Гүлтас сайынқызы


Қамшы сөз: Ана болдың екен пейіліңді түзе, отбасыңның



Pdf көрінісі
бет39/47
Дата18.11.2022
өлшемі0.73 Mb.
#465205
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   47
Әке рухымен диалог. 19.02.13.

Қамшы сөз: Ана болдың екен пейіліңді түзе, отбасыңның 
берекесін кіргіз, дүниеге құнықпа, «үйдің қыртысын» өтектеп 
тұратын өзің екеніңді ұмытпа. 
Әке, сен керемет адам танитынсың, кімнің кім екенін білетінсің. 
Кейде біреуді мақтап жатсақ: «қызым-ау, сөзінен, көзінен белгілі ғой» 
деуші едің ғой. Сен үйленген заманнан көбінде сендердің (шешем 
екеуіңнің) қастарыңда нағашы әжем болды ғой. Шешемнің 
жалғызсырамауына да, сендердің мүмкін бір-бірлеріңе қатты 
сөйлемеулеріңе де әжемнің ықпалы, тіпті тәрбиесі болды-ау деп 
ойлаймын. Өзі парасатты адам жанындағыларға да сол атмосфераны 
береді емес пе? Сондықтан сен екеуміз үшін нағашы әжем бөтен емес 
қой? 
 
 


90 
ҚОҢЫР 
(Нағашы Қызбала әжемнің рухына арнаймын) 
Алла, мынау жалған дүние өзің жаратқан мінезі ғажап, тумысы бөлек 
жандармен көрікті екен ғой. Менің еншіме берілген жарық дүниенің тағы бір 
көркі, ол менің нағашы Қызбала әжем болатын. Оның әсемдігі – салған 
суреттей көріктілігі, оның тазалығы – жаңа жауып тұрған қардай аппақтығы, 
оның тектілігі, заттығы – ешқашан жалған сөйлемейтін, ешкімді 
жамандамайтын, аузынан тәубәсінің түспегендігі. Алла, өзіңнің құлың 
Қызбала ананың тағдыр-талайы көз алдыңда өтті ғой. Менің білгенімен 
білмегенім көп. Ол кісі тұйықтау болды да, кейде күні кешке дейін жұмған 
аузын ашпай, ұршығын иіріп, ой үстінде отыра беретін. Сезімін мейірімге 
толы көзімен, еміренген даусымен ғана білдіретін.
Кеңес өкіметінің жаңа орнап жатқан кезі. Елді жарылқап тастаған 
ешнәрсесі жоқ, керісінше «колхоз» боласыңдар деп, шеттей бала-шағасы бар 
үйдің сауып отырған сиырын тартып алып, елді аштыққа ұшыратты. Қызбала 
әжемнің әкесі Бөрібек деген кісінің үш қыз, бірі ұлы бар екен. Ең үлкені 
менің әжем болса керек. Содан әжемді он бес жасында ауылдың беделі, бай 
кісісі Қыстаубайға тоқалдыққа береді. Ол да – аштан құтылудың жолы. 
Қыстаубай атамыз сабырлы, ақылды кісі екен. Әжемізді ешқашан 
ренжітпепті. Әжем бала көтермей жүргенде нағашы атам Қыстаубай әжемді 
ұлы жүз Дулаттың ішінде Сиқым Батырбек датқаның кесенесінің басына 
түнеуге алып келіпті. Алла тілектерін қабыл етіпті. Алла сәтін салып, әжем 
содан кейін бала көтеріп, ұлды болыпты. Оның атын Сиқым бабасының 
ұрпағы Батырбек датқаның шапағаты болды деп, сәбилерінің атын Сиқымбек 
қойыпты. Кеңес өкіметінің құйтырқы саясаты бұратана елдің жақсыларын 
жалмап, басиесіз қалдыру болған ғой. Бір ауылды ақыл-парасатымен асырап 
бағып отырған Қыстаубай атамызға да тықыр таянып, «бай деп, үш әйелі 
бар» деп, қуғынға ұшыратыды, ақыры ұстап алып, түрмеге қамайды. Атамыз 
содан оралмайды. Қызбала әжем тағдырдың салған азабының бәріне көнеді, 
таңның атысы, кештің батысы колхоздың жұмысын жасайды. Мұңлық пен 
зарлықтай екі перзентін бірге тәрбиелей алмайды. Сиқымбек нағашымды 
үлкен апалар (бәйбішелер) әжеме бермейді. Табиғаты жуас жан әжем шер 
кеудесін сүйретіп, менің анам екеуі төркін жұртында өз алдарына үй болып 
тұра береді. Тек нағашым он сегізге толғанда анасын іздеп келіп, аулына 
көшіріп алады. Анамның бақыттан басы айналып, ағасының садағасы болып 
кетуге әзір болады. Нағашым үйленіп балалы-шағалы болады. Бір күндерде 
қарындасы Үтәнді менің әкеме, Сайынға ұзатады. Әжем сонда ғана «уһ» 
деуге шамасы келеді. Жаным, әжетайым, екі перзенттің тілеуінен басқаны 
тілемеген әжем енді олардың перзенттерін Алланың берген бағы, Алланың 
берген сыйы деп түсінді.
Әжетай, сені ойласам қоңыр әуен, қоңыр дәурен, қоңыр мұң, қоңыр 
сағыныш жүрегімді тербейді. Менің қоңыр музам-ау, әжетайым-ау, сенің 
кеудеңде қаншама арман, қаншама сыр өзіңмен бірге кетті екен? Әжетайым, 
сенің бір рет сырыңды айтып, шеріңді тарқатқаныңды көрмедім. Сенің 


91 
балама атың – Тәубә еді, екінші бір атың – Момын еді. Тәубәшіл едің, момын 
едің. Тағдырдың салғанына көнген жалғыз өзің ғана емес екенін білгеннен 
соң да үндемейтін болған шығарсың. Жүрген жеріңе тазалықтың дәнін 
шашып жүретінің бе, әлде адамның жанын жайландыратын мінезің бе екен, 
сен қайда барсаң да адамдар шын қуанатын. Олар сенің табиғатыңды жақсы 
көреді, артық әрекеті, артық сөзі жоқ, жымиып күліп қана отыратын сені 
жақсы көрмеу мүмкін де емес қой. «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» 
деп халқымыз тегін айтпаса керек. Алтын әжем, сенің шапағатыңды бәріміз 
көрдік, ұлыңнан сегіз немерең, қызыңнан төрт жиенің көрді. Сенің ұлың мен 
қызыңның, Сиқымбек нағашым мен менің анам Үтәннің ағалы қарындас 
болғанда да, бір ерекше қасиеттері бар еді. Екеуінің ортақ қазынасы сен 
болған соң ба екен, бір-бірінің жағдайын ойлап, сені кімде қиындық болса, 
соның жанында болу керек деп ұйғаратын. Әжемді қимай тұрса да, 
«Қайтеміз, апа бізге де керек еді, патша сұрап келсе, қайтеміз, барамыз ғой, 
ә?» – деп, жіберуші еді Сиқымбек нағашым. Әжем бізде ұзақ болып қалса, 
шыдай алмай келіп кетеді. Ол кезде әжемнің да, шешемнің де жандары кіріп, 
рақаттанып қалатын. Мен оны бала болсам да, сезетінмін. Нағашым менің 
әкемді де туған бауырындай жақсы көрді. Ал әкемнің нағашыма деген 
құрметі ерекше еді. Әкем қуатты, қайратты болған соң ба, әйтеуір 
шаруашылыққа мықты еді. Ол шөп науқаны кезінде көрші ауылдағы 
нағашыма жем-шөбін апарып тастап жүретін. Сол мінезімен де нағашыма 
жаққан болу керек. Шешем мен нағашым түні бойы ұйықтамай сырласып 
отыратын. Біз балалары әке-шешемізбен бірге бола алмаймыз, ауылда 
апамның қолында боламыз, тек каникул кездерде ғана қыстаудағы, не 
жайлаудағы әке-шешемізге барамыз. Нағашым, анасынан бұрын 
қарындасының қамын ойлап, әжемді алып кетем деген ойынан қайтып, тағы 
да біраз уақытқа қалдырып кетеді. Әжетайым-ау, Құдайдан сұрап алғаннан 
соң ба, ол үшін балаларының айтқаны заң болатын.
Мен Алматыда КазГу-да оқимын. Бір жылы жазда ауылға каникулға 
бардым. Әке-шешем малда. Мен барған соң әке-шешем «демалыс алып», 
ауылға кетті. Үйде Қызбала әжем, Сәлік ағам үшеуміз қалдық. Мен далаға 
табаға нан пісіремін, сиыр сауамын, оны сепаратордан өткіземін, тамақ 
істеймін. Сәлік ағам мал жаяды. Сонда әжем менің ісіме сүйсініп: «Алматыда 
да нанды өзің жабасың ба?» деп сұрайды. «Йә», деймін, бетім бүлк етпей. 
Ондағы ойым әжемді алдау емес, әжемді сөйлету. «Е, оның жақсы екен, 
әйтпесе, ақша шақ келмейді ғой. Біздің көршілердің соқталдай қыздары нан 
жабуға ерініп, мәгезіннен сатып жейді, онда не береке болсын, өмірі 
жарымай, қарызға ақша сұрайды, енді барғанда айтпасам ба, оларға: «Менің 
Алматыда оқитын қызым өзі нан жауып жейді деп»,– деді. Істің насырға 
шабатынын ішім сезіп: «Ой, әже, неғыласың оларға мені айтып, айтпа 
құрсын, көздері тиеді» дедім. Қорқақ әжемді тоқтататын әдемі сөзді тауып 
айттым. Иә, әжем көз дегеннен қатты қорқады. «Дұрыс айтасың құрсын, 
айтпайын, Құдай сақтасын» деп, райынан қайтты. Сол жолы әжемді бұзау 
айдап жүргенінде көршінің сүзеген сиыры сүзіп, денесінің бәрін көгертіп 


92 
тастаған болатын. Шыдамдым-ау, сонда қатты қорқып қалғаннан ба, әлде 
баяғы сол шыдамдылығы ма бір жерім ауырды деген жоқ. Кейін шешем 
келіп, үстін қараса, көгермеген жері қалмапты.
Асылым менің, сенің қолыңның табы менің жанымда қалды. Сен иіріп 
берген түбіт жүннен анам орамал да, жемпір де, тіпті пальто да тоқып берді 
ғой. Тіптім менің қызым Шынарым да сенің иірген түбітіңнен жемпір киген 
еді ғой. Біздің әдемі болып жүргенімізге балаша мәз болып қуанатынсың, 
біздің біреуіміз ауырып қалсақ, Құдайыңа жалбарынып, садақа болуға әзір 
екеніңді айтатынсың.
Әжемнің ағасы Сары деген кісі болыпты, екі сіңлісі Қыздаркүл мен 
Жаңыл екен. Бәрі де Құдайға қараған момын жандар еді. Мен ол кісілердің 
бәрін көрдім. Тіптім әжемнің шешесі Дәріқыз әжені де көрдім. Менің шешем 
сол өзінің нағашы әжесіне тартқан-ау деп ойлаймын. Ол кісі шежірені жақсы 
айтатын, өлең-жырды, ұзақ дастандарды жатқа айтатын кісі болыпты. 
Шешем Дәріқыз әжесін жиі есіне алады. Өзі айтқан ертегі, дастандарды 
нағашы әжесінен үйренгенін айтады. 
Қыздаркүл әпкем де момын кісі еді, қызы Ақынгүл мен ұлы Әлменнің 
тілеуін тілеп өткен жан болды. Ал Жаңыл әпкемнің тағдыры кинодағыдай. 
Әпкем бала көтермеген кісі болыпты. Еріне екінші әйелді өзі алып берді. Ол 
әйел бес-алты баланы дүниеге әкеледі. Сонда әпкем жаңа туған нәрестеге 
мейірленгені сонша, омырауынан сүт саулайды. Алланың құдіреті емес пе, 
екінші әйелден туған балаларды тумаған әпкем емізеді. Балалардың бәрі 
өздерін дүниеге әкелген аналарын емес, әпкемді ана дейді. Әпкем 
балаларының балаларын бағып, тәрбиелеп берді. Балаларының тілеуін тілеп, 
өмірден өтті. Табиғаты тазалықтан нәр алған бір үйдің перзенттері Алланың 
еншілеп берген өмірін жақсы атқарып, өмір тізгінін ұрпақтарына қалдырып, 
жүре берді. 
Менің ұзатылу тойым болып, ауылдан кеткенде Қызбала әжем қатты 
қиналыпты. Жайлап қана: «Ойпыр-ай, сондай қара бала жақыннан 
табылмады ма?» деп, өзіме де айтып қалды. Сонда мен: «Әже, ол ертегідегі 
бала сияқты, оның қабығы ғана қара, қабығын шешсе, аппақ» дедім. Аңқау 
әжем: «Қойшы, рас па?» деп еді. 
Жан әжетайым, Сенің бар арманың балаларыңның алдында кету еді, 
сен әрқашан: «атамдатсаң атамдат, ботамдатпа» деп айтып отыратынсың. 
Сенің тілегің қабыл болды, сен балаларың Сиқымбек пен Үтәніңнің алдында 
кеттің. Армансыз адам бола ма, әже, қазір ойлаймын, неге әжемді бір рет 
Алматыға әкелмедік деп. Сен өз аулыңа барғанда көрші абысын-
ажындарыңа: «Сайынтайымның, Үтәнімнің арқасында көрмеген жерді 
көрдім» деп, болған қыстаудың, жайлаудың атын атап, түсін түстеп, 
мақтанады екенсің. Егер біз сені Алматыға алып келсек қой, сен онда тіптім 
төбең көкке жеткендей мәз болар едің. Тірі адамның сылтауы көп қой. Жаңа 
үйленіп, үй болған кезіміз, басымызда баспана да жоқ, пәтер жалдап 
тұрамыз. Бірақ соған қарамай алып келсек қой деймін.


93 
Алла, мейірімді Алла, сенің түйірдей мейіріміңнің бір көрінісі менің 
нағашы әжем болған шығар. Егер әжемнің тереңге тамыр тартқан мейірімін, 
бекзаттығын көрмеген болсам, мен басқаша болар ма едім? Алла ол үшін 
Өзіңе алғыс жаудырамын. Момынымның, қоңырымның, Қызбала әжемнің 
орнын пейіштің төрінен ете гөр. Жақсылғының нұры қалған, 
қарапайымдылықтың бас кейіпкері менің нағашы әжемнің туған жер, туған 
елде белгісі қалды. Ол оның ұрпақтары, ұлы Сиқымбек нағашым, анасын, 
әкесін о дүниеде жалғызсыратпайын деді ме, апамнан кейін бір жылдан соң 
аттанып кетті. Сиқымбек нағашымның сүйіп қосылған жары Бақыткүл 
жеңешем қазір сексеннен асты, балаларының қызық-қуанышын көріп жүр. 
Соған тәубә деймін. Бақыткүл жеңешемнің пісірген наны, істеген тамағы 
бүгінгі күнге дейін есімде. Керемет жақсы көремін. Аман боп жүрсін. 
Қызығы көретін көп болса екен деп тілеймін. Әжемнің қызы менің анам екі 
күннің бірінде аяулы ансын, ардақты ағасын еске алып отырады, балалары 
біздерге жақсылығын айтып отырады. Олай болса, әжемнің әдемі әлемі мәңгі 
бізбен бірге екен ғой. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   47




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет