Жалпы орта білім беру деңгейінің 10-11-сыныптарына арналған «Қазақстан тарихы» оқу пәні бойынша Үлгілік оқу бағдарламасы (жаратылыстану-математикалық бағыт, қоғамдық-гуманитарлық бағыт)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Оқу бағдарламасы «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген).
2. Отандық тарихты зерделеу өткен тарихи оқиғаларды түсіну және оларды талдау негізінде қазіргі замандағы орнын анықтау, азаматтық ұстанымын қалыптастыру және оқиғалар мен құбылыстарға жеке көзқарасын білдіре отырып, олардың маңызы мен мәнін түсінуді қамтамасыз ететін жеке тұлғаның тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған.
3. Оқу пәнінің мазмұны білім алушыларға әртүрлі тарихи кезеңдердегі Қазақстанның әлемдік тарихи процестегі орны мен рөлін анықтай отырып, этникалық, саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жолдарының негізгі ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді.
4. Оқу пәнінің мақсаты – отандық тарихтың негізгі оқиғалары мен процестерін оқыту негізінде тарихи санаға, азаматтылық пен отансүйгіштік қасиеттерге ие, тарихи білім мен дағдыларды оқу және қоғамдық іс-әрекеттерде тиімді және шығармашылықпен қолдана алатын тұлға қалыптастыру.
5.Оқу пәнінің міндеттері:
1) Қазақстан аумағындағы қоғамның әртүрлі тарихи кезеңдеріндегі этникалық, әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени дамуының негізгі мәселелері туралы білім қалыптастыру;
2) тарихи қалыптасқан мәдени, ұлттық дәстүр, әлеуметтік және адамгершілік нормаларды білім алушылардың түсінуі негізінде оларда азаматтылық пен қазақстандық бірегейлікті, дүниетанымдық ұстанымдарды тәрбиелеу;
3) әлемдік тарихи процестегі Қазақстанның орны мен рөлі туралы жалпы тұтас түсінік қалыптастыру;
4) тарихи оқиғалар, құбылыстарды тарихи заңдылықтарды ескере отырып зерттеу, оқиғалар мен тұлғаларға қатысты пікірлер мен берілген бағаларды салыстыру және сыни тұрғыдан талдау дағдыларын дамыту, өткен кезеңмен қазіргі уақытқа қатысты пікірталастық мәселелерге өзіндік көзқарасты қалыптастыру;
5) өлке тарихын зерделеу, өлкетанулық жұмыстарды жүргізу дағдыларын дамыту;
6) әртүрлі тарихи деректермен жұмыс істеу, тарихи ақпаратты іздеу және жүйелеу дағдыларын дамыту;
7) әртүрлі деректерді қолдана отырып, жобалық, зерттеу әрекетін және тарихи реконструкция дағдыларын дамыту;
8) қазіргі кездегі саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени процестерді түсіну үшін тарихи білімдерін қолдана білу дағдыларын қалыптастыру;
9) коммуникативтік дағдыларды қалыптастыру, оның ішінде, өз ойын ауызша және жазбаша түрде анық білдіру, командада жұмыс істей алу, түрлі деректерден алынған ақпараттарды қолдану.
Достарыңызбен бөлісу: |