Испанияның экономикалық және саяси өмірінде басталған дағдарыс ХVІІ ғасырдың орталарында күшейе түсті. Мемлекеттің
бұрынғы құдіреті мен даңқынан ештеңе де қалмады. Феодалдық- католиктік қысымның шабуылы нәтижесінде ХVІ ғасырдың аяғында дүниеге келе бастаған барокко әдеби ағымы енді жетекші бағытқа айналады. Өнер мен әдебиетте суреттелген шаттық, қуаныш орнын күрделі көріністер алады. Сәулет пен сурет өнерінде реализмнен шеттеу, өмірден алыстау, қандай да сырлы оқиғаға берілу күшейеді. Испанияның осы дәуіріндегі рухын, гуманизмнің дағдарысын бейнелеген соңғы ірі жазушы Кальдерон болды. Дон Педро Кальдерон де Ла Барка 1600 жылы Мадридте ежелгі дворян әулетіне жататын отбасында туды. Он жасында анасынан жетім қалды. Алғашқы білімді иезуиттер мектебінде алады, соң Саламанка университетінде оқиды. Бірақ оны тастап кетеді. Әскери қызмет те атқарады. Италия мен Фландрияға қарсы жасалған жорықтарға қатысады. Дворян жігіттерге тән өмір сүріп, өзара жанжалдарға араласады, діндарларды балағаттағаны үшін абақтыға қамалып та
шығады.
Кальдерон драмалық шығармалар жазуға өте ерте кіріседі. Лопе де Вега бұл жас жазушының талантына жоғары баға береді. Лопе қайтыс болған соң ол Испаниядағы талантты драмашы ретінде даңққа бөленеді. 1636 жылы сарай драмашысы атағын алады.
Кальдерон 200-ден аса пьеса жазған, солардан 120-на жуығы тұрмыстық, 80-ге жуығы діни мазмұндағы және 20-ға жақыны интермедия секілді сахна шығармаларына жатады. Ол 2 поэма мен лирикалық өлеңдер де жазған.
Кальдерон Лопе де Вега дәстүрлерін жалғастырушы болса да, бұл екі жазушының шығармашылығында айтарлықтай өзгешеліктер бар. Кальдерон алғашқы пьесаларын көпшілік көрермендерге арнап қала театрларына тапсырғанымен, кейін тек сарай театрына арналған шығармалар жазды. Оның шығармашылығы испан гуманизмінің дағдарысқа бағыт алғандығының көрінісі сипатында танылады.
Барокко ақыны Кальдерон драмашы ретінде діни рухтағы пьесалар жазды. «Әулие Патриктің өмірі», «Пұтқа табыну»,
«Ержүрек шахзада», «Өмір деген түс», «Алаяқ сиқыршы» пьесаларында феодалдық зұлмат пен католик діндарларын бейнелейді. «Айлакер сиқыршыны» Маркс «Католиктер Фаусты» деп атады. Одан Гете өз «Фаустына» жекелеген жайларды ғана емес, бүкіл бір бүтін көріністерді де алды.
Кальдерон тұрмысқа шынайы қарай алмаса да, шығармаларында
оның әдеби таланты айқын көрінеді. Мәселен, «Әулие Патриктің өмірі», «Пұтқа табыну» пьесаларында көп қылмыстар жасаған қылмыскерлер тылсым күштің араласуы нәтижесінде жазадан құтылып кетеді.
«Алаяқ сиқыршыда» жанын шайтанға сатқан адам туралы ертегі хикаяланады. Кальдерон пьесасы Фауст туралы неміс халық кітабында суреттелген аңыздан ерекшеленеді. Халық кітабында Фауст дүние сырларын білуге ұмтылған, әділетсіздіктерге жиіркенішпен қараған жан сипатында беріледі. Кальдеронның
«Католиктер Фаусты» деп аталған «Алаяқ сиқыршы» пьесасының қаһарманы Киприан ләззат үшін шайтанмен одақтасып, соңында қылмыстарынан азапқа түсіп, христиандықты қабылдайды. Фаустың өлімі аянышты болады, Киприан болса дін жолында жанын қинауға салып, мерт болады.
«Ержүрек шахзада» пьесасында да тұрмыстық оқиғалар діни мәселелермен араласып кетеді. Маврлар қолына тұтқынға түскен португал шахзадасы Фернандо корольге қиянат жасағысы келмейді. Король оның азаттығы үшін бір қаланы бермекші болғанда, бірақ Фернандо мұндай масқара бостандықтан өлімді абзал көреді. Фернандоның отан алдындағы адалдығы, жазушының түсінігінде, оның жеке мүддесінен жоғары тұруы керек.
«Өмір деген түс» пьесасында діни тақырып шығарманың реалистік мазмұнымен сәйкес келеді. Өз ұлы Сигизмундтың болашақ тағдыры туралы мәліметті (көріпкелдер шахзаданы залым, қанішер болып жетіледі, дейді) естіген король Басилио Сигизмундты түрмеге қамайды. Бірнеше жыл өткен соң, король ұлы туралы мәліметтерге күдіктене бастайды. Шахзаданы азаттыққа шығарып, мемлекет билігін оған сеніп тапсырады. Король сарайында оянған Сигизмунд өз құзырында түрменің жауыз бастығын көреді. Сарайдағы барша жұрт оның бұйрығын орындауға дайын тұрады. Бұл жағдайлар Сигизмундтың ашуына тиеді. Өйткені, жұлдызшылар жорамалына байланысты өзінің жазықсыз жәбір көруі әділдік емес еді. Енді Сигизмунд сотқарларша әрекет жасайды, өзіне қарсы келген қызметшіні зынданға тастайды, айналасындағылардың өміріне қауіп төндіреді. Әкесін де аямайды. Король Басилио оны қайырымды болуға шақырады. «Сен ұйқыда шығарсың, түс көріп жатқан болуың да мүмкін» деген сөздер бірнеше рет қайталанады. Ақырында ұлын дұрыс жолға сала алмайтындығын түсінген әке, ұйықтататын дәрі
беріп, оны қайтадан түрмеге қамайды. Сигизмунд басынан өткен оқиғаларды түсімде көрдім деп ойлайды. Бақыт туралы ойлау, өмір сүру үшін ұмтылу мағынасыз екен, деген қорытындыға келеді. Епті, жігерлі Сигизмунд пьесаның соңында момын, тағдырға көнген жігерсіз жан болып көрінеді.
Сигизмунд аллегориялық образ, шынайы адамға мүлде ұқсамайды. Ол орта ғасырларда бейнеленген күйзеліске түскен періште-шайтанға өте жақын бейне. Шығарма басында ол күрескер образ, пьесаның ақырында болса жеңілген, тәубеге келген күнаһар. Бірақ философиялық-діни мазмұндағы бұл драмада жазушы адамды қызықтыратын маңызды мәселелерді қозғайды, терең ізденістерге түседі, қаһарманның ішкі рухани толғаныстарын көрсетуге ұмтылады. Сигизмунд өмір қасіреттерне душар болғандықтан дана болады және ар-ождан азабын тартады. Сол себепті шығарманың реалистік мазмұны оның діни мазмұнынан басым тұрады.
Кальдерон ар-намыс мәселесіне арналған бірнеше драма жазды. Лопе де Вега өз замандастарын қызықтырған отбасы және ар- намыс мәселесін «Айрылысу қаупі», «Намыс жеңісі», «Намыстан азаптану», «Рухани жаза», «Өз үйінде данышпан», «Жаза өш алу емес» сияқты пьесаларында көтереді. Бұл туындылардың кейбірінде («Намыстан азаптану», «Намыс жеңісі», «Жаза өш алу емес») ХVІІ ғасырда болған оқиғаларға негізделіп, әйелден қатты өш алуды суреттесе де, жазушы ата-ана тарапынан зорлап ерге берілген қыздың тағдырына («Жаза өш алу емес», «Би мұғалімі») аянышпен қарайды. Лопе «төгілген қан жүрекке түскен дақты жуа алмайд» деген пікірді көп қайталайды. Ерінің күдігі негізсіз болғанын суреттеген пьесаларын жазушы ерлі зайыптылардың жарасуы, ерінің өз қателіктерін түсінуін баяндаумен («Айып – дәлелдерде»,
«Айырылысу қаупі») аяқтайды. Бірақ Кальдерон бұл мәселені басқаша шешеді. «Өз арының дәрігері», «Өз арсыздығының шебері», «Жасырын балағаттауға – жасырын кек қайтару»,
«Қызғаныш – үлкен жауыздық» және басқа пьесаларында ар-намыс туралы дәстүрлі қағидалар өз көрінісін табады. Осы қағидалар
«намыс өте әлсіз, ол сәл нәрсеге сынып кетуі мүмкін» деген пікірге негізделген еді. Намыссыздық адам бойындағы ең масқара кемшілік. Абыройға дақ түсіретін оқиға туралы адамдарда қандай да бір күдік туылса болғаны, онда осының өзі-ақ кек қайтару үшін жеткілікті болып жатыр. Осы жолмен ғана адам намысына түскен
қара дақты жуа алады. «Өз арының дәрігері» драмасы негізінде міне осындай пікір жатады. Пьесаның бас қаһарманы дон Гутьерре күдік нәтижесінде күнасыз әйелі Менсияны өлтіреді және қанды қолдарын есікке басып, қылған ісінен белгі қалдырады. Қанішер дон Гутьерре жасаған қылмысын корольге сабырмен айтып береді.
«Өнері бар кісі, мәртебелім, есікке өз таңбасын қағып қояды. Өз кегімді қайтарған мен қанды қолыммен есікте белгі қалдырдым. Өйткені, мәртебелім, ар-намыс қан мен ғана жуылады». Дворян намысын қорғаушы дон Педро дон Гутьерренің бұл қылмысын мақұлдайды. «Өз арсыздығының шебері» драмасында да осындай пікірлер ұсынылады.
Кальдерон діни-философиялық драмаларынан басқа,
«Көрінбейтін әйел», «Өз үйінде қамауда», «Екі есікті үйді бақылау қиын», «Ақырын аққан судан сақтан» сияқты «Плащ пен семсерлер» топтамасындағы комедияларында махаббат пен тұрмыс қуаныштарын көтеріңкі рухта суреттейді. Қаһармандардың бақыт жолындағы арман-тілегі кездейсоқ оқиғалармен байланысты болса да, бұл комедияларда қызықты қиял-армандар, таңғажайып көріністер және даналық сөздер арқылы жазушы өзінің гуманистік пікірлерін баяндайды. Ғашық жастардың алдында тұрған әрқандай кедергілерді жеңу үшін күрестері реалистік бояулармен суреттеледі. Көңілді, мазмұны жеңіл, көрермен назарын өзіне тартатын
«Көрінбейтін әйел» комедиясында Кальдерон ағаларының қарсылығына қарамастан (Хуан, Луис) өз сүйіктісі үшін күресіп, мақсатына жеткен дана донья Анхеланың әрекетін шебер көрсетіп, отбасы намысын қорғамақшы болған дон Луистің мағынасыз әрекеті мен күдіктерін күлкіге айналдырады.
Реалистік көрініс, характерлердің ұқыпты жасалғандығы және терең демократизмімен ерекшеленетін ең көрнекті драмасы
«Саламей алькальді» шығармасында жазушы шаруа мен бай ортасындағы қақтығысты көрсету негізінде, ар-намыс тақырыбын өзгеше талқылайды. Соның үшін де өз сюжетімен бұл пьеса Лопе де Веганың «Қой қайнары» драмасында бейнеленген оқиғаға жақын келеді.
Оқиғаға шынайы қараған Кальдерон шаруалардың ар-намысы күшті екендігін суреттеуге ерекше назар аударады. Педро Креспо өзінің шаруалардан шыққандығына мақтанады және ар-намысы жоқ жандарға жиіркенішпен қарайды. Офицердің «шаруаларда қандай
ар-намыс болуы мүмкін» деген сөздеріне Педроның ұлы Хуан:
«Сізде қандай болса, дәл сондай! Шаруасыз капитан не істей алады?» деп жауап қайтарады. Бұл сөздер жазушының феодал-зодагондарға жиіркенішпен, ал қарапайым жандарға үлкен құрметпен қарағанын дәлелдейді. Герцен «Саламей алькальдін» оқып шыққан соң (1844), өз күнделігіне: «Мұнда заң туралы осыншалық мол пайымдаулар бар екен, испан плебейі ұлы да дана ғой, шіркін!» деп жазып қойған еді.
Кальдерон мемлекетте күйзеліс күшейген дәуірде жасағандықтан, оның шығармашылығында қайшылықтар мол болды. Онда барокко ағымына тән болған көріністер де кездеседі. Бірақ оның діни-философиялық, отбасылық-тұрмыстық, қызғаныш пен ар-намыс тақырыбына арналған пьесаларының мазмұны әрине, жазушыны католик танымына толық бағынған және оның белсенді насихатшысы болды деген пікірлерге алып келмеуі тиіс. Драмашыдағы үмітсіздік өмірге қанағаттанбағандықтың нәтижесі еді. Кальдеронның драматургиясында Лопе де Вега шығармашылығына тән болған тұрмыс қуанышы көрінбейді. Гете қойылған мәселелердің маңыздылығы, идеялық мазмұнның кеңдігімен ерекшеленетін «Ержүрек шахзада», «Өмір деген түс» пьесаларына жоғары баға беріп, Кальдеронды «Ұлы драмашы ақын» деп атайды.
Жазушының шығармаларында көтерілген маңызды философиялық пікірлер, қаһармандардың ішкі жан-дүниесін шеберлікпен ашу, лирикалық моменттер – Кальдероннның драмашылық талантын дәлелдейді. Кальдерон - феодалдық- католиктік қысым күшейген дәуірде жасаған, гуманизмнің дағдарысын суреттеген ХVІІ ғасырдағы испан әдебиетінің ең соңғы өкілі. ХVІІ ғасырдың аяқтарында испан театры толығымен күйзеліске ұшырады. Кальдерон 1681 жылы қайтыс болды.
Достарыңызбен бөлісу: |