«Қостанай таңының» кітапханасы ТҰмарымыз – ТҮркістан баһадүр бабалар туралы баян



бет3/11
Дата24.02.2016
өлшемі0.87 Mb.
#17196
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Мешітбай Сүгірұлы
Бисмиллаһир рахманир рахим «Мың өліп, мың тірілген» қазағымның маңдайына біткен біртуар, даңқты перзенттері аз болмаған. Ел басына күн туып, ар мен намыс, елдік пен ерлік, азаматтық пен мәрттік, кісілік пен адамшылық сынға түскен сәтте суырыла шығып қол бастап, белсене шығып, сөз саптап, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, күндіз-түні бел шешпей, тебінгіден қан кеше жүріп, қара қазан, сары баланың қамы үшін елін, жерін басқыншы жаудан қорғап, сақтап қалуға саналы ғұмырын арнаған бірегей тұлға, айтулы ер – Мешітбай Сүгірұлы 1660 жылы дүниеге келген. Мешітбайдың әкесі Сүгір, атасы Шора да дәулетіне кісілігі сай, халық арасында беделді, құрмет иесі адамдар болған. Бізге жеткен деректерге қарағанда Мешітбайдың ат жалын тартып мінгеннен өз замандастары Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер санатында, қазақ елін сыртқы жаудан қорғап, ел тұтастығының, береке-бірлік, ынтымағының нығаюына күш-жігерін, ақыл-парасатын, мал дәулетін аянбай жұмсаған ержүрек батыр, қабырғалы би, уәлі ауыз, батагөй абыз болғаны байқалады. Әсіресе, Мешітбайдың даңқын асырып, есімін аңызға айналдырған тосын оқиға – 1710 жылы Қаракерей Қабанбай батыр қосынында жауға аттанып, бағын сынағалы тұрған жас өрен Шақшақ Жәнібекке бата беріп, ақ жол тілеуі еді. Сол ұрыста жас жолбарыс Жәнібек ерен ерлігімен көзге түсіп, қалмақтың бас батырын жекпе-жекте өлтіріп, қанжығасына басын байлап, әруағы басым, мерейі үстем болып жеңіспен оралады.

Міне, осы оқиғадан бастау алған екі арыстың арасындағы туыстық, сыйластық, татулық, жанашырлық олар дүние салғанға дейін жалғасып, кейінгі ұрпақтары арасында да осынау үрдіс ұзақ жылдарға шеру тартады. Қазақ тарихында өшпес із қалдырған. Небір қиын-қыстау сұрапыл ұрыстарда екеуінің жұбы жазылмаған. Мешітбай Шақшақ Жәнібектің рухани дем берушісі, батагөй, сәуегейі болған, Һәм қолы ашық, жомарт, сақилығымен Жәнібек батырдың жасағын сойыстық мал, мінер ат, тағы басқа қажетті жабдығымен қамтамасыз етіп, атадан қалған иен дәулетін осынау игілікті жолға сарп етеді.

«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанған қасіретті жылдарда Шақшақ Жәнібектің қасында үзеңгілес, жорықтас батырлар – Қарабалуан, Құдайберлі Сүгір, соғыс қаруын соғатын ұстасы, пері дүкенін иеленген Қалмамбет екі бірдей інісі – Құлан, Досанмен, ақыл қосар биі, һәм батагөйі Мешітбай да болыпты. Сол сапарда Досан батыр Жәнібектің жорықта жүргенде мәжіліс құратын қара қосын Қаратаудан Арқаға дейін жаяу арқалап келіпті.

Сайыпқыран Жәнібек Досан батырдың еңбегін бағалаған болу керек, ел қонысқа, жер бөліске келгенде ойы – балық, қыры – киік, қара қазан қаспағынан арылмайтын, қара бала шұбырып қаңғымайтын, жері шұрайлы нулы да сулы Қара Науырзымды Досанға беріп, қандыкөйлек жолдасы Қарабалуанды Обаған бойына қоныстандырып, өзі Торғай-Тосынды иемденіпті. Жәнібектей ел қамқорының мейірім етуімен Мешітбай, Досандай ел қорғаны кемеңгерлердің тер төгуімен Сүгір атты байтақ ел Қара Науырзымға қоныс теуіп, өсіп-өніп, мың жарым үй шаңыраққа жетіп, береке бірлігімен, бауырмалды кеңпейілімен, қонақжай меймандостығымен көп аузына ілігіп, ел құрметіне бөленеді.

Дамылсыз жорықтан, үдере көшуден әбден ығыр болған ел құт мекенде ес жиып, мамыражай тірлікке көшеді. Бұл кез Мешітбайдың ұлғайып қалған шағы екен. Осы қоныста 97-ге қараған шағында, 1757 жылы дүние салады. Дүниеден өтер алдында ел-жұртымен, ұрпақ-өрендерімен қоштасып, ақтық өсиетін айтады. Дүние салысымен ақ жуып арулап, былғарыға тігіп, қарағайдың басына сақтауын, қар кетіп, күн жылығасын, күз болып жылқыға жал, түйеге қом біткенде, былғарыны сөгіп, мәйітін қарауын, егер ақыретінде тырнақтай дақ болса сол жерге жерлеуін, бірақ тәнінің азбайтындығын айтқан. Сондай жағдайда Түркістандағы Әзірет-Сұлтан кеснесіне жеткізулерін өтінеді. Аталмыш уақытта ел жиылып, мәйіттің бұзылмағандығын көргесін, баласы Қосназар бас болып, қырық шақты адам жүз жылқымен аза тұтып, баба мәйітін Түркістанға апарып, жерлеп қайтысады. Бабаның ғазиз тәніне бірнеше ай тұрақ болған сөре қарағай әлі күнге міні құрымастан сақталған. Оған тез арада ескерткіш белгі қою – баба ұрпақтарының зор міндеті екендігін еске салғым келеді.

Әке алғысын алған Қосназар, оның кейінгі ұрпақтары да ел ілтипатына бөленіп, Мешітбайдың батагөйлік үрдісі Қосназарға көшеді. Дүйім жұрттың Қосназар әулетін батагөйге балап, Мешітбайдың көзіндей көріп, қастерленгендігін төменгі жайттан аңғаруға болады. Шақшақ Жәнібектің Дәуітбайынан туған Мұсаның Шегенін қазақ «Ойда – Шеген, қырда – Беген тұрғанда, қазақты жау ала ма?» – деп айрықша қадірлеп, дәріптеген. Шеген балалары Қазыбек пен Бірімжанға енші бергенде Арғын, Қыпшақтың небір аузымен құс тістеген жақсы-жайсаңын місе тұтпай, Мешітбайдың Қосназарының ұрпағы Қуандықтың Жаманкөзіне көңілі ауады. Құдай сәтін салып, Жаманкөз дәм айдап, ауылына келе қалғанда құдай жолына атаған боз қасқасын шалдырып, екі қорғасын алдырып, игі жақсылардың алдында Жаманкөзден бата тілейді. Жаманкөздің түр-тұлғасына, кісілігіне көңілі толмай тәкапарлықпен қолын самарқау жайған Қазыбекке «Қазижан-ай, сенің ақырың, сірә да оңбас» деп кейістік білдіреді. Жаманкөз бата бергенде қолын шапанының етегімен қоса жайып, айрықша ілтипат көрсеткен Бірімжанға «Бектік те, байлық та бір өзіңде қалды-ау, ағаңа обал жасадың-ау» деп көрегендікпен Бірімжан әулетінен бар қазаққа мерей болғалы тұрған небір жақсы мен жайсаңның қаулап шыққалы тұрғанын дөп басып, дәл таныған Шеген бидің ұлығатына қалай таңданбассың?



Өз заманының теңдессіз ұлы перзенті, уәлі ауыз, батагөй, сәуегей абыз болуымен бірге Мешітбай елдің ырысы, құты да болған киелі адам. Бұл жайында бабаның көзі тірі ұрпағы, 95-ке келсе де сөйлеп кетсе, көне әңгіменің кебесін сөгетін, тірі тарих, абыз қартымыз Нұрсейітұлы Ғабдысәбит қария «Е, шырағым-ай, киіз туырлықты қазақтың айтыспай, тартыспай, дау-дамайсыз жүретін күні бар ма? Кешегі ер Жәнекемнің тұсында Қыпшақ пенен Арғынның арасында бір дау туындап, оның арты шырғалаңға айналғасын, екі жақтың сөз ұстаған билері мәмілеге келу үшін Жәнібек батыр алдында маңайласады. Жайсаңдар жиылып болса да Жәнібек батыр «Күтіп отырған адамым бар» деп мәжілісті бастатпай қойыпты. Жәнібектей ел тұтқасының қателеспейтінін біліп «Бұл кім болды екен?» деп жұрт дал болысады. Сол мезет күттірген Мешітбай атамыз да жетіп, Жәнібек өзі бас болып қарсы алып, ақ киізге салып, өзі де бір шетінен ұстап, ақ ордаға алып жүрген екен. Қыпшақтың төбе биі Ізбасты деген кісі «Бұл кім болды екен? Жай-жапсарын ұғып кел» деп сыншысын жұмсапты. Сыншысы «Жәнібек бағаласа, бағалағандай, елдің құты, маңдайындағы ырысы екен» деп келіпті. Сонда Ізбасты би:

Олай болса, ертең мәжіліс басталысымен сол құт адамның жанына барып жайғас. Мәжіліс қызып, жұрт сусар. Сол уақытта қымыз келер. Мешітбай қолындағы аяғын «Бұйырыңыз» деп саған ұсынар. Сол мезетте аяқты ал да «Құрайт, Құрайт» деп үстіңе төңкере сал, деп кеңес береді.



Ақыры айтқанындай, қымыз дастарханы жайылады. Мешітбай атамыз ақкөңіл, аңғал адам болса керек. Осылай боларын алдын ала болжап білген Жәнібек батырдың «Аяғыңды ешкімге ұсынба» деген ескертпесін дереу ұмытып, қолындағы аяғын «Бұйырыңыз» деп ұсынғанда жанында отырған сыншы ілезде аяқты ала салып, төбе бидің айтқанындай үстіне ақтара салады. Сонда Жәнібек батыр:

– Қап, бекер болды-ау. Жылқыдан айрылдық қой, – деп бармағын шайнап, өкінген екен. Сүйтіп, Арғынның жылқысы Қыпшаққа ауып, қазақтың бата бергенде:

Алтайда Аққошқардай айбатты бол,

Шақшақта Жәнібектей сәулетті бол.

Жаппаста Жарасбайдай түйелі бол,

Қыпшақта Кенебайдай биелі бол.

Төмен Шекті Балуандай киелі бол, – деуінің осындай сыры бар екен.

Осы тұста басы ашық бір ақиқатты айтпасқа болмайтын сияқты. Атақты Абылайды үш жүздің баласы ақ киізге көтеріп, хан сайлағанда Қарауыл Қанай би бастаған 90 адаммен Абылай Шақшақ Жәнібектен келіп бата алғандығын қазақ тарихының білгірі, оқымысты, ғұлама Мәшһүр Жүсіп растайды. Сән-салтанаты, сыр-сымбаты келіскен, қаһарлы Абылайдай ұлы ханның өзі бас иіп құрметтеген. Қарадан шыққан хан, белгілі бекзат, аруақты хас батыр Жәнібектің Мешітбайдай абыздан бата алуы, «Ұста да ұстазсыз болмайды» деген қағиданы берік ұстанып, өмір бойы Мешітбайды қадірлеп қастерлеуі, сондай-ақ кейінгі ұрпаққа Мешітбайдың батырлығы, шешендігі, көсемдігімен танылмай Жәнібектің батагөйі деген атпен аян болып, бар қазақтың жүрегіне жол табуы, дүние салғаннан кейін де рухтары тоғысып, Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінде қатар жатуы көп жайттардан хабардар қылса керек-ті.



Бұл кесененің Жәнібөк, Қаз дауысты Қазыбек, Қарабалуан, Мешітбай сынды ел ардақтылары жатқан бөлігі ежелден Арғынның Ақсарайы деп аталады. Ғұлама Мәшһүр Жүсіп: «Арғын Бұхарада Ғабдолла ханмен тізерлесіп жүрген жан. Ғабдолла оны ақыл баба дейді екен. Сол Ғабдолла хан Әзіреттің жанынан бір күмбез жасатқан. Сонда Арғын көп дүниені Әзірет Сұлтанға нәзір қылып, күн шығысынан екі бөлек үйдің ішін Ғабдолла ханның жарлығы бойынша, сол заманның қазы сопыларының мөрін бастырып, өзіне арнап сыбаға қылып алыпты. Және ұрпақтарыма отау болсын депті. Сол күннен бері қарай Арғынның ұрпағынан қадірлі би, қадірлі байлардың сүйегін жүз жылқымен Әзіреттің күмбезіне қоятын болған деп келе Арғын атадан қойылған бірқыдыру тарихи тұлғалардың атын атап өтеді.

Мешітбай атаның ұрпақтары мейлінше өсіп-өніп, көшелі елге айналған. Мешітбайдың Ерназар, Байназар, Қосназар, Сейітқұл атты ұлдарынан тараған төрт рулы ел бұл күнде 450 шаңырақты құрайды. Баба әулетінен елдің ынтымақ-бірлігіне сызат түсірмей, біртұтас болуын көксеген Тоқсан, Досмағамбет, Әжібайдай ел баққан би, болыстар, Алдаберген, Үркімбай, Ақболат, Тоқсан, Есмағамбет, Есенғали, Бірке, Хам­за сынды құдай жолына мал бұлаған қажылар, маңайындағы жарлы-жақыбайға қарасып, жаяуға ат, сусағанға сусын берген, сабасына құт дарыған Саңырық, Астаубайдай ақпейіл байлар, өле-өлгенше мешіт ұстаған. Елге имандылық жол көрсеткен Бекмағамбеттей имамдар Түркістанға жыл сайын барған.

Сонымен, алдымыздағы алаш ұранды қазақ баласының мерейін тасытар ұлы мереке Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойы қарсаңында баба рухына тағзым жасап, қариялардан естіген, білгенімді көп назарына ұсынып отырмын.

Ошақбай Аққойұлы


Бабаға тағзым

(Түркістанға Әулие Мешітбай Сүгірұлының басына бару

сапарынан жолжазба)
2001 жылдың шілде айының 18-і, сәрсенбі күні Қостанай облысының Бас имамы Ертай қажы Исламұлының бастауымен Ер Түріктің бесігі қасиетті Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде мәңгілікке тыныстап жатқан қасиетті бабамыз Мешітбай Сүгірұлының рухына құран оқытып зиярат ету мақсатымен құрамында Науырзым аудандық мешітінің Бас има­мы Кәкімбек Бектемісұлы, баба ұрпақтары – Хамза қажы, Махмет Қисықұлы, Аққойлы Жұмабек, Әмірғалиұлы Ғабдолла, Диханұлы Сапаш сынды азаматтар бар зияратшылар Аллаға сыйынып сапарға шықтық.

Поезда бір түнеп, шілде айының 19-ы, бейсенбі күні таңға жуық Астанаға келіп түстік. Біздер поездан түсе бергенде Аллатағаланың нұры нөсерлеп құйып, біздерді ерекше қуантты. Иншала, сапарымыз сәтті болады екен деп іштей шүкіршілік еттік. Біздерді Астанадан Хам­за қажының баласы Сапар қарсы алды. Теміржол вокзалында таң намазын оқып, бірер сағат тынығып, таңертеңгі сағат 9.50-де Астана-Түркістан поезына жайғастық. Келесі жұма күні (20.07.2001) Шымкент қаласына келіп түстік. Бізді Сапардың жолдасы руы Қоңырат Өмірзақ есімді азамат нөкерлерімен құшақ жая қарсы алып, үйінен қонағасы беріп, ықылас көрсетті. Азаматтың кісілігіне, меймандостығына, кішіпейілдігіне риза болысып, батамызды бердік. Күн жұма болғандықтан, Шымкенттің Абдул-Хамит Хаттани атындағы орталық мешітінен жұма намазын оқыдық. Жұма уағызын белгілі ғұлама Абдолла қажы жолдас сөйлеп, имамдыққа Шымкент облысы­ның Бас имамы Әміреев Эли Хайдар қажы өткендігін айтты. Намаздан шыққасын сәл-пәл тыныстап, сусын ішіп, Аллаға сыйынып Өмірзақтың біздерге бөлдірген жеңіл автокөлігімен Сайрамды бетке алып жүріп кеттік. Жүргізушіміз біздің бағымызға орай қарапайым да елгезек Жүнісәлі дейтін жігіт екен. Өзі жергілікті болғандықтан ба тез арада Сайрамға келіп Ибраһим атаға (Қожа Ахмет Иасауидың әкесі) Қожа Ахметтің бабасына, анасы Қарашаш анаға құрын оқып, зиярат еттік. Аллаһ қабыл еткей, Әмин!

Ендігі бет алысымыз – Арыстанбаб. Арыстанбаб – Пайғамбарымыз Мұхаммед ғаллейһиссаламның сахабасы, Қожа Ахметтің ұстазы, сондықтан да зиярат етуді мақсат еткен адам әуелі Арыстанбабқа тәу етіп, сол арада түнеуге міндетті. Біздер де әуелі Арыстанбаб кесенесіне барып шам намазын оқып, әулиеге құран оқып, сол жерде Алла ризалығы үшін, сауабын Мешітбай атама бағыштап құрбан шалдық, құрбан етінен дәм татып, сол жерде қонып шықтық.

Ертесіне (21.07.2001) таң намазын оқып алып Түркістанға жүріп кеттік. Арыстанбабқа келер жолымызда аяулы анамыз Домалақ ана кесенесіне арнайы бұрылып құран оқыдық. Бұл кісінің шын аты – Нүрила. Нүрила анамыз Қарашаұлы Бәйдібек батырдың жамағаты. Бәйдібек даңқты батыр адам болған. Руы – үйсін, Ұлы жүз. Домалақ анадан Жарықшақ, Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат атты үш рулы ел тараған. Ана ұрпақтары өсіп-өніп Шымкент, Алматы, Талдықорған өңірлеріне таралған. Дулат Қостанай облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің руы, Өмірзақ Дулаттың Шымырынан тарайды.



Түркістан сапарында жолай Қожа Ах­мет Иасауидің қызы Гауһар ананың мазарына бұрылдық. Шырақшысына құран оқытып, ана аруағына тәжім еттік.

Мінеки, аңсаған Түркістанға да жеттік. Әзірет Сұлтан кесенесі анадайдан мен мұндалайды. Жаяулап барып кесенеге кіріп Тайқазанға садақа салып, Қожа Ахмет Иасауидің басына құран оқып, қазақтың небір марғасқалары мәңгілікке жай тапқан Ақсарайға кіріп, Мешітбай атамыздың, ондағы барлық әруақты бабалардың рухына тағзым етіп, құран оқып бағыштадық. Кесенені зиярат етіп болғасын «Әзірет Сұлтан» мұражайының директоры Рыскелдиев Темірханның қабылдауында болдық. Қырықтан асқан жігіт ағасы жылы жүзбен қабылдап сапарымыздың мәнісін сұрап, өз тарапынан жол болсын айтысқаннан кейін әңгімеге көштік. Меймандарды таныстырып өткесін Темірхан кесенесінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сөйлеп, алдағы міндет-мұраттар жайлы әңгімелесті.

Ошақбай аға баба ұрпақтары атынан 50000 (елу мың) теңге қаржылай көмек жәрдемді Темірханға табыс етті. Біздердің ілтипаттарымызға, көрсеткен азды-көпті жәрдемімізге Темірхан ризалығын білдірді. Осы қаладағы Қожа Ахмет Иасауи атындағы қазақ-түрік университетінің жатақханасына барып жайғастық. Қаланың сәулет орындарын, базарын аралап, кешқұрым Гауһар ана басына барып екінді намазын оқып, құдығынан су алдық. 22 шілде, жексенбі күні Ғақаша атаның басына жол тарттық. Әулиенің зираты тау ішінде орналасқан жолы қиындау болса да, аман-сау жетіп шырақшысына құран оқытып, Ғақаша-Мұхаммед Пайғамбарымыздың сахабасы, белгілі дін таратушы ғұлама, ержүрек батыр адам болған. Ғақашаның зиратынан әудем жерде құдығы бар. Біздер сол құдыққа баспалдақ арқылы көтеріліп, шырақшымен жүздесіп, құран оқып, құдыққа шелек салуға ыңғайландық. Бәріміздің де жүрегімізде күдік бар, көңіліміз күпті, себебі Ғақаша әулие құдығы кез-келгенге су беруі неғайбыл. Себебі, бұл құдықтың бір ұшы қасиетті Меккедегі зәмзәм бұлағына ұласады. Аллаға сыйынып, ішіміздегі үлкеніміз Хамза қажы шелек салды. Хажының шелегінің түбінен су жылтырайды. Бәріміздің қуанышымызда шек жоқ, бөлісіп ішіп мәз болыстық, келесі кезек менікі, орта шелек деңгейінде су ілікті, көңіліміз жайланғандай. Сөйтіп Алла тілегімізді қабыл қылды ма, әлде Мешітбай атаның шарапаты ма, бәрімізді де құр тастамай су ілініп, бәріміз де қуанысып қалдық. Мұндай жағдайдың сирек болатындығын айтып шырақшы да аң-таң. Алланың бергеніне шүкіршілік қылып жүріп кеттік. Түркістанға келгесін баба басына барып, құран оқып, естелік үшін суретке түсіп, түс қайта сағат 17.50-де Түркістан-Астана поезына отырып, елді бетке алып жүріп кеттік. Шымкентте Өмірзақ күтіп алып, біздерді қауын-қарбызымен, риясыз көңілмен сәт-сапар тілеп жолға салды. Біз де осынау ақжарқын азаматқа ризашылығымызды білдіріп қош айтыстық.

Сәлім МЕҢДІБАЙ
Бекбаулы Өтейұлы
Алты Алаш жиналған,

Жан бабаның асына.

Қайран атам қойылған,

Ахмет Әулие қасына.

(«Бекбаулыны жоқтау»

жырынан).
Облыстық «Қостанай таңы» газеті 1999 жылғы 17 тамыздағы санында Әуликөл ауданы Шобанкөл ауылынан қарт ұстаз, көргені мен түйгені мол, жады мықты, зейіні зерек ағамыз Аңсаған Хұсайынұлының «Терең тамыр» атты мақаласын жариялады. Автор Меңдіқара ауданы Ақсуат ауылында өткен, ата-бабалардың осы Алакөл бойына қоныстанғанына 350 жыл толу тойына арналған мерекелік шараларға ризашылығын білдіре отырып, осы құт мекендегі ұрпақтың да арғы атасы Бекбаулы баба жөнінде тарихқа сүңгіген еді.

Бекбаулы Өтейұлы өз тұрғыластары арасында сыйлы, еліне қадірлі адам екен. Орта жүздің түменбасы батыры Шақшақпен бірге Бекбаулы да ел басына күн туғанда сол елінің қорғаны болыпты. Бекбаулы көшпелі елге егін егіп, диқаншылық құруды да үйретіп, осы іске өзі басшы болса керек. Кезінде Бекбаулы баба қалдырған шығыр, суармалы егісті халқымыз «ақтабан шұбырындыға» дейін пайдаланып келіпті. Бекбаулы Самарқанд, Бұхарадан арнайы білімді адамдарды алдырып, ұрпағын, ауыл балаларын білімге бастапты.

Данагөй бабамыз айтты деген бірер сөзі әлі ел аузында. Ол өзінен туған балаларға баға бере келіп былай деген екен: «Сатайым ақпан-қаңтардың үскірік желінде жүзін бір бұрмайды, түбі батырлық қонар, Шақа болса көпшілік жиналған жерге үйір, қашан көрсем топтың ортасында отырады, бұдан тарайтын ұрпағым да көп болар. Ал Жанбайдың аузынан шыққан әр сөзі қасындағы жұртты үйіріп алып кетеді, түбі бұған аруақ қонып, ырыс енер...»

Қазір зейіндеп қарасақ, баба болжамының шындыққа айналғанын көреміз.

Мақаланың басындағы «Бекбаулыны жоқтау» деген жырдан үзіндіні біз текке келтірген жоқпыз. Бекбаулы баба қаза жетіп, дүниеден өткен шақта ұрпақтары оны Түркістандағы Қожа Ахмет Әулие кесенесінің іргесіне жерлепті. Жыр да солай дейді. Бірақ осы уақытқа дейін басында белгі жоқ еді. Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында да қасиетті орынға жерленген асылдар ішінен біз Бекбаулы Өтейұлының есімін кездестіре алмадық.

Бұл тарихқа қиянат, – деді бұл күндері сексеннің сеңгіріне шыққан ағамыз, Қостанай қаласының құрметті азаматы Мағауия Жүнісұлы.

Баба есімін жаңғырту керек, – деді бизнес және басқару институтының ректоры Кәрбоз Жапаров.

Расында да, қасиетті Түркістанның 1500 жылдығы қарсаңында бұл өзінен өзі сұранып тұрған іс еді. Сөйтіп, бастамашыл топ құрылып, тарихи әділеттікті орнықтыруға кірісті. Алдымен мәселенің мән-жайын айтып, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаевқа хат жолдады:

«Қазақстан Республикасы Мәдениет,

ақпарат және қоғамдық келісім министрі

А. Сәрсенбаевқа

Құрметті Алтынбек Сәрсенбайұлы!

Бүгіндер ЮНЕСКО-ның шешіміне орай қазақ халқының ежелгі астанасы, рухани орталығы – Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына дайындық жүріп жатыр. Қожа Ахмет Иасауи бабамыздың кесенесін қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталып келеді. Ежелгі уақыттан бері сол кесене қасына әйгілі хан, би, батырлар жерленіп, бұл жер халқымыздың зиярат ететін қасиетті орнына айналды. Қостанай, Торғай өңірінен елімізге белгілі Шақшақ Жәнібек, Алдиярұлы Қарабалуан, Бабасұлы Мерген, Сүгірұлы Мешітбай, Өтейұлы Бекбаулы батырлар Түркістанға арнайы апарып қойылған. Бұл бабаларымыздың алғашқы төртеуін жұртшылық жақсы біледі.

Олардың аты-жөні де кесенеге жазылған. Ал Бекбаулы бабамыздың аты ұмытыла бастағандай. Шындығына келсек, Бекбаулы бабамыз да Шақшақ батырмен бірге ел қорғаны, оның ар-намысы мен айбыны болған.

Бекбаулы бабамыз қаза жетіп, дүниеден өткен шақта ұрпақтары ол кісіні Түркістандағы Қожа Ахмет Әулиенің кесенесінің іргесіне жерлепті. Бұған сол кезден келіп жеткен аңыз-әңгімелер, баба ұрпақтарының қолындағы шежіре деректері негіз бола алады. «Бекбаулыны жоқтау» деп аталатын жыр күні бүгінге дейін ел аузында айтылып та жүр.

Бекбаулының асы Қызылорда облысы жеріндегі өзі аттас темір жол бекетінің жанында өтіпті деген де дерек бар. Бұл бекет жайлы Қазақ кеңес энциклопедиясының 2-ші кітабында жазылған.

Құрметті Алтынбек Сәрсенбайұлы! Біз осы хатты жаза отырып, Бекбаулы Өтейұлы бабамыз ұмыт қалмай, Түркістанның 1500 жылдық тойы қарсаңында есімі кесе­неге жазылса деген ой айтамыз. Бұл тарихи әділеттік болар еді.

Осы хатпен бірге Бекбаулы бабамыз туралы облыстық «Қостанай таңы» газетінде жарияланған «Терең тамыр» атты мақаланы да қоса жолдап отырмыз. Одан даңқты баба туралы мәліметтер алуға болады.

Сізге деген құрметпен,

Мағауия ЖҮНІСҰЛЫ, соғыс және еңбек ардагері,

Қостанай қаласының құрметті азаматы.

Кәрбоз ЖАПАРОВ,

Қостанай бизнес және басқару институтының ректоры, профессор.

Аңсаған ХҰСАЙЫНҰЛЫ, қарт ұстаз.

Әкімбек ҚАБДЕНОВ,

Әулиекөл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Сәлім ҚАЙЫРОВ, облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, полковник.

Сәлім МЕҢДІБАЕВ, облыстық «Қостанай таңы» газеті Бас редакторының орынбасары.

Министрліктегі азаматтар, әсіресе, осы шаруа тапсырылған Шәрбану Бейсенова замандасымыз бұл іске ерекше мұқият қарады. Деректер мен дәйектерді пайымдай келе Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігіне арнайы қатынас жіберді. Облыс әкімінің орынбасары Дархан Мыңбай да мың болғыр жан екен, іле-шала былай дел жауап жолдады:

«Сіздердің Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім ми­нистрі Алтынбек Сәрсенбаевтың атына жазған хаттарыңызға байланысты мынаны хабарлаймыз:

Түркістанның 1500 жылдық тойы қарсаңында Өтейұлы Бекбаулы батырдың есімін Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің тақтасына жазу жөніндегі мәселенің шешімін хабарлау Түркістан қаласының әкімі Өмірзақ Әметұлы мен осы тарихи мәдени мұражайдың директоры Рыскелдиев Темірханға арнайы тапсырылды».

Сол мұражай қызметкерлері де мәселені ұзын арқан, кең тұсауға салған жоқ. Қолымызға тиген хатта былай делініпті:

«Қостанай облысының бір топ ел ағаларының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрінің атына жазған хатын алып, мазмұнымен танысып шықтық. Ел ағаларының көтеріп отырған ұсыныстары орынды. «Әзірет Сұлтан» қорық музейінің Ғылыми-сараптама кеңесінің шешімі негізінде Өтейұлы Бекбаулы батырдың есімі кесенедегі тақтаға жазылатындығын хабарлаймыз.

Музей директоры Т.РЫСКЕЛДИЕВ».

Міне, қасиетті Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойы қарсаңында тағы бір тарихи әділеттік осылайша орнықты.

Бекбаулы баба аруағы жар болсын, әлеумет!

Енді осы Бекбаулы бабамыздың өмір тарихы мен шыққан тегіне, айтулы істеріне кеңінен тоқталайық. Бұл ретте де «Қостанай таңында» жарияланған журналист інім Қабдылахат Сейдахметтің «Белгілі бекзат Бекбаулы» атты мақаласының ұзын-ырғасын келтіре кетейін:

«Біздің облысымыздың аумағында өмір сүріп, ұлтымыздың қасиетті ордасы Түркістаннан топырақ бұйырған жерлестеріміз жайлы облыстық «Қостанай таңы» газетінде бірнеше мақала жарияланды. Ал біз бүгін әңгімемізге желі еткелі отырған Бекбаулы Өтейұлының тағдыры олардан өзгеше әрі қызғылықты.

XVI-XVIII ғасырларда қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күрес жүргізгендігі ұлт тарихынан бәрімізге де белгілі. Сол кезеңде ел тізгінін қолына ұстаған Тәуекел, Есім, Тәуке хандар үш жүздің сүт бетіне ұйыған қаймағындай айтулы батыр-билерді Түркістанның, ел астанасының төңірегіне топтастырып, қоныстандырыпты. Ондағы мақсат та сайын сахарадан сарбаз жинап, сарпылтаңға түскеннен гөрі сарапталған әскерді жұдырықтай жұмылдырып, бір жерге жедел жинау болса керек. Кіші жүздің Жолымбет, Жиенбай, Орта жүздің Шақшақ (Жәнібек тархан­ның атасы), Ақша (Қанжығалы Бөгенбай батырдың әкесі) тәрізді қолбасшылармен қатар Бекбаулы би де сол қасиетті ел ордасы орналасқан оңтүстік өлкесінде ғұмыр кешіпті.

Бекбаулы Өтейұлы Арғыннан шыққан белгілі ру басы, әділ билердің бірі болған. Кезінде ерлігімен «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған Есім хан үш жүздің белінен болат қылышы түспеген жаужүрек жігіттерді Түркістанның төңірегіне жинаған сәтте Сарыарқаны жайлаған Бекбаулыға да таңдауы түсіп, туының түбіне шақырғандығы «Қоңыраулы найза бөктеріп, қоңыр салқын төске ұрған» заманның төл перзенті болғандығын аңғартса керек.

Бекбаулының байлығы туралы ел аузында аңыз-әңгімелер де көп сақталған. Ал ол негізсіз болмаса да керек. Қазір оңтүстіктегі Шыршық өзенінің бір өткелі «Бекбау­лы өткелі» дел аталады екен. Өйткені, Бекбаулы бидің малы өзеннің осы тұсынан өткен шақта бір ауылдың көшінің шеті бірнеше күнге дейін созылатын көрінеді. Тәңірі жазған несібесі мол жаратылған би төңірегіндегі қараша халыққа тым қайырымды болыпты. Көктемде төлдеген малдың жас төлі жетіліп, ел жас сәбилерді жағалай сүндетке отырғыза бастағанда Бекбаулы малшы қоңсыларының мұсылманшылық ғұрыптан өткен бүлдіршіндеріне бір тайдан «сүндет ат» бөліп береді екен. Олар отау иесі он үшке толғанда бәрінің басын қосып «бәсіре тойын» жасап, батасын беруді дәстүрге айналдырған көрінеді. Әрине, оның бұл қылығы әлдекімдерге тосын көрінсе де, елінің болашағы жас ұландар тағдырын бидің өзгеден жоғары қойғандығы аңғарылып-ақ тұр емес пе?..

Бекбаулы ерегескен дұшпанына есесін жібермеген ерлердің бірі болса да, өз тұрғыластарына әділ билердің бірі ретінде танылған шоқтығы биік тарихи тұлғалы жандардың бірі. Осы арада көнекөз қариялардың көкірегінде атадан балаға мирас болып жатталып жеткен ол кісінің билік сөздерін келтіре кеткеніміз жөн болар.

Бірде жанына балаған жүйрігін сойып жеген ұрысын ұстаған сол өлкенің жаужүрек жігіттерінің бірі Бекбаулының алдына келіп, құныкерге кесім сұрайды. Сонда «жүйрік ат ерді сақтайды, ер жігіт елді сақтайды. Ал сен ерді қанатынан айырып қана қойған жоқсың, елді қорғар азаматынан да айыра жаздадың. Сондықтан кесімің ердің құнын төлеп, бітісесің. Егер ұрлықты қайталасаң қара есекке теріс мінгізіп елден аластап, өлім жазасына кесеміз» деп қатаң үкім шығарған Бекбаулы бидің сөзіне жиналғандар тегіс бас иген көрінеді. Тағы бірде барымтаға барған жерінде мерт болған жігітіне құн сұраған бір байға «Елдің берекесін бұзбақ болған басбұзарға құн жоқ. Жортуыл басы жолда қалар деген бабаларымыз. Ерлік жасап елін қорғаудың орнына, ездік жасап өз елін шибөрідей талайтын, қанжығасы кеппейтін ұры өзінің сыбағасын алыпты. Ол өзіндік үкімін өзі шығарды, өзі орындады. Бір дауда екі жарғы болмайды», деген екен.

Бір бұл емес, бірнеше рет қатарынан талай даулы оқиғаларда тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын Бекбаулының өз қатарына сыйлы болуы заңды құбылыс.

Осылайша, Ер есім мен Салқам Жәңгірдің заманында билік айтып топқа түскен Бекбаулы желісіне Қыдыр атаның құты дарыған бай ғана емес, қара қылды қақ жарған әділ би де болғанға ұқсайды. Ал ол өмір сүрген кезеңде ел тізгінін ұстап топқа түскен би-бағлан бейбіт кезде төбе би-төреші болса, жау келгенде жасақ ертер қолбасы болатын еді. Бекбаулы да сол өзінің замандастарындай биліктің де, батырлықтың да тізгінін қатар ұстанған жан болыпты. Пешенесіне тәңірі жазған ғұмыры таусылып, дүниеден көшкен шақта бидің денесі сол өзі талай топ ішінде төрелік айтқан Түркістандағы Қожа Ахмет әулиенің кесенесінің іргесіне жерленеді.

«Адам баласының бұл фәнидегі тіршілігінен екі түрлі белгі қалмақшы» дейді бабаларымыз. Бірі тірлікте жасаған жақсы істері, екіншісі ұрпағы. Бекбаулы бидің жасаған игі істері туралы жоғарыда аз да болса айтып өттік қой, ал бұл кісінің кіндігінен тараған ұрпақ қазір бір емес бірнеше рулы ел болып отыр. Бекбаулы ұрпағы арғы бабаларының есімімен «Өтей» деп аталады. 18-ғасырда Торғай өңіріндегі Қызбел тауының бөктеріне қоныс аударған олар кейін де ата-баба үрдісімен жылжи көшіп бір шеті Меңдіқара ауданындағы Алакөл көліне дейін жеткен көрінеді.

Мұрағат деректеріне сүйенер болсақ, Бекбаулының әділ билік жолын мирас тұтқан Қазбек би, Құсайын болыс, Күшік, Төбет, Толтан бай тәрізді ұрпақтарының Орынбор губерниясының ішкі саяси-қоғамдық дамуында өзіндік іздері қалғанын байқауымызға болады. Мәселен, қазақ жерінің географиялық-экономикалық кестесін жасауға шыққан экспедицияның жетекшісі Щербина Бекбаулының ұрпағы Толтан ауылында болғанын айта келіп, оның зерек біліктілігіне таңырқағанын жасыра алмапты.

Сол Щербина экспедициясы деректерінде қазіргі Қызылорда жерінде бидің жайлаған жері айтылса, қазір ол жерде Бекбаулы есімімен аталатын темір жол бекеті де бар. Ал бидің ұрпақтарының есімімен аталған жер-су атауларын түгендеп шығу оңай іс емес.

Бекбаулы ұрпақтарының есімін еліміздің бергі тарихынан да жиі кездестіре аласыз. Кешегі Спандияр Көбеев, Таутан Арыстанбековтерді кім білмейді. Батырхан Шалғынбекұлы (белгілі ақын Ғафу Қайырбековтің нағашысы) білікті ұстаз, атбегі болған еді. Балалары да ата жолын қуды: Аязбегі Қостанай жылқы заводының директоры, айтулы мал маманы болса, Айбек, Әлия, Әсиялары ғылым жолына түсті.

Мұқатай Жүрмұқанбетов, Ерік Асанбаев, Нығметжан Есенғариндер республика көлемінде түрлі басшылық қызметтерді атқарған болса, ғылыми жолды таңдағандары да баршылық. Ағайынды Сәбит, Сайлау Байзақовтар мен Кәрбоз Жапаровтар халық шаруашылығының сан саласын зерттеген ғалымдар.

Түркістанның 1500 жылдық мерейтойының қарсаңында Бекбаулы ұрпақтары бабасының басына барып, рухына дұға бағыштап, зиярат жасап қайтты. Түркістандағы Қожа Ахмет кесенесіндегі ескерткіш-белгіге жазылған бабасы Бекбаулы бидің есімін оқығанда ұрпақтарының қуаныштарының шегі болмағаны түсінікті ғой.

Бұл сапарда Қостанай қаласының құрметті азаматы, зейнеткер Мағауия Жүнісұлы, ардақты ұстаз ақсақал Аңсаған Құсайынұлы, Әкімбек қажы Қабден ағаларының қасиетті орынға барып, тағзым етіп келуіне профессор Кәрбоз Жапаров демеушілік жасап, мұрындық болды.

Көне астанамыздағы мәңгі қоныс тапқан ардақты бабаларымыздың бірі Бекбаулы Өтейұлы туралы бір үзік сыр осындай.

«Ел еріменен көрікті» дейді дана халқымыз. Ендеше, сол бабаларымыздан бүгінгі ұрпағына жалғасқан отансүйгіш, ер көңіл қасиеттің асыл тамыры үзілмей мәңгі жалғаса бергей...
***

2000 жылдың күзінде Түркістанда тыныстаған бабаларымыздың бірі Бекбаулы Өтейұлының бүгінгі ұрпақтары сол қасиетті қалада, Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерленген арыстарымызды еске алып, ас берді. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің асханасына Беубаулы баба ұрпақтарымен бірге Шақшақ Жәнібек, Қарабалуан Алдиярұлы, Мешітбай Сүгірұлы, Мерген Бабасұлы, Әлібек Құдайбердіұлы сияқты елі мен жерінің тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен арыстардың ұрпақтары, ел ақсақалдары, жұртшылық өкілдері жиналды.

Ұйымдастырушылар атынан сөз алған Қостанай қаласының құрметті азаматы Мағауия Жүнісұлы аты аңызға айналған белгілі бекзат Бекбаулы баба туралы айта келіп, Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде жерленген басқа да батырлар мен билер хақында ұлағатты пікір өрбітті. Осы асты ұйымдастырып, оны өткізуді өз мойнына алған профессор Кәрбоз Жапаров сол асылдардың бүгінгі ұрпақтарының көш басшылары Әбілжан Нұрмағамбетов, Алмат Кемелов, Ғаббас Нарғожин, Ноғайхан Жүнісханұлы, Масхұт Шалабаев, Қазбек Әлжапаров, Мешітбай Сүгірұлының ұрпағы Қамза ақсақалға, Мерген Бабасұлының жекжаты Серік інімізге, белгілі дін өкілдері Ғазиз қажы Әмірхановқа, Ертай қажы Ислямұлына қазақы дәстүрмен иықтарына шапан жапты. Ac үстінде бабаларына арнап өлең оқыған белгілі ақындар Жолбарыс Баязид пен Серікбай Оспанов та осындай құрмет-ықыласқа ие болды.

Асқа қатысушылар алдында Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры, академик Зұлқарнай Алдамжар өнегелі сөз сөйледі. Ол мұндай шараның жастар тәрбиесіне, ұрпақтар сабақтастығына тигізер оң ықпалын айта келіп, алдағы уақытта сол арыстарымыздың есімін мәңгі есте қалдыру үшін олардың атына көше беру, сол көшелерге ескерткіштерін орнату жөнінен жұртшылық көңілінен шыққан ұсыныс айтты.

Белгілі өлкетанушы Масғұт Шалабаев Қостанайдағы Ақ мешітке Түркістанда мәңгілік тыныстаған бабалар есімін жазып қою жөніндегі өз ойын жеткізді.

Сөз алған басқа да ардагерлер осынау асты ұйымдастыруға мұрындық болып, қаржылай көмек көрсеткен профессор Кәрбоз Жапаровтың, асылдарымызды кеңінен насихаттап, оларды халқына қайта таныстырып, насихаттаудағы журналистердің, соның ішінде облыстық «Қостанай таңы» газеті ұжымының еңбегіне ерекше баға берді.

Қостанай заң институтының оқытушысы, майор Тойлыбаев Бекайдар Бекбаулы баба есімін бала жастан жаттап өскенін айта келіп, таяуда институтта Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналып өтетін республикалық спорт жарысының жүлдегеріне Бекбаулы баба атындағы жүлде тағайындау жөнінде жарасымды ұсыныс айтты.

Түркістанда тыныстаған бабалар аруағына құран бағышталды. Ғазиз қажы Әмірханов, Асылхан Мүсәпіров сияқты ақсақалдар кейінгі ұрпақтарына өздерінің ақ батасын берді.

Аңсаған ХҰСАЙЫНҰЛЫ
Терең тамыр
Ұрпақтар сабақтастығы... Осынау бір сөздің аясында қаншама терең мағына жатыр десеңізші. Атадан балаға мирас мінез бен қалып, тәлім мен тәрбиенің ұштасуы, мәңгі жалғасы ғой ол. Жақында Қостанай облысындағы Меңдіқара өңіріндегі Ақсуат ауылында бір өнеге мен тәрбие сабағындай ерекше той өтті. Осы өлкені қоныстанған халық өз бабаларының ата-мекенге шаңырақ көтеріп, ірге тепкеніне 350 жыл толуын сәні мен салтанатын келістіре атап өтті. Осылайша Өтей руының Бекбаулы тармағына жататын ұрпақтары бабалар рухына ас беріп, дұға бағыштады, еске алды. Бекбаулы Өтей баласы кезінде өз тұрғыластарына сыйлы, еліне қадірлі адам бо­лыпты. Орта жүздің түменбасы батыры болған өзінің замандасы Шақшақ батырмен бірге Бекбаулы да қазақ жерінің Оңтүстік өлкесін мекен етіпті. Бұл кезде Тәуке хан ордасы болған Түркістан төңірегінде Орта жүз батырларының да жайлағаны тарихи деректерден белгілі. Шақшақ пен Бекбаулы да осы ел қорғаны ерлердің қатарында болыпты. Бекбаулы Оңтүстік өлкедегі Шыршық өзенінің бойын ұзақ жылдар жайласа керек. Тіпті, осы өзеннің бір өткелі әлі күнге дейін Бекбаулының есімімен аталады. Бекбаулы бабамыз дәулетті, сөзіне ел тоқтаған дуалы кісі болған. Ол кісі туралы ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер өте көп. Бекбаулының көкалалы көп жылқысы Шыршықтан су ішіп шыққанда, өзен суы бір сәтке күрт азайып, ат тізесінен ғана келіп қалады екен. Сондай-ақ ол кісінің қой-ешкісі де көп болған. Бекбаулының серкелері суға құлағанда шетіне көз жетпейді екен. Ертеде Бекбаулының дәулетін қызғанған жаулары ол елінде жоқ кезде малын тонап алуды көздейді. Иесіз малға келген олар қаптап келе жатқан көк найзалы әскерді көріп, кері қашуға мәжбүр болады. Сөйтсе, найза дегендері ешкінің алыстан күн көзіне шағылысқан мүйіздерін аруақтың өзгеше елестетуі болса керек.

Бекбаулы – өзбектің Самарқанд, Ташкент базарларына жүздеп мал сатуға шығарып, сауда кәсібімен де айналысқан. Керуенімен жеткізілген мата, азықты тек өзі тұтынып қана қоймай, өз төңірегіндегі ағайын-туғандарына да тегіс бөліп беріп отырады екен. Оның мырзалығы елге аңыз болған. Бірде Самарқанд базарына барған Бекбаулы жағалай сауда жасап келе жатып, сөредегі аса қымбат матаға көзі түседі. Оның ниетін аңғарған саудагер «Бұл қазақ алатын дүние емес, бұны тек хандар ғана киеді» деп кемсіте жауап береді. Топас саудагердің елді кемсітпек болған ісіне ерегескен Бекбаулы жаңағы матаның бір тегін түгел сатып алады. Матаны алып атына мінген Бекбаулыны көргенде саудагер өкініштен өртеніп кете жаздапты. Еліне келген соң қадірлі қария ауылдастарына тегіс қымбат матадан киім кигізген. Бекбаулы өз еліне егін егіп, диқаншылық құруды да үйретіп, осы іске өзі басшы болыпты. Кезінде Бекбаулы бабамыз қаздырған шығыр, су егісті халқымыз «ақтабан шұбырындыға» дейін пайдаланып келіпті. Бекбаулы Самарқанд, Бұхара қалаларынан арнайы білімді адамдарды алдырып, ауыл балаларын оқытуды жүйелі жолға қойыпты. Сондай-ақ, өз ауылының білімді балаларын да сол қалаларға оқып, білім алуға жіберіп отырыпты. Бекбаулыдан тараған Сатай, Шақа, Жанбай, Тілеулі балаларынан шыққан белгілі ғалымдар мен айтулы билердің көп болуына бұл жағдай да игі әсер жасаған болса керек. Бекбаулы Түркістандағы Әз Тәуке ханның ордасына жиі ат ізін салып, ел іргесін қорғауға жорыққа шығатын қарулы қазақ әскеріне ат-көлік пен азық-түлік әзірлеп беруге де үнемі басшылық жасап отырған. Өзінің замандас ағайыны Шақшақ батыр басқарған Орта жүздің екі түмен әскерімен бірге талай қанды жорықтың сәтті аяқталуына мұрындық болған. Бекбаулының есімі қазіргі ұрпаққа да жақсы таныс. Данагөй бабамыз өзінің балаларына да баға беріп, сын таққан екен. «Сатайым ақпан-қаңтардың үскірік желінде жүзін бір бұрмайды, түбі батырлық қонар, Шақа болса көпшілік жиналған жерге үйір, қашан көрсем топтың ортасында отырады, бұдан тарайтын ұрпағым да көп болар. Ал Жанбайдың аузынан шыққан әр сөзі қасындағы жұртты үйіріп алып кетеді, түбі бұған аруақ қонып, ырыс енер» деп болжам жасаған екен дейді. Мінекей, қазір біз бәріміз де осы қасиетті баба өсиетінің шындыққа айналғанының куәсі болып отырмыз. Бекбаулы бабамыздың ұрпақтарының ішінен алты алашқа есімдері аңыз болған жандар аз шықпаған. Жанбайдың баласы Дәнен деген кісі еліне сыйлы, аруақты жан болыпты. Түрлі ауру-сырқауға ұшырап, тәңірден ұрпақ беруді тілеген кемтар жандар Дәненнің қабірінің басына түнеп, жәрдем сұрайды. Жанкелдин ауданының Торғай қаласына таяу жердегі үлкен қара қырдың басындағы қасиетті баба қорымы күні бүгінге дейін халық қастерлейтін аруақты жердің бірі болып саналады. Бұл жер әлі күнге дейін «Дөнен төбесі» деп аталады. Жанбайдың ұрпақтары да осы ауданның Қызбел тауының төңірегінен бастап Науырзым, Әулиекөл маңайына да қоныс тепкен. Жалпы, Өтей балаларының төңкеріске дейінгі қоныс орны жайлы Қазақ Кеңес энциклопедиясында егжей-тегжейлі түсінік берілген. Осы ғылыми еңбектің 9 томының 76-бетінде «Өтей Орта жүздің Арғын тайпасының Мейрамынан тараған ата. Өтейден Сауытбай, Сақау, Толтан ұрпақтары бар. Өтейдің ұрпақтары Октябрь революциясына дейін Көкшетау, Омбы, Қызылжар, Қостанай, Торғай, Ақмола уездерін мекендеген» деп жазылғаны бәрімізге де белгілі. Сондай-ақ, осы ғылыми еңбекте Бекбаулы ата туралы, оның есімімен аталатын темір жол бекеті туралы деректерді де кездестіруге болады. Бұның өзі қасиетті баба есімінің ұрпақтар есінде мәңгі сақталып қалғанын білдірсе керек.

Бекбаулы бабамыз қаза жетіп дүниеден өткен шақта ұрпақтары ол кісіні Түркістандағы Қожа Ахмет әулиенің кесенесінің іргесіне жерлепті. Бұған сол кезден келіп жеткен аңыз-әңгімелер, баба ұрпақтарының қолындағы шежіре деректер негіз бола алады. «Бекбаулыны жоқтау» деп аталатын жыр күні бүгінге дейін ел аузында айты лып жүр. Сол жырдағы:

Алты Алаш жиналған,

Жан бабаның асына,

Қайран атам қойылған

Ахмет әулиенің қасына, деген жолдары Бекбаулы атаның Түркістанға қойылғанын дәлелдеп бергендей. Бекбаулының асы Қызылорда облысы жеріндегі өзі аттас темір жол бекетінің жанында өтіпті, деген де аңыз бар. Бұл жер жайлы Қазақ Кеңес энциклопедиясының 2-кітабынан оқуға болады. Қазір Бекбаулы ұрпағынан шыққан мемлекет қайраткері, белгіл ғалымдар да өте көп. Әйгілі педагог-жазушы Спандияр Көбеев, Қазақстан мемлекетінің бірінші вице-президенті Е.Асанбаев, вице-премьер болған Н.Есенғарин, ұзақ жылдар Шымкент облысында облыстық партия ұйымын басқарған Мұқатай Жұрмұханбетов және басқа асыл азаматтар да осы Бекбаулы атаның ұрпақтарына жатады. Бұл әулеттен шыққан ғалымдар да жетерлік. Ағайынды Сайлау, Сәбит Байзақовтар, ҚазМУ-дың ұзақ жылдар бойы ректоры болған Аск­ар Закарин, Қостанай бизнес пен басқару институтының ректоры Кәрбоз Жапаровтардың есімдері де көпшілікке жақсы таныс. Менің өзім де 50 жылдай ұстаз болып, бала тәрбиеледім. Алдымнан білім алған шәкірттерімнің алды академик болды, облыс, мемлекет басқару ісіне араласты. Өзімнің де оншақты балам, немере-шөберелерім баршылық.

Ал Түркістандағы Қожа Ахмет әулиенің кесенесінің қасындағы Бекбаулы атамыздың зираты оның белінен тараған ұрпағы үшін қасиетті орын. Еліміз тыныш, береке-бірлікте болсын. Жастар болашағымыздың негізі ғой, Алла соларға денсаулық, бірлік берсін деп тілеймін. Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы жыл ұрпақ сабақтастығы деді ғой, сол сабақтастық мәңгі жалғаса берсін. Бабаларымыздың асыл тамыры үзілмесін, Бекбаулы баба рухы ұрпақтарын жебей жүрсін.

Сәлім МЕҢДІБАЙ
Қанжығалы Әлібек батыр
Бірде редакцияға Сарыкөл ауданы бір топ ақсақалдарынан хат келді. Онда былай делінген:

«Біздер, Сарыкөл ауданы (бұрынғы Қанжығалы болысы), негізінен Ленинград, Қоскөл, Ырыстытомар ауылдарының ақсақалдары, қасиетті Түркістан қаласының 1500 жылдық мерекесіне орай ойымызда жүрген мына бір мәселеге көңіл аударылса деп ойлаймыз.

Бүкіл түркі тілдес халықтардың екінші Меккесіне айналған атақты Қожа Ахмет Иасауидің кесенесіне біздің атамыз, өзі би, өзі батыр Қанжығалы Әлібек жерленген екен.

Әлібек атамыздың біздер сегізінші-тоғызыншы ұрпағымыз, содан есептегенде, ол кісі шамамен 17 ғасырдың аяғында туып, 18 ғасырдың аяғында дүниеден өткен (туған жылы және қайтқан жылы белгісіз). Біздің бабаларымыздың айтуынша, 105 жасқа келіп дүниеден өткен, денесін былғарыға тігіп, өзінің үлкен ұлы Есберді (ол да батыр болған) жолдастарымен Түркістандағы Ахмет Иасауидің кесенесінің жанына жерлеген. Әлібек батыр қазақтың басқа да батырларымен тізе қосып, әйгілі Шақшақ Жәнібекпен бірге жоңғарларға қарсы жорыққа аттанып, елі мен жерінің тәуелсіздігін қорғаған. Абылай ханның әйгілі батырларының бірі болған.

Әлібек бабамыздың үш әйелінен 9 ұл туған, тоғызы да түрлі жорықтарға қатысып, батырлық, ерлік көрсеткен. Әлібектің Алдоңғар атты ұлы жорықтарда жолы болып жүргендіктен кейін ол кісіні Жолды деп атап кеткен, біздер сол Жолдының ұрпақтарымыз, қалған балаларынан да, шүкіршілік, ұрпақ бар. Сол ұрпақтар Ленинград, Ырыстытомар, Қоскөл ауылдарында, Сарыкөлде, Қостанайда, Астанада, Солтүстік Қазақстан облысында, т.б. жерлерде тұрып жатыр.

Әлібек бабамыз Қанжығалының Құдайберді баласынан туған жалғыз болыпты.

Әлібек бабамыз туралы ел аузында жүрген көптеген мәліметтер бар, бірақ ол кісі туралы зерттеу жүргізілмеген, сол себептен оның өмірінің кейбір тұстары көпшілікке беймәлім.

Біздер, сол атақты бабамыздың ұрпақтары, Әлібек батыр тарихтан өзіне тиісті орнын алса, Түркістан қаласының мерейтойына байланысты Қожа Ахмет Иасауидің кесенесіне оның аты жазылса дейміз. Онда «Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді» деп, құдайдан тілегеніміз қабыл болды деп қуанар едік.

Осындай игі мақсатпен мына ақсақалдар бүкіл сол бабамыздан тараған ұрпақтар атынан қол қояды:

Әбіш Қалақов, Тәпет Кемпіров, Аңдағұл Иманов, Кәмеш Түркәмәнов, Әбітжан Жазықбаев, Сабыржан Шопағұлов, Өтіш Шәймерденов, Сәлім Шалапов, Сейтен Дәненов, Рашид Дөненбаев, Бердәлі Бидалин, Қашмолда Байгисенов, Сайым Шопағұлов, Төлеген Шоланов, Камали Жұмабаев, Қабдеш Дәненов».

Хат осылай дейді. Сол шежіре қарттардың айтуынша, Әлібек туралы ел ішінде талай аңыз тараған. Енді солардың кейбіреуін баяндайық.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет