Отанымыздың тірегі тәуелсіздік



Дата23.02.2016
өлшемі57.23 Kb.
#3628
ОТАНЫМЫЗДЫҢ ТІРЕГІ - ТӘУЕЛСІЗДІК
Какимова А.Ж., Бимаканова З.Ш.

(М. Қозыбаев атындағы СҚМУ)

Ұлттың көп жылдар бойы зарыға күткен, ел арманы болған, сансыз күрестің нәтижесінде қол жеткізген басты тұғыры – Тәуелсіздікке биыл 22 жыл толмақ.



Тәуелсіздік бізге, қазіргі бақытты ұрпаққа халқымыздың азаттық жолында ерлік пен елдіктің талай үлгісін көрсете білген ата-бабаларымыздың табанды күресінің арқасында жетті. Біз, жастар, «Асыл мұра» бағдарламасы шеңберінде мемлекет хатшысы М.Тажиннің басшылығымен жүргізіліп жатқан іс-шаралар, біздің асыл қазыналарымыз, асыл мұраларымызды қайта жаңғырту тәуелсіздіктің жемісі деп танимыз.

Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Әлем тәуелсіз елдігіміздің арқасында ғана дүниеде қазақ деген ел барын, оның өресі мықты, өрісі кең халық екенін білді. Елімізді әлемге танытуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Дұрыс бағыттағы сыртқы және ішкі саясатының арқасында Қазақстан аяғынан тік тұрды. Осы тәуелсіздікке жету барысындағы оқиғаларға толы еліміздің тарихына көп мән береді. Елбасымыз өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде : «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр. Қазақта мынадай мақал бар: «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз»[1; 267 б.] дей келе, халықты, әсіресе, өскелең жас ұрпақты тарихты қастерлеуге шақырады. Ол біздің аумақтағы руханияттың алты мың жылғы дамуын алып қарастырып, оны оң екі кезеңге бөледі. «Бірінші кезең - бүгінгі Қазақстанның бүкіл аумағын мал баққан ежелгі арийлердің сансыз көп тайпаларының игеруі. Екінші кезең - бұдан шамамен төрт-бес мың жыл бұрын арийлер тарихы мен рухының орталығы біртіндеп солтүстіктен оңтүстікке, Оңтүстік Оралдан Үнді өзенінің аңғарына қарай ауыса бастайды. Үшінші кезең – бұдан үш-төрт мың жыл бұрынғы заман. Шығыста, Гоби далаларында арғы ғұн тайпаларының қалың толқыны туа бастайды. Төртінші кезең – бұдан 1,5 мың жыл бұрынғы ғұн нәсілдері – түркілер – Ашина руының түркілері – Ордос алабынан ауған жүнді (жуан-жуан) тайпаларының ежелгі ақсүйек әулетінен тараған ұрпақтар. Осынау жаңа рухани толқынның тоғысында тұңғыш Түрік қағанаты –Мәңгілік Ел бой көтереді. Бесінші кезең – бұдан 1300-1100 жылдар бұрын түркі халықтарының рухани орталығы Шығыста, Орхон-Енисейде тіршіліктің қан тамырын соқтырды. Алтыншы кезең – бұдан 1100-900 жылдар бұрын Қазақстан аумағына араб-ислам рухының тегеурінді толқыны жөңкіле бастаған.Жетінші кезең – XI ғасыр Түркістаннан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған. Сегізінші кезең – XII-XIYғасырлар. Қазақтың ең алғаш қасіреті Шыңғыс әулетінің шабуылынан басталды. Бұл жойқын күші бар сойқанды толқын еді. Қазақ халқын алғаш рет боданға айналдырған бұл толқын оның тарихи тұлғасын мылжалап, рухын бұзып, бірыңғай қазақ халқының дамуына көп-көп кедергі келтірді. Тоғызыншы кезең – XY-XYII ғасырлар. Алғаш қазақ хандығының құрылған, шамамен 1466 жылдардан бастап, жалпыхалықтық руханияттың табиғи дамуына негіз қаланады. Оныншы кезең – бұл XVII-XIX ғасырлар. Бұл аралықта қазақ халқының жауынгерлік рухы ауыр сынға тап болды. 1723-1727 жылдардағы «ақтабан шұбырындыдан» қазақ халқының өміршеңдігіне сын басталды. Ұлтты қорғаушылыр қатарына Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Наурызбай батыр және солар сияқты ұлттың жауынгерлік рухын танытатын жарқын тұлғалы жаубасар ерлер келіп қосылды. Халықтың ерік-жігерінің тастүйін бірлігі Абылай ханның бір басында бейнеленді. Батырларымен тізе қосып, қаһармандықтың тамаша үлгілерін көрсеткен, сөйтіп халықтың ұйытқысы болған Абылай ханның ерліктері сонау қатал заманда қазақ рухын қайта түлетудің бір алтын діңгегіне айналды. Келесі, он бірінші кезең – XX ғасыр. XVIII-XIX ғасырларда Қазақ хандығы құлағаннан кейін қазақтардың арынды рухы бұрқ етіп сыртқа шығудың әр түрлі жолдарын қарастырды. Бесінші империя – Ресей патшалығы да құлағалы тұрды. Сол кезде қазақтарда өз мемлекетін құру үміті тағы да ояна бастайды. Алашорданың көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқалар болды. Қалай болғанда да, Алашорданың игілікті ісі өте қайғылы аяқталды. Қазақстан оқыған жас өкілдерінің осынау ыстық жігері, ұлттық рухы сол кезде қалыптасқан жағдайлардың себебінен өмірде іс жүзіне аса алмады. Қазақстан алтыншы империя – КСРО-ның құрамына кірді. Он екінші кезең – 1980 жылдардың ортасынан басталды. Ол халықтың рухының бұрқ етіп, сыртқа лықсуымен сипатта болды. Мұның аты 1986 жылдың желтоқсаны еді. Бірақ онда рухтан гөрі саясат басым болды. Алтыншы империя гүрс етіп құлады... » [1; 267-284б.]. Міне, осылайша біздің халқымыз тарихтың қатпар-қатпар қыртыстарына тамырын терең жіберген қиын-қыстау кезеңді, талай-талай тағдырды бастан кешті. Сан ғасырлы тарихымыздың ауқымды құрамдас бөлігі – халқымыздың тәуелсіздік жолындағы күрестері еді. Сонау қазақ халқы құрылғаннан бастап шайбанилермен, одан соң жоңғарлармен болған қанды шайқастан желтоқсан оқиғасына дейінгі рухты күрестер соның жарқын көріністері. Бүгінгі Қазақстанның алдына уақыт қойып отырған міндеттердің бірі – жас ұрпаққа тарихи оқиғалардың жанды тізбегін, ата-бабаларымыздың ерлігі мен өрлігін тереңнен таныту. Тарихымызды білмей тұрып, алға жылжудың қиын екені белгілі. Сондықтан да ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев “Тарих көмескіленсе, болашақ та қараңғы", – деген. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата – бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы - қазіргі және болашақ ұрпақ үшін де ұлы тақырып болып қала бермек. Халқымыздың ұлы перзенті, тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаев өзінің «Өркениет және ұлт» атты еңбегінде алаш арыстарының ұлтқа қатысты этнотанымдық көзқарастарын ғылыми тұрғыдан талдай отыра, “Тәуелсіздік” деген терминге ерекше тоқталып, оның мән-мағынасын жан-жақты тарқатады. «Тәуелсіздік шын мәнінде ауқымды да терең құбылыс. Ол ең алдымен тәуелсіздік, біз іргелі ел болып, күштілерге басымызды имей, біреудің ескі-құсқы ел билеу жүйесін кимей, Қазақстандық, суверендік жолмен жүру керек» дей отыра, жастарды ілім-білім жолына түсуге шақырады. «Рухани тәуелсіздік – халықтың бірегей іргесі нығайып, ұлттық санаға көтеріліп, Отан үшін ұлы тәуелсіздік майданында сарбаз болып шыңдалу», сондай-ақ «Тәуелсіздікті баянды ететін ғажайып күш – идеология, соның ішінде ұлттық өнер әлемдік өнердің құрамды бөлігі, ендеше оның жарқын сәулесі ұлттық мәдениетті нұрландырып отыру керек» [2; 306 б.] екендігін жас ұрпақтың санасына сала отыра, әр кез естен шығармауларын ескертеді. Ол үшін болашақ ұрпақтың санасына отаншылдық идеяны жастайынан сіңіру керек. Сол себептен де Елбасымыз өзінің халыққа арнаған Жолдауында азаматтардың отаншыл сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуды ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі элементтерінің бірі ретінде таниды. Әсіресе, сан ғасырға созылған қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің соңғы нүктесіндей болған желтоқсан оқиғасы қаһармандарының ерлігін жастарға тереңнен насихаттау қажет-ақ. Сонда ғана мемлекеттік тәуелсіздігімізді қорғайтын ұлтжанды азаматтар қатарының өсіп өркендеуіне игі ықпалы тиеді. «Қазақстан - көпұлтты ел, сол көпұлтты мемлекетте өркениеттік тарихи мәдени мұраға жауапты халық – қазақ халқы. Ол халық Қазақстанның болашағына ерен еңбек етуге тиіс. Ол көп ұлтты біріктіретін де, еңбекке жұмылдыратын да күш. Ұлттық болмыс Отанға деген сүйіспеншіліктен, оның алдындағы азаматтық қарыз бен парыздан туындайды. Біздің Отанға деген адал еңбегіміз барша әлемдік өркениеттен алар орнымызды, жарқын болашағымызды анықтайтын фактор екені хақ!», [3; 3 б.]- деп Манаш Қабашұлы айтқандай, ел болашағын, ел тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтау, оны келер ұрпаққа аманат етіп жеткізу қазақ жастарының бойына міндет болып жүктеледі. Сондықтан әр қазақ азаматы елі үшін аянбай, адал қызмет етуі қажет. Ол үшін жастар өзін-өзі тану, яғни ұлт болмысын сезіну үшін, ұлттық сананы, өй-өрістерін дамыта түсу үшін төл тарихымызды оқып зерттеп, жан-жақты зерделеуі қажет.

Қорытындылай келе, халқымыз ежелден аңсап келген асқақ арманына қазіргі таңда қол жеткізгенін айқын көре аламыз. Бүгінгі Қазақстан терезесі тең, іргесі берік, экономикалық-инновациялық дамуы қарқынды тәуелсіз елу елдің қатарында тұрып, көк туын биікке желбіретуде. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 22 жылда еліміз жан-жақты салада жоғары жетістіктерге жетіп, өзінің жарқын келешегін айқындады. Яғни, тәуелсіздік - Қазақстанның жарқын болашағын көрсететін негізгі алтын діңгек. Сондықтан да тәуелсіздігімізді алғаннан кейін Қазақстан барлығынан тәуелсіз өзіндік даму сатысына көтерілді. Болашақта «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өткізілуі осы дамудың биік белесін көрсететін жетістігіміз. Осылайша мемлекетіміздің әлемдік деңгейдегі рөлі артып, еліміздің мәртебесі жоғары дәрежеге көтерілуде. Бүгінгі таңдағы тәуелсіз Қазақстанның алдағы өмірінің жарқын да бейбіт болатынына мен кәміл сенемін.




Әдебиеттер:

  1. Назарбаев Н.Ә. «Тарих толқынында» -Алматы, 2003 ж.-285 бет.

  2. Қозыбаев М.Қ. «Өркениет және ұлт» -Алматы, 2001 ж.-369 бет.

  3. Қозыбаев М.Қ. «Өркениет тағылымдары» «Егемен Қазақстан» газеті, 1999 ж. 3 шілде.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет