?! Тақырыпты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар
-
Графика дегеніміз не?
-
Орфография заңдылығы дегенде не түсінесіңдер? Орфографиялық принциптер жайлы мәлімет бер.
-
Орфоэпия туралы айтып беріңдер? Орфоэпия мәселелрінің маңыздысы екпін екенін дәлелдеңдер.
ІІ БӨЛІМ
ЛЕКСИКОЛОГИЯ
Лексикологияның нысаны мен салалары
Тiлдегi сөздердiң тұтас жиынтығын тiл ғылымда лексика немесе сөздiк құрам деп атайды.
Сөздердiң мағынасын, оның жалпы лексикалық жүйедегi алатын орнын, шығу төркiнiн, қолдану қабiлетiн, күнделiктi қарым-қатынастағы көрiнiсiн, түрлi стильдiк мәнi мен сипатын тексеретiн ғылым – лексикология деп аталады. Лексикология терминi грек тiлiнiң lexikos - сөз, сөздiк, logos – iлiм деген сөздерiнен алынған. Бiр сөзбен айтқанда, лексикология тiлдегi сөздердiң құрамын қарастырады. Сөздiк құрам дегенде лексикалық единицалар, яғни сөз (лексема) және фразалар түсiнiледi. Сонда лексика және сөздік құрам деген терминдер — бір-бірімен синоним.
Тiлдiң қаншалықты дамып жетiлгендiгi сөздiк құрамдағы сөздердiң санымен де, мәнiмен (көп мағыналығымен) де өлшенедi. Сөздiк құрам неғұрлым бай болса, тiл де соншалықты дамыған болады.
Сөздiк құрам, лексиканың дамуы әрбiр халықтың тұрмыс жағдайы, өсу және дамуымен байланысты болады. Ана тiлiмiздiң сөз байлығы да қазақ халқының барлық өркениет жолын өзiне қамтыған. Лексиканың, сөздiк құрамның дамуы, тұрмыс, мәдениет, пән, техника, тарихпен тығыз байланыста болады. Қоғам өркениетiндегi барлық өзгерiстер тiл өркениетiне де өнiмдi әсер етедi.
Әрбiр ұлт тiлiнiң сөздiк құрамы, лексикасы лингвистикалық және экстралингвистикалық факторларға қарап дамиды. Тiлге байланысты болмаған, қоғам өркениет, пән, техника, мәдениетпен байланысты даму экстралингвистикалық факторлар болып есептеледi. Тiлдiң өзiнде болатын өзгерiстер, яғни түрлi тәсiлдердегi сөз жасалуы (сөздердiң мағынасының кеңеюiнен жаңа мағынаға ие болуы) сөздiктердi сөздiктер құрамды байытушы лингвистикалық факторлар болып саналады.
Лексикологияның негізгі объектісі — сөз. Сөз тілдің лексикалық единицасы деп аталады. Тілдің лексикалық единицасы — сөздің қыр-сыры өте көп.
Сөз атаулы тіл-тілдің бәрінде бар. Рас, бір тілдің лексикасы аса дамыған, бай болуы, екінші бір тілдің, лексикасы кедейлеу болуы мүмкін. Бір тілде бар ұғым, сөз екінші бір тілдерде болмауы мүмкін. Мәселен, қазақ тілі — бірыңғай, дамыған әдеби тіл. Соның өзінде қазақ тілінде сөйлеушілердің бәрі бірі білетін сөзді екіншісі біле бермеуі ықтимал. Күріш, балық шаруашылығымен айналысатындар, бақша өсiретіндер т. б. лексикасымен ондай шаруашылықтармен айналыспайтын жердегілердің сөздік қоры арасында, сөз жоқ айырма болады.
Пәлен тілде пәлен сөз бар деп ешкім де, ешбір ғылым да нақты айта алмайды. Тiлдегі сөз санын шамалап қана айтып жүр. Мәселен, аса жақсы дамыған орыс тілінде миллионға жуық сөз бар деседі. Ағылшын және неміс тілдері де соған каралас (В. Н. Перструхин). Бірақ ешбір тілдің сөздігі сол тілдің барлық лексикасын қамтып, түсінік беріп көрген емес. Олай ету әзірше мүмкін емес. Сөздіктер ең негізгі, көбірек қолданылады дейтін сөздерді ғана молырақ қамтуға тырысады. Сондай сөздіктің бірі — В.И.Дальдың төрт томдық «Толковый словарь живого великорусского языка» (1863—1866 ж.) атты еңбегi. Мұнда екі жүз мыңдай сөз бар. Ал, он жеті томдық «Словарь современного русского литературного языка» (1948—1965) атты еңбекте 120480 сөз қамтылыпты. Қазіргi күндегі «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (он томдык) 70 мыңдай реестр сөз, 20—25 мыңдай күрделі сөздер мен фразеологизмдер қамтылған.
Бір тілдің лексикасы деген термин мен бір адамның, қайраткердің сөз қоры дегендер — бір нәрсе емес. Бір тілдің лексикасы аса мол, екінші бір тілдің лексикасы кедейлеу болатыны сияқты, бір адам ана тілі сөздерін аса көп білуі, енді бір адам аздау білуі мүмкін. Сондай-ақ, жеке адам лексикасында актив түрде қолданылатын сөз қоры бар да, сол адамның білетін жалпы сөз атаулысы бар. Бұл екеуі — екі бөлек нәрсе. Психологтардың айтуынша, жас балалар — 3600-дей сөз, 14 жасар балалар — тоғыз мыңдай, ересек адамдар 12-13,5 мыңдай сөз қолдана алатын көрінеді. Әрине, мұның бәрі — түбір сөздер ғана емес, дербес сөздер. Бір сөз адам сөйлеуінің ішінде сан рет қайталанып келе береді.
Аса көрнекті ақын-жазушылардың тіл байлығы 20 мың сөзден сәл ғана артады деседі. Мәселен, «Словарь языка Пушкина» — Пушкин тілi сөздігінде 21290 сөз бар екен. Бұдан Пушкиннің сөз қоры — осы-ақ деген ұғым тумайды. Пушкин өз өмірінде одан да көп сөз біліп, колданғаны хақ. Ал, мына келтірілген цифр — Пушкин шығармаларында кездесетіндері ғана.
Қазақ тілінде тарихта тұңғыш рет «Абай тілі сөздігі» 1968 жылы жарық көрді. Оның кіріспе мақаласында былай делінген: Абай өз шығармаларында небары 6 мыңдай ғана жеке дара сөз қолданғандығы айқындалды. Бұдан, әрине, Абайдың барлық білген сөзінің саны немесе сол кездегі қазақ тілінің күллі сөзі осындай ғана екен деген қорытынды шықпайды. Өйткeнi қандай ұлы жазушы болса да, өзінің білген сөздерін орынсыз тықпалап, ретсіз-жөнсiз енгізе бермекші емес, тек өзінің жазып отырған тақырыбына қатысы бар сөздерді ғана орнымен жұмсамақшы... Абай да білген сөздерін тегіс келтіре бермей, өзінің шығармаларына керектілерін ғана жұмсаған. Ал, расында, Абай қазақ сөзін шығармаларындағыдан әлденеше есе көп білiп оларды ретсіз қолданбаған... Мәселен, ал етістігі және оның әралуан түрлері — 614 рет, көр етістігі — 328 рет, де етістігі -1037 рет, да шылауы 769 рет қолданылған. (АТС).
Лингвистикада лексика деген терминнің ұғымы аса кең. Лексика деп белгілі бір мақсатқа байланысты қолданылатын сөздердің жиынтығын да айта береді. Мәселен, ауызекі сөйлеу тілі лексикасы, ауызекі күнделікті тұрмыс лексикасы, кітаби-жазба лексика, ғылыми лексика, өндірістік-техникалық лексика, жалпылама қолданылатын лексика, ресми-іс қағаздары лексикасы, диалектілік лексика, профессионалдық лексика, әскери лексика, терминологиялық лексика, арготивті лексика, экзотикалық лексика, көнерген лексика, актив лексика, пассив лексика т. б.
Лексикологияның негізгi объектісі — сөз, ал сөздің қыр-сыры өте көп дедік. Соған орай, сөз проблемаларын зерттеу мақсат-тәсілдеріне қарай, лексикология үш түрлі болып келеді: сипаттама лексикология; тарихи лексикология; салыстырмалы-салғастырмалы лексикология. Бұлар синхрондық және диахрондық тұрғыдан қарала береді.
Лексикология тілдегі сөздердi жан-жақты, әр түрлі тұрғыдан зерттейдi. Соған орай, лексикологияның, бір-бірімен тығыз байланысты бірнеше саласы мен тармақтары бар. Олардың негізгілері мыналар: семасиология, этимология, фразеология, ономасиология, ономастика, топонимика, антропонимика т. т.
Қазiргi қазақ тiлiнiң лексикологиясын өзiндiк зерттеу объектiсiне, зерттеудiң әдiс-тәсiлдерiне қарай және теориялық ұғымдардың жүйелеуiне қарай негiзiнен екi үлкен салаға: жалпы лексикология және жеке лексикология болып бөлiнедi.
Жалпы лексикология тiлдегi сөздердiң негiзгi мағыналарын, жалпы лексикологияның ұғымдарын, заңдылықтарын және олардың теорияларының байып-дамуларын зерттейдi. Тiлде жалпы қатынас құралы ретiндегi тiл аталуының лексикалық жағынан тән құбылыстармен жалпылама заңды ұғымдар жалпы лексикологияда қарастырылады.
Ал, жеке лексикология жалпы теориялық қағидаларына негiзделедi де нақты бiр тiлдің лексикасын зерттейдi. Лексикологиялық құбылыстар мен заңдылықтардың жеке нақтылы тiлдердiң лексикасына икемдiлiк көрiнiсте болып, әрбiр тiлдiң сөздiк құрамы мен оның дамуы жалпы лексикологияда қарастырылады. Мәселен, қазақ лексикологиясы — қазақ тілінің сөз байлығы туралы ілімі; түркі тілдері лексикологиясы — түркі халықтары тілдерінің лексикасы жөнінде ілім.
Бiз жоғарыда қазақ тiлi лексикологиясының өзiнiң даму тарихы болады дедiк, бiз оны екi салаға бөлiп қараймыз:
1.Тарихи лексикология.
2.Сипаттама лексикология.
Тарихи лексикологияда тiлдiң сөздiк құрамы, шығуы замандар бойында қалыптасуы, дамуы, лексикасын құрастырушы арналар тарихи тұлғалармен зерттеледi.
Тарихи лексикологияның күрделi саласы – этимология.
1.Халықтық этимология.
2.Ғылыми этимология.
Этимология сөздердiң шығу төркiнiн зерттеп, олардың ең алғаш қандай болғанын айтады. Этимологиялық зерттеулер жеке сөздiң шығуын зерттеп қоймай жалпы тiлдiң тарихын танып бiлуге де маңызы өте күштi. Бiз сөздердiң номинативтi қызметi мен қатар грамматикалық қызметi болатынын бiлемiз. Тiл ғасырлар бойы түрлi тарихи оқиғаларды бастан өткiзуiнен тiл дамиды немесе сөздер қолданудан шығып қалады. Яғни сөздерде бiр жағынан грамматикалану процесi жүрiп жатса, екiншi жағынан лесикалану процесi жүрiп жатады. Бұл жағдай сөз жасалған процесiнде айқын пайда болады. Қазiргi қазақ тiлiнде күнiге деген немесе жазға жақын, басында, аяғында, арқасында, күнде, бiрден, түнiмен, бетiмен т.б. сөздер бар. Бұлар шығу төркiнi жағынан есiм сөздер.
Этимология — гректің etymon — шындық деген сөзiнен алынған термин. Этимология — морфемалардың, жеке сөздердің шығу тегін, бастапқы мағынасын, ол мағынаның өзгеру, даму жайын зерттейтін ілім. Этимологияның тіл тарихын жете білу үшін маңызы зор. Өйткені тіл тарихы сол тілді қолданушы халық тарихымен тығыз байланысты болып келеді. Тіл тарихынан сол халықтық өткен жолын аңғаруға болады.
Мәселен, арық адамды қазақ: қылдырықтай болып қатып қалыпты,—- дейді. Қылдырық — о баста бидайдың қабығы деген мағыналы сөз екен. Мұндайды сөздің этимоны деп атайды. Сөз мағынасын бұлайша, бастапқы мағынасын аша түсіндіру ғылыми этимология деп аталынады.
Сөз мағынасын кейбір адамдар өзінше тұспалдап, өзінше топшылау жасап түсіндірушілік те болады. Әсіресе басқа тілден енген сөздерді бұрмалап айтып, оған өзінше мән-мағына берушілік те кездеседi. Мәселен, Сәкен Сейфуллиннің бір кейіпкері «осоавиахамді» — асаубай әкім дейді; жас балалар орыс тілінде молотокты — колоток, кейбіреулер бульвар дегенді — гульвар, поликлиниканы — полуклиника деп атайды. Мұндай құбылыстарды халық этимологиясы деп атайды.
Халық этимологиясы кейде кездейсоқ ұқсастықтар мен байланыстарға, жақындықтарға да негізделеді. Соның нәтижесінде сөз жаңа мағыналы басқа бір сөзге де ұқсап кетуі мүмкін. Семантикалық және формальдық өзгеріске түсуі де ықтимал. Әсiресе сөздің дыбысталуы бұрмалануы мүмкін. Басқа тілден келген сөздің оны қолданушы екінші бір адамның ана тілінің дыбыстық заңдарына бағындырылуы мүмкін.
Сипаттама лексикология қазақ тiлi лексикасындағы бүгiнгi күнгi жалпы мағынасының құрамы лексикасын құрастырушы арналар мен қат-қабаттар, сөздерiң активтi және пассивтi топтары, сөздiк құрамның даму жолдары, лексиканың стилистикалық жақтан қарастырылуы, сөз мағыналарының топтастырылуы сияқты мәселелердi қарастырады.
Қазiргi қазақ тiлi лексикологиясының мынадай зерттеу салалары бар: салыстырмалы және салғастырмалы лексикология.
Түркi тiлдеріндегi сөздердi бiрiмен салыстыруды салыстырмалы лексикология деп аталды, яғни өзара туыс тiлдердiң лексикалық ерекшелiктерiне негiзделедi.
М: қазақ тiлi – он, шөп, үй
саха тiлi – уон, от, дылғ
чубаш тiлi – он, қурак, кил
туба тiлi – он, от, бажын.
Салғастырмалы лексикология өзара туыс емес тiлдердiң лексикалық ерекшелiктерiн салыстырады.
М: колбаса – калбаса
стакан – ыстақан
сумка - сөмке
ботинка - бәтiңке
Семасиология — гректің sета белгі, белгілеу және латынның lоgоs деген сөздерінен алынған термин. Бұл — лингвистикада тілдегі сөздерге тән мағыналарды зерттейтін iлiм. Семасиология сөз мағынасын, сөз мағынасының өзгеру жолдарын, семантикалық заңдарды зерттейді. Лингвистикада семантика деген термин мағына деген ұғымды білдіреді. Сонда семантика мен мағына дегендер — бір-бірімен синоним.
Мәселен, Қаратаудың басынан көш келеді, — дегендегі — бас, Байжан бізге бас-көз болып жүр, Бұлақ басы, — дегендерде бас сөздері түрлі-түрлі мағынада. Ол мағыналар контекст арқылы ажыратылады.
Артымыздан қол жетті; Аз жетпеді, мол жетті, — дегенде, қол сөзі ауыспалы мағынада, әскер деген мағынада қолданылып тұр; Көпей женгемнің қолын сағынып жүрмін, — десек, қол — дәмін, асын, тағамын деген мағынада, қолы қатты адам — десек, қол-ды сараң мағынасында да, қолының күші бар, күшті мағынасында да ұғуға болады; Дина жеңгейдің дастарқаны мол десек, дастарқанның көлемін айтпайды; дастарқаны бай, тағамдарға толы болады, жомарт, мырза, «төгіп тастайды» деген мағыналарда тұр. Сондай-ақ, бір тостағанды, бір аяқты тартып жіберді,— десек, тостағанның не аяқтық я кесенің өзін емес, ішіндегі тағамын (қымызын немесе айранын) ішіп жіберді деген ұғым білдіреді.
Бұл мысалдардан тіл-тілдің, сөз мағыналарының мол екендiгi айқын танылады. Осындай, сөз мағыналарының қыр-сырын зерттейтiн сала—семасиология.
Фразеология — гректік рhrаsаsі — сөйлемше, қалыптасқан сөз дегеннен алынған термин. Фразеология — тілдегі тұрақты тіркестерді, единицаларды зерттейтін ілім. Тілдегі тұрақты сөз тіркестері бүтін бір тұтастық лексикалық бір ғана единица ретінде қолданылады. Ондай тіркестер екі немесе бірнеше сөзден де, бүтіндей бірер сөйлемдерден де құралуы мүмкін.
Қазақ тілінен мысалдар: аттың жалы, түйенің қомында; екі көзі төрт болды; көзіңнен айналайын; өзіңнең айналайын; мен сені жақсы көрем; сенің арқаңда күн көріп жүрмін; үріп ауызға салғандай т. б.
Ономасиология — зат немесе кұбылыс ұғымының нақты бір сөзбен аталу себебін зерттейтін, яғни заттардың атауы мен белгіленуі туралы iлім. Онома — грекше ат, есім, атау деген сөз. Ономасиология диалектологиямен, әсіресе лингвистикалық географиямен қатысты болып келеді. Диалектология —- диалектілер, говорлар, жергілікті тіл ерекшеліктері туралы ілім; ал лингвистикалық география сол ерекшеліктердің қай территорияларда қолданылатынын айқындайды.
Ономасиологияның үлкен бір саласы — ономастика. Мұны ономатология деп те атайды. Бұл екі термин — бір-бірімен синоним. Ономастика, тұтасынан алғанда, ат, есім, атаулардың шығу, қалыптасу жайын тексереді.
Ономастиканың өзi бірнеше тармаққа бөлінеді: топонимика, антропонимика, этнонимика, астронимика, зоонимика, топонимиканың өз ішінде бірнеше тармақшасы бар: гидронимика — өзен, су, көл аттарын, оронимия -— тау, төбе шың, кұз аттарын, ойконимия елді мекен аттарын зерттейді.
Топонимика, тұтасынан алғанда, жер, су, қала, ауыл, елді мекен аттарын зерттейді. Мәселен, қазіргі Семей — семь палат — сөзінен, Кереку (қазіргі Павлодар) —Коряков, Гурьев — Гурий деген кісі аттарынан алынған; Қарағанды облысында Нұра өзені бар. Нуур — моңғолша көл деген сөз. Сонда түпкі мағынасын қуаласақ, Нұра өзені — көл өзен немесе өзен-өзен деген сөздерден шығып, қалыптасқан болады; Алматы облысындағы Түрген өзенiнiң аты жылдам, шапшақ, тез ағатын деген мағынадан алынған. Кейбір топонимдер қазақ тіліне басқа тілдерден енген. Иран тілдерінен: Айдарлы, Бадам, Бетпақдала; араб тілінен: Ғазалкент, Қазалы; моңғол тілдерінен: Байынкол, Баянауыл, Зайсан, Кеген, Мақаншы, Нарынкол; угор тілдерінен: Мұғажар, Өлкейек, Сургут т. б.
Антропонимика — кісінің фамилиясын, әкесінің атын (отчество), кісінің шын аты мен лақап атын (прозвище), бүркеншік аттарды (псевдоним) қарастыратын сала.
Қазақ есімдерінің бірсыпырасы араб, иран тілдерінен енген; ол тілдердегі бастапқы мағынасы ұмытылып, қазақтың байырғы, төл атауына айналған. Орыс есімдерінің бірсыпырасы сол қалпында алынған: Света — Светлана, Роза — Розалина, Розалия, Валя - Бәлия, Дина, Жагор, Марат, Марлен, Замира, Дамира т. б.
Қазақ тіліне араб-парсы тілдерінен енген кейбір есімдердің бастапқы мағынасы мынындай: Хасен — өте сұлу, тым көркем; Раиыс — бастық, басшы; Абдолла, Ғабдолла, Ғабдiлда, Әбдiлда, Әбілда т. т. — құдайдың, алланың құлы; Әубәкір — қыздар әкесі; Азамат — үлкен, зор; Ахмеди — мұсылман; Әдия — сый, сыйлық тарту; Асқат — бақытты, ырысты; Әлима — оқымысты; Мұқтар — таңдалған, іріктеліп сайланған; Сәбит — тұрақты, мықты;Ғабит —бас июші, тағзым етуші; Жамал — сұлу, көркем, әдемі; Марфуға—ұлы дәрежелі, мәртебелі; Мағрипа—білім, таным, мәдениет; Нәзипа — таза, пәк, мұнтаздай; Мәулен — мырза, жомарт; Мүсілім — мұсылман; Қалима —сөз; нақыл; Халида — мәңгі өмір сүретін; ажалсыз; Қамар — ай; Жақия — өмірлі, ғұмырлы т. б. (Т. Жан.)
Астронимика (гректің аstrоп — жұлдыз деген сөзі)—жұлдыздар, әлем аспаны, планета аттарын тексеретін сала. Планета аттары, негізінен, грек, латын мифологиясына байланысты шыққан. Мәселен, Венера (қазақша Шолпан, латынша Venus, Veneris сөзі) — ежелгі Рим мифологиясында махаббат пен сұлулық кұдайы; Марс (латынша) —соғыс кұдайы; Юпитер (қазақша Есек қырған деп те атайды, латынша jupiten) — көк тәңірiсі; Нептун (латынша) —су тәңірісі, су құдайы; Плутон (грекше pluton— рlutos — байлық) —«жер асты патшалығы», жер байлығы құдайы; Жер (орысша Земля, латынша gаіа, gе — жер) — жер тәңірісі; Сатурн (латынша)—кұнарлылық тәңірісі; Уран (грекше аспан)—аспан тәңірісі (көк тәңірісі); Меркурий (латынша)—шешендік, саудагершілік, жол құдайы; құдайлардың хабаршысы.
Зоонимика (гректің zооn, жануар)—жануарлар атауларын тексеретін сала. Зоологиялық атауларға байланысты бірер жәйтке көңіл бөле кетуге болады; орыс тіліндегі бірсыпыра жануарлар атауы түркі тілдерінен алыныпты. Мәселен, орысша ақжилан, ақзилан (змея) — түркі, соның ішінде қазақ сөзі. Ал орыс тіліндегі — змея, змей, латынша serpens,sepo немісше Schlange, ағылшынша snake,д егендердің бәрінің этимоны (бастапқы мағынасы) — бауырымен жорғалаушы (земляная, ползающая по земле). Сол сияқты, архар (қазақша арқар), барс, барсук, (қазақша борсық), бирюк (қазақша бөрі), джейран (қазакша жирен; орысша әрі антилопа), каракурт (қазақша қарақұрт), киік, қарсақ, құлан, марал, сайғақ, сараншы, таракан, теке (козел), тышқан (тушканчик), шакал т. б. — орыс тіліне түркі тілдерінен енген атаулар.
Тілдің әр түрлі жақтары болады дедік. Олар - тілдiң фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жақтары. Бұл үшеуі өзара байланыста, қарым-қатынаста болады. Осыған орай, лингвистиканың әр тарауы, олардың әрбір саласы бір-бірімен тығыз байланысты.
Мәселен, тілдегі әрбір сөз дыбыстардың белгілі бір тіркесімен айтылады. Дыбыс тіркестері — сөздің сыртқы жамылғышы (оболочка), ал сөздің мағынасы — сөздің мазмұны (содержание, значение). Сөз дыбыс тіркестерімен айтылып, белгілі бір мағынаны білдiредi. Фонетиканың лексикологиямен байланысы, міне, осында.
Лексикология грамматикамен де тығыз байланысты болады. Бұл жағдай әсіресе сөз тудыру тәсілінен айқын көрінеді. Мәселен, кейбір грамматикалық форма сөзге жаңа лексикалық мағына туғызуға себепші болады.
Сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасының арасында да тығыз байланыс болады; сөз грамматиканың қарамағына түскенде, өзінің мағыналарын үстемелеп, кеңейтіп алады; мағынасын нақтылай, дәлдей түседi.
Мәселен, сай, ауыл, терең, жаны, гүріл, өзен, тасы, — десек, бұл сөздер таза құрылыс материалы ретiнде (қаланбаған кірпіш сияқты) тұр: сай-сәйкес, лайық деген сын есім мағынасында ма, әлде зат есім бе? Қай ауыл? Бірнеше киіз үй ме, село ма? Тасы не? Зат есім бе, етістік пе? Бұл жақтары белгісіз. Бұл қалпында бұлар — таза лексикалық материалдар, нақтылығы белгісіз абстрактылы сөздер. Ал осыларды грамматика заңдары бойынша тіркестірсек, әрі лексикалық мағынасы нақтыланады, әрі сол мағынасының үстіне бірнеше жаңа грамматикалық мағына қосылады.
Ауылдың жаны — терең сай,
Тасыған өзен гурілдеп. (Абай)
Енді сөз мағыналары айқындала түсті: ауыл — кәдімгі, бұрынғы қазақ жеріндегі ауыл; тізілген бірнеше киіз үй; сай — сын есім емес, зат есім; тасы — етістік. Бұл—бір. Екіншіден, ауыл — зат есім, жалпы есім, жекеше, ілiк септікте тұр; жаны деген тәуелдік формасының үшінші жағымен меңгеріле байланысып тұр, сол арқылы бұл сөйлемде күрделі бастауыш (ауылдың жаны — терең сай; бұл жерде ненің жаны? — ауылдың емес; несі? жаны — емес; ауылдың жаны не? — сай; қандай сай? — терең сай; сай — дара баяндауыш, терең — анықтауыш; ал ауылдың бұл жерде анықтауыш емес, жан — көмекші есім; ауылдың жаны тіркесінде жан дербес бастауыш бола алмайды; ауыл жаны — терең сай, — десе, күрделі бастауыш екендігі тіптен, «тайға таңба басқандай» айқындала түседі). Сонда ауыл, сай, тасы сөздерінің осы келтірілген мағыналары — сол сөздерді басқалармен тіркестіргенде, өздерінің дербес мағынасына қосып алған бірнеше үстеме жаңа — грамматикалық мағыналары (сөйлемдегі бұлардан басқа сөздерді грамматикалық тұрғыдан талдасақ та осылайша). Бұл мысал — лексикологияның грамматикамен байланысының тағы да бір көрінісі. Сөйтiп, лексикология сөздi мағынасы жағынан, қолданылу аясы жағынан, экспрессивті-стилі жағынан, қызметі мен сипаты жағынан жан-жақты зерттейді.
?! Тақырыпты бекiту үшiн сұрақтар мен тапсырмалар:
-
Лексика дегенде не түсiнесiңдер?
-
Лексикология ненi қарастырады?
-
Жалпы және жеке лексикологияға түсiнiк берiңдер.
-
Сипаттама және тарихи лексикологияның маңызы неде?
-
Салыстырмалы және салғастырмалы лексикологияның ерекшелiгiн түсiндiрiңдер?
-
Лексикологияның негiзгi салалары туралы не бiлесiң?
Сөз мағыналары және олардың жасалу заңдылықтары. Сөздердің ауыспалы-келтірінді топтары
Құбылыстар мен заттардың бәрi де белгiлi бiр сөздермен аталады. Сөз өте күрделi құбылыс. Тiлдегi сөздер бiр-бiрiнен дыбыстық ерекшiлiгi мен құрылым-құрылысы жағынан ғана емес, бiлдiретiн мағынасы жағынан да қилы-қилы. Демек, сөз - дыбысталу мен мағынаның бiрлiгiнен тұратын тiлдiк дербес единица. А.О.Резниковтың схемасы:
1. Предмет - зат, оның белгiсi, әрекетi. П
Предмет сөзге әсер етсе, сөз оны р
дыбысталу арқылы атайды. е
2. Сөз орталықта тұрып, мағына мен д
дыбысталуды жүзеге асырады. м
3. Дыбысталу - сөздiң сыртқы материясы, бiрақ е
бiр жағы емес. т
4. Мағына - сөздiң iшкi мазмұны - образ.
Бұл да өз алдына дара емес.
5. Сөз үлкен шеңбердi түгел қамтиды.
Сөз болған жерде ұғым бар. Ұғым мағынамен байланысып, оймен, ойлаушымен ұштасып жатады. Ұғым түйсiктен (елестету, көз алдына келтiру) басталады. Ұғымды сөз жинақтап, аяқтайды.
Мағына - ұғымның қалыптасқан, айқындалған түрi. Мағынаның ұғымынан ажыратып тұратын мынадай ерекшелiктерi бар:
1) ұғым категориясы дүние жүзiндегi тiлдердiң бәрiне де ортақ. Ал сөздiң мағынасы бәрiне де бiрдей емес.
2) ұғымның мәнi - сөз мағынасынан гөрi кеңiрек, әрi жалпылау.
3) сөз бiткеннiң бәрiнде де белгiлi мағына болды. Бiрақ кез келген сөзде ұғым бола бермейдi.
Сөз болған жерде мағына болуы-табиғи нәрсе. Сөз мағынаның тiрегi. Сөзсiз мағына жоқ. Бiрақ мағынасыз сөздер де болады. Мағынасыз сөздердiң мәнi сөйлемдегi байланысында ғана. Мағынасыз сөздерге шылаулар, одағайлар жатады.
Сөз мағынасының қыр-сыры өте көп. Белгілі бір сөз алдымен өзінің тура — номинативті мағынасында колданылады; дәл сол сөз екінші бір тіркестерде, сөйлем ішінде ауыспалы, өзінің тура мағынасынан басқа мағынада да қолданылуы мүмкін; дәл сол бір сөз түрлі тіркестер құрамында бір емес, бірнеше мағынада қолданылуы мүмкін, яғни көп мағыналы болып келуі мүмкін. Сөздің қандай мағынада қолданылып тұрғанын дәл айқындайтын нәрсе — контекст (сөз тіркестері, сөйлем ішіндегі білдіріп тұрған мағынасы).
Мәселен, Айғаныс басын көтеріп, аузын жыбырлатты да, Ілиясқа қайта үңілді; суы тайыз, өткел аузында баяу сөйлеген дауыстар шығады. (Ғ. Муст.); Көмір суырдың қазған інінің аузына шығып қалыпты. (Ғ. Мүс.); Ол марляға жабысып қатып қалған жараның аузын қолымен жұлып алды (Ә. Әб.)
Мұнда бірінші сөйлемдегі ауыз сөзі ғана өзінің тура мағынасында тұр; ал екінші, үшінші, төртінші сөйлемдерде бұл сөз ауыспалы мағынада (еткелден өтетін жер, іннің сыртына, жараның бетін, ұшын) тұр; бұл сөйлемдердегі ауыз сөзінің әр түрлі тіркестегі мағынасы бұл сөздің әрі көп мағыналы екенін көрсетеді.
Сөздiң мағыналылығы оның пайда болуымен бiрге өмiр тәжiрибесiмен ты¬ыз байланысты жағдайда ғана бiлiнедi. Сөзде грамматикалық, лексикалық, сөздiк (негiзгi), тұрақты, ауыспалы, контекстiк, конкреттi, абстракт мағыналар болады.
Сөздiң негiзгi (сөздiк) мағынасы - өзiнiң өмiр сүруi негiзiнде сөз арқылы айтушы мен тыңдаушыға ортақ түсiнiктi нақты ұғымды бiлдiретiн шындық өмiрдiң көрiнесi.
Сөздiң тұрақты мағынасы. Қандай болмасын бiр сөйлемнiң, бiр тiркестiң құрамындағы сөз контексте бiр-ақ мағынада қолданылады. Сөздiң негiзгi мағынасынан өрбiген жаңа мағына бiрте-бiрте тұрақты мағынаға айналады. Тұрақты мағына сөздi контекстен бөлiп алып, ешбiр тiркессiз, еркiн болғанның өзiнде өзiне арнаулы негiзгi мағынасымен қатар тұрақты мағынасы айқындалып тұрады.
Академик В.В.Виноградовтың сөздiң лексикалық мағыналарын төмендегiдей бөлуi тiл ғылымында негiзге алынып жүр:
1.Сөздiң тура және номинативтi мағынасы. Сөздiң заттар мен құбылыстардың және олардың белгiлерiнiң бейнесiмен тiкелей байланысты лексикалық мағынасы тура немесе номинативтi мағынасы деп аталады. М: оқу деген етiстiк кiтап деген сөзбен де (кiтап оқу), газет деген сөзбен де(газет оқу), жақсы деген сөзбен де (жақсы оқу) тiркесiп қарым-қатынасқа түсiп қолданыла бередi.
2.Фразеологиялық байлаулы мағына. Сөздiң тұрақты сөз тiркесiнде көрiнетiн лексикалық мағынасы фразеологиялық байлаулы мағына деп аталады. М: судай жаңа - бұл фразеологиямен байлаулы мағына, мидай дала, тастай қараңғы.
3.Синтаксистiк шартты мағына. Сөздiң сөйлемде белгiлi бiр синтаксистiк қызмет атқаруына байланысты туылған лексикалық мағынасы синтаксистiк шартты мағына деп аталады. М: Ол бiр түлкi, шалқар көл, қыпша бел дегенде белгiлi бiр синтаксистiк қызмет атқарады.
Сөйтiп сөз мағыналарының негiзгi ерекшелiктерiн ескергенде полисемия құбылысы еске түседi.
Достарыңызбен бөлісу: |