Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»


Алғашқы мемлекеттiң пайда болуы дәуiрiндегі әдебиет



бет10/110
Дата15.11.2023
өлшемі1.32 Mb.
#483316
түріОқулық
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   110
Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті» м-emirsaba.org

Алғашқы мемлекеттiң пайда болуы дәуiрiндегі әдебиет

Гомер заманынан басталып, Гесиод жасаған дәуірде едәуiр күрделенген гректер өміріндегі әлеуметтік топталу б.з.б. VІІ- VІ ғасырларда мүлдем өрши түседi және бүкiл грек жұртында iрi әлеуметтiк қозғалыстарға, саяси төңкерiстерге алып келедi. Төңкерiстер дәуiрi болған VII-VІ ғасырлар ескi грек қоғамдық құрылысына тойтарыс берiп, құлдық негiзге құрылған жаңа таптық қоғамның пайда болуына iргетас болады.



Бұл қозғалыстардың басты себебi – тiршiлiктiң негiзгi арқауы болған жер мәселесi едi. Ол кезеңдерде Грекияның барлық аймақтарындағы құнарлы жерлер толығымен ақсүйектер қолына өткен болатын. Күйзелiске ұшыраған шаруалар өте ауыр тұрмыстық жағдайларға қарамастан, лажсыздықтан ақсүйектердiң жерлерiн жалға алып еңбек етедi. Аристотельдiң айтуына қарағанда, Аттика аймағында «байлар мен кедейлер ортасындағы теңсiздiк шиеленiсе түседi, халықтың барлығы дерлiк байларға қарыздар едi. Кейбiреулерi жерден алынған өнiмнiң оннан алты бөлiгiн жалға төлесе, көпшiлiгi қарыздан құтыла алмай отбасымен бiрге байлардың басыбайлы құлына айналады. Осыдан соң байлар оларды қаласа өз жерiнде жұмсады, қаламаса өзге бiреуге сатып жiбердi». Мұндай озбырлық халық арасында ақсүйектерге деген наразылықты оятып, оларды қанды көтерiлiстерге аттандырды. Екiншi жағынан, мемлекетте халық санының күрт өсуі нәтижесiнде, әлеуметтiк мәселелер қиындап, жаңа тiршiлiк көздерiн iздеу қажеттiлiгiн күшейтедi. Гомер заманында басталған жер иеленушiлiк әрекеттер жаңа дәуiрге келгенде өрши түседi. Б.з.б. VI-ғасырдың бастарында Жерорта және Қара теңiз жағалауларында, Балқан бойында, Сицилия, Италия және т.б. жерлерде гректерге бағынышты жерлер пайда болды. Осындай жерлердiң көбеюi өзге халықтармен мәдени және сауда қатынастарын жүргiзудi күшейтедi.Бұл жағдай өз кезегiнде мемлекеттiң iшкi экономикалық өмiрiн жандандырады: жаңа жерлердi тауармен қамтамасыз ету талаптарын туғызады, сол арқылы байлығын молайта түсудi көздеген ептi, iскер адамдар үлкен кәсіпорындар ашады. Сол кәсіпорындарға сырттан көптеген
құлдар әкелiнедi. Ендi грек жерiнде бұрын мүлдем болмаған жаңа бiр әлеуметтiк топ – iрi саудагерлер, кәсіпкерлер пайда болды.
Мақсат пен мүдде тұрғысынан ескi зодагондарға қайшы келетiн мiне осы құдiреттi жаңа топтар еңбекшi шаруалармен бiрiгiп, iрi жер иелерi болған ақсүйек байларға қарсы бас көтередi. Грекияның шет аймақтарында көтерiлген төңкерiсшiл қозғалыстар үлкен шайқастарда шыңдала түсiп, кейбiр қала-мемлекеттерде үкiметтiң тирандар қолына өтiп кетуiне кең жол ашады (қазiргi күнде
«залым» мағынасында қолданылатын «тиран» сөзi, сол дәуiрлерде халықтың ақсүйектерге қарсы күрестерiнде басшылық қылған адамдарға берiлген құрметтi атақ болып, «көсем», «жолбасшы» мағыналарында қолданылған). Ақсүйектер билiгiнiң құлауында тирандар өте маңызды қызмет атқарған. Бiрақ шексiз билiк оларды бiрте-бiрте залым қанаушыларға айналдырып, тирандық басқарудың құлдырауын жылдамдата түседі.
Тирандық биліктің өмiрi қысқа болғанымен, грек қоғамын демократтандыру тарихында өзінің терең iзін қалдырды. Ақсүйектердiң әрқандай артықшылықтарын жою, шаруаларды қарыздан құтқару, зодагондардың мүдделерiне қайшы жаңа заңдарды жариялау iстерi тирандардың қызметтерiмен тығыз байланысты болды.
Грекиядағы экономикалық және саяси өзгерiстер адамдардың талабын, олардың өнер, әдебиет, ғылымға деген көзқарастарын түбегейлi өзгертiп жiбередi. Болып жатқан оқиғалардың мазмұны өте кең әрі терең едi. Ендiлiкте оларды күнделiктi өмiрге жат болған және тек ғана құдайлар мен батырлардың басынан кешiргендерi туралы хикаялайтын жырлар шеңберiне сыйғызудың мүлдем лажы қалмайды. Сансыз саяси төңкерiстер тасқынында туған жаңа адамның талабы да, сезiмдерi де, айналасындағы оқиғаларға көзқарасы да Гомер заманында өмiр сүрген адамдардiкiне тіпті де ұқсамайды. Бұлар ендi қоғамдық өмiр тұңғиығына батып кеткен жандар емес, ал өзiнiң кiм екендiгiн аңғарған, өмiрден өз орнын iздеген, нағыз адамның қадiр-қасиетiн түсiнген жаңа адам едi. Соның үшiн бұл адам өнерде де, әдебиетте де өз жүрегiнде жалындап тұрған арман-тiлектiң, сезiмдердiң бейнесiн көрудi қалайды. Сондықтан, сол дәуiрдiң маңызды әдеби жанры ретiнде ең алдымен лирика пайда болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   110




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет