161
Әбілхайырдан ыққан Жәнібек пен Керей елді Еділ мен Жайық арасынан
көшіруге мәжбүр болады. Халық басына түскен ауыртпалықты көрген Асан
Жәнібекке ата қоныстан жылжымау керек екенін айтады. Алайда, қаһарлы
әміршімен тіресуге шама келмеген соң бүкіл жұрт арып-ашып, талай михнат
шегіп Моголстанға, Шу бойына ауады [17].
Міне, осындай қиыншылық заманда елге қамқоршы болған Асан
жайлы әртүрлі аңыздар, әңгімелер туады. Солардың ішінде, әсіресе, кең
тарағаны – Асанның ел-жұртқа құтты қоныс іздегені туралысы.
Бұл әпсанада екі түрлі бағыт бар. Бірі елді қиындықтан құтқарушы
мағди жайындағы сюжеттің нышаны да, екіншісі – алыстағы құтты жер
туралы сюжеттің түйіні. Басқаша айтқанда, мұнда екі түрлі әпсананың басы
тоғысқан,
бірақ олар өзді-өзі жекеленіп, дара дамып кетпеген. Көптеген
елдерде бұлар өз алдына дамып, әртүрлі шығармаға айналған. Мәселен, орыс
фольклорында мұндай шығармаларды «легенды о возвращающемся
избавителе» және «легенды о далеких землях» деп атайды [18]. Бұларда
таптық, әлеуметтік сарын өте күшті.
Құтты мекен жайындағы қазақтардың әпсанасын варианттары
бойынша қарстырсақ, біріншіден,
мұндай сюжеттің қарақалпақ, қырғыз,
құмық, ноғай елдерінде де бар екенін көреміз, ал, екіншіден, бұл сюжетке
құрылған шығармалар Асаннан да бұрын болғанын, тіпті Асаннан кейінгі
заманда басқа адамға байланысты айтылғанын байқаймыз. Демек, елге, малға
жайлы қоныс іздеу туралы сюжет қыпшақ тобындағы түркілердің бөлінбей
тұрған шағында пайда болған, кейін тағы бір ауыртпалық тұсында ол сюжет
Сәбитке байланысты айтылған. ХV ғасырда Сәбиттің орнын Асан басқан, ал
ақтабан-шұбырынды дәуірінде оның орнына
Абат батыр мен Өтеген батыр
қойылған. Міне, бұл сюжет осылай тарихи тұтастануға түскен. Мұнда тіпті
батырлық эпосқа тән шежірелік те тұтастану бар: Жерұйықты іздеуші
алдымен Сәбит, одан кейін оның баласы Асан, ең соңында оның ұлы Абат
болып көрінеді. Бұл да – фольклорлық дәстүрдің заңдылығы.
Асан Қайғының Жерұйықты іздегені туралы әпсана сюжетінің тарихын
және басқа халықтардағы [19] осы тектес сюжеттерді салыстыра
қарастырудың нәтижесінде тағы бір заңдылық байқалады: бір жақта жер
жаннаты-құтты
қоныс бар, соны іздеп табу керектігі туралы сюжет барлық
халықта рулық қоғамның әлсіреп, таптық алшақтықтың күшейе бастаған
тұсында пайда болады. Ол кезде бұл сюжетте ешқандай таптық, әлеуметтік
сарын болмайды. Рулық қауым ыдырап, феодалдық
қоғам құрылған кезде
сюжет кеңейіп, бірнеше шығарма туады. Олар бірте-бірте өзінше дамып,
жеке сюжеті бар «елді құтқарушы», «жерұйықты іздеуші», «тығулы қазына»
туралы әпсанаға яки хикаятқа айналады. Қоғамның қиын-қыстау
кезеңдерінде бұл шығармалар жаңғырылып, жаңа кейіпкерлерге таңылып
отырады.
Ал, осы сюжеттің генетикалық арғы тамырын іздесек, ол алғашқы
қауымда қалыптасқан бір-бірімен тығыз байланысы бар үш
әлем туралы
түсінікпен сабақтас болуы ықтимал [20]. Бұл түсінік көптеген миф, хикая,
аңыздарға негіз болғаны белгілі. Біздің Асан Қайғы іздейтін Жерұйық та –
162
ойдан шыққан, арманнан туған қоныс. Ондай атауы бар мекенді картадан
іздеу - әбестік болар еді. Жерұйық – халықтың жарқын қиялынан пайда
болған еркін, азат, жанға жайлы жердің образы, «Жерұйық» деген сөздің өзі
де, біздіңше, «ел ұйып, тату-тәтті өмір сүретін жер» деген ұғым береді.
Достарыңызбен бөлісу: