Физикалық оптика жарықтың табиғаты және жарық құбылыстарымен байланысты мәселелерді қарастырады. Физикалық оптикада қарастырылатын мәселелерге жарық табиғатын жан-жақты зерттеу, оның толқындық және кванттық қасиеттері, изотропты және анизотропты орталарда таралу заңдары, электромагниттік сәуленің шығарылу, жұтылу, шашырау процестерінде білінетін жарықтың затпен әсерлесулері жатады.
Геометриялық оптикада кескіндердің жарық сәулелері көмегімен қалыптасуын қарастырады. Геометриялық оптика негізінде жарықтың изотропты орталарда түзу сызықты таралу заңы және жарық сәулелерінің тәуелсіз таралу заңы; оптикалық қасиеттері әртүрлі орталар шекараларындағы сыну және шағылу заңдары алынады. Жарық сәулелерінің табиғаты геометриялық оптикада қарастырылмайды.
Практикалық мәселелердің көпшілігін геометриялық оптика заңдары көмегімен шешуге болады. Оптикалық аспап теориясы соның ішінде аберрациялар теориясы және оптикалық жүйелерді есептеу әдістері негізінен геометриялық оптика заңдарына сүйенеді.
Физиологиялық оптика-көру арқылы көздің қабылдауы жайындағы ғылым-көру механизмін, көздің жарықты қабылдауын зерттейді.
Оптиканың практикалық мәні және оның білімнің басқа салаларына ықпалы ерекше зор. Телескоп пен спектроскоптың ойлап шығарылуы адамға шексіз Әлем кеңістігінде өтетін құбылыстардың таңғажайып әрі бай дүниесінің есігін ашып бергені белгілі. Микроскоптың ойлап шығарылуы кезінде биологияда төңкеріс жасады. Фотография ғылымның барлық саласында қолданылады.
Жарық туралы ілімнің дамуына тарихи шолу
Ерте заман және орта ғасырлардағы оптика. Көне грек философтары мен математиктері-Пифагор (б.д.д. 582-500 ж.ж.), Эмпедокл (б.д.д. 492-432 ж.ж.), Демокрит (б.д.д. 400-370 ж.ж.), Евклид (б.д.д. 300 ж.ж.), Платон (б.д.д. 427-347 ж.ж.), және басқалары жарық құбылыстары табиғатын көру түйсігі сезімін негізге алып түсіндіруге тырысқан.
Евклидтің пікірінше, көзден “көру сәулелері” шығарылады, бұлардың ұштары нәрсені (затты) сипалайды, бұл көру сезімін туғызады. Евклид жарықты зерттеуге математиканы қолдынып жарықтың айналардан шағылу заңдарын тағайындады. Ол жарықтың түзу сызықты таралуы жайындағы ілімнің негізін қалаушы болып табылады.
Эмпедоклдың пікірінше, жарық шығаратын денелерден көзге ағыс бағытталады, ал көзден де денелерге қарай ағыс шығарылады. Осы ағыстар түйіскен жағдайда көру сезімі пайда болады.
Демокрит көру сәулелері жайындағы түсінікті толығымен жоққа шығарады. Оның көзқарасына сәйкес денелерден шығарылатын атомдар көз бетіне түскенде көру сезімі пайда болады.
Біздің дәуірімізге дейінгі III ғ. өзінде геометриялық оптика негізі қаланған. Бұған дәлел Евклидтің өзіне дейінгі белгілі тәжірибе деректерін қорыту нәтижесінде жазылған «Оптика», «Катоптика» деген еңбектерінде геометриялық оптиканың негіздері баяндалады.
Достарыңызбен бөлісу: |