2 БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫН ОҚЫТУ
АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРҒА ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ ЖОЛДАРЫ
2.1 Бастауыш сыныптарда лирикалық шығармаларды оқытуға
қойылатын талаптар
Кез келген көркем мәтін бірнеше рухани шындықтың қиылысы ретінде
қарастырылады: мәтінді тудырушы автордың көзқарасы мен сол мәтінді
қабылдаушы оқырманның, бақылаушының, тыңдаушының ішкі жан дүниесі.
Бастауыш сатыда қабылдаушы кішкентай оқырманды тәрбиелеу, мәтін арқылы
оның сезіміне әсер ету, рухани дамыту басты назарда болады. Оқырманды
тәрбиелеу ісі сауатты оқушы жағдайында ғана мүмкін болмақ.
Балаларға арналған әдебиет туындыларының ерекшеліктері қандай болуы
керектігі жөнінде нақты қалыпқа салынған форма жоқ. Қазақ балалар әдебиетін
ғылыми тұрғыда алғаш зерттеген Ш.Ахметов балалар шығармаларының
ересектер туындыларынан өзгешеліктері ретінде мынандай алты түрін
көрсетеді:
1) көркем образдың нақтылығы;
2) лиризм болуы шарт. «Баланың ішкі дүниесіне, ой-санасына бірден әсер
ететін күшті де мағыналы сөздер айтылуы қажетті;
3) міндетті шарттардың бірі – адам характерін суреттеуде динамиканың
қажеттілігі. Бұл да балдырған табиғатынан шығатын қажеттілік. Балалар үшін
өсу, дамудағы басты керекті процесс – қимыл, динамика – баланың өз әрекетін
суреттеп, бейнелеуші ретінде көркем шығарманың құрамды бөлшектерінің бірі
болады.
4) көркем пейзаждардың көп болуы. Пейзаждық суреттеу кез келген
әдеби шығармада шебер қолданыла білгенде ғана әсерлі. Табиғат суреттері
арқылы балалар әдебиетінде кейіпкердің психологиясын көрсетіп, егіздей
бейнелеу бар да, балдырған тәрбиесіне қажетті эстетикалық қуат дарытумен
бірге танымын қалыптастыру бар.
5) мазұн мен идеяның бала өміріндегі белсенді ролі. Мазмұнның өзі
тақырып пен идеядан құрылса, тың тақырып таба білу, қызықты оқиғаны есте
қалатындай суреттей білу – қаламгер шеберлігі.
6) тілінің ойнақы, қысқа, түсінікті, айқын, әсерлі болуы балалардың
сөздік қорын байытуға жәрдемдесетін бірден – бір құрал болып табылады
[27,10].
Десек те, зерттеуші ұсынған шарттарының барлығын қабылдаудың жөні
жоқ. Бірінші ерекшелік деп берілген дәлдік, нақтылық дегеніміз оқырман ақыл
-ойына көркем шындықты сендіріп айтудың жолы, бұл жалпы әдебиетке тән.
Екінші, мағыналы сөздер айтылуы керек деген пікір алғашқы пікірге қайшы
29
келеді. Пейзаждық сурет пен мазмұнның идеямен бірлігі барлық кезеңдегі
қандай әдебиеттің болсын, оқырманына, кейіпкеріне қарамастан, әрқашан
өзгермейтін, көркем тәсілдер қатарында бола беретіндіктен тек балалар
шығармаларына қатысты деген түйінмен шектеу дұрыс болмас. Ал, балалар
шығармаларындағы оқиғаның өзгермелілігі, динамика, сондай-ақ көркем сөз
қолдану, тілдік ерекшелік – міндетті шарттар.
Міне осы шарттар тұрғысынан алып қарағанда әсіресе лирикалық
өлеңдерді бала түсінігіне лайық келетіндігін оның сезіммен астарластығымен,
психологиямен байланыстылығымен түсіндіруге болады. Қалыптасқан ұғым
бойынша, лирика дегеніміз – ақынның ойы мен сезімінің ұштасып, ұласып
келіп, тұтас келіп, тұтас көрінуі. Лириканың пәні де, бейнелер ойлары да,
бейнелеп көрсетері де – ақынның өз көңіл – күйі. «Лирикалық өлеңде, - дейді
белгілі сыншы Н.А.Добролюбов лирикаға байланысты тұжырымдамасында, -
ақын өзінің табиғаттағы немесе өмірдегі белгілі бір құбылыстан алған тікелей
сезім – түйсігін айтып береді. Бірақ, мұндағы басты нәрсе – сол түйсіктің өзі де,
оны ақынның енжар қабылдауы да емес, ақынның сол сыртқы әсерге іштей
ұйып, құлай ықылас қоюында. Әдеміліктің, көктем таңының саф мөлдір ауасын
жұтудың, кешкілікте қол ұстасып сауық – сайран құрудың рахатын, тағы –
тағыларды сезу әркімнің – ақ қолынан келер; ал осы әсерлердің бәрін жан –
жүрегіне сол қалпы құйып алып, басқаларға да дәл өзіндей әсер етерлік етіп
айтып беру көп адамның қолынан келе қоймайды» [28,5].
Бұл үшін, әрине, ең алдымен талант керек, содан кейін талғам керек.
Әсершілдік, әсіре қызылшылдық және шын жүректен тереңнен толқып,
тебірену де бар. Құбылыстың сыртқы қабын, бояуын ғана көру жеткіліксіз.
Оның ішкі мәнін де танып, ұға білу қажет. Нағыз ақын құбылысты, фактіні
өзінің ой елегінен, сезім сүзгісінен өткізеді. Лирик ақын өз өлеңінде әртүрлі
оқиғалардың негізінде туған күйзелістің мәнін түсіндіріп беруге тырысады.
Міне, осылай әрбір ақынның даралығы, жеке стилі қалыптасады.
Бастауыш сыныптарда бала жаны ерекше қабылдайтын мәтіндердің бірі –
тербеліс – сезімге толы табиғат лирикасы.
Лирика ақынның тек жеке өзінің көңіл күйін, күйініш-сүйінішін ғана
емес, жалпы адамзатқа ортақ сезімді білдіреді. Мысалы, ақын
Ф.Оңғарсынованың төмендегі өлеңіне назар аударайық [29]:
«Отан деген не?» - дейсің, ұлым, маған.
Ол – ғұмырлы анаң
Жөргегіңнен жаныңа сіңіп қалған
әнің мен жырың, балам!
Отан – мынау, өз үйің, қара, жаным,
ойнаған дала, бағың.
Атаң шыққан бұл үйден, әкең шыққан,
өскен мұнда баяғы бабаларың.
30
Бұл өлеңді ақынның жеке ойымен, сезімімен сәйкес келіп отыр деп
қабылдау міндетті емес, ақын ана мен бала арасындағы диалогты
психологиялық құрал ретінде қолдана отырып, кейіпкерлер атынан «Отан»
деген ұғымның мағынасын анықтайды.
Лириканың өзіндік қасиеттерін түсіндіргеннен кейін баланың оған деген
көзқарасында, қарым-қатынасында белгілі бір сезім байқалады. Лирикалық
шығармаларда ақын өз ойын, өз сезімін, өз күйін тікелей кейіптеу сөздері
арқылы жазады. Мұғалім баланың жүрегіне нәзік сезім мен ұшқыр ойды тұтата
білгенде ғана баланың қызығушылығы артады. Лирикалық шығармаларды
құлақпен емес жүрекпен, сезіммен, ақынжандылықпен қабылдау керек.
Ал шығармаларды бала қалай меңгереді, нені сезеді, неге тебіренеді,
қандай көңіл күйде болады деген сияқты жағдайларды мұғалімнің өзі алдын ала
ойластырғаны жөн. Шығарманың тақырыбына байланысты сазды-назды
музыка қойып, оқушыларды үзілістің өзінде-ақ сабаққа әзірлеп, көңіл күйін,
сезімін тебірендірудің маңызы өте зор.
Лириканы оқытудың басты мақсаты оқушыларды поэзияны сүюге, оның
кестелі тілін сезіне білуге, эстетикалық ләззат ала білуге, әдемі, көркем сөйлей
білуге баулу болып табылады. Оқушылардың өздеріне ұнаған шумақтарды,
әдемі де сұлу бейнелі сөздерді, ұтымды шебер шыққан сөз тіркестерін жаттап
алуының немесе дәптерге жазып алуының маңызы зор. Мұндай жұмыстар
оқушылардың өлеңнің табиғатын түсінуіне және жағымды сезімдердің дамуына
үлкен әсер етеді.
Лирикалық поэзияны зерттеуде М.Дүйсеновтің, Әбдрахмановтың,
М.Әлімбаевтың оқушыларға берілетін білім мен тәрбие жұмыстарының
формалары мен мазмұны сыныпта өткізілетін әдебиеттік оқу материалына
тәуелді болады. Бұл шығармалар өздерінің қамтитын тақырыбы мен идеясы,
көркемдік ерекшеліктері жөнінен әр түрлі болып келеді. Сондықтан бастауыш
мектептегі әдебиет сабағы педагогикалық процесте оқушыларға әдеби білімінің
негізін меңгерту және адамгершілік – эстетикалық тәрбие беру ісі осы
мәселелерді оқыту процестері тұрғысынан шешкенде ғана жүзеге асырылып
отырады [30].
Әрине, оқушыларға әдеби білім оның негізінде тәрбие беру ісі сынып
жағдайында ана тілі материалын оқып-үйренумен шектелмейді. Ана тілі
әдістемесінің бұл жөнінде көмекке келетін тағы бір нысаны бар, ол оқу
сабағына байланысты жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстары. Сөйтіп көркем
шығармаларды оқыту әдістемесі дегеніміз нақты оқу педагогикалық үрдісте
оқушыларға әдеби білім мен эстетикалық тәрбие берудің ғылыми практикалық
жолдарын үйрететін оқу пәні.
Бұл міндетті мүлтіксіз орындап шығуда бір жағынан әдебиеттану ғылымы
мен педагогика ғылымының табыстарына сүйене, екінші жағынан, бастауыш
мектепте көркем шығарманы оқыту әдістемесінің теориялық қағида ережелерін
және озат тәжірибеден қорытылып жинақталған әдіс-амалдарға сүйенеді.
31
Бір сөзбен айтқанда, оқыту әдістемесіне негіз тірек болатын материал –
көркем шығармалар. Тек осымен байланысты Ә. Жәмішевтің, З. Ахметовтың
зерттеу еңбектерін ерекше айтуға болады [31], [32].
Әдебиеттік оқу әдістемесінде де лирикалық шығармаларды бастауыш
және орта мектепте қалай оқыту керек деген мәселелерге байланысты
жарияланған әдістемелік еңбектер де жоқ емес.
Бастауыш сыныптарда жаңа білім стандартында көрсетілгендей,
“ӘДЕБИЕТТІК ОҚУ” деп аталатын арнаулы білім саласы бар [33]. Міне, бұл
саламен байланысты жұмыс түрлеріне арналған көркем шығармалардың
нұсқаулары көп. Соның бірі – лирикалық өлеңдер.
Бастауыш мектепті бітірген оқушылар түсіндірмелі оқу негізінен
лирикалық шығармамен толық танысып шығу, мазмұнын игеру жағынан
талаптары сай болу керек.
Ана тілін оқыту әдістемесінде отызыншы жылдарға дейін арнаулы
бағдарлама болған жоқ. Бастауыш мектепте көркем шығармалар жеке пән
ретінде оқылмай, қазақ тілінің жетегінде болып, көмекші рөл атқарып келеді.
А.Байтұрсыновтың оқулықтарында қазан төңкерісіне дейінгі табиғат,
адам туралы шағын өлең үлгілері берілді. Ауыз әдебиетіндегі көңіл-күйге
байланысты өлеңдер де қамтылды.
Бүгінгі жаңа буын оқулықтарында көркем шығармалардың ауыз әдебиеті
мен жазба әдебиеті үлгілері қамтылған. Ауыз әдебиетінің мынандай үлгілері:
балаларға арналған ойын өлеңдері, төрт түлік жырлары, ертегілер мен аңыз
әңгімелер, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар, шешендік сөздер мен билердің
сөздері, нақыл сөздер мен мысалдар, батырлар жырларының үлгілері, өтірік
өлеңдер мен айтыс өлеңдері кең орын алады.
Олар негізінен үш үлкен тақырып төңірегінде топталады.
-Туған елім Қазақстан;
-Табиғат –тіршілік бесігі;
-Адам болу-ізгі ниет;
Осы тақырыптарды қамтыған көркем шығармаларды оқу барысында
балалар айнала қоршаған табиғатпен, адам еңбегімен, қоғамдық өмірдің
құбылыстармен таныстырылады, заттар мен құбылыстар жайында жан-жақты
түсінік алады, оларға тән ерекше қасиеттерге дұрыс сипаттама беруді үйренеді.
Сондай-ақ адам мен табиғат және адамдар арасындағы қарым-қатынастардан,
адамның Отан алдындағы парызынан т.б мағлұматтар беріледі.
Оқуға алынған шығармалар баланың көңіл-күйімен, сезіміне, ой-қиялына
әсер етіп оны шабыттандыруға, жан –дүниесінен байытуға бағыттайды. Әрбір
сыныпқа берілген материалдар оқушылардың жас ерекшеліктерін, ой-өрісінің
деңгейін ескере отырып іріктелген.
Оқушылардың оқыған материалдарының мазмұнын дұрыс қабылдап,
ондағы негізгі ойды жақсы ұғыну үшін, оқу сабақтарында алуан түрлі
жұмыстар ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстар оқылатын материалдың
сипатына, оқушылардың жасына, дайындықтарына, білім мен дағдылану
дәрежесіне байланысты іріктеледі.
32
Бастауыш сынып оқулығында берілген өлеңдердің басым көпшілігі-
лирикалық өлеңдер. Лирикалық өлең автордың сан алуан көңіл-күйін, Отанға,
елге, табиғатқа деген асқан сезімін, қуанышын, сағынышын, сүйіспеншілігін
білдіреді. Өлеңді талдау кезінде оқушыға оның тек мазмұн-мағынасын
жеткізумен шектелсек, көркем дүниенің көркемдігін, әсерлігін жеткізе алмаған
болар едік. Сондықтан мұғалім өлең мен көркем қара сөздің ерекшелігін,
құрылысын әдістемелік шеберлікпен, көрнекі жолмен салыстыру арқылы
түсіндіреді. Лирикалық өлеңдердің ішінде бастауыш сынып оқулықтарында
табиғат лирикасы тақырыбындағы өлеңдерге ерекше орын берілген.
Лирикалық өлеңдерді оқыту сабағы – оқушыны өнерді эмоциялық-
эстетикалық тұрғыдан түйсіне білуге үйретеді. Лирика, оның ішінде табиғат
лирикасы – оқушының өмір, болмысқа эстетикалық қарым-қатынасын
қалыптастырудың, табиғатқа сүйіспеншілігін арттырып, оны аялауға
тәрбиелейтін таптырмас құралы. Лирикадағы сөз адамның сезім дүниесін
оятады, өмірге құлшындырып, сенімін тұрақтандырады. Сондықтан шынайы
көркем лирика – адамгершілік биік мұраттарға тәрбиелеуші, адамзаттың
эстетикалық арманының өлшеуші. Оқушылардың білуге құмарлығын
арттырып, ойлау жүйесін дамытады. Осылайша ол психологиямен,
дидактикамен астасып, оқыту- тәрбиелеу мәселелерінің міндеттерін орындауға
белсенді ат салысады. Лирика оқушының көз алдына елестету қабілетін,
қиялын дамытады. Осындай қасиеттері бойында бар бала сезіну, ойланып
толғану арқылы лирикадағы образдар табиғатын танып біле алатындай
дәрежеге көтерілді.
Лириканың бір ерекшелігі – оның бейнелілігі, эмоциялығы. Сондықтан,
ең алдымен, адам психологиясына әсер етеді, содан барып дүние танымына
ықпал жасайды, оқушының санасы мен психологиясының терең қиылыстары
мен құпияларына еніп, рухани дүниесін қалыптастырады, оны ізгі әрекетке
даярлайды. Мұғалімнің міндеті – оқушының образды ойлау дағды-қабілетін
қалыптастыру. Өлең сөздің өзге әдебиет жанрларынан ерекшелігі оның
әуезділігі мен үнділігінде, ырғағында ұйқасып келетінінде. Өлең шумақтарында
қазақ өлеңдерінде екі тармақтан бастап он, он бес тармаққа дейін жетеді.
Өлеңнің бір шумағында айтылған ой көңіл күйі, ішкі сезім т.б. Екінші шумақта
басқа қырына ауысады, түрленеді. Сондықтан бастауыш сынып оқулығына
енген өлеңдердің құрылысын талдап, үлгісін көрсетейік. Өлеңді балалар
алдында мәнерлеп оқу барысында, өлең оқудың үлгісін көрсететін адам кез-
келген өлең шумағын өзі талдау дәрежесінде болмаса өлеңнің жанрлық
қасиетін ашып бере алмайды. Мысалы бірінші сыныпта М.Әлімбековтың
өлеңін оқытқанда:
Күз келеді
Сарғайды тоғай
Сап-сары маңай.
Соңғы ән айтып,
Құс кетті қайтып.
Жапырақ ұшты,
33
Суық та түсті.
Сонда да бізге
Қызық көп күзде.
Бұл екі шумақты өлең. Бірінші шумақта күздің көктемге бергісіз тып-
тыныш көрінісі, қатар түзеп бара жатқан құстар тізбегі елестейді. Көктемнен
айырмашылығы айнала сап-сары, құстар келіп жатқан жоқ, қайтып бара жатыр.
Екінші шумақта өзгеріс көбейді: жапырақтарды жел жұлқылап жұла
бастады, суық та қабаттасып табиғаттың тыныштығын бұзды. Ал адамдар
табиғат өзгерісіне бейімделе бастады, күзде де талай тамаша, қызықтар бар.
Міне, екі шумақтағы ұласа берілген ойлардан осындай түсінік алдық. Бұл
шумақтардағы ойдың бір-бірінен айырмашылығы болатынын, бірақ сол күз
туралы тақырып төңірегіндегі нәрселер туралы болып жататынын түсінеміз.
Мұғалім өлеңді құрылысына қарай дұрыс таңдап алып, енді оның естілу
сазын, әуенін құлаққа жағымды, мәнерлілігімен, дауыс ырғағымен оқушыға
жеткізеді.
Бұл айтылғаннан шығатын қорытынды – мұғалім шығарманы әуелі өзі
оқып көрсеткені дұрыс: кейде оқу техникасын меңгергеннен, мәнерлеп жақсы
оқитын балаларға да оқытуға болады. Бірақ әсіресе ұйқасы қиын немесе
жолдары ұзақ, бала демі жетіңкіремейтін өлеңдер, көркем фразалар мен сөз
өрнектері арқылы бейнелене суреттелген кескін-көріністер кездесетін
шығармаларды мұғалімнің өзі оқыған жөн. Өлең оқу жөнінде екінші сыныптың
«Ана тілін» оқытуға арналған нұсқауда да айтылған. Дегенмен үшінші сынып
оқулығына енгізілген өлеңдер, екінші сыныпқа қарағанда, мазмұны, суреттеу
тәсілі, тілі күрделілек болып келеді. Сондықтан үшінші сыныпта кейбір
өлеңдер табиғатпен онда болатын өзгерістерді суреттеуге мысалы: «Қыс»,
«Жазғытұры», «Көктем» арналған.
Табиғатты суреттеуге құрылған өлеңді оқу барысында ондағы бейнелі
тіркестер мен көркем сөздерге оқушылар назары аударылып, тіркестердің
ұғымы қиындау дегендері түсіндіріліп отыруға тиіс.
Әсіресе, табиғат құбылыстары суреттелген өлеңдерді сөз тіркестерін
балаларға толық меңгерту мақсатымен көпшілігі жаттауға ұсынылады. Алайда
өлеңді құр жаттауға болмайды. Жаттауға берілетін өлең толық талданып,
табиғат құбылыстарының суреттелуі түсіндіріліп, өлең мазмұнын, ондағы
бейнелі сөздер мен сөз тіркестерінің мәнін балалар саналы түрде түсінгеннен
кейін ғана жаттауға тапсырылады.
Мысалы, С.Мәуленовтың «Қыс келбеті» өлеңіндегі:
Қайтқан бұлтты қайта айдап,
Алдыңа сап отардай
Қыс келеді айғайлап,
Қой қайтарған шопандай.
Бір шал отыр шалжиып,
Ертек соғып ерінбей...
секілді шумақтардың мәнін түсінбей жаттап алудан пайда болмас еді.
34
Абай, Сәкен өлеңдеріндегі тіркестер де осы сияқты. Мысалы, ұлы Абай
әр жыл маусымына арнап жазған өлеңдерінде табиғаттың құбылыстарын, әсем
көрінісін, адамдар арасындағы қатынастармен, күнделікті өмір тіршілігі мен
байланыстыра отырып шебер суреттеген.
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда...
-деп, жаздың келгенін хабарласа,
«Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
«Күз болып дымқыл тұман жерді басқан,»-деп қыс көрінісін, ал
«Ақ киімді денелі, ақ сақалды
Соқыр мылқау танымас тірі жанды
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық
Басқан жері сықырлап келіп қалды,»-деп, қыстың келіп қалғанын
хабарлайды. Абайдың бұл өлеңдерінен басқа табиғат жыршыларына
ұқсамайтын, өзгеше стильдік өзіндік үнді – тек Абайға тән сарынды байқауға
болады. Балалар Абайдың «Қыс», «Күз», «Жаз» өлеңдерін оқи отырып,
жылдың әр мерзімдеріндегі табиғат көріністерін көз алдына келтіреді, туған ел
табиғатының әсемдігін жарқын образдар арқылы қабылдап, осы әсемдікті
көркем де келісті сөзбен суреттеген ана тілінің құдіретті күшін сезінеді.
Әдіскер-ғалым С.Рахметова өлең оқу тәртібін былай жіктеп көрсетеді:
1.Өлең оқымас бұрын оның мазмұнына қарай оқушылармен алдын-ала
әңгіме өткізіледі. Бұл әңгімеде өлең ішінде кездесетін оқушылардың ұғымына
ауыр деген, бірен-саран бейнелі сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналары
түсіндіріледі.
2.Өлеңді ырғағына келтіріп, мәнерлеп мұғалімнің өзі оқып шығады.
3.Оқушылар өлеңді алдымен іштерінен, содан кейін оны дауыстап оқиды.
4. Өлең мазмұны талданады. Кейбір көлемді өлең бөлімге бөлініп, ал
қысқа өлеңдер тұтас талданады.
5. Өлеңнің мазмұны бойынша жалпы сұрақ қойылады.
6. Өлеңді екінші рет, қорытындылау мақсатында оқуға дайындық
жұмысы жүргізіледі [34].
Әсіресе, бала психикасына қатты әсер етіп, оның айналадағы өмірді,
табиғатты әсем түрде қабылдауына көбірек жол ашатын табиғат лирикасына
жазылған өлеңдер екені жоғарыда да айтылды. Ал көркем шығарманың мұндай
әсер етуі оқушының оны эмоциялы қабылдауы, оның жеке басының
қалыптасуына ықпал етіп, оқушының өмір, дүние құбылыс туралы түсінігін
нақтылай түседі, мұның өзі оқушының солар туралы түсінігін нақтылай түседі,
мұның өзі оқушының солар туралы тұтас ұғымына, бара-бара ол ұғым
оқушының өз сеніміне айналады. Олардың алғашқы сатысында мұғалім жаңа
материалды түсіндіреді. Өлеңді нақышына келтіріп, мәнерлеп оқу бастауыш
сыныптағы әдебиеттік оқу сабақтарында негізгі мәселердің бірі. Өзі нақышына
келтіріп оқи алмайтын мұғалім оқушылардың эстетикалық сезімін оятып,
олардың ойын лирикалық өлеңді түсінуге аудара алмайды. Сабақ үдерісінде
35
мұғалімнің әр сынып оқушыларының шығарманы эстетикалық жағынан
қабылдауға ерекшелігін ескерген жөн. Сонымен қатар табиғат лирикасы оң
нәтижелі болуының бір құралы ретінде серуенге шығып, оқушыларды табиғат
көркімен таныстыру, жан-жануарлар мен құстардың өмірімен, табиғат
құбылыстарының хабардар етуді де ескерген жөн.
Әдебиеттік оқу сабағында қыс, көктем, жаз, күз көріністерін және өлең
мазмұны бойынша табиғатты суреттеп, қағазға түсіріп, одан өзі салған
суреттерін әңгімелеп, мазмұндап берудің көп маңызы бар. Сонымен қатар
оқулық мәтіндеріне берілген суреттерге бақылау жасау да оқушылардың
талғамын артттырады.
Оқу материалын өту кезінде түгелдей барлық сабақты ойланып, ондағы
қолданылатын әдіс пен тәсілді анықтап алып, жоспарлы жүргізгенде ғана
нәтижелі болады.
Төменде «Әдебиеттік оқу» оқулықтарындағы табиғат лирикасына
жазылған шығармалардың берілуін сызба арқылы ұсынып отырмыз (кесте 1).
Достарыңызбен бөлісу: |