Отбасы әлеуметтануы- отбасын әлеуметтік институт ретінде зерттейтін социологиядағы негізгі бағыттардың бірі. Негізгі мәселелері отбасылардың өз қызметін орындау сипатын, әр түрлі типтегі отбасылардың өмірін, ажырасу себептері мен салдарын және т.б зерттеу болып табылады.
Отбасы сияқты әлеуметтік институттардың табысты қызмет өтуін тарихтың қозғаушы күшіне жатқызуға болады. Отбасының дүниеге келу сәті бізге белгісіз, бірақ оның пайда болуы отбасылық үй шаруасы, отбасының бірлескен әлеуметтік және өндірістік әрекеттері негізінде отбасын нығайтудағы әр түрлі қызметке байланысты.
Отбасының пайда болуы және даму түрлері Отбасы көптеген коғамдық ғылымдардың: әлеуметтанудың, экономиканың, құқықтанудың, этнографияның, психологияның, педагогиканың, саясаттанудың және демографияның зерттеу объектісі болып саналады. Олардың әрқайсысы өз пәндерінің ерекшеліктеріне орай отбасының өмір сүруі мен дамуының ерекше жақтарын жете зерттеп қарастырады. Мысалы, әлеуметтану отбасына талдау жасағанда ең алдымен оны некенің негізінде құрылған және белгілі бір әлеуметтік қызметтерді атқарушы әлеуметтік институт ретінде қарастырады, сөйтіп некенің тұрақты немесе тұрақсыздығының себептерін және отбасын нығайтудың жолдарын зерттеуге көңіл аударады. Осыдан келіп әлеуметтік институт пен шағын әлеуметтік топтың белгілерін әз төңірегіне жинақтаған отбасының пайда болуы, оның өмір сүруі мен дамуы заңдылықтарын зерттейтін әлеуметтанудың тағы бір саласы — отбасы әлеуметтануы қалыптасты.Отбасы тарихи өзгеріп отыратын әлеуметтік құбылыс, себебі формасы өндірістік қатынастарға , оның ішінде меншіктік қатынастарға тікелей тәуелді. Мәселен, некелік қатынастардың алғашқы тарихи формасы полигамия, ал өндіріс құрал-жабдықтарына жекеменшіктің пайда болуына байланысты ол моногамиялық отбасымен ауысады. Адамдардың өндіріс тәсіліне сәйкес отбасы да әлеуметтік топ ретінде тарихи өзгеріп, дамып отырады. Отбасының тарихи дамуының ғылыми-материалистік теориясын жасай отырып, Ф.Энгельс американдық ғалым Льюис Морганның (1818-1881) этнологиялық зерттеулерін пайдаланады. Морган ұзақ уақыт бойы солтүстік Американдық үндістер-ирокездердің Сенека тайпасында тұрып, жүргізген байқауларын, атап айтқанда, олардың туысқандық және отбасылық қатынастарына жасалған эерттеулерінің нәтижесін пайдаланды.
Достарыңызбен бөлісу: |