Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы



Pdf көрінісі
бет82/126
Дата01.11.2023
өлшемі2.92 Mb.
#482164
түріБағдарламасы
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   126
4100d37a29d9cd8e6f0c6385f1c84be9

«Хұсрау уа Шырын» дастаны.
Парсы тілінде жазған Низамидің «Хұсрау-Шырын» дастанын түрік 
тілінде сөйлеткен ақын – Құтб. Низами дастанының құрылысы мен 
сюжетін толық сақтай отырып, еркін шығармашылық жолмен, өз елінің 
өмір жағдайына сәйкестендіріп, түрік оқырманының түсінігі мен дағды 
дәстүріне лайықтап жазылған.
Құтб нұсқасы Тыныбек шаһзаданың тұсында 1341-1342 жылдары 
жазылған екен. Ол Париждің ұлттық кітапханасында сақтаулы. Дастанның 
транскрипциясын поляк ғалымы Ананиаш Зайончовский 1961 жылы 
латын әрпімен жариялаған. Қазақ тіліне үзінді түрінде аударып, тілдік 
тұрғыда зерттеген Ә.Ибатов (1974). Ол «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиеті» 
атты хрестоматияда жарияланды (1992-212-225). Осы аттас оқулықта 
профессор Н.Келімбетов біраз әдеби талдау жасаған (1986).
Дастанның оқиғасы Шырын мен Хұсраудың махаббаты туралы, 
сүйіспеншілік, ғашықтық, жақсылықты, ізгілік пен адмгершілікті үлгі 
етеді. Шығыс халықтарына кең тараған әдеби сюжетке құрылған.
Бұл тақырыпты алғаш жырлаған Фирдоуси болса, одан кейін Низами, 
Әмір Хұсрау Дехлеви, Жәми, Науаилер де қалам тартқан. Олар сюжеттік 
тұрғыда бірін-бірі қайталайды. Дастанға арқау болған кейіпкерлер – 
590-628 жылдары Иранды билеген, өз баласы Шируяның бұйрығымен 
өлтірілген патша Хосров Парвиз бен оның сұлу әйелі Шырын.
Құтб нұсқасында оқиға желісі Иранның ханы Ануширван қайтыс 
болып, орнына Хұрұздың отыруынан бастап өрбиді. Хұрмұздың Алладан 
сұрап жүріп, бір ұлды болғаны айтылады. Атын Хұсрау қояды. Патша 
балаға керекті білік, тәрбие – бәрін үйретеді.
Хұсраудың жақын кісілрінің ішінде Шапур деген суретші болады. Ол 


335
көпті көрген адам, бір әңгімеде Каспий теңізінің маңында Миһин Бану 
деген әйел патша, оның қолында ағасынан қалған сұлу қыз Шырынның 
барын айтады. Қыздың Шабдиз – Түн қараңғысы деген жүйірік тұлпары 
бар-ды. Осы әңгімені естіген Хұсраудың тағаты қалмай, қызды көргісі 
келеді.
Шырын бұл кезде саяхаттап жүрген болатын. Шапур Шырынның 
жүретін жолына үйінен дайындап алып шыққан Хұсраудың суретін іліп 
қояды. Шырынның әбден тағаты таусылған кезде Хұсраудың оған ынтық 
екенін айтады. Бұл өсек әңгіменің шиеленісуінен қорыққан Хұсрау 
Әзірбайжанға кетеді. Жолда келе жатып, өзен суға шомылып жатқан 
қызды көреді. Бұл жол соққы болып шаршаған Шырын болатын. Екеуі 
бірін-бірі тани алмай қалады. 
Хұсрау Әжірбайжанға келсе Шырын жоқ, ал Шырын Иранға 
келсе, онда Хұсрау болмай шығады. Екеуі бірін-бірі қайта іздейді. 
Осы арада Хұрмұз патша қайтыс болып кетіп, Хұсрау әке тағына 
отырады. Әзірбайжанға қайта барып, осы жолы Шырынмен жүздеседі. 
Ойын-сауықпен көп күндерін өткізеді. Шырын Миһин Банудың 
сақтандыруымен, Хұсрауға еліндегі мәселелерін шешіп, өз тағына 
отырғанда ғана оның әйелі болатынын айтып, намысына тиеді. Түрік 
халықтарының жыр-ертегілеріндегі осы желінің төркінін тануға болады 
(Мысалы, «Қырық қыздағы» ұқсас желіні еске алайық).
Қыз шартын іске асыру үшын Хұсрау Византия патшасынан көмек 
сұрауға мәжбүр болады. Сол арқылы жауын жеңеді, бірақ Византия 
патшасының қызы Мәриямды еріксіз алуы керек болады. Бұл да кейінгі 
жыр-дастандарға тұрақты желі болып қалыптасқан кіріптірме деуге 
болады. 
Осы кезде Миһин Бану қайтыс болып, орнына Шырын патша болады.
Шырын тұрып жатқан қорғанға құбыр тарту үшін Шапур Фархад атты 
шебер жігітті тауып, Шырын онымен перде ішінде отырып сөйлеседі. 
Сөйтіп, оқиғаны шиеленістіру мақсатында, Хұсрау-Шырын қарым-
қатынасына үшінші қаһарман келіп араласады. Фархадтың Шырынға 
ғашық болып қалғанын сезген Хұсрау, қызғаныштан Фархадты сарайға 
алғызып, «Не Шырынды ұмыт, не тауы жарып, жол салып бер!» – дейді.
«Қисса Жүсіпте» Зылиханың ғашықтығы мен адалдығы қамшының 
сабын еріту арқылы дәлелденсе, Фархадтың ынтықтығын жылтыр тастан 
атының тұяғы тайып, құлап кеткелі тұрған Шырынды Фархад ат-матымен 
көтеріп апарып, үйіне жеткізеді. Осының өзі қаһарманның адалдығы мен 
берілгендігінің кепілі болуға қызмет атқаратын эпизод болып шығады.
Фархадтың жол салып бітуге таянғандығын біліп, Хұсрау одан 
құтылуың жолын іздейді, Әйтпесе, келісім бойынша тауды бұзып, жол 
салған жігітке Шырынды беру керек еді. Ақырында, бір адам жіберіп, 
Шырынның қайтыс болғандығы жөніне өсек айтқызады. Бұл қайғыны 
көтере алмаған Фархад та өліп кетеді.


336
Енді Шырынның айналасындағы оқиғаға төртінші кейіпкер араласады. 
Ол Хұсраудың Мәриямнан туған Шеруя атты баласы еді. Шеруия да 
Шырынға ғашық болып, әкесімен жауласады. Сол үшін әкесін зынданға 
салады. Оған Шырын да бірге кетеді. Мұнымен іс бітпейтінін сезген 
Шеруя Хұсрауды ұйықтап жатқан жерінен пышақтап өлтіреді. Шырын 
одан Хұсрауды жерлеуді талап етіп, бәрін жасап біткен соң, Хұсраудың 
қабіріне кіріп, жүрегіне пышақ салып өледі.
Құтбтың «Хұсрау-Шырыны» Низами ізімен жүре отырып, 
нәзирашылдық әдіспен жазылса да, оқиғаның негізгі өзегінен көп 
қашықтамағандығы байқалады. «Қисса Жүсіпке» қарағанда мұнда 
ғашықтық желісі негізгі мәселе етіп алынады, сөйтіп, түрік тілі орта ғасыр 
әдебиетінде ғашықтық қиссалардың тууына кең жол ашты. Бұл дастанда 
Низами ақын өзінің сүйікті жұбайы қыпшақ қызық аппақ қыздың 
бейнесін қалдырды деген жорамал бар. Осы сияқты ежелгі дастандардың 
үрдіс болған желілерінің кейінгі қазақ дастандарына, «Қозы Көрпеш – 
Баян сұлу» сияқты қазақтың өз өмір тіршілігінен алынған жырларға негіз 
болғандығын көреміз.
«Хұсрау-Шырынның» қолымыздағы А.Зайончковский жариялаған 
түпнұсқасын қарастыра отырып (1958), Құтб дастанын бүгінгі қазақ 
тіліне аударып, жарыққа шығару қажеттігі алда тұрған келесі істердің 
бірі екеніне көз жеткізгендей болдық. Шығармадағы өлең жолдары 
қазақ оқушысына түсінікті, құлаққа құйылып тұрғандай әсер ететіні 
аңғарылады.
Мысалы: 
Биссмилләһи рахмани рахим,
Илаһи тауфықтың қабұн ача бер,
Көңүлгә тахматың ұрұғын сача бер.
Көңіл бер кім йақұнұңа йарасұн,
Азұн қабләт бұ көңүлмүдүн йурасын,.
Бұ көңлүм көзгүсін сайқал құлу бер,
Қамұғ мүшкүлләрімні хал құлу бер
(А.Зайончковсикй., 1958-17).
Аудармасы:
Е,Алла, таупығыңның қабағын аша бер
(көмегіңді аяма),
Көңіліме рақым ұрығын шаша бер 
(шапағатыңды шаша бер).
Мейіріміңді түсір, саған жақын болуға жарайын,
Бар қателігім бұл көңілімнен жырақ болсын.
Бұл көңілім айнасын анық қылып бер,
Барлық мүшкіл халімді дұрыс қылып бер.


337
Дастанның бас жағы сол замандағы түрік әдебиетінің дәстүрі 
бойынша, Алла Тағаладан тілек білдіруге арналады:
Бұ сөз кім башладүм хош кәлсү жанға,
Мұбарак қыл сөзүм барча жиһанға.
Аның тег кім оқыған діл ачұлсұн,
Тілімдін мүшкү ғанбарлар сачұлсұн
(А.Зайончковский., 1958-17).
Аудармасы:
Бұл сөздерім хош келсін ойлы жанға,
Мүбәрік қыл сөзімді барша жиһанға.
Сондай-ақ, оқығанның ділі (жүрегі) ашылсын,
Тілімнен жұпар, жақұттар шашылсын.
«Алланы мадақтау» бөлімінде Алланы кейде «Іді» немесе «Тәңір» 
деп те айта береді:
Іді атұ бірлә башла сөзұңні,
Кім ол бар қылды йоқдұн бұ өзүңні.
Ұлұғ тәңрү кім йаратту,
Тұтұб бек йерні көкләрні төрәтті.
Танұқ барча халайұқ барлұқұңға,
Далилләр һәм өкүш бар бірлікіңгә.
Тағала аллаһ аңа йоқ ұхшашұғ бір,
Һаратұр һәм йүрүтүр хүкмі йүкүр (Сонда 18).
Аудармасы:
Жаратушы атымен баста сөзіңді,
Ол жатқан – бар қылды өзіңді.
Ұлық Тәңір бәрімізді жаратты,
Бекем қылып жерді, көкті тұрғызды.
Ол өзін танытар барша халайықтың барлығымен,
Дәлелденер және көп бірлігіңмен.
Алла Тағала, оған жоқ ұқсас ешбір,
Жаратар және қозғалысқа келтірер, үкімі жүрер.
Одан соң Алланың төрт сахабасын мадақтай келіп, өзі кітап арнап 
отырған Тыныбекті, оның жұбайы Мәликені дәріптейді:
Ұлұс ел әркілігі сұлтаны ханы,
Жиһан халқы тән ол тән ічрә жаны.
Ұлыс ел билеушісі, сұлтаны, ханы,
Жиһан халқы – тән, ол – тән ішіндегі жаны.
Дастандағы Хұсрау бейнесі Әлидің «кемел патша» желісіне ұқсас 
келеді. Ол да Жүсіп сияқты жасынан зерек бала болып өседі:


338
Тама беш йашда йетті ерсә ақлаб,
Көрүб көп мәңгі ғибар алды таңлаб.
(А.Зайончковский).
Аудармасы:
Тамадап бес жасқа жеткенде аңдап,
Көріп көп нәрсені, ғибрат қылды таңдап.
Шырынның бейнесі Зылихаға ұқсас, мінсіз кейіпкер болып 
суреттеледі:
Қарағұ жадұсу көргәнні өртәр,
Жаман көзлүг көзүн күн бірлә өртәр (Сонда 43.)
Аудармасы:
Көзімен жадылап, көргенді өртер,
Жаман көздерді күндер өртер.
Дастанда бүгінгі оқушы талғамынан шыққан әдемі, бейнелі сөздер 
көп екені байқалады:
Нетек кім чыкту уүн түлкісі індін,
Каша башлайу түннің күші індін.
Аудармасы:
Қашан шықса, күн түлкісі іннен,
Қаша бастайды түн кішірейіп інге.
Бұл жерде күннің шығуын: «Күннің қызыл түлкісі іннен шықты» 
дегені бейнелілігімен таң қалдырады. Қазақ оқырманы үшін тағы бір 
қызықты жағы, дастандағы мақал-мәтелдердің бүгінгі қолданыстағы 
қазақ мақалдарына ұқсастығы дейміз. Мысалы:
Құтбта: «Тең емес қолда он бармақ, біл оны,
Қаншама санаса да бірдей саны».
(Үзінділер «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиеті» хрестоматиясынан 
алынды. 221-222 б).
Мағынасы: Он саусақ бірдей емес.
Құтбта: «Екі тәтті бір болмас».
Мағынасы: Екі жақсы қосылмас.
Құтбта: «Жаман қылықтымен отырма».
Мағынасы: Жаманен жолдас болма.
Құтбта: «Кесек атқанға қайтар тас қайғы».
Мағынасы: Кісіге ор қазба, өзің түсесің.
Құтбта: «Жалғыздықта тамнан да сақтан,
«Болар тамда құлақ» деген бар мысал, біл».


339
Мағынасы: Жалғызбын деп ойлама, үй артында кісі бар.
Құтбта: «Кілеміңе қарай көсіл аяқты».
Мағынасы: Көрпеңе қарай көсіл.
Құтбта: «Асығыспен ақылдың ісі бітпес,
Жүгірумен ішке май жұқпас».
Мағынасы: Асығыстың арты – өкініш.
Дастандағы негізгі бір ой – өмірдің өтпелілігі туралы. Қорқыт ата: 
«О, жалған дүние, бүкіл дүние – біздікі», – деп күркіреген сол бектерім, 
ерлерім қайда кеттің? Оларды ажал ұрлап, жер жұтты. Жалған дүние 
кімге опа қылған? Жер бетіндегі өмір мәңгі емес. Адам келеді, кетеді, 
оның түбі қайыр емес», –десе, Абай:
Ғаріптікке көз жетті,
Алғаннан соң серікті.
Өмірін берген Құдайым,
Ажалын да беріпті, – дейді.
Екі ойшыл да өмірді көшкен керуенге теңейді. Өмірдің өтпелілігі 
туралы ұлы дала ойшылдары әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұд 
Қашқари, Ахмет Иүгнеки пәлсафасы да осыған саяды. «Хұсрау-
Шырында» бұл ойлар былай берілген:
«Өтер желдей дүние, сен де өтерсің дүниеден,
Егер болсақ, қайғыда я сүйініште,
Өтер дәурен, қалармыз өкініште».
«Өтеміз дүниеден барша нашар,
Жігітке сүйініштен жақсы не бар?»
«Кәрі қатындай бұл дүние алдамашы,
Тәттілікпен ол алдар сені».
(Ежелгі дәуірдегі... 1992-217).
Құтбтың «Хұсрау-Шырынын» көшірген ақын – Берке Факих. Оның 
өз өлеңдерін ескере отырып, аты мәлім қаламгер ретінде әдебиетте 
қарастырған жөн деп білеміз. Өкінішке қарай, бұл есім бұрын қазақ 
әдебиетінде белгісіз болып келді.
Берке Факих «Хұсрау-Шырын» дастанын көшіріп болған соң, өз атынан 
өлең қосып жазған. Осы өлеңнен Берке Факих жайында біраз деректер 
беруге болады: Ол Алтынбұға деген бай кісінің қызметінде болып, Алтын 
Ордадан Мысырға, Ескендірия шаһарына барған. Ондағы қызметі ауыр 
екенін айтып, Құдайдан жеңілдік сұрайды. Қожасы – Алтынбұғаны 
мадақтайды. Бұл өлеңнен Берке Факихтің тек қана көшіруші емес, өз 
жанынан өлең шығарушы ақын, сонымен бірге білімпаз адам екені 
аңғарылады. Факих – дін-шариғатты жетік білуші деген сөз.
Берке Факихтің өлеңі А.Зайончковский жариялаған «Хұсрау уа 


340
Шырын» дастанынан алынды (Варшава. 1958-61). Бұл есім әдебиетімізде 
бірінші рет аталып отырғандықтан өлеңнің түгел беруді жөн көрдік. 
Соңындағы: «Қыжыраның 785 жылы жазылды», – деген дерегіне 
қарағанда, Берке Факих Құтбпен замандас болған, ХІҮ ғасырдың екінші 
жартысында дүниеге келген адам деп айтуға болады. Ол да нәзира 
дәстүрін ұстанған ақын екені көрінеді.
Өлеңнің түпнұсқасы:
Иары берді ұған түкәттім бітіп,
Иедім ке бұрұнрақ түкәл айтып.
Иедім тауфиқ берді тамам қылдым ош,
Иәдігер менден саңа қойдым ош.
Мұхаммед Расулға түмен мың сәлем,
терүріл рухыңа меніндін олам.
Тағу елшінгә сәләс дұрұд,
Кәсіксіз ұлашу болсұн бүрүд.
Алтынбұға ерді ол саұқы атлығ,
Өзі ғалым уа халим һәм тілі татлығ.
иері келдім һәм аның қатұнға,
Құлы теб айұрлар аның атынға.
Келіп Ескендірге тәжрид үчүн,
Алайын теб кәфірдін мұғмин өяін.
Биләсінда келдім ният ғәза,
Түкәттім кітапны ұшанда йаза.
Ұшанда қолдаса ғазиз қадашым,
Һәм бірге келүбән болып йолдашым.
Жанымнан ғазиз ол қылды хитапны.
Анын атынға йаздым үшбу кітапны.
Аның атынға йаздым не болса күчүн,
Жәһд етіп түкәттім харты үчүн:
Бұ баштың айаққа қылып мен назар,
Кечірдім хатасын ма қылдым хәзар.
Бітідім кітабны хатасын бақыб,
Бұ захмат чеккенім білгейсін оқұб.
Атағым ма Берке Факих теб анчақ,
Өзім – мұғмын, уа мүсілім, уа аслым – кыпчақ.
менім бірле келген табып дүниялық,
Меңа берді йазмақ – ұғымақ, білік.
Мұның бірле мәшһүр Мысырда өзім:
Факих теб айұрлар, ай, екі көзім!
Алтынұға атлығ бір бек қатында,
Тұрұрмын мүләзім ош қыдмәтінда.
Бұ қыдмәтта еркін, бітідім бітік,
Сөзімгә хәләл тапма, баққыл ітік!


341
Тапұғда йөрігән йазармү бұ хат,
Ниаты ғазалға мініп түн-күн ат?
Уа, лікни ұғаным ма берді уасғат:
Бітідім, түкәттім, көр, ошұл сағат.
Бұ заман Факихға рабғат қылмаз һеч,
Факих теб кім ерсә хұрмет қылмаз һеч.
Иүрерім тапұғда не болса күчүн,
Гахы тоқ болұрмын, гахы көп ачұн.
Қылұрмұн халыққа өкүш хамд уа сана,
Бір авуч тобрақдұн йараттү мана.
Күлаф алында өзүм кезләнүб.
Бұ махлұқ ешкіндә жаным шешләніб.
Илаһ құртарғыл бұ іштін мені,
Халық уа разық теб білүрмін сені.
Разы қыл меңа бер сәһәл санағат,
Аның ла дүниада болсам қанағат.
Рузымы асан қыл көргізме тарлық,
Бұ махлұқға құлны, қылмағыл йарлұқ!
***
Мусаннифні ұннұтма, қылғыл дұға,
Кәтиб уа мүсанниф-мұғаннан маға.
Тарих йеті йүз сексен бешінде,
Сафара йының йығыр бешінде.
Иол үзре не болса бітідім кітаб,
Хатымны зағиф теб қылмағыл ғитаб.
Аудармасы:
Жар берді жаратушым, түгестім жазып,
Йеме бұрынырақ түгел айтып.
Йем көмек берді, содан тамам қылдым,
Менен саған жәдігерлік қойдым.
Мұхаммед Расулға мың-мың сәлем,
Рухыңа жеткіз менен бір сыйлық.
Тағы төрт досыңа сәлем жеткіз.
Сәлемім үзіліссіз жалғаса берсін!
Алтынбұғы еді оның есімі,
Өзі ғалым, парасатты, һәм тілі тәтті.
Оның қасына еріп, осы жерге келдім,
Мені оның құлы деп айтар.
Ескендірияға соғыспаққа келіп едік,
Кәпірден алайын деп мұсылманның өшін.
Беріде келдім ізгі ниетпен,
Кітапты осында жазып түгестім...
Мен қолдаса әзиз жақын кісім,


342
Бірге келіп еді болып жолдасым.
Ол әзиз кісі тапсырды,
Соған арнап жаздым бұл кітапты.
Оған арнап жаздым күшім жеткенше,
Оның қадіріне жетуге тырыстым.
Бастан-аяқ назар салдым,
Сақтықпен қате жібермеуге тырыстым.
Кітапты жаздым, қате жібермедім,
Қанша бейнет шеккенімді оқып білгейсің.
Берке Факих деген атағым бар,
Өзім – мұсылманмын, асылым – қыпшақ,
Мені ертіп алып келген кісі,
Маған жазып-оқуын берді,
Содан Мысырға мәшһүр болдым:
Факих деген ат берді.
Алтынбұғы атты бір бектің қасындамын,
Оның әрдайым қызметіндемін.
Қызметімде әркез жазу жаздым,
Сөзімнен кемшілік іздей көрме.
Қызметте жүріп жазуды қалай жазарсың?
Ізгі ниетпен күні-түні ат үстінде жүресің.
Бірақ Жаратушым мүмкінік берді,
Көріңдер, бұл сағатта жазып бітірдім.
Бұл заманда Факихтың тілеуін ешкім тілемейді,
Бұл кісі Факих екен деп ешкім құрмет қылмас.
Күшімнің жеткенінше қызмет қылып жүрмін,
Не болмаспын, не болармын бұл дүниеде.
Құдайға арнармын көп мақтауымды.
Бір уыс топырақтан жаратқан ол мені. 
Күйім жақсы сияқты, сырт көзден жасырын,
Өмірінің қиынына жаным күйінер.
Илаһи құтқара гөр бұл жұмыстан мені,
Жаратушым, ризық беруші деп білермін сені.
Разы қыл, маған жеңілдік бере гөр,
Соны ғана өзіме қанағат қылайын.
Разы қыл, көрсетпе тарлық,
Мені құл болсын деп қылма жарлық.
***
Жазушыны ұмытпа, дұға қыл,
Жазушы мен көшіруші бір-бірінен айырғысыз.
Тарихтың жеті жүз сексен бесінде 
(Жаңаша 1333 жыл. – А.Қ.).


343
Сафар айының жиырма бесінде
(Мұсылманда екінші ай),
Жазып бітірдім кітабымды,
Жазғанымды жаратпай, ғайбаттама.
Қыпшақ ақыны Берке Факих – «Хұсрау-Шырынды» көшіруші ғана 
емес, өз өлеңімен де аты қалуға лайықты туындыгер.
Құтб дастанының басқа да нәзиралық нұсқалары бар. Мысалы, 
Жәми (ХҮ ғ.) «Хұсрау-Шырын» сюжеттерінің тек кейіпкерлерін 
алғанда, «Парвиз бен балықшы» атты оқиғаны өте қызықты суреттеген 
(«Ескендірдің даналық кітабында»):
Хұсрау Парвиз өзінің айдан анық, күннен жарық сұлу әйелі Шырынмен 
отырса, бір балықшы келіп патшаға таңғажайып балық сыйлайды: 
қанаты қызғылт күлгін, теңіз маржанындай құлпырған, қабыршағы 
алтындай жарқыраған, күмістей көз тартқан, Алланың бір айырықша 
жаратқан мақұлығы еді.
Парвиз қызыққанынан алақанында жатқан балықты қыса қойды да, 
қазынашысын шақырды. Балықшың алдына мың дирхем күміс қойғызды. 
Сонда Шырын Парвизге:
«О, теңіздей терең ақылдым, мына кішкентай балыққа осынша 
сыйлық бергенің тым көп емес пе? Бұдан былайғы сый-сияпатыңның 
мұның қасында аз көрініп, жұрт: «Патшамыз сараң болып кетті демей 
ме?» – дейді.
Ойланып қалған Парвиз балықшыға беріп қойған мың дирхемін қалай 
қайтарып аларын білмейді. Шырын тағы да ақыл айтады: «Балықшыны 
шақырып: «Мына балығың еркек пе ұрғашы ма?»– деп сұра. Қайсысын 
айтса да, «Мен оны жемеуші едім», – дерсің», – дейді.
Парвиздің қайта шақырғанынан балықшы бірден секем алады. 
Балықтың еркек-ұрғашысын сұраған Парвизға: «Балығым еркек те емес, 
ұрғашы да емес, гермафродит», – дейді. Оны естіген патша күліп жібереді 
де, екі есе сыйлық бергізіпті.
Балықшы теңгелер салған ақшасын көтере бергенде, бір дирхемі 
жерге түсіп қалады. Қапшығын қойып, бір дирхемін іздеп жүріп тауып 
алады. Ол кеткен сон Шырын: «Не деген сараң еді, сараңдығы үшін бар 
ақшасын тартып алу керек», – дейді.
Патша балықшыны қайта шақыртып алып, сараңдығын бетіне басады. 
Балықшы: «О, патшам, мен үшін теңге құнды болып тұрған жоқ, теңгенің 
бетіндегі суретің қымбат, сурет аяқ асты болмасын дедім», – дейді.
Балықшының бұл сөзіне таң қалған патша әуелден үш есе ақша беріп 
қайтарады.
Ал, Науаи болса (ХҮ ғ.), «Хұсрау-Шырынға» – «Фархад-Шырын» 
деген ат беріп өз алдындағы ақындардан өзгеше құрағаны мәлім. Ол 
Хұсрау патшаны мадақтамайды, керісінше, бұрынғы кітәби дәстүрдегі 


344
шарттылыққа өзгерту енгізіп, осы оқиғадан басқа бір өзек шығарады, 
өмірге жақындатады. Еңбек, адамдық, парасат мәселесін алға шығарып, 
Фархад арқылы әдебиетті жаңа бір қырынан байытты. Сөйтіп, «Хұсрау-
Шырынның» мүлде жаңа нұсқасын жасайды (Науаи., 1978).
Науаиде «Хұсрау-Шырынның» белгілі оқиғасына қосылған негізгі 
өзгеріс сол, Фархад қаза тапқаннан кейін, Шырын әуелі Фархадты 
жерлетеді де, Фархадты салған лахатқа өзі де келіп жатып, жан тапсырады.
Фархадтың қайғылы оқиғасын естіген досы Бахрам келіп, қаскөй 
Шируяны жеңіп, Арменияға өзінің заңды мұрагерін қояды. Сөйтіп, 
өзі Фархадтың денесі (сүйегі) жатқан жерде диуаналықпен күн кешіп 
жүреді.
Дастанда, сонымен бірге, патшаның қаталдығын, мейірімсіздігін 
де сынайды. Бұл үрдіс «Хұсрау-Шырын» оқиғаларының бұрынғы 
нұсқаларында айтылмаған. Бұрынғы шарттылықтарға бұл жағы кірмеген. 
Хұсрау бейнесін жағымсыз үлгіде суреттеген, ғашықтық мәселесін 
алдыңғы жиекке шығарған.
Қорыта келе, Құтб та, Жәми де, Науи да Низамидің шекпенінен 
шыққан, оның поэзиялық мектебінен үлгі алған ақындар екенін айтуымыз 
керек (Алиев Г.Ю., 1985-4).
Бұл тарауа айтылған мәселелерді түйіндей келсек, қисса-дастандар 
әдебиетіміздің тарихында нәзира дәстүрімен бірге туып, Х-ХІҮ 
ғасырдағы түрік Оянушылығының әдебиеттегі көрінісі ретінде пайда 
болды. Түрік тілінің мәртебесін көтеріп, сол тілде шығарма жазу, ана тілі 
мен төл тарихына үңілу қажеттілігін өтеді.
ХІІІ-ХІҮ ғасырларда дүниеге келген қисса-дастандардан ежелгі 
мифтік бейненің көркем шығарма қаһарманына айналуын («Қисса 
Жүсіп»); Ғашықтық тақырыбының көтерілуін («Хұсрау уа Шырын»); 
Діни ағартушылықтың туа бастауын («Жұмжұма») көреміз. Кемел патша, 
мінсіз әйел бейнесін жасаған Әлидің «Қисса Жүсібі» өзіне дейінгі мифтік 
желілер, Құран сюжеттері, парсы дастаншыларының үрдісін жалғастыра 
отырып, қазақ әдебиетіндегі дастандық қайнарлардың бірі болды. 
Оның кейбір мысалдарын жолма-жол ұқсастықтарынан табамыз. Әли 
қиссасының нақты сюжеттік, құрылымдық жүйесін толық сақтай отырып 
жазылған ХХ ғасыр басындағы туынды «Жүсіп-Зылиха» дастаны да бар.
О дүние туралы ежелгі мифтер мен діни ұғымдарды жаңғыртқан 
«Жұмжұма» дастанның имандылық пен адамгершілік мұраттарға 
үндейтін тұтас бір сюжеттік сала туындайды. Бұл шығарма өз 
құндылығын жоймаған, қазіргі күннің де қажетіне жарайтын, мәңгілік 
тақырыпқа жазылған мұра.
Орта ғасыр қиссалары діни, ғашықтық, батырлық т.б. тақырыптарға 
жазылған дастандарға негіз болып, жол салды. 



346


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   126




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет