3-тарау. Қонақ үйлердi, мотельдердi, кемпингтердi ұстау тәртiбi
88. Қонақ үйлерде, мотельдерде, кемпингтерде мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде өрт қауiпсiздiгi қағидасы бар жадынамалар iлiнедi. Шетел азаматтары тұрған кезде өрт қауiпсiздiгi туралы жадынама бiрнеше тiлде толтырылады.
89. Қонақ үйлердiң, мотельдердiң, кемпингтердiң нөмiрлерiнде және жатақханалардың есiктерiнiң iшкi жағында өрт болған жағдайда эвакуациялау жолдарының жоспарында нөмiрлерi мен бөлмелерi, эвакуациялау жолдары мен қозғалыс бағыты, өрт сөндiру құралдарын орналастыру орны мен қажеттi түсiндiрме мәтiнi бар дабылы көрсетiлiп, iлiнiп тұрады.
90. Қонақ үйлердiң тұрғын қабаттарында қоймалар, кеңселер орналастыруға жол берiлмейдi.
91. Қонақ үйлердiң, кемпингтердiң, мотельдердiң ғимараттарының қызмет көрсетушi персоналы жұмыс орнында тiкелей сақталатын тыныс алу органдарын жеке қорғау құралдарымен және электр шамдарымен қамтамасыз етiледi.
4-тарау. Ғылыми және оқу орындарын, мектепке дейiнгi балалар мекемелерiн ұстау тәртiбi
92. Жарылыс және өрт қаупi бар заттар мен материалдарды қолдануға байланысты тәжiрибелiк (эксперименттiк) қондырғыларда жұмыс iстеуге оларды кәсiпорын бұйрығымен тағайындалған ведомстволық комиссия пайдалануға қабылдағаннан кейiн ғана жүргiзiледi. Комиссия олардың өрт жарылыс және өрт қауiптiлiк дәрежесiн анықтайды және оларды әр түрлi орындарға орналастыру мүмкiндiгi туралы қорытынды дайындайды.
93. Оқушылармен және студенттермен тұрмыстағы өрт қауiпсiздiгi қағидасымен және өрт шыққан жағдайдағы iс-әрекеттермен танысу сабақтарын ұйымдастыру қажет. Бастауыш сыныптармен, сондай-ақ мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнде әңгiмелесулер өткiзу қажет. Жалпы бiлiм беретiн мектептерде, кәсiби мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында өрт қауiпсiздiгi қағидасын оқу бойынша нұсқаулық сабақтарын өткiзу қажет.
94. Зертханаларда және басқа да үй-жайларда тез тұтанатын сұйықтықтар мен жанғыш сұйықтықтарды ауысымдық қажеттiлiктi арттырмайтын мөлшерде сақтауға рұқсат етiледi. Үй-жайға сұйықтықтар жабық қауiпсiз ыдыста жеткiзiледi.
95. Егер тартпалы шкафта орындалатын операцияға қатысы жоқ заттар, материалдар мен жабдықтар болса, сондай-ақ олар жарамсыз және желдеткiш жүйесi iске қосылмаған болса, онда олармен жұмыс iстеуге жол берiлмейдi.
96. Тартпалы шкафтардың тез тұтанатын заттармен жұмыс жүргiзiлетiн ағаш бөлiктерi оттан қорғайтын лакпен сырланады немесе жанбайтын материалдармен боялады.
97. Жұмыс соңында қолданылған тез тұтанатын сұйықтықтар мен жанғыш сұйықтықтар арнайы жабық ыдыста жиналып, бұдан әрi пайдаға асырылуы үшiн зертханадан шығарылады.
98. Тез тұтанатын сұйықтықтар және жанғыш сұйықтықтарды канализацияға төгуге жол берiлмейдi.
99. Тез тұтанатын сұйықтықтармен және жанғыш сұйықтықтармен жұмыс жүргiзiлген ыдыстар тәжiрибеден кейiн өртке қауiпсiз ерiтiндiлермен жуылады.
100. Балалар мекемелерiнiң көп қабатты ғимараттарында кiшi жастағы балалардың топтары (сыныптары) екiншi қабаттан жоғары орналастырылмайды.
101. Сыныптарда, кабинеттерде, шеберханаларда, жатын бөлмелерде, асханалар мен басқа да бөлмелерде жиһаздар мен жабдықтарды орналастыру кезiнде адамдарды кедергiсiз эвакуациялау және өрт сөндiру құралдарын алуы қамтамасыз етiледi.
102. Оқу сыныптары мен кабинеттерiнде шкафтарда, сөрелерде немесе тұрақты орнатылған тiреулерде сақталуы тиiс оқу үдерiсiн қамтамасыз етуге арналған қажеттi жиһаздар, аспаптар, үлгiлер, керек-жарақтар, құралдар ғана орналастырылады.
103. Оқу сыныптары мен кабинеттерiндегi парталар (үстелдер) саны жобада белгiленген саннан аспауы тиiс.
104. Сабақтар аяқталғаннан кейiн кабинеттердегi, зертханалардағы және шеберханалардағы өрт, жарылыс және өрт қаупi бар барлық заттар мен материалдар жеке үй-жайларда орналастырылған жанбайтын шкафтарға (жәшiктерге) қойылады.
105. Жұмыс аяқталғаннан кейiн үздiксiз жұмыс iстейтiн аппараттар мен электр құралдарынан басқа электр тұтынушы барлық үй-жайларға тексерiс жүргiзiледi.
106. Сыйымдылығы 25 адамнан астам мектеп ғимараттары мен мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнде пешпен жылыту, керосинмен және электрмен жылыту құралдарын пайдалануға жол берiлмейдi.
107. Балалар тәулiк бойы болатын мектеп ғимараттары мен мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнде телефон байланысы қамтамасыз етiлiп, қызмет көрсету персоналының тәулiк бойы кезекшiлiгi белгiленедi.
5-тарау. Балалардың жазғы демалыс орындары мен сауықтыру лагерьлерiн ұстау тәртiбi
108. Балалардың жазғы демалысына арналған ғимараттар мен сауықтыру лагерьлерi кемiнде екi эвакуациялық тiкелей сыртқа шығу жолымен жабдықталады.
109. Балалардың сауықтыру лагерьлерiнiң ағаш ғимараттары бiр қабатты етiп қарастырылады. Каркас және тақтай ғимараттар сылануы және жанбайтын жабыны мен жанбайтын жылытқышы болуы керек.
110. Ағаш ғимараттардың шектi сыйымдылығы бiр балаға 2,5 шаршы метр есебiмен 50 балаға дейiн болуы тиiс.
111. Мыналарға:
1) қолданыстағы балаларды сауықтыру лагерьлерiн жалға беруге;
2) ғимараттарды тез тұтанатын материалдармен (сабанмен, жаңқамен, қамыспен, жоңқамен) жабуға;
3) балалар жұмыс iстейтiн ағаш ғимараттарда асханалар, кiр жуу орындарын орнатуға;
4) жанғыш құрылымдардан жасалған ғимараттарда 50-ден астам балаларды орналастыруға;
5) жазғы маусымда балалар жұмыс iстейтiн үй-жайларда пеш жағуға, керосиндi және электрлiк қыздыру құралдарын қолдануға жол берiлмейдi.
112. Балалардың жазғы демалыс орындарындағы, сауықтыру лагерьлерiндегi кiр жуатын бөлмелер мен асханаларды балалар орналасқан ғимараттан 15 метр қашықтықта оқшау құрылыстарға орналастырылады.
113. Балаларды сыртқы өртке қарсы сумен жабдықтаумен қамтамасыз етiлмеген балалардың жазғы демалыс орындарында, сауықтыру лагерьлерiнде орналастыруға жол берiлмейдi.
114. Балалардың жазғы демалыс орындары, жазғы сауықтыру лагерьлерi телефон байланысымен, өрт болған жағдайда берiлетiн дабыл белгiсiмен және алғашқы өрт сөндiру құралдарымен қамтамасыз етiледi. Бұларда қызмет көрсетушi персоналдың тәулiк бойы кезекшiлiгi белгiленедi. Кезекшiлердiң үй-жайларына телефон орнатылады.
6-тарау. Мерекелiк iс-шараларды өткiзу орындарын ұстау тәртiбi
115. Адамдар жаппай жиналатын iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу кезiнде:
1) кемiнде екi эвакуациялау жолымен қамтамасыз етiлген және жанғыш далдалары бар ғимараттарда 2-қабаттан жоғары емес орналасқан үй-жайлар ғана пайдаланылады;
2) шыршалар орындарында мықтап бекiтiлiп, бұтақтары қабырғалар мен төбеге тимейтiндей және үй-жайдан шығуға қиындық келтiрмейтiндей есеппен орналастырылады;
3) үй-жайда электрлiк жарықтандыру болмаған жағдайда шырша жанындағы iс-шаралар күндiзгi уақытта ғана өткiзiледi;
4) иллюминация Электр қондырғыларын орнату қағидаларын сақтай отырып орындалады. Төмендету трансформаторысыз электрлiк жарықтандыру желiсiн пайдаланғанда шыршада кернеуi 12 Вольтқа дейiн кезектесiп жанатын шамдары бар гирляндтар қолданылады;
5) иллюминацияда ақау байқалған жағдайда (сымдардың күюi, шамдардың жыпылықтауы, ұшқын шығуы) ол дереу сөндiрiледi;
6) iс-шараларды өткiзу кезiнде залда, сахнада және зал бөлмелерiнде жауапты адамдардың, өртке қарсы құралымдардың мүшелерiнiң немесе өртке қарсы қызмет жұмыскерлерiнiң кезекшiлiгiн ұйымдастыру қажет. Iс-шаралар өткiзiлетiн үй-жайлар алғашқы өрт сөндiру құралдарымен қамтамасыз етiледi.
116. Мыналарға:
1) iс-шаралар өткiзiлетiн үй-жайлардың терезелерiнде торлары болған жағдайда оларды өткiзуге;
2) доғалы прожекторларды, шырақтар мен шартылдақтарды қолдануға, отшашулар мен өрттiң шығуына әкелуi мүмкiн басқа да жарықтандырғыш өрт қауiптi әсерлердi өткiзуге;
3) отпен байланысты және басқа да жарылыс, өрт қауiптi және өрт қауiптi жұмыстарды жүргiзуге;
4) үй-жайларды қараңғылау үшiн терезелерге қақпақтар орнатуға;
5) қатарлар арасындағы өту жолының енiн қысқартуға және өту жолдарында қосымша креслолар, орындықтар қоюға;
6) үй-жайда қойылым немесе көрсетiлiм жүрiп жатқан кезде жарықты толықтай өшiруге;
7) үй-жайға жобалық құжаттамада белгiленгеннен артық адамдармен толтыруға жол берiлмейдi.
117. Шам қойғыштар, ашық отты пайдаланатын шырағдандар берiк жанбайтын тұғырларға орнатылады және олардың құлауын болдырмайтындай жағдайларда пайдаланылады.
118. Шамшырақтарды пайдалану кезiнде:
1) жанып тұрған шамшырақтарды желдiң өтiне қоюға;
2) жанып тұрған шамшырақтарды тез тұтанатын материалдардың қасына қоюға;
3) жанып тұрған шамшырақтарды қараусыз қалдыруға;
4) жанып тұрған шамшырақтарды балалар мен үй жануарларға қол жетiмдi жерлерде қалдыруға жол берiлмейдi.
119. Ашық от көзi қолданылатын басқарылмайтын ұшпалы фонарларды пайдалануға және iске қосуға жол берiлмейдi.
7-тарау. Сайлау учаскелерiн ұстау тәртiбi
120. Әрбiр сайлау учаскесiнде оның жұмысы басталғанға дейiн 10 күн бұрын кешiктiрмей сайлау учаскесi орналастырылған объектiнiң (ғимараттың, үй-жайдың) басшысы тиiстi сайлау комиссиясының төрағасымен бiрлесiп, объект басшысының бұйрығымен тиiстi өртке қарсы режим белгiленедi, осы Қағидалардың ережелерiн және мемлекеттiк өрт бақылау органдарының ұйғарымдамаларын орындау қамтамасыз етiледi, оның iшiнде:
1) сыртқы және iшкi өртке қарсы су құбырларының (мiндеттi түрде су жiберу арқылы), жарықтандыру және қуат желiлерiнiң, түтiнге қарсы желдеткiш пен өрт дабылы және өрт сөндiру жүйелерiнiң жарамдылығы тексерiледi, сондай-ақ акт дайындалып, қажеттi тексерiстер жүргiзiледi. Барлық ақаулықтар сайлау учаскесiнiң жұмысы басталғанға дейiн жойылады. Анықталған кемшiлiктердi жою кезiнде немесе олар болмаған жағдайда сайлау учаскесiнiң дайын екендiгi туралы акт дайындалады (актiлер сайлау учаскесiнiң жұмысы аяқталғанға дейiн объектiнiң өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн жауапты адамда сақталады);
2) алғашқы өрт сөндiру құралдарының, өрт автоматикасының, байланыс және хабарлау құралдарының болуы, жарамдылығы және қолдануға тұрақты дайындығы қамтамасыз етiледi;
3) сайлау комиссиясы мүшелерiмен және қызмет көрсету үшiн жұмылдырылған персоналмен өрт қауiпсiздiгi шаралары мен өрт шыққан кезде iс-қимыл жасау туралы қол қойып, нұсқаулықтан өтедi;
4) өрт шыққан жағдайда адамдарды эвакуациялаудың әр қабатта жоспарлары (схемалары) және адамдарды, бюллетендер мен мүлiктi эвакуациялау бойынша қызмет көрсетушi персонал мен сайлау комиссиясы мүшелерiнiң iс-қимылдарын анықтайтын нұсқаулықтар әзiрленедi және iлiнедi қажет, өрт туралы адамдарға хабарлау тәртiбi, анықталуы, сондай-ақ iс-шаралар басталғанға дейiн эвакуациялау жоспары мен хабарлау жүйесiн машықтау бойынша оқу жаттығулары өткiзiледi;
5) тамақ дайындау орындары белгiленедi және қыздыру аспаптарын пайдалану тәртiбi анықталады;
6) темекi тартуға арналған орындар анықталады және жабдықталады;
7) үй-жайларды тексеру және жабу тәртiбi орнатылады.
121. Сайлау учаскелерi отқа төзiмдiлiгi I-III дәрежелi, екiншi қабаттан жоғары емес ғимараттарда орналастырылады. Цоколдық қабатта және сайлау учаскесiнiң үй-жайларының үстiнде сайлау комиссиясы мүшелерi мен қызмет көрсетушi персоналдың жұмыс кабинеттерi, демалыс және тамақтану бөлмелерi орналастырылады.
122. Ауылдық жерлерде отқа төзiмдiлiгi IIIа-V дәрежелi ғимараттарда бiреуден аспайтын сайлау учаскесiн орналастыруға жол берiледi. Бұл ретте сайлау учаскесi бiрiншi қабатта орналастырылады, ал уақытша сауда, буфеттер, кино-бейнефильмдер көрсету ғимараттан тыс ұйымдастырыы.
123. Сайлау учаскесi телефон байланысымен қамтамасыз етiледi. Әрбiр телефон аппаратының жанында жақын орналасқан өрт сөндiру бөлiмiнiң телефон нөмiрi бар тақтайша орнатылады (iлiнедi).
124. Үстелдердi, дауыс беруге арналған кабиналарды, урналар мен дауыс беруге арналған өзге де жабдықты орналастыру адамдар мен материалдық мүлiктердi қауiпсiз эвакуациялауды қамтамасыз етудi ескере отырып, үй-жайдың периметрi бойынша жүзеге асырылады.
125. Сайлау учаскелерiнiң жұмысы қарсаңында құрылыс, жөндеу және ашық отты (алау жағу, қоқыс, қалдықтарды, ыдыстарды өртеу және электрмен, газбен дәнекерлеу жұмыстарын жүргiзу) пайдаланумен байланысты өзге де жұмыстарды жүргiзуге жол берiлмейдi. Көрсетiлген жұмыстар қызмет көрсетушi персоналдың тұрақты бақылауымен жүргiзiледi.
126. Сайлау учаскесiнiң ғимараты (үй-жайы) кемiнде екi эвакуациялық шығу жолымен жабдықталады, олардың өлшемдерi, сондай-ақ жарық беру, эвакуациялау жолдарының ұзындығы және эвакуациялау уақыты «Өрт қауiпсiздiгiне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентiнiң талаптарына сәйкес орындалады.
127. Сайлаушыларды тiркеу, бюллетендердi беру, дауыс беруге арналған кабиналардың, уақытша сауда нүктелерiнiң (буфеттер, ұяшықтар және өзге де осыған ұқсас үй-жайлар), сондай-ақ кино-бейне көрсетiлiмдердi ұйымдастыру орындары мен адамдар жаппай жиналатын өзге де үй-жайлар кемiнде екi шоғырландырылмаған эвакуациялау жолдары бар үй-жайларда орналастырылады. Ғимараттың вестибюлiнде ашық киiм-кешек iлу орындарын орналастыруға және орналастырылатын жабдық өрт кезiнде эвакуациялау жолдарының енiн тарылтпайтын және эвакуациялауға кедергi келтiрмейтiн болса, уақытша сауда орнын ұйымдастыруға болады.
128. Сайлаушылардың қозғалысы қиылысатын және қарсы лектердi болдырмайтындай етiп ұйымдастырылады. Адамдар лектерiнiң қозғалыс бағыты нұсқағыштармен белгiленедi.
129. Сайлаушыларды тiркеу үй-жайларынан эвакуациялық шығу жолдарын, бюллетендер берудi, дауыс берудi, кино-бейне көрсетiлiмдердi және адамдар жаппай жиналатын өзге үй-жайларды нұсқағыштар жарамды күйде ұсталады және сайлау учаскесi жұмыс iстеп тұрған уақытта қосулы тұрады. Егер «Шығу» деген жарықтандырылған нұсқағыштарды орнату жобада көзделмесе, көрсетiлген үй-жайлар мемлекеттiк стандартқа сәйкес эвакуациялау бағытын нұсқағыштармен қамтамасыз етiледi.
130. Сайлау учаскелерiн пайдалану кезiнде:
1) сайлау учаскесiнiң үй-жайлары мен ғимаратынан эвакуациялық шығу жолдарында дауыс беруге арналған кабиналар, бюллетендерге арналған жәшiктер мен үстелдер орнатуға, уақытша сауда нүктелерiн (ұяшықтар, буфеттер) қоюға, iс-шаралар (кино-бейнефильмдер және басқаларын көрсету) өткiзуге;
2) эвакуациялау жолдарын, өрт сөндiру және байланыс құралдарына, электр энергиясын өшiру құрылғыларына қол жеткiзу жолдарын үймелеуге, сондай-ақ дауыс берумен байланысты iс-шараларды өткiзу кезiнде қосалқы эвакуациялық шығу жолдарының есiктерiн жабуға жол берiлмейдi.
131. Сайлау учаскесiнiң ғимараты электр энергиясы өшiрiлген жағдайда авариялық жарықтандырумен жабдықталады.
8-тарау. Мәдени-ағартушылық және ойын-сауық мекемелерiн ұстау тәртiбi
132. Мұражайларда және сурет галереяларында экспонаттар мен басқа да құндылықтарды эвакуациялау жоспары, ал цирктер мен хайуанаттар парктерiнде жануарларды эвакуациялау жоспары әзiрленедi.
133. Барлық мәдени-ағартушылық және ойын-сауық мекемелерiнiң ашылу маусымы алдында өрт қауiпсiздiгi ережелерiнiң талаптарына сәйкестiгi тексерiледi және оларды жергiлiктi атқару органдарының ведомствоаралық комиссиясы қабылдайды.
134. Көрермен залдары мен мiнбелерде барлық креслолар мен орындықтардың арасы қосылған және еденге мықтап бекiтiледi. Ложадағы 12 орыннан аспайтын креслоларды (орындықтарды) бекiтпеуге болады.
Би кештерiн өткiзу үшiн қолданылатын 200 орыннан аспайтын көрермен залдарындағы орындықтарды бiр-бiрiмен қатарынан мiндеттi түрде қосу кезiнде еденге бекiтпеуге болады.
135. Сахналық қораптардың ағаш құрылымдары (желтартқыштар, сахна төсемелерi, аспалы көпiрлер, жұмыс галереялары) құрылыс үдерiсiнде антипирендермен қанық сiңiрiледi.
Аталған құрылымдар, сондай-ақ жанғыш декорациялар, сахналық және көрмелiк безендiрулер, көрермендiк және экспозициялық залдардағы маталы перделер, фойелер, буфеттер оттан қорғау құрамымен мерзiмдi түрде өңделiп тұрады. Мекеме басшысында сiңiру датасы, оның жарамдылық және өңдеу сапасын тексеру актiсiнiң мерзiмi көрсетiлген осы жұмысты орындаған ұйымның тиiстi актiсi болуы қажет.
136. Ойын-сауық театрлық мекемелердiң сахналық қораптарының шегiнде бiр мезгiлде екi қойылымға арналған декорациялар мен сахна құралдары болуы тиiс. Сахнада декорацияның сақталу орны таңбалармен белгiленедi. Декорацияларды, бутафорилердi, ағаш станоктарды, бөктерлердi, құрал-саймандарды және басқа да заттарды трюмаларда, желтартқыштарда және жұмыс алаңдарында (галереяларда), саты баспалдақтарының және алаңдарының астында, сондай-ақ көрермен залдарының жертөлелерiнде сақтауға жол берiлмейдi.
137. Сахна планшетiнiң айналасын безендiру кезiнде енi кемiнде 1 метр болатын еркiн айналма жол қамтамасыз етiледi.
Көрiнiс аяқталғаннан кейiн барлық декорациялар мен бутафориялар бөлшектенiп, сахналардан арнайы қоймаларға (қоймалар, қоралар, сейфтер) жинастырылады.
138. Сахнада темекi шегуге, ашық оттарды (шырақтарды, май шамдарды, шырағдандарды), доғалық прожекторларды, отшашулар мен басқа да от түрiндегi әсерлердi қолдануға жол берiлмейдi.
139. Сахна планшетiнде өртке қарсы перденiң түсу шегiн көрсететiн қызыл сызық салынады. Декорациялар мен басқа да сахнаны безендiру заттарының бұл сызықтан шығып тұруына жол берiлмейдi.
140. Көрiнiс (дайындық) аяқталғаннан кейiн өртке қарсы перде түсiрiледi. Өртке қарсы перде түсiрiлiп тұрғанда созылмалы «жастықпен» сахна планшетiне тығыз жанасады. Өртке қарсы жасалған перденiң маңында және төбесiне жалғастырылған герметикалау орны лабиринттi нығыздау мен құмды ысырманың көмегiмен орындалады. Көтерiп түсiру механизмiнiң төмен түсiру жылдамдығы кемiнде 0,2 метр/секунд болатындай етiп реттеледi.
141. Қысқы кезеңде түтiн люктерiнiң қақпақтары нығыздалып, олардың жарамдылығы он күнде бiр рет тексерiледi.
142. Iрi көлемдегi декоративтiк безендiрудi (залдың барлық биiктiгiне) пайдалану кезiнде жабынның алып жүретiн құрылымдарының төменгi белiне дейiнгi биiктiгi 12 метр және одан асатын спорт залдарында осы безендiрудi (уақытша су перделерiн, тез алынатын бекiткiштердi монтаждау) қорғаудың қосымша iс-шаралары қарастырылады.
143. Көрермендерге арналған уақытша орындарды (жылжымалы, алынатын, жиналып бөлшектелетiн), сондай-ақ жабық және ашық спорт құрылыстарының мiнбелерiндегi орындықтарды жану кезiнде қауiптiлiгi жоғары заттар бөлiп шығаратын синтетикалық материалдардан жасауға жол берiлмейдi. Уақытша орындардың астында кез келген жанғыш материалдар мен жабдықтарды сақтауға, сондай-ақ техниканы тұрақтандыруға жол берiлмейдi. Уақытша мiнбелердiң астындағы бос орын әр жарыстың алдында жанғыш қоқыстан және қураған шөптен тазаланады.
Эвакуациялау жолдарында қосалқы орындықтарды орнатуға жол берiлмейдi.
144. Спорттық-көркемдiк мерекелердi, халықаралық жарыстарды немесе басқа халықаралық iс-шараларды, сондай-ақ мәдени ойын-сауық iс-шараларды ашу және жабу кезiнде мiнбелерде қорлар орналастыруға арналған эвакуациялау люктерiндегi уақытша орындықтар алмалы-салмалы етiп жасалады. Оларды тез бөлшектеу үшiн арнайы аспаптар көзделедi және осы жұмыстарды жүргiзу үшiн адамдардың тиiстi саны бөлiнедi.
145. Спорт залдарындағы көрермендерге арналған креслоларды жайғастыру тұрақты және уақытша мiнбелерден көрермендердiң қарама-қарсы немесе қиылысатын легi болмайтындай етiп қарастырылады.
146. Жабық спорттық құрылыстарда көрермендердiң отыруына арналған уақытша құрылымдарды бекiтуге, сондай-ақ тұғырларды, эстрадаларды, рингтердi бекiтуге арналған аспаптар ақаусыз күйде ұсталады. Ақаулы бекiткiштерi бар осындай құрылымдарды орнатуға жол берiлмейдi.
147. Спорттық құрылыстарда теледидар камераларын орнату орындары мiнбелер қатарының арасындағы өтетiн жолдарға орнатылмауы және өрт кезiнде адамдарды эвакуациялауға кедергi келтiрмеуi тиiс.
148. Көрермендерге арналған мiнбелерi бар спорттық залдарда жасанды мұз жабындылары болған жағдайда мұз тазалайтын машиналарды (жарыстарды, ойындарды, жаттығуларды, репетицияларды өткiзу кезеңiнде) уақытша тұрақтандыруға арналған орындар қарастырылады. Машиналар тұрақта эвакуациялау жолдарының есептiк енi тарылмайтындай етiп орналастырылады. Жарыстар, ойындар, жаттығулар, репетициялар аяқталғаннан кейiн оны арнайы бөлiнген үй-жайға алынады. Уақытша тұрақта мұз тазалайтын машинаға жанар-жағармай құюға жол берiлмейдi.
149. Спорт керек-жарақтарын, залдардың жинау-бөлшектеу құрылымдарын, залдардың алмалы-салмалы жабындарын және басқа материалдарды сөрелерi жоқ жерлерде сақтаған кезде олар көлемi кемiнде 100 м2 қатарларда жиналады. Қатарлардың биiктiгi 2,5 метрден аспайтындай және кемiнде қалқалау немесе жабу көтергiш құрылымдарынан 0,5 метрден кем емес етiп қабылданады. Қатарлар арасындағы өтетiн жолдың және қатарлар мен қабырғалар арасындағы енi кемiнде 0,8 метр етiп орындалады. Өтетiн жолдардың қоймалық және мiнбе астындағы үй-жайларындағы есiк орындарына қарсы енi есiктердiң енiнен кем емес етiп жасалады. Өтетiн жолдардың және жинау орындарының енi еденге жазылған жақсы көрiнетiн шектеу жолақтарымен белгiленедi.
Сөрелерде спорттық керек-жарақтарды және басқа материалдарды сақтау олар сөрелердiң габаритiнен аспайтындай етiп жүргiзiледi.
150. Өнiмдердi, спорт керек-жарақтарын және басқа материалдарды жинау кезiнде жанғыш және өрт сөндiргiш құралдардың топтары белгiлерiнiң бiртектiлiгiн ескере отырып, бiрге сақтау ережесi сақталады.
151. Көрермендерге арналған мiнбелерi бар жабық велотректерде велосипедтердi бастау сәтiне дайындауға және оларға техникалық қызмет көрсетуге арналған үй-жайлардан эвакуациялау жолдары көрермендердi эвакуациялау жолдарынан бөлек қабылданады.
152. Қаруларды тазалауға арналған үй-жайларда майланған шүберектi жинауға арналған металл жәшiк қарастырылады. Тир немесе атыс жұмысы ақталғаннан кейiн осы жәшiктi тазалау, ал iшiндегi заттарды қоқысты ортақ сақтауға арналған орындарға алып тасталады.
153. Жұмысшылардың арнайы киiмi осы мақсатқа арнайы бөлiнген және жабдықталған үй-жайларда сақталады. Жұмысшылардың арнайы киiмi уақытылы жуылады және жөнделедi. Объект әкiмшiлiгi әрбiр үй-жай үшiн майланған арнайы киiмдi тазасына ауыстырудың нақты тәртiбi белгiлейдi.
154. Спорт залдарында жанғыш материалдарды, сондай-ақ құрылымдары жанғыш материалдардан жасалған үй-жайларды металл және ағаш көтергiш құрылымдарды бекiту тораптарының астына тiкелей орнатуға жол берiлмейдi.
Поролоннан және жоғары меншiктi жылу ұстайтын және жану кезiнде қауiптiлiгi жоғары заттарды бөлiп шығаратын басқа синтетикалық материалдарды қолдана отырып дайындалған спорттық керек-жарақтарды сақтау үшiн басқа үй-жайлардан өртке қарсы далдалармен және қалқалармен бөлiнген үй-жайлар пайдаланылады.
Жаттығулар мен жарыстар арасындағы кезеңде, сондай-ақ олар аяқталғанда синтетикалық материалдардан жасалған жұмсақ толтырулары бар жерге қонуға арналған шұңқырлар қалқандармен немесе брезенттермен жабылады.
Залдардың шегiнде қатарларға жиналған поролон маттар брезентпен жабылады.
155. Спорттың техникалық түрлерi бойынша жарыстар мен жаттығулар өткiзу кезiнде:
1) жанармаймен толтыру қатты жабыны бар және ернеулердi жанбайтын материалдардан бөлетiн және спорттық құрылыстан кемiнде 25 метр қашықтықта орналасқан арнайы бөлiнген алаңдарда жүзеге асырылады;
2) далалық жағдайларда отын құюға арналған орын жарыс трассасынан кемiнде 15 метр қашықтықта орналасқан және қатты жабыны және жарыс трассасынан басқа жаққа қарай бағыты бар алаңға орналастырылады;
3) отын құюға арналған орындарда кезекшiлiк ұйымдастырылады, темекi шегуге және ашық отты қолдануға тыйым салатын белгiлер орнатылады, сондай-ақ алғашқы өрт сөндiру құралдарының қоры қарастырылады;
4) көлiк құралдарын бастау сәтiне дайындау орындарында осы құралдарды кiшiгiрiм жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге болады. Осындай орындар көрермендерге арналған мiнбелердiң астына орналастырылмайды. Олардың қатты жабыннан негiзi және мiнбелерден басқа жаққа қарай бағыты болуы қажет. Пайдаланылған тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды жинау үшiн тығыз жабылатын қақпақтары бар металл ыдыстар қарастырылады. Спорттық құрылыстардың мiнбе астындағы бос орнында көлiк құралдарын дайындауға жол берiлмейдi;
5) автомотоклубтардағы көлiк құралдарын тұрақты сақтау, жөндеу және техникалық қызмет көрсету орындары осы Қағидалардың ережелерiне сәйкес орындалады. Кернеудi реттеу үшiн барлық электр аппаратурасы (реостаттар, автотрансформаторлар, дроссельдiк катушкалар, iске қосу реостаттар) тасымалданатын эстрадалар мен тұғырлардан тысқары орналасқан аппараттық үй-жайларда орналастырылады.
156. Қойылым немесе иллюминациялық жарық беру үшiн лазерлердiң блоктарына қуат беретiн лазерлiк қондырғылар пайдалану кезiнде жанғыш құрылымдар мен декорациялардың үстiңгi қабатынан кемiнде бiр метр қашықтықта негiзi жанбайтын материалдардан жасалған аппараттық үй-жайларда орнатылады. Көрсетiлген жұмыстар үшiн өрт қауiпсiздiгi сипаттамалары бар лазерлiк қондырғылар қолданылады.
157. Софиттер мен рампаларды орнату кезiнде тек жанбайтын материалдар қолданылады. Софиттердiң корпустары оларды ұстап тұрған арқандардан оқшауланады. Прожекторлар мен софиттер жанғыш материалдардан жасалған декорациялар мен құрылымдардан кемiнде 0,5 метр қашықтықта орнатылады. Линзалық прожектордан жанғыш декорацияға дейiнгi қашықтық кемiнде екi метр етiп сақталады.
158. Тұғырдың (эстраданың) ағаш рампасы мен электр шамдарының қаптамалары арасында қалыңдығы 8-10 миллиметр асбест салынады, ал эстрадаға немесе тұғырларға орнатылған барлық тасымалданатын электр фонарлары (кiшкентай шамдар) сыртқы жағынан асбест кiлемшелермен қорғалады. Кiшкентай шамдарды эстраданың немесе тұғырдың планшетiне орнату кезiнде олардың астына асбест кiлемшелер орнатылады. Жарықтандырылған сүзгiштерi жоқ эстрада, тұғырдағы софиттер және жұмыс жағдайында жарық беру үшiн пайдаланылатын эстрада, тұғырлар әйнекпен жабылады.
Барлық софиттерге жарық жағынан шамдардың әйнектерiнiң және лампалардың жарылған колбаларының сынықтарының түсуiн болдырмайтын қорғайтын металл торлар орнатылады.
159. Прожекторлар мен софиттерге әйнектердiң орнына жанғыш материалдардан жарықтандырылған сүзгiштердi қолдануға жол берiлмейдi.
160. Қарайған немесе кеуiп қалған белгiлерi бар лампалар, әйнектер дереу жаңасымен ауыстырылады.
161. Пиротехникалық бұйымдарды сақтау және пайдалану қатаң түрде Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылатын бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, сырттан әкелу және сыртқа шығару қағидасына сәйкес жүзеге асырылады. Оларды майдалау тәсiлiмен дайындау, сондай-ақ ойын-сауық мекемелерiнде, бөлмелерде және стадион мiнбелерiнде, мәдениет және демалыс парктерiнде, адамдар жаппай болатын басқа да орындарда сақтауға жол берiлмейдi.
162. Өрттiң шығуына әкелуi мүмкiн пиротехникалық бұйымдар мен ашық от көздерiн қолданумен байланысты арнайы от әсерлерiн қолдану қажет болған жағдайда отшашу өткiзетiн ұйымның басшысы мыналарды:
- отшашудың басталу және аяқталу датасын, орнын, пиротехникалық қондырғыларды орналастыру схемасын, пайдаланылатын бұйымдардың сипатын;
- ғимараттар мен құрылыстарға дейiнгi қашықтықтарды көрсете отырып, жергiлiктi жерлерге отшашу, пиротехникалық бұйымдарды сақтау және монтаждау бекеттерiнiң байланысу схемаларын және қауiптi аймақтардың шекараларын көрсете отырып, отшашулар өткiзу орындарын қоршау схемасын;
- отшашулар өткiзу кезiнде өрт қауiпсiздiгi шараларын сақтауға жауапты адамды тағайындау туралы бұйрықты;
- өрт сөндiру құралдарын орналастыру схемаларын;
- өрттiң алдын алу жөнiндегi iс-шараларды жоспарын қамтитын өрттiң алдын алу және жөнiндегi шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады.
163. Пиротехникалық бұйымдар iске қосылатын алаңдарда темекi шегуге және от жағуға, пиротехникалық бұйымдарды қараусыз қалдыруға жол берiлмейдi.
164. Отшашуларды орнату орындарын күзету отшашуларды өткiзетiн ұйымға жүктеледi.
165. Iске қосу алаңдары алғашқы өрт сөндiру құралдарымен (өрт сөндiргiштермен, суы бар сыйымдылықтармен немесе құммен) қамтамасыз етiледi.
166. Отшашу аяқталғаннан кейiн пайдаланылмаған бұйымдар мен пиротехникалық зарядтардың элементтерiн анықтау және жинау мақсатында iске қосу алаңы мұқият тексерiледi.
Достарыңызбен бөлісу: |