Джек Лондон. Мартин Иден Бірінші тарау



Pdf көрінісі
бет20/47
Дата23.08.2024
өлшемі1.82 Mb.
#503209
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   47
Martin Iden Dzhek London

Жиырмасыншы тарау
Мартиннің тағы да жазуға жаны құмарта бастады. Ақыл-зердесінде
тоғытылған əңгіме-өлеңдердің нобайын, болашақта керек болар дегендей,
қысқаша түртіп қойып жүрді. Бірақ, құнттап жазған жоқ. Каникулда жүрген
кезі-уақытын ғашығына, демалысына жұмсамақ жəне бұл жағынан кенде
қалған жоқ. Соңғы уақытта оның өмір-тынысы кеңейген, қайраты қалпына
келген. Кездескен сайын Руфьті бұрынғыдай жігіттің жұлдызы жеңіп,
еркінен тыс еліктіріп əкететін болған.
— Сақ бол, шырақ, Мартин Иденмен тым жиі көрісіп кеткен жоқсың
ба?—деді бір күні қызына шешесі.
Руфь езу тартып күлді де қойды. Өзіне сенеді. Əрі бірнеше күннен кейін
Мартин теңізге кеткелі жатқан. Ол қайтып оралғанша қыз Шығысқа кетіп
қалмақ. Дегенмен, Мартиннің ден саушылығы, албырт жігері еріксіз
тартады да тұрады.
Қыздың Шығысқа жүретінін Мартин естіген. Ішке түйген сырын
тезірек ашуға тиіс екенін түсінеді де. Соны қалай айтса болар екен?
Бұрынғы тəжірибесі көмектесу орнына кесел жасады. Бұған дейінгі ашына
əйелдерінің сұрқы мүлде бөлек еді. Олар өмір мен сүйіспеншілік дегеннің
не екенін жақсы білетін де ойындағысын əзіл сөздің төркінінен түсіне
кететін. Руфьтің ешнəрседен хабары жоқ. Оның анайылығы, аңқаулығы таң
қаларлық. Мартин қалай сөйлесерін білмейді, тіпті теңі емес шығармын
деп күдіктенеді. Жағдайды қиындатып жүрген тағы бір жайт — Мартин əлі
ешкімді шын сүйіп көрмеген жігіт. Ұнатқан, тіпті, құмартқан əйелдері де
болған, бірақ соның бəрін ғашығы деуге болмайды, ондай əйелдер бір
ысқырса қасына жетіп келетін. Ол əншейін кездейсоқ, бір минуттік еркек
еді, қызық қуған еркектің шытырман өмірінің бір қыры, екінші кезектегі
элементі ғана болатын. Бүгін таңда Мартин ұялшақ болып кеткен —
жүрексінеді, қысылады, жасқанады. Қаннен-қаперсіз жүрген ғашығына
қалай жақындауды, қалайша сөз бастауды білмейді.
Тұрлауы жоқ, ұлан-ғайыр дүниенің ойы-қырын аралап жүргенде
Мартиннің көкейіне түйген бір тəжірибесі: білмейтін ойынға араласа


қалғанда, алдымен əдіс көрсетіп, сыр алдырмау еді. Бұл ереже өмірінде
өзін-өзі мың рет ақтаған. Бақса, баққан адам байқағыш, аңдысқан адам
айлалы келеді екен. Мартин аңдысқан адамының əлсіз жерін қатесіз
тапқанға дейін күшін сырттай сайыстырып, шама-шарқын болжап, артын
күтіп, абайлап жүреді. Біреумен жұдырықтасқанда да əуелі жауының
талмау жерін тауып алады. Тапқасын-ақ тəжірибесіне сүйеніп, тапжылтпай
соғар еді.
Руфьке өзінің ғашықтығын айтқысы келіп, айта алмай жүргенде де
Мартин осы аңысын аңдау əдісінің бір түрін қолданған. Айтсам намысына
тием бе деп күдіктенетін. Бірақ, абзалында, мақсатына дұрыс жол тапқанын
өзі де байқамайтын. Ғашықтық адам баласыңың тілі шығып, мəмлелесуді
машық етпеген шағында дүниеге келген жəне сонау көне заманда
қолданған əдісі мен амалын күні бүгінге дейін ұмытпаған. Мартин де
Руфьтің көңілін өзіне аудару үшін осы байырғы əдісті қолданып жүргенін
байқаған жоқ. Əуел баста абайсыз жасаған кейбір қылығының шын сыры
кейін ашылды. Қыздың қолына қолы тиіп кетсе, оның əсері сөзден де
өтімді болады екен, жігіттің албырттығы қызды елжіретіп əкетсе, оның
əсері өлеңнің ырғағы мен ұйқасынан, жүздеген ұрпақтың жалынды
ғашықтық жырларынан күшті болады екен. Айтылған сөз ең алдымен
Руфьтің ақылын қозғайды, ал əлдеқалай қолы не өзге жері тиіп кетсе, бұл
қыздың тікелей əйелдік инстинктін оятады. Қыздың ақылы өзі сияқты əлі
толыспаған, жас. Ал инстинкті адам баласымен жасты, айта берсеңіз онан
да кəрі. Ол сонау арғы заманда дүниеге ғашықтықпен бірге келген.
Сондықтан бұл ежелгі дана қарияның құдіреті кейінгі ғасырларда пайда
болған қылтың-сылтыңды шопақ құрлы көрмейді. Руфьтің ақылы əлі
ұйқыда. Мартин оны мазалаған жоқ; қайта Руфьтің сүйіспепшілік аңсаған
түп нəсіліне тілсіз үн қатты. Руфь бұл үннің күші өктем екенін сезе қойған
жоқ, бірақ жігіттің ғашық екенін анық білді, ғашықтықтың сырт
көрінісінен — көзінің жанарынан, қолының қалтырауынан, бір қызарып,
бір бозаруынан қандай да бір лəззат алады. Кейде Руфь Мартинді
қызықтыра түседі. Бірақ оның өте сақтықпен жасаған аңқау айласын өзі де,
Мартин де байқаған емес. Тегі, əйелдің пысы еркекке қарағанда басым
екенін сезген Руфь Мартинді өзіне қызықтырып, əуре етсе, оның
нəсіліндегі Хауа-ана қуанатын болса керек.
Ал Мартин сөзін неден бастарын білмей, ғашықтық шері ішіне сыймай,
сыртына шығарайын десе тілі күрмеліп, айта алмай жүр. Қызға
жақындаудың ол тек жабайы, жасқаншақ əрекетін үнсіз-тілсіз жасай берді.


Мысалы, қызға анда-санда əлдеқалай қолы тиіп кетеді. Қыз бұған
сүйсінеді, тіпті, лəззат алады. Солай екенін анық білмесе де, бұл қылығын
қыздың жек көрмейтінін Мартин сезіп жүрді. Рас, олар көріскенде не
қоштасқанда ғана қол алысатын. Бірақ, велосипедтерін аларда, біріне бірі
кітап бергенде немесе кітап бетін бірге ашқанда да қолдары тиіп қалып
жүруші еді. Кейде қыздың шашы жігіттің бетіне тиіп кетеді, қытықтайды
немесе қыз оқып отырған кітаптың өзіне ұнаған жеріне үңілгенде жігітке
иығы тиеді. Руфь осындайда ояна кететін тым сергек сезімінен өзі ұялады,
ішінен күледі. Кейуақта жігіттің шашын уыстап алып, ұйпалағысы келеді.
Ал жігіт кітап оқудан жалыққан шақта қыздың тізесіне басын қойып, көзін
жұмып, болашағы жайлы – екеуінің болашағы туралы қиялға шомып,
рахаттаныпжатсам деп ойлайды. Бұл бұрын басынан талай кешкен жайт:
жексенбі күндері қала шетіне серуенге шыққанда Мартин таныс қызының
тізесіне басын қойып, мызғып алатын. Сонда қыз да өз сүйіспеншілігіне
осыншама салқын қараған сұлу жігіттің көркіне қарап, бетін көлеңкелеп,
бас жағында иіліп отырушы еді. Қыздың тізесін жастанып, жантая кету
Мартинге, тегі, оңай көрінетін. Ал Руфьке ондай мінез көрсету ақылға
сыймайтын іс сияқты. Мартиннің ұстамдылығы, өзі аңғармағанымен,
мақсатына жеткізетін əдет еді. Осының арқасында ол Руфьтің көңіліне
ешбір қобалжу салмады да, тəжірибесіз, ұялшақ қыз жігітпен жиі
жолығуының ақыры насырға шауып бара жатқанын кезінде түсінбеді. Қыз
санасынан тыс жігітке жақындай берді, жігіт іші-бауырына абайсыз кіре
бастаған қызға батылдық етуге бата алмады.
Бірақ бір күні тəуекел етті. Қыдырып Руфьтікіне келе қалса, ол
терезенің шторын түсіріп, бөлмесінде оңаша отыр екен; қыз басым қатты
ауырып барады, деді. Мартин өбектеп, себебін сұрастыра бастаған еді, қыз:
— Ешбір ем қонбай қойды. Доктор Холл порошок ішуге болмайды деп
отыр,— деді.
— Мен сізді дəрісіз-ақ жазып берейін,— деді Мартин.— Тіпті жаза
алмасам да, егер қаласаңыз, байқап көруіме болар еді. Менің емім кəдімгі
қолмен сылау. Жапондардан үйренгенмін. Олар сылауға өте биязы, шебер
келеді. Кейін байқасам, кейбір өзгерісі демесеңіз, гавайлар да жапондарша
сылайды екен. Олар мұны «ломи-ломи» дейді. Адамға əсері дəріден артық
болмаса, кем емес.
Жігіттің қолы маңдайына тиер-тиместен Руфь:


— Айхай, жан-ай,— деп күрсініп қоя берді.
Жарым сағаттан кейін:
— Шаршаған жоқсыз ба?— деді тағы да.
Қыздың жауабы сұрамаса да мəлім-ді. Манаурап кеткен Руфь ыңғайына
иліге берді. Мартиннің саусағынан күллі тəніне тараған шипалы қуат
аурудың бəрін айдап шыққандай көрінді қызға. Бара-бара басының
ауырғаны мүлдем басылып, маужырап, қалғып кеткен еді, Мартин ептеп
басып, бөлмеден шығып кетті.
Кешке таман қыз телефон соқты.
— Кешкі шайға дейін ұйықтаппын, мені сауықтырып жібердіңіз, мистер
Иден, бек көп рахмет,— деді.
Əрі қуанған, əрі ұялған Мартиннің аузына сөз түспей қалды, көз
алдында Браунинг мен Элизабет Барреттің бейнесі елестеді. Иə,
Браунингтің ғашығына көрсеткен рахымындай Мартин Иден де Руфь
Морзға жақсылық жасай алады. Осы оймен ол бөлмесіне барып, төсегіне
жатты да Спенсердің «Əлеумет-нəмесын» оқыды. Миына ешнəрсе қонған
жоқ. Есіл-дерті ғашығына ауып кетсе керек. Ол сия-сия столына қалай
барып отырғанын да абайламады. Сол кеште бір сонет жазып тастады. Бұл
сонан кейін екі ай бойы отырып жазған «Ғашықтық туралы сонеттердің»
елу тармағының біріншісі еді. Осы ұзақ циклдің идеясына Элизабет
Барреттің «Португал сонеттері» арқау болды. Мартин мұны ұлы шығарма
жазуға ең қолайлы жағдай туған сəтте сүйіспеншіліктің шері ішін өртеп
жүрген кезде жазған.
Руфьті көре алмаса, Мартин уақытының бəрін сонет жазуға арнайды
жəне өз үйінде немесе кітапханада отырып, əртүрлі журнал қарайды.
Мақсаты баспадағылардың сырын ақтарып, қандай дүниені ұнататынын
мұқият зерттеу. Ал Руфьпен кездесе қалса, онымен бірге болған
сағаттарында ішінде бір-біріне бүйідей тиген үміт пен үмітсіздік
арпалысып, жеңісе алмай жанын қинайды. Осылай əуре-сарсаң болып
жүргенде, Руфьтің басының сақинасы жазылғаннан бері бір жеті өткен
шамада, Норман: бір күні бəріміз Меррит көліне баралық, айлы түнде
қайықпен серуен жасалық деп ұсыныс айтқан. Оның сөзін Артур мен Олни
құптай кетті. Мартиннен өзге ешкім желкен қайық жүргізе алмайды екен,


сондықтан сен капитан бол деп жалынды олар. Руфь Мартинмен бірге
қайықтың құйрық жағына орналасты, үш жігіт ортадағы скамьяға отырып,
студенттер арасындағы бір талас мəселені əңгімелеумен болды.
Ай əлі тумаған, аспандағы жұлдыздарға қарап отырған Руфьтің ойына
əлденеге жалғыздық түсті. Мартинге қарады. Осы кезде жел екпіні
қайықты сəл ықтырған. Мартин жағалаудың суға төнген тұмсығынан
айналып өту үшін, бір қолымен румпельден, екінші қолымен гроташкоттан
ұстап, қайықты сəл бұрды. Ол қыздың өзіне көз тігіп отырғанын аңғарған
жоқ. Жігітке зерттей қараған қыз əжептəуір ақылы бар, əп-əдемі жігіттің
нашар əңгіме, өлеңсымақ жазып, босқа əуреленіп жүргені несі екен деп
ойлады ішінен.
Руфьтің көзі əуелі оның бітімі сұлу мүсіндей басына, онан кейін
жұлдызды түнде қарауытқан əлуетті мойнына түсті. Мойнынан қысып
құшақтағысы келді. Өзіне кейде сүйкімсіз сияқты көрінетін жігіттің жігері,
бір жағынан, осылай елегізітетін əдеті. Əлде қайық шайқап, шаршатты ма,
есіне тағы да жалғыздық туралы ой келді, талмаурап қалды. Басының
ауырғаны Мартиннің қол ұшы тигенде жазылып кетіп еді. Қазір ол қасында
отыр, тіпті, тым жақын отыр. Қайық шіркін де ырғала жантаяды, қызды
қасақана жігітке итермелегендей болады. Руфьтің, өзінің де Мартинге
сүйенгісі келді, оны өзіне тіреу санады, жақындай бергісі келді. Тек
қиялына шырмалған осы бір тілегі ақыл елегінен өтпей жатып, билеп
əкетті. Қыз да қарсыласқан жоқ, жігітке қарай жантая берді. Əлде
қайықтың тербелуі себеп болды ма? Оны анық білмейді. Бір ғана білетіні
— жігітке иығы тигенде, тəні сүйсінді, көңілі саябырланды. Мейлі, бұған
қайықтың шайқалуы-ақ себеп болсын, бəрібір ажырағысы келіп отырған
жоқ. Қайта қызға жайлы болсын деп, Мартин сəл ығысқанда да еппен
ентелей түсті.
Бұл ақылға сыймастай өрескел қылық. Сонда да ешнəрсені ойына
алғысы келмеді. Қазір Руфь бұрынғы Руфь емес, ол əйел, өзіне сүйеніш
табу əйел баласының ежелгі арманы. Мартиннің иығына иығы болар-
болмас тигені рас, соның өзі мауқын бір басып тастады. Талмаурағаны да
тыйылды. Мартинде үн жоқ. Ол да лəззат мезгілі тез өтіп кетпесе екен деп
отыр. Осылай ұстамды да ибалы болуынан ойлағаны орындалғандай, басы
айналды, ақылынан алжасқандай болды. Не болғанын біле алмады. Не
болса да бір ғажап екен. Өңі ме, түсі ме. Шкот пен румпельді қоя беріп,
қызды құшақтай алғысы келді. Бұлай етсе бүлдіретінін сезеді. Сондықтан,


қолы бос болмағанына шүкіршілік етті. Қайықтың жүрісін əдейі
бəсеңдетті, желкенді босатып жіберді. Себебі, қайықты бұру үшін орын
ауыстырмақ керек, орын ауыстырайын десе, қыз қалып барады. Қайықтың
кендірін тартқан қимылын өзара керілдесіп келе жатқан жастарға сездірген
жоқ. Теңізді, желкен мен желді өзінің ырқыңа көндіртіп үйреткен
матростың азапты кəсібін білгеніне риза. Соның арқасында, айлы түнде
жаңа сүйген жарымен бірауық зауықтасып қалды.
Жаңа туған жарық ай інжудей құлпырған сəулесін жер бетіне төгіп
жіберген кезде екеуі құшағын жазған адамдай қымсынып қалды. Əуелі
Руфь бойын тартты. Сол сəтте Мартин де сəл ығысқандай көрінді қызға.
Болған істі екеуі де ешкімге сездірмеуге тырысты. Құпия екеуінің ғана
арасында қалашақ. Екі беті оттай дуылдаған Руфь не болғанын шеткерірек
отырғасын барып сезді. Не де болса мұны ағалары да, Олни де білмеуге
тиіс. Апыр-ай, қалай ғана батылы барған? Айлы түнде жас жігітпен талай-
талай серуенде болған еді. Бірақ, бүгінгідей күйге кездескен емес. Ондай
қылық ойында да болмаған. Əйел сезімінің ояна бастауынан əрі ұялды, əрі
сескенді. Мартинге көз қиығын тастады — желкенін желге бұрып жатыр
екен. Масқараға бас болған сол — Мартин Иден! Мүмкін, шешесінің тым
жиі ұшырасып кеттің деуі рас шығар. Қой, мұнан былай тыйылайын,
сиретейін жолығуды. Қатте өтірік айтып, алдайын деген де ой келді. Сөз
реті келгенде түнеугі күні түнде ай туарда қайық шайқап жүрегім айныды
демекші. Бірақ, опасыз ай абайсызда сырын ашып кеткенде, екеуінің екі
жаққа жалт бергені есіне түсіп, Мартин сөзіме сене қоймас деп ойлады.
Сонан бері Руфьтің көңілі бейжай. Сезімін саралап не болғанын, не
күтіп жүргенін ойлауды да қойды. Əлденеге алағызып, бірде қорқытқан,
кейде еліктірген табиғат үніне құлағы елеңдейді. Бірақ, не де болса, енді
Мартинге ғашықтығын айттырмауға бел байлады, осыған бекінгендей
болды. Əлі күнге бір ауыз сөз айтқан жоқ. Онысына да шүкір. Үндемегені
жақсы. Енді екі-үш күнде өзі де жүріп кетеді. Тіпті, айтса айта берсін,
мейлі, оған ештеңесі де кетпейді. Өзінің сүймейтіні рас. Əрине, жігіт көп
болса жарты сағат қиналар, өзіне де қолайсыз болатын шығар. Себебі,
жігіттің ғашықпын деген сөзін тұңғыш рет тыңдағалы отыр. Осы жайт
есіне түскенде қыз жүрегі елжіреп те кетеді. Балиғатқа толып, бой жетіп
еркектердің үйіріле бастағаны-ау. Бүкіл əйелдік өжданы осы үнге үн
қосқысы келеді. Денесі қалтырап, от айналып ұшқан көбелектей, басында
бір ғана ой безек қағады. Қиялы Мартиннің өзіне сөз айтқанын елестетеді:
Мартиннің айтар сөзін аузына өзі салады, жауабы да əзір. Тегі, болмайды


деген сөзін, жігіттің меселін қайтармай, неғұрлым жұмсақ айтпақ,
ерлігіңізге, адамгершілігіңізге үміт артамын демек. Ең алдымен ол темекі
тартуын қойсын. Осыны мықтап есіне салмақшы. Қой, қалай да ғашықтық
туралы аузын аштырмауға тиіс. Бұл қолынан келеді. Анасына айтқан уəдесі
де бар. Руфь өз-өзінен қызарып-бозарып, қалтырап-дірілдеп, көз алдына
келген əдепсіз көріністерді əрі қуалайды, əрі қимайды. Иə, жоқ... өзінің
жігітпен тұңғыш сыр айтысуын қолайлы бір кезеңге, лайықты адам
кездескенше, кейінге қалдыра тұрады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   47




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет