3-тарау. Курстың базалық білім мазмұны
9-сыныптағы базалық білім мазмұны
1. Кіріспе. Адамзаттың Абайы - 1 сағат. Пән туралы түсінік, мақсат-міндеттері. Абайтанудың өзектілігі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы түйінді тұжырымдар, Абайды оқыту, түсіндіру, жұртқа таныту жолындағы абайтану ғылымының міндеті туралы.
2. «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» тарауын оқытуға - 10 сағат бөлінген:
1) Абайдың өмірі - 2 сағат. Мұхтар Әуезов «Абайдың өмірбаяны» мақаласы, ақын өмір сүрген заман, ата-тегі, туып-өскен ортасы, алған тәлім-тәрбиесі; әлеумет ісіне араласуы, Абайдың рухани дүниетанымының өсу және қалыптасу кезеңдері;
2) Ақынның халық даналығын тануы - 2 сағат, Абай ақындығының бастаулары, ақынның білім алған мектептері және білімін кеңейту арналары, ауыз әдебиеті Абайдың үлгі алған қайнар бұлағы, қазақтың халықтық өлең-жырларын, ертегі, қисса, аңыз әңгімелерін әжесі Зереден, халық ақындары Дулат, Шөже, Байкөкше, Балталардан есітіп, жадына тоқуы;
3) Абай шығармаларындағы шығыстық сарындар - 1 сағат, Абайдың араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгеруі, шығыс әдебиеті Абайдың нәр алған рухани мектебі, Абайдың алғашқы шығармашылығына тән шығыстық сарындар, Абай шығармаларындағы шығыстық сипаттарды зерттеудің бүгінгі бағыт-бағдары, Абай шығармаларының шығысқа қатысы жайын түбегейлі қарастырып, ғылыми деңгейге көтерудегі Мұхтар Әуезовтің еңбегі, Абай шығармашылығына шығыс әсерінің М. Мырзахметұлының еңбектерінде жаңаша зерттелуі, Абай шығармашылығының шығыс әдебиетімен және шығыс мәдениетімен байланысын қарастырудағы жаңаша көзқарастар мен тың бағыт-бағдар;
4) Абай және орыс әдебиеті - 1 сағат, Абайдың орыс әдебиетіне ден қоюы, орыстың классиктері Пушкин, Толстой, Лермонтов, Крылов, Салтыков-Щедрин, Некрасовтармен қатар революционер-демократ ағартушылар Герцен, Чернышевский, Добролюбовтардың еңбектерін оқуы, ақын аудармаларының қазақ әдебиетін жаңа ой орамдарымен байытуы, Абай аудармаларының ерекшеліктері;
5) Абай және Пушкин - 2 сағат, Абайдың Пушкиннен аудармалары, ақын аудармасында көркем бейнелі ойдың ұлттық танымға сай тәржімалануы, «Онегиннің өлердегі сөзі» өлеңі Абайдың өзінің тапқан көркемдік шешімі екендігі, аударманы түпнұсқамен салыстыра оқығанда көрінетін ерекшеліктер;
6) Абай және батыс әдебиеті - 2 сағат, Абай шығармашылығына шығыс, орыс, батыс әдебиеті әсерінің тарихи-әлеуметтік негіздері, Абайдың қазақ тілінің қуатын көтеріп, құнарын арттырудағы шығармашылық ізденісіне ауыз әдебиетінің, шығыс, орыс, Еуропа әдебиеті мен мәдениетінің зор ықпалы болғандығы, Абайдың өлең құрылымында да, ойшылдық, сыншылдық алымында да орыс әдебиетінің ықпалы бар екендігі, Еуропаның ұлы ақын-жазушылары Шекспир, Байрон, Гете, Дюмалардың, философтар Сократ, Платон, Аристотель, Спенсер, Дарвин, т.б. еңбектерімен танысуы, Дж. Байрон «Көңілім менің қараңғы», А. Мицкевич «Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі», И. В. Гете-М. Ю. Лермонтов «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңдері;
7) Абай мұрасының орыс және өзге тілдерде танылуы - 1 сағат, Абай өлеңдерінің шет тілдерге аударылуы, өзге тілге тәржімаланған ақын өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері.
3. «М. Әуезов және абайтану мәселелері» тарауын оқытуға - 4 сағат бөлінген:
1)Абай мұрасын зерттеушілер және абайтану ғылымының қалыптасуы - 1 сағат, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов және т.б. зерттеушілердің ақын шығармалары жайында айтқан пікірлері;
2) М. Әуезовтің Абайтануға қатысты зерттеу еңбектері - 2 сағат, Абай мұрасы жайында, ақын мұрасын тану, насихаттау, таныту жолындағы ізденістер, Абай шығармашылығы турасындағы шығыс және батыс әдебиетіне қатысты мәселелер;
3) ақын шығармаларының басылымдары - 1 сағат, ақын мұрасының XX ғасырдың алғашқы ширегінде жинақталуы, жариялануы және оған ықпал еткен адамдар, Кәкітай Ысқақұлының Абай шығармаларының ең алғашқы жинағын шығарудағы еңбегі.
4. «Абай шығармаларындағы ғылым, білім тақырыбы» тарауын оқытуға - 10 сағат бөлінген:
1) «Ғылымға көңіл берсеңіз» – 5 сағат, «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңінің басты идеясы – жастарды ғылым, білімге үндеу, халықтың болашағы үшін ғылым-білімнің маңызын, мақсат-міндетін айқындауы, ғылым, білімді уағыздаған ағартушы ақынның ақылды, білімді адамды аса жоғары бағалауы;
2) «Интернатта оқып жүр» өлеңінің негізгі тақырыбы, білім алу, ғылым, өнер үйрену, ақынның ағартушылық-демократтық көзқарастары, жас шәкірттерге «Пайда ойлама, ар ойла» деп, артық білуге талап қылуды аманаттауы, отаршыл патша өкіметінің жымысқы саясатына орай «Қызмет қылма оязға, жанбай жатып сөнуге» деп, өзі үміт еткен қазақ жастарына жар салуы, еңбексіз, ықылас-ынтасыз, михнатсыз нағыз ғылым, білімнің қолға түспейтінін айтуы;
3) «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде жастарды еңбек етіп, оқу оқып, білім алуға шақыруы, ақынның өсиет айтып, келешекке бағдарлама боларлық өлеңі, өлеңнің тағылымдық-тәрбиелік мәні, ғалым болу мен адам болу мәселесінің өзара сабақтастығы жайындағы ақын пікірі, Абайдың ғылыми ой-пікір қорытуы;
4) «Сегізінші» қарасөзіндегі ақыл, насихат туралы пікірі, ғылым, білім, ар, ұят жайлы пайымдаулары, ақыл, білім жөніндегі философиялық тұжырымы;
5) «Он жетінші» қарасөзіндегі адамгершілік, имандылық, адалдық, парасаттылық, еңбекқорлық, қайырымдылық сияқты ізгі қасиеттер жайындағы ойлары, ақыл, қайрат, жүрек туралы философиялық ой түйіні.
«Жиырма бесінші» қарасөзінде озық елдердің өнерін, ғылымын, білімін үйреніп, зарарынан қашық, пайдасына ортақ болуға үндеуі, «Балаң бала болсын десең, оқыт» деп өсиет айтуы;
6) Абай қарасөздеріндегі тәлім-тәрбие мәселесі. «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік» - 5 сағат, Абай қарасөздерінде көтерілген негізгі мәселелер және даналық ой-пікірлері, ақынның халқына айтқан өсиет-насихаттары, қарасөздеріндегі пікірлерінің өлеңдерінде айтылатын ойларымен тығыз байланысы, өзіндік ерекшелігі;
7) «Екінші» қарасөзіндегі ақынның халқын намысқойлыққа, еңбексүйгіштікке, іскерлікке шақырған идеялары, халықтың бойындағы жағымсыз қылықтарды сынай отырып, одан арылудың жолдарын көрсетуі, ұлттық дамудың тиімді экономикалық маңызын назарға салуы, еліне еңбекқорлықты, іскерлікті, мал табу жолдарын айтқан өсиетнамасы;
8) «Оныншы» қарасөзіндегі бала тәрбиесі туралы ойы, «Ғылымсыз ахирет те, дүние де жоқтығын» айта отырып, баланы оқуға, білім алу жолына бағыттаудың маңызын көрсетуі;
9) «Он сегізінші» қарасөзіндегі киіну мәдениеті туралы көзқарасы, ақынның кербездік ұғымы жайындағы топшылау-тұжырымы, адам баласының ақыл, білім, ар, мінез сияқты нәрселермен озатындығын үлгі-өнеге етіп қалдыруы;
10) «Он тоғызыншы» қарасөзінде Абайдың адамның естілігіне психологиялық, педагогикалық талдау жасауы, ақынның ес туралы ой тоқтамы, естігенді еске сақтаудың маңыздылығы жөніндегі ой-пікірі;
11) «Отызыншы» қарасөзінде Абайдың адам мінездеріндегі жағымсыз әрекеттерді сынауы, ар, есті, намысты білмей тұрып, адамдық, арлылық, батырлық болмайтындығына қатысты тұжырымы, өлімнің, өмірдің мәні туралы философиялық танымы.
11. «Абай танымындағы ән мен күй» тарауын оқытуға - 4 сағат бөлінген:
1) Абай әндерінің таралуы - 1 сағат, ән мен күй, өнер құдіреті туралы толғанысы, жақсы әннің көкейге ой салатын эстетикалық мәні, Абай әндерінің мазмұны, халық арасына таралуы турасында, Абай әндерінің халық әндерімен ұқсастықтары және айырмашылықтары, Абайдың музыкалық туындыларындағы әуен мен ырғақтар;
2) «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» - 3 сағат, «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Құлақтан кіріп бойды алар», «Өзгеге, көңілім, тоярсың» өлеңдері мен күйлері, «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, қалам қас» әні, ән мен күйдің халықтың өмірінде алатын орны, ақынның ән және күй өнері туралы пікірі, Абайдың қазақ музыка өнеріне енгізген жаңалығы хақында, Абай әндерінің көркемдік-эстетикалық ерекшеліктері.
12. Поэмаларын оқытуға - 2 сағат бөлінген:
1) «Ескендір» поэмасы, поэманың тақырыбы мен идеясы және көркемдік маңызы, ақын поэмасының романтикалық және реалистік сипаты, поэманың сюжеті мен композициясы, эпикалық дастандағы Ескендір мен Аристотель образдары, Абайдың шағын поэма жазудағы шеберлігі.
13. Қорытындылауға - 1 сағат бөлінген.
10-сыныпқа арналған «Абайтану» курсы оқу пәнінің білім мазмұны төмендегідей тақырыптардан тұрады.
1.Кіріспе. Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла - 1 сағат, Абай өмір сүрген дәуірдің ерекшелігі. Ақынның келешек ұрпаққа арнаған адамгершілік жайлы өсиеттері. Қазіргі кездегі Абай ілімінің өзектілігі.
2.«Абай мұрасының XX ғасырдың отызыншы-алпысыншы жылдары зерттелуі» тарауын оқытуға - 2 сағат бөлінген:
1.Абайтану мәселесіне қатысты әр алуан көзқарастар, әлеуметтік-саяси идеялар, Ғ.Тоғжанов, Н.Төреқұлов, І.Қабылов, С.Мұқанов, Е.Смайылов, З.Шашкин, т.б. Абай еңбектеріне қатысты зерттеулері, ой-пікірлері.
3. «Абай шығармаларындағы білім, өнер тақырыбы» тарауын оқытуға - 6 сағат бөлінген:
1) Ақын қарасөздеріндегі философиялық ойдың ұлттық дүниетаныммен үндес келетіндігі, Абайдың өнер, еңбек, талап, ықылас-ынта, қайрат-қажыр, терең ой, т.б. адами қасиеттер турасындағы ой тұжырымдары;
2) «Талапты ерге нұр жауар» - 2 сағат, отыз екінші қарасөзіндегі ғылым, білім үйренудің мақсатын айқындауы, ғылым-білімді іске жарату, оны ақиқат мақсатпен үйренуге назар аударуы, хақиқат, ақыл, бахас ұғымдары жөніндегі танымы.
3) «Еңбек етсең ерінбей» - 1 сағат, отыз үшінші қарасөзінде қазақтың қолы өнерлі адамын Абайдың әулие санауы, жастарға артық ісмерлер іздеп, өнер арттыруды, түзден өнер іздеуге бағыт-бағдар көрсетуі, қолөнерді дамытуға кері әсер ететін талапсыздық, еріншектік, мақтаншақтық, тамыршылдық кеселдерінен сақтануды айтуы;
4) «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңі - 2 сағат, өлеңнің идеясы, өлеңге қойған эстетикалық талабы, ақындықтың мұрат-мақсаты туралы, поэзияның қоғамдық мәні мен міндетіне зор маңыз беруі, аят, хадис, бәйітсымал, мешіт, мінәжат, уәли сынды дін деректерімен өлеңнің бағасын халық ұғымына түсінікті етіп айтып беруі, сөздің асылы ретінде поэзияны жоғары бағалауы;
5) «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңі- 1 сағат, поэзияның әлеуметтік мәні жөніндегі тың түйіні, пікір сонылығы, бейнелеу, айту ерекшелігі, ақынның «өлеңі бар, өнерлі інілеріне» жөн-жоба көрсетуі.
4. «Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер» тарауын оқытуға - 7 сағат бөлінген:
1) Абайдың табиғаттың көркем көріністерін жырлайтын лирикалық туындылары, табиғат құбылыстарын күнделікті өмірмен, адамдардың күнкөріс, іс-әрекетімен, көңіл-күйімен астастыра суреттеу шеберлігі;
2) Табиғат лирикасы - 3 сағат, «Желсіз түнде жарық ай» өлеңінде ақынның түнгі табиғат көріністерінің әсем суретін поэзия тілімен өрнектеуі, ақын кейіпкерлерінің сезім толқыныстарын табиғат құбылыстарымен астастыра бейнелеуі;
3) «Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай» өлеңіндегі Абайдың өз тұсындағы қоғамдық, тұрмыстық жүйеге көзқарасы, елдің шаруашылық әрекеті, тіршілік тәсілі, табиғат қабағын баққан мінезін суреттеу шеберлігі;
4) «Көлеңке басын ұзартып» өлеңінде ақынның адам көңіл күйін шебер суреттеуі, ақынның тыңдаушысын таппай қапаланған шағындағы сезім толғанысы, ақынның философиялық ой түйіні;
5) Абайдың қарасөздеріндегі еңбек туралы таным мен толғам - 2 сағат, отыз жетінші қарасөзіндегі Абайдың дүниетанымдық көзқарастары, адам болмысы жайындағы танымы, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастарды түсіндіруі, ақынның көңілде жүрген көрікті ойларын мақал-мәтел етіп өрнектеуі;
6) «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа» өлеңі - 2 сағат, ақынның адал еңбекпен мал табуды насихаттауы, ар-ұяттан безген тойымсыз би, болыстарды шенеуі, адамның үш асыл қасиеті ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек деген ой түйіні;
7) «Түбінде баянды еңбек егін салған» өлеңіндегі ақынның жас ұрпақты еңбек етуге, отырықшылдыққа шақыруы, оқу оқып, білім алуға, білімін халықтың қажетіне жаратуға үндеуі.
5. «Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек» тарауын оқытуға - 6 сағат бөлінген:
1) Абайдың билік, ел басқару, қоғамдық құрылыс, халық тарихына қатысты қайраткерлік қажыр танытып, азаматтық үнін естіртуі;
2) «Би екеу болса, дау төртеу болады» - 2 сағат, үшінші қарасөзіндегі халық мүддесіне қызмет ету жөніндегі пікірлері, биліктің құрылымы жөнінде ой айтуы, үшінші сөздің көсемсөз (публицистика) жанрына жататындығы, ақынның саяси-әлеуметтік болмыс туралы толғанысы;
3) «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңі - 4 сағат, өлеңнің идеялық мәні, Абайдың қазақ қоғамындағы әділетсіздік, зұлымдық іс-әрекеттер жайындағы ойлары, алуан түрлі адамдардың психологиясын суреттеу шеберлігі;
4) «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» өлеңінде Абайдың сол дәуірдегі қоғамдық-әлеуметтік топтардың іс-әрекетін әшкерелеуі, еңбексіздікті, алармандық мінез-құлықтарды сатира тілімен сынауы, ақынның алдамшылық, жәдігөйлік, айлакерлікке қатысты байламы, өлеңдегі түйінді ой;
5) «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» өлеңіндегі ақынның өрелі ойы, ел жағдайы туралы ой қорытуы, ақынның қосанжар өмір құбылысын салыстыруы, ақынның айтқалы отырған негізгі ойы;
6) «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңіндегі ақынның дүние, әлем туралы танымы, заман сырын, адам құлқын философиялық таразылауы, ой қуып, ақылға еру хақында, өлеңдегі өмір құбылыстарын суреттеу ерекшелігі, әлеуметтік өмірдің шынайы суреттері, адамгершілік, әділеттілік мәселелері.
6. Сыншыл, сатиралық мазмұндағы шығармаларын оқытуға - 4 сағат бөлінген:
1) ақын сынының негізгі объектісі мен тақырыбы, Абайдың өз заманындағы қоғамдық қайшылықтарды, ел билеу жүйесін, ұлық, болыс, би, т.б. пысықтардың жемқорлық айла-амалдарын әшкерелеу шеберлігі;
2) «Улы сия, ащы тіл» - 1 сағат, он бірінші қарасөзіндегі ант, серт, ұят, адалдық ұғым-түсініктері, жағымсыз мінез, қылықтарды сынауы, ұлықтардың қарапайым жұртты алдап, ел ішіндегі бұзақыларды тыймауының салдары неге әкеліп соқтыратыны жайында айтқан пікірлері;
3) «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» өлеңіндегі әлеуметтік маңызы бар мәселелерге сыншылдықпен қарауы, әлеуметтік теңсіздік туралы ойлары, ел үстінен күн көрген алаяқ би, болыстарды, мал-мүліктің буына семірген байлар мен патша әкімдерін сынауы;
4) «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» өлеңінде пысықтардың, қу мен сұмдардың елге салған лаңын айтуы, адал еңбекті, тыныштықты сақтау жайындағы пайымы, заман келбетін, әлеуметтік қайшылықты сипаттауы, адал еңбек еткен малды байларды жем етіп жүрген атқамінер әкімсымақ, қу пысықтарды шенеуі;
5) «Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңіндегі адамгершілік қасиеттерден ада адамдардың іс-әрекеті туралы ойлары, адам психологиясының келеңсіз жақтары, аярлық мінезі жайындағы тұжырымдары, ақынның әлеуметтік, саяси көзқарасы.
7. Абайдың аудармаларын оқытуға - 2 сағат бөлінген:
1) Абайдың Лермонтовтан аударған «Тұтқындағы батыр», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл» өлеңдері, орыс классиктерімен үндестігі, аудармашылық шеберлігі, көркемдік қиял, еркін аударма, аудармаларындағы ұлттық бояу нақыштар, қоғам мен заман сырының мән-мағынасы, ақын аудармаларының негізгі тақырыбы.
8. Поэмаларын оқытуға - 3 сағат бөлінген:
1) «Масғұт» поэмасы - 2 сағат, поэманың тақырыбы, идеялық-көркемдік маңызы, поэмадағы шығыстық сарындар, ақынның шығармасына арқау еткен адамгершілік идеясы, поэманың тәрбиелік мәні;
2) «Әзім әңгімесі» дастаны - 1 сағат, «Әзім әңгімесі» поэмасының «Мың бір түн» хикаяларымен үндестігі, Абайдың поэмасына желі, арқау болған уақиғалар, поэманың аяқталмағандығы, шығыстық хикаяларды ақын өзіне қажет ұстаздық, тәрбиелік ой-мақсаттарға пайдаланып, көпке үлгі етуді мақсат еткендігі.
8. Қорытынды сабаққа - 1 сағат бөлінген.
11-сыныптағы білім мазмұны:
1. Кіріспе. «Абайтану» курсы туралы түсінік - 1 сағат. Курсты оқытудың мақсат-міндеттері, өзектілігі.
2. Қазіргі абайтану мәселелерін оқытуға - 1 сағат бөлінген:
1) Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының бір саласы. Қазіргі абайтану мәселелерінің даму бағыттары.
3. «Білімдіден шыққан сөз» тарауын оқытуға - 2 сағат бөлінген:
1)Абайдың оқу, білім, ғылым турасындағы туындыларының тақырыбы мен идеясы, ақын шығармашылығының зор қоғамдық, танымдық маңызы;
2) Өзіңнен өзің есеп ал», он бесінші қарасөзіндегі адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесі, жақсы-жаман нәрсенің парқын пайымдау туралы, адам өмірі туралы философиялық топшылауы, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас мәдениеті, ақынның ақылды және ақылсыз кісінің белгілі бір парқы туралы философиялық көзқарасы, қызығушылық, мастық, есерлік ұғым-түсініктері туралы танымы;
3) Отыз бірінші қарасөздегі ақынның педагогтік, ұстаздық жөніндегі ой-пікірлері, есітіп білгенді есте сақтау тәсілдері, ой кеселдерінен сақтанудың жолдары турасындағы ойлары.
4. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» тарауын оқытуға - 7 сағат бөлінген:
1) үлкен адамгершілік, қайраткерлік, оқымыстылық биікке көтерілген ақынның тұтас халыққа арнап айтқан үндеуі;
2) «Осы мен өзім – қазақпын» - 1 сағат, тоғызыншы қарасөзіндегі қазақ халқының, оның тұрмыс-тіршілігінің кемшілік тұстарын сынауы, ақын пікірлерінің бүгінгі қоғамдағы өзектілігі, өмір философиясының қағидалары;
3) «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі - 1 сағат, өлеңдегі еңбекші халықтың мүддесі, ақынның өзі өмір сүрген қоғамның тарихи шындығын бейнелеуі, заманның кемшілік, қайшылықтарын сынауы, «Бас-басына би болған өңкей қиқым» деп, елдің сиқын бұзып жүрген мансабы жоғары шенеуніктердің психологиясы туралы тұжырымы, Абай лирикасында ұлттық мінез психологиясының көркем жинақталуы, Абайдың адам жанының сырлары жөніндегі танымы;
4) «Жақсылық ұзақ тұрмайды» өлеңі - 1 сағат, қоғам өміріндегі әлеуметтік жағдайға сипаттама, үміт пен уайым, жақсылық пен жамандық, қайғы, талап ұғым-түсініктері, адамға тән аталмыш қасиеттерді сипаттау ерекшелігі;
5) «Бөтен елде бар болса» өлеңінде қазақ қауымында етек алған атқамінерлер арасындағы бас араздық, бақастық көріністерін сынауы, «Нанымы жоқ, анты бар» деген жолдағы жинақтаушылық сипаттағы ой тұжырымы;
6) «Сегіз аяқ» өлеңі - 2 сағат, Абайдың өз заманы, дәуірі және оның адамдары жайлы ой толғанысы, әлеуметті сынауы, халқын еңбекке үндеуі, өлеңнің ырғақтық, құрылымдық ерекшеліктері, өлеңде ақынның өзекжарды ойларын кестелі тілмен өрнектеуі, халықты мәдениет, прогрестік даму жолына бағыттаудағы идеялары;
7) «Ішім өлген, сыртым сау» лирикалық өлеңіндегі ақынның көңіл күйі, аяр, екіжүзді, опасыз, сатқын жандарды шенеуі, адамдардың мінез-құлық психологиясын сипаттаудағы шеберлігі;
8) «Қажымас дос халықта жоқ» өлеңі - 1 сағат, Абайдың адамгершілік, әділдік, қайырымдылық, кеңпейілділік турасындағы философиялық ой-пікірлері, өз заманындағы қоғам тіршілігінің жағымсыз тұстарын сынауы, достық, татулық, қадір-құрмет жайындағы пайымдаулары, өлеңнің тәлім-тәрбиелік маңызы;
9) Жиырма екінші қарасөзіндегі ақынның қалыптасқан қоғамдық, саяси жүйеге сыни көзқарасы, қазақ тұрмысының әлеуметтік құрылымы туралы пікірі, бай, мырза, би, болыс, есті кісі, ғаріп-қасар, қу мен сұм ұғым-түсініктері хақындағы философиялық пайымдаулары, аталмыш қарасөздің танымдық, тәрбиелік мәні.
5. «Абай – сатирик» тарауын оқытуға - 4 сағат бөлінген:
1) «Болыс болдым, мінеки», «Мәз болады болысың» өлеңдері, билікке таласқан пенденің әлеуметтік-психологиялық бейнесі, болыс, ояз, ел туралы ой-толғаныстары, жағымпаз болыстың портреті, іс, оқиға желісін болыстың өз атынан баяндау тәсілі, болыстың іс-әрекет, мінез-құлқын, психологиясын бейнелеу шеберлігі, патшадан шен таққан болыстардың халық үстінен байыған дүниеқоңыз, шенқұмар мінездерін әшкерелеуі, өлеңнің көркемдік-эстетикалық құрылымы, екі өлеңнің өзара үндестігі, ақынның билеушілер мінезін суреттеудегі шеберлігі, ақын өмір сүрген дәуірдегі тарихи факторлар, заманның кемшілік-қайшылықтары, өлеңдегі улы мысқыл, сарказм;
2) «Көзінен басқа ойы жоқ» өлеңіндегі ақынның өнерге, оқуға үндеген ағартушылық бағыттағы ойлары, дүмше молдаларды сынап-мінеуі, ой көзі, көңіл көзі, парасат көзі жайында ой қорытуы;
3) «Менсінбеуші ем наданды» өлеңіндегі надандық ұғымдары жөніндегі ақын пікірлері, ұлттың бойындағы мерез мінезбен күресуден қажыған ақынның қамығып, қынжылуы, ақынның қоғамдағы қайшылықтарға сыни көзқарасы, өлеңде айтылған ақынның өзекті ойы, ақынның надандық пен қараңғылыққа қарсылық білдірген жан айқайы;
4) «Бойы бұлғаң» сатирасында заман, тұрмыстағы зиянды дерттерді өткір тілмен сынауы, ел ішін дендеп кеткен өсек, өтірік, ұрлық, пәлеқор-жалақорларды «улы сия, ащы тілмен» шенеуі, ақынның туған елінің тоқыраған тағдырына кейіген кекті үні;
5) қырық бірінші қарасөзіндегі қазаққа ақыл беруге қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керектігі туралы пікірлері, адамшылықтан кетіретін жайттарды сынға алуы, билік пен байлықтың ұлттық мүддеге қызмет етуі жөніндегі ұстанымы.
6. «Махаббатсыз дүние бос» тарауын оқытуға - 4 сағат бөлінген:
1) Абай өлеңдеріндегі махаббат, ғашықтық сезімі, сүйіспеншілік тақырыбы, махаббат лирикасына жататын өлеңдеріндегі философиялық ой толғамдары;
2) «Қор болды жаным», «Ғашықтық, құмарлықпен ол екі жол» өлеңдері, лирикаларындағы махаббат сезімі, тұрақтылық, сүйіспеншілік жайындағы ой-топшылаулары, ғашықтық, құмарлық ұғымдарына қатысты толғаныстары, сүйіспеншілік мәселелеріне байланысты философиялық тұжырымдары;
3) «Сен мені не етесің» өлеңіндегі ақынның жастық шақ, махаббатқа толы күндері туралы түйінді ойлары мен пікірлері, өлеңнің құрылымдық өлшемі, ерекшелігі;
4) «Білектей арқасында өрген бұрым» өлеңінде қазақ аруының сымбатты бейнесін сипаттауы, Абай лирикаларында көрініс беретін әсемдік туралы пайым түсініктер, әйел ажары, сұлулық туралы талап-талғамы;
5) «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» атты лирикалық өлеңіндегі қазақ әйелінің сөзбен сомдалған портреті, сұлулыққа, жарасымдылыққа, мәдениеттілікке, ізеттілікке тәрбиелеу мұраты;
6) «Қызарып, сұрланып» өлеңінде ақынның ғашықтық сезімді, махаббат мұңын айшықты кестелеуі, Абайдың махаббат сезімдерін жырлаудағы шеберлігі.
7. «Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ» тарауын оқытуға - 7 сағат бөлінген:
1) ақын шығармаларындағы исламдық дүниетаным және Алланы тану туралы философиялық ойлары, Абайдың діни танымы;
2) Жүсіп Баласағұн, Йасауи ілімдері және Абай - 2 сағат, Жүсіп Баласағұнның «Жәуанмәртлік», Йасауидің «Хал ілімі» және Абайдың «Толық адам» ілімінің арасындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктер және дәстүр жалғастығы, «Хал ілімінің» адамның ақиқатты сезіну сезімдерін қамтитыны, «Өзін таныған Алланы таниды» деген пайғамбар хадисін Йасауидің басшылыққа алуы, Жәуанмәртілік – адамгершілік негізі, А. Машановтың, М. Мырзахметұлының, Т. Жұртбайдың, Ғ. Есімнің еңбектері негізінде;
3) Абайдың «Толық адам» философиясы - 1 сағат, Абайдың толық адам туралы ойы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен бастау алатындығы, өлеңнің адамгершілік жайындағы философиялық ой толғауға негізделуі, толық адам болу үшін ақыл, қайрат, жүрек үшеуін тең ұстау керектігі, адам бойында осы үш ерекшелік табиғи тұтастық тапса, нағыз мінсіз мінез сонда қалыптасатындығы туралы ақын пікірі, Абай өлеңдері мен қарасөздерінде қозғалып отыратын Алланы сүю, тіршілік, жаратылыс заңдылықтарын ұғындыруға ұмтылу мәселелері;
4) Абай іліміндегі «Хауас» мәселесі - 2 сағат, «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңінде ақынның өз қайғысына ел қайғысын қосып жырлауы, наным, сенім жөніндегі ой тоқтамы, Абайдың исламның ғылыми негіздерін ұғындыруы, абайтанудағы Абайдың сопылық дүниетанымын арқау еткен іргелі ғылыми еңбектер;
5) «Өлсе, өлер табиғат, адам өлмес» лирикасындағы табиғат пен адам турасындағы ой-толғанысы, жаратылыс құбылыстары туралы тұжырымы;
6) жетінші қарасөзіндегі жан мен тән құмары туралы ұғымдар, бала мінезінің өзгеріске түсу сырлары, ғылым, білім тәрбиесі, дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырларын білу туралы ақынның кесімді пікірі;
7) отыз сегізінші қарасөзінің негізгі идеясы Алла, Адам хақында, Алла тағала болмысы, ақынның хақиқат туралы ойы, өлшеулі мен өлшеусіздік ұғымы, пайғамбарлар, әулиелер, хакімдер турасындағы ой толғамдары;
8) қырық үшінші қарасөзіндегі жибили және кәсиби ұғым-түсініктері, жан қуатының үш элементі жайындағы философиялық көзқарастары, ақынның дүниені, болмысты тануы, Абайдың хауас туралы көзқарасы, хауас ұғымының Абай шығармаларындағы көрінісі, ішкі-сыртқы сезім түйсіктері, ақын Алланың бойындағы сегіз сипатқа өз жанынан екі сипат қосып (әділет, рахым) 10 сипатқа айналдырып, хауас ретінде тануы;
9) «Осы үш сүю болады имани гүл» - 2 сағат, Абайдың қазақ қауымының рухани жағынан іштей тазарып, ұстанар жолының сенімді бағыт-бағдарын көрсету, ақынның ішкі нанымы, адамшылық жолындағы үгіт пен мораль философиясы жайлы танымы, Алланы сүю, адамзатты сүю, хақ жолын сүю «Иманигүл» философиясының негізі болатындығы туралы.
10. «Қазақтың бас ақыны» тарауын оқытуға - 5 сағат бөлінген:
1) Абайдың өнегелі, өрнекті сөздерін тегіс тану, білу – абыройлы борыш, қасиетті парыз, А. Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласының абайтанудағы орны;
2) Абай өлеңдерінің тілі және қазақ поэзиясына енгізген жаңалығы - 2 сағат, Абай туындыларының көркем тілі, қазақ поэзиясына енгізген жаңалығы, ақынның шеберлік тәсілдері, даралық ерекшеліктері, Абай шығармаларының текстологиясы;
3) Абайдың ақындық мектебі - 2 сағат, Абай мектебінің қалыптасқан дәстүрі, жаңашылдығы, прогрессивті мақсат-мүддесі, әлеуметтік белсенділігі, Абайдың ақындық дәстүрі туралы түрлі тұжырымдар мен байыптаулар, М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Мұқаметханов, А. Нұрқатов, М. Мырзахметов, Ө. Күмісбаев, Т. Жұртбай т.б. ғалымдар еңбектерінің абайтану ілімін дамытудағы қызметі, Абайдың талантты ақын шәкірттері Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әсет, Әріп, Әубәкір, т.б. хақында;
4) Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушы ақындар - 1 сағат, ақынның әдебиеттегі дәстүрін ілгері дамытқан ақындар А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Торайғыров, М. Жұмабаев, Қ. Аманжолов, М. Мақатаев, Т. Айбергенов, т.б.
10. Қорытынды сабаққа - 1 сағат бөлінген.
Достарыңызбен бөлісу: |