Оқу әдістемелік кешенге түйіндеме



бет10/34
Дата06.05.2023
өлшемі208.7 Kb.
#473285
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   34
15 апта

Дәрісті бекіту сұрақтары: : 1.60-70-жылдарда қандай тарихи романдар жарық
көрген?
2. Бұл дәуірдегі қазақ әдебиетінде тарихи романдардың халықтық жаңа сапаға ие бола дамуы қандай дәрежеде болды?
3. Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлкенің» екінші кітабы «Жат қолындасы» не жайлы?
4. Ә. Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», «Ұстаздың қайтып оралуы» романдары кімдерге арналған?
5. X. Есенжановтың «Ақ жайық»,Ғ.Слановтың «Асау арна» романдарындарының сюжеттік желісі не?


Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 38, 40, 41, 45, 51,58,
62, 63.
19,20 Дәріс 1960-2000 жылдар аралығында тарихи адамдар өмірінен
алынып жазылған шығармалар


Дәрістің мақсаты: Тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін,көркем шығармалардағы бейнеленген образдарын негізге ала отырып дәріс барысында түсіндіру.
Тірек сөздер: Аққан жұлдыз, Алғашқы қоңырау, Шамшырақ, Жыр күмбезі т.б.
Дәрістің жоспары: 1. С. Мұқановтың, Ж. Молдағалиевтің, Д.Әбілевтің,
С. Жүнісовтің, З. Ақышевтің әдебиет тарихында елеулі
мән-мағынаға ие болған туындылары жайлы.
2. Жеке қайраткерлерге арналған шығармалар Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау» Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» , «Жұлдызды көпір» романдары.
3. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Аманкелді Имановтың жастық шағына арналған
« Қоғабай» романына тоқталу.
4.Өнер адамының өмірін суреттеуге арналған шығармалар.
Қазақтың бұл тұстағы тарихи романында тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін негізге ала суреттеу дәстүрі қалыптасты. Сәбит Мұқановтың Шоқан Уәлихановқа арналған «Аққан жұлдыз» (1967-1969), Ж. Молдағалиевтің Ыбырай Алтынсарин туралы «Алғашқы қоңырау» (1978), Д.Әбілевтің «Сұлтанмахмұт» (1965-1971), С. Жүнісовтің «Ақан сері» (1971-1978), 3. Ақышевтің «Жаяу
Мұса» (1981) романдары әдебиет тарихында елеулі мән-мағынаға ие болған туындылар. Бұлардың бәрі де ғұмырнамалық мәліметтер негізінде жазылған. Қоғам өмірінде анық ізі қалған оқиғаларды іріктей отырып, нақты заман кейіпкерінің қыры мен сырын ашуға ұмтылады. Алайда көркемдік ізденістері жағынан олар бір келкі емес. Олардың ішінде ұзын сонар баяндауларға, тарихи оқиғаларды тізбелеуге құрылған, характерлік мінездеуден гөрі әңгімелеп түсіндіруге тырысқан туындылар да кездеседі. Дегенмен, тарих сырын тануға, қазақ халқының ұлы тұлғалары жайлы мәлімет алуға пайдалы еңбектер болғаны даусыз.
Сәбит Шоқан өмірі жайлы деректерді көп жинап, ол туралы пьеса да, ғылыми еңбек те жазған жазушы. Ал, романды ол үш том етіп, кең көлемде жоспарлаған. Онда Шоқанның ата-бабасы, ол дүниеге келмей тұрған кездегі қазақ тарихына қатысты мәліметтер де мол қамтылады. Оның балалық, жастық шағын, оқып, қоғамдық іске араласуын тәптіштеп ұзақ суреттейді. Шығармада қазақ-орыс қатынасының жиілеуіне байланысты оқиғалар, патшалық Ресейдің ел билеу жүйесіне кіруі, оған қатысты адамдар тағдыры жайлы мәліметтер де мол. Қазақтың ел билеуші жаңа қауымы Есеней, Шорман, Зілқара, Шыңғыстардың өзара байланысы, ортасы, орыс әкімдері Драгомиров, Сперанский, Курагин, Потанин, Госфорт, т. б. жайында да әңгімеленген. Шоқан осы ортадан білім алып өседі, оған ХІХ ғасырдағы орыстың демократтық ағымының әсері тиеді. Сонымен бірге жинақтаудың жетіспеуі, ұзақ-ұзақ баяндаулар романның елеулі олқылығы ретінде көзге түседі. Роман сүйегіне сіңіспей тұрған оқиғалар да баршылық.
Осындай үлгідегі ізденіс Жайсаңбек Молдағалиевтің Ыбырай Алтынсарин жайындағы романында да байқалады. Онда Ыбырайдың өмірі мен қызметі қазақ даласында жаңа типті мектеп ашу, осы жолдағы қиыншылдықтар, ел өміріндегі әділетсіздікке араласу, қазақ жеріне алғашқы қоныс аударушылардың келуі мәселелері төңірегінен көрінеді. Ыбырайдың жары Айғаныс, інісі Күдері, дала батырлары Аю мен Тұрсынбай, саудагер Исфахан, Сұлу Фатен, поп Иохим, дуан басы Яков Петрович сияқты адамдар жап-жақсы мінез-құлқымен көрінеді.
«Ақан сері» романы да қазақ әдебиетінің озық туындыларының қатарына кіреді. Мұнда да беймезгіл заманда өмір кешкен өнер адамының жан дүниесі жарқын бейнеленген. Ол үлкен өнер иесі есебінде әрқашан халық ішінде көрініп, оның өмір азабын жеңілдетуші, рухани демеуші боп көрінеді. Сұлулықты сүйе білген Ақанның әндері де, өлең-жыры да, ол кешкен серілік өмір де сол сұлулықтың нышаны. Қанша қысым, қастандық жасалса да, сұлулық, өнер өлмейді. Ақан да кейінгі ұрпаққа өлмейтін өмір қалдырды.
Сәкен романы бүкіл рухымен бізге осыны ұғындырады. Оның махаббатына, Құлагеріне, қыран құс, алғыр итіне дейін оған қатысты өмір шындығын бейнелеуге жазушы мол оқиғалар тізбегін пайдаланған. Негізгі тұлға Ақан романда көп жақсы қасиеттерімен есте қалады. Әнші, алғыр ақын, айтыс өнерінің тапқыры ол жамандық атаулыны тіліп айтатын сөз өнерімен де, достыққа, сыйластық-құрметке құмар үлкен жүректі парасатымен де көп ортасынан биік тұрады. Жазушы оның атақты әндерінің шығу жайларын, Ұрқиямен, Ақтоқтымен, Қадишамен махаббатын әсерлі суреттеген. Ақанның анасы Жаңыл, Әлібек батыр паң Нұрмағамбет, Батыраш, Саққұлақ, Сүлеймен сияқты сол дәуірдің білікті адамдарының бейнелері де есте қаларлықтай боп шыққан. Романның ажарлы тілі де сері туралы романға лайық көркем, бейнелі. туындылар
Осы қатарда өнер адамдарының өміріне арналған тағы бір топ деп – З.Ақышевтің «Жаяу Мұса» О.Сәрсенбаевтың «Шамшырақ»,
А.Тоқмағамбетовтің «Жыр күмбезі» романдарын да атау орынды. Оларда Мұсаның, Нартай Бекежановтың, Базар жыраудың және басқа сыр сүлейлерінің өмірі мен еңбегі суреттеледі. Көркемдік ізденістері мен табыстары біркелкі болмаса да, олардан дәуір суреті мен өнер шындығы мол көрінеді. Қазақ халқының салт-дәстүрі, той өткізу, қонақ күту салты кең танылады.
Жеке қайраткерлерге арналған шығармалар легінде Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау» (1979-1983) Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» (1978-1980), «Жұлдызды көпір» (1987) атты романдарының да көрнекті орны бар.
«Қоғабай» романы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Аманкелді Имановтың жастық шағы мен көтеріліске басшы болған кезін суреттеуге арналған. Роман оқиғасы қазақ жеріндегі қоғамдық-әлеуметтік күрестердің фонында дамиды. Аманкелді жас кезінде ел билеушілер тарапынан жәбір көріп өседі де, кейін төменгі тап мүддесі жолында күрескер боп шығады. Ал, Шерхан романдары Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға белсенді қатысқан революционер Тұрар Рысқұловтың өмірі мен еңбегін суреттеуге құрылған. Тұрар XX ғасырдың басындағы әлеуметтік өзгеріс дәуірінің үлкен қайраткері. Ол орнатысқан өкімет кейін күштеу мен зорлаудың билігіне айналып кеткенмен (өзі де сол өкімет қолынан қаза тапты ғой), оған тілектестер халықтың азаттығын, теңдігін идеал тұтқаны даусыз. Сондықтан Тұрардың, тағы сол сияқты социалистік революцияны қолдаған қайраткерлер еңбегі тарих алдында айрықша бағалауға тұратын, бірақ ақталмаған, ауыр еңбек. Тұрарлар жолы – кездейсоқ емес, әлеуметтік теңсіздіктің сырын терең түсініп, соны шешуге ұмтылған саналы күрескерлер жолы. Шерхан романда әуелде әкесі Рысқұлдың өз кезіндегі әділетсіздікке қарсы күресі арқылы Тұрарларға ой салған идеяның түп-төркінін ашады. Қоғамдық даму бағдарына қоса жас Тұрардың жүрегіне түскен жара оны үлкен қайраткерлікке дайындайды.
«Қызыл жебе» – тарихи оқиғалар легін эпикалық кеңдікпен суреттеуге құрылған шығарма. Онда суреттелетін өмір шындығы қатысушылардың дараланған характерін аша білу шеберлігімен ұласып, нанымды жолмен дамиды. Кеудесін ешкімге бастырғысы келмейтін Рысқұлдың Түлкібас, Жетісу жеріндегі өмірі, оның азаматтық ерлігін көрсетер негіз болса, Тұрар сахнаға шыққан кездің оқиғасы жас адамның саналы күрес жолында шыңдалуын дәлелді ашады. Оның революция тұсындағы, орнату, оны нығайту жолындағы еңбектері романда жан-жақты бейнеленген. Әсіресе, жазушы Тұрарды ұлт қайраткері ретінде жақсы көрсете білген. Оның революциялық оқиғалардың бәрінен қазақтың ұлттық мүддесіне, жалпы Түркістандағы мұсылман халықтары пайдасына қызмет етер ой-пікірлерді таңдауы, шовинистік, кертартпа отаршылдық көзқарастарға қарсы күресі осыны аңғартады. Оқырман осы саясаттың отаршылдық пиғылдан арылмаған өкіметке тиіп жатқанын, оның аяғы есепсіз кетпейтінін сезеді. Бұл романның үлкен табысы.
Бұл дәуірде тарихи адамдар өмірінен алынып жазылған шығармалар ішінде Д. Әбілевтің «Ақын арманы», «Арман жолында» (кейін «Сұлтанмахмұт» деген атпен трилогия болып басылған) атты романдарының көркемдік табыстары аз емес. Бұл романдарын автор XX ғасыр басындағы қазақ халқының ағартушы-демократ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен еңбегіне арнаған. Романның сюжеттік желісі Сұлтанмахмұттың жас кезінен бастап, басынан өткен тарихи кезеңнің негізгі суреттеріне құрылады. Онда сол тұстағы қазақ қоғамының даму қиыншылықтары мен қайшылықтары, ел өмірінің шындық әлеуметтік революциялар әсерімен ақынның демократтық көзқарасының қалыптасуы нанымды бейнеленген. Сондай ортада басты қаһарманның жанды бейнесі аталады. Қашанда шыншыл, әділет үшін күресуші, өктемдікке жаны қас, ел тағдырын жеке адам мүддесінен жоғары қоя білген Сұлтанмахұт бейнесі – романның айрықша атап айтар табысы.
Сұлтанмахмұт өміріне қатысты оқиғаларды іріктеп ала білуде де, оның заманының қайшылықты сырларын ашуда да, ақын шығармашылығына арқау болған әлеуметтік шындықты көркем бейнелеуде де Диқан шеберлігі ерекше танылады. Романда Сұлтанмахмұт шығармаларының туу жағдайлары, оның ой-сезімнің күрделі сыры сайрап жатыр. Ақынның ізденімпаздығын, сол жолда алған бетінен қайтпайтын қайсарлықты, өлеңдерінде «Оқып адам болу», «Жарық күнде сәуле қуу» идеясының тууын жазушы ақын өмірінің нақты деректеріне сүйене, оның шығармаларындағы ойларды көркем бейнелеу арқылы ашып берген. Сұлтанмахмұт өмір сүрген ортаның сырын, әділетсіздікке негізделген қоғамның ішкі мазмұнын автор Жарқынбай, Әбунүсіп, Майсор, Ақкірпік сияқты бейнелер арқылы көрсетеді. Олар қоғам дамуының әр кезеңінде туып, бірінің әрекетін бірі жалғастырған феодалдық тіршіліктің қорғаушылары. Жауынгер ақынның халықпен байланысы, әділет үшін күресі, көбінесе, осы типтермен қақтығыс үстінде суреттеледі.
«Сұлтанмахмұт» – ақын туралы роман. Сондықтан онда халықтық өнерге, махаббат, жастық сезім әсерлеріне көбірек көңіл бөлінеді. Акынның Мәликеге деген сезімі, биік мұратты махаббаты – шығарманың ең бір қызықты оқылатын беттері. Сұлтанмахмұт маңында жаңашыл жастар өсіп келе жатқаны да оқырманды оптимистік сенімге бөлейді. Романға М.Әуезовтің Абай туралы шығармасының әсері тиген. Ол өзінің реалистік байсалдылығымен, характерлерінің шыншылдығымен, Сұлтанмахмұт өмір сүрген ортаны аша білуімен, ақынның ағартушылық демократиялық көзқарасын таныта алуымен қазақ әдебиетіндегі өнер адамдары туралы романдар легінде елеулі орын алады.
Өнер адамының өмірін суреттеуге арналған шығармалар ішінде
С. Бақбергеновтің «Қайран шешем» (1963) романының да елеулі орны бар. Ол – қазақ халқының күйші қызы Дина Нұрпейісованың өмірі мен өнері туралы шығарма. Роман аты авторының өзінен үйреніп, Дина тартқан Құрманғазы күйіне қойылған. Сол арқылы ұлы күйші алдында тебіреніп ашылған Динаның бағы асқақтайды, осы күй оның өмірінің азығына айналады. Роман Дина өмірінің басты кезеңдерін, құпия есебінде қалыптасу сәттерін келісті аша білген. Онда өнер адамының көңіл күйі, шабытты шақтары тартымды суреттеледі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   34




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет