиеленушінің адамгершілік тәрбиесіне көңіл бөлу мәселесі де ұстаздарға толағай міндеттер жүктейді. Өздерінің тәрбиелеп отырған шәкірттерінің бойында адами қасиеттерді ұштауда да жүргізілетін жұмыс түрлері сан алуан. Бұл арада тек әрекетке педагог қана енуі тиіс десек қателесеміз, олардың мүмкіндіктері шектеулі, ал басты жауапкершілікті ата-аналар алады. Бірақ, ұстаздар бойын аулақ ұстауы керек деген ұғым тумауы тиіс. Бұл талапқа басшылық жасай отырып, ұстаз шәкіртіне моральдық зиян келтірмеу жағын ойластырғаны дұрыс. Адами қасиеттер сапасын шәкірттеріне дарытуда ерекше жетістіктерге ие болатын ұстаздар өздерінің күнделікті әрекетінде бұл үрдісті дағдыға айналдырғандар. Бұл ұстаздардың бойындағы сапалық қасиеттер: ұқыптылық, сыпайылық, адам жетістігін бағалай білу, жауапкершілік, көмек көрсетуге даяр болу, шыдамдылық, патриотизм, шынайылық, көпшілдік.

Қазақстан Республикасының «Ұлттық энциклопедиясында» адамгершілік ұғымына мынадай анықтама берілген: «Адамгершілік адам бойындағы гуманистік құндылық, әдеп ұғымы». «Кісілік», «Ізгілік», «Имандылық» тәрізді ұғымдармен мәндес. Адамгершілікке тәрбиелеудің маңызды педагогикалық міндеттері – оқушылардың белсенді өміршілік позициясын, қоғамдық борышқа сапалық көзқарасын, сөз бен істің бірлігін, адамгершілік қасиеттерінен ауытқушыларға жол бермеуді қалыптастыру. Көзге көрінбейтін өте нәзік сезімді, аса құнды қасиеттерді тәрбиеленуші бойына сіңіру тек шебер деонтологиялық даярлығы қалыптасқан тәлімгердің қолынан ғана келеді.

Ғасырлар бойы көшіп-қонып жүрген ата-бабаларымыз өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, мәдениет пен тарихына, табиғатына орайлас жас буынға тәлім-тәрбие берудің айрықша талап-тілектерін дүниеге әкелді. Бүгінгі өркениетті педагогикада тамыры тереңге жайылған халық педагогикасы негізінде оқыту, оны ұрпақтар санасына сіңіру, тәлім-тәрбиенің іргетасын балдырған шақтан қалау ісі жолға қойылуда. Осы мақсатта:

1) сөздік әдістерді қолдану: мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, терме, айтыс, жыр, ертегі, өсиет сөздерді оқытып, үйрету;

2) үлгі-өнеге, оны ұлы адамдардың өмірімен байланыстара оқыту;

3) әдеп және жантану. Болашақ мұғалімге құлықтық тәрбие беруде ұлттық педагогика қашанда халық тәрбиесін үлгі етеді.

Ғұлама даналарымыз адамның жан дүниесіне жүрек сырына терең бойлап ондағы құпия жайттарды ұғынып, олардың бейнесіндегі маңызды жақсы-жаман қасиеттері туралы өте көп педагогикалық тұжырымдар, ой-пікірлер айтқан. Олар жақсы мінез құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде – бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады, қасиеттер дегенде қазақ даналары, әрбір нәрсенің игілікті жағы, соның өзінің және оның әрекеттерінің абзалдығында және жетілгендігінде деген мағынада айтады. Егер осы екеуі – жақсы мінез құлық пен ақыл күші, бірдей болып келсе, ол адам – үлкен ат иесі деген. «Адамнан үлкен ат жоқ» - деген тобықтай түйін осыдан қалса керек.

Ұлы Абай үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, - деп өзінің әйгілі тұжырымын жасайды. Абай осы асыл сипат (ыстық, нұрлы, жылы) үш қасиет (қайрат, ақыл, жүрек) тұтасқанда ғана адам толық нағыз, кемел адам болатынын ескертеді. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден ерек», - дейді. Мұндағы елден ерек, толық болу – парасатты болу дегенді білдіреді, ал ол үшін олардың үйлесімі, жарастығы болуы керек.

Қазақ ойшылдарының тұжырымдауында, ақыл парасаттылық жеті нәрседен тұрады: біріншіден, адамдарға кішіпейіл және нәзік сезімталдылықпен қараудан; екіншіден, өзінің ісінің бұрыс екенін біліп, соған орай әрекет жасаудан; үшіншіден, халқына қызмет етіп, олардың тілек-армандарын орындаудан, төртіншіден, қатеңді бірден мойындап кешірім сұраудан, бесіншіден, әдеп сақтап, өкіндіретін сөздердің тілге ілігуінен сақтануынан; алтыншыдан, төзімді болып, қызбалыққа жол бермеуден; жетіншіден, өзінің және басқалардың сырын сақтаудан.

Халық педагогикасының әр түрлі қырларын тілге тиек еткенімізде, алдымен соны іске асырар педагог тұлғасына қойылатын талаптар және сол талаптарға педагог тұлғасын сәйкестендіру тетігін айқындау мәселесі – қазіргі күнгі білім беру саласының күн тәртібінде басты орынға ие.

Мұғалімнің кәсіби бет-бейнесі қандай болуға тиіс? – деген сұраққа жауап ретінде төмендегі ой-пікірлерді ұсынамыз:

1) ұстаздық еңбек жолындағы алғашқы қадамы шәкірттің оқуға деген ынтасына терең мән беріп, шәкірт жүрегіне жол тауып, атқарылатын іске шын қызықтыра баулу;

2) ар-ождан алдындағы басты парызың мамандықтың басты шарты болғандықтан, ол сенен төзімділікті, ұстамдылықты, шыдамдылықты, шыншылдықты, әділдікті талап етеді. Оған машықтанып, дағдылану;

3) нақты педагогикалық міндеттерге сәйкес оқушыларды таңдандыра, қызықтыра, шабыттандыра білу;

4) педагогикалық қызметтің ойдағыдай болуының қажетті шарты – оқушыны жақсы көру, жылы жүзбен қарау, жеке басын сыйлау;

5) өз халқының мәдениетіне, тіліне, тарихына, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына құрметпен қарайтын нағыз адам қалыптастыру.


2 Мұғалімнің өнегелілік мәдениеті
Қазіргі күннің талаптарына сәйкес мұғалімнің жеке басын жетілдіру, өнегелілік мәдениетін дамыту ерекше маңызды болып отыр, өйткені мектептегі барлық оқу-тәрбие процесі тиімділігінің табысты болуы, көбінесе соған байланысты.

Әрбір мұғалім өз басының бағалы кәсіптік сапасын, іскерлігі мен дағдысын, өнегелілік мәдениетін жетілдірудің, яғни өзінің кәсіптік тәрбиесімен шұғылдануының айрықша маңызы бар. Мұғалім үщін қастерлі міндет «өзінің жеке басының тәрбиесін бүкіл өмірлік міндетіне айналдыруда», - деп есептейді А. Дистервег.

Мұғалімнің өнегелілік мәдениеті, оның негізін құрайтын адамгершілік, моральдық борыш, ар-ұят пен намыс адамға не бере алады? Ең алдымен адам өмірін сәулелендіретін мейірбанды өнегелілік пен қайырымдылық сезімін нағыз адамгершілікпен өмір сүре білу қабілетін береді. Ұстаз тұлғасының ойы мен сезім әлемі түйіскен жерде, оның ішкі дүниесінің нағыз қазынасы басталады. Оқушылармен бірге толғанатын, олардың жетістігіне қуанатын мұғалім ғана өзінің оң сезімінің аясын кеңейте алады.

Өнегелілік мәдениеті ұстазға ой мен сезімнің бай рухани әлеміне енуіне мүмкіндік берумен қоса, іштарлық, атаққұмарлық секілді әдеттерден аулақ болуға, әрі оған тәуелді болмауға жәрдемдеседі.

Өзімшіл өресі таяз адамдар өзінің көптеген рухани адамгершілік қасиеттерінен айырылады. Адамгершілік қасиеттен айырылудың осындай жақтарын байқаған В.Г. Белинский былай деп атап көрсетті: ғалым, дәрігер, заң шығарушы болған жақсы, алайда осының өзінде адам болмау өте жаман.

Әрине, өресі кең адамдардың өзінде де әр алуан кемшіліктер, болуы мүмкін. Шындығында әр адам өзінің өнегелі ішкі дүниесін жақсартып жетілдіре алады. Ол үшін бірінші кезекте адамгершілік, мейірбандық сезім аясын кеңейтіп, өнегелілік тебіреніс тілі мен өнегелі ойды меңгеру керек.

Мұғалімнің жеке басының адамгершілік қасиеттеріне қойылатын талаптар педагогикалық деонтологияның жеке тұлғалық компоненттерінде өз көрінісін табады.

Мектептің алға қойған мақсаты - мәдени орталық болып саналуы, адамның бойына тек жақсылықтарды ұялату, дамыту. Тұлғаны дамыту үрдісі күрделі қайшылықтарды жеңумен байланысты, осы орайда көптеген келеңсіздіктермен күресуге тура келеді, педагогикалық үрдіске қатысушылардың өзара қарым-қатынасын реттеу қажеттілігі туындайды. Мұнда педагогикалық мораль, ұстаздың кәсіби жұмысында адамгершілік қатынастардың бірлігіне құрылады. Бүгінгі күні этикалық тәрбиенің, адами қасиеттерді меңгертудің мәні зор.

Педагогикалық этика педагогикалық моральдың қызметін, принциптерін, мазмұнын, ерекшеліктерін қарастырады, педагогтың адамгершілік іс-әрекетін, мінез-құлқын негізге алады. Ол педагогикалық этикет негіздерін даярлайды, оның аясына адамдардың, өскелең ұрпақ тәрбиесімен кәсіби тұрғыда айналысып отырған барлық жандардың дұрыс қарым-қатынасының ережелері, қағидалары енеді.

Педагогикалық мамандықтың моральдық аспектілері әр педагогикалық қызметкердің өзінің іс-әрекетіне деген жауапкершілікпен, жеке көзқарасымен ұштасады. Педагог өз шәкірттерінің келеңсіз, жаман әдет-қылыққа баруына жол бермей, жан-жақты тәрбиенің аясынан босатпауы шарт. Бұл салаға ата-анамен тығыз байланыс та енеді. Кез келген ұстаз моральдық міндетін орындауда еркін. Өзінің кәсіби білімін, білік, дағдысын қандай деңгейде пайдалана алуы оның кәсіби этикасына байланысты.

Мұғалім ең күрделі процестерді – жеке адамды қалыптастыру процесін басқарады. Мұғалім баланың білімін, икемділігін, әдетін, мұратын және өмірлік мақсатын қалыптастырады. Кезінде көне грек философы Платон былай деген еді: егер етік тігуші олақ болса, мемлекет бұдан көп зардап шеге қоймайды, бар болғаны азаматтар барынша нашар киінеді, ал егер шәкірт ұстазы өз міндетін нашар орындаса, онда елде жаман адамдар мен бұзақылар көбейіп кетеді.

Мұғалімдік атаққа ие болған әрбір адам ұстаздық абыройға ие бола бермейді, өйткені ол абыройлы, ардақты іс болғанымен, қолындағы дипломға қоса «абыройлы» деген мандат берілмейді. Жазылмаған бұл мандатты халықтан өзі алуы керек. Диплом алған әрбір адамның болмысы түгелдей мұғалім болып жаратылуы керек. Бұл мамандықты меңгерту барысында ұстаз кадрларын даярлайтын жоғарғы оқу орны әрбір тәлімгер болам деген талапкерге мұрындық болуы керек.



3 Болашақ ұстаз абыройының баспалдақтары

Мұғалімнің маңызды еңбек құралы, оның жеке тұлғасы. Өзінің кәсіби міндеттерін нәтижелі орындау үшін ұстазға міндетті түрде өз оқушыларының алдында ерекше абыройлы болғаны дұрыс. Алайда бұл сый-құрметтің, сенімділіктің өзі ерен еңбекпен келетіні түсінікті. Осы орайда әңгіме тек арнайы кәсіби-педагогикалық сапалық қасиеттер (мейірімділік, шыдамдылық) хақында ғана емес, басқа да түрлі жалпы адами әлеуметтік құнды қасиеттер хақында. Бұл әлеуметтік бағалы қасиеттер педагогқа аса қажет, оның кәсіби міндеттерінің аясына адамгершілікке тәрбиелеу енеді. Әлеуметтік құнды сапалық қасиеттерді тәрбиелеу білім беру және іскерлік дағдыны жетілдірумен қатар жүреді. Білімді терең игертетін, моральдық сенімге тәрбиелейтін педагогтың өзі жан-жақты білім иесі, мол адами қасиеттерді бойына жинақтаған жан болуы тиіс. Білім беретін тұлға мен оқушылардың болмысының аралығындағы өзара байланыстың болуы педагогтың кәсіби моралінің кодекстерін құрудың маңызды алғышарты болып есептеледі.

Ұстаздарға қарап шәкірттер еліктейді. Балалар мен жасөспірімдер күн сайын бірнеше сағаттан мектеп әлемінен орын ала отырып, ұстаздарының берген білімдерін ғана меңгеріп қоймайды, мінез-құлық ерекшеліктерінен де көп нәрсені дарытады. Кез келген жағдайда мұғалімдердің назарға алатын қағидасы, олар оқушыларға өздерінің мақсатты бағытталған педагогикалық әрекеттерімен ғана қолайлы немесе қолайсыз әсер беріп қоймайды, сонымен қоса өзінің тұтас болмыс, жан-дүниесімен де қатты әсер етеді. Осы себептерге байланысты ұстаздардан қатты талап етілетіні – олардың тек үлгі аларлықтай бағыт-бағдар берулері, оқушыға зиянды әсер беретін барлық шараларға қарсы тұра білулері қажет. Нақты осы жайт кәсіби мораль кодексі тұрғысынан анықталуы тиіс.

Кәсіби міндеттерді атқарудағы еркін таңдаудың жеткіліктілігі. Жоғарыда айтып өтілгендей, ұстаздың кәсіби рөлі оған сан алуан және күрделі міндеттерді артады. Олардың жүзеге асуы үшін әрекеттің үнемі бірдей амалдары кезіге бермейді. Педагогикалық ахуалдар үнемі өзгеру үстінде және әр кезде жаңаша бағалануы тиіс. Педагогты барлық уақытта өз міндеттерімді қалай, қандай әдістермен жүзеге асырамын деген ой мазалайды. Таңдаудың өзі өзгеріп, жағдайға сәйкес түрленіп отырады. Кімде неғұрлым жоғары таңдау еркі болса, сол адамда соғұрлым жоғары жауапкершілік болмақ. Сол үшін мұғалімдерге моральдық нормалар аса қажет, көп жағдайларда оңтайлы шешім табуға жол ашады.

Қоғам мұғалімнің әр шешімінің сапасын және мақсаттылығын қадағалап отыра алмайды. Сол үшін бақылау ең алдымен мұғалімдердің өздерінің тараптарынан белең алуы тиіс. Педагогтың кәсіби тұрғыда өз ісінің шебері болмауынан және кәсіби міндеттерінің сапасыз атқарылуымен заңдар мен нұсқаулардың көмегі арқылы күресу мүмкін емес. Бұл арада анағұрлым тірек болар күш те кәсіби-моральдық сана-сезім болып саналады.

Бүгінгі таңда ұстаздар қауымына нақты талаптармен қоса негізсіз де міндеттер артылуда. Негізді және қисынсыз жайлардың ара жігін ашып алған дұрыс. Бұл арада жан-жақты ойластырылған кәсіби мораль көмектеседі. Білім беруден басқа да (экологиялық, әлемге көзқарасты тәрбиелеу) міндеттерді ұстазға жүктей беру ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлінің төмендеуімен байланысты. Ата-аналар өз міндеттерін қуана-қуана ұстаздарға артуға құмар, көпшілігі оларды тәрбие мамандары деп санайды. Бұндай міндеттің көп жүктелуі ұстаздар қауымына бірқатар міндеттерді тереңдей қабылдай алмауға итермелейді. Өздерінің кәсіби міндеттерін қысқартуға әкеледі. Қат-қабат нұсқаулар мен шамадан тыс толтыратын қағаздар реті де тәжірибелік міндеттерін алмастырып жібереді. Ұстаздарды осындай қат-қабат әрекеттерден, негізсіз талаптардан қорғау, ата-аналарды бала тәрбиесіне біліктілікпен қарауға дағды беруде де кәсіби моральдың лайықты нормалары аса қажет.

Педагогтардың кәсіби моралінің мазмұнын анықтауда педагогтарға табиғи түрде осы салада жинақталған халқымыздың мол тәжірибесіне, педагогикалық бай мұрасына арқа сүйейтіні белгілі. Көптеген педагогтар кәсіби болмыс, мінез-құлықтың қалыптасқан этикалық нормаларын өз түсінігінше қабылдайды. Алайда, атап өтерлігі, бұл нормаларды мойындау оған мойын ұсыну емес. Сократтың өзі таң қалған жай - көптеген адамдар мейірімділік, қайырымдылықтың бар екендігін біле тұра қатыгездікке барады. Ал, Гегель тұжырымынша, нақты моральдық сана дұрыс әрекеттер арнасына жол ашпақ, ал адамның өзі іске асырған қылықтарымен танылады. Сапаны құрастырушы деонтологиялық даярлық, сол үшін қайтара еске алатынымыз, моральдық норманың қағидаларын нысанға алып, ойланбай жүзеге асыратын әрекеттерге жол бермегеніміз дұрыс. Моральдық нормалар кәсіби болмыс, мінез-құлықтың ережелері мен моделін жинақтай отырып, өз алдына ынта туғызатын стандарт болып есептеледі, оны қолдауға әлеуметтік-кәсіби топтың қызығушылығы да басым. Кәсіби-педагогикалық моральдың нормалары тиімді жұмыс атқаратын әр ұстаздың адами сана құрылымынан орын алады.
4 Этикалық категориялардың ерекшеліктері және әлеуметтік функциялары.
Этика категориялары – моральдың ең мәнді жақтары мен тұстарын көрсететін, ғылым ретіндегі этиканың теориялық аппаратын құрайтын жалпы түсініктер. Этика категориялары – адамгершілік сананың теориялық деңгейінде өмір сүреді. Олар – рухани, идеалды тәртіптің құрылымдары, болмыстың адамгершілік жақтарының субъективтік көрінісі, әлеуметтік құбылыс ретіндегі мораль туралы жүйеленген, ғылыми негізделген, теориялық ьілімдер жиынтығы.

Этикалық категориялар туралы сөз қозғай отырып, олардың ғылымның кейбір функцияларын да атқаратынын атап өткен жөн. Біріншіден, олар қоғамдық қатынастардың саласы ретіндегі моральды танудың таусылмас баспалдақтары. Екіншіден, олар танымның дербес құралы болып табылады. Үшіншіден, этика категориялары моральдық танымның бірінші тәртіптегі мәннен екінші тәртіптегі мәнге және т.б. дамуының, қозғалысының нысанасы.

Басқа ғылымдардың категорияларына тән белгілерді, қасиеттерді иеленгенімен, этикалық категориялардың өзіне ғана тән бірқатар ерекшеліктері бар.

Біріншіден, олар қоғамдық қатынастардың адамдардың жүріс-тұрысымен, олардың жақсылық пен жамандық, борыш, абырой, әділдік туралы көзқарастарына сәйкес бір-біріне, қоғамға, мемлекетке, отбасына, ұжымға деген қатынасымен байланысты жақтарын көрсетеді.

Екіншіден, этикалық категориялар бағалаушылық аксиологиялық сипатқа ие. Басқаша айтқанда, олардың барлығын жақсылық пен жамандық, қайрымдылық пен зұлымдық тұрғысынан бағалауға болады, ал олардың өздері осы бағалаудың нысаны ретінде көрініс табуы мүмкін: адал, тәртіпті, әділ, жауапкершілігі мол адам т.б.

Үшіншіден, олар адамдардың жүріс-тұрыстары мен қарым-қатынастарын реттеу құралы болып табылыды, қоғамның адамгершілік талаптарын көрсетеді.

Төртіншіден, басқа да адамгершілік құрылымдар: қағидалар, нормалар, талаптар, ережелер және т.б. сияқты этика категорияларының беделі мен маңыздылығы қоғамдық көзқарастың немесе жеке тұлғаның өзіндік санасының күшіне негізделеді.

Бесіншіден, этика категогияларында, басқа ғылымдардың категориялары мен түсініктерімен салыстырғанда, қоғамдық қатынастардың эмоционалдық жағы мейлінше кең көрініс тапқан.

Этикалық категориялар саны жағынан өте көп, сондықтан ғылыми және тәжірибелік мақсаттарда оларды топтарға бөлу орын алған. Барлық категориялардың жиынтығын көп жағдайда моральдың құрылымының негізінде бөледі. Олар, моральдық сана, адамгершілік қатынастар, моральдық тәжірибе.

Этиканың категориялары бір-бірімен тығыз байланысты және олар бір-бірінің мазмұнын ашады. Яғни, белгілі бір этикалық категорияның мазмұнын екінші бір этикалық категорияны пайдалану арқылы ашуға болады. Мысалы, абырой категориясын жауапкершілік, тәртіптілік, батылдық, ержүректілік және т.б. категорияларды пайдалану арқылы ғана түсінуге болады. Ержүректілік категориясының мазмұны батылдық, шыдамдылық, қажырлылық, қайраттылық және т.б. категориялардың көмегімен ашылады. Әділдік категориясын адамсүюшілік, шыншылдық, кеңпейілділік, еңбексүйгіштік және т.б. категорияларсыз түсіну мүмкін емес.

Жоғарыда аталған үш топтың категорияларын жеке-жеке талдап көрейік. Бірінші топ – моральдық сана категориялары. Оларға мыналар жатады: моральдық қағида, моральдық норма, моральдық немесе этикалық категория, моральдық сенім, адамгершілік мақсат, моральдық таңдау және т.б.

Екінші топ категориялары – бұл адамгершілік қатынастар категориялары. Оларға мыналарды жатқызуға болады: адамгершілік өзара әрекеттер, адамгершілік шиелініс, моральдық бедел және т.б. Бұл қатынатардың адамгершілік деп бағалануының себебі мынада: олар достық, серіктестік, сенім, сыйластық және т.б. моральдық бағалаулармен сипатталады.

Үшінші топ категориялары – бұл моральдық тәжірибе немесе функционалдық жүріс-тұрыс категориялары. Оларда тұлғаның белгілі бір моральдық қасиеттерді тәжірибеде, күнделікті өмірде жүзеге асыру үрдісі көрініс табады. Мұндай категориялардың қатарына мыналар жатады: моральдық әрекет, моральдық салдар.
5 Кәсіби борыш және кәсіби абырой
Борыш категориясы – этикадағы маңызды категориялардың бірі. Ал педагогикалық кәсәби этикадағы алатын орны тіпті ерекше. Мораль сапасын жеткілікті негізбен міндеттіліктер саласы деп те атайды: қайырымды бол, адал бол, әділ бол. Борышты адам болу – оның мәнін, талаптарын білу ғана емес, осы талаптарды тәжірибеде сақтау.

Этиканың маңызды категорияларының қатарына абырой категориясын жатқызуға болады. Кәсіби абырой – бұл өз борышын жан-тәніменорындаудың жоғары әлеуметтік құндылығын түсінуі және оның қоғамдық көзқараспен танылуы. Абырой сезімі - бұл білім беру қызметкерлерінің істері мен әрекеттерінің қуатты қозғалыс күші.

Халқымыздың әдеп-ғұрып дағдылары мен әдеп нормаларын жақсы біліп, олардың ішінен кәзіргі күн талабына жауап беретін лайықтыларын жас ұрпақтарды тәрбиелеу ісіне қолдана білу - әр ұстаздың пайымы мен байымына, талғам-тәліміне, көрген өнегесіне байланысты. Әрине бұл ретте халықтың озық әдеп дәстүрлерін этикет талаптарымен үйлестіре, байланыстыра білу де біліктілікті, білімділікті қажет етеді.

Тәрбиенің негізігі қағидаларының болуы заңды құбылыс. Халық педагогикасының негізгі қағидаларын арнайы сөз етсек, олар мыналар демекпіз:

Келер ұрпақтың ақылды, намысқор, арлы, өміршең азамат болуын тілеу. Жас нәрестенің дүниеге келуі ата-ана, ағайын-туыс, қауым-көпшілікке зор қуаныш әкелумен бірге, борыш та жүктей келеді. Дәлірек айтсақ ұрпақты тәрбиелейтін халық мектебінің есігі сәбидің алғаш дүниеге келген күнінен бастап айқара ашылады. Ол белгілі мақсат- тілекпен байланысты туындайды. Отбасы үлкендерінің бәрі жаңа туған жас баланы отанының, елінің асыл азаматы болуын аңсап армандайды. Өнегелі үлкендерге ұқсасын деп, дарынды, өнерлі, ақылды ақсақалдарға баланың аузына түкіртіп, азан шақыртып, атын қойғызады. Ұрпағы өскен қадірлі анаға кіндігін кестіреді, бесікке салдырады, қырқынан шығарту ырымдарын жасатады, тұсауын кескізеді. Үлкендерден бата алғызады. Халықтың балаға арналған ырым, бата-тілектерінде келешектен күткен үлкен үміт, аңсау арман бар. Тәрбиенің алғашқы қағидасы ата-ананың аңсау арманымен, баладан күтер үмітімен үндесіп жатыр.

Баланы жастайынан еңбексүйгіш, елгезек азамат етіп тәрбиелеу. Ол бесік жырлары мен тұсау кесер жырларынан, бата, тілек, терме, өлеңдермен өзекті орын алған. Еңбек қағидаларын жастардың бойына сіңіру отбасындағы маңызды істерімен ұштасған. Ұл баланы қозы, лақ қайтаруға, отын-су әзірлеуге, мал өнімдерімен тұрмысқа қажетті құрал-жабдық жасауға әзірлеу, қора салу, киіз үйдің ағашын істеу, ұсталық зергелік өнерге үйрету т.б. көзделсе, ал қыз балаларды ыдыс-аяқ жуу, үй сыпыру, шай құю, төсек жинау, кесте, өрмек тоқу, ас пісіру, бала күту, қонақ күту т.б. үйреткен.

Халық педагогикасында «бірінші байлық- денсаулық» деген ұғым өзекті орын алған. Дені саудың жаны сау, Ас адамның арқауы, Ауру астан деп, рухани, материалдық байлықтыңи тәрбиенің негізін жеке бастың, яғни тәннің саулығына байланысты қарастырған. Баланы туған күннен бастап тұзды сумен шомылдыру, маймен сылау, дене күтіміне ерекше мән беріп шынықтыру, мерзімінде жақсы ас беріп тамақтандыру мен ұйықтатудың бәрі тән саулығы үшін жасалған әрекеттер.

Халық педагогикасында адамгершілік қасиеттерді баланың бойына дамыту, ізгерлікке, имандылыққа, адамдыққа тірбиелеу, ар-ожданды қастерлеу басты қағиды болып есептелген. «Жаным – арымның садағасы» - деп арды, адамгершілік қасиетінің үлгісі ретінде санаган.

Гуманизм мен патриотизм - халықтық тәрбиенің басты қағидаларының бірі. «Отан от басынан басталады, деп ұққан ата-бабамыз от басының, ананың, рудың, отанның намысын қорғауға, ауру, кемтарларға көмектесуді, басқа ұл өкілдерін сыйлауға отбасы тәрбиесінің өзекті принциптері деп бағаланған. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Жақсы - көпке ортақ» деген өсиет тәрбиеден өзекті роль алған.

Тіршіліктің тұтқасы, өмірдің шамшырағы өнер мен ғылым деп түсінген халқымыз жастарға «Өнерлі өлмейді», «Білігі жуан бірді жығады, білімі жуан мыңды жығады», «Білім таусылмас – кен», «Өнер - өлмес мұра» - дегенді насихаттап ертегі, өлең-жыр, мақал-мәтел, аңыз әңгімелер ұсынған.

Адам өмірі мәнгі табиғат құшағында өтетін болғандықтан, ата-бабамыз өз ұрпағын ағаш бесіктен, жер бесікке жеткенше табиғи ортаны аялауға тәрбиелеп келген. Ол туралы әлдененше жұмбақ, өлең –жыр, ертегі, аңыздар шығарған.

Енді халықтық тәрбиенің осы басты қағидаларының ғылыми педагогикамен байланысы қандай дегенге келейік:

Халық педагогикасында тәрбие ісін баланың жас ерекшелігін ескере отырып жүргізуді талап еткен. Мәселен, «Ұлыңды бес жасқа дейін патшадай қара, он бес жасқа дейін қосшындай сана, он бес жастан асқан соң ақылшы досыңдай бағала» деген мәтел баланы еркін тәрбиелеудің, көмекші деп үмітпен қараудың, ақылшым деп тең санаудың қажеттігін мегзейді.

Халық педагогикасында тәрбие ісін әр баланың жеке бас ерекшеліктерін ескере отырып жүргізуді де ескертеді. «Бір биден ала да туады, құла да туады», «Балаға үміт арту - әкенің парызы, ақтау - баланың қарызы» деп, ой түйіндеген.

Халық педагогикасы баланың тәрбиесі туған, өскен ортасына, ата ананың, отбасы үлкендерінің, ұстазының үлгісіне байланысты деп қараған.

Педагогика ғылымы тәрбиенің мақсатын жеке адамды жан-жақты дамыту, әділетті қоғамды өз қолымен құратын және оны қорғай алатын азамат етіп тәрбиелеу деп қарастырады. Тұлғаны жан-жақты жетілдіріп, дамыту деген ұғымды оқу мен жастардың практикалық еңбегінің тікелей байланысы, дененің және ақыл-ой дамуының біртұтастығы деп түсіну керек.



Қорытынды.
Ұлттың бүгіні де болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Қазақ халқының да бала тәрбиесі жөнінде жиып-терген мол қазынасы бар, жоғалта жаздаған көптеген рухани байлығымызды қайтадан қалпына келтіріп, халықтың тәлім-тәрбиелік ақыл-ойын, ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын негізге ала отырып болашақ мұғалімнің даярлығын қалыптастыру – бәрімізге ортақ міндет деп қараймыз.

Ана тілін, Ата тарихын, Төл мәдениетін, Ұлттық салт-дәстүрлерін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, көздерінен қанды жас ағып жылап отырған кейуана аталар мен әжелер, ішкілік пен нашақорлыққа салынған жастар, қылмыстың қаулауы, сыбайлас жемқорлық, мектептегі оқу-тәрбие жұмысының нашарлауы, мұғалімдер беделінің төмендеуі, оларға қамқорлық жасалынбауы т.с.с келеңсіз жайларды болдырмаудың негізгі қаруы – ұлттық тәлім-тәрбие мен білімді, ұлтжанды ұстазда. Бұл игі істі жүзеге асыру үшін өткеннен тағылым алып, бар ақыл, өнегені сауатты қолдана біліп, заманымызға қарай икемдеу үшін мектепті сапалы да жоғары саналы мамандармен қамсыздандыру қажеті туады.

Жастарға тәлім-тәрбие беру, оларды кәсіпке баулу аса жауапты мәселе. Ол - жер бетіндегі адам пайда болғалы өзгеріп, жаңғырып келе жатқан күрделі процесс. Оның прогрессивті бағыт алуына Шығыс классиктерінің: Әл-Фараби, А.Фердауси, А.Рудаки, М.Саади, А.Науаи, Г.Низами, Мақтым ұлы ой-пікірлері, түркі әлемінің ойшылдарының; Қорқыт ата, М.Қашқари, Ж.Баласағұни, А.Жүйнеки, Кожахмет Иасауи, М.Х.Дулати мұралары; қазақ ағартушы ғұламалары: Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев еңбектері, қазақ этнопедагогикасының негізін салушылар: Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Дулатов, Н.Құлжанова, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан шығармалары; Асан Қайғы, Бұхар, Сүйінбай, Балқы Базар, Махамбет сияқты суырып салма ақын-жыраулардың өлең-жырлары; Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған би-шешендердің даналық өнегелі сөздері ықпал еткен.

М. Жұмабаев «… қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі… мектебімізді таза, берік hәм өз жанымызға (қазақ жанына) қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген. XXI – ғасыр – жайбасарлықты, марғаулықты көтермейтін үлкен бәсеке ғасыры болғандықтан, қазақ мектебінің оқу-тәрбие бағдарламаларына жаңа сапалық өзгерістер болғаны абзал.



Әдебиеттер
1 Асылов Ұ. Даналардан шыққан сөз. – Алматы, 1987. – Б. 312

2 Абайдың дүниетанымы мен философиясы. – Алматы. Ғылым, 1995. – Б.95

3 Гонолобин Ф.Н. Педагогические способности и их классификация. // Тезисы докладов на 4 Всесоюзном съезде общества психологов. – Тбилиси, 1971. – С.142

4 Дистервег А. Избр. пед. соч. – М., 1956. – Б.73

5 Жүнісов А. Бабалар дәстүрі. – Алматы, 1992. – 10 б.

6 Кертаева Ғ.М. «Ұстаз қызметіндегі педагогикалық деонтология». – Алматы, 2002. – Б.7



  1. Құнантаева Қ. Қазақстанда халыққа білім беру ісінің дамуы. – Алматы: Ғылым, 1998. – Б.138

8 Кузьмина Н.В. Педагогическая структура деятельности учителя и функционирование его личности: докт. дисс. – Л., 1964. – С.11

9 Калюжный А.А. Теория и практика профессиональной подготовки учителя к нравственному воспитанию учащихся в целостном педагогическом процессе: дисс. …докт. пед. наук. –Алматы, 1995. – С.145

10 Назарбаев Н. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы туралы. Президенттің Қазақстан халқына жолдауы. – Қазақстан-2030. – Алматы, 2004. – Б.13

11 Сластенин В.А. Доминанта деятельности // Народное образование. – М., 1998. – Б.12

12 Щербаков А.И. Педагогические основы формирования личности советского учителя в системе высшего педагогического образования. – Л., 1967. – С.112


Мазмұны
Кіріспе..........................................................................................................3

1 Мұғалімнің кәсіби тұлғалық үйлесімділігі................................................5

2 Мұғалімнің өнегелілік мәдениеті................................................................9

3 Болашақ ұстаз абыройының баспалдақтары............................................11

4 Этикалық категориялардың ерекшеліктері мен функциялары...............13

6 Кәсіби борыш және кәсіби абырой...........................................................16

Қорытынды..................................................................................................18

Әдебиеттер...................................................................................................19








Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет