келіп, Сарраға: «Осы жолы мені босатсаң, өзіңе лайықты сый-
құрмет көрсетемін», – деп қайта жалынады. Өз басына қатердің
төнуінен қорыққан Сарра Аллаһ тағалаға дұға қылып, оны
босатуын сұрағанда, патшаның қолы қалпына келеді. Ақымақ,
залым патша Сарраға жұмсаған жасақтарын шақырып: «Сендер
маған кімді кіргізгенсіңдер, бұл адам емес, шайтан ғой, оны
сыртқа шығарыңдар», – деп айқайлап бұйырады. Осылай кұдіреті
күшті Аллаһтың кереметімен, қорғансыз, шарасыз әйел
Мысырды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған
патшаның жәбірінен құтылды.
Назар салыңыз, иман мен ар-ожданға қатысты жәрдем
сұрағанда әйелдің дұғасы Аллаһ тағала тарабынан бірден
қабылданған.
Сөйтіп, патша сөзінде тұрып, Сарраны босатып, оған орасан
зор сый-құрмет көрсетіп, тарту-таралғы жасап, оған қоса «Ажар»
атты тағы бір сұлу күңді қосып береді. Бұл Мысыр патшасының
Сарраға жасаған сыйы болды. Тарту-таралғыларымен жанына
күңді ертіп, Сарра қайтып келгенше, Ибраһим Аллаһтан әйелінің
құтқарылуын сұрап, жәрдем тілеп ғибадатта отырған-ды.
Аллаһтың сынағының соңы Сарраның абыроймен үйіне
оралуымен бітеді.
Ибраһим бұл жерде қоныстанудан қауіптеніп, Палестинаға
қайтып кетеді, сол жерде әжептеуір мал-дүниелі болады. Әйтсе
де оның бір арманы балалы болу еді. Жасы болса келіп қалды, әлі
күнге дейін перзентсіз жүруі көңілін жүдететін, бірақ арманының
орындалатынына сенетін. Ибраһим бұл тағдырына назаланып,
уәж айтпайтын. Керісінше, Раббысының көрсеткеніне шүкіршілік
етіп, берген несібесіне разы болып күн кешетін.
Күйеуін сүйіп, қатты қадірлейтін, жаны ашитын, мүмін әйел –
Сарра ерінің балалы болуды қалап жүргенін сезіп, оған өзінің
күңін тарту етеді. Ибраһим Ажарға үйленіп, одан Исмаил деген
ұл көреді.
|