Отан тарихы №1 (97) 2022
ISSN 1814 - 6961 E-ISSN: 2788-9718
35
жоғары деңгейде жүргізілуінен этнодемографиялық және тілдік жағдай орасан өзгеріске ұшырады.
Бұл кезеңдегі ұлт тілінің тағдырын Х. Әбжанов: «...ұлт тіліне нағыз тозақ кеңестік тоталитарлық
жүйемен келді» - деп сипаттады (Әбжанов, 2007: 62).
Кеңестік тоталитарлық саясат тұсында 1937 жылы 21 тамыздағы «Корей халқын Қиыр Шығыс
өлкесінің шекаралық аудандарынан көшіру туралы» Қаулысымен Қиыр Шығыстың 23 ауданынан
Оңтүстік Қазақстан облысына, Арал теңізі мен Балқаш көлі аудандарына, Өзбек КСР-іне корейлерді
көшіру басталды (Махат, 2006: 85). 1937 жылы тек төрт айдың ішінде Қиыр Шығыстан Қазақстанға
20 мың корей отбасы күштеп көшірілген (СҚОМА, 444: 88). 1937-1938 жылдары Қазақстанға қоныс
аударған корейлердің жалпы саны 100 мыңға жуықтады (Кан, 2011: 203-204).1936 жылы 15 мың
поляк және неміс шаруа қожалықтары көшіріліп, 1938 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысына
59557 адам қоныс аударды, оның 26834-і поляктар болды (Еңсенов, 2018: 52-53). Поляктар
Украинадан 1931, 1936, 1949 жылдары Волын және Виленск облыстарынан
Қарағанды облысына
бірнеше кезеңмен күштеп көшірілді (ҚОМА, 6:15).
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тұтастай «қауіпті» халықтарды күштеп жер аударулар
қарқынды жалғасты. 1941 жылы Қазақстан аумағындағы неміс өкілдерінің саны 200 мыңға жетті
(Еңсенов, 2018: 96). Қудаланғандар негізінен Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан аймақтарына
орналастырылды. Соғыс жылдары эвакуация нәтижесінде Қазақстанға 1941 жылы – 288796,
1942 жылы – 106554, 1943 жылы – 484149 адам көшіп келіп,жалпы саны 879499 адамды құрады
(ҚРОМА, 172:4). Ал 1945 жылы қаңтар айында көшіп келгендер 462120 адамға жетті (ҚР ПМ, 316:3).
Күштеп қоныс аудару саясатын зерттеуде республиканың мемлекеттік мұрағаттарында сақтаулы
185 құжат енгізілген «Из истории поляков в Казахстане (1936-1956)» құжаттар жинағы маңызды рөл
атқарады. Жинаққа Қазақстанға Украин КСР-нен поляктарды күштеп көшіру, Екінші дүниежүзілік
соғыс кезеңінде поляк
субъектілерін депортациялау, Қазақ КСР-інде поляк әскери құрамаларын
құру және соғыстан кейінгі жылдардағы поляк азаматтарының жағдайы туралы материалдар
енгізілген (Из истории поляков, 2000). Осылайша, халықтың ұлттық құрамы үлкен өзгеріске
ұшырады.
Саяси үстемдік жүйенің ауыр қасіреті барлық ұлт
өкілдеріне зардабын тигізіп, 1920-1953
жылдары Қазақстандағы 80-нен аса ұлт өкілдері қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақтар – 35-40%,
поляктар - 2%, корейлер – 1,5-2%, еврейлер - 2%, бұлардан басқа, белорус, татар, мордва, ұйғыр, өзбек,
молдаван, латыш, әзірбайжан, шешен, армяндар болды (Махат,2006:86).
Халықтарды жер аудару саясатының ұлттық ерекшеліктерді жоюға бағытталғанына
қарамастан,қазақ халқының туысқандық қамқорлығы арқасында этнос өкілдері Қазақстан жерінде
екінші Отанын тапты.
Келесі ірі этностық толқын 1950-1960 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру және
өндірістік құрылысты кең көлемде жүргізу тұсында жалғасты. 1957 жылы Белоруссиядан – 1300,
Украинадан – 700 адам Ақмола жеріне; Украинадан Қарағандыға – 100, Оңтүстік Қазақстанға – 600
адам; Украинадан – 2500 және Молдавиядан – 1000 адам Қостанайға; Украинадан – 600, Литвадан –
600 адам Петропавлға; Украинадан – 400 адам Солтүстік Қазақстанға; Украинадан – 600 адам Семейге
қоныстандырылды (Еңсенов, 2018: 171). Бұл жылдары Көкшетау өңіріне 200 мың адам көшіп келді
(Әбуев, 2006: 306). Қазақстан өнеркәсібі объектілерін «Бүкілодақтық Екпінді жастар құрылысы» деп
жариялау нәтижесінде 1960-жылдары республикадағы ірі құрылыс орындарына жұмысшы жастар
ағыны басталды. 1960-1965 жылдары Қазақстан Магниткасы құрылысынакелуші жастар 2000-ға
жетті, ал он жыл көлемінде 69 түрлі этностарды құрады (Ерімбетова, 2009: 25).
Кейін негізінен
славяндар, соның ішінде орыстар, өнеркәсіпте және басқа да технологиялық тұрғыдан күрделі
салаларда қызмет ететіндердің басым көпшілігіне айналды.
Кеңестік көші-қон саясаты Қытай Халық Республикасынан көшіп келуші репатрианттар тарихын
да қамтиды. 1962 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 24 мамырдағы (№380-51-сс) Қаулысы
бойынша көшіп келушілерге жәрдемақы беріліп, жол шығыны мен тамақтануы қамтамасыз етілген
(ҚР ПМ, 1508:23-24). 1962 жылы Қытайдан 41654 (90 %) қазақ, 2853 ұйғыр, 494 өзбек, 455 орыс,
427 татар, 119 қытай, 16 еврей, 9 қырғыз келді (Ерімбетова, 2009: 29).
Қазақстанға сан түрлі халықтың лек-легімен көшіп келуінендемографиялық және тілдік
өзгерістер үдей түсті. Солтүстік Қазақстан аумағында1950-жылдары халық саны механикалық
өсім негізінде 10,4%-ға көбейіп (Құдайбергенова, 2011: 288), 1960-жылдары аймақтағы халықтың
58,2%-ын басқа одақтас республикадан келгендер құрады (Ерімбетова, 2009: 39).
Кеңестік
жүйе жүргізген тіл саясаты нәтижесінде республикада 1940-1990 жылдар аралығында орыс тілі
басымдыққа ие болып, ұлтаралық қарым-қатынас тіліне толығымен көшті. Қазақстан халқы тілі
мен дінінен, мәдениеті мен дәстүрінен алыстап, дәстүрлі өмір салты бұзылды. Х. Әбжанов бұл
жөнінде «Россия қол астында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар
бар. Солардың бәрі тілін, дінін,
жазу-сызуын орысқа аударса, хүкіметке онан артықұнамды іс
болмас» деген А. Байтұрсыновтың айтқан қаупі ақиқатқа айнала бастады деп жазады (Әбжанов,
2007: 63).