Дәрісті бекіту сұрақтары:1 Тәжірибелі эпик ақындарымыз кімдер еді?
2. Қандай сюжетті эпикалық поэмалар бар?
3. Отан соғысы оқиғаларына байланысты жазылған қандай поэмаларды білесіңдер,олардың авторлары кімдер?
4. Ғ.Қайырбековтің "Большевик ауыл", Ф.Оңғарсынованың"Қырдағы айқас", С.Жиенбаевтың "Қырандар хикаясы",
Т.Молдағалиевтің "Ескерткіш" поэмаларының оқиғасы не?
5.Өнер адамдарын жырға қосқан қандай поэмалар бар екен?
Әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6,7,8,9,10,15,26,27,28, 29,30,33,34,44,64,73.
29,30 Дәріс 1960-2000 жылдарда жарық көрген шығармаларда ауыл
өмірінің бейнеленуі
Дәрістің мақсаты:1960-2000 жылдарда ауыл өмірінен алынып жазылған
шығармалармен таныстыру.
Тірек сөздер: Роман, повесть, әңгіме,сюжет.
Дәрістің жоспары:1.Соғыс кезіндегі ел өмірі шындығы суреттелетін Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» (1981) романы жайлы.
2. Тақырыбы – соғыстың өзі емес, оның алыс
қазақ ауылындағы жаңғырығы Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» (1961) романында сөз болады.
3. Соғыс кезінің шындығын романдарына арқау еткен Н.Ғабдуллиннің «Жігер» (1983) жайлы айту.
4.Қ.Қазыбаевтың «Ызғар»,Ш.Мұртазаның «Қара маржан» романдарына тоқталу.
Кемері кеңіп, кемелденген әдебиетіміздің тарихи даму жолына көз жүгіртсек, ауыл өмірі тақырыбына арналған әдеби шығармалар қай кезеңде де мол екені назарға ілігеді. Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты саңлақ қаламгерлеріміздің сонау жиырмасынышы жылдардағы алғашқы туындылары жазба әдебиетіміздің қаз-қаз басып, қалыптасуға бет алған шағында дүниеге келгенімен, сол кездегі ел өміріндегі түбегейлі өзгерістердің түбірлі сырын, уақыт тынысын тап басып, жіті сезінгендікті танытады.
Қазақ әдебиетінің осынау алғашқы дәуірінде қаламгерлеріміз шығармашылық қиыншылықтарды жеңе отырып, сол дәуірдің қоғамдық талап-тілегіне жауап берерлік шығармалар жазуға тырысты. Ең алдымен олар өмірдің алға тартқан актуальды тақырыбын көтере білді. Ұнамды кейіпкерлердің образын жасауға күш жұмсады . Осы бағыт қазақ прозасында күні бүгінге дейін өзінің жетекшілік мәнін жоғалтқан жоқ.
Бір қызығы, ауыл өмірін арқау еткен бұл дәуірдегі шығармалар бірен-саран ғана болмаса түгелдей дерлік шағын формаларға жататын. Оның себебі сол кездегі қауырт қарқынмен дамыған ел өміріндегі әлеуметтік-мәдени бетбұрыстар мен соған орай ауыл тынысының соңғы лебіне, әдебиет күштерінің көркемдік тәжірибесіне байланысты болатын. Егер осы дәуірде туған шығармалар негізінен жаңа өмірді жырлауға, ауыл өміріндегі өзгерістердің әлеуметтік сыпатын бейнелеуге ұмтылғанын ескерсек, бүгінгі прозадан бұл тақырып төңірегіндегі ізденістер мен нәтижелердің сала-сала, күрделілене түскенін айқын аңғарар едік.
Содан бері өткен уақытта ұлан-байтақ еліміздің қоғамдық даму жолында бастан кешірген әр алуан тарихи әлеуметтік оқиғаларына байланысты ауыл өмірі де, соған сәйкес бұл тақырыптағы туындылардың толғаған сыры, таңдаған-талдаған тұлғалары мен тағдырлары да уақыт талабына орай өзгеріп, күрделеніп келе жатқаны талассыз ақиқат. Бір қуанарлығы, әдебиетіміздегі үлкенді-кішілі қаламгерлер қауымының дәуір қойған ділгір сауалдарға құлақ асып, көркемдік деңгейі әр түрлі болғанына қарамастан өз шығармаларында белгілі бір кезең сипатын шынайы бейнелеуге, мезгіл мөрін басуға ұмтылуы. Осынау ұмтылыс-бағыт арнасынан тарамдалатын ізденіс бұлақтарында өзіндік бұлқыныс, құшырлы құлшыныстар бар. Бұның бәрі бүгінгі әдеби процестің күрделілігін, нақтырақ айтсақ, туған әдебиетімізідің өз тәжірибесіне сүйене отырып, бауырлас республикалармен әсіресе орыс әдебиетімен тығыз әдеби-мәдени байланыста өркендеуі, сондай-ақ әлем әдебиетінің прогресшіл бағыттағы үздік туындыларымен танысу арқылы рухани қарым-қатынас түрлері мен сырларының молая түсуімен сипатталады.
Қазіргі ауыл өмірінде әлеуметтік-сапалық жаңғыру-жаңарулар, диалектикалық өзгерістер мол. Соған орай ауыл адамдарының да танымы мен табиғатына, моральдық-этикалық ұғым қасиеттері күшейе түскені рас. Зымырап өтіп жатқан қарқынды да ауқымды уақыт арнасында бүгінгі ауыл бейнесін танытатын толқындар-тағдырлар сырын әр түрлі көркемдік позициядан, алуан тәсілмен зерттеуге деген игі ұмтылыс прозамыздағы ойлы ізденістерге дәлел бола алса керек. Бұл ретте бүгінгі ауылдың ғылыми-техникалық төңкеріс әсерін, әлеуметтік өзгерістер ықпалын әр түрлі деңгейде қабылдауына байланысты әлеуметтік-тұрмыстық қарым-қатынастары мен мәдени-рухани өміріндегі динамикалық құбылыстардың күрделілігін, әрі өзара мейлінше тамырластығын атап айту қажет.
Қазіргі қазақ романында проблемалық сипат молайғанын ауыл өміріне арналған шығармалардан көреміз. Өмірде барды тізе бермей, дамудың жаңа кезеңі күтіп тұрған мәселелерге көңіл аудару, адамды сондай жаңалық үшін күресте көрсету бұл жанрдың тәуір үлгілеріне тән. Осындай ауылды өркендетудің саяси-әлеуметтік ойларын түйіп өткен жаңа адамдар бейнесін жасауда Қ.Ахметбековтің «Ақдала» (1975), М.Сүндетовтің «Қызыл ай» (1978), Д.Досжановтың «Дария» (1976) романдарының елеулі орны бар. Бұларда шаруашылық проблемаларын фон етіп алып, рухани әлемі бай, қоғамдық іске жауапкершілігі мол, адамдық, азаматтық қылықтары көңіл толтыратын кейіпкерлердің жаңа бейнелерін ашуға ұмтылыс бар. Қ.Ахметбековтің Бекмахановы–қазіргі заман басшыларының соңғы типі. Шаруашылық басшылары ішінен Таусаровтың да бейнесі жарқын көрінеді. «Мағзұм» романында Жайық бойындағы ауылдың өскелең бағыты, тіршілігі мен мәдениетінің өсуі, ел дәулетін жасап жатқан адамдар көрсетіледі.
Ауыл өмірінің бар тіршілігін шаруа күйінің тұрмыстық детальдармен ғана көрсету Т.Нұрмағамбетовтың «Қош бол, ата!» атты повесінде де байқалады. Жас өспірімдер мен балаларға арналған көркем шығармалар бәйгесінде жүлде алған бұл повесті алғаш оқушылар Бейімбетті ауызға ала мақтан етеді. Шынында, тұрмыстық детальдардың нақтылығында, адам характерінің кейбір сыпаттарын дәл байқап, жұпыны бейнелеуінде автордың Бейімбеттің жазушылық үлгісін үйренуге талабы қуантады. Жөкен қария, қытымыр Шәбден, сезімтал, адал Көктембай сияқты ауыл адамдары повесте жап-жақсы бейне тапқан. Алайда шығармада ауыл тіршілігі сол томаға-тұйық қалпында, ағынсыз қара су сияқты елестейді. Жазушы да олардың тіршілігінен үлкен мақсат-мұрат іздемейді. Ауылдың қаламен байланысы қызықсыз, тіпті құбжық күйде суреттеледі. Қала адамының типі Жөкең қарияның баласы Толасбай ауылмен, туған-туыспен, әке-шешемен байланысын үзген жат бауыр болып көрінеді.
Ауылдың кейбір кертартпа тіршілігіне мақұлдай қарау, қала салтын күлкі ету автор позициясында үнемі байқалып отырады.
«Біз бала күту дегеніңізді білмейміз. Топыраққа, күлге аунап жүріп, өзі адам болады. Мына өзіңнің байың да тулақ төсеніп, тымақ жастанып жүріп өкімет болды ғой», - дейді Салжан Файруза келінге. Рас-ақ болсын, сонда осы үлгі тұтар өнеге ме екен!
Жөкең қария мен Толасбай екеуі арасының сууына себепкер болған оқиғаларды іріктеуде де автордың қала мен даланы осылай, екі бөле қарауы анық байқалады. Тіпті Толасбай мен Файруза курортқа кеткенде атасымен бірге қалған кішкентай Шегеннің әке-шешесі қайтып оралғанда олардың қасына жатуы да шал жүрегіне дық салады. Ол немересіне өкпелеп жылайды, оны да, баласын да жат санайды.
Осындай оқиғалар повестің бас кейіпкері Көктембайдың қала, қала адамдары туралы ұғымын қалыптастырады. Ол атасын ренжіткен адамдардың бәрін жек көреді. Толасбайды да, Файрузаны да, кішкентай Шегенді де жек көріп кетеді. Тіпті ол өлген атасының басына барып: «тыңдашы мені, ата... бұл мен ғой, Көктембаймын. Саған бүгін кімдердің келгенін білдің бе? Толасбай, Шодыр, Көкем. Қабылдама олардың құранын! Ата, қабылдама, тыңдама!.. ата, Толасбайдың күмбезден үй соғу керек дегенін естідің бе? Мен естідім. Керегі жоқ. Керегі жоқ күмбездеген үйінің... мына өзіңнің жұп-жұмсақ, таза топырағың-ақ жетеді. Ауырып жатқанда оның атын неге атадың? Толасбайды бәрінен де жек көремін. Оны ұмытшы. Біржола ұмытшы, ата», - дейді. Бір қызығы – осы пікірлердің бәрі автордың мақұлдауынан өтіп, шығарманың идеялық нысанасына айналады.
Повесть оқиғасының дамуында кейде дәлелдің (мотивировка) жетіспей жататыны (Шодырдың Көктембай тайқарын иемденіп кетуі) сезіледі. Автордың жазу мәнерінде әңгімелеудің, баяндаудың көбірек кездесетінін, характерді диалог арқылы ашуға аз көңіл бөлінетінін ескерту орынды. Бейімбет өнерінің күші шағын репликамен, тапқыр диалогпен характерді танытып тастауында ғой. Бейімбетті ұстаз тұтатын жастың бұл жағын ескеруі керек. Оның үстіне кейбір тұрмыстық детальдарды көрсете, кейде күлкілі күйді суреттей отырса да, Бейімбет шығармаларының содан туған үлкен идеялық түйіні болады. Ол әрқашан озық идеяны жырлаушы болды. Ауылдың жаңаруын мақұлдай жазды.
Советтік қоғамның өзгертуші күші аз уақыттың ішінде-ақ адамдарымыздың бойында, мейлі қалада, мейлі ол ауылда болсын, жаңа социалистік сапалар туғызғаны бүгін талассыз нәрсе. Халық характері жаңаша сапаға ие бола дамуда. Ендеше біздің ауыл туралы жазған жолдастарымыздың осы жағын ескермейтіні қынжылтады. Олар, көбінесе, ауылда өзгермей қалған патриархалдық әдет-ғұрыптың қайдағы бір елеусіз көріністерін бадырайтып көрсетеді. Қала мен ауылды бір-біріне қарсы қояды. Мұның өзі тарихи дамудың әлеуметтік сырын түсінуге кедергі жасайды. Адам мінез-құлқы қатып қалған нәрсе емес. Оның да қоғамдық өзгерістермен байланысты өзгертіп, жаңарып отыратынын, салт-санада да жаңа үлгілер туып, жаңару болатынын естен шығармау керек. Жаңа адамның адамгершілік сыпаттары, идеалы жаңа жағдайға сәйкес шындық шеңберінде көркем бейне табуы қажет.
Әдебиет сынында, әдебиеттану ғылымында өзінің ойлы, оралымды еңбектерімен танылып жүрген ғалым-зерттеуші Бекен Ыбырайымов сол жылдары бірнеше прозалык шығармаларын оқырман назарына ұсынды. Сондай, кезекті жинағына («Жаз күндері», «Жалын» баспасы, 1984) енген шығармаларының ұнамды қырларын біз ең алдымен автордың сюжет түзудегі талғампаздығы мен шығарма композициясын ұтымды құра алатындығынан аңғардык. Осы пікірді ары қарай тарқатып айтсақ, біріншіден, балалар әдебиетінің бағыт-бағдарын, уақыт талабынан туындап отырған бүгінгі зәру мәселелерін тани білетін Бекеннің өз шығармаларын өзекті идеясын, айтар ойын нақты оқиғалар аясынан таба білетіндігіне сүйсіндік. Сондықтан да, көп әңгімелердің көтерген жүгі, ұсынар сабағы мектеп жасындағы балалардың қай-қайсысының болсын жанына жақын, санасына сіңімді сезіледі.
Жинаққа енген шығармалардың ең көлемдісі – «Жаз күндері» повесі. Онда бәрімізге жақсы таныс мектеп өмірі, ауыл тіршілігі, осы екеуінің сабақтастығы, олардың балалар өміріндегі мәні, маңызы туралы сыр шертіледі.Ал шығарманың композициялық арқауы өзгешелеу құрылыпты. Жалпы, повесті тұтастырып тұрған ортақ желі, үзілмес арна барын жоққа шығармаймыз. Солай бола тұра кейіпкерлердің басынан өтетін оқиғаларды шартты түрде екіге бөліп қарауға болады. Алғашқы бөлімде мектеп жасындағы балалардың жазғы каникул қарсаңында өткен қызғылықты кездесулері, мінез-қақгығыстары қамтылса, екінші бөлімде олардың қойлы ауылға көмекке келгеннен кейінгі іс-әрекеттері суреттеледі. Оқиғалардың қоюланып, кейіпкерлердің даралана бастауы екінші бөлімнің еншісіне көбірек тиіпті. Мұнда жас кейіпкерлер Еркін мен Сәлім енді ауыл ақсақалдары Атанияз бен Ақбай, куыс кеуде қойшы Қашаубай мен шолақ белсенді Нәби сияқты үлкендер араласады. Жас балалардың ой-түсініктері, іс-әрекеттері ауыл тіршілігінің арнасында тартымды танылып, сенімді сабақталып отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |