100
толықтыру болды. Сондай-ақ, жергілікті әкімшілік басқару жүйесін қалыптастыруға үлкен назар аударылды.
Нәтижесінде ХІХ ғасыр соңына қоныс аударушылар басқармасының орталықтандырылған біртұтас жүйесі
құрылды. Транссібір темір жолы қазақ жерінің Солтүстік өлкесі арқылы жүргізілді. Ақмола облысы әкімшілігіне
қараған осы өңірде құрылған 5 уездің 3 уезінен 160 мың келімсек орыс-украин шаруаларын қоныстандыру үшін
2241503 десятина жер бөлінді. Мұнда, экономист Ф.А.Щербина басшылығымен "қоныстанушылар қорын"
жасау үшін арнайы статистикалық экспедиция жасақталды. Арнайы экспедиция 1896-1902 жылдарда Ақмола,
Торғай және Семей облыстарының 12 уезін қамтып, қазақтардың мал шаруашылығына қажетті пайдаланатын
"нормасын" "187 десятина жер 24 мал басына жеткілікті" – деп анықтады. Зерттелген 8 уездің жергілікті
қазақтарға тиесілі жер мөлшері – 51 %, қалған 49 % жері "қоныс аударушылар қорында" қалды. Экспедиция
жұмысы нәтижесімен қанағаттанбаған патшалық әкімшілік қазақтар пайдалануындағы жер "нормасын" азайтып,
"артық" деген жерді қосымша анықтау арқылы жоғарыда аталған уездер бойынша "қоныстанушылар қорын"
63% дейін көбейтті. Қоныс аударушылар
қатары жылма-жыл артып, олар тұрақтанған жерлерде мыңдаған
қоныстар пайда болды. Қазақстанның солтүстік, батыс және шығысында жаңа келіп қоныстанған орыс және
украин шаруаларымен қоса, орыс-казак станицалары салынды. Мәселен, Ақмола,
Торғай және Орал
облыстарында тұрғын қазақтармен салыстырғанда, келімсек орыс-казактар және орыс, украин шаруалар есебінен
жалпы халық саны өсті. 1897 жылғы жалпы ресейлік халық санағы бойынша, тек бір Ақмола облысында орыс
тұрғындарының көрсеткіші 33 % жеткен.
Қазақстанның оңтүстігінде 14 мыңдай орыс, украин және әскери адам қоныстанды. ХІХ ғасырдың 80-
жылдарында мұнда 5 уезд және 80-нен астам елді мекендер пайда болды. Патшалық үкіметтің жедел қарқында
жүргізген қоныс аудару саясаты нәтижесінде келімсек орыс, украин шаруаларына ең шұрайлы жайылымдық,
егістік, су көздеріне бай, орманды жерлер берілді. Тұрғылықты қазақтар болса, сусыз, малға тиімсіз аймақтарға
зорлықпен, түрлі амал-айламен қоныстарынан көтеріле көшуге мәжбүр болды. Қоныс аудару салдарынан
жергілікті тұрғын саны азайып, демографиялық ахуал күрделене түсті. Қазақтар сан жағынан 1897 ж.
санақ
бойынша 87 %-ке дейін азайды. Келімсек орыс және украиндардың саны 532,7 мыңға, татарлар – 55,4 мыңға,
өзбектер – 73,5 мыңға, ұйғырлар – 56 мыңға артқан. Бұл сандық көрсеткіштер жаңа ХХ ғасырда ұлғая түсті.
Патша үкіметі 1901 жылы Жарлық шығарды, онда жеке адамдарға қазыналық жерлерден үлестік жер
бөліп беруге рұқсат етілді. Қазақтар жері қазыналық деп есептелді және 1867-68 жылдар реформасына сәйкес
мемлекеттік меншік болып жарияланған болатын. 1904 жылы қоныс аудару басқармасы құрылып, оған орталық
Ресейден шаруаларды қоныс аударту ісін қадағалау толығымен жүктелген еді.
1904 жылы 6 маусымда шыққан енді бір заңда "село тұрғындары мен мещан-егіншілердің өз еркімен қоныс
аударуы туралы" делінген. Бұл аталған заңдық күші бар құжаттардың барлығы қазақ халқын өз ата-қонысы
болған туған жерден ығыстырылуға, тұрмыс ауыртпалығын бастан кешуге, мәжбүрлікке душар етті.
XІX ғасырдың соңында Қазақстанға орыс шаруаларымен қатар ұйғырлар мен дүнгендер де қоныс
аударды. Өйткені 1871-1881 жылға дейін Іле аймағы патшалық Ресейдің қол астында болды. 1881 жылы 12
ақпанда Қытай мен Ресей арасында "Петербург шартына" қол қойылды. Шарттағы 17 статьяның алғашқылары
келісімнің мәнін жан-жақты ашып көрсетті. Мысалы, шарттың 3-бабында: "Іле аймағының тұрғындарына Қытай
қол астындағы мекендерінде қалу немесе Ресей жерлеріне көшіп, Ресей азаматтығын қабылдау ұсынылады"-деп
қарастырылған. Ұйғырлар мен дүнгендерді Жетісуға қоныстандыру арқылы патша үкіметінің көздеген мақсаты –
оны жергілікті халықтың ұлт-азаттық көтерілісіне қарсы қолшоқпар ретінде пайдалануды көздеді. Бұл мәселе
бойынша арнайы комиссия құрылып, қоныс аударғандарды Шелек және Іле өзенінің аралығында орналастыру
туралы шешім қабылданды. Ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісуға қоныс аударуы 1881-1883 жылдар
аралығында жүзеге асырылып, 1884 жылдың басында 9572 ұйғыр отбасы қоныс аударды, оның 24628 ер адам
болса, ал 20745 әйелдер болды, барлығы 45373 адам еді. Сонымен қатар, Қазақстанға барлығы 5055 дүнген қоныс
аударды.
Қоныстанушылардан жаңадан 5 болыс: Жаркент, Ақсу-Чарын (қазіргі Ұйғыр ауданы), Малыбай (Шелек
ауданында), Қорам (Шелек ауданы), Қарасу (Еңбекшіқазақ ауданында), Кетпен болыстары құрылды (қазіргі
Жаркент ауданында). Жаңа құрылған болыстың басшысы болып сол бұрынғы Іле аймағында болған басшылар
сайланды.
Дүнгендер мен ұйғырлар өздерімен бірге Жетісуға жасанды жолмен
суландырылатын егіншіліктің
әлдеқашан қалыптасқан дәстүрлерін әкелді. Ұйғырларда күріш өсіру дүнгендердегі сияқты негізгі дақылға
айналған жоқ. Олар негізінен бау өсіріп, бақша салумен айналысты (халықтың шамамен алғанда үштен екісі).
Дүнген шаруашылықтарының үштен екісінен астамында бау да болды.