Байдельдинов Асан Х.
№ 63 орта мектебінің бейнелеу өнері және технология пәні мұғалімі
ОҚУШЫЛАРДЫ КӨРКЕМ ЕҢБЕККЕ БАУЛУ
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы өсіп келе жатқан жеткіншек ұрпақтың мәдени өрісін көтеру, сұлулықты қабылдау қабілетін қалыптастыру арқылы төл мәдениеттің белсенді жасаушысы, иесі, жалғастырушысы болуына зор мән берілуде. Сонымен қатар оқушылардың өз елінің, халқының, соның ішінде өзі мекен ететін аймақтың мәдениетіне, дәстүрлеріне деген сезімдік-эстетикалық қарым-қатынасын қалыптастыру – бейнелеу өнері, технология пәндерінің негізгі міндеттері болып отыр.
«Біз өзіміздің болашағымызды, жеке балаларымыздың болашағын қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті» деп көрсетілген Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2030 жылға арналған стратегиялық бағдарламасында. Сондықтан да еліміздегі ұлттық қоғамды кемелдендіру ел болашағы – жас ұрпақты жаңа инновациялық әдісте рухтық тәлім және білім негіздерімен қаруландырып, қалыптастыру қажет.
Білім мен тәрбие ажырамас егіз ұғым. Ұлы данышпан Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берген білімнің күні қараң» деген сөзі осыны дәлеледесе керек. Сондықтан бүгінгі ұрпақтарға білім-ғылым нәрін берумен қатар, өз халқымыздың тағылым қағидаларын жеке тұрғыда үйретіп, игерудің мәні зор. Себебі, бүгінгі бала ертеңгі ата-ана, бала тәрбиелеуші, халық өкілі, ел намысын қорғаушы, ата-бабалардың ісін жалғастырушы мәңгілік күш. Сол себепті жалпы білім беретін орта мектептерде бұл мәселені жолға қою, яғни егеменді елімізге қазақ қоғамын қалыптастыру – басты міндет.
Эстетикалық мәдениетті дұрыс қалыптаспаған адам ғылымда, саясатта және қоғамда өзгелермен тіл табысуда мәдениетті түрде адамгершілікпен әрекет жасай алмайды. Сондықтан қазірден бастап мектеп оқушыларына ойлау, эмоционалдық сезімдерді қалыптастыру, экологиялық, патриоттық тәрбиелер ауадай қажет, оны ұлттық қолөнеріміз бен мәдениеттің қатысуынсыз жеткізу мүмкін емес.
Қазіргі күннің талабы – білімді, өнерлі, өнегелі жас ұрпақ тәрбиелеу. Әлемдік білім беру жүйесі ХХІ ғасырда жаңа, тың бағытта дами бастады. Білім берудің мазмұны, мақсаты өзгерді. Қоғам, мемлекеттік болған соң, ең алдымен, білім, тәрбие керек. Сондықтан да елбасымыз Н.Назарбаев өзінің Жолдауларында білім мен өнер, мәдениет салаларына айрықша көңіл бөліп, еліміздің жарқын болашағы білікті де парасатты жастардың қолында екенін назардан тыс қалдырған емес.
Көркем эстетикалық тұрғыда тәрбиелеуде ұлттық өнерді үйретуде мына мақстаттарды алға қоюымыз керек:
халықтың ғасырлар бойы жинақталып, іріктеп алған озық тәрбиесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын дүниетанымын, өмірге көзқарасын және оған сай мінез-құлқын қалыптасытыру;
жас ұрпаққа халқымыздың асыл дәстүрі мен салтынан мағлұмат бере отырып дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, бойында басқа игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу;
ұлттық қолөнері және рухани-мәдени байлығымызды танып-білуге тәрбиелеу. Өз отанының және халқының қолөнер мұраларын танып, жетік меңгеру;
Еліміздің өркениетті елдер қатарынан алдыңғы орындарды иеленуге ұмтылуы жағдайында жас ұрпақты жан-жақты дамыта тәрбиелеу қажеттігі арта түседі. Мұны жүзеге асырудың бір жолы олардың эстетикалық тәрбиесін жетілдіру болып табылады. Өйткені жеке тұлғаның эстетикалық тұрғыдан дамуы тәрбиенің құрамдас бөліктерінің барлығымен сабақтастықта, өзара байланыста жүзеге асырылады. Әсіресе, бұл сәндік-қолданбалы өнерді үйрету үрдісінен айқын көрінеді.
Жас жеткіншектерге ұлттық өнердің қыры мен сырын игерте отырып, олардың эстетикалық сезімталдығын, ой-қиялын, көркемдік талғамы мен шығармашылық қабілетін шыңдау, балалардың өзі өмір сүретін ортасына сұлулық әкелуге деген құштарлығын, туған халқының көркем-мәдени мұраларына, эстетикалық дәстүрлеріне деген сүйіспеншілік қатынастарын тәрбиелеуге зор мүмкіндік туғызады.
Қазіргі уақытта эстетикалық тәрбие үлкен маңызға ие. Оның міндеттерінің бірі – жасөспірімдердің шынайы өмірге, өнерге эстетикалық қарым-қатынастарын қалыптастыру. Ал бұл шығармашылық тұрғыдан іздемпаз тұлғаны дамытудың факторы саналады. Адамның шындыққа, өнерге эстетикалық қарым-қатынасы эстетикалық қабылдаудан басталады және онсыз қалыптасуы мүмкін емес. Осыған байланысты балалардың эстетикалық тұрғыдан қабылдау және бақылау қабілеттерін дамытудың қажеттілігі артады. Осы қабілеттердің дамуы өмір мен өнердегі әсемділікті, ұлылықты, шынайылықты түсінуге және оларды талғамсыздықтан ажырата білуге мүмкіндіктер жасайды. Эстетикалық қарым-қатынастар эмоционалдық сипатқа ие болғандықтан өмір мен өнердің эстетикасын тану, эстетикалық күй кешу, сезіну арқылы жүзеге асырылады. Әсемдікті, ұлылықты қабылдау адамды алуан түрлі сезімге бөлеп, жағымды әсер қалдырады.
Эстетикалық тұрғыдан қабылдау адамның туа біткен қабілеті болып табылмайды. Ол білгілі бір мәдениеттіліктен, даярлықтан, эстетикалық білімділіктен талап етіледі. Бұл эстетикалық қажеттілік, қабілет, талғам, бағалау және т.б. сапаларды қамтитын жеке тұлғаның эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың қажеттілігін арттыра түседі.
Шындыққа эстетикалық қарым-қатынас затты, құбылысты эстетикалық тұрғыдан бағалаулан да көрінеді. Ал эстетикалық тұрғыдан бағалау эстетикалық талғамнан талап етіледі. Жасөспірімнің эстетикалық талғамы оның эстетикалық тұрғыдан сезімін білдіру, оны саналы ойдан өткізу, көркемдік сапаны эмоционалдық бағалау, көркемдік нысанды жеке эстетикалық қажеттілігі деңгейімен салыстыру және т.б. қабілеттерді қамтитын психикалық қасиеттерінің күрделі кешені болып табылады. Эстетикалық талғам жеке тұлғаның қажеттіліктері мен идеалымен қатар жүретін күрделі білім. Ол жеке тұлғаның эстетикалық тәрбиелілігінің көрсеткіші, көркемдік дамуының деңгейі болып саналады. Эстетикалық талғамның дамуында қиял, елес және көркемдік ой үлкен мәнге ие болады. Жасөспірімдірдің осы сапаларының дамуына тарихы мен мазмұны терең сәндік-қолданбалы өнер сласындағы жан-жақты білімдер, аталған өнер түрлерінің туындыларын жасау барысындағы шығармашылық тапсырмаларды орындау ықпал етеді.
Жасөспірімдердің сәндік-қолданбалы өнерді меңгеру үрдісінде эстетикалық мәдениетін қалыптасытыру оның адам өміріндегі рөлін жетік түсіндіруден, оның маңыздылығы мен мәнін және спецификалық заңдылықтарын толық ашып көрсетуден де талап етіледі. Бұл жағдай сабақтарда халық өнерін қазіргі мәдениеттің ажырымас бөлігі тұрғысынан, кәсіби өнермен өзара әрекеттестігі, ерекше типтегі шығармашылық тұрғысынан қарастырғанда ғана мүмкін болады.
Мектептегі технология сабағында және үйірме жұмыстары барысында шәкірттерге қолөнер арқылы жан-жақты эстетикалық тәрбие беру, оларды көркем еңбекке баулу халқымыздың мәдени мұрасын жүйелі меңгеруге мүмкіндік береді, рухани игіліктерді бағалай білуге тәрбиелейді.
Оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, қиялына қозғау салып, көркем еңбекке баулуда сыйлық заттар жасатудың тәрбиелік мәні зор. Ұлтты танытатын сыйлық заттар жасау барысында әр бұйымды, дәстүрді зерттеу арқылы ізденіс туындайды, оқушылар бойында патриотизм қалыптасады.
Ең басты міндет оқушыларды көркем еңбек арқылы қызығушылықтарын арттырып, еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу, еңбекке деген ынтасын арттыру.
Халық шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарын талдап қана қоймай, соларға ұқсатып жасау баланың шығармашылық жұмысқа, ұлттық өнерге сүйіспеншілігін арттырады, әдемі заттар жасауға талпындырады, рухани-адамгершілік сапалары артады, шеберлігі шыңдалады, еңбекке, еңбек адамдарына құрметі қалыптасады, өз еңбегін және өзгелер еңбегін бағалай білуге тәрбиеленеді. Осы тұлғалық сапалардың қалыптасуы барысында эстетикалық мәдениет элементтері де үлкен мәнге ие болады.
Қазіргі таңда ұлттық ерекшеліктермен жасалған бұйымдарға сұраныстың артуы оқушыларды қазақ халқының кәсіптік қолөнер бұйымдарын дайындай білу іскерлігіне баулу қажеттігін тудырады. Бұл мәселені шешудегі негізгі себеп: оқушы жастарды жаңа экономикалық жағдайда еңбек етуге, өз бағыт-бағдарын анықтауға, мүмкіндіктерін іске асыруға даярлау.
Ұлтымызды танытатын домбыра, қобыз, жетіген, т.б. музыкалық аспаптар, киіз үй, бесік, алтыбақан, қымызға арналған ыдыс-аяқтар, ою-өрнектер, төрт түлік, аңыз-ертегі, салт-дәстүр осының барлығын пайдаланып, түрлі композициядағы сыйлық зат жасау оқушылардың жеке шығармашылықтарын қалыптастырады. Мысалы: домбыраның құрылысы, түрлерімен таныстырып, жасалу жолдарын үйретіп, бұйымға қажетті ағаш бөлігін таңдап алу керек. Ағаш бөлігіне домбыраның сызбасы орындалып, артық бөліктері арамен кесіп алынып тасталады, сонан соң қашау, түрпі, т.б. құралдардың көмегімен кішкене домбыра жасалады. Сонан соң астына домбыраны орналастыратын тұғыр жасалады. Бұл бұйымдар қайрақ қағазбен өңделіп бір-біріне клейленіп, лакталады. Осылайша бір ғана домбыраны пайдалану арқылы қаншама түрлі сыйлық зат жасауға болады.
Домбыраның бірнеше түрлері бар, оны әр түрлі жағдайда орналастыру, сонымен қатар бұйымның сан алуан болуы оның тұғырына байланысты. Қаламсалғыш бұйым ретінде де, ою-өрнек немесе басқа да заттармен біріктіріп ойластыруға болады. Екі немесе үш бұйымды пайдаланып, күрделі композициядағы сыйлық заттар да жасауға болады.
Сыйлық заттар жасауға бейімделген оқушылар үйлерінде де үнемі көркем еңбекпен айналысады, халқымызды танытатын бұйымдардан неше түрлі композиция ойластырады, алдағы жасайтын туындыларының эскизін салып, ізденіске түседі. Оқушылардың мұндай жұмыстарға қызығушылықтары өте жоғары, бір-екі жұмыстан соң-ақ қажет құралды, материалды өздері таңдай білу қабілеттері пайда болады. Жасаған бұйымдары өте сәтті шыққанда, оқушы өз еңбегінен ләззат алып, қуанышқа бөленеді, қызығушылығы артып одан да әдемі жұмыс жасауға талаптанады. Егер көп қиналып, жұмысы жақсы шықпайтын оқушы болса, оған ұстазы көмектесіп отырып жасатқаны дұрыс. Әрине осындай сан алуан сыйлық заттар жасау, мұғалімнің оқушыларға бағыт-бағдар беріп, оқытып, баулуына, қиялдарын ұштауына байланысты.
Мұғалім әрқашан оқушыларды үйретіп, бағыт-бағдар бере отырып, өзі де жұмыс істеп, шеберлігін көрсету арқылы оқушыларды шабыттандыруы керек. Басты мақсат, оқушылар өз ұстазын “шебер” ретінде танып, үлгі тұтып, еліктеуіне қол жеткізу.
Кәдесыйлықтар жасауды тек қана арнайы топтарда ғана емес, мектептегі барлық сыныптардың технология сабақтары барысында да қолданған жөн. Әр сынып оқушылары өз жас деңгейлеріне қарай композиция құрады. Қолөнер шеберлерінің туындыларына асқан қызығушылықпен мән беріп, зерттей қарап, ұлттық өнерді қадір тұтады. Бұл жұмыстар келешек қолданбалы өнер шеберлерінің қалыптасуының бастауы.
Достарыңызбен бөлісу: |