Оқулықнама Аңдатпа



жүктеу 4.93 Mb.
бет1/19
Дата09.06.2016
өлшемі4.93 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
1-бөлім

Абдул-Хамид Ф. Мархабаев

Қазақ қиялының «жүріс – тұрыстары»
фантастика жанры: тарих және теория
оқулықнама

Аңдатпа
Алдарыңыздағы монография – қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының айнасы. Оның басынан кешкен «тіршілік жолдары» – Әдебиет әлеміне келуі, дамуы, кемелденуі, сөз өнерінің басқа салаларымен сабақтастықтары зерттелген.

Кітап қазақтың қисынды қиялының сан алуан бекзаттық, ғылыми танымдық, басқа да қыруар сиқырлы қасиеттерін білуге құмар оқырмандарға, әдебиет зерттеушілеріне, жастарға арналған. Жоғары мектептердегі гуманитариялық факультеттер студенттері үшін оқу құралы есебінде ұсынылған.



Мазмұны
Қабдолов З. Фантастика келбетін кескіндеген4

Протофантастика: ауызекі әдебиет6

Жанр жіктеуі29

ӘФ: Әлеуметтік фантастика69-144

ӘФ – поэзияда69

ҒФ – прозада104

ҒФ: Ғылыми фантастика144-221

Планета проблемалары – ҒФ-да144

Космос тақырыбы – ҒФ-да186

Сөз соңы222

Құпиясы қиялдың қатпар-қатпар230

Көз қырын тастап ертеңге...235

Ел-елде қиял басқа245

Қиял да бүгіннен бастау алады269

Жанр жанашырлары273

ФАНТАСТИКА КЕЛБЕТІН КЕСКІНДЕГЕН
Сөз өнерін сүюші қауым, қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрында Мархабаевтың қаншалықты еңбек сіңіріп жүргенінен хабардар болар. Ол өткен ғасырдың 60-шы жылдарында әдебиетімізге екпіндей енген жас қиялгер-жазушылар легінің ең алдыңғы шебінен табылған-ды. Және тек қана көркем шығармалар жазумен шектеліп қалмай, біз үшін “тұмса жанр” – фантастиканың тарихы мен теориясын қарастыра бастады.

Қазақ әдебиетін зерттеу тарихында осы салада тұңғыш кандидаттық диссертация қорғады. Ол “Қазақ әдебиетіндегі фантастиканың қалыптасу жолдары мен даму тенäенциялары” деп аталады. Қазақ әдебиеттану шаруашылығы хақында әңгіме қозғалса, әдетте, жанрдың әлі де жастығы ауызға алынады. Бұл аса дәл дәйектеу емес: оның туу және жасаң дәуірлері баяғыда артта қалған. Қазірде ол жан-жақты дамып-өрістеу және шарықтау процесін бастан кешіруде. Бұл жағдайды Мархабаев фантастика жанрын зерттеуінде де растап берді.

Ол жұмысында ізденуші әуелі әдебиеттің кез келген саласы секілді, фантастикалық туындылардың сонау бастауы фольклорда екеніне қыруар мысалдар келтіріп, дәлелдеп шыққан. Ауыз әдебиетінің көптеген фантастикалық идеяларының біздің авторларымыздың творчествосына өзек болған жәйттерін айқындаған.

Сонымен қатар қазақ жазба әдебиетіндегі фантастиканың даму дәуірлерін де бірінші боп жіктеген Мархабаев. Қазақ әдебиетінің күллі туу, қалыптасу, даму процестерімен байланыстыра, сабақтастыра отырып, жеке фантастиканың жүріп келе жатқан творчестволық жолын кезең-кезеңге бөлгені де талас тудырмауы тиіс. Бұл – дегеніңіз өзінен кейінгі фантастикатанушылар үшін бағдаршам болар деген сөз.

Содан бергі едәуір уақыт бойы ізденуші докторлық диссертациясының тақырыбын “Қазақ әдебиетіндегі фантастика поэтикасы” проблемасына арнады. Ол үшін, керек десеңіз, тіпті күллі әдебиет процесінің анасы боп табылатын қиял-ғажайып ертегі, эпос, аңыздары қайтадан, бұрынғы кандидаттық диссертация талап еткен деңгейден де тереңдей, кеңінен қарастырды.

Әрине, сонау баба Қорқыт іздеген бүгінгі герентология ғылымының нысанасы – саналы да белсенді өмір сүру шегін ұзарту, Асан қайғы қиялдаған “қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын” Жерұйық, Жиделібайсын секілді арман елін таңдау проблемаларын көтерген туындылардан бастап, бүгінгі Ш.Әлімбаевтың “Данышпандық алфасынағы” академик Бөпеғалиев, М.Сәрсекеевтің “Жетінші толқынындағы” өнертапқыш Досжановтарға дейінгі әлеуметтік фантастиканың жүгін көтерген дүниелердің теориялық тұғырнамасы дәйекті зерттелген.

Ғылым мен техника дамуындағы жаңа кезең, яки космос дәуірі фантастикалық әдебиет тақырыбын да тың өріске шығарды: бұрынғы жадағайлау арманға енді нақты ғылыми деректер араласты, аспан туралы аңқау қиялға бүгінде астронавтика, астроботаника, астрофизика, космос медицинасы секілді ғылымның жаңадан өркен жайып келе жатқан тың салалары арқылы байсалды есеп араласып, ақиқат өлшем мен мөлшер берілді.

Соны қазір қазақ қиялгерлері өз шығармашылықтарымен дәлелдеп отыр. Бүгінгі таңда диссертанттың өзі бастап (бірақ, жұмыста өзінің жазушы есебінде шығармалары турасында бір де бір сөз жоқ), Ш.Әбдіраман, Р.Бектібаев, Ж.Сахиев, Т.Шаханов, С.Исақов тағы көптеген қиялгер-жазушылар боп, қазақ әдебиетіндегі ғылыми фантастиканың негізін салып келеді. Осы творчестволық процесс жұмыста орнықты талданып, сәтті теориялық түйіндеулер жасалған.

Әсіресе, жанр жіктеуіне арналған тарауы тек қазақ әдебиетіндегі аталған жанрдың ғана емес, күллі планеталық көлемдегі сыр-сипатын айқындауға арналған. Рас, фантастикалық әдебиет жөнінде сыни кітаптар, монографиялар жазылып жатқаны белгілі. Алайда, олар көбіне-көп жеке-дара классик-қиялгерлердің творчествосына немесе белгілі бір кезеңде жарық көрген шығармаларға шолу-кітап түрінде болып келеді.

Ал, жалпы жанрдың поэтикасы хақында жинақы дәйектеме жасаған жалқы авторды көрген емеспіз. Еңбекте сол әлгі фантастикатанушылардың, қиялгер-жазушылардың өздерінің немесе жанр турасында пікір білдірген іргелі ғылымын жасаушы оқымыстылардың әр жерде шым-шымдап айтқан пікірлері, құдды бір зергер-ювилер тәріздес, ұсынақты жиналып, бір ізге салынып реттелген. Солардың нәтижесінде бүкіл әдебиетте, оның ішінде қазақ әдебиетінде де, осы жанрдың әлеуметтік фантастика (ӘФ) және ғылыми фантастика (ҒФ) салалары қалыптасқаны тұжырымдалады.

Тоқетері: әдебиетіміздегі тұтастай бір жанрдың метағылымы – тарихы мен теориясы кескіндеген кітап – қолдарыңызда.
З.Қабдолов,

ҚР ҰҒА-сының академигі,

филология ғылымдарының докторы,

профессор

02.08.04
ПРОТОФАНТАСТИКА: АУЫЗЕКІ ӘДЕБИЕТ

Әдебиетшілік дарыны ерекше жазушы В.Б. Шкловский өзінің В. Маяковский хақында жазған естеліктерінің бір жерінде былай дегені бар: «Егер бізді ертең елу жыл алдымыздағы уақытқа сапарға жіберсе, сол келешектен біздің көбіміз бұрын өтіп кеткен заманымызды әкелер едік». Демек, қандай бір әдебиеттің болмасын күн тәртібінде тұрған мәселелерін қозғағанда, оның ертеңгі шығар межесін болжағанда, оның кешегі өткенін алдымен ауызға алу міндет болса керек. Бұрынғыны білген адам ғана ертеңді жорамалдай, болжалдай алады.

Демек, біз ертеңгі, арғы күнгі тірлікті сөз қылмастан бұрын, кешегіге, бұрынғы күнге жүгінуіміз тиіс. Мәселе, осыған тірелді екен, онда ең бірінші ауызға аларымыз сол жүздеген жылдықтардың бұлтартпас айғағы – ертегілер болмақ екені даусыз. Демек, жалпы әдебиеттегі фантастика жанры хақында әтібірлі сөз қозғау үшін ең алдымен сол ертегілер, әсіресе, қиял-ғажайып ертегілер турасында, оның күллі кез келген халық атаулының бәріне жасаған игілікті ықпалы турасында, керек десеңіз, гомо сапиенс – саналы адам дәрежесіне жетуге бірден-бір қамшы сол ертегілер турасында сөз қозғаймыз. Өйткені, тек маман-фольклоршылар ғана емес, беделді бір анықтамалық растайтындай, «қиял-ғажайып ертегілер – халық прозасының ең көне жанрының бірі... Қиял-ғажайып ертегілерде алғашқы қауымдық қоғамдағы адам баласының арманы қиял-ғажайып бейнедегі образдар арқылы беріледі» /Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. Екінші басылуы. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 212 б./.

Профессор Б.Кенжебаевтың: «Ертегі деген нәрсе халықтың әлеуметтік-қоғамдық тұрмыс-тіршілігінің жемісі, нәтижесі. Сондықтан да әр халықтың тарихтық, экономикалық-әлеуметтік дамуы дәрежесіне, соған сәйкес мәденитінің салт-санасының дәрежесіне лайықты болады. Оларда азды-көпті сол өзін жасаған жағдайдың ізі, ен-таңбасы болады» /Кенжбаев Б. Қазақ ертегілері // Әдебиет және исскуство. – 1940. - №1. – 79 б./, – деген тұжырымдауын еске алсақ, қазақ халқы ежелгі бастан-ақ асқақ арманның иесі болған деп білеміз. В.Г.Белинскийдің пайымдауынша да, батыстан шыққан ертегілерде рыцарлық сипат бар дағы, шығыс ертегілерінде фантастикалық қасиет басым жатса керек.

Мұның өзі қазақ халқы о баста өзінің творчествосын ауыздан-құлаққа таратып жүргенде-ақ арман, қиялына зор көңіл бөліп, оны бір бүйірінде мәңгі сақтаумен келгенін дәлелдейді. Өмірге келген тұсын адам ажырата білуі екіталай ескі заманның арманын паш еткен туындылары біздің бүгінімізге қаймағы бұзылмай жетіп отыр. Олар көнеріп, тек тарихтың ескікөз ескерткіші есебінде ғана бағаланбайды. Сол тұстағы нағыз батыл деген фантазияның жүзеге асқан қазіргі күнінде олардың қадірі біз үшін артық.

Шамасы, бағзыдағы бабалар өздері тұрғызып кеткен ескерткіштерден гөрі, аңыздарға көбірек үміт артқан. Өйткені: үн-түнсіз ескерткішке кез-келген түсіне бермейді. Ал ауызекі аңызға жұрттың бәрі түсінеді. Тас ескертіш қирап, көзін жоғалтады, аңызды ұрпақтан ұрпақ естіп, ұмыт болмайды. Тас ескеркішті көресің де кетесің, ал аңызды жүрген жерде айта жүресің. Сөйтіп, бір ұрпақтың тарихы – екінші ұрпаққа, бір елдің хикаясы екінші елге жетеді.

Бізге белгісіз әдебиетші өз кезінде әділдікті қақ жарып, ащы шындықты «быж» еткізіп бетіне басып айтуға именуі де мүмкін. Соның ақырында келіп ертегі туады. Қазіргі біздің біріміз сеніп, біріміз сене бермейтін ертегі туады. Кейбіреулер кісі нанғысыз қисынсыз нәрсені «ертегі» деп атап, өздерінше ұнамсыз айдар таққан болады. Алайда білімдар, сауатты адам ертегінің ішінде нағыз ойдан шығарылған деп есептелетін қиял-ғажайыптарына, көпшілік жұрт тәріздес, «қисынсыз» деп қолын бір сілтеп жүре бермейді. Мұны әдебиетіміздің тарихы талай-талай дәлелдеп берген.

Н.Г.Чернышевский «Өмірдің өнерге эстетикалық қатысы» тақырыпты диссертациясында осы турасында былай деп жазады: «...Қиял бізді өмірде жұтаң болғанымызда ғана билеп алады... Төбемізде жақсы үй түгіл, тіпті жеркепе жоқ кезде қиял өзінің аспанмен тілдескен ақордасын салады... Өмірдегі күйкі тірлік – фантазиядағы өмір бұлағы» /Чернышевский Н.Г. Собр. соч. В 16-ти томах. Т.2. - М.: Советский писатель, 1949. – 36 б./. Бұл жерде ұлы ойшыл адам «қиял» атты теңдесі жоқ алып күштің бунтарьлық қасиетіне көбірек көңіл бөледі. Өзі жоқшылықтан, жетімсіздіктен туып алып, сол туған ортаға наразылық жасайтынын айтады.

Дегенмен, қиял өзін дүниеге әкелген ортадан өңеш-жалаңаш, «қол жуып» шарықтан шығып кетіп, белгісіз бір кеңістікке де, уақытқа да бағынбайтын вакуумде тұрып алмайды. Бұлай деу – қиялдың кешегі туған тегін жоққа шығару, оның ертеңгі күні жүзеге асатынына күмән келтіру болып табылады.

Осы ретте М.Горькийдің мына бір дәйектемелері ойға оралады: «Ішінде шындық кездеспейтін қиял жоқ, шындық пен тілек: аңнан адам әлсізірек – демек, адамға аңнан күшті болу керек; алып аңдар аспандағы құсты ұстай алмайды, осының ақырында ұшу, жермен шапшаң жүру – «желмая етік», «ұшқыр кілем» т.с.с. армандалды... Ертегі гипотезаның прототипі іспеттес» /Горький М. Собр. соч. В 30-ти томах. Т.27. – М.: Советский писатель, 1953. – 105 б./.

Бір ескеретін жәйт – біз «ертегі – тұтасымен шындық» деген пікір айтудан аулақпыз. Әңгіменің қайымына қарай осы жерде ғалым В.Я.Пропптың айтқанын желеу тұтуға болады. Фольклор зерттеуші белді оқымыстылардың бірі: «Ертегі ешқашан нағыз шындыққа баланып көрген емес: ертегі – үстеме, ол тек қана ойдан шығарылғанымен әдемі. Алайда өзінің арман, қиялшылдығына қарамастан, ертегі халықтың асқақ өмір идеалын паш етеді» /Народные русские сказки Афанасьева. В 3-х томах. Т.2. – М.: Советский писатель, 1960. – 15 б./, – деген-ді.

Осы пікірді екінші бір белгілі фольклорист М.К.Азадовский де қолдайды. Ғалымның ойынша «ертегі фантастикасы өзі туған тұстағы ақиқат өмірмен, оның мұқтажы және міндеттерімен, оның әлеуметтік қайшылықтары және кескілескен әлеуметтік күресімен шиеленісіп, байланысып жатады» /Азадовский М.К. Статьи о литературе и фольклоре. – М.: Советский писатель, 1960. – 17 б./. Демек, шындық – гипербола – арман: көркемөнерде қандай бір образдарды болмасын жасаудағы негізгі ұштаған, міне – осы. Творчестволық процесс үстінде шындық суреткерді әсірелеуге итермелейді, әсірелеу фантастикалық сипат туғызады, ал арман қаһарманның қимылына бағыт береді.

«Бізге ең алдымен халықты мінездейтін материал есебінде қажет» (Н.А.Добролюбов) ертегілерді зерттеу үстінде қазақ ғалымдары да жемісті жұмыстар жасады. Бір ескеретін нәрсе – олар түгелдей осы жоғарыда келтіріп отырған пікіріміз – қиял-ғажайып ертегінің өмірге жанасымы жөніндегі пікірге қосылады.

М.Әуезов, Е.Ысмайылов: «Ертеректе дерексіз қиял, ескі наным, діни ұғымдар сарыны үнемі кездескенімен, оның халықтық қасиеті, мәдениеттік, көркемдің қасиеттері ешбір кемімейді. Ертек – халық әдебиетінің бай, құнды саласының бірі. Ертекте алдымен керемет фантазия, хиялдың, ойдың шалқыған өрісі бар. Бұл хияли ойлар адам баласының реальды санасынан туған. Ертек өткен феодалдық замандардың қаталдығын, жиренішті әдет-ғұрыптарын батыл әшкерелеп, соларға қарсы ерлігінің, халық данышпандығының тамаша бейнелерін, мәңгі өлмес типтерін алдымызға тартады» /Әуезов М., Ысмайылов Е. Қазақ халық ертегілері // Қазақ ертегілері. Көп томдық. 1т. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1967. – 35 б./.

Профессор Б.Кенжебаев: «...Ертегілерді өзінен-өзі шыққан, өзінен-өзі болатын, болмысқа, деректі тұрмысқа тәуелді болмайтын, сонан шықпаған фантазия-қиял жоқ. Ертегілер, ертегілердегі фантазиялар, қиялдар идеологиялық басқа көріністер сияқты, реальды-нақты тұрмыстың, болмыстың белгілі тарихи әлеуметтік қоғам құрылысының жемісі, соның жасаған нәрсесі» /Кенжебаев Б. Қазақ ертегілері // Әдебиет және исскуство. – №1. – 83 б./.

Проффессор М.Ғабдуллин: «...Қиял-ғажайып ертегілер ертедегі адамдардың болмыс жағдайындағы сезімінен, әр түрлі қауіп-қатерлерден құтылу, тіршілік ету, табиғат сырларын танып-білу және оны өзіне бағындыру жайындағы арман-қиялынан туған. Сондықтан да бұл ертегілерден ертедегі адамдардың еңбек процесінде аңсаған арман-мүддесі, жақсылықты болашақтан күту, оптимистік көзқарасы да көрініп отырады. Олар ауыр еңбекті жеңілдетсек екен, жақсы, шат өмірге жетсек екен деп арман қылған, соны көксеген. Ал, бұған олар өзінің қиялы арқылы жеткен. Сол қиялдарын ертегі-әңгімеге айналдырған» /Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – А.: Жазушы, 1964. – 98 б./.

«Фантастикада негізсіз образдар жоқ, болуы да мүмкін емес. Балаларға бағышталған аңқау ертегілерден бастап, Мюнхаузеннің бір ұрпағы айта салатын қисынсыз өтірікке дейінгі фантастикалық вымыселге мұның қатысы бар» /[Беркенблит М., Петровский А. Фантазия и реальность. – М.: Мир, 1968. – 9 б./. Бұл – философтар М.Беркенблит пен А.Петровскийдің ертегі турасында айтқан тұжырымдары. Демек, қандай бір жаранаға жуыспайды-ау дегендей қиялы бар ертегілерге ой тоқтатып, сабырлы сана-парасаттың сарабына салуымыз керек.

Адам баласы саналы өмір сүру қалпына көшкен замандардан бері өзін жаратушы табиғатқа ойлы көзімен қарай бастады. Адам өзінің аумалы-төкпелі дүниеде алатын орнын білгісі келді. Сонау байырғы заманнан адамның қиялынан туып, бірге еріп жүрген космогониялық мифтері, жырлары, аңыздары мен ертегілері, өнері мен философиясы – осылардың барлығы да өмірдегі ұлы құпия – «адам тірлікке қалай келді, жұлдыздары жымыңдап, Күні мен Айы сәулесін сеуіп тұрған осы аспан астында адам не үшін өмір сүреді, ол әлем кеңістігіне нәр беріп, әрлендіріп тұрған тіршілік иесі ме, жоқ әлде өзінен де жоғары бір сиқырлы күштің қолжаулығы, ойыншығы ма?» деген сұраққа жауап беруге бағышталған. Міне, адамзат осы сауалға әртүрлі жауап іздеп, талпынып жүрген жолында өмірдің қатпар-қатпар құпиясын ашты. Жұмбағы ашылмған жерлерге ұшқыр қиялын жұмсады. Адамзаттың сол кездегі даму дәрежесіне сай ұғымда жасалған әлем портретін арман, қиял қосымша штрихтармен толықтырады.

Халық әдебиетте, әсіресе өзінің образы – Адам образын жасауда кереметтей еңбек сіңірді, шеберлік көрсетті. Шомыр тасқа сүйек сап жасап алып, алғаш аңға шыққаннан, сан-алуан компьютердің «құлағында ойнап», гравитацияны «бұйдалап», күні кеше антисутегінің алғаш сегіз атомын алғанға дейін, тіпті жан-жануарды клондап үлгірген адам әдебиетте мадақталумен келген-ді. Табиғатқа бунт жасаушы, жаратылысты өз дегеніне қарай қайта құбылтушы «қайсар» Адамның жарқын бейнесі үнемі халық қиялы, арманы күйінде жып-жылы болып он бүйірінде жатты.

Батырлар жырының, ертегілердің ерлері құр жер басып, жанын күйттеп жүрген пенделердің антиподы есебінде сипатталады. Ұнамды кейіпкер бейнесі үшқыр қиялдың өне бойында көрініп тұрады. Олардың ақыл-ойлары да озық, дене бітімдері де гармониялы дамыған, жарасымды боп келеді. Мінеки: «Артынан келіп қарасам – // Қаһардан пайда болғандай. // Алдынан келіп қарасам – // Жалыннан пайда болғандай», – деп жырау асқақтата суреттегендей кейіптегі батыр бейнесін жиі көре аламыз. Халық өзіне қамқоршы болған батырдың дене бітіміне дейін әсірелеп мақтай біледі. Иінімен мақтайды.

Бұл жерде бізге мәлім болған физиологиялық-биологиялық параметрге шек қойылмайды. Мысалы: Жерден шыққан Желім батыр бір күнде бір жасқа, екі күнде екі жасқа келеді, он күнде он жасқа келеді. Ал Қобыланды мен Құртқадан туған бала да ұшқыр қиялдың арқасындай кереметтей жойқын күштің иесі болып шығады. «Талпынғанда жас бала, // Құндағы дал-дал болады. // ...Бір жасына келгенде // Оғын тартты жартасқа. // ...Екіге келген баланың // Нан піскендей лебіне. // ...Үшке келген жас бала // Қара тасты көтерер. // Естіген риза күшіне. // ...Төртке бала келгенде // Ат шапсам деп ойлады // Қызылбастың еліне. // ...Беске келген баланың // Күндіз-түні қайғысы – // Жау түседі есіне. // ...Алты жасар Бөкенбай // атаның түсіп салтына, // Таулар күйіп, тас жанған // Бөкенбайдай береннің // Екпіндеген зарпына».

Әдетте балалар бақшасындағы бөбектер осындай қарқынмен өскенде, келешекте әкесі Қобыланды сияқты найзасын тасқа қарыс-сүйем бойлата енгізе алатынына күмән жоқ қой. Өзіне ұнаған батырды мінсіз ғып көрсету үшін оған қарсы шапқан жауларын да мықты етіп бейнелеу оқырманға одан да артық, үстемелете эффект беретіні сөзсіз.

Мысалы, «Қазақ десе – оқ атқан, қабағына қар қатқан, кірпігіне мұз қатқан, он екі күнде бір жатқан, он үш күнде бір татқан» Ер Қазанның күші кімнен кем? Дегенмен, халық батыры, ұлт мақтанышы оны да жеңіп шығады.

Оқ ұшырып түсірген кеудесін екі қолымен тіреп, еңбектеп шоқпарға ұмтылған Көбіктідей батырға да Қобыландының әлі келеді. Халық өзінің алғыр қиялынан туған батыр ұлының шоқтығын биік қып көрсету үшін оған қарсы келген жауына да қисынсыз күш дарытатынын мына үзіндіден тағы да көз жекізуге болады. «Жетіп келді Қараман // Алпамыстың қасына. // Қолындағы күрзімен // Кетті салып басына. // Осы ұрған күрзіге // Құлар еді шапқанда // Қойқаптың тауы, тасы да», – дейді «Алпамыс батырдың хикаясы». Есептеңізші, Қойқап тауын жару үшін қазіргі қопарғыш техникалардың мүмкіндіктерін, күш-қуатын есептегеннің өзінде қанша мың тонна тротил қопарғыш керек екен? Халық қиялынан туған қаһарман – Алпамыс осыншама жойқын күшке де төтеп берді ғой!

Немесе, Құйым батырды алыңыз. Ол үшін «бір құлағын жамылып, бір құлағын төсеніп жататын» бір қара дәу де бұйым емес. Немесе «Қараүйректі» алыңыз. Ол аузы түйреуішпен түйреулі қыздың ағасымен кездесіп, екі күн, екі түн алысады; ақырында оны қырық құлаш аспанға лақтырады, жігіт жерге түспей, тұншығып өліп кетеді.

Халық қай күнде де жақсы көрген нәрсесінің үстіне шыр жұқтырғысы келмейді ғой. Сондай-ақ ел арасынан суырылып шыққан батырды жаудың найзасынан, жалмауыздың айласынан аман алып қалу үшін талай-талай тосын да ұтқыр амалдар жасайды. Бұл турасында: «Ертегі қаһармандарына әдетте айуандар, құстар, теңіз жылқысы, сиыр, қасиетті самұрық құс көмектеседі; қанша кісі болса да тойғызатын қазан, таланған затты қайтып әперетін және зәбірлеушіні жазалайтын шоқпар, өзі ұшатын кілем, қабығын қайық етіп өзендер мен теңіздерден кешіп өтуге болатын, ал жапырақтары қандай ауруды болса да емдеп жазатын зәулім терек сияқты әралуан қасиетті, сиқырлы заттар да көмек көрсетеді» /Розенфельд А. Алғы сөз // Парсы ертегілері. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1958. – 7 б./, – деген пікір қосады академик А.Розенфельд. Шынында да не батырлар жырын, не ертегілердің кез келгенін алсақ та, осы тұжырымды құптап шыға келеді. Мысалы, Қобыланды: «Көзі ұйқыға кеткенде // Мезгілі таңның жеткенде, // Көк есегі астында, // Ақ сәлдесі басында, // Сырлы асасы қолында, // Өзі қақтың жолында. // Он сегіз мың ғаламның // Он бесі бар қасында. // Жеті кәміл бабасы // Келді жетіп қасына». Бұл жерде жыр авторына керегі – кез келген оңтайлы деген фантастикалық кейіпкерді енгізіп, соның арқасында өзінің қаһармандарын қиын-қыстау жағдайдан құтқарып алу.

Күшімен, ақылымен елді аузына қаратқан батырлар алдауға түсіп қалса, қисса, жыр немесе әфсана, ертегілер оларды аман-сау қалпында сақтап, жау торынан босату үшін талай-талай фантастикалық істер жасалады. Мәселен: Алпамыстың мыстан кемпірдің айласына түсіп қалған кезін алайықшы. «Алпамыстың үстінен // Отын ашып көреді. // Күрекпенен шоқ салса, // Жақындамай сөнеді. // ...Атса – мылтық өтпеді, // Шапса – қылыш кеспеді, // Ғайып-ерен қырық шілтен // Қолтықтап, сүйеп демеді. // Суға салса – батпады, // Ұйқыдан бала қайтпады».

Мұндай қасиеттері бар биологиялық денені байырғы заман түгіл, бір жүректің орнына екінші жүрек салатындай дәрежеге жеткен бүгінгі таңдағы трансплантация да білмейді. Бұл жүзеге асуы қиын (жүзеге асатын кезі тууы да мүмкін-ау) бір батыл қиял болса керек. Жалпы, тіріні өлтірмей, өліні тірілте беру қиял-ғажайып ертегілер мен батырлар жырында оншама қиынға түсетін нәрсе емес. Қазіргі ғылым да сонау кездегі таза қиялдан туған идеяға бұрынғыдай жеңіл-желпі, жүрдім-бардым емес, ойлана қарауды шығарды.

Кезінде аты әлемге әйгілі биолог болған С.С.Брюхоненко өзінің лецияларының бірінде: «Егер Арктикадан Амундсеннің сүйегі табылса, «оны барлық сый-сияпатпен арулап жүріп, өзінің туған жеріне көм» деп ақыл қоспас еді. «Оны сол мәңгі мұз құрсауына қалдырып кете беріңіздер. Елу жыл өткеннен кейін біздің ізімізді басып келген ғалымдар оны тірілтіп алады» дер едім», – деген көрінеді ертеректе.

Бұл енді тосыннан ойлауға кәнігі қиялгердің сөзі емес, алақанында бар нәрсемен айналысып, сол жөнінде өзінің дәйекті пікірін ғана айтуға үйреніп қалған ғалымның сөзі ғой. Әңгіме келешекте сөзсіз шешілетін ғылыми проблема турасында болып отыр. Демек, бұрын қиялдың ғана қолы жететін өлі адамдарды тірілтіп алу сияқты нәрсе теория жүзінде қазір мүмкін болып отырса, тірі адамды өлтірмеудің де жолы табылуы керек. (Қазірде осы мәселемен, ешқандай сенсациясыз, геронтология ғылыми нақтылы шұғылданып жатқанын білеміз.) Сонда қиялдан туған Алпамыс клиникалық ауруаналарда да «өңделуден өтіп» шыныға бермей ме?..

Қазақ фольклоры өз топырағында жаратылған Алпамыс, Қобыланды, Қамбар, Ер Төстік, Құйым, Желім батыр тәріздес көптеген ардагерлеріне әлгіндей фантастикалық күш-қуатты аяусыз үйіп-төгіп бақты. Осындай образдары бар шығармалар, академик М.Әуезов айтқандай, «адамзат туралы, адам қуаты туралы қасиетті ой ойлаған шынайы үмітшіл әңгіме». Сондықтан ол өзіне «іздесең – табасың, алыссаң – аласың» деумен қатар жабайы, жайын табиғатқа шұлғи берме дейді. Табынып, бағынып жүрсең де, дүниенің көп күшімен алысып-арпалыс дейді. «Жалынған бас қорғау емес, жағаласқан бас қорғау» дегенді, жұмбақ табиғаттан қорқа жүріп-ақ адамзат ерте аңғарған» /Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1959. – 189 б./.

Ерте аңғарып, құпиясы қатпар-қатпар қиында жатқан беймәлім күшке немесе адам пендесіне әлімжеттік жасайтын зорлықшыл күшке қарсы ертегі өзінің батырларын жұмсайды. «Атса – мылтық өтпес, шапса – қылыш өтпес», «қабырғасында қаяу жоқ, омыртқасында буын жоқ», «маңдайы тасқа тиіп, табаны жерге тигенше» беріспейтін сол өжет өкілдеріне «таусылмас азық алдырып, тозбас киім кигізіп», «ұшқан құстың қанаты күйетін, жүгірген аңның табаны күйетін» жер түбіне «темір етігінен теңгедей қалатын, темір асасынан тебендей қалатын» сапарға аттандырады. Оларға жолшыбай жалпы іс-қимылы, жүріс-тұрысы, принциптері бүгінгі роботтарды, киберлерді еске салатын көмекшілерді ілестіріп береді.

Мысалға «Ер Төстік» ертегісін алайық. Жылан Бапы ханға Темір ханның қызын әкеп бермек боп жолға шыққан Төстікке елсізде сауысқанның құйрығын білдірмей жұлып алатын Епті, екі аяғына байлаған екі қазандай тасымен киікке жетіп, матайтын Желаяқ, жер астында не болғанын тыңдап білетін Саққұлақ, ермек үшін тауды қақпақыл етіп ойнайтып Таусоғар, бір көлдің суы қарнына жұқ болматын Көлтауысар, жердің асты-үстіндегі нәрсе көзінен тасалана алмайтын Көреген кездеседі. Төстіктің бұл жолдастарының әрқайсысы – өзінше бір фантастикалық бейнелер.

Қазіргі суперавтомобильдер мен дыбыстан жылдам ұшатын реактивті самолеттер – Желаяқтар, қазіргі алдындағы тісі ақсиған шөмішімен қандай тауды болса да орнынан қазып алып, екінші жерге үйе салатын адымдағыш алып экскаваторлар – Таусоғарлар, қазіргі лазерлік телевизия мен радарлық аспаптар Көреген емес пе екен? Кешегі қиялдан туған образдар – халық өкілі Ер Төстікке көмектессе, сол қиялдың негізінде туған ғалым мен техниканың жаңалықтары бүгінде халықтың күнделікті шаруашылығының денін атқарып отырғанының куәгеріміз.

«Мұның бәрі де – сонау ерте замандағы халықтың тәтті қиялынан туған, ежелден арман еткен нәрселері. Халықтың тілегі, арманы: адамның табиғатқа ие болу, табиғатты өзіне бағындыру, адамның күшті болуы, оның қолынан не де болса келетіні болуы болса, Ер Төстіктің образы сол тілек пен арманның сәулесі деуге болады» /Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1943. – 48 б./, – деген академик Қ.Жұмалиев.

Бүгінде көзіміз үйреншікті болып кеткен күнделікті өзіміз де аяқ артып немесе жүк тиеп жүрген көліктеріміз, тұрмыста пайдаланып жүрген бұйымдарымыз сол баяғының қиял-ғажайып ертегілерінде, батырлар жырларында, әфсаналарында, қысқасы күллі ауызекі әдебиетте әртүрлі дәрежеді қылаң беріп кетеді. Жұпынылау, қарадүрсіндеу болса дағы, баяғы ертегінің Көрегені қазіргі теледидар сияқты. Адам образын жолбастар меже ғып алдына қойып алғанымен, халық творчествосы «адамзат протезі – жер асты темір жолы, көтергіш кран мен автомобиль» (В.Б.Шкловский) тәрізді тұрмыс қажетіне керекті бұйымдарды да көз шарасынан аулақ қалдырмағанын қиял-ғажайып ертегілердің басым көпшілігінен-ақ көреміз. «Ұшар ханның баласы», «Көкжан батыр мен айдаһар», «Тотан батыр» іспетті толып жатқан ертегілер осы пікірімізге толық дәлел бола алады.

«Ұшар ханның баласы» ертегісіндегі Жанбатырға сапар жолында сан алуан дәулер кездеседі. Осы дәулердің әрқайсысының нендей өнерге бейімделгеніне қарай ерте заманда халық неге зәру болғанын, нендей нәрсе жасауға құштар болғанын аңғарамыз. Қиялдан сан түрлі дәулер жасап, соларды жеке-жеке кәсіптерге мамандандырып, оларды ертегідегі адамның «қолына беріп» қояды.

Күн астындағы Күнекей қызды іздей шыққан баланың алдынан «екі алақанына екі тауды салып жүрген» дәу, «екі көлдің суын екі ұртына ұрттап жүрген» дәу, «екі аяғына екі тас байлап, ойдан қырға жүгіріп жүрген» желаяқ шығады. Бұл дәулердің де қолынан талай-талай ғажайып істер жасау келеді.

«Жеті өнерпаз» ертегісін оқыған адам да көптеген өнер иелерімен танысады, қызықты-қызықты ғылыми-фантастикалық идеялардың қалайша шешім табатынына көзі жетеді. Жеті өнерпаздың үлкені аспанға ұшуды біледі екен: барлығын сол бастап, қызды көтеріп ұшқан қарақұстың көлеңке ізіне түсіп қуады... Екіншісі асқан мерген екен: құстың екі қанатынан көздеп атқан оғы оның екі санын жұлып түсіреді. Аспанда шыр айналып келіп, қыз суға түскенде, үшіншісі сушыл екен: суға сүңгіп, судан алып шығады. Төртіншісі асқан ұста екен: қолындағы екі тасын бір-біріне соғыстырып қалғанда, 500 шақырым жерден қорған соғылады екен... Бесіншісі жер астынан жол салғыш екен: қолындағы асыл тасын шаққанда, 500 шақырымдай жер астынан жол салынып шығады екен... Бұлардың алтыншысы жол болжағыш екен: оқу оқып, көзін сипаса – он бір күндік жердегі жолды табады екен... Жетіншісі тағам жасағыш екен: қойнындағы бір асыл табағын алып, жолдастарын күніне үш мезгіл тамаққа тойдырып отырады...

«Бекболат» ертегісіндегі басты кейіпкерге балық: «Менің бір қабыршағымды жұлып алып қал. Керек уақытында соны тұтатсаң, саған өзім келемін», – дейді; жез шудалы бір тайлақ: «Менің шудамнан бір тал жұлып алып қал. Қысылған кезде тұтатсаң, мен келемін», – дейді; самұрықтар: «Сен екеумізден екі қауырсын жұлып алып қал. Қысылған жерде қауырсынымызды тұтатсаң, біз келеміз», – дейді; түлкі: «Менің бір талшығымды жұлып алып қал, соны тұтатқанда иісі шығар. Мен сол жерде дайын боламын», – дейді.

Сондай-ақ, «Көкжан батыр мен айдаһар», «Тотан батыр» сияқты көптеген қиял-ғажайып ертегілерде де қолынан сан түрлі іс келетін өнерпаздар мен дәулер осы сарындас болып келеді. Бұлардың бәріне тән бір ортақ қасиет – өздеріне кезіккен ерлерге қалтқысыз қызмет етеді. Атқаратын істері тыңғылықты. Өздеріне тиесілі жұмысты ғана біледі. Олардың өз бетінше жеке характері жоқ. Осы жағынан ойлана қарасақ, программаланған, кодталған тілалғыш роботтар мен киберлер еске түседі. Шынында да қазақ ертегілеріндегі осы тәріздес сан алуан қаһармандармен сол баяғыда-ақ халық роботтың жиынтық образын бергісі келмеді ме екен? Әрине, «робот» дегенімізде біздің қазіргі ұғымымыздағы роботтан аты бөлек, дегенмен, олардың заты бір деп табан тіреп айтуымызға болатын түрі бар.

Осы, шартты түрде жаны бар, алайда психологиясы «программаланған», ауызекі әдебиетте тек қана қосалқы, көмекші, демеуші қызмет көрсететін кейіпкердің нақты өмірде де «тарихы» бар... «Адам ата мен Хауа ана Құдайдың жасап, программалаған роботтары» деген жорамалды бірінші болып америкалық жазушы Смарт айтқан-ды... Ал ұлы Гомер өзінің «Иллиадасында» от тәңірісі Гефестің көмекшілері – алтыннан құйылған механикалық қыздарды жырлаған... Кейінірек адамдар өздеріне ұқсас, алғыр әртүрлі машиналарды қолдан жасай бастады... Біздің эрамызға дейінгі ІІІ ғасырда бір сағат бойы адымдап жүріп-тұра алатын темірден жасалған «адам» дүниеге келгенін ежелгі грек папирустары мәлімдеген... Аристотель өз еңбектерінде сынаптың арқасында қозғала алатын бір аспаптың Венераның мүсінін жылжытып жүретінін есіне алады...

Осы келтіріліп отырған мәліметтеріміздің ақиқаты қайсы? Жалғаны қайсы? Біз мәселенің осы жағына бара беруді өзіміздің міндетіміз санамаймыз. Бізге керегі – сонау алыс ғасырлардың өзінде ауызекі әдебиетіміздің суреттеген кейіпкерлерінің бір алуаны – тілалғыш, желаяқ тағы басқалардың қимыл-қызметі принциптеріне негіздеп, ескілердің сол фольклор жасаған «конструкторлық жобасымен» өмірде қолдан сол тәрізділерді жасауға талпыныстары... Біздің осы ойымызды, жанамалап болса да, социолог, профессор Н.Волков құптайды. «Роботың мифтік ата-тегі электронды-есептеу машинасына ұқсас емес, – дейді Волков, – дегенмен, ең маңыздысы – болжалдың принципі, бастысы, негізіболғаны, қиял мен арманда автоматизмнің дәл идеясының ұрымталдығы» /Волков Н.Г. Эра роботов или эра человека? – М.: Наука, 1965. – 3 б./.

Осындай дәйектемесімен социолог ауызекі әдебиеттегі бас кейіпкерлердің айтқанын орындағыш, кеудесінде жаны бар және жансыз кейіпкерлер мен робот арасында оншама бөлектенетіндей жік қоймайды. Қиял-ғажайып ертегі-қиссалардағы өзіне тиесілі жұмысты атқарудан басқаны білмейтін дәулер, өнерпаздар – қазіргі роботтардың жұпынылау, қарадүрсіндеу түп төркіні деген біздің пікіріміздің де жаны бар болса керек.

«Бұлар жартылай өткізгіштерден, электронды-есептегіш асай-мұсайлардан тұратын компьютер не кибер емес, аң-құс, балық болса да, кеудесінде жаны бар тіршілік иелері ғой», – деушілер де табылып қалады. Ертеде ертегіні шығарушы адамдар қазіргідей электроника, техниканың қаулап өскен ортасында отырған жоқ. Сондықтан да қиял, арманын өз заманындағы ұғыммен ғана бере алуы мүмкін. Бұл – заңды нәрсе. Демек, қазақ халқының ертегілерінде де, ауызекі әдебиеті бай басқа халықтардағыдай, робот идеясы болған деп батыл айта алатын шығармыз. Тіпті, ол роботтардың игілікті істер атқара алатындары да қазақ ертегілерінде жыр, қисса, әфсаналарында айтылады. Олар, ілгеріректегі бір пікірімізді қайталасақ, адамзатқа «протез» ролін атқарып, қызмет еткен.

Қазақ ауызекі әдебиетіндегі өзекті тақырып – бас әріппен жазылатын Адамды дәріптеу болса, сол фольклор тармағы – қиял-ғажайып ертегілердің ішінен біреуін даралап алуға міндеттіміз. Ол – «Қайсысы үлкен?» ертегісі. Өзін дүниеге келтіріп алып, оған сенімсіздікпен қарап, құпиясын ашқысы келмеген Табиғаттың жағасына жармасып, билеп-төстеп алған адамның кісілігін, мықтылығын, алыптығын паш етуде бұл ертегінің басқалардан шоқтығы едәуір биік жатыр. Қиял тілімен берілген бұл ертегіде зор мән бар.

Ертегінің қысқаша мазмұны мынау: үш ағайынды жігіттің еншісіне тиген бір өгіз болады. Оның ірілігі сонша, бөксесінен басына шейін салт атты жолаушы бір тәулік жүріп, зорға жетеді; осыншама өгізді аспаннан шүйіліп келген бір қарақұс тырнағымен бүріп, көтеріп алып кетеді; ол құс үлкен бір серкенің мүйізіне қонып, олжасының қызыл етін жеп, сүйегін сылып тастай береді; өгіздің жауырын сүйегі серкенің сақалының астында көлеңкелеп жатқан бақташы шалдың көзіне түседі; шал көзі жасаурағасын ішіне бір шөп түскен-ау деп ойлап, шөпті іздеуге көзіне қырық қайық, қырық кемені жүздіріп жібереді. Іздеушілер жауырынды тауып алып, шығарып тастайды. Ол жауырынның үстіне, үлкен тақыр жер деп ойлап, бір тайпа ел түнейді; түннің бір уағында тақыр сілкінеді; бақса: оны бір түлкі кеміріп жатыр екен; түлкіні қырық кісі жабылып жүріп соғып алады дағы, үстіңгі жақ терісін ғана іреп алады; түлкіні екінші жағына ауыстыруға әлдері жетпейді; сонда бір баланың шешесі далада қалған түлкіні жалғыз қолымен сирағынан ұстап аударып тастап, терісін түгелдей сылып алады. Қырық кісінің әлі келмеген теріден сол баланың жарты шекесін ғана жауып тұратын бөрік шығады... «Осылардың қайсысы күшті?» делінеді ертегіде. Міне, халық ертегіні бас-аяғы бір күндік ат шаптырым өгізден бастайды дағы, келесі кейіпкерін онан да артық қылып, өршітіп көрсете береді. Ақырында келіп солардың барлығы да нәресте балаға қарағанда, бұйым болмай, жарты жолда қалады. Халықтың осы тәріздес әдемі, дәріптеуге, мақтауға толы қиялына қарсы, құба далада лақпа ойдан шығарылған қисынсыз өтіріктері бар. Сол жөнінде осы жерде айта кетудің иіні келіп отыр.

Рим папасы барлаушылық мақсатпен ХІІ ғасырда моңғолдар империясына елшілер жіберген. Олардың бірі – италиялық Плано Карпини 1246 жылы Қазақстаннан өтіп, Монғолияға барған. Екіншісі – француз Гильом де Робрук – 1254 жылы Қазақстан арқылы сапар шеккен. Елдеріне барған бойда Карпини – «Моңғолдар тарихы», Робрук – «Шығыс елдеріне саяхат» деген кітаптар жазған. Бұл кітаптарда біздің өлкелерімізде тіршілік етіп жатқан халықты азғындар санаған, олар туралы адам иланбас хикаялар бар: ит басты адамдар, буындары бүгілмейтін, тұрса – отыра, жатса – тұра алмайтын адамдар, көздері – кеудесіне, бастарына, кіндігінің түбіне біткен адамдар, өгіз сияқты айыр тұяқ адамдар, үретін адамдар, еркегі жоқ, ылғи әйелдерден құрылған қауымдар, қолымен жүретін адамдар т.с.с. Сол ХІІ ғасырдың өзінде-ақ Азия елдерінде болған Италияның атақты саяхатшысы Марко Полоның кітабында да осындай алыпқашпа әңгімелер көп.

Дегенмен, есіңізге «Қайсысы үлкен?» тәріздес ертегілер түскенде, көңіліңіз қайтадан жадырап сала береді. Бұл – бүкіл қазақтың қиял-ғажайып ертегілеріне символ болар дүние. Қай бір ауызекі туындыны алмаңыз, солардың барлығында да адамның ұлылығын тағы да қайта-қайта дәлелдеп беруге тырысатын ұмтылысты көреміз. Адамзаттың жайсаңын жырлауды мақсат етіп, соның жолында барлық творчестволық потенцаилдарын аямаған, бізге беймәлім авторлардың қолтаңбасын көреміз.

Жоғарыда біз айтып отырған ойымыздың басын құрастырып бір жерге жинақтарда, түйіндеу сөзімізде академик М.Әуезов пен профессор Е.Смайыловтың пікірлерін келтіргенді жөн көрдік. Қазақ ауызекі әдебиетін зерттеуде жемісті еңбек еткен аталмыш оқымыстылар былай дейді: «Осы алуандас ертегілердің бәрінде адам қандай, адамды қоршап тұрған дүние қандай? Ол дүниенің жаратылыс сыры туралы сол күндегі адамның ең алғашқы ұғым-нанымы, түсінік қиялы қандай? Қандай мифтік түсініктер жасап еді, бұлдыр менен болмыс, барлық арасында сол күннің шамасына қарай білім, наным етіп ұстағаны немене еді? Адам жаратылысы мен қуатының өзі қандай жұмбақ еді және сол адамның күшіне сену, нану қаншалық дәрежеде биік, берік еді? Осының бәрі халықтың ой-хиялы тудырған ғажайып ертегілер неше алуан түрде өзінше шешіп, ашып береді. Сондағы айқын көрінетін бір ерекшелік – адам қуатына өзгеше сенім бар, мол жарқын сенім бар. Ертегі ішіндегі күшті мен тістіге, кәрлі мен зәрліге, сиқыр тылсым, жат бауыр жер ортаға, адамзат баласы басып көрмеген бытқыл қиынға жалғыз және көптің бірі – жұпыны адам барады... Ертегіде, міне, осы адамның аты – жақсылық, осының жолы жақсы адамзат жолы болып шығады. Бұған достық еткеннің бәрінің жиын аты – жақсылық, қосымша жақсылықтар. Ал бұған қарсы әрекет етуші күштің бәрінің жиын аты – жаманшылық. Жақсылықтың айқын, жарқын бейнесі жанды мүсін боп қанша бадырайып тұрса да, мына жаманшылық, қастық та соншалық жанды жыртқыш боп, жиынды бейне, үйінді жауыздық боп тұрады. Ертегі, әсіресе, қиял ертегісі осы тақырып, осы идеяны ғана баян етеді. Баян етумен тыңдаушысын тәрбиелейді, баулиды. /Әуезов М., Ысмайылов Е. Қазақ халық ертегілері // Қазақ ертегілері. 1т. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1957. – 36 б./.

«Жылқы – адамның қанаты» дейді қазақ. Халқымыз атты аса қадірлеген. Себебі: ат – бір жағынан жер ас, киер киім болса, екінші жағынан мінер көлік есебінде таптырмас жануар. Жалғыз ғана ауызекі дүниелерімізде оның бағасы өсіп, мерейі үстем боп қалған жылқы жоқ. Ол асқақ ұғымды әдебиетте ғана емес, қарадүрсін, мақтауы шамалы күнкөріс шаруашылығында да көлемді орын алатыны сондықтан болар.

Халық қиялы өзі тек пайдасын көріп жүрген малын, қара сөзде болсын, мейлі, өлеңмен айтқан жырында болсын, әйтеуір, мақтауын жетістіруге тырысады. «Жалпы фольклорда кездесетін аттардың тұлғасы жағынан, – дейді академик Қ.Жұмалиев, – не адам сықылды есі, не ұшатын қанаты, әйтеуір, бір ерекшелігі болады. Бұл ерекшеліктердің бір жағы осындай жүйрік аттарды оғаш етумен... байланысты» /Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиеті тарихы мәселелері. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1958. – 66 б./.

Шынында да, әсіресе, батырлар жырында бас кейіпкер – батырмен қатар оның тұлпары да жарыстырылып мақталып отырады. Атқа келгенде, небір асқақ қиял шығандап аспанға шығып кетеді. Тіпті, батырлар мінген тұлпарларға ат қоюда да, жыр авторлары талғампаздық танытқан. Мысалы: Тайбурыл! «Қобыланды батыр» жырында да сол Тайбурылға бағышталған қаншама поэтикалы жолдар бар. Бұл жолдар «Тайбурыл» аталған жануарға ғана тән, соған ғана арналуы тиіс және заңды секілді: «Түнектен шыққан Тайбурыл, // Айдалаға шыққан соң // Түлкідей көзі жайнады, // Қаруы сыймай қайнайды, // Көлденең жатқан көк тасты // Сұлым ғой деп шайнайды. // Он екі құлаш кезеңнен // Аталып Бурыл ойнайды».

Байқайсыз ба, сұлы деп тасты тасты қаршылдатып шайнайды! Бұл – Тайбурылдың өмірінде тұңғыш күн көзін көріп, далаға шыққандағысы. Соның өзіндегі мықтылығы – осы. Ал енді қалмақтың еліне кетіп жатқандағы қарқынын көріңіз: «Қарсы келген қабақтан // Қарғып басып жөнелді. // Сеңгір-сеңгір таулардан // Секіре басып жөнелді. // Ол төбе мен бұл төбе, // Бауыры шұбар көл төбе, // Одан да өтіп жөнелді. // Қамыстының сазды көл, // Қоғалының қулы көл, // Шегендінің желді көл // Қызғыштының қызды көл, // Айналасы бес көлден – // Бәрінен өтіп жөнелді».

Осыған қоса Тайбурылдың мұншама жойқын күшін, қарқынды екпінін де келтірмей кетуге болмайтын сияқты. Жыр Тайбурылдың қимылын сипаттаған сайын қазіргі оқушының көзіне алғашында Жер төңірегіндегі орбитаға шығып алып, онан кейін екінші ғарыш жылдамдығымен Күн төңірегіндегі орбитаға түскен ғарыш зымыраны елестейді. «Табаны тиіп ұшқан тас, // Қызылбас мылтық оғындай, // Аспан көкке атылды. // Тақиядай көрмеді // Үстіндегі батырды. // Арандай аузын ашады, // Аяғын топ-топ басады. // Бір төбенің тозаңын // Бір төбеге қосады. // Кешке таман Тайбурыл // Жын қаққанға ұқсады, // Құлан менен құлжаның // Ұзатпай алдын тосады, // Көл жағалай отырған // Көкқұтан мен қарабай // Көтеріліп ұшқанша, // Белінен басып асады. // Дуадақпен жек қалды. // Әлде өтірік, әлде шын, // Ақ сұңқар мен лашын // Өлген құсты жеп қалды».

Тайбурылдың бұдан былайғы арындай түскен шапшандығы жарық жылдамдығына пара-пар фотондық зымыранның қарқынынан бір де кем соқпайды. «Бүктеле беріп жазылып, // Бурылы бұлқып гуледі, // Алты қабат орынан // Жетінші қабат қалаға // Қояндай ырғып жөнелді. // Ортасына шаһардың // Бурылы барып топ етті, // Жердің шаңы бұрқ етті, // Ат тұяғы тиген жер // Тесіле жаздап солқ етті».

Міне, Тайбурылды ғарыш кемесімен ұқсастыруға болатындығына көздеріңіз жеткен шығар. Бұл – «ұшақ» деген қиялда жоқ сонау бағзы заманғы қазақы аттың қарқыны. Мұндай фантастикалық жойқын жылдамдық пен ерік беруі қиын екпін тек қана жалғыз Қобыланды батырдың атының «пешенесіне жазылып қойған» жаратылыс сыйлаған қасиет болмаса керек. Ол қиялгер халықтың аңсау-арманынан «көкіректі жарып» шыққан, халықтың құрметіне бөленген батырлардың арғымақтарына түгелдей тән. «Бір күн шапса шұбар ат // Айлық жер алып береді. // Осыменен ұдайы // Он екі күн жүреді. // Айналдыра санаса, // Он екі айлық жер еді». Бұл – Алпамыстың Шұбаратының шабысы.

Ал, Ер Қосайдың атының қарқынын байқайсыз ба? Мінеки: «Баяғы шабыс қалады. // Тер бойын тарады, // Мақтау атқа жарады. // Астындағы сары аттың // Көкте екенін білмеді, // Жерде екенін білмеді, // Қос қанатын салады, // Пыр-пырлап ұшып жөнелді».

Немесе ертегілерден «Ер Төстікті» алайық. «Төстік қашып келеді. Кемпір қуып келеді. Бір мезгілде тау қаңбақтай ұшады, тас бұршақтай жауады, Шалқұйрықтың құйрығына қазандай қара тас орала кетеді, Шалқұйрықтың шапқан салмағына шыдамай, қара жер қақ айырылады». Ал, осындағы қара жерді қақ айыру үшін қаншама күш керек екендігін есептей беріңіз!

Сонымен қатар батырлардың аты құр шабыстан басқа ештеңені біліп жарытпайтын мақұлық емес. Керек тұстарында олардың «көліктік функциясынан» басқа да фантастикалық игілікті қылықтар жасауға дәрменді. Айталық, көптеген сыни сәттерде оларға тіл де бітіп, өз иесіне ақылын айтады. Жырларда ондай жағдай: «Тайбурылға тіл бітті, // Тайбурыл сонда сөйледі: // Намаздыгер өткенше, // Қазанның сырлы қаласын // Көрсетпесем көзіңе, // Түсірмесем жүзіңе // Жансерігің Бурылды // Сол жерде шал Құдайға!» – сияқты болып келеді.

Немесе батыр қысылған кезде, қандай шара жасауға болатынын айтады. Қиял-ғажайып ертегілерде де солай: Ер Төстік жер астына түсіп кеткенде, Шалқұйрық сөйлеп қоя береді. Мұнымен де шектеліп қалмай, халық қиялы: «Ат талай ғажайып құбылыстар жасай алады» деп сендіреді. Мысалы: Ер Қосай таңдаған «Сары ат барып жерге төрт аунағанда, арқасының жүні қаулап қайтадан шықты, тартпа кескен бауыры қайта бітіп кетті».

Ал, «Алтын сақадағы» «бала құрығын құлдыратып, жүгенін сылдыратып жылқыға келсе, шеттегі бір қотыр тай балаға қарай қалады. Бала сол қотыр тайды ұстайды да жүгендейді. Жүгендегенде тайдың қотыры жазылады. Үстіне тоқым салғанда, құнан болады. Үстіне ер салғанда, дөнен болаы. Айылын тартқанда, бесті ат болады. Бала қуанып үстіне қарғып мінгенде, тұлпар болып, көзді ашып-жұмғанша жұртқа жетіп келеді».

Бұл қиялының астарында қазақтың ертеден бері игілігін көріп келе жатқан ақы адал малы – жылқы – тамаша қасиеттерге ие болса екен деген арман жатыр. Баланың тайы жалмауыз кемпір тісімен атып жіберіп, екі аяғын жұлып түскенде де, құлап қалмай шаба беруі де – сол арманнан туған асқақ, оптимистік қиял.

Халықтың батыл да ұшқыр қиялы енді жылқының жердегі жойқын шабысына да місе тұтпайды. «...Жанды, жансыз жақсы заттың бәрі де адамзаттың алыстан келе жатқан асыл арманын танытады. Ертегінің ерін қиянға апаратын алып қарақұс, өзі ұшатын кілем, тұлпар ат – бәрі де қиял пырағы. Жерде жүрген жүрісі өңдімеген өзінің талап-тілегі таудай адамзат «аспанда ұшар ма еді» дегендей арманды ертеде ойлаған, үзбей ұзақ ойлаған. Жалпылдап ұшқан жапалақ пен қадірсіз қарға шыққан көк күмбезге мен де шығып, сондай биік самғасам, сондай жылдам жүйткісем деген арман-хиялын әкеп, «алты айлықты алты аттайтын» тұлпарға, өзі ұшатын кілемге, алып қара құсқа жиған» /Әуезов М., Ысмайылов Е. Қазақ халық ертегілері. 1т. // Қазақ ертегілері. 1т. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1957. – 20 б./, – деп дәйектейді М.Әуезов пен Е.Ысмайылов.

Ол не үшін керек? Әрине қанат керек. Енді қазақ сол баяғы өзін талай қиындықтардан құтқарған, талай жақсылығын көрген ат төңірегінде ойлайды. Аспан көгін де сонымен аралағысы келеді. Себебі: аттан опық шеккен жері жоқ; иесін аттың ұятқа қалдырған жері жоқ. Сондықтан да оған қанат бітіреді.

«Еділ мен Жайықтың құдалығы» ертегінде мынандай бір сөйлем бар: «...Аттың сүбелігіндегі артқа қарай біткен екі қысқа қанаты бар екен, суығанда бірін сүтке малып, бірін суға салып суытып тұр екен». Ғажап қиял ғой!

Халықтың күтпеген жерден жарып шығатын осындай ғажап қиялы сатылап өсе береді, өсе береді. Бір алуан қиял-ғажайып ертегілерде бауырында жалдана біткен қанаты бар аттар жүрсе, келе-келе олар да сирей бастайды. Оның орнына талай замандар бойы табиғаттың өзі сұрыптап, ұшуға ыңғайлы ғып жаратқан самұрық құстар көбейе береді.

Бір үйір ертегілерде басты кейіпкер – Адам – өзінің сапарға шықан жолында самұрық құсты кездестіреді. Аты өте алмайтын жерлерден сол құс адамды арқасына салып, ұшырып өткізіп салады. Жылқы орнын құс басу керек дегендей «конструкторлық идея» «Әбдірахман патша ертегісінен» айқын көрінеді.

Әкесі Әбдірахман патшаның тапсырмасымен жолға шығарда кенже ұлы Жебірейілге Көк тұлпарын береді. Жолда бір нағашы апасы басқа бір атқа алмастырады. «Жебірейіл, сенің атың төрт қанатты еді, сенің барар жерің алыс, оған Көк тұлпар шыдамайды, торы ат шыдайды», – дейді. Келесі күні түнеген екінші нағашы апасы оны сегіз қанатты құла атқа айырбастайды. Ал шешесінің үлкен апасы отау үйдей бір құс береді. «Бұл – сен мініп ұшатын бүркіт, атпен он екі айда баратын жерге мына бүркіт он күнде жеткізеді», – дейді.

Не дегенмен кеудесінде жаны бар нәрсе ғой. Құстың тым шыған қашықтыққа бара алмайтынын, оның шаршауы-шалдығуы мүмкін екендігі тыңдаушы жұртқа ой салатын да уақыттары болады. Сол кезде халықтың сарқылмас қиялы тыңнан тағы бір жол тапты. Ол – қолдан жасалған ағаш ат. Халық оның басқару механизмін де жасап шығарды.

Ертеректегі «Восток» ғарыш кемесінде 241 электронды таспа, 6 мыңнан аса түрлі транзисторлар, 56 электр двигателі, 8 жүзге жуық электр релелер жұмыс істеген. Әрине, осындай қазіргі ғарыш кемелеріндегі механизмдерге қарағанда, кісінің күлкісі келерліктей болар. Дегенмен, ешкім жерден табан жазып аспанға көтеріле алмаған кезде ауамен салмағын салыстыруға келмейтін жансыз металл, ағаш аспанға ұшады деуінің өзі – адам ұғымында жасалған революция ғой.

«Ақбақай» ертегісі: «...Екеуі жүзікке мініп, ұшып, әуелі Сұрмерген еліне келіп, содан соң Ақбай еліне жетіпті», дейді. «Ағаш ат» ертегісі: «...Ағаш аттың оң құлағын бұраса – ұшатын, сол құлағын бұраса қонатын болады», дейді. Иә, жабайылау баяндау, рас. Бірақ, «...бала аспандағы қара бұлтқа кіріп көрінбей кетеді», дейді ғой! Ертегіге маңыз беріңкіремеушілер алдында қырымыз шығып, бүгінгі жайымызды атам заманда-ақ біліп қойған бабаларымызға бір риза боп қалмаймыз ба!

Фантастика (грек тілінде – өнер, елестете алу мүмкіндігі) – қиялдың шындықты әсірелеп, табиғаттан тыс ерекше түрге енгізуінен туған ұғым, образ болса, осы фантастиканың топырағынан жаратылған тағы бір топ ертегілер бар. Оларға ортақ қасиет – ертегінің құй тірі болсын, құй жансыз болсын бір кейіпкерін әуелгі түрінен басқа бір түрге айналдырып жіберу қабілетінің болуы. Осы аталмыш топ төңірегіне жинастырылған ертегілерді әлденеше қайта-қайта оқи отырсаңыз да, халық қиялының соншама кереметтей бай екеніне көзіңіз жетіп, қайран қаласыз. Қиял-ғажайып ертегілер өз қаһармандарын сан-саққа құбылтып жібергенде, оқырман ойы фантастикалық құбылыс шапшандығына зорға ілесіп жүре алады.

Мына «Қали мен Қази» деген ертегіні естеріңізге тағы бір салыңызшы. Қали мен Қази есімді екі ағайынды жігіт бірнеше жыл жер астында оқып, ғалым болып шығады. Өз елі оларды ауылына жолатпаған соң, екеуі екі бөлініп, бастары ауған жағына кетеді. Олар келесі кездескенде, біріне-бірі қарсы әскер бастап, соғысу үшін беттеседі. Бірі – қайын атасының әскерін, екіншісі – өзі қол астындағы ханның әскерін басқарады. Олар бірін-бірі танымайды. «Ұзақ уақыт соғысып, жеңісе алмайды. Ақырында Қали өз әскерін тары ғып жіберген екен, Қазидың әскері тауық боп, жей бастайды; сонда Қалидың әскері қырғи болып тауықтың басын қия береді. Ақыры Қазидың өзі күйкентай болып қашады, Қали қырғи болып қуады, алты күн, алты түн дегенде қуып жетеді де, екеуі тағы да соғысады. Ақырында Қазиды Қали жеңіп, өлтіреді. Өлген уақытта денесі баяғы Қази болып, адам қалпына түседі. Сол уақытта Қали өзінің інісі Қазиды танып, талып қалады. Сол қайғымен сарғайып, Қали әбден қартаяды. Ол өлер шағында бір баланы тоғыз ай оқытып, өзінің өнерін сол балаға үйретіп кетеді». Бір түрден екінші түрге айналдырудың құпиясы осылай келесі ұрпаққа тарап кете береді.

«Патша пен бүркіт» ертегісінде де әділетсіздіктен қашқан екі жасқа халықтың қайырымшыл қиялы өзінің қолынан келген барлық сиқырлықтарын аямай жасап бағады. Екеуі де қашып келе жатқанда, жолда Ғайнижамал өзі түсіп тыңдап, арттарынан қуғыншы келе жатқанын біледі де, үшкіріп, аттарын жолай үлкен тоғай қылып жібереді, өзі құдық болып қалады, ал патшазаданы бір қарт шалдың суретіне түсіреді. Енді бірде Ғайнижамал қуғыншылардың жететінін біледі де, патшазаданы бір қарт қожа етіп өзі бір ескі мешіт болады. Үшіншіде Ғайнижамал аттарын балдан тәтті бұлақ қылып, күйеуін еркек үйрек, өзін ұрғашы үйрек етіп жібереді. Сол кезде патша келіп судан іше бастайды. Судың тәттілігіне қызығып, іше-іше патша іші жарылып өледі де, қашқындар қайта қалпына түсіп, үйлеріне жақын келеді.

Бір түрден екінші түрге айналып кету – ертегідегі жай-жағдайға байланысты туған әдіс. Шыңырауды қырық жыл мекен еткен әулие шал жер астына жазатайым түсіп кеткен Қаратайды аққуға айналдырып, арқасына салып, жарық дүниеге алып шығады («Қаратай ертегісі»). Маралды атпақ болған «Жаз тауын» талқандаған бір елдің ханы зұлымдық жасамақ пиғылы үшін қарақұсқа айналып кетеді («Қарағұсбай» ертегісі). «Күлсе аузынан будақ-будақ гүл түсетін, жыласа көзінен моншақ-моншақ маржан түсетін құс» ертегісінде сол құсты іздеп шыққан үш ағайынды жігіттің бірі Хасан «барса-келмес» жолына түсіп, бір қалаға келеді. Оның жанына бір кемпір келіп, бір нәрселерді айтып, аузын күбірлетіп, жерді теуіп қалғанда, Хасан киікке айналады. Ал сол кемпірдің қызы бір уыс топырақ шашып, жігітті адам қалпына түсіреді. Немесе тағы бір ертегіде мынандай ғажап болады. «Қыз... сүйектің бәрін жинап, бір ақ шүберекке түйіп, орманның ішіне барып, бір ағаштың бұтағына байлап қояды. Бір уақытта әлгі сүйекке жан бітіп, ақ шымшық торғай болып ұшып кетеді. Сонда торғай: «Әкем мені сойды екеш, // Апам аты Қарлығаш. // Ақ шүберекке түйді екеш // Тоғай басына қойды екеш, // Тоғай басы есіркеп, // Қанат-құйрық берді екеш», – дейді («Кісі етіне жерік қатын» ертегісі).

Осы сияқты сиқырлы құбылыстар жасауда, ертегі кейіпкерін бір түрден екінші түрге айналдыруға келгенде, халық қиялының тізгіні ағытылып, қарыштап ұзаққа шауып кетеді. Мұнда қаһарманның түр-түсі өзгеруінің биологиялық не химиялық заңдылықтарының қандай екенінде оқырман не тыңдаушының «шатағы» болмайды. Оны қызықтыратын нәрсе – халық шығармашылығының кереметтей бай арман-қиялы және соларды ертегінің дәл керек жеріне пайдаланылып, қиял-ғажайып оқиғалармен жымдасып, жігі білінбей қабысып кететіндігі. Мысалға «Тазша бала» ертегісінен үзінді келтірейік:

«Өнерші бай көре салып, үйінен шығып қашып бара жатқан тайлақты қуыпты. Тазша сонда түлкі болып қашыпты, өнерші бай тазы болып қуыпты. Өнерші бай жете берген кезде, Тазша түлкіден үйрек болып ұшыпты, бай онда қаршыға болып қуыпты, біраздан соң Тазша бала торғай болып қашыпты, онда бай қырғи болып соңына түсіпті. Онан соң Тазша торғай қалпына түсіп, ұшып келіп, шарбаққа қонып отырыпты. Бай қырғи болып келіп, таяна бергенде, Тазша қорқып шүберек болып, жерге түсіпті. Өнерші бай кісі болып келіп, шүберекті қолына алайын депті, Тазша тары болып домаланыпты. Өнерші бай тауық болып шоқиын дегенде, Тазша мысық болыпты да Өнерші байдың желкесіне мініп алып тістеп, тырнап, зорлықпен Өнерші байды өлтіріпті».

Осы үзіндімен таныс әркімнің-ақ көзі бір нәрсеге жетсе керек. Ол – қазақ ауызекі әдебиетіндегі қиял элементтері нағыз қажетті деген жерінде ұқыпты пайдаланылатыны. Ертегі уақиғасына қарай бір жерде детальға үстеме ретінде шамалы ғана фантастикалық элемент керек болса, дәл сонша қиял қосылады.

Мысалы: «Құланайжарқын» ертегісінде рахымсыз шалдан құтқару үшін торы бие мен тазыны қиял аққу ғып ұшырып жібереді. Ертегіде бұдан басқа басы артық бір түрден екінші түрге құбылу болмайды. Бұл – халық өз бойындағы ағыл-тегіл қиял бұлағын үнемі ұқыпты пайдаланғанының белгісі. Ал қажет кезінде «осы жерде қиял мол керек-ау» деген сәттерде ауызекі әдебиет бойындағы барын салады, ғажайып құбылыстарды бірінің үстіне бірін аямайды.

Немесе «Көкжан батыр мен айдаһардағы» Көкжанның: «Менің жаным оң жақ көрпенің астында, бәкі пышақтың ұшында», дегені болсын, бұл детальдардың түп-төркінінде маңызды мәселе жатыр. Бұл ертегі уақиғаларын шиленістіре түсіп, детективті тұздық жасауға бағытталған нәрсе емес. Жан турасындағы қиялдың негізі үлкен, үмітшіл арманнан шыққан.

Адамзат өзінің планетада жаратылғанынан бері қарай алдына қойған қыруар мәселелерді біртіндеп шешіп келеді. Адам ата мен Хауа ана дүниеге келгеннен бері осы бүгінге дейін адамзат өркениеті өлі табиғаттың қыруар қатпар-қатпар құпияларын ашты. Тірі организмнің де талай жасырын жұмбақтары әйгіленді. Дегенмен, барлығы түгелдей емес екені бәрімізге аян. Бір қызығы – қаншама миллион парсек (бір секундта жарықтың жүріп өтетін ара қашықтығы) қашықтықтағы жұдыздардың физикалық, химиялық қасиеттері анықтағанмен, адам тап өзі жөнінде түбегейлі біле қойған жоқ әлі. Биологиялық тұрғыдан қарағанда, өзінің қандай химиялық заттардан құралатыны – ол үшін беймәлімділік әлемі. Ғалым өмірде мұндай болмаған дәрежеде шарықтап өсті деп есептеген қазіргі заманда белоктың тегін дәл анықтай алмай отырғанда, баяғы халықтарға «соны білмегенің-ау» деп кінә тағу әнтектік қылар.

Алайда «организм мынандай болса екен» дегендей қиялды адам біледі. Адамзат атына лайықты деп ұққан қасиеттер мен ерекшеліктерді ауызекі әдебиеттің шеберханасында арман-қиялдың бес қаруымен сомдап соғып алады. Халық творчествосы үшін алып күш, ерен ақыл-айла тәрізді нәрсе бұйым емес.

Оған қиынырақ соққаны – адамды мәңгі өмір сүргізу, кездейсоқ өлімнен аман сақтап қалу. Қазірде медицина, биологияның бір саласы – геронтологияның үлесіне тиесілі бұл проблема адамзатты жарық дүниеге келгеннен бастап-ақ мазасыздандырған-ды. Алайда, бүгін-ертең табысты шешіле қоймайтын бұл мәселені халықтың ой-қиялы «ретін келтірді». Өз кейіпкерлерінің жанын алмалы-салмалы қылды.

«Күлсе аузынан будақ-будақ гүл түсетін, жыласа көзінен моншақ-моншақ маржан түсетін құс» ертегісінде мынандай деталь бар: «Хасан дереу екі санының етінен екі жапырақ кесіп алып, самұрықтың аузына тосты, самұрық Хасанның берген етін жеп, күшіне келеді... Самұрық Хасанның екі санындағы жарасын дереу қанатымен сипап еді, жара жазылып кетті». Демек, самұрық «пластикалық операцияны» сәтті жасайды екен, енді халық қиялы күрделірек медициналық проблемаларға неге бармайды? Ендеше сол кезде организмнің басты мүшесі саналған жан хақында гипотезалар айтуға болмас па екен?

«Ер Төстік», «Ұшар ханның баласы», «Көкжан батыр және айдаһар» ертегілеріндегі жан туралы айтылған фантастикалық мотивтер осындай халық алдында тұрған медициналық шаралар жасау мұқтаждығынан туған. Сол бір замандарда халық қиялы шартты түрде «жан» деген абстрактілі ұғымды ойлап шығарған. Сосын сол жанның төңірегінде қиял-ғажайып оқиғалар құрған.

Жалпы, қиял-ғажайып ертегілер медицина тақырыбына о бастан жақын болатын. Дүние жүзіндегі бірден-бір мархабатты, иманжүзді мамандық – дәрігерлікке ертегі шығарушылар сақтықпен қарады. Өмірде ең қажетті нәрсе – адам тәніне жарақат түсер болса, қандай бір жолмен болса да соны құлан-таза жазуға кірісті. Ол үшін халық өз бойына біткен қиялдау қабілетін иіні келген жерде, ұрымтал тұстардың бәрінде де жұмсап бақты.

Оның бір дәлелі – «Қараүйрек» ертегісі. Осы ертегіге оқушының бір риза болатын жері – үш ағайынды жігіт қолынан сиқырлы істер келетін жеті басты жалмауыз кемпірді де күшпен жақсылық жасауға мәжбүр етеді. Үш жігіттің қарындасы Сарқыттың қанын соруға келген кемпір алдындағы қазулы орға түсіп кетеді. Аңдып тұрған ағалары келіп, басын әрі өтіп бір кеседі, бері өтіп бір кеседі. Бір басы қалғанда жалмауыз жалынады: «Мені өлтірме, не тілесең, соны жеткізейін», дейді. Сонда оны да көрейік деп, ордан шығарып алып, «көзі кемге көз сал, аяғы жоққа аяқ сал, желаяқты желаяқ емес ет, Сарқытты сұлу ет», дейді. «Бәрін орындаймын, өлтірмесең – болды», – дейді кемпір. Сонымен, жалмауыз Сарқытты жұтады. «Құс» дейді, құсады, сұлу қыз болып түседі. Көзі кемді жұтады. «Құс» дейді, құспайды, бірнеше айтқанда зорға құсады. Сұлу көзді болып түседі. Енді желаяқты жұтады. Мұны да зорға құсады. Қараүйрек өзін жұтқызады. Серіктері «құс» дейді, құспайды. Сонан соң жалмауыздың басын кесіп, бақайшағын шақса, Қараүйрек малдасын құрып, садақтың оғын жонып отыр екен...

Адамды сырқатынан жазуда қаншама ғажайып емдеу әдістерін қолдану ертегілерде мол кездеседі. Мысалы: «Махмуд пен Жолдас» ертегісінде жолай кездескен «бір қапталдың астында аты бар, белінде шолақ қылышы бар, орта жасқа келген бір адам» Махмудқа ілесе жүреді. Бірінші түні сайға қонғанда, өздерін жұтайын деп келе жатқан айдаһарды өлтіріп, оны ұзаққа апарып өртеп, күлін қалтаға салып алады. Сол күл бір қол, бір аяғы жоқ мүгедек жандарды құлан-таза жасатын таптырмас ем болады...

Медицина тақырыбын нысана ғып аларда қиял-ғажайып ертегілердің мойнына өте ауыр жүк артылған еді. Ол бір сәтте қазіргі «штаттық кестеміз бойынша» травматолог та, ортопед те, геронтолог та.. қысқасы, қазір бірінен екіншісі тіпті алшақ қыруар мамандықтың иесі болуы тиіс еді. Сол міндетті қиял-ғажайып ертегілер белгілі дәрежеде атқарып шықты. Мысалы: «Жылан қабықты жігіт» ертегісінде Шаһимардан ханның жендеттері өлтіріп, ортасынан екі бөліп, қапқа салып, есекке теңдеп жіберген әкесінің сүйегіне үш рет дем салғанда, әкесі тіріліп кетеді. (Травматолог және ортопед).

Енді бірде сол Шаһимардан көп жылап, көзінен айырылып, суқараңғы болып қалған Бабахан ханның көзіне «сүрме» деген дәрі жағып жазыпты. Өзінің әке-шешесін жуындырып, киіндіріп өмірлерін ұзартыпты. (Геронтолог).

Былай қараған көзге ертегілердегі осы сарындас ғажайып ем-дом қолдану әдісі примитив – аңқаулық сияқты. Дегенмен, оның астарында негіз бар. Ол «адам ешқашан табиғат алдында әлжуаз болмаса екен, адам денесінің мүшелері мүгедектікке душар болмаса екен» дегендей арман бар. Керек десеңіз, тіпті кейбір науқастарды қалай жазудың әдіс-айласын «нұсқап» отырған жоқ па?!

Қиял-ғажайып ертегілердің тағы бір кереметіне таң қаламыз. Қолымызға сан ұстап жүрген затымыз ертегінің, оның ішінде қиял-ғажайып ертегісінің «қарақшысына іліккенде», табан астында құлпырып сала береді. Олардың дүниеге келу төркіні жөнінде академик Х.Жұмалиев ертеректе былай деген: «Ой-сана, ақыл дүниесінің кені болған халық, кейінгі ұрпақтарының тұрмыс-тіршіліктерін жеңілдету, табиғаттың асау күштерін өзіне бағындыру үшін қиял дүниесін кезіп, жеңетін әдістердің ұшығын ерте заманның өзінде-ақ көрсетіп кеткен... Белгілі бір заттың күшімен үлкен үйлерді көшіріп, қондыру ертегілері бұдан бірнеше ғасырлар бұрын шықты» /Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1943. – 48 б./.

Соншама уақыттан біздің заманымызға дейінгі жолда тамашалар жасау қолынан келетін сиқырлы заттар турасындағы ертегілер саны толығып, байып, ауқымы кең бір топ жасады. «Сиқырлы заттар қиял-ғажайып ертегілерінде сүбелі қызмет атқарды. Шынтуайттап келгенде олар осы басты кейіпкерлер – ғажайып заттар – ертегіде бола береді, қызмет жасай береді» /Соколов Ю. Русский фольклор. – М.: Советский писатель, 1938. – 324 б./, – дегені бар профессор Ю.М.Соколовтың. Ол заттар табан астында адамның қолынан келмейтін істер тындырып тастай алады.

«Қазыбайдың үш жақсы нәрсесі бар, – дейді қойшы бала «Ұр, тоқпақ» ертегісінде. – Біреуі: «Піс, қазаным, піс!» десе, әртүрлі тамақ пісіп шыға келеді, енді біреуі: «Құс, есегім, құс!» десе, алтын құсады, енді біреуі: «Ұр, тоқпағым, ұр!» десе, адамды ұра береді».

Басқа көптеген қазақ ертегілерінде де осы алуандас сиқырлы заттар кездеседі. Мысалы, іші төрт түлік малға толы қызыл сандық, ішінде бұлбұлдары сайраған бақшасы бар көк сандық («Патша мен бүркіт» ертегісі); қазанға салынған етті бір түрткенде қайнатып шығаратын кездік («Күн астындағы Күнекей қыз» ертегісі); жерге салып қойып бір тепкенде, айтқаның болатын қайрақ («Жігіт пен өнерлі қыз» ертегісі); кілтін бір бұрағанда – жаңбыр, екінші бұрағанда – қар, үшінші бұрағанда – дауыл болып, күннің көзі ашылатын тағы бір бұрағанда, ішінен қалың әскер: «Жау қайдалап?» күй тартып, барабан қағып шыға келетін сандық («Уәзір бала» ертегісі); «Құм тауы» мен «Мұз тауынан» аттың кекіліне қадаса, аман алып шығатын ақ, қызыл гүлдер («Қарағұсбай» ертегісі); жердің жүзін түгел көз алдына әкеліп көрсететін айна; үстіне отырсаң, қалаған жағыңа көзіңді ашып-жұмғанша жеткізетін кілем; өлген адамды қолма-қол тірілтетін таяқ («Қасиетті құдық» ертегісі); бетін жалап қалған мезетте барлық хайуандардың тілін түсіндіріп шығатын тас («Сұрмергеннің ажалы» ертегісі)... Қысқасы, осындай ғажайыптар жасай алатын сиқырлы заттар толып жатыр.

Кәдімгі көзімізге үйреншікті қарапайым бұйымдардың мұндай фантастикалы күшке ие болу сәттері Құранда да кездесіп қалады. Мысалы: «Құранның 2-сүре 57-аяты былай дейді: «Мұса өз халқы үшін ішімдік су сұрады. Біз /Алла/ айттық: «Ұр тасты таяғыңмен». Ол ұрды, тастан 12 бұлақ ақты, әрқайсысы өздерінің су ішетін бұлақтарын біліп алды...»

Бұл аятты келтіргендегі біздің мақсатымыз – оқырман назарын сиқырлы таяққа аудару. Сол тасты ұрғанда су шығаратын құдіретті таяқтың прототипі бүгінгі өмірде бар ма екен? Болмаса, келешекте жүзеге асуы мүмкін идея ма екен? Осы сиқырлы таяқ идеясын қазіргі заман ғылымының тұрғысынан қарап, оны жаңа бір фантастикалық идеяға ұластырып алып кеуге болмас па екен? Белгілі қиялгер И.А.Ефремов тірі су, өлі су және басқа әзірше ғылым жүзінде дәлелі табылмаған құбылыстарға күтпеген жерде тіпті өзгеше мән-мағына беріп жазады. Қазақ қиялгерлерінің арасынан да сондайлар табылып, сол сиқырлы таяққа жаңаша өң берсе, не істер еді?

Әзірше әңгімеміз ертегілер төңірегінде болып отырғандықтан, қиялдың күшімен кез келген затқа жан бітіріп немесе сол зат күйінде тұрып-ақ тамаша шаруалар тындыратын бір алуан ертегілер біздің рухани әлеміміздің қақ төрінен орын алады. Қазіргі тұрмысымызда қаншама қара жұмысымызды тындырып жүрген автоматтандырылған механизмдердің тууына себепші болған солар деп білеміз. «Кейін адам қауымын нақтылы білімге, өнер табысқа, Горький атаған техникалық прогреске жекізген ізденгіш ойдың түртініп, тімтініп жүрген ерте шағы сол қиял-ғажайып ертегілерінде туған. Ертегі осындай қазынаны сақтаған» /Әуезов М. Ерегілер // Әдебиет және исскуство. – 1956. – №2. – 83 б./ деген академик М.Әуезовтың пікірін осы жерде келтіру орынды сияқты.

Фантастика хақында ауыз тұшырлық бір пікір айтам деушілер халықтың әфсана, аңыз, ертегілеріне соқпай кетуі мүмкін емес. Себебі: ертеректегі арман, қиялдың нағыз кілкіген қаймағы тап осының ішінде. «Аңыз әңгімелерде фантазия да араласады, – дейді академик Х.Жұмалиев. – бірақ аңызға айналған адамның өзі тарихи адам болғандықтан, фантазия оның айналасындағы қарым-қатынасы болған құбылыстарында болмаса, аңыз болған геройлардың өз бастары реалдық адам қатарында қала береді» /Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиеті тарихы мәселелері. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1958. – 64. б./.

Қазақ аңыздарының ішінде басқаларынан шоқтығы биіктеліп, әудем жерден көрініп тұратын екі қаһарманы бар. Олар – Қорқыт пен Асан Қайғы. «Қорқыт жұрттан асқан ақылды, алдағыны болжалдағыш адам екен», – деп басталатын «Қорқыт туралы аңыздың» мазмұнын қысқартып, естеріңізге түсіруді артық көрмедік.

...Бір күні түсінде Қорқыт жапан даланы кезіп келе жатса, көр қазып жатқан бір топ адамға кездесіп, олардан «мұны кімге қазып жатырсыңдар?» деп сұрайды. Көр қазушылар: «Қорқыт әулиені қоюға қазып жатырмыз», – дейді. Осыдан сескенеді де, Қорқыт келер күні бұ жерден басқа, дүниенің екінші шетіне сапар шегеді. Бетпақтың шөлін де, Сарыарқаны да түгел кезеді. Қайда жүрсе де, қайда барса да, ұйықтаса да болғаны – түсінде өзіне қазылып жатқан көрді көреді. Қайда барса да жанына тыныштық таба алмаған соң, жер ортасын іздейді. Жер ортасы Сырдарияның жағасы екен. «Жерұйық» осы деп, қазіргі Қорқыт моласы тұрған Сырдария жағасына келіп тұрақтайды. «Елімнің қайғысына мың да бір дауа осы болар» деп, Сырдың суына кілем төсеп, қобызын тартып отырады.

...Бір күні түсінде тәңірі аян беріп, Қорқытқа айтыпты: «Сен өлімді аузыңа алмасаң, саған еш уақытта өлім жоқ». Бұдан кейін бірталай заман өтеді, Қорқыт өлімді аузына алмай, қобызын тартып, ел аралап жүре беріпті. Күндердің бір күнінде байлаулы өгіз босанып кеткенде, соны қуып жүріп: «Мұны өлсем де ұстамай қоймаймын», – дейді. Осы сөзді айтуын айтқанмен, артынан қатты өкініпті. Ол жерден кетуге бел байлайды. Астына Желмая мініп, желдіртіп дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Күнбатысқа да, Күншығысқа да, Құбылаға да барады.

Барған жердің бәрінде де өзіне қазылып жатқан көрді көреді. Өлім құрығынан құтыла алмасын білген соң, Қорқыт өзінің сүйікті мекені Сырдарияға қайтып келеді. Құрғақ жерде тұрса да бір күні ажал жетіп келер деген қауіппен, бір қырмызы масаты кілемді алып, Сырдарияның суына төсеп, сонда қобызын тартып тұра беріпті. Қорқыт дүние кезген арманын да, өлімнен қашқан қайғысын да, өзі көрген жақсылық-жамандық жайларын да ғажап сұлу күйлермен жеткізіп баяндайды. Қорқыт күйлерін бүкіл дүние, жан иесі түгел ұйып тыңдайды. Аспандағы құс ұшуын, жел есуін тоқтатып, Қорқыт күйін тыңдайды.

Сарыарқаның аңдары да Сырдарияның жағасына шұбырып келіп, Қорқыт күйін тыңдайды. Сырдария ағысын тоқтатыпты, үстіне төселген Қорқыттың кілемі суға не ағып, не батып кетпей, көп заман су ортасындағы кемедей қалқып тұрып алып, Қорқытқа өлім келтірмейтін болыпты. Қорқыттың күңіренген күйлеріне елтіген ажал да жақындай алмапты. Қорқыт күндіз-түні қобызын тартып, өліммен алысыпты. Көп замандардан кейін қалжыраған Қорқыт қалғып кеткенде, оны аңдумен жүрген ажал қайрақ жылан күйінде жорғалап келіп, шағып өлтіріпті.

Бұл аңызбен халық екі түрлі нәрсе айтқысы келген. Оның бірі – творчество туындысының мәңгілігі. Қорқыт тартқан күйге адам түгіл, жан-жәндіктер ұйып қалады. Қобыздың екі ішегі сарнағанда, аспанда қанатын жазып құс та ұша алмайды. Жерде бауырын жазып аң да жорта алмайды. Ол – ол ма, құлағы бар аңдар мен құстар былай тұрсын, өлі табиғаттың өзі елітіп тыңдайды. Тіпті қоймалжың Сыр ағысын тоқтатып, ылайлы суын көздің жасындай мөп-мөлдір тұндырып қояды. Аңыздың осы астарына көбірек көңіл аударған адам өнердің, творчествоның кереметтей сиқырлы күшін паш еткен оданы оқиды.

Аңыздың екінші айтары – Қорқыттың революционерлігі. Революционер – біздің ұғымымызда әділетсіздікке қарсы күрескер. Ал өлім мен өмірдің күресі – әділетсіздік күрес. Ақыр түбінде міндетті түрде өлімнің жеңісімен аяқталатын күрес. Қорқыт революционер ретінде соған қарсы шықты. Ол турасында академик Х.Жұмалиевтің тұжырымы дұрыс. Ғалым ілгеріректе былай деген: «Қорқыт аңызының мәні терең. Мұнда өлімнің сөзсіз нәрсе екенін, адам үйде болсын, түзде болсын, қай күні болсын өлуі хақ нәрсе екендігін, тек шындығын ғана ашып қоймайды, соған қарсы шара іздейді. Адам баласы өзінің даму жолында өлімге де қарсы шаралар қарастырып, одан құтылу әрекетін жасаса, өлімді қашырса, адамға ажал кәрі жоламайтын болса деген тілекті аңсаудан келіп «Қорқыт» деген аңыз туды... Су бетіне кілем жайып, Қорқыттың бірнеше уақыттар ажалды жолатпауы жай айтыла салған нәрсе емес, күндердің күнінде өлімді кідіртетін шараның болатынына сенушілік, соны аңсаушылық» /Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиеті тарихы мәселелері. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1958. – 64 б./.

Халықтың осы арманын жүзеге асыру жолында қазірде медицина ғылымы жан-жақты, жемісті зерттеу жұмыстарын жүргізуде. «Адам ұзақ өмір сүруі мүмкін бе? Менің байламым: иә, мүмкін. Тіпті міндетті. Ал мәңгі өлмеуі мүмкін бе? Былай қарағанда дәйексіз сұрақ сияқты. Бірақ соншама дәйексіз бе?» – дегендей сұрақ қояды Белоруссия Ғылым Академиясының академигі В.Купревич. Ғалымның өзі осылай деп жатқаны – шамасы Қорқыттың «көтерген мәселесінің» пәлендей негізсіз болмағаны шығар...

Осы саладағы медициналық шаралардың алғашқы нәтижесі есепті геронтология ғылымы өсіп келеді. Геронтология – адам жасын ұзарту мәселесімен айналысатын ғылым. Бүгін ғалымдар адамның өмір жасын ұзарту үшін құрғақ теориядан тура тәжірибе жасауға көшіп отыр екен. Енді күні ертең ғалымдар Қорқыттың жолын қумас па? Бұл екеулерінің арасындағы айырмашылық тек қана қолданар «қаруында» болуы мүмкін: Қорқыт ажалмен айқасса, өнерді ту ғып көтереді, ал қазіргі ғалымдар қолда бар нақты ғылым жаңалықтарын пайдаланады.

Қорқыт тәріздес өліммен айқасқан тағы бір аңыздың кейіпкері бар. Ол - Әкім Лұқпан. Лұқпанның жазбайтын ауруы жоқ. Сан түрлі дәрілер жасау қолынан келетін ұлы фармацевт, провизор. Бір айта кететін нәрсе – Әкім Лұқпан хақындағы тарап жүрген аңыздардың негізінде Т.Сұлтанбеков «Лұхман Хакім» атты фантастикалық әңгіме жазды. Ол әңгімеде халықтың қалың ортасынан шыққан оқымысты дәрігердің тала-талай ғажайып дәрілер жасағаны айтылады. Лұқпанның бейнесі ғалым есебінде беріледі. Автор: «Өз дәрісін өзіне қолданып, өмірін ұзартып, әлі күнге дейін тірі жүр», – дегендей қиялды да қосып қояды.

Халық аңыздарының негіздерінде жасалған Әкім Лұқпанның жиынтық образы – ғылыми фантастиканың өкілі деп есептесек, Асан Қайғыны әлеуметтік фантастика тудырған. Асан Қайғы Желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жерұйық» дейтін ну орманды, көкорай шалғынды, сулы жер, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс» іздейді. «Елді сол жерге қоныстандырсам», – деп арман етеді. Жүрген жерінде жақсы қонысқа да, жаман қонысқа да баға беріп отырады.

Асан Қайғының қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жеріне академик Ә. Марғұлан мынандай анықтама береді: «...Ұйықту баста ата-бабаның қоныс етіп, үйіндісі қалған жер, қаланың, ұлт қабырларының үйіндісі. Кейін бұл сөз «Әулиенің орны» мәнінде айтылған. Жер үйік (ұйық) қырғызда да, алтай түріктерінде де бар, мәнісі де бар, мәнісі – «Священная земля» /Марғұлан Ә. Қорқыттың әліммен күресі // Қазақ әдебиеті. – 1968. – 8 тамыз/.

Асан Қайғының бізге ұнайтыны да – осындай жерді іздеуі. Ол жер – баяғыда өмірден өтіп кеткен Асан ата түгіл, қазіргі біз үшін де қымбат жер. «Ежелгі ел қонысымен байланысты ғажайып қияли аңыздардың бірі – «Өтукен», «Ергене-көң» туралы шүйгін қоныс, жау келсе кіре алмайтын берік тау ішіндегі қамалдар, – деген филология ғылымдарының докторы Х.Сүйіншалиев. – «Жиделі байсын» мен «Жерұйық» туралы ертегі, жыр-аңыздар да сол армандардан туған. Асан Қайғы туралы сан алуан аңыздардың да көбі осы халықтың абзал арман, асыл тілегімен ұштасып жатады» /Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: Санат, 1997. – 253 б./. Халық творчествосы Асан Қайғы бейнесімен бізге бір кездегі әлеуметтік фантастиканың үлгісін жеткізіп беріп отыр.

Асан Қайғының іздеп жүрген жері шалқалап жатып алып, аузыңды ашсаң, тамақ түсе беретін жер емес. Ал оны іздеуші еңбекке қыры жоқ, жалқау кісі емес. Оның жаһан кезуі – бунт. Жеке бас адамның «құдай салды – мен көндім» деп, Хақ тағаланың тілегін тілеп, мойнына қамытты сүйретіп жүре бермей, бас көтеруі. Табиғаттың жасырып қойған құпиясын тінткілеп іздеуі.

Бүгінгі фантастикалық әдебиетіміз – кешегі фольклордың жалғасы. Қазірде біз ертедегі космогонияны, роботтар тірлігін, өлімсіз өмір... тағы-тағылар туралы фантастикалық шығармалар жазып жатсақ, қазақ әдебиетінде бұрын жоқ жанрдың негізін салдық деп ойламайық. «Бүгініміз бен ертеңіміз турасында сөз қозғасақ, келешегімізді ұмытпайық» дегенді баяғыдан бері талай ғұламалар айтқан. Бұл - өсетін елдің әдемі дәстүріне айналған нәрсе. Біз ол ғұламалардың айтқанын тізе бермей, тек қана фантастикаға қатысы бар бірді-екілі пікір келтіруді қол көрдік.

«Мешеу атқыш, немесе провинциалдың қанаты», «Бес «емес» жалағаулы адам, немесе Ақжүрек кісінің өсиеті» атты қызықты ертегі-повестердің авторы ақын Вадим Шефнер: «Мен «фантастика» деген сөзді ғылыми фантастика емес, тура «фантазия» деген қиял-ғажайып, тамаша нәрселер тудыра алу мүмкіндігі, кейде қарапайым кейіпкерлерді ерекше жағдайға түсіру ұғымы деп білемін», – деп тұжырымдайды.

Бізбен ауызба-азуы бір әңгімесінде Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор А. Машанов: «Қырық өтіріктегі» алты құлаш ала биеден туған жеті құлаш жирен құлынды іздеп жүргендегі Тазша баланың айтқаны есіңде ме? Ол мұзға құрығын, оның үстіне – қамшысын, оның үстіне – пышағын, оның үстіне – пышағының қынын шаншып, биіктеп қарайды ғой. Сонда да жирен құлын көрінбейді. Енді оның үстіне темір тебенді шанышқанда, бұлттар ыдырап, Темірқазықтың ар жағында, Шолпан жұлдызының бер жағында жайылып жүрген құлынын көреді. Осында ғажап ғылыми қиял бар екенін білсің бе? Ол қиял – тебенде. Тебен – магнит. Ал магниттің қандай құпия қасиеттері барын қазіргі ғылымның өзі әлі күнге дейін толық шеше алмай отыр. Осыны шешуді бұрынғы қазақтар да қиялдаған болар. Кім білсін», – деген-ді.

Бұл – бір жағынан тастардың құпиясын жете зерттеп жүрген маркшейдер-ғалымның пікірі болар. Екінші жағынан «Жер астына саяхат» атты ғылыми-фантастикалық әңгімелер жинағының туындыгерінің дәйектемесі. Осы жерде қайсы жағы басым екенін тап басу – қиын. Бірақ бізге белгілі бір нәрсе – қазақтың ауызекі әдебиеті нақтылы ғылымның да, көркем әдебиеттің де мәуелеп өсуіне құнарлы топырақ бола алады. Әсіресе, ғылыми-фантастикалық әдебиетке.



  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет