Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби тiлi



жүктеу 4.74 Mb.
бет19/27
Дата09.06.2016
өлшемі4.74 Mb.
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   27

Топтық сан есім

Тілімізде заттар мен құбылыстардың санын топтап көрсететін де сан есімдер бар. Осы ерекшелігіне байланысты топтық сан есіміне оқулықтарда «есептік, жинақтық, болжалдық сан есімдерге, қазіргі кезде шығыс септікке тән грамматикалық мағынадан біржола қол үзген -дан (- ден, - тан, -тен) аффиксін қосу арқылы жасалып, біркелкі заттар мен құбылыстардың сан мөлшерін топтап көрсететін сөздер,»- деген анықтама беріліп жүр. Мысалы, Біз әуелі тобымызбен, сосын екі- екіден, үш-үштен қосылып, бірнеше ән айттық (Н. Ғабдуллин).

Топтық сан есімдер де морфологиялық құрамы жағынан дара және күрделі болады. Мысалы, Сол күні екі жақтан үшеуден алты ғана кісі шақыртып алды (М. Әуезов). Әр оқушы бес- алтыдан ағаш егіп, соны өздері күтіп өсіретін болса, қандай жақсы! (М. Иманжанов). Осы сөйлемдердің алғашқысындағы топтық сан есімі жинақтық сан есіміне көнеленген шығыс септігінің жалғануы арқылы жасалса, екінші сөйлемде екі есептік сан есімдердің тіркесіп және соңғысына көнеленген шығыс септік жалғауы жалғану арқылы жасалған. Сондыідан соңғы сөйлемдегі сан атаулары күрделі топтық сан есімі болады.

Топтық сан есімдердің өздеріне тән мынадай ерекшепіктері бар:

- топтық сан есім жасалатын негізгі көрсеткіш- шығыс септік жалғауы. "Шығыс септік жалғауы сөз жасаушы қосымшаға жатпайтыны белгілі, ол-сөздерді байланыстырушы қосымша. Бірақ бұл қосымша есептік санға Қосылғанда, өзінің негізгі синтаксистік қызметін атқармайды, есептік санды сөйлемде басқа сөзбен байланыстыру қызметінде емес, есептік санға топтау мәнін қосады".

- кейде - дан, - ден қосымшасы топтық сан есімдердің анықтайтын сөздеріне қосылып айтылады. Мысалы, Сенбілікте әр студент бес- бес ағаштан отырғызды.

- топтықсан есімдер грамматикалық көрсеткіштермен түрленбейді және жаңа сөздер жасай алмайды.

Болжалдық сан есімдер

Сан есімдер барлық уақытта өздері анықтайтын заттар мен құбылыс-тардыңсанын дәл, нақты көрсетпей, шамамен тұспалдап атайтын кездері де болады. Осымен байланысты тілде болжалдық сан есімдер қалыптасқан. Сондықтан ғылыми еңбектерде болжалдық сан есімге мынадай анықтама берілген: «белгілі бір заттар мен құбылыстардың сан мөлшерін дәл атамай, тұспалдап қана шамамен атайтын сездер . «Мысалы, Аңшылар Қараадырдан бес-алты шақырымдай ұзап шықты (М. Әуезов). Бір жұп құмырсқаның ұрпағы бір жыл ішінде бір жүз жиырма миллиондай жәндік, бір жүз елу мыңдай құрт жейді ("Қызықты зоология" кітабынан).

Бұл сөйлемдердегі бес-алты шақырымдай, бір жүз жиырма миллиондай жәндік, бір жүз елу мыңдай құрт дегенде аңшылардың нақты қанша шақырым ұзап шыққаны немесе құмырсқаның қанша жәндік, құрт жейтіні белгісіз, сан атаулары дәл өзінің сандық мәнінде тұрған жоқ, тек қана осы мөлшерде дегенді білдіреді.Енді осы болжалдық сан есімдердің қалай жасалып тұрғанына көңіл бөлейік. Алдыңғы сөйлемдегі бес- алты болжалды сан есімі есептік сан есімдердің қосарлануы яғни аналитикалық тәсіл арқылы жасалған, ал екінші мысалдағы бір жүз жиырма миллиондай, бір жүз елу мыңдай дегенде де заттың нақтылы саны айтылмаған, тек қана атаған санның шамасында деген ұғым бар. Сол ұғымдай жұрнағы арқылы жасалған, сөйтіп болжалды сан есім синтетикалық тәсіл арқылы жасалған.

Сан есімге арналған зерттеулерде, оқулықтарда осы екі тәсіл іштей бірнеше түрге бөлініп жүр.

Синтетикалық тәсілдің жолдары: - болжалдық сан есімдердай, - дей, - тай, - тей жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Мысалы, Өзен мен бұл үйдің арасы бес жүз қадамдай жер еді (X. Есенжанов). Екі жүздей ат шапты (Ғ. Мұстафин)

Бұл жұрнақтардың ерекшелігі- бірлік саны қосарланған сандарға (елу-алпыстай, жетпіс-сексендей) және ондық, жүздік, мыңдық көбейтілмелі сандарға (бес жүздей, жиырма мыңдай) қосылады.

Сонымен бірге бұл қосымшалар есептік сан есімдер тікелей тіркесіп анықтайтын мезгілдік, көлемдік мағыналы есімдерге де жалғанып, болжалдық мағынаны білдіреді. Мысалы, он тәуліктей, алты аптадай, бес айдай, екі айдай, отыз километрдей т.б.

- ер жұрнағы арқылы болжалдық сандар тек бір есептік сан есіммен жасалады. Мысалы, Бірер мыңды місетұтпай, бес-алты мыңнан алмақ(Ғ. Мүсірепов). Хажыға ол... менің бірер жасар күнімде, езінің отыз бес жасында кеткен (Ғ. Мұстафин)

- есептік сан есімдерге - лаған, - леген, - даған, - деген, - таған, теген жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы, Қалада қазір

жүздеген машина бар, - деді Мейрам (Ғ. Мұстафин). Техникумда мыңдаған жас кадрлар оқып жүр. (сонда).

- лап, - леп, -дап, - деп, -тап, - теп жұрнақтары сан есімдерге жалғану арқылы болжалдық сан есімдер жасалады. Мысалы, Олар шығып кетті де, бір жәшікті төртеулеп көтеріп әкеліп, төренің қасына қойды (Ғ. Мұстафин). Соның ішінде партияның, үкіметтің ерекше қаулысы бойынша, бес жүздеп, мыңдап тобымен келетіндер бар (сонда).

- есептік сан есімдерге көптік жалғауы, сонан соң жатыс септігінің жалғауы жалғану арқыл ы болжалдық мағына жасалады. Мысалы, Жиналыс сағат екілерде басталады.

Аналитикалық тәсілдің жолдары:

- есептік сан есімдердің қосарлануы арқылы жасалады. Мысалы, Тобылғыны түсіріп, үйге кірсек, Есембайдың 13-14 жасар үлкен баласы келген екен (С. Мұратбеков). Айналасы қырық-елу адам (Ғ. Мұстафин).

- есептік сан есімдерге шақты, шамалы, қаралы, таман, жуық, астам, асқан, келген, тарта, таяу сөздерінің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, Ол осы жаздың басында он шақты жігітімен келіп, Жаншаның жасағына жазылғанды (X. Есенжанов). Екі жүзге тарта жігіт кетіп еді (С. Мұқанов).

Болжалдық сан есімдер де зат есіммен тіркеспей, соның орнына жүргеңде ғана көптеледі, тәуелденеді, септеледі. Мысалы, Екіншісі он бес -он алтыда (Ғ. Мұстафин).



Бөлшектік сан есімдер

Бөлшектік сан есімдерге қатысты анықтаманы оқулықтардың қай-қайсысынан да кездестіруге болады. Сол анықтамалар бойынша бөлшектік сан есімдер "белгілі бір заттар мен құбылыстардың сандық бөлшегін", "белгілі бір заттар мен құбылыстардың бөлшекгік үлесін, бөлшегін", "заттар мен құбылыстардың бөлшектік санын, үлесін" білдіреді. Олай болса, бөлшектік сандық ұғымның тілде бар екендігіне еш күмән жоқ.

Бөлшектік сан есімдер құрамы жағынан күрделі болып келіп, есептік сан есімдердің синтаксистік тәсілмен тіркесе айтылуы арқылы жасалады: бестің бірі, жүздің оны, төрттөн екісі, жүздөн бірі т.б. Осы сан атаулары морфологиялық құрамы жағынан күрделі және олардың бірінші сыңары- ілік септігінде, екінші сыңары- тәуелдік жалғауында (бестің бірі, жүздің оны), бірінші сыңары- шығыс септік жалғауында, екінші сыңары- тәуелдік жалғауында (төрттен екісі, жүзден бірі) тұр. Осы ерекшелікке байланысты бөлшектік сан есімдердің есептік сандардың синтаксистік тәсілмен тіркесе айтылып және белгілі бір грамматикалық тұлғалардың қосылып айтылуы арқылы жасалатындығы ғылымда дәлелденген жағдай. Атап айтқанда:

- бөлшектік сан есімдердің құрамындағы бірінші сыңары ілік немесе шығыс септіктің бірінде, екінші сыңары тәуелдік жалғаудың үшінші жағында

тұрады: төрттің бірі, жиырманың үші, жүздің екісі, төрттен бірі, отыздан оны, мыңнан жүзі т.б.

-бөлшектік сан есімдердің құрамындағы бірінші сыңары шығыс септікте, екінші сыңары атау септікте тұрады және көбіне "бөлігі" деген сөз тіркеседі. Мысалы, бестен бір, қырықтан төрт, мыңнан елу бөлігі, үштен бір бөлігі т.б.

-бөлшектік сандар жарым, жарты, ішрек сөздерінің есептік сандармен тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, бес ширек, мыңжарым т.б.
Сан есімнің синтаксистік қызметі

Сан есімді дербес сөз табы ретінде қарастырған Ә.Хасенов зерттеуінде де, оқулықтарда да сан есімнің негізгі синтаксистік қызметі-сөйлемде анықтауыш болу. Мысалы, Қазір Нұра өзенінің суына сегіз су бөгендері салынып, өзен мол береке ұйтқысы болып отыр ("Білім және еңбек" жұрналынан). Мың тоғыз жүз қырық бірінші жылы үлкен емен ағаштың саясында өзінің өткізген өмірін ертектей айта отырып, Дубный досын есіне түсірді (Қ. Әбдіқадіров). Осы сөйлемдерде сан атаулары өздері анықтайтын есім сөздерінің алдында келіп, анықтауыш болып тұр.

Сондай- ақ сан есім оның ішінде көбінесе жинақтық сан атаулары ілік септігінде тұрып та анықтауыш болады. Мысалы, Үшеудің жараса кеткенін қара (Ғ. Мүсірепов)!

Сан есім заттанып, атау септігінде тұрып, сөйлемде бастауыш қызметін атқарады. Мысалы, Қырға тарттың құйын боп екеуіңде,

Құла кетті торының жетегінде (М. Мақатаев).

Адасармыз, адассақ, қарамай-ақ,

Кел, екеуіміз кезейік жалаңаяқ. Алшағыр, Сүгірәлі екеуің барақ салып жатқандарды шақырып әкеліңдер (Ғ. Мүсірепов).

Сан есім сөйлем соңында келіп, баяндауыш болады. Мысалы, Бағып жүрген сиырларымның ішінде тарғыл аласы он жеті, қызыл шұбары- он үш, қарасы-тоғыз, құбақаны-бесеу (С. Мұқанов).

Сан есім барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің бірінде тұрып, өзі бағынып тұрған сөзге меңгеріле байланысып, жанама толықтауыш болады. Мысалы, Қазір мұның да жасы елу екіні өтіп, елу үшке аттаған (Б. Тоқтаров). Олардың бірін өлтіріп, бірін жараладық та, ілгері кеттік (Т.Бигелдинов). Бойы, көркі, сөзі, өнері, тәрбиесі бөлек Мүкарама екеуінен бір басқыш жоғары тұрды (X. Есенжанов).

Сан есімдер септік жалғауын қабылдамай- ақ етістік алдында тікелей келіп, сөйлемде пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Жидебайдан үш көшіп, Есенбайға жетті... (М. Әуезов).


?! Тақырыпты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Сан есімнің зерттелу тарихын айтып беріңдер.

  2. Сан есімге жалпы сипаттама беріңдер.

  3. Сан есімнің лексика-семантикалық сипатын түсіндіріңдер.

  4. Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері дегенде не түсінесіңдер?

  5. Сан есімнің семантикалық топтары жайлы мәлімет беріңдер?

  6. Сан есімнің синтаксистік қызметі



Есімдік, оған тән белгілер
Қазақ тілінде есімдік дербес сөз табы ретінде қарастырылып жүр. Ал орыс тілінде бұл мәселеде екі түрлі көзқарас болды. Ғалымдардың біразы есімдікті есім сөздермен бірге қарау керек десе, кейбір ғалымдар есімдік өз алдына жеке сөз табы болу керек деп санайды. Есімдіктерді есім сөз таптарымен бірлікте қарау керек дейтін пікір ұстанушы ғалымдардан А.Шахматов, А.М.Пешковский, А.Н.Гвоздевті атауға болады. Ал есімдікті жеке сөз табы деген көзқарасты дәлелдеушілер: В.В.Виноградов, Е.Н.Сидоренкот.б.

Қазақ тіл білімінде есімдіктер мәселесі А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, А.Ысқақов, А.Ибатов, А.Төлеуов еңбектерінен орын алған. Аталған ғалымдардың қай-қайсы да есімдіктерді орынбасар сөздер ретінде қарастырады. Мәселен, А.Байтұрсынов есімдікке былайша анықтама береді: «Есімдік дегеніміз - есімдердің, яғни зат есімнің, сын есімнің, сан есімнің орнына жүретін сөздер». Ғалым есімдікке осылайша анықтама бере отырып, есімдікті мағыналық жағынан бес топқа бөледі. Олар: 1) жіктеу есімдігі, 2) сілтеу есімдігі, 3) сұрау есімдігі, 4) жіктеу есімдігі, 5) танықтық есімдігі. Көріп отырғанымыздай, есімдіктердің саны да, атауы да қазіргіден басқаша. Сондай-ақғалым «жіктеу есімдігі» деген атауды екі рет қолданып, біріншісіне қазіргі мен, сен, (сіз), ол деген жіктеу есімдіктерін жатқызса, екіншісіне бәрі, барша деген қазір жалпылау есімдіктері аталып жүрген есімдіктер тобын кіргізеді.

Профессор Қ.Жұбанов есімдікке: «Орынбасар есім (есімдік) деп түбірдің де, қосалқы шылаулардың да орындарында жүре беретін түбірлерді айтамыз» - деген анықтама береді. Қ.Жұбанов есімдікке мынадай сөздерді жатқызады: мен, сен, ол (зат есім орнына), бұл, сол, ол (зат пен сын орнына), мұндай, сондай (сын есім орнына), сонша, мұнша (бұ да), олай, бұлай (бұ да), өйтіп, сөйтеді (етістік орнына), өйткені, онда (жалғауыш орнына), т.т. Ғалым есімдік деп таныған сөздердің ішінде есімдіктер де, есімдіктен басқа сөз таптарына қатысты сөздер де араласып жүр.

А.Ысқақов есімдіктер: «заттың белгісін білдіретін сөздердің орынбасарлары» -деп сипаттайды .

Ғалым Ә.Төлеуов: «Жіктеу, сілтеу, сұрау есімдіктері өзінен бұрын айтылған есім сөздердің орынбасары болып саналады» - деп, орынбасарлық қызметті есімдіктің белгілі бір топтарына ғана жатқызады.

Есімдіктерді арнайы зерттеген - ғалым А.Ибатов. Ғалым А.Ибатов есімдіктердің сөз табы ретіндегі тұлғасын, олардың мағыналық топтарын жеке-жеке сөз етеді. Ғалым: «Қазақ тіліндегі есімдіктер өзге де сөз таптары сияқты сөздерді таптастырудың белгілі жүйеге түсіп қалыптасқан негізгі үш принципіне сай лексика-семантикалық мағынасына, морфологиялық белгілеріне және синтаксистік қызметтеріне байланысты жеке бір дербес сөз табы болып бөлінеді» -деп, « ...оларға 1) мағыналары тым жалпы, 2) контексте қолданылу мақсатына қарай әр қилы нақтылы мағыналарға ие болып отыратын сөз табы, 3) әрқашан субъективті қатынаста қолданылатын сөздер» - деген түсінік береді .

Есімдіктердің өзіндік тарихи дамуы бар, өйткені есімдіктер көне сөздер сапынан орын алады. Бұл туралы А. Ибатов: «Есімдіктердің өте ерте заманда пайда болуы, еңалдымен, олардың мағыналарының тым жалпылама түрде келуінен көрінсе, олардың түбір сөздері мен қосымшаларында кездесетін өте көне формалардың сақталып қалуынан да айқын көрінеді» - дейді.

Сұрау есімдіктерін зерттеген Б.Омарова. Ол сұрау есімдіктерін арнайы зерттеу нысаны етіп, жалпы сұрау қоюдың заңдылықтар мен ерекшелікерін, сұрау есімдіктерінің грамматикалық сипатын анықтаған. Б.Омарова есімдіктердің нақты мағынасы болмайтыны туралы қағиданы шартты деп түсіну керектігін айта келіп, былай дейді: «Олай дейтін себебіміз есімдіктердің семантикалық тұлғасын контекске ғана қатысты деп кесіп айтудың қисыны жоқ. Өйткені есімдіктер тілімізде жеке дара сөз табы болғандықтан, ол жеке дара тұлғада да өзіне тән мағыналық бөлшектерді танытады деп білеміз. Мысалы, мен, ол, кім, не, әлдекім есімдіктері заттық ұғымды көрсетсе, қандай, әлдеқандай, әрқашан есімдіктерінде сапалық мән бой керсетеді» . Шынында, есімдіктердің жалпылама, абстракт мағынасы контекст ыңғайында нақтылана түседі, алайда сөз табы ретіндегі «жеке дара тұлғада да өзіне тән мағыналық бөлшектерді» білдіретіндігі де шындыққа жақын.

Есімдіктер зерттелген сөз таптарының қатарына жатады. Дегенмен есімдіктердің әр мағыналық тобының жеке зерттеуді қажет ететін тұстары баршылық.

Есімдіктің жалпы сипаттамасы

Есім сөз таптарының бірі - есімдік. Есімдік - өзінің аты айтып тұрғандай, басқа есім сөздердің зат есім, сын есім, сан есімдердің орнына жұмсалатын сөздер. Мысалы, Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген (Ж.Молдағалиев). Қайткен күнде де бұл сый өте-мөте орайласа кетті: «Сарыарқа» әні «Жалбырдың» мінездемесіне өте дөп келді. (Е.Брусиловский). Кейбіреулерге таяғым, тиіп те кетті сартылдап (Абай). Қаншама рет қуанып бардың дағы, қанша адамның алдынан жылап кеттің (М.Мақатаев) деген мысалдардағы мен, бұл кейбіреулерге, қаншама, қанша сөздері-есімдіктер. Бұлардың ішінде мен, кейбіреулерге - зат есімнің; бұл - сын есімнің; қаншама, қанша?-сан есімнің орнына жұмсалып тұр. Қазақ тілінде есімдіктердің саны онша көп емес, бар болғаны 60-70 ғана сөз, бірақ олардың тілде қолданылу жиілігі мен атқаратын қызметі күшті.

Есімдіктерді жеке сөз табы деп танудың негізгі белгісі - лексика. Лексика-семантикалық сипаты жағынан есімдіктер жалпы мағыналы сөздер болып келеді. Мәселен, кез көлген адамды мен, сен, ол, деп, кез келген затты сол, мынау, анау деп айта береміз.

Есімдіктер қай сөз табының орнына жұмсалса сол сөз табы сияқты түрленеді, сол сөз табы сияқты сөйлем мүшесінің қызметін атқарады. Есімдіктердің өздеріне тән түрленетін морфологиялық көрсеткіштері жоқ, дегенмен олар бәрібір түрленетін сөздер тобына жатады. Қай сөз табының орнында қолданылса, сол сөз табы сияқты түрленіп, сол сөз табының синтаксистік қызметін атқарады. Мысалы, Абай шешесіне риза боп қуанып кеп, бұрынғы бір кішкентай күніндегі еркелігіне басты (М.Әуезов) - деудің орнына ол шешесіне риза боп қуанып кеп, бұрынғы бір кішкентай күніндегі еркелігіне басты, -деп айта беруге болады. Ол жіктеу есімдігі «Абай» деген зат есімнің орнына жұмсалып сөйлемде бастауыш болып тұр.

Сөздерді таптастырудың негізгі үш принципіне (ұстанымына) сай, есімдіктер де лексика-семантикалық сипаты, морфологиялық белгісі және синтактистік қызметтеріне байланысты өз алдына жеке сөз табы болып бөлінеді. Сондықтан есімдіктерді мынадай үш блокқа беліп қарастыруға болады: 1.Есімдіктің лексика-семантикалық сипаты; 2.Есімдіктің морфологиялық ерекшеліктері; 3. Есімдіктің синтаксистік қызметі;

Есімдіктің лексика-семантикалық сипаты

Есімдіктерді жеке сөз табы деп тануда лексика-семантикалық ұстаным негізге алынады. Себебі есімдіктердің өзіндік мағыналық ерекшелікгері бар.

Есімдіктердің- мағынасы тым жалпы. Есімдіктердің дәл, нақты мағыналары өздерінен бұрын айтылған сөйлем ыңғайына қарай білінеді. Мысалы, Біреудің қатесі - біреуге сабақ (Дж. Рей). Тамырымды соқ, қаным –ойларымның толғағы, Жүректегі отты әнім сен өлмесең болғаны (Н.Оразалин). Берілген сөйлемдердегі есімдіктердің қайсысын алсақ та мағынасы нақты емес. Алғашқы сөйлемдегі біреу деген сөзден тек бір адамның қатесінің екінші бір адамға сабақ болатынын аңғаратынымыз болмаса, ол адам кім? -Асан ба, әлде Асқар ма? ол жағы белгісіз. Ал соңғы сөйлемдегі сен дегеннің де мағынасы нақты емес, бірақ оның мағынасын сейлемнің ыңғайынан байқауға болады. Мұндағы сен деген сөздің дәл не екенін бірінші сөйлемдегі әнііи деген сөзден білеміз. Демек, есімдіктердің нақты мағынасын бұрын айтылған сөйлем ыңғайынан аңғаруға болады. Есімдіктер жалпы мағыналы сөздер болғанымен, олардың бірнеше топтарға жіктелуі оның мағыналық қырларын аша түседі. Есімдіктердің бірнеше топқа бөлінуіне де лексика-семантикалық ұстаным негіз болады. Есімдіктер мағыналарына қарай мынадай түрлерге бөлінеді:


  • Жіктеу есімдіктері

  • Сілтеу есімдіктері

  • Сұрау есімдіктері

  • Өздік есімдіктері

  • Белгісіздік есімдіктері

  • Болымсыздықесімдіктері

  • Жалпылау есімдікгері


Жіктеу есімдіктері

Жіктеу есімдіктерінің саны аз, бірақ олардың қызметі мен қолданылу аясы өте жоғары. Жіктеу есімдіктеріне белгілі бір жақты білдіру үшін қолданылатын сөздер жатады. Жіктеу есіімдіктері не бары 8 сөз. Олар: мен, сен, сіз, ол, біз, сендер, сіздер, олар. Жіктеу есімдіктері жақтық мәнде қолданылытындықтан, үнемі адаммен, яғни сөйлеуші (мен), тыңдаушы (сен) және бөгде адам (ол) деген ұғымдармен байланысты қолданылады. Мысалы, Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін (Абай). Сен кітап оқуға арналған уақытыңды ешнәрсеге айырбастама! (Д.Әлімжанов). Ол мені алғашында таныған жоқ (Ғ.Мұстафин).

Жіктеу есімдіктерінің адам атауларының орнына қолданылуы оның зат есімнің сөз түрлендіруші қосымшалары мен түрленуіне мүмкіндік жасайды.

Жіктеу есімдіктерінің бәрі де септік жалғауларын қабылдайды. Бірақ олардың септелу жүйесінде ерекшеліктер де жоқ емес. Жіктеу есімдіктерінің септелу жүйесі төмендегідей болып келеді:











Жекеше түрі







Атау

мен

сен

сіз

оп

Ілік

менің

сенің

сіздің

оның

Барыс

маған

саған

сізге

оған

Табыс

мені

сені

сізді

оны

Жатыс

менде

сенде

сізде

онда

Шығыс

менен

сенен

сізден

онан(одан)

Кемектес

менімен

сеніме

сізбен

онымен

Бұл үлгіде сіз деген есімдіктен басқаларының септелуінде ерекшелік бар. Ал сіз есімдігі басқа да есім сөздер сияқты бірізді септеледі. Жіктеу есімдіктерінің көпше түрлері де септелу жағынан басқа есімдерге ұқсас болып келеді: Мысалы:

Көпше түрі

Атау біз(дер) сендер сіздер олар

Ілік біз(дер)дің сендердің сіздердің олардың

Барыс біз(дер)ге сендерге сіздерге оларға

Табыс біз(дер)ді сендерді сіздерді оларды

Жатыс біз(дер)де сендерде сіздерде оларда

Шығыс біз(дер)ден сендерден сіздерден олардан

Көмектес біз(дер)мен сендермен сіздермен олармен


Бұл септелу үлгісіндегі біз(дер), сендер, сіздер, олар сөздері басқа да есім сөздер сияқты өзгеріссіз септелсе, мен, сен, ол сездерінің септелуінде біраз өзгешеліктер бар. Мұнда н дыбысы ілік, барыс, табыс, шығыс септік жалғауларында түсіп қалады.

Жіктеу есімдігінің септеу үлгісіндегі тағы бір ерекшелік - барыс септігінен көрінеді. Барыс септігінде н дыбысы пайда болады. Мұны көпшілік ғалымдар барыс септік жалғауы ең алғаш -ғару болған, кейіннен -гар формасына көшкен, ең соңында -ган түріне ауысқан дейді. Бұл жоғарыда айтылған ерекшелік туралы пікірлер ғылымда өте кең тараған. Бұдан басқа да пікірлер бар. Ол туралы А.Ибатов былай дейді: «2) Барыс септік жалғауының соңғы н дыбысын ингредиент деп тану бұл негізінде огар > ога > оган дегенге тура келеді. 3) Шапғай метотезис арқылы н және т дыбыстарының орын алмасуы, яғни онға > оғанбоп қалыптасу». Ал ғылымда бұл пікірге қарсы пікірлер де жоқ емес. Кейбір ғалымдар -ган мен -гар формаларын жеке формалар деп танып, бұл формалардан тараған басқа да қысқарған формалардың бар екенін айтады. Мысалы, -ғар >-ңар >-ңа //-ңө / /-ңе және -ған >-ға //-га //-гә //-ге формалары болып қалыптасқан.

Септеудегі үшінші ерекшелік- көмектес септігінде і, ы дыбыстарының пайда болуы туралы. Мысалы, менімен деген сөзтұлғалық құрамы жағынан ме-ні-мен деген бөлшектерден тұрады. Сондағы мен деген түбір морфема,

-ні деген нең «вещ» деген толық мағыналы сөзден шыққан -нің морфемасының дыбыстық өзгеріске түсіп ықшамдалуының көрінісі деп, ал соңғы -мен формасын көмектес септік жалғауы дейтін пікірлер бар.

Тұлғалық жағынан алғанда мен (< ме-н), сен (< се-н), ол (< о-л) жіктеу есімдікгерініңме-, се-, о-және-н дыбысынан құрылғаны белгілі.

Ал біз, сіз жіктеу есімдіктерінің тұлғалық құрамы туралы пікірлер кеп. Біз, сіз жіктеу есімдіктері туралы ғалым А.Ибатов: «... біз, сіз сөздері бі-сі және сі-сі сияқты болып біріккен (I және II жақтық) жеке сөздердің құрамындағы екінші сыңарларының фонетикалық өзгерістерге түсуі негізінде пайда болған -з морфемасы мен I жақтық бі және II жақтық сі сөздерінен құралады. Екіншіден, осы бірігудің негізінде біз, сіз сөздері екі жақтық адамды көрсету қалпына түсіп, жұптық-көпше мағынаға ие болады. Үшіншіден, біз сөзі бертін келе мағыналық шеңбері кеңейе түсу нәтижесінде, тек екі адамды ғана емес, сонымен қатар көптеген адамдарды да көрсете алу дәрежесіне жетеді»-дейді

Ал керісінше сіз есімдігі тілде өзінің алғашқы жұптық немесе көпше мағынасынан ажырап, жекеше сыпайылық мәнде жұмсалады.

Жіктеу есімдігінің 3-жағы ол сілтеу есімдігімен ортақ болып келеді.Себебі ол есімдігі адамды да, заттар мен құбылыстарды да, қимыл мен сапаны да көрсете алатын әр жақты сөз болып саналады.Сонымен байланысты ол есімдігі бірде жіктеу есімдігі, бірде сілтеу есімдігі болып жұмсалады. Егер де ол сөзі адамды көрсететін болса, жіктеу есімдігі болады. Мысалы, Ол киініп, жуынып, тамақтанып Итбайға барса, оның номерінде Құдайберген мен Сайым отыр екен (С.Мұқанов).

Заттар мен құбылыстарды, сапаны т.б. көрсететін болса, сілтеу есімдігі болады. Мысалы, Ол кеңестерге құлағы қанған Амантай, қазіретті бір көруге құмар да (С.Мұқанов).

Жіктеу есімдіктеріне тәуелдік жалғауының -нікі, -дікі формалары жалғанады. Мысалы, менікі, сенікі, сіздікі, біздікі т.б.

Есімдік қай жақта қолданылса, оған сол жақтың жіктік жалғауы жалғанады. Мысалы,

I жақ. менмін, бізбіз

II жақ. сенсің, сізсіз, сендерсің, сіздерсіз

III жақ. ол, олар

1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   27


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет