Коммуникативтік біліктілік мынадай оқу мақсаттарын қамтиды:
1. Когнитивті мағыналық мақсат, яғни оқушы коммуникативтік жағдаяттарды әңгімелесу, сөйлесу, қарым-қатынас туындайтын жағдайларды таба білуі керек. Ол өзінің іс-әрекетінің, сөйлесуінің, қарым- қатынас жасауының барысында - осы жайттарды ескеруге дағдылануы, үйренуі қажет.
2. Әлеуметтік мақсат, оны жүзеге асыру кезінде оқушы өзін-өзі қалай ұстайтынын біле отырып, өз іс-әрекетіне жауап бере алады. Алға қойған мақсатына басқалармен бірге жетуге ұмтылады, сондай-ақ қарым-қатынас жасайтын әріптесімен жеке тұлға ретінде тең жағдайда болуға тырысады.
3. Лингвистикалық біліктілік мақсат. Бұл мақсатқа сәйкес оқушы ойларын,іс-әрекетін сөйлеп жеткізе алуға ынталы болады.
Г.Нойнер бұл үш компонентті бөлек-бөлек емес,керісінше, өзара тығыз байланыста болады деп пайымдайды.
Зерттеушілер қатысым әрекетінің үш кезеңін көрсетеді:
Хабардың дұрыс айтылуы, шығуы. Мұнда синтаксистік заңдылықтар, яғни грамматикалық бірліктердің айтылуы,дыбысталуы.
Айтылуға тиісті мағынаның дұрыс жеткізілуі, айтылған ой мен айтылған тілдік құралдың тепе-теңдігі. Мұнда семантикалық заңдылықтар басым рөл атқарады.
Әңгімелесуші – екінші адамның хабарды дұрыс қабылдауы.
Е.И.Пассов осы үш кезеңді баяндай келіп, тілдік қатынастың толық жүзеге асуы үшін ең бастысы – үшінші кезең, алдыңғы екі кезең қарым-қатынасты іске асырмайды, бірақ өкінішке орай,тілдік қатынаста біз осы үшінші кезеңге жете бермейміз, яғни қарым-қатынаста бірінші және екінші кезеңдерде тоқтап қалып қоямыз деп көрсетеді. Ал, Оразбаева: “Тілдік қатынас жалпы адамзат арасындағы ойға, санаға қатысты болса, ол, ең алдымен,сыртқы нышандық шындықты қабылдаудан,жеткізейін деген хабарды пайымдаудан туады”,-деп есептейді.
А.Жапбаровтың пікірінше, коммуникативтік біліктілік мынадай бірнеше кезеңдерден тұрады:
1. Хабардың пайда болуы: Тілдік қатынасты жүзеге асыратын сөйлеу әрекетіне қажетті ең бірінші дерек – сыртқы дүниенің адам санасына әсер етуі, сол әсердің нәтижесінде мида ойдың қорытылуы,хабардың пайда болуы және оның себебі (мотиві).
2. Хабардың сыртқа шығуы, жеткізілуі. Санада тұжырымдалған пайымдаудың, ойдың, яғни ұғымның, хабардың тіл арқылы, тілдік бірліктер арқылы айтылуы, яғни сыртқа шығуы. Тілдік бірліктер: дыбыс,сөз, сөйлем, мәтін. Айтылуға тиісті хабардың (сөйлем, диалог, монолог) дыбысталумен шектеліп қана қоймай, келесі адамға қабылданушыға жеткізілуі. Ол ауызша да, жазбаша да болуы мүмкін. Хабар жеткізілмей қалып қойса, қарым-қатынас, түсінісу, яғни ұғынысу болмайды.
3. Хабардың қабылдануы. Сөйлеу әрекетіндегі келесі саты – жеткізілген хабардың қабылдануы. Қабылдау әрекетінде қосымша жұмыс атқаратын бірнеше дерек бар(есту, көру, оқу, тыңдау, түсіну,т.б) бірақ еңбастысы – келген хабарды түсіну, яғни қабылдап алу.
4. Хабардың жауабы. Тілдік қарым-қатынас болу үшін, хабарды қабылдап алумен ғана шектелу біржақты үдеріс болып қалады, енді ауызша тілдік қатынас жүзеге асу үшін, қабылданған хабарға көңіл аудару, яғни оны сарапқа салу, бағалау, түсіну, жауап қайтару шарт. Яғни, түсіну арқылы оған жауап қайтару қажеттігі туады. Сөйтіп, хабар жаңарып, келесі сатыға өтеді, жаңа хабар пайда болады. Сонымен хабар жауапқа ие болып, жаңа қарым-қатынасқа жол ашылады.
Осы аталған коммуникативтік біліктілікке қалай қол жеткізу жолын іздестіруші әдіскер Е.И.Пассовтың пікірінше тілді оқытуда мына жайттарды ескергенде коммуникативтілікке ие болатынын байқаймыз:
1. Коммуникативтік сипаттағы оқыту тәсілдерін пайдалану;
2. Арнайы жаттығулар жасау;
3. Бүкіл оқу процесін мақсатты түрде ұйымдастыру;
Бұларға жеке-жеке тоқталар болсақ:
Коммуникативтік сипаттағы оқыту тәсілдерін пайдалану дегеніміз оқушыларға тілді үйрету барысында ауызша сөйлеу тілін жетілдіру үшін тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану.
Арнайы жаттығулар жасау, яғни бұл ауызша тілін дамыту үшін арнайы берілген жаттығуларды орындау. Жаттығуларды орындау барысында тілді үйренуші көптеген кедергілерден өтеді және оқытушыдан кеңес алуына болады.
Достарыңызбен бөлісу: |