Отбасындағы дұрыс емес тәрбиенің типтері және олардың балағА Әсері



жүктеу 58.61 Kb.
Дата05.07.2016
өлшемі58.61 Kb.
ОТБАСЫНДАҒЫ ДҰРЫС ЕМЕС ТӘРБИЕНІҢ ТИПТЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ БАЛАҒА ӘСЕРІ
Айқынбаева Г.Қ., Астана Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доцент, п.ғ.к

Бәйтікбаева Л.Ж., Жаркент қ.. Лесновка ауылының Д.Рақышев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Отбасы адамға тыныштық, сенімділік сезімін, теңдесі жоқ қатынастар, туыстары мен жақындарының жылулығын береді, адам тұлғасының қалыптасуы мен дамуында маңызды орын алады. Отбасының жеке адамдық бақыт құрудағы ролі аз емес. Қалыпты, қарапайым отбасының макроклиматы, қоғамдық мекемелерге: мектеп пен балабақшаға қарағанда, оның кішкентай мүшелерінің жалпы рухани дамуына көп мүмкіндік тудырады.

Адамның жеке даралығының қалыптасуындағы отбасының орнын ешнәрсе алмастыра алмайды. Отбасы – күрделі өзара қарым-қатынастар әлемі [1]. Онда бәрі де өзінше, сәтсіздікті туындататын өз себептері бар. Сонымен қатар, ұқсас мінез- құлық жақтары – балаға деген дұрыс қызығушылықтың, дұрыс зейіннің, дұрыс сыйластықтың болмауы.



Отбасындағы дұрыс емес тәрбиенің типтерін келесідей жіктеуге болады:

  1. Баланың жағымсыз, эмоционалды сырт айналуы (саналы немесе санасыз), қатаң уақытты талап етуші және бақылаушы шаралардың болуы, балаға ата-аналардың «жақсы бала» туралы түсініктеріне сәйкес мінез-құлықтың белгілі бір типін жүктеу. Сырт айналудың тағы бір жағымды жағы толық селқостықпен, енжарлықпен және ата-ана тарапынан бақылаудың болмауымен сипатталады. Мұндай отбасылар баланы ауырсынады, ал бала үнемі сондай қатынасты сезінеді, әсіресе, отбасында ата-анасы көбірек көңіл бөлетін, рухани жылулық пен көбірек қамқорлықты көретін тағы бір бала болса. Эмоционалды сырт айналу ренжу, жараланғыштық пен сезімталдықтың, өкпешілдік пен тұйықтық деңгейінің жоғарылап, дамуына мүмкіндік туғызады.

  2. Гиперәлеуметтендірушілік тәрбие (гиперқамқорлық) – үзіліссіз тыйым салулармен, шектен тыс қамқорлық, баланың әрбір қадамын бақылау бала бойында ерік-жігер және мінез-құлық сапалардың қалыптасуына жағымсыз әсер етеді. Ол баланың ынта-ықыласы мен өзбеттілігіне кедергі жасап, жауапкершілік сезімін басып тастайды. Тәрбиенің мұндай типі көпшілік балаларда, ата-аналармен өзара қарым-қатынастың күрделенуіне және мінез-құлықтың әртүрлі бұзылыстарына әкелетін, қарсылық, наразылық сезімін туғызады.

  3. Гиперқамқорлық жағдайында тәрбиеленетін барлық балалар басқа балалармен қарым-қатынасқа түскен кезде қиындықтарға кездеседі. Осыған ұқсас жағдаят: бала өз анасынан алшақтауға қорыққан, жаңа жағдайға баяу адаптацияланып, мектепке әрең дегенде үйренген.

  4. Эгоцентрлік тәрбие - отбасының барлық мүшелерінің балаға шектен тыс көңіл бөлуі, оған «жанұя кумирі» немесе «өмірдің мәні» рөлін беру. Гиперқамқорлықпен салыстырғанда мұнда баланы қандай болмасын қиындықтар мен мүмкін болатын жағымсыз міндеттерден шектеу орын алады. Баланың айналасында оның қабілеттері мен қасиеттерін шексіз мақтау, мадақтау, асырып айту, таңдану атмосферасы құрылады. Баланың бар тілегі сөзсіз орындалады, ол отбасының ортасындағы жұлдыз. Мұндай шектен тыс көңіл бөлу эгоцентризмнің қалыптасуына мүмкіндік береді, жүйелі еңбекке дағдыны өңдеуге және өз бетінше шешім қабылдауға кедергі жасайды. Өзінің «кумирлік» дәрежесін пайдалана отырып, бала ерке, талап қойғыш бола бастайды, онда ата-анасына, өмірге деген тұтынушылық қатынас қалыптасады.

Балалар ұжымында мұндай белгілер айқын және анық байқалып, олар жанжалдармен баланың басқа балалардан бөлектенуіне алып келеді. Осы кезден бастау алатын ең үлкен жамандық, қастық – тәрбиелік әсерлерге қарсыласу, мұғалімге бағынбау. Сөйтіп бала «қиын» болып қалыптасады. Ол сыныпта өзінің «кумир» емес екендігін түсінеді, содан кейін басқаларға өз еркін жүктеуге тырысады, құрбылары мен мұғалімдерге дөрекілік таныта бастайды.

  1. Қараусыздық. Әдетте, мұндай типтегі отбасыларында ата-аналар ішімдікті пайдаланады. Ата-аналарға шектелген мәдениеттілік пен сезімдердің жеткіліксіздігі тән. Бала ата-ананың қарауынсыз, бақылауынсыз қалады. Оның рухани қажеттіліктерін, әуестіктері мен еліктеушіліктерін ешкім қызықтамайды, оның сабағы, мінез-құлқы мен жасаған қылықтары бақылаусыз қалады. Мұнда, бір біріне деген сенімсіздік пен сыйластықтың болмауы, дөрекілік пен қорлық, балағаттау, ұрыс-жанжал бой алады. Балалар өз беттерімен өмір сүреді, ата-аналар олармен қарым-қатынас жасау қабілеттіліктерін жоғалтқан. Осының барлығы балалардың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысына қатты әсер етеді. Олардың жалғандығы, дөрекілігі, тәртіпсіздігі мен қатызегдігі, мінез-құлқының екіжүзді болуы байқалады. Ондай балаларға, оларға деген қоршаған ортаның қатынасы, бәрібір. Оларға жеңіл, үстіртін ойлау, өз дегені бойынша әрекет ету әдеті тән. Бұл күй оларға ата-ананың жақсы қарым-қатынасының болмауынан пайда болады. Бұл жағдайда төменгі сынып оқушылары «қиын» болып қалыптасады, темекі шегіп, ішімдік ішуді үйренеді. Ондай тұлғаның негізін, мәнін ата-анадан іздеу керек. Бірақ, олар мұғалімдермен кездесуден бас тартып, мектептің беделін, абыройын елемеуге тырысады.

Бұл осы типке формальді түрде жүзеге асырылатын тәрбиені де жатқызуға болады. Ата-аналар балаға тек қана сырт көз үшін ғана, ол мектепке уақытында кетуі және уақытымен сабаққа дайындалуы үшін, қызығушылық танытады, бақылайды. Әдетте, бала мұндай бақылаудан қашу жолын тауып, өз бетінше өмір сүруді қалайды. Соның нәтижесінде, ондай балалар қараусыз, бақылаусыз балалар категориясына түседі де, өз орындарын далада, көшеде бейтаныс адамдар арасынан табады.

Отбасы – ұлттық мәдениеттiң ұлттық салт-дәстүрлердiң, ұлттық психологияның сақтаушысы. Ол бұның барлығын ұдайы жаңғыртып отырады, бiрақ, сонымен бiрге, өзгерiске ұшырап отыратын, әлеуметтiк мәдени орта мен елдегi халықтың көп ұлтты құрамы ықпал-әсерiнен олардың кейбiрiн белгiлi дәрежеде жоққа шығарып, жойып немесе өзгертiп отырады. Саяси-әлеуметтiк процестер мәселесi ауқымында қазақстандық отбасын зерттеу барысында ұлттық тұрғыдан алғандағы некенiң орын алуы мен өрiстеуi ғана емес, сонымен бiрге бағалау көрсеткiштерi – қандай да бiр әлеуметтiк немесе этникалық ортадағы ол некелерге деген көзқарас-қатынас сипаты да ескерiлетiндiгiн айта кеткен жөн. Сол сияқты, ұлттық аралас отбасыларындағы тiлдiк және мәдени-тұрмыстық процестер де қарастырылады. Әсiресе, мұндай отбасыларын ұрпақ, буын тұрғысынан зерттеуге баса назар аударылады, ал бұл өз кезегiнде, қандай да бiр ұлттық этникалық және некелiк-отбасылық процестердiң одан әрi даму бағыттарын анықтауға мүмкiндiк берерi сөзсiз.

Өзiнiң мазмұны жағынан тиiмдi отбасы саясаты кешендi болып келедi және қоғамның тiршiлiк әрекетiнiң негiзгi салдарындағы мемлекет пен отбасы арақатынастарының айқын көрiнiсі болып табылады. Күрделi жүйе ретіндегi отбасы кешендi зерттеу отбасы шеңберiндегi процестердiң мазмұны мен бағытын айқындауға ғана емес, сонымен бiрге, қоғамның негiзгi саяси-әлеуметтiк экономикалық және мәдени сипаттарының аталған процестерге ықпалын, бiр жағынан, ол процестердiң қоғамға ықпалын, екiншi жағынан мемлекеттiң отбасы саясатын мақсатты түрде, ғылыми негiзде қалыптастырудың шешушi факторларын анықтауға мүмкiндiк бередi.

Отбасы – қоғамның аса маңызды бастапқы ұясы болып табылады. Ол рухани мәдениеттiң дамуын қамтамасыз етедi, еңбек құндылықтарының сақталып, олардың ұрпақтан-ұрпаққа берiлуiне қатысады. Адамдардың бiрлесiп өндiрiс құндылықтарын ұйымдастыруда маңызы зор және ең соңғысы халық санының өсiп-өнуi осы отбасына байланысты болады. Сонымен қатар, отбасы – бiздiң қоғамымыздың жоғарғы рухани құндылықтардың бiрi болып табылады [2,3].

Қоғам өмiрiнде отбасының маңыздылығына мемлекетте үлкен жауапкершiлiкпен қарайды. Отбасы – болашақ жастарды тәрбиелеу мен денсаулықты нығайтуда қоғамның экономикалық және әлеуметтiк жетiстiктерiн қамтамасыз етуде демографиялық процестердi жақсартуда маңызды рөл атқарады. Онда жеке адамның мiнез-құлықтарының негiзi оның еңбекке, моральға, мәдени құндылықтарға қарым-қатынасының негiзi қалыптасады. Бұл дегенiмiз қоғамымыздың болашағына өсiп келе жатқан болашақ ұрпақтарымыздың экономикалық және әлеуметтiк жетiстiктерiн қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан отбасының нығаюы үшiн оған материалдық, тұрғын үй, тұрмысқа қажеттi заттармен қамтамасыз ету, баланы тәрбиелеуде мемлекет тарапынан көмек көрсетудiң маңызы зор.

Отбасында баланың адамгершіліктік бейнесі мен мінез - құлқының, оның басқа адамдарға және қоршаған ақиқат дүниеге қатынасының негізі қаланады. «Балалық шақтың әсері бүкіл өмір бойына із қалдырады. Бала кездегі уайымдар көбінесе санасыздық деңгейінде қалса да, адамның одан кейінгі өмірі мен жұмысына әсер етеді. Адам олар туралы ұмытып кетуі мүмкін, бірақ, олар оның еркінсіз, жиі оның қылықтарын белгілейді.» Сондықтан да, отбасындағы барлық нәрселер қоғам үшін немқұрайлы бола алмайды.


Қолданылған әдебиеттер тізімі


  1. Мұсаева С.А., Бегалиев Т.Б. Жас ерекшелік педагогикасы. Астана., 2006. 221-225б

  2. Гребенников И.В. Основы семейной жизни. М., 1991. С.36-37.

  3. Азаров Ю.К. Семейная педагогика. М., 1993. 246С.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет