1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
мүгедек - адамның тiршiлiк ету әрекетiнiң шектелуiне
апаратын және осы адамды әлеуметтiк қорғау қажеттiлiгiн туғызатын
аурулардан, жарақаттар немесе кемiстiктер салдарынан ағза
қарекеттерiнің тұрақты бұзылушылығы бар адам;
мүгедектiк - ағза қарекеттерiнiң тұрақты бұзылушылығы
салдарынан адамның тiршілiк етуi әрекетiнiң шектелу дәрежесi;
мүгедектік оңалтудың жеке бағдарламасы - мүгедекті оңалтуды
жүргiзудiң нақты көлемiн, түрлерi мен мерзiмдерiн айқындайтын
құжат;
мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасы - мүгедектердi
медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалту жөнiндегi iс-шаралардың
кепiлдi тiзбесi;
медициналық-әлеуметтiк сараптама - куәландырылатын адамның
клиникалық-функционалдық, әлеуметтiк, кәсiптiк және психологиялық
деректерiн талдау негiзiнде ағза жағдайын кешендi бағалау,
оңалтуды қоса, оның әлеуметтiк қорғау шараларына қажеттiлiгiн
белгiленген тәртiппен анықтау;
дәрi-дәрмекпен емдеу - дәрілiк заттарды қолданып емдеу;
медициналық оңалту - аурулар мен мүгедектердiң бұзылған
немесе жоғалтқан қызметтерiн және денсаулығын қалпына келтiруге
бағытталған әсер ету емдiк шаралар кешенi;
тiршiлiк ету әрекетiнiң шектелуi - адамның өзiне өзi қызмет
көрсету, өздiгiнен жүрiп-тұру, бағдарлану, адамдармен араласу,
өзiнiң мiнез-құлқын қадағалау, оқу және еңбек қызметiмен айналысу
қабiлетiн немесе мүмкiндiгiн толық немесе iшiнара жоғалтуы;
протез-ортопедиялық көмек - мүгедектердi протез-ортопедия
құралдарымен қамтамасыз ету және оларды пайдалануды үйрету
жөнiндегi медициналық-техникалық көмектiң мамандандырылған түрі;
протез-ортопедиялық құралдар - аяқ-қол немесе дененiң басқа
да мүшелерiнiң орнына қойылатын, ауру немесе денсаулығының
зақымдалуы салдарынан бұзылған немесе жойылған ағза қарекеттерiн
қалпына келтiретiн құралдар;
мүгедектердi кәсiптiк оңалту - мүгедектердiң бұзылған немесе
жоғалтқан кәсiптiк дағдыларын, бiлiмi мен машықтарын алуына
немесе қалпына келтiруге және оларды ұсынылатын еңбек қызметiнiң
талаптарына бейiмдеуге бағытталған шаралар кешенi;
кәсiптiк бағдарлау - мүгедекке еңбек қызметiнiң түрлерiн
таңдауға көмек көрсетуге бағытталған шаралар жүйесi;
кәсiптiк оқыту (қайта оқыту) - мүгедектерге ұсынылған еңбек
қызметi саласындағы бiлiмдi, дағдылар мен машықтарды меңгеру
процесi;
мүгедек-бала - адамның тiршiлiк ету әрекетiнiң шектелуiне
апаратын және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiлiгiн туғызатын
аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден
ағза қарекеттерiнiң тұрақты бұзылушылығына шалдыққан, денсаулығы
бұзылған 18 жасқа толмаған адам;
қалпына келтiру хирургиясы - ағзаның бұзылған функцияларын
қалпына келтiруге немесе орнын толтыруға бағытталған емдеудiң
хирургиялық әдiсi;
мүгедектердiң әлеуметтiк-тұрмыстық және орта жағдайларына
бейiмделуi - өзiне-өзi қызмет көрсету, өз бетiмен өмiр сүру
мүмкiндiгiне жету немесе мүгедектердiң отбасы және қоғамдық
өмiрдiң үйреншiкті жағдайына қайта оралу процесi;
мүгедектердi әлеуметтiк оңалту - мүгедектердiң шектеулi
тiршілiк әрекетiн жеңуi үшiн жағдай туғызуға, олардың әлеуметтiк
мәртебесiн қалпына келтiруге, әлеуметтiк-тұрмыстық және қоршаған
ортаға бейiмделуiне бағытталған шаралар кешенi;
арнаулы жүрiп-тұру құралдары - мүгедектердiң белсендi және
баяу жүрiп-тұруы үшiн көрсетiлетiн техникалық көмектiң түрi;
мүгедектердi жұмысқа орналастыруға арналған арнаулы жұмыс
орындары - мүгедектiң жеке мүмкiндiктерiн ескере отырып
жабдықталған жұмыс орындары;
сурдотехникалық құралдар - есту қабiлетiнiң кемiстiктерiн
түзеу және қалпына келтiруге арналған, оның iшiнде байланыс және
ақпарат беру құралдарын күшейтетiн техникалық құралдары;
техникалық көмекшi (қалпына келтiрушi) құралдар -
протез-ортопедиялық және сурдо-тифло-техникалық құралдар;
тифлотехникалық құралдар - бұзылған көру функцияларын
түзеуге және қалпына келтiруге, кеңiстiкте бағдарлануға, жазуға
және оқуға, оның iшінде Брайль бойынша жазу және оқуға арналған
техникалық құралдар;
уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) -
халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын
орталық атқарушы орган.
Достарыңызбен бөлісу: |