Оқу жылы І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы. Негізгі тақырыптары мен өзекті идеялары


М. Мағауиннің"Жармақ" романының жаңашылдық сипаттары



бет59/78
Дата26.01.2024
өлшемі1.63 Mb.
#489959
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   78
аширов ответ

М. Мағауиннің"Жармақ" романының жаңашылдық сипаттары



«Жармақ» романы 2007 жылы Прага қаласында алғаш жарық көрген. Шығарма қазақ әдебиетінің есігін жаңалық ретінде айқара ашып кірді. Себебі, соны үлгіде әлі де болса қайталана қоймаған фантастикалық жанрда жазылып, қалың оқырманға жол тартқан. Шығарма 200 бетке таяу көлемде жазылған. Ұзын саны 65 тараудан тұрады. Әр тарау өз кезегінде кейіпкердің ойы арқылы екшеленіп, жалпы шығармаға қатысты идеяның бөлшектерін арқалайды.
Жазушы Мұхтар Мағауин қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосқан қаламы қарымды, сөз құнары қуатты, айтары айшықты суреткерлердің бірегейі. Қаламгердің «Жармақ» романы осы ойымызды дәлелдей түседі. Романда әлеуметтік – қоғамдық өміріміз көркемдік тұрғыда жанды кейіпкерлер арқылы бейнеленгені өз алдына, іс — әрекеттер арқылы дараланатын мінездер әлеміне көркем шығармада мейілінше қаныға түсесің.
Шығармада автордың баян еткеніндей, өзгелер үшін белгісіз, ал қаламгер үшін алаш руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың қолжазбасы негізінде жазылған романның басты кейіпкері Мұрат Бейсенұлының бейнесі арқылы туындаған оқиғалар тізбегі романның негізгі өзегін құрайды. Ең алдымен, «Жармақ» сөзінің атауы қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде бір заттың екінші бейнесі, бөлшегі мағынасында берілгендігін атап айтқанымыз жөн. Романда келтірілгендей, «жармақ» сөзі — бүтіннің бөлшегі, екінші жарымы. Иман Қазақбайдың «Қилы тағдырлар» деп аталған қолжазба нұсқасындағы романы жазушының қалауымен «Жармақ» деген жаңа атауға ие болады. Бастапқы кіріспе тарау — автордікі. Өзгелері — Иман Қазақбайдікі. Алайда, бұл авторлық көркемдік тәсіл ғана. Әйтпесе, роман заман жүгін мейілінше арқалап тұр. Мағауиндік стиль менмұндалап ерекше байқалады, сезіледі де.
Романда сол кезеңдердің басты ерекшеліктері – нанның қымбаттағаны, қанттың азайғаны, сабынның таусылғаны, ақшаның күлге айналғаны, айлық табыстың апталық табысқа жетпеуі, гиперинфляцияның, яғни ауыздықтауға болмайтын қымбатшылықтың, құнсызданудың бой бермей кеткендігі оқырмандар есіне салынады. Сонымен, шығармадағы адам сенгісіз оқиға жарықтың, кәдімгі электр шамының жалп етіп өшуінен басталады. Түнгі ұзақ жұмыс алдындағы Мұрат Бейсенұлының демалу сәті. Ас үйде, яғни бөлмеде кейіпкер шай ішіп отырады. Жоспарлаған тірлігі – ғылыми журналға Ұлы Дала тарихына қатысты әзірлеген мақаласын тәмамдау еді. Бірақ жарық сөніп қалады. Жарықтың өшуі, шынында да, ел тәуелсіздігінің бастапқы жылдарында көз үйренген жәйттердің бірінен саналатын. Үлкен қалалардың өзі қалың қараңғылық құрсауында қалатыны әмбеге аян-ды. Алайда, бұл жолғы жарықтың өшуі оқиғаға мүлдем басқаша сипат береді. Ол жай әншейін жалп етіп өшу емес, төңіректі, жан-жақты түгелдей жұтып жіберген қараңғылық шыңырауы еді. Сыртта ай да жоқ. Қап-қараңғы қара түнек. Көшелерде машина жарығы да байқалмайды. Отырған үйдің есік, қабырғасы да жоқ. Бәрін қараңғылықтың тылсым күші жұтып жібергендей. Роман кейіпкері орнынан тұрады. Асхана бөлмесіндегі столдың, мұздатқыштың қайда орналасқанын ойша, қиялша біледі. Жұмыс кабинетін де бағамдай алады. Үйде бір өзі. Үш қызы болған. Олар күйеуде. Әйелі бар. Ол сауда-саттықпен айналысады. Қазірде екеуі ажырасқан. Себебі белгілі. Табысы тапшы, атағы дардай ғылым академиясындағы қадірсіз, табысы тапшы адам әйеліне қажет емес. Әйелі мұндай күйеуді арамтамақ деп санайды. Ал роман кейіпкерінің қолынан сауда жасау келмейді. Бар-жоғы – осы. Роман кейіпкері төл халқының тарихын жасауға белді бекем буып кіріседі. Ал әйелі болса, не ғылымыңмен бол, не саудамен бол деп, бет бақтырмайды. Роман кейіпкері өзі сүйген ғылыми жұмысымен қалады. Үш бөлмелі үйлерін ажырасқан соң, айырбастап, екіге бөледі. Әйелі екі бөлмесін алады. Күйеуі аядай асхана бөлмесіне ие болады. Кітап атаулысы өзінде қалады. Заң бойынша кітаптың жартысы менікі демеген бұрынғы әйелінің пейіліне қуанады.
Роман кейіпкерінің тұрмысы одан соң, өзгермейді. Тұрмысы мен тіршілігіне жалақысы жетпейді. Үлкен қызы қол ұшын беріп тұрады. Алпысқа бет алған ер азамат пен елуге табан тіреген әйел нарық заманының құдіретімен екі жаққа бөлінеді. Сөйтіп, роман кейіпкері тас қараңғылықта өз кабинетіне бармақ болып, ілгері жүре береді. Бірақ қолы қабырғаға, не есікке тимейді. Аяғының астындағы линолиум еден де бірте-бірте түкті палас, қалы кілем сияқтанып кетеді. Роман кейіпкері, яғни ғылыми қызметкер Мұрат Бейсенұлы есі ауысқандай күйге бөленеді. Сол кезде электр жарығы жарқ етіп жанады.
Мәселе осы жарықта. Ендігіде бұл жарық бас кейіпкердің бөлмесіндегі жалғыз шам емес. Ол саны жоқ шамдарға тап келеді. Өзі кең сарайдың босағасында тұрады. Сарай іші тұнған картина, төбесі люстралармен көмкерілген. Зал іші тола салтанатты қауым. Төрде отырған кісіге бас кейіпкердің көзі түседі. Қараса, ол басқа біреу емес, дәл өзі. Дастарханның басты тұлғасы өзі екен.
Романның басты кейіпкері мән-жайды ұғып үлгере алмайды. Өзі босаға алдында. Және де өзі дастархан төрінде. Ешнәрсеге түсіне алмай тұрғанда суық жүзді сақшы жігіт пайда болады. Ол бұған қайдан келгенін, кім екенін сұрайды. Бұл өз үйінде жүргендігін айтады. Өзін таныстырады. Жарық сөнген соң, адасып қалғанын айтады. Сақшы жігіттердің бірі ешқандай жарықтың өшпегендігін түсіндіреді.
Мұрат Бейсенұлы оларға төрде отырған өзі екенін айтып салады. Той менікі дейді. Сақшылар сөзге келмей, оны су жаңа, қымбат киімдермен киіндіреді. Содан соң, салтанатты сарайға келеді. Бос орындар болмағандықтан оны бір шетке жайғастырады. Сақшылар Мұрат Бейсенұлын өзіне ұқсас төрде отырған той иесінің ағасы деп ойлап қалады. Інісінің тойында тыныш отыруын қалайды. Жастардың жанында отырған Мұрат Бейсенұлы төрде отырған өзіне ұқсас адамның есімі Марат Бейсенович екенін біліп алады. Оған байыптап қарайды. Таныс-бейтаныс бауыры, әлде сыңары, әлде жын-сайтан ба, тұп-тура дәл өзі, құйып қойғандай, ұқсас. Мұрат Бейсенұлы салтанатты сарайда көргендерінің бәрін де түсім деп ойлайды. Бірақ ол өңі болатұғын. Оған өзінің көзі жете түседі. Тойда аудан әкімі үлкен жиынға кеткендіктен, оның орынбасары құттықтау хатты оқып береді. Онда бұның, яғни өзінің өмірбаяны түгелдей қамтылыпты. Бәрі дұрыс. Бәрі өзінің өмірбаянымен сайма-сай, сәйкес. Бір кезде босағада отырған өзі мен той иесі өзінің жанарлары түйісе қалады. Сол сәтте жалп етіп, қараңғылық басады. Мең-зең болған Мұрат Бейсенұлы орнынан тұрады. Қолын соза бергенде қабырғаға саусағы тиеді. Дөңгелек түймешікті басып қалады. Жарық қайта жанады. Сол кезде өзі салтанатты той сарайында емес, аядай өз бөлмесінде отырғанын байқайды. Әлгінде ғана той дастарханында отырғаны құрғақ қиялы әлде түсі ме десе, олай емес. Үстінде қымбат смокинг. Аяғында қара былғары туфли. Сәлден соң, салтанат сарайына Мұрат Бейсенұлының қайтадан барғысы келеді. Жарықты өшіреді. Ғайыптан келген орнына барып тұрады. Бірақ ешнәрсе өзгермейді. Бәрі баз-баяғы. Салтанат сарайының есігі ашылмайды. Жарқ-жұрқ еткен люстралар көзге көрінбейді. Романда екіге бөлінген басты кейіпкердің болмысы – оның драмасы, азабы, бәлкім, трагедиясы дер едік. Адам жанының екі бейнесі, қос тұлғасы тұтастық емес,жарқыншақ ой, жартыкеш тірлік іспеттес. Жармақ бейнесі өмірде, тіршілікте еш опа берместей ой қалдырады. Сезімді баянсыз, тұрлаусыз күйге түсіргендей хал-ахуалға бөлейді. Мұрат келер күндер ішінде Балжанмен де,Маратпен де жолығысуды жөн көрмейді.Әркімнің өзіне ғана тән өмірі бар екенін анық аңғарады.Десек те,Марат бұны іздеп келеді.Екеуі әңгімелеседі.Мұрат Мараттан Балжанды қалай көндіргенін сұрайды.Мұрат та,Марат та о баста бір адам екендігі, тұтас бейне екендігі романда айқын көрінеді.Мәселен,Мұрат поездан кешігіп ұйықтап жатқанда, Марат қатты қынжылады. Ойына, санасына Балжанның салмақ салғаны соншама, ол жайлы түс көреді. Түсінде Балжанмен бірге вагон ішінде болғаны, тойдан соң, санаторийде бірге демалғаны, бөлме ішіндегі перде сыртында бір адамның жасырынып тұрғаны, бәрі-бәрі де Мараттың өңінде болғанын оның өзіне айтқан әңгімесінен ұғады. Мұраттың түсі-Мараттың өңі. Екі бейненің қиялы мен шынайы іс-әрекеті айна-қатесіз орындалып жатады.
Жазушы Мұхтар Мағауиннің “Жармақ” романы қазақ әдебиеті үдерісіндегі жаңа әрі соны көркем туынды. Бүгінгі көркемдік- шығармашылық тәсіл тұрғысынан қарағанда философиялық , психологиялық реализм фантастикамен, қиялмен, түс көрумен, мифпен ұштасқан. Әлемдік әдебиеттегі осынау постмодернистік бағытта жазылған Мұхтар Мағауиннің “Жармақ” романы қазақ әдебиетіндегі соңғы жылдар ішінде дүниеге келген біртұтас көркем туындылардың ішіндегі алғашқы қарлығашы деуімізге болады.Бұл орайда қазақ оқырмандары төл тілімізде постмодернистік үлгіде жазылған тың көркем шығармамен бетпе-бет қауышуы,әрине,қуаныш әрі үлкен мәртебе.Қазақ әдебиетіне әлемдік әдеби қалыпқа сайма-сай келетін және күрделі жанрда жазылған тағылымы мол шығарманың дүниеге келуі — әдебиетіміздің өміршеңдігін әрі баяндылығын танытады.Роман классикалық кейіпкерлермен емес,болмысы саналуан,тұтастықтан ада кейіпкерлер әлемін суреттеуімен ерекшеленеді.Бүгінгі көркем әдебиеттегі үдерістің бір көрінісі де осындай қасиетімен айшықталады.Рас,классикалық әдебиет рухында өнеге алған оқырмандар үшін постмодернистік бағыттағы шығарма әлеміне емін-еркін еніп кету де оңайға соқпасы мәлім.Десек те,әлемдік әдебиет үдерісінен шет қалмау қажеттілігін де есте тұтқанымыз жөн.




  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   78




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет