Отанды қорғау- міндет деп білдік -таужан ата, өзіңізді Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер ретінде білеміз. Өмір белестеріңіз, сол бір отты соғыс жылдары туралы айтып өтсеңіз?



Дата09.07.2016
өлшемі422 Kb.
#186781
Отанды қорғау- міндет деп білдік

-Таужан ата, өзіңізді Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер ретінде білеміз. Өмір белестеріңіз, сол бір отты соғыс жылдары туралы айтып өтсеңіз?..

-1925 жылы алтыншы ауылда дүниеге келдім. 1943 жылы 8 наурызда Ақмола қаласында 4 ай оқу-жаттығудан өттім. Сөйтіп, сұрапыл соғысқа кете бардық. Әуелі әскери эшелонды Харьковтен түсіріп, Киев бағытындағы шайқасқа қосты. Алайда, сол майдангерлердің ішіндегі ең жасы мен екенмін. Содан біздің жастығымызды ескеріп, қайтадан кейін қарай шегерді. Ол уақытта, шындығында да, соғыстың не екенін білмегенбіз. Бізден жасы үлкен ағаларымыздың көпшілігі соғыс кезінде қырылып қалды. Оның несін жасырайын. Десе де, біраз тәжірибе жинап, соғысты өз көзімізбен көргеннен кейін, шайқасқа қосты. Содан жан алып, жан беріскен алапат соғыста Киевті алғанымыз әлі күнге есімнен кетпейді. Мұнан кейін Житомирге бардық. Сонымен не керек, оны да қаншама шығынмен алдық. Әрине, айтуға оңай. Сол соғысты ойласам, әлі күнге жүрегім сыздайды. Жан жарасы жазылмайды екен-ау. Содан кейін Польшаның жеріне аяқ басып, астанасы Варшаваға қарай бет алдық. Бұл қаладан өткен соң, Чехословакияның орталығын да алдық. Иә, айтпақшылай, елге келместен бұрын Украинада тұрдым. Сол жерде орыс қызы Зоя Васильевна Ковалеваға үйлендім. Содан 1948 жылы Мәрия атты тұңғыш қызым дүниеге келді. Сол қызым бір жасқа келген шағында елге демалысқа келдім. Ауылға келген соң, достарым «орыс болып кеттің ғой, саған қазақ қызын алып береміз» деді. Содан бас тарта алмадым. «Туған жердің түтіні де ыстық» деген рас екен. Туған жерімді тастап кеткім келмеді. Бұл-тағдыр ғой. Содан достарымның қолқалауымен Раушан атты қызбен отау құрдым. Аттай 70 жыл өтсе де, әлі күнге дейін сол достарыма ризамын.

-Соғыста жүріп және соғыстан кейін қандай ерлік істер істедіңіз, қандай жетістіктерге жеттіңіз?

-Мен 1942 жылдан 1945 жылдың тамызына дейін сұрапыл соғыстың алғы шебінде болдым. Алдымен 1-Украин майданында, соңынан 4-Украин майданында жаяу әскер жауынгері болып, Ұлы Жеңісті Германияның жерінде қарсы алдым. Соның айқын айғағы, «Германияны жеңгені үшін», екі мәрте «Ұлы Отан соғысы», «Ерлігі үшін», «Г. Жуков», Ұлы Жеңістің мерекелік медальдары мен үшін ерекше қымбат, айрықша құрметті. Ерен еңбегім де ескерусіз қалған жоқ. Оның бір айғағы, «В. Лениннің 100 жылдығы» медалін алғаным әлі есімде.



-Қазірде арамызда қалған соғыс ардагерлері бірен-саран ғана, соғыс жылдарында бір нанды бөліп жеп, бауырыңыздай болып кеткен майдандас достарыңызды еске алсаңыз?..

-Майдандас достарым өте көп болды. Енді қазір оның шамалысы ғана есімде... Аққали, Берден, Найзабек, Абылайхан секілді достарым болды.



-Бүгінгі күні 90 жастасыз. Өмірдің қиындығын, қызығы мен шыжығын да бастан өткіздіңіз. Қанша бала тәрбиелеп өсірдіңіз?

-Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын. Құдай қосқан қосағым Раушан екеуміз үш ұл, төрт қызды тәрбиелеп өсірдік. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Немерелерім мен шөберелерімнің тәтті қылықтарына тоймаймын. Солардың жүргені, күлгені, мектепке барғаны мен үшін мереке. Олар барда бар ауру сырқатымды ұмытып, марқайып жүремін. Қазір кенже ұлым мен келінімнің қолындамын. Жеті баламнан 20 немере, 21 шөберем бар.



-Ата, сол кездегі адамдар мен қазіргі адамдар қандай?

-Ол кезде әділдік, адалдық ең бірінші кезекке қойылатын. Екіжүзділік, жалқаулық, көзбояушылық атымен болған емес. Темірдей тәртіп болатын. Кім-кім де өзіне тапсырылған істі жауапкершілікпен атқаратын. Ол кезде қазіргідей пара деген сұмдық атымен болған емес. Жұрт қолындағысын бөліп беретін. Еңбек еткен адам көп нәрсеге қол жеткізетін.

Біздер еңбекке ерте араластық. Балалық шағымыз қиын заманға тап келді. Өзіміз толық білім ала алмаған соң, балаларымыздың білім алуына жағдай жасадық. Ауылда қай теміржолшыдан жұмыс пен тұрмыс туралы, қай басшы мен маманнан өндірістің жетістіктерін сұрасаңыз да, олар өткенмен салыстыруға болмайтын керемет өзгерістер туралы айтады. Қазір заманауи техниканың уақыты. Ал, біздің кеземізде бәрі екі қол мен білектің күшімен атқарылды. Қазіргідей керемет техника, көлік қайда? Бүгінгі теміржолшылардың өмірі нағыз жұмақ қой, шіркін!

-Сол кездегі елдегі жағдайды еске түсірсеңіз?..

- Күйзелген ел соғыстан кейін де өте қиын жағдайда болды. Уақыт-төреші деген. Бұл қиындықты да халық темірдей тәртіптің, еңбектің арқасында еңсеріп, ертеңгі күнге деген сенімі күшейді. Сол кезде адамдардың бойында еңбекке деген адалдық, қиындыққа деген төзімділік мол болатын.



-Жас ұрпаққа айтар тілегіңіз, айтар ақылыңыз болса...

-Соғыс болмасын. Қазіргі заман жастардың заманы, сендердің замандарың, айналайын. Аспанымыз ашық болсын! Қазір ешқандай аштық болып жатқан жоқ, болмасын да. Қазақ елі тату болсын! Артымызда қалған балаларымыз аман болсын! Тәуелсіздігіміз жасасын! Ешқандай ауру-сырқау болмасын!



-Соғыстан кейін Сексеуіл локомотив депосында машинист көмекшісі, машинист қызметін атқардым. 1988 жылы зейнетке шықтым. Онан бұрын машинистер даярлайтын курсты тәмамдадым. Бақытымды еңбектен таптым десе де болғандай. Ауыр да жауапты жұмыста жүріп, үлкен абыройға бөлендім. Ұжымымда жерлестерім ұдайы мені мақтан тұтады. Осыған шүкірлік етемін. Шәкірттер тәрбиелеп, жастарды еңбекке баулуды бір сәт те шаршаған емеспін. Иә, «жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп бабаларымыз әсте тегін айтпаған ғой.

-Сұхбат бергеніңізге рақмет! Біз Сіздердің ерліктеріңізді ұдайы мақтанышпен айтып отыратын боламыз.

Сұхбаттасқан Қ. Дәуітова.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет