20-1-бап. Жұмыс берушілердің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) және
олардың өкілеттіктері
1. Жұмыс берушілердің ерікті негізде жұмыс берушілердің бірлестіктерін
(қауымдастықтарын, одақтарын) құруға және оларға кіруге құқығы бар.
2. Жұмыс берушілердің мүдделерін осы Кодекске, Қазақстан Республикасының
Кәсіпкерлік кодексіне
және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жұмыс
берушілердің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) өздеріне берілген өкілеттіктер
шегінде білдіреді.
3. Жұмыс берушілердің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) өз мүшелерінің
құқықтары мен мүдделерін әлеуметтік әріптестік тетіктері арқылы:
1) еңбек саласындағы жұмыскерлер мен жұмыс берушілер құқықтарының
кепілдіктерін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын
жетілдіру;
2) әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі
үшжақты республикалық, салалық, өңірлік комиссиялардағы жұмыс;
3) келісімдерді әзірлеуге қатысу және оларды жасасу;
4) жеке еңбек дауларын қарау кезінде келісу комиссиясының, ұжымдық еңбек
дауларын қарау кезінде татуластыру комиссиясының және еңбек төрелігінің құрамында
қатысу;
5) еңбек қатынастарын және олармен тікелей байланысты өзге де қатынастарды реттеу
мәселелері бойынша жұмыскерлердің өкілдерімен консультациялар мен келіссөздер
арқылы білдіреді.
21-бап. Еңбек қатынастарының туындау негіздері
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда,
еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында осы Кодекске сәйкес
жасалатын еңбек шартының негізінде туындайды.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында, құрылтай құжаттарында, жұмыс
берушінің актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен еңбек шартын жасасу
алдында:
1) лауазымға сайлану (сайлау);
2) тиісті лауазымға орналасуға арналған конкурс бойынша сайлану;
3) лауазымға тағайындау немесе лауазымға бекіту;
4) Қазақстан Республикасының заңдарымен уәкілеттік берілген органдардың
белгіленген квота есебімен жұмысқа жіберуі;
5) еңбек шартын жасасу туралы сот шешімін шығару рәсімдері болуы мүмкін.
3. Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен еңбек қатынастары осы
Кодекске, Қазақстан Республикасының заңдарына, құрылтай құжаттарына және еңбек
шартына сәйкес жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |