Бөбек бөлеу
(Ана жыры)
Бөл-бөл бөбек, бөл, бөбек,
Бөлейін бері кел, бөбек.
Бедерлі бесік, төрт есік,
Төгілте салдым төр төсек.
Бөпешім-бесік отауың,
Отауыңа кір бөбек.
Бөл-бөл бөбек, бөл, бөбек,
Бүлдіршін шүмек бәйтерек.
Балалы үйрек, бас бармақ,
Кішкене бөбек – бес бөлек.
Саусақайы салбырып,
Бөлене қойсын қос білек.
Бөл-бөл бөпем, бөл, бөпем,
Бөлесем жөнге көн көкем.
Көк ала жылқы көлде екен,
Көк ала тайың сонда екен.
Торсығыңды тосайын,
Тұмсық төсей сор, көкем.
Бөл-бөл бөпем, бөл бөпем,
Бөлейін бері кел, бөпем.
Жұлдызыңды жұм, көкем,
Жуынып ерте тұр, бөпем.
Алшая атқа мін, бөпем,
Ақтан қара біл, көкем.
І. Жансүгіров
Тәй-тәй
Өлеңін жазған – Е.Елубаев
Әнін жазған – Ш.Жағыпаров
Сені қашан көрем деп,
Үйге асығып жетем.
Үлбір беттен өбем деп,
Ұшып-ұшып кетем.
Қайырмасы
Тәй-тәй,
Тәй-тәй,
Күле қойшы, бөпешім.
Тәй-тәй,
Тәй-тәй,
Жүре қойшы, бөпешім.
Қатарыңнан кем болма,
Ер жеткенде, бөпем.
Қанаттасым, сен барда,
Жетер көкке төбем.
Атаның әлдиі
Ал, Қуаныш, Қуаныш,
Сені етейін жұбаныш.
Алғадайым өлгелі
Боп кетіп ем жылағаш.
Ермек болып отырсаң,
Мен бір әнге салайын.
«Ата, ата» деп келген,
Айналайын, алайын.
Ақ бетіңнен өпкен соң,
Жүрегімді жамайын.
Көңілімді шат қылсаң,
Көтеріліп қалайын!
Ж. Жабаев
Әже
І
Тоқыпты әжем алаша,
Бояуы қынық тамаша.
Көктемгі кемпірқосақты
Әжеміз жерге жасапты.
ІІ
Әже, әже, жатпашы,
Ауыр ойға батпашы.
Болайын мен дәрігер,
Десең; «Шипа дәрі бер!» -
Дәрі жасап берейін,
Бәрін жасап берейін.
Ауыртпаймын әжемді,
Ауырмайсың, әже, енді.
ІІІ
Ауылға шақырған кім?
Біздің Бәпи әже.
Сусынға ішкізгені не?
Қымыз, тары көже.
Не жегізді сыйлап?
Балқаймақ пенқұймақ...
М.Әлімбаев
Әжесінің сабағы
Ойыншықтың жиып ап жана түрін,
Түсіндірді ұлына ол ақырын:
Болса егер де қоянда қанша құлақ,
Соншасының мысықта болатынын.
Сәбилердің мінезі десек түрлі,
Қызықтырмас дәл мұндай есеп кімді:
Болса егер де сиырда қанша мүйіз,
Құлағы сонша екен есектің де.
Тағы айтады ұлына ойланып ап,
Болса егер де қанша доп қолда мына:
«Адамда да сонша бас бар, - дейді ол,-
Тек онымен болмайды ойнауыңа!»
Ж.Нәжімеденев
Аналардың анасы
Әпкем - әже баласы,
Әкем - Әже баласы.
Апамыздың ағасы –
Ол да әжемнің баласы.
Анам дейді мамашым:
Әже деген шамасы –
Аналардың анасы.
Ә.Табылдиев
Әжем туралы әңгіме
Саусағы сары ала жүзікті,
Әрдайым жайдары,
Жаз өнді,
Көп ертек білетін қызықты
Көрсеңдер аяулы әжемді!
Әлдекім әжемнің шашына
Әдейі бор жағып қойғандай.
Кимешек тартқандай басына
Болады ақша бұлт қонғандай.
Куәгер кешегі заманға,
Әжеңнен кәрі адам жоқ дейді.
Ал жасын анықтап санауға
Қолынан түспейді жүргенде
Бұрышқа апарып қояды
Даладан бөлмеге кіргенде.
Қ.Баянбаев
Ана туралы жыр
(Әні бар)
Мереке күніңмен
Қарсы алдым өзіңді.
Сәбилік үніммен
Арнаймын сөзімді.
Көргенше алаңмын,
Аңсаймын, толғанам;
Қабыл ал балаңның
Сәлемін жолдаған.
Бөбегің оянса,
Ұйқыңнан мың тұрдың.
Гүліңмен балауса
Көктемдей құлпырдың.
Аялап алақан,
Әлпештеп өсірген.
Аяулы жан анам
Қатемді кешірген.
Сырымды ұғатын,
Өзіңсің қуатым.
Күнімсің шығатын,
Айымсың туатын.
О.Иманалиев
Абзал ана
Өлеңнін жазған – Ж.Молдағалиев
Әнін жазған – Б. Дәлденбаев
Солғанша гүлім күнде тоңып,
«Ана!», «Ана!» деп ән салам.
Кетейін мейлі жүзге толып,
Бөбекпін мен маған.
Қайырмасы:
Ана, ана, ана
Мәңгі дос сен ғана.
Абзал ана, ана,
Көңілің кең дала.
Данасың сен,
Дарасың сен.
Анажан аңсаған,
Арналды ән саған.
Қарызбын әжім, ақ шашыңа,
Көзіңнің жасына.
Өзіңсің бақыт бақшасы да,
Өмірдің басы да.
Қайырмасы.
Әкелер туралы ой
Өлеңін жазған – Н.Шәкенов
Әнін жазған – Ж.Сейілов
Өмірдің көрген талай жол торабын,
Әкеден кіс аяйды қолда барын.
Әкенің ақ тілегін өтеу парыз,
Мен бүгін әкемді ойлап толғанамын.
Ыстық-ау кім-кімге де әке деген,
Суыққа шалындырмай мәпелеген.
Өмірдің соқпағымен өрге тартып,
Алдымен адам бол деп жетелеген.
Тағдырдың кеуде тосып жартасына,
Біз үшін түскен майдан ортасына.
Алаңсыз салып сайран шалқып жүрміз,
Біз бүгін әкелердің арқасында.
Менің әпкем
Сағынғанда көтеріп,
Құшарлана сүйеді.
Шапалағы шарт етіп,
Жағыма да тиеді.
Үндемеймін оған мен,
Үндемеуге бекінем.
Қанша қатал болғанмен,
Сүйеді кеп бетімнен.
Киімімді жуады,
Барлық ынта, зейінмен.
Үйдегі бір мұғалім
Өзі шығар деймін мен.
Кейде бәйек бола ғап,
Асымды да қойды алға.
Сағатына қарап ап,
Жібереді ойнауға.
Жүрем оның бейнесін
Жүрегіме орап мен.
Сағынамын көрмесем,
Алтын әпкем, жан әпкем.
Т.Молдағалиев
Ақ мамам
Еркелесем, күлімдейтін,
Ұрысқаны білінбейтін.
Маңдайымнан иіскеп менің,
«Құлыншағым, күнім!» -
дейтін.
Әлемдегі ақылды адам,
Бәрінен сол жақын маған!
Ол жанымда жүрсе, мен де
Батырларша батылданам.
Жамандықтан сақтандырып,
Жақсы ісімді мақтан қылып.
Ақ мамамды мен әрқашан
Жүрсем деймін шаттандырып.
Ф. Оңғарсынова
Аға, іні – туысқан
Аға деген,
Іні деген –
Бір-біріне туысқан.
Аға деген,
Іні деген
Жаралғандай құрыштан.
Бірлік болса,
Ерлік болса,
Алынбайтын қамал жоқ.
Қорқақ болса,
Шорқақ болса
Одан өткен жаман жоқ.
От болса да,
Өрт болса да,
Қиналмайды мықты адам.
Атамыз да,
Бабамыз да,
Қиындықтан ықпаған.
О.Әубәкіров
Ана тілегі
Балапандай сәбидің,
Қанаты әсте талмасын.
Арманы ол әр үйдің,
Биіктерге самғасын!
Жол ашыңдар сәбиге,
Болашағын қорғаңдар.
Өсе берсін әр үйде
Бүлдіршіндер – армандар!
С. Оспанов
Қызым менің
Үйлендім. Балалықтан із қалмады,
Жаңа өмір қол бұлғады бізге алдағы.
Өмірге сен келдің де гүлін жарды
Менің жас семьямның қызғалдағы.
Көңілге сырын құйып дала, көлдің,
Сен маған әкелік ат ала келдің.
Жатқандай жақсы арманым тербетіліп,
Айналып бесігіңе бара бердім.
Көп шеккен азабымды байғұс анам,
Құшағын менен де кең жайды саған.
Кім білсін,
Жылдар бойы аңсап күткен,
Шығарсың аяулысы айға ұқсаған.
Әйтеуір сен туғанда ол күле берді.
Бойынан бір тың қуат түрегелді.
Ән бастап таңертеңнен домбырасыз,
Кеудесі күйге толып жүре берді...
Т. Айбергенов
Перзент жыры
Сен менің мәңгілікке өлмес атым,
Атымды ап алыс жылға жалғасатын.
Әкеде өсиет бар өмір жайлы,
Балада қасиет бар алға асатын.
Сен менің ұшар басым биіктеген,
Жолыңа тапқанымды үйіп-төгем.
Сен менің дүрсілдеген жүрегімсің,
Қай нәрсе сол жүректен сүйікті екен?
Сен мені өскен сайын ойландырып,
Заңдарын табиғаттың ойға алдырып.
Бір қадам басқан сайын өзің мені
Барасың шежіреге айналдырып...
Т. Айбергенов
Апаларым
Мен ұл ем. Сендер ең үш тамаша елік,
Төртеуіміз бір әкенің баласы едік.
Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын
Өстік біз бір омыраудан таласа еміп.
Есейткен жетті күндер сыр ақтарып,
Қалдым мен қоштасарда бір-ақ танып.
Таралып шартарапқа жолдар шықты
Сендердің бұрымдарың сияқтанып.
Кеттіңдер біздің үйден ұзатылып,
Қатыгез қимастықты қыз аты қып.
Сан түндер сағынышым көз ілдірмей
Жүгіріп сыртқа шықтым жүз атылып.
Деді әкем: қиын болды-ау, қарағым-ай,
Жан көкем, жадыратшы қабағыңды-ай.
Мен үйде жалғыз қалдым, мергендердің
Қосына тастап кеткен қарауылдай.
Т. Айбергенов
Балалар – біздің болашақ Балалар – біздің болашақ!
Сүйсінеміз, сүйеміз,
Бұл болашақ тамаша –ақ!
Болашаққа иеміз.
Көтеріп жас сәбиді,
Күлші, бөпе, күл, - дейміз;
Көңіл дария шалқиды
Балалармен гүлдейміз.
Қ. Аманжолов
Атам менің
Атам менің төрт-ақ класс бітірген,
Айыра алмайды бөлшекті де бүтіннен.
Білмейді ол ендікті де бойлықты,
Сонда да атам ой керемет, ой мықты!
Қиқаң-қиқаң қозғап қойып арқасын,
Жатқа айтады Европаның картасын.
Жатқа айтады Европаның картасын,
Өзен-көлін, орман-нуын, тау-тасын...
- Бәрін, ата, қайдан білдің оқымай,
Жаным атам, қайдан білдің оқымай?!
- Жауынгерлік жас шағымда ер күнде,
Жаяу жеттім Москвадан Берлинге.
Жорықтарда ой мен қырын сүйгенбіз
Европаның азаткері, біздерміз!
М. Әлімбаев
Ата-ананың арманы
Қипақтайды қит етсе анаң, әкең:
- Қайтсем ғана осыны адам етем?
Басқалардың осындай балалары,
Тап осындай жаңғалақ, шала ма екен?
Ойын емес,оллаһи, біздікінің
Енжарлығы – елде жоқ – ала бөтен...
Туа сала тұлпардың жалын тартқан,
Қырғиларға қызығып, қарап өтем.
Жарық сыйлап маңына, жылу сыйлап,
Бұ да бір күн алаудай жанар ма екен?!
Ел қатарлы елеулі еңбек етсе-ау,
Болмаса да топ жарған дана бөтен,
Мүше тістеп, мықтылар той жасаса,
Жерге қарап, мен сорлы, қалар ма екем?..
...Үміт пенен күдіктің ортасында,
Ата-ананың жүрегі талады екен!
М. Әлімбаев
Апа
Апа, биыл ауылда қар қалың ба,
Тазарып бір қайтатын барғанымда.
Жалғанын да ұғындым бұл тірліктің,
Бұл тірліктің ұғындым арманын да.
Сырдария, ен тоғай, қырқалар да,
Алған шығар оранып ұлпа қарға.
Сыр соларға ашайын ақтарылып,
Жатқан шығар елеңдеп бір хабарға.
Апа, әлі-ақ барамын уайымдама,
Жатсын күтіп алаңсыз сайын дала.
Бойым бала баяғы бетегендей,
Салмақ тартқан сынаптай ойым ғана.
Апа, әлі-ақ барамын уайымдама!
А. Әлімұлы
Анаңды құрметтемесең
Анаңды құрметтемесең
Анадан несін туасың?
Адамды құрметтемесең
Адамнан несін туасың?
Далаңды құрметтемесең,
Далада несін тұрасың?
Қалаңды құрметтемесең,
Қалада несін тұрасың?
Теңізді құрметтемесең,
Теңізде несін туасың?
Егізіңді құрметтемесең,
Егіз боп несін туасың?
Адам!
Атың қандай зор!
Адамсыз әлем әлем бе?
Адамды сыйлап адал боп,
Адам боп өт әлемде!!
Д. Әбілев
Анам маған:-Үлкенді сыйла,-деген
Анам маған: -Үлкенді сыйла, - деген,
Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.
Үлкендерден ауысқан кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем.
Атамнан қалған мұра – ізеттілік,
Арымды соған қойған күзеттіріп.
Адалдық – менің сәби Айбарым ғой,
Маңдайынан жүргені жүз өптіріп.
М.Мақатаев
Әже
Сығырайған көзі көрінбей
Томар-томар былшықтан,
Отырса, бойы аспайды
Қолындағы ұршықтан.
Алдындағы көженің
Көрінбес беті қылшықтан.
Көжесін татпай әженің,
Жан болмайды құр шыққан?!
Сендер де тыңда, тентектер,
Тыйылып біраз шолжақтан.
М. Жұмабаев
Анама
Өмірімнің қап-қараңғы түнінде,
Еш не білмес түсім бе я өңім бе
Оң менен сол, от пенен су айырмас,
Күшсіз, әлсіз, есім білмес күнімде, -
Құшағыңа алдың, сүйдің сен, анам,
Ренжу жоқ, барлық сөзің: «Жан балам!»
Ыстық-суық, желге-күнге тигізбей,
Асырап, сақтап, болдың, анам, баспанам.
М. Жұмабаев
Аяулы жар
Сүйем! – деп айтпай, сүйеді
Күйем! – деп айтпай, күйеді.
Іренжіп тұрып аяйды ол,
Кештетіп келсе күйеуі.
Көрмесең сағындырады,
Үндемей бағындырады.
Ап-ашық күнді кей-кейде,
Толассыз жауын қылады.
Бір жылы сөзге тояды,
Алдыңа барын қояды.
Көрінбес көзге арқанмен,
Өзіңді байлап қояды.
Т. Молдағалиев
Ұлыма
Ұйқыңды аш, ұлым, тысқа шық,
Көшеде халық түп-түгел.
Шаттыққа шаттық ұштасып,
Шадыман жүрген жұртты көр.
Сәулесін шашты арай таң,
Саялы, салқын бақтарың.
Алады еске кәрі атаң,
Сонау бір ауыр шақтарын.
Ә. Дүйсенбиев
ҰЛАҒАТ СӨЗДЕР
Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!
Н.Ә.Назарбаев
Әрбір шаңырақ ұрпақты болсын, ырысты болсын, ырысы жұртқа жұғысты болсын!
Н.Ә.Назарбаев
Әйел өзін сенімді сезінген жерде отбасы да берік, балаларының болашағы да жарқын.
Н.Ә.Назарбаев
Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды.
Н.Ә.Назарбаев
Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік.
Абай
Сіз ұлыңызды немесе қызыңызды тек өзіңіздің ата-аналық қуанышыңыз үшін ғана тәрбиелеп жатқан жоқсыз. Сіздің отбасыңызда және сіздің басшылығыңызда болашақ азамат, болашақ қайраткер және болашақ күрескер өсіп келеді.
А.С.Макаренко
Жақсы семьяда жазалау деген атымен болмайды. Ал бұл – семья тәрбиесінің ең дұрыс жолы.
А.С.Макаренко
Ана үшін аянба – ант ұрады,
Бала үшін аянба – бетің күйеді.
Ел үшін аянба – ерлігіңе сын,
Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын.
Б. Момышұлы
Инабатты болса - әйел көрікті,
Ақ сақал жарасса – шал көрікті,
Сүйікті болса – ағайын көрікті,
Үлкен шаңырақтың жанында отау көрікті,
Жібек шатырдың жібі көрікті,
Өнегелі болса – бала көрікті.
Қорқыт баба
Әйел-Ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы.
М. Жұмабаев
Ата-ананы ұмытқан жас - опасыздың опасызы, рақымсыздың рақымсызы.
Ғ.Мұстафин.
Ата-бабасын сыйламау – азғындықтың белгісі.
А.С.Пушкин
Баланың жақсысы - әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы; жаманы – қайғысы, азап-соры.
В.А.Сухомлинский
Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады. Себебі ата-анасын сыйламаған бала жолдасына да, қоғамға да пайда келтіре алмайды.
Ы.Алтынсарин
Ұлым, саған айтам...
Үлкенге сәлем бер, жолын кесіп өтпе. Жүріп келе жатқан адам отырған адамға, атты адам жаяуға, аз адам көпке сәлем беруге тиіс.
Үлкендер мен ғалым адамдар алдында көп сөйлемеуге тырыс.
Үйге кісі келсе орныңнан тұрып жайдары қарсы ал, киімін іл, төрге шығар. Үлкендерден бұрын тамаққа қолыңды салма.
С.Кенжеахметұлы «Жеті қазына»
Адамның қалыптасуы бала кезден басталады. Жақсылық та адам бойына нақ сол бала кезде егіледі. Ол жылдар өте келе, өніп шығады. Жақсылық ұрығының өніп шыққаны немесе оны жамандықтың арамшөптері басып кеткені сонда ғана белгілі болады.
С.В.Михалков
...Ана жүрегін сезе біл, оның жанарындағы шапағат пен тыныштықты, бақыт пен қуанышты, алаңдаушылық пен мазасыздықты, абыржу мен ренішті көре біл. Егер сен бала кезіңнен анаңның көзінен оның жан дүниесін көре білуді үйренбесең, адамгершілік жағынан өмір бойы тәрбиесіз болып қаласың.
В.А.Сухомлинский
Баққан ұлдан сәл талса назарың –
Түбі соның тарттым дей бер азабын.
Тәрбиесіз бала білім ұғар ма? –
Олай болса уысыңнан шығарма.
Қатты тәртіп көрсе бала күнінде,
Өнерімен қуантады түбінде.
Соңыра күн қалмау үшін табаға,
Жөнге салып, ие болған балаға.
Ұл ұдайы ізетті боп тұрса егер –
Әке-шеше жүзі жайнап нұр себер.
Жас кезінде білім берсең қалай да –
Өсе келе қолы жетер талайға.
Ақылсыз адам өкінішпен қартаяр,
Есті адам қайғырмай-ақ қартаяр.
Мың жасауға да болады,
Он сегіз жасауға да болады.
Қатал ұста, бос жүрмесін сандалып,
Тәртіп болса, өсер бала сомдалып.
Ұл, қыздан да жаман мінез шығады,
Қырсық қылық тек әкеден жұғады.
Жүсіп Баласағұн
Үлкен алдында жас қарызы,
Ата алдында бала қарызы - әдеп пен сый.
Мұхтар Әуезов
Ата-ананың қадірін, балалы болғанда білерсің,
Ағайынның қадірін, жалалы болғанда білерсің.
Шал ақын.
Достарыңызбен бөлісу: |