УДК 314
ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРІ ХАЛҚЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ДАМУЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР
(1926-1959 жж.)
М.Б. Мейірбеков т.ғ.к., доцент
«Сырдария» университеті, Жетісай қ.
Оңтүстік Қазақстан өңірі – бүгінгі күні территориясы жөнінде дүние жүзінде тоғызыншы орын алатын Қазақстан жерінің (2724,9 мың шаршы шақырым) 487,6 мың шаршы шақырымын құрайтын, шығысында Қордай асуы, Шу өңірінен басталса, оңтүстігінде Алатау жоталарының етегімен, Қызылдың құмы, Мырзаның шөлімен, батысы Арал теңізі мен Сырдарияның арғы бетіндегі кең-байтақ даланы қамтып, солтүстігінде Сарыарқаға тірелетін, Отанымыздың бір бөлігі . Бүгінде құрамында Жамбыл (144,3 шаршы шақырым), Қызылорда (226 шаршы шақырым) және Оңтүстік Қазақстан (117,3 шаршы шақырым) облыстары кіретін бұл аймақ шығысында Алматы облысымен, солтүстігінде Қарағанды, солтүстік-батысында Ақтөбе облыстарымен шектессе, ал оңтүстігінде туысқан түркі мемлекеттері - Қырғызстан және Өзбекстан республикаларымен шекаралас.
Оңтүстік Қазақстан өңірінің өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, бұл аймақта халқының құрамында тұрғылықты ұлт өкілдерінің үлесі жоғары және демографиялық ахуалында түркі-мұсылман халықтарының өсіп-өнуі шешуші рөл атқаратын, республикадағы ең өсімтал аймақ болып табылады. Екіншіден, халқының орналасуында тұрғындардың тығыздығы басқа аймақтарға қарағанда айтарлықтай жоғары. Үшіншіден, көнеден келе жатқан өркениет сабақтастығының ізі жатқан көне қалалардың негізінде жалғасын тапқан ірі қалалар, қалашықтар мен елді-мекендердің халқы бар. Төртіншіден, табиғат жағдайы мен қоршаған ортасы өзге аймақтарға қарағанда халқының қоныстануына ерекше қолайлы, әрі тиімді жақтарымен ерекшеленеді. Бесіншіден, халықтың шаруашылығы және еңбек етуі қарқынды дамуымен сипатталады.
1926-1959 жылдардағы Оңтүстік Қазақстан аймағы халқының (33 жыл ішіндегі) әлеуметтік-демографиялық дамуын және көші-қон үдерістерін тиісінше үш кезеңге бөлуге болады: Бірінші кезең – 1926-1933 жылдардағы ашаршылық, ауа көшу мен босқыншылық, саяси қуғын-сүргіннен күрт азаюы, басқа ұлт өкілдерінің республикаға 1917-1926 жылдары бәсеңдеген көші-қоны қайта, жаңа қарқынмен жүруі, соның нәтижесінде, олардың үлесінің тездеп өсуі және т.б. Екінші кезең – 1939-1945 жылдардағы – екінші дүниежүзік соыс жылдары, бұл кезең Қазақстанға бағытталған көші-қонның көптеген ұлттарды депортациялау және соғыс жағдайындағы эвакуациялау арқылы жүрумен ерекшеленсе, қазақ халқының үлесі мен саны одан әрі төмендеген жылдар еді. Үшінші кезең - 1946-1959 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, әсіресе өнеркәсіп, транспорт, құрылыс салаларына және тың және тыңайған жерлерді игеруге бағытталған көші-қон процесінің өрлей түскені, соның нәтижесінде қазақтардың үлесі одан әрі төмендеп, басқа ұлт өкілдерінің саны мен үлесі көбейген уақыт еді.
Зерттеліп отырған 33 жылдың ішінде Оңтүстік аймақ халқының жалпы саны - 663925 адамнан [4] 1810239 адамға [5] жетті, яғни 2,7 есе өсті, әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының саны – 293804 адамнан 921370 адамға дейін, яғни 3,1 есе көбейді, ал Жамбыл облысының тұрғындары 233467 адамнан 561546 адамға дейін өсті, яғни 2,4 есе артты. Қызылорда облысында да өсім 2,4 есеге жуық болды: 1926 жылы облыста 136654 адам тұрса, 1959 жылы олардың саны – 327323 адамға жетті. Осы кезеңде аймақ тұрғындары Қазақстан халқының ішінде үлесі 10,9 %-дан 19,4 %-ға жетті.
Осы кезеңдегі аймақ тұрғындарының жыныстық құрамындағы негізгі ерекшелік – ерлердің үлесі төмендеп, әйелдердің едәуір басымдыққа жетуі. Мысалы: 1926 жылы Жамбыл облысында ерлер – 51,6 % болса, 1959 жылы - 47,3 %, яғни 4,3 %-ға кеміген, керісінше әйелдердің үлесі осы көрсеткішке сай өскен [6]. Айта кететін нәрсе, бұл екінші дүниежүзілік соғыстың тікелей әсері еді: 1939 жылы осы облыста ерлер – 52,2 %, ал әйелдер – 47,8 % болған. 1939 жылы Қызылорда облысында ерлер – 52,9 %, әйелдер – 47,1 %, Оңтүстік Қазақстан облысында тиісінше 54,1 % және 45,9 %. 33 жыл ішінде Қызылорда облысында ерлер үлесі – 52,5 %-дан 47,8 %-ға дейін, ал Оңтүстік Қазақстан облысында 51,8 %-дан 47,4 %-ға төмендеген, тиісінше әйелдер үлесі Қызылорда облысында 4,7 %-ға, Оңтүстік Қазақстан облысында 4,4 %-ға өсті.
Оңтүстік халқының жас құрамының да өзіндік ерекшеліктері болды. Аймақ тұрғындары ішінде жастар (0-19 және 20-29) едәуір басым болды. Бұл екі топтағы жастағылар Оңтүстік Қазақстан облысында 1926 жылы 65,7 % (48,7 % + 17 %), 1939 жылы – 62 % (41,2 % + 20,8 %), ал 1959 жылы – 62,6 % (46,9 % + 15,7 %) – ға жетті. Жастардың үлес салмағының жоғарылығы табиғи өсімнің тұрақты түрде (екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан басқа кезеңдерде) дамып отырғанын көрсетеді. Жамбыл облысында бұл жастағылар 1926 жылы – 63,5 %, 1939 жылы – 61,2 %, 1959 ж. – 60,1 % болған. Қызылорда облысында 0-19 жастағылар 1926 жылы – 43,5 % болса, 1939 жылы – 39,3 %-ға ғана түскенімен, 1959 жылы 45,7 %-ға қайта көтерілген, ал 20-29 жастағыларды (15,2 %) қоса есептегенде 60,9 %- ға жеткен, яғни облыстағы тұрғындардың 3/5 бөлігін осы ең жас топтағылар құраған.
Аймақ тұрғындары ішінде жасы үлкендердің үлесі негізінде өсіп отырғаны байқалады: Оңтүстік Қазақстан облысында 1926 жылы 60 жас және одан жоғарылар – 5,3 % болса, 1939 жылы – 4,7 %, 1959 жылы – 9,2 %-ға жеткен. Жамбыл облысында бұл көрсеткіш тиісінше, 5,8 %, 3,6 % және 9,6 % болған. Қызылорда облысында бұл жастағылар екі есеге жуық өскен: 1936 жылы – 6,1 %, 1939 жылы – 5,9 %, ал 1959 жылы – 11,1 %. Бұл жағдайды әр облыстағы тұрғындардың тұрмыс деңгейінің дұрысталуымен және т.б. себептермен байланыстырған жөн.
1926-1959 жылдар аралығында Оңтүстік аймағы халқының ұлттық құрамында күрделі өзгерістер болды. Өңір тұрғындары, әсіресе қазақ, басқа түркі халықтарының арасындағы табиғи өсімнің жоғары деңгейде болғанына қарамастан, сырттан келген көші-қонның күштілігінен аймақтағы ұлттар өкілдерінің жаңа арасалмағы қалыптасып үлгерді. Бұл өзгерістердің негізгісі – аймақтағы қазақтардың үлес салмағы жалпы алғанда күрт төмендеді. Мысалы, аймақта қазақтар 1926 жылы - 81,5 % болса, 1939 жылы – 51,3 %-ға дейін, ал 1959 жылы – 51,7 %-ға төмендеді, яғни олардың үлесі осы 33 жылдың ішінде 29,8 %-ға азайды. Соның ішінде Жамбыл облысында - 39,5 %, Оңтүстік Қазақстан облысында – 23,9 %-ға кеміді. Тек Қызылорда облысында ғана қазақтардың үлесі 1926 жылы – 77,0 % болса, 1939 жылы – 45,0 %-ға дейін төмендеп, 1959 жылы – 72,0 %-ға жетті, дегенмен бұл облыста да қазақтар үлесі – 5,0 %- ға төмендеді. Бұған керісінше басқа ұлт өкілдерінің үлесі көбейе түсті, әсіресе, орыстар – 6,5 %-дан 23,1 % -ға жетті, яғни үш еседен аса өсті.
1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағында Оңтүстік Қазақстан аймағындағы Әулие-Ата, Қызылорда және Шымкент уездерінің ұлттық құрамы үш уезді қоса есептегенде қазақтар – 81,5 %, орыстар – 6,5 %, украиндар – 2,8 %, өзбектер – 5,5 %, татарлар – 0,4 %, немістер – 0,1 %, басқалары – 3,2 %-ды құрады.
Осы жылы оңтүстіктегі үш уезд тұрғындарының ұлттық құрамы қала және ауылды қоса есептегенде төмендегідей болды: Әулие-Ата уезінде қазақтар – 83,2 %, орыстар – 5,9 %, өзбектер – 2,8 %, татарлар – 0,4 %, немістер – 0,1 %, басқалары – 1,1 % көрсеткіште болды. Ал, Қызылорда уезі бойынша қазақтар – 89,5 %, орыстар – 7,2 %, украиндар – 1,1 %, өзбектер – 0,5 %, татарлар – 0,7 %, немістер – 0,2 басқалары – 0,8 %-ды құрады. Сонымен қатар, Шымкент уезі халқының ұлттық құрамында қазақтар – 72,0 %, орыстар – 6,5 %, украиндар – 7,3 %, өзбектер – 13,2 %, татарлар – 0,2 %, немістер – 0,2 %, басқалары – 0,6 % болды.
Зерттеліп отырған кезеңдегі Оңтүстік өңірі тұрғындарының ұлттық құрамындағы негізгі ерекшелік – жергілікті ұлт қазақтардың үлес салмағының салыстырмалы түрде алғанда (бүкіл еліміз және оның жекелеген аймақтары бойынша да) жоғарылығы еді. Мысалы, 1926 жылы бүкіл еліміз бойынша қазақ халқының үлесі – 58,9 % болса, Оңтүстік өңірінде ол 81,5 %-ға жетті. Сондай-ақ, Қазақстанның өзге аймақтармен салыстырғанда да негізінен басым болды: Ақмола уезінде қазақтардың үлесі үлесі – 49,8 %, Алматы уезінде – 67,3 %, Ақтөбе уезінде – 67,3 %, Петропавл уезінде – 22 %, Семейде – 51,2 %, т.б.
ХХ ғасырдың 30 жылдары кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйенің жүргізген солақай саясатынан, күштеп ұжымдастыру, тәркілеу, қуғын-сүргін, депортация т.б. саяси науқандарынан жергілікті ұлт – қазақтардың үлесі төмендеп, өзге ұлттардың, әсіресе орыстардың үлесі көбейгені белгілі. 1939 жылғы санақта бүкіл еліміз бойынша қазақтардың үлесі – 37,8 %-ға (1926 жылдағыдан 21,1 %-ға) түскен, орыстардың үлесі – 20,5 %-дан 40,0 %-ға (19,5 %) артқан. Бүкіл еліміздегі сияқты аталған кезеңде Оңтүстік өңірінде де қазақтардың үлесі төмендеді: 81,5 %-ден 51,3 %-ға, яғни 30,2 %-ға азайды. Бірақ сонда да қазақтар өңір халқының жартысынан астамын құрады.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі мобилизация, эвакуация, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың және тыңайған жерлерді игеру – республикадағы қазақтардың үлесін одан әрі төмендетіп, 1959 жылы қазақтар өз елінде 29,8 % ғана болды. Ал, осы кезде орыс ұлтының үлесі республика бойынша 50,7 %-ға жеткен еді. Осы аталған кезеңде республика бойынша Оңтүстік Қазақстанда ғана қазақтардың өсу қарқыны басқа аймақтарға қарағанда жоғары болып, халық жергілікті тұрғындардың табиғи өсімі есебінен толықтырылды. Қиын жағдайларға қарамастан Оңтүстік өңірдегі қазақтар өзінің бұрынғы деңгейін сақтап, одан төмен түспеді (51,7 %). Осылайша, Оңтүстік өңірі талай қиындықтар мен нәубеттерді басынан өткерген республикамыздың титулды ұлты – қазақ халқының санының одан әрі төмендеуіне жол бермеді. Бұл Оңтүстік Қазақстан өңірі халқының әлеуметтік-демографиялық дамуының басты ерекшелігі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |